ХХ ғ.б. Қазақстандағы Ұлттық аумақты межелеу.

Ежелгі заманнан бері қазақтың жері саналатын оңтүстік пен оңтүстік-шығыстағы өңірлер (Сырдария және Жетісу облыстары) әр түрлі объективтік және субъективтік себептермен 1918 жылғы желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясының, сондай-ақ 1920 жылғы қазанда құрылған Қазақ АКСР-і құрамына енгізілмеді. Олар Түркістан өлкесінің құрамында қалды, ал кейін 1918 жылдың көктемінде құрылған Түркістан АКСР-і құрамына кірді.

Азамат соғысының аяқталуы және 1922 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрылуы елде ұлттық-мемлекеттік құрылыс процесін одан әрі дамытуға оң ықпал етті. Атап айтқанда, РКФСР құрамындағы барлық кеңестік республикалар мен облыстар құрылды. Ұлттық-аумақтық мемлекеттік құрылымдарды құрушы халықтардың, оның ішінде Қазақ АКСР-інің басшылары мен жекелеген өкілдері Орталықтың алдына қайсыбір халықтың ұлттық-мемлекеттілігі аясында бүкіл этникалық аумаққа бірлесуі (қайта бірігуі) туралы мәселе қоя бастады.

Бұл проблема Орта Азия мен Қазақстанда да күрделі сипат алды. Атап айтқанда, Сырдария және Жетісу облыстарын ҚазақАКСР-і құрамына қосу қажеттігі туралы мәселе жүйелі түрде көтерілді. Осымен бірге көп ұлтты Түркістан АКСР-ін бөлу және өзбектердің, түркімендердің, тәжіктердің, қарақалпақтардың, қырғыздардың ұлттық-мемлекеттік құрылымдарын құру туралы мәселе де күн тәртібіне қойылды. Осы кезде Түркістан АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (ТүрАОАК) Төрағасы міндетін атқарушы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы қаңтардағы Түркістан Компартиясының V өлкелік конференциясында Түркістанның дербес ұлттық коммунистік ұйымдарын біртұтас «Түрік халықтарының коммунистік партиясына біріктіру» туралы мәселе көтерді және Түркістан АКСР-ін Түркістан Кеңестік Республикасы деп атауды ұсынды, ал сол жылдың 27 мамырында ол Түркістан АОАК-нің Төрағасы ретінде РК(б)П ОК мен РКФСР ХКК-не негізі жоғарыда аталған идея-ұсыныстар болып табылатын «Ресей Социалист Федерациясының құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы ережелерінің» жобасын ұсынды.

Ел басшылығы атынан В.И. Ленин мен оның әріптестері БОАК пен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Түркістан істері жөніндегі комиссиясы мүшелерінің айтуымен Т. Рысқұловтың ұсынысын қабылдамай тастады. 1920 жылғы 13 маусымда РК(б)П ОК-і «РК(б)П-ның Түркістандағы міндеттері туралы» шешімдерінің жобасына ол өз ескертпелерін жазды, онда: «Меніңше, комиссияның жобасы дұрыс, Т. Рысқұловтың жобасын қабылдамау керек...», - деп атап көрсетті. Өз ескертпелерін В.И. Ленин мынадай сөйлемдермен аяқтады: « Өзбек, Қырғыз және Түркімен бөлімшелерімен Түркістанның картасын (этнографиялық және т.б.) жасау тапсырылсын. # Осы 3 бөліктін қосу мен ажырату шарттары егжей-тегжейлі анықталсын».

Қажетті саяси және экономикалық жағдайлардың қалыптасуына (Азамат соғысының аяқталуына, шартты түрде тұрақтылықтың орнығуына, ұлттық басшы кадрлардың даярлануына, өңірде халық шаруашылығының қалпына келе бастауына, аумақтың этникалық тұтастығын қалпына келтіру негізінде, Кеңес өкіметінің принциптері бойынша болса да, Орта Азия халықтарының өзінің ұлттық мемлекеттілігін құру қажеттігін сезінуіне) қарай Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі күрделі жұмысқа тікелей кірісу мүмкіндігі туды. Мұндай межелеу, бірінші кезекте, өңірдегі әрбір халықты ұлтқа ұйыстыру процесін күшейту мен орнықтыру үшін қажет болды. Осы ретте, Орта Азияда межелеуге дейін өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың (Түркістан АКСР-інің, Бұхар және Хорезм халық республикаларының) революцияға дейінгі (1917 жылғы қазанға дейінгі) Түркістан генерал-губернаторлығы, Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы әкімшілік шекарасында құрылғанын және Орта Азияның негізгі халықтарының этникалық орналасу шекарасына сәйкес келмегенің, Түркістан АКСР-інің (1918 жылғы мамыр), Хорезм (1920 жылғы сәуір) және Бұхар (1920 жылғы қазан) республикалары құрылуының этникалық жағдайды өзгертпегенін атап өткен жөн. Орта Азиядағы бірде бір халық осы республикалар тұрғындарының тұтаса орналасуын қамтамасыз ете алмады.

Айталық, өзбектердің көпшілік бөлігі (66,5%) Түркістан АКСР-інде тұрды, алайда олар тұрғындардың жартысынан аз бөлігін (41,4%) құрады, өзбек халқының 22,2%-ы Бұхар және 11,3%-ы Хорезм республикасын мекендеді.

Түркімендердің 40%-ынан астамы Түркістан АКСР-інде, 29,8%-ы Хорезм республикасында және 27%-ы Бұхар республикасында қоныстанды, бірақ еш жерде халықтың көпшілік бөлігін құрай алған жоқ; Түркістан АКСР-інде олардың тек 4,7%-ын, Бұхарада — 10,6%-ын, Хорезмде 28,7%-ын ғана құрады. Тәжіктер негізінен екі республикада тұрды: олардың үлесі Түркістан АКСР-інде - 7,7%, Бұхарада - 31% ғана болды. Қырғыздар негізінен Түркістан АКСР-інде (98,6%) орналасты, бірақ республика халқының бар болғаны 10,8%-ын ғана құрады. Қарақалпақтардың үштен екісінен астамы Түркістан АКСР-ін мекендеді, дегенмен олар ондағы халықтың тек 1,4%-ына ғана тең болды. Орта Азияда тұрған қазақтар үш республикада да шашырай орналасты, ол барлық жерде де азшылық бөлікті құрады: Түркістан АКСР-інде - 19,3%, Бұхарда - 1,5%, Хорезмде - 3,5% ғана болды.

Наши рекомендации