Бухгалтерлік баланстың түрлері

Бухгалтерлік баланстың бірнеше түрлері бар. Бухгалтерлік баланстар мына белгілер бойынша жіктеледі:

1) Құрастыру уақыты бойынша,

2) Құрудың қайнар көздері бойынша,

3) Ақпарат көлеміне байланысты,

4) Қызметтің сипатына байланысты,

5) Меншік нысандары бойынша,

6) Бейнелеу көлемі бойынша,

7) Тазарту тәсілдері бойынша.

Құрастыру уақыты бойынша баланс түрлері мынандай болуы мүмкін: кіріспе, ағымдағы, таратылу, бөлу, қосылу.

Кіріспе балансты кәсіпорын алғаш рет құрылған кезде жасайды. Ол кәсіпорынның өз қызметін бастаған тұстағы құндылықтарын анықтайды.

Ағымдағы баланстар кәсіпорынның барлық қызмет ету уақыты бойында жасалады. Олар өз кезегінде бастапқы, аралық және соңғы (қорытындылық) болып бөлінеді.

Бастапқы баланс есептік кезеңнің басына, ал соңғы баланс есептік кезеңнің аяғына құрылады. Осыған орай, есептік кезеңнің соңғы балансы келесі жылдың бастапқы балансы болып саналады.

Аралық баланстар жылдың басы мен аяғы арасындағы межеге құрылады. Оның соңғы баланстан айырмашылығы, біріншіден, соңғы балансқа баланстың қандай да бір баптарын ашатын есеп беру нысандарының көпшілік бөлігі қоса тіркеледі, екіншіден, аралық баланстар тәртіп бойынша, ағымдағы бухгалтерлік есеп мәліметтерінің негізінде ғана құрылады, ол кезде соңғы балансты құрардың алдында баланстың баптарына міндетті түрде түгендеу жасалуы керек.

Таратылу балансы кәсіпорын таратылған және жабылған кезде жасалады.

Бөлу баланстары ірі кәсіпорынның ішіндегі бірнеше шағын құрылымдық бірліктерге немесе құрылымдық бөлімшелерді басқа бір кәсіпорынға берген кезде жасалатын баланс, бұл жағдайда балансты беру балансы деп те атауға болады.

Біріктіру балансын бірнеше кәсіпорындарды біріктірген кезде жасайды.

Балансты жасаудың қайнар көздері бойынша былай бөледі: инвентарлық, кітаптық, бас.

Инвентарлық баланстар шаруашылық құралдардың тізімі негізінде ғана құрылады. Мұндай баланстар бұрынғы қызмет еткен мүлік негізінде кәсіпорынның құрылуы кезінде немесе кәсіпорынның өз нысанын өзгертуі кезінде (мемлекеттік нысаннан акционерлік, біріккен нысандарға ауысу) талап етіледі.

Кітаптық баланс тек қана ағымдағы бухгалтерлік есептің мәліметтері негізінде оларды тексермей-ақ алдын-ала түгендеу жүргізу деректерінің негізінде жасайды.

Бас балансты есеп мәліметтерінің және түгендеу жүргізу деректерінің негізінде жасайды.

Ақпарат көлеміне байланысты былай бөлінеді: біртекті, жинақ, шоғырландырылған.

Біртекті баланс бір ғана кәсіпорынның қызметін көрсетеді және ағымдағы бухгалтерлік есеп мәліметтерінің негізінде жасалады.

Жинақ баланстарын бірнеше біртекті баланс баптарында есепте тұрған сомаларды механикалық түрде қосу жолымен алады.

Шоғырландырылған баланс – экономикалық түрде бір-бірімен өзара байланысты заңды дербес кәсіпорындардың баланстарын қосу жолымен жасалады. Мұны холдинг компаниялары өздерінің еншілес және тәуелді серіктестіктері бар бас кәсіпорындар пайдаланады.

Қызметтің сипатына байланысты баланстар негізгі және негізгі емес қызмет баланстары болып бөлінеді.

Негізгі қызмет балансы – кәсіпорынның бағытына және оның жарғысына сәйкес жасалған баланс.

Негізгі емес қызмет балансы – кәсіпорынның құрамында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қосалқы ауыл-шаруашылығы, көлік шаруашылығының бар болуы, осы бөлімшелер бойынша жасалған баланс негізгі емес қызметтің балансы болып есептеледі. Егер осы бөлімшелер бойынша баланс жасалмайтын болса, онда олардың қызметтері тиісті баптарды қосу жолымен негізгі қызмет балансында көрсетіледі.

Меншік нысандарына байланысты баланстар мемлекеттік, жергілікті, басқару, кооперативтік, ұжымдық, жеке, аралас және біріккен кәсіпорындардың баланстары болып бөлінеді.

Бейнелеу көлемі бойынша баланстар дербес және жеке болып бөлінеді.

Дербес баланс заңды тұлғалар болып табылатын кәсіпорындарда болады.

Жеке балансты кәсіпорындардың құрылымдық бөлімшелері, цехтар, филиалдар жасайды.

Тазарту тәсілі бойынша баланс-брутто және баланс-нетто болады.

Баланс-брутто –реттеуші баптарды қосатын бухгалтерлік баланс (негізгі құралдардың тозуы,материалдық емес активтердің амортизациясы)

Баланс-нетто –реттеуші баптарсыз жасалған бухгалтердік баланс. Бухгалтерлік баланс кәсіпорынның есептік кезеңге қаржылық жағдайы туралы ақпараттар алудың қайнар көзі болып табылады. Ол кәсіпорынның шаруашылық құралдарының құрамы мен құрылымын, айналым құралдарының икемділігі мен айналымдылығын, дебиторлық және кредиторлық қарыздарының қаржылық жағдайы мен динамикасын, қорытындылық қаржылық нәтижені білуге мүмкіндік жасайды. Бухгалтерлік баланс шаруашылық құралдарын басқарумен тығыз байланыстағы құрылтайшыларды, менеджерлерді және басқа да тұлғаларды кәсіпорынның жағдайымен таныстырып, меншік иесінің қарамағында не бар екені, яғни материалдық құралдардың сандық және сапалық қатынастағы қорлардың қандай екені, ол қалай пайдаланатыны және осы қорды құруға кімнің қандай үлес қосып жатқаны жайлы мәліметтер береді.

Бухгалтерлік баланс ақпараттардың қайнар көзі бола отырып, ақшалай бағалауда көрсетілген әрі белгілі бір мерзімге құрылған шаруашылық құралдарының құрамы мен орналастырылуы және олардың құрылу көздері бойынша экономикалық топтастыру және жалпылама қорыту тәсілі.

Наши рекомендации