Адамның өзін өзі қорғау құқығы ­ маңызды соттан тыс қорғау механизмі 5 страница

1) халықаралық құқық адам құқықтары мен бостандықтарының жарастылыстан пайда болуын көрсететін және әлемдегі барлық құқықтық жүйелерге сәйкес келетіндей тұлға құқықтарының неғұрлым әмбебаптық үлгісін даярлауға ұмтылады. Бұл бағыт негізгі құқықтар мен бостандықтарды бекітетін нормалардың құрылуын, олардың бұзылуы үшін жауапкершілікті қамтиды, сондай-ақ бұл нормалардың ұлттық заңнамаға трансформациялануын мемлекеттердің мойнына жүктейді. Әрине, адам құқықтарының халықаралық үлгісі (стандарттары) жаңа құқықтар мен бостандықтар арқылы толықтырылып үнемі эволюцияда болады;

2) жоғарыда аталған стандарттардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, оның ішінде халықаралық жауапкершілік пен халықаралық мәжбүрлеу арқылы, бағытталған халықаралық механизмдерді құру талпынысы [99, 478 б.].

Тәжірибе көрсететіндей адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық бірінші бағыт бойынша біраз жерге барып қалса, екінші бағыт шеңберінде үлкен жетістіктерге ие бола алмай отыр.

Мұның себебін Т.К.Ерджанов мыңдаған жылдар бойы адам құқықтарының мемлекеттердің ішкі құзырына кіргендігімен және бұл салаға халықаралық құқық билігінің таратылуының мемлекеттердің көпшілігімен құптамайтынынан көреді.

Жоғарыдағыларға қатысты Т.К. Ерджанов аталмыш салада шешімін таба алмай отырған бірнеше маңызды мәселелерді атап, олардың тек құқық саласында ғана емес, сонымен қатар саясат, идеология, экономика және басқа да салаларда орын алып отырғанын көрсетеді. Ол мәселелер келесі:

1) адам құқықтары мен бостандықтарының әмбебаптық үлгісін құру жекелеген мемлекеттер мен халықтардың тарихи, мәдени, діни және ұлттық алуан түрлілігін ескеруді талап етеді. Мұндай айрықша проблема халықаралық құқықтың басқа салаларында кездесе бермейді. Жекелеген құқықтарды жүзеге асыру мүмкіндігі әртүрлі қоғамдарда түрлі құндылыққа ие болуы мүмкін. Жеке, мемлекеттік және қоғамдық мүдделердің арақатынасы мен олардың иерархиясы жөніндегі мәселенің шешілуі бойынша да мемлекеттер көзқарастарының түбегейлі айырмашылықтары болуы мүмкін.

Сонымен қатар, адам құқықтары саласындағы жалпы танылған стандарттарды дайындау үшін мемлекеттің экономикалық даму деңгейінің, оның жарияланған тұлға мәртебесін тура мағынада төлеуге дайындығының маңыздылығы ерекше және бұл тек әлеуметтік және экономикалық құқықтарға ғана қатысты емес, оның бірқатар саяси және, тіпті, жеке құқықтарға да қатысы бар. Адамның лайықты қоршаған ортаға құқығы, ана тілін пайдалану және тағы бірқатар құқықтары тек мемлекеттің қуатты ішкі саясаты шеңберінде және көп шығын шығару кезінде ғана іске асырыла алады. Осыған қатысты тұлға мәртебесінің барлық мемлекеттермен танылған стандарттарының өзі жүзеге асырылуы жағынан деңгейі әртүрлі;

2) адам құқықтарын қорғау – идеологиясы тамырын тереңге жіберген халықаралық құқық саласы. Мемлекеттер адам құқықтары үшін күрес ұранын өздерінің геосаяси мүдделеріне жету үшін жиі қолданады, атап айтқанда – егеменді мемлекеттің ішкі істеріне араласу, экономикалық санкцияларды енгізу, аймаққа әскерін кіргізу үшін және т.с.с. Тәжірибе көрсетіп отырғандай кейбір мемлекеттер адам құқықтарын қорғауды себеп қылып саяси және әскери қысымды таңдаулы түрде қолданады. Мұндай екі ұшты саясат адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын құнсыздандырады, оларды саяси күрес құралына айналдырады. Адам құқықтарының халықаралық қорғалуын идеологиялық сипаттан айыру мәселесі – шешімін таппай бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты мүмкін қылмайтын басты міндеттердің бірі;

3) халықаралық құқықтың бұл саласының тағы бір үлкен мәселесі – жалпы танылған стандарттарды жүзеге асыру бойынша тиімді механизм құру. Бұл мәселенің адам құқықтарының халықаралық құқығына тән бір қасиетіне байланысы бар: оның нормалары мемлекеттерге арналғанымен, түпкілікті ұлттық құқықтық жүйелер субъектілерінің мәртебесін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, халықаралық құқық индивидтердің құқықтары мен бостандықтарын жариялай отырып, олардың мәртебесіне тікелей ықпал көрсете алмайды. Мұндай ықпал ұлттық құқық арқылы, яғни жанама сипатқа ие және халықаралық құқық нормалары ішкі құқық нормаларына трансформациялануы кезінде олардың көлемі мен құқықтық мазмұны түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Жалпы алғанда, Т.К.Ерджановтың пікірі бойынша адам құқықтары мен бостандықтарын жалпылай құрметтеу халықаралық қағидасының «позитивті міндеттеуші» сипаты бар, өйткені ол мемлекеттерді белгілі-бір әрекеттерден бас тартудан емес, керісінше ондай әрекеттерді жасауға, шараларды қолдануға міндеттейді, ал бұл болса әрқашанда қиын болатыны сөзсіз [107, 479-481 бб.].

Халықаралық құқық саласындағы адам құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты даулы сауалдарды келтірген себебіміз – мәселенің күрделілігін көрсету мақсаты еді. Ал адам құқықтарының халықаралық құқығы деген сала бар ма әлде жоқ па, ол қалыптасып үлгерді ме әлде қалыптасу үстінде ме деген пікір-таласқа араласпаймыз, өйткені біздің мақсатымыз басқа, яғни халықаралық құқық шеңберіндегі адам құқықтарын қорғау бойынша әрекет ететін механизмдерді шолып шығу.

Ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық соттық қорғау механизміне қысқаша шолу жасап кеткен жөн.

Адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық соттық қорғау механизмдері.

БҰҰ Жарғысының 33-бабына сәйкес мемлекеттер арасындағы дауларды шешу құралдарының бірі ретінде сот процедурасы аталған [109]. Белгілі ресейлік заңгер-ғалым Г.В.Игнатенконың пікірі бойынша соттық процедура тек мемлекетаралық дауларды шешу кезінде ғана емес, күрделі халықаралық-құқықтық проблемаларды түсіндіру, адам құқықтары мен бостандықтарының халықаралық стандарттарын қамтамасыз ету, оның ішінде олардың жеке арыздарын қарау, сондай-ақ халықаралық қылмыстарды жасаған тұлғаларды қылмыстық қудалау кезінде де қолданылады [110, 202 б.].

Бүгінгі күні адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен айналысатын келесі халықаралық сот органдарын атап шығуға болады:

1) Адам құқықтары бойынша Еуропалық Сот (Еуропа Кеңесі шеңберіндегі сот органы);

2) Адам құқықтары бойынша Америкааралық Сот;

3) Бұрыңғы Югославия бойынша Халықаралық трибунал;

4) Руанда бойынша Халықаралық Трибунал;

5) Халықаралық қылмыстық сот.

Аталған халықаралық сот органдарының өз ерекшеліктері бар:

біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тұрақты түрде айналысатын тек бірінші болып келтірілген екі сот органы;

екіншіден, соңғы болып көрсетілген үш сот органы тек халықаралық қылмыстарды қарау мәселесімен айналысады;

үшіншіден, соңғы үш сот органының ішінен тек Халықаралық қылмыстық сот қана тұрақты орган болып табылады, ал Руанда мен бұрыңғы Югославия бойынша Трибуналдар ad hoc сот органдары болып табылады, яғни олар өз міндеттерін орындағаннан кейін қызметін тоқтатып, таратылады.

Әмбебаптық деңгейде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен айналысатын тұрақты халықаралық сот органы жоқ.

Халықаралық соттық емес, яғни соттан тыс қорғау механизмдері адам құқықтарын қорғаумен айналысатын әртүрлі халықаралық органдардың қызметі арқылы көрініс табады. Бұл механизмдердің жан­жақты талдауын Д.И. Нурумов пен С.Ж. Айдарбаевтың [111] диссертациялық зерттеулерінен кездестіруге болады. Мысалы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактінің Қосымша Хаттамасында Пакті негізінде құрылған Адам құқықтары туралы халықаралық Комитеттің мемлекет үшін міндетті юрисдикциясы танылады және осы Хаттамаға қосылған мемлекеттердің азаматтары өз Үкіметіне қарсы шағым­арыздарын Комитетке жолдай алады, ал Комитет осы арыздарды қарау нәтижесінде мемлекет үшін міндетті шешім қабылдайды [112]. Өкінішке орай бұл Хаттамаға Қазақстан қосылмай отыр. С.Ж. Айдарбаев көрсететіндей Қазақстан бүгінгі күні халықаралық бақылау функцияларын атқаратын органдарды құрған бірде­бір құжатты өзі үшін міндетті деп есептемей отыр. Мысалы, 1965 жылғы Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Халықаралық конвенцияның 14 бабы негізінде арнайы Нәсілдік кемсітушілікті жою бойынша Халықыралық Комитет құрылып, оның міндетті юрисдикциясына мемлекеттер бөлек келісімін беру керектігі айтылған еді [113]. Бірақ Қазақстан бұл Конвенцияға қосылғанымен оның 14 бабында айтылған жеке тұлғаларға шағымдану құқығын беру мақсатында өз келісімін бермей келе жатыр. Мұндай саясат жеке тұлғаларға халықаралық органдарға шағымдану құқығын беретін барлық халықаралық конвенциялар бойынша орын алып келе жатыр.

Демек, біздің еліміздің қазіргі саясаты белгілі бір өзгертулерді талап етеді деп ойлаймыз. Қазақстан азаматтарына халықаралық органдарға шағымдану құқығын беретін кез келді деген ойдамыз. Мұндай шара елдегі адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселесін әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріп тастайтынына ешбір күмән жоқ. Бұл үшін тек мемлекеттің саяси еркі керек, одан басқа Қазақстан алдында бірде бір кедергі жоқ.

Сөйтіп бүгінгі күні ішкімемлекеттік соттан тыс қорғау механизмдері халықаралық деңгейдегі соттық емес механизмдермен ұштаса алмай отыр. Бұл болса адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау режимін әлсіретуде деген пікірдеміз.

Орытынды

Сонымен магистрлік жұмыстың нәтижелерін түйіндейтін болсақ төмендегідей қорытындыларға келеміз.

Адам құқықтары мен бостандықтары маңызды болғандықтан, оларды қорғау механизмдерінің тиімділігін жетілдіру де маңызды мәселе болып табылады. Адам құқықтарын қорғауға бағытталған құқықтық нормаларды қарастыру барысында мемлекеттің тұлға құқықтарын қорғау ісінде соттық қорғауға назар аударып, соттан тыс қорғау мүмкіндіктеріне көп көңіл бөле бермейтіні байқалады. Ал адам құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау үшін соттық механизмімен бірге соттан тыс қорғау механизмі де өз дамуын тауып отыруы керек. Осы екі механизмі бірдей тиімді қызмет істеген кезде ғана аталған тиімділікке қол жеткізілуі мүмкін.

Біздің ойымызша, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау құралдары белгілі ортақ жүйені құрайды. Осы жүйе, өз кезегінде, екі бөліктен тұрады, олар:

1) адам құқықтарын соттық қорғау механизмі;

2) адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі.

Жалпы диссертацияны дайындау барысында таңдалған зерттеу объектісінің, яғни Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс механизмінің маңыздылығы мен күрделілігі байқалды.

Магистрлік зерттеуде ең алдымен соттан тыс қорғау механизмінің басты объектісі болып табылатын конституциялық құқықтар мен бостандықтар мәселесіне көңіл бөлінді. Осы мәселені қарастыру барысында конституциялық құқықтар мен бостандықтар барлық жағдайларда негізгі құқықтар болып табылатына анықталды. Ал тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтары болса, өз кезегінде, тек конституциялық құқықтар мен бостандықтардан құралмайды, олардың құрамына халықаралық құқықтық актілерде бекітіліген құқықтар мен бостандықтар да кіреді деген түйінге келдік.

Халықаралық құжаттардың барлығына қосылмай, оларға ішінара қатысушы мемлекеттерде адам құқықтарының барлық кешені қамтамасыз етілмейді. Осындай мемлекеттер үшін адамның конституциялық құқықтары жөніндегі мәселе аса маңызды болып табылады. Мұндай мемлекеттердің адам құқықтары бойынша негізгі халықаралық актілерге қатыспауы жағдайында аталған кемшілік тұлғаның ең маңызды құқықтарының конституциялық құқықтар мен бостандықтар жүйесімен неғұрлым кең қамтылуы арқылы өтелуі тиіс. Мұндай мемлекеттердің қатарына Қазақстанды да жатқызуға болады.

Жұмыста Қазақстандағы адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің түсінігі мен оны құрайтын элементтері талдауға алынды. Талдау нәтижесінде адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі ретінде соттан басқа мемлекеттік органдарға жүгіну арқылы (немесе осы органдардың қызметі арқылы), сондай-ақ құқығы бұзылған субъектінің өз әрекеттері арқылы, бұзылған субъективтік құқықтарды қалпына келтіру тәртібін түсіну керек деген анықтама ұсынылып отыр.

Адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмінің, өз кезегінде, екі түрлі түсінігі бар: кең және тар мағынадағы түсінігі.

Кең мағынадағы түсінік бойынша бұл механизмге кез-келген құзыретті мемлекеттік органның және жеке адамның әрекеттері жатқызылады.

Тар мағынадағы түсінік бойынша адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі деп – тек әкімшілік, яғни, атқарушы билік органдары арқылы жүзеге асырылатын тәртіпті тану керек.

Қарастырған механизмінің элементтерін саралау барысында тиісті нәтижелерге қол жеткізілді. Нақтылап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі төрт элементтен тұрады деген қорытындыға келдік, олар:

­ қорғау объектісі (адам құқықтары мен бостандықтары);

­ қорғау субъектілері (мемлекеттік органдар; қоғамдық ұйымдар; адамның өзі);

­ қорғаудың құқықтық және фактілік негізі;

­ қорғаудың нысаны (формалары).

Осы элементтердің ішінен қорғау субъектісіне қатысты адамның өзін өзі қорғауы ерекше қызығушылық туғызды, өйткені арнайы әдебиеттерде адам мен қоғамдық ұйымдарды бөліп екі түрлі субъектілер ретінде көрсетіп жатады. Бірақ, біздің ойымызша, адамның қоғамдық ұйымдарға жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғауы қоғамдық ұйымның субъектілігін емес, адамның өзінің іс-әрекеттері арқылы жүзеге асырылатынын көрсетеді. Қоғамдық ұйымдарды ерекше бөліп көрсететіндігі – бұл ұйымдар арқылы ұжымдық қорғау жүзеге асырылады. Мысалы, ереуілге шығу адамның жеке құқығы болғандығымен, оны жалғыз адам жүзеге асыра алмайды, өйткені ереуіл ұжымдық қорғау нысаны. Яғни қоғамдық ұйымдар адамның өзін өзі қорғау әрекеттерінің құралы деуге болады.

Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар және ол құқық қорғаушы қоғамдық ұйымдарға қатысты болмақ. Мысалы, ардагерлер ұйымдары өз мүшелеріне көмек көрсетумен айналысады және көп жағдайларда бұл мүшелер өз ұйымына өтініш те жасамайды. Яғни ұйымның өзі, ішкі белгілері бойынша қорғауды талап ететін мүшелерін таңдап, оларға көмектеседі. Мұндай жағдайда құқығы қорғауға алынған адамның әрекеттері талап етілмейді, барлық белсенді әрекеттерді жасайтын қоғамдық бірлестік. Сондықтан болар, осындай жағдайларды ескере отырып, әдебиеттерде қоғамдық ұйымдар мен адамның өзі соттан тыс қорғау механизмінің бөлік субъектілері ретінде қарастырылатыны. Біздің пікіріміз бойынша, қоғамдық бірлестіктердің аталмыш механизміндегі субъектілігіне аралас тәсіл қолдану керек, яғни кейбір жағдайларда оларды субъекті деп тануға болады да, ал тағы бір жағдайларда ондай танудан бас тарту керек.

Қазіргі кезде Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс механизмі белгілі бір тұтас жүйені құрай алмай отыр. Соттан тыс қорғау механизміне жататын нормалар әртүрлі құқық салаларында, түрлі мақсаттарды көздеп қабылданып жатады. Бұл нормалардың өзара үйлесімділігі әлі де жетіспейді. Аталған кемшіліктер жалпылай алғанда бүкіл отандық заңнамаға тән. Ж.У. Тлембаева айытпақшы, қазақстандық заңнаманың жағдайы соңғы он жылдық ішінде ғалымдар, тәжірибе қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары және халық тарапынан үнемі сынға ұшырап отыр. Негізгі кемшіліктер: заңнаманың жүйесіздігі, оның ішкі қайшылықтары және нормативтік құқықтық актілердің шектен тыс көп болуы [114, 65 б.].

Сондықтан осыларды белгілі бір жүйеге келтіру үшін кодификация жұмысын жүргізіп, арнайы «Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын соттан тыс қорғау туралы» заң актісін қабылдау керек деген ұсыныс жасалды. Шынымен де, соттық қорғау механизмі тұтас жүйені құрайтынын, оның өзінің нақты белгіленген процедуралары бар екендігін, сот органдарының жүйеге келіп құрылатынын ескерсек, бұл механизмінің тұтастығына ешкім күмән келтіре алмайды. Ал соттан тыс қорғау механизмдері болса субъектілерінің әртүрлі болуына байланысты (олар бір жүйені құрамайды, мысалы, прокуратура, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия, Уәкіл немесе адамның өзі), әртүрлі процедураларды қолдануына қатысты және т.т. осындай факторалардың болуы бұл механизмінің жүйелендірілмегенін аңғартады. Осы факторлардың болуына қарамастан бұл механизм белгілі бір жүйеге келтіруді талап етеді және бұл мәселе арнайы заң актісі арқылы шешілуі мүмкін.

Соттан тыс қорғау механизміне тиесілі кейбір субъектілер халықаралық қауымдастықтың назарында болып отыр. Ол адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен мемлекеттік органдар жүйесінде құрылған және адам құқықтарын қорғаумен айналысатын органдар (мысалы, Президент жанындағы Адам құқықтары бойынша Комиссия). Олар адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекемелер деп аталады.

Халықаралық құжаттарда аталатын және соттан тыс қорғау механизмінің маңызды бөлігін құрайтын «адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру бойынша ұлттық мекеме» дегеніміз – Конституция не заң негізінде құрылатын, қызметі мемлекетке тәуелді емес, негізгі бағыттары адам құқықтарының бұзылу жағдайлары жөнінде уақтылы хабардар бола отырып, олар жөнінде толық мағлұматтарға қол жеткізіп, құқық бұзушылықтарды тоқтату мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хабарлап, ал қажетті шаралар қабылданбай жатса жұртшылық көмегіне сүйену арқылы жағдайды түзеуді көздейтін кеңесуші-ақылдасушы орган. Квазисоттық өкілеттіктерге ие болған ұлттық мекеменің негізгі мақсаты тараптарды бітімге алып келу немесе жағдайды құзыретті мемлекеттік органның қарауына жолдау болып табылады. Бұл анықтама тиісті халықаралық құжаттарды талдау нәтижесінде тұжырымдалды.

Қазақстан ішіндегі соттан тыс қорғау механизмдері халықаралық деңгейдегі соттық емес механизмдермен ұштастығын таба алмай отыр. Мұның негізгі себебі мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты деген түйінге келдік. Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы саясатына белгілі бір өзгерістер енгізу қажеттілігін ұсынып отырмыз. Егер мемлекет ішіндегі соттан тыс қорғау механизмдері халықаралық механизмдермен ұштасса, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау режимі күшейе түсетіні сөзсіз. Бұл қорытынды халықаралық құқықтық актілерді талдау негізінде пайда болды.

Бұл бағытта Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде нақты мәселені былай деп айқындап берген болатын: «Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс.

Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс» [115].

Жалпы алғанда адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмін зерттеу жұмысы қазақстандық құқық ғылымында әлі де жетіспейді. Соттық механизмін зерттеуге арналған ғылыми еңбектердің саны осы күннің өзінде оншақты болса, соттан тыс қорғау механизміне арналған бірде бір арнайы зерттеулер тым аз. Біздің магистрлік зерттеу осы кемшіліктің орнын толығымен толтыра алмайды, өйткені адам құқықтарын соттан тыс қорғау механизмі үлкен, күрделі салааралық, кешенді институт болып табылады және жан-жақты зерттеуді талап етеді. Біздің ұсынып отырған жұмысымыз осы институтты кеңінен зерттеу қажеттілігіне ой салады деген үміттеміз.

Наши рекомендации