Ткізіп алынған намаздардың қазасын өтеу

Парыз намазын уақытында оқуды «атқару» дейді. Ханафи мен ханбали мәзһаптарында белгіленген уақыты шықпаған намаздың бір бөлігіне үлгерген кісі намазды атқарған болады, мейлі үзірмен, мейлі үзірсіз кешіктірсе де. Имам сәлем бергенде ол қиямға тұрып үлгермеген рәкаттарын толықтырады. Айша анамыздан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(من أدرك سجدة من العصر قبل أن تغرب الشمس أو من الصبح قبل أن تطلع الشمس فقد أدركعا)

«Кім күн батпай екіндінің (соңғы рәкатінің) бір сәждесіне үлгерсе немесе күн шықпай таң намазының (соңғы рәкатінің) бір сәждесіне үлгерсе, атқаруға үлгерді»[332]. Әл-Бұхари жеткізген тура осындай хадистің соңында:

(فليتم صلاته)

«Сосын намазын толықтырсын»-делінген.

Мағлұмат:Шафиғи мен мәлики мәзһаптарында «намазды атқару» үшін намаз уақыты шықпастан міндетті түрде соңғы рәкатқа толық үлгеру қажет.

Қайсыбір парыз намаз атқарылуы кезінде бұзылса, оны «қайта оқу» парыз болады. Маъбад, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жамағатпен намаз оқып тұрады. Соқыр кісі мешітке кіргенінде кішкене шұңқырға сүрініп құлап қалады. Мұны сезіп қалған адамдар намаз үстінде қарқылдап күліп жібереді. Намаздан кейін пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дейді:

(من كان منكم قهقه فليعد الوضوء والصلاة)

«Сендерден кім қарқылдап күлсе, дәретін қайта алып, намазын қайта оқысын»[333].

Парыз намазын уақыты шыққанда оқуды «қазасын өтеу» дейді. Қазасы өтелуімен сол намаз мойыннан түседі. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(من نام عن صلاة أو نسيها فليصلها إذا ذكرها لا كفارة لها إلا ذلك)

«Кім намазды ұйықтап қалса немесе ұмытып кетсе, есіне түскенде оқысын! Өйткені оның кінәсі басқа жолмен өтелмейді»[334].

Негізінде, «намазды әрдайым уақытынан кешіктіру» күнәсі тәубасыз кешірілмейді. Өйткені шариғатта «намазды уақытынан кешіктіру» - үлкен күнә.

Таң намазын өткізіп алған кісі оның қазасын күн бір немесе екі найза деңгейіне көтерілгенде өтейді. Кейін сүннетінің қазасын өтейді. Таң намазының қазасын бесін намазы кіргенде өтесе, сүннетінің қазасы өтелмейді. Бесіннің парызын оқып тұрған жамағатқа қосылған кісі парыз алдындағы сүннеттің қазасын парыздан кейін өтейді. Бесіннің уақыты шығып кетсе, бұл сүннетің қазасы өтелмейді.

Намаздың қазасы қалай өтеледі?

Намаздың қазасы намаздың негізгі сипатына сай толығымен өтеледі. Тұрғылықты кісі бесін намазын өткізіп алса, қазасын төрт рәкат етіп, толығымен өтейді. Жолаушы кісінің қаза намазы қысқартылған бейнеде болса, екі рәкат етіп өтейді. Қирағатқа келсек, дауыстап оқылатын намаз дауыстап, ішінен оқылатыны ішінен оқылып өтеледі. Дауыстап оқылатын намаз жамағатпен өтелсе, имам дауыстап оқып өтейді. Жалғыз өтеуші дауыстап оқи ма, әлде ішінен оқи ма, өз ықтияры біледі.

Негізінде, өткізіп алынған намаздар реттік тәртіппен өтеледі. Абдулла ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(إن المشركين شغلوا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عن أربع صلوات يوم الخندق حتى ذهب من الليل ما شاء اللّه، فأمر بلالاً فأذَّن، ثم أقام فصلى الظهر، ثم أقام فصلى العصر، ثم أقام فصلى المغرب، ثم أقام فصلى العشاء)

«Хандақ күні мүшріктер Аллаһтың елшісін (саллаллаһу алайһи уа саллам) төрт намаздан алаңдатып, Аллаһтың қалауымен түннің біраз бөлігі өтеді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Биләлға азан айтуын бұйырады. Ол азан айтады. Кейін қамат айтылып, бесін намазын оқиды. Кейін қамат айтылып, екіндіні оқиды. Кейін қамат айтылып, ақшамды оқиды. Кейін қамат айтылып, құптанды оқиды»[335].

Кім бір намазды қаза етіп, келесі намаздың уақыты кіргенше қазасын өтемесе, алдымен, қаза намазын өтейді. Сосын уақыты кірген намазды атқарады. Мысалы: бесін намазы қаза болып, екінді намазының уақыты кірсе, алдымен, бесіннің қазасы өтеледі. Кейін екінді оқылады. Ал екіндінің уақыты шығуға таяса, қаза болмас үшін, алдымен екіндіні атқарады. Сосын бесіннің қазасын өтейді.

Реттік тәртіп қадағаланбайтын жағдайлар

1. Уақыттың аздығы. Мысалы: Екіндінің уақыты шығып бара жатса, алдымен, екінді оқылады. Кейін бесіннің қазасы өтеледі.

2.Ұмытса. Мысалы: Екінді намазы оқылды. Сосын бесінді қаза еткені еске түсті. Бесіннің қазасын өтейді және екіндіні қайта оқымайды. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(إن اللّه وضع عن أمتي الخطأ والنسيان وما استكرهوا عليه)

«Расында, Аллаһ тағала үмметімді қателесіп істеген, ұмытып істеген және мәжбүрленіп істеген ісі үшін жазаға бұйырмайды»[336].

3. Қаза намаздардың саны алтау болса.

Наши рекомендации