Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 1 страница

Огюст Конт

Огюст Конт (August Conte) (1798 - 1857) - француз философы, әлеуметтанушысы, ғылым әдіснамашысы, әлеуметтанудың ғылым ретінде негізін салушы, философиядағы позитивтік мектепті құрушылардың бірі.

1798 жылы 19 қаңтарда Монпелье қаласында, католиктік және монархтық қатаң тәртіп үстем болған қаржы шенеунігінің отбасында дүниеге келді. 1814 жылдан бастап Париж политехникалық мектебінде алған білімі оны жаратылыстану ғылымдары бағытында дүниетаным жолына түсірді. 1816 жылы үкімет мектепті жауып тастады, ендігі жерде Конт күн көру мақсатында математикадан ақылы сабақ беруге мәжбүр болды. 1818 жылы ол Сен-Симонмен жақын танысып, хатшы қызметін атқарған белгілі тарихшы Огюстен Тьерридің орнына жұмысқа тұрады. Жеті жыл бойы осы қызметті атқарған Конт өз ұстазының көптеген идеяларын қабылдайды. 1826 жылы Конт философиядан үйде ақылы дәрістер оқуға кіріседі. 1830-1842 жылдары ол үлкен жобаны жүзеге асырады: “Позитивті философия курсы” атты 6 томдық басылымын шығарады. 40-жылдардың екінші жартысында интеллектуалды сабақтардан басқа уағыздық және тәжірибелік ұйымдастыру қызметіне кірісіп, позитивизмді сынап, діни және моральдық ілімді насихаттайды. 1847 жылы ол Адамзат дінін жариялап, 1848 жылы позитивтік қоғам құрады. Өмірінің соңғы жылдарында Конт жаңа діни ілім мен табынуды жүзеге асырумен шұғылданып, өзін Адамзат дінінің бірінші дінбасы деп жариялады. 1857 жылдың 5 қыркүйегінде Конт өз шәкірттерінің алдында дүниеден өтті.

Адамзат тарихында Конт бірнеше тамаша афоризмдердің авторы болып қалды, олар мыналар: “Тәртіп және прогресс”, “Болжай алу үшін білуің керек, бір нәрсе істеу үшін болжай алуың керек”, “Бір нәрсе істеу үшін білуің керек, іс-әрекет жасау үшін ойлау керек”, “Басқалар үшін өмір сүру”, “Жарық күнде өмір сүру”, “Махаббат принцип сияқты, тәртіп негіз сияқты, прогресс мақсат сияқты болсын”, “Біз алмастыратын нәрсені ғана қиратамыз”.

Конт шығармашылығын үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең (1819-1828) Сен-Симонмен бірге қызмет істеген уақытына сәйкес, алты шағын бағдарламалық шығармалардың, жеке еңбектердің басылуымен сипатталады. Кейін Конт бұл шығарма-ларды қосымша ретінде өзінің “Позитивті саясат жүйесінің” ІV томына қосады (1854). Жеке еңбектерінде ол “анархия” күйінде тұрған адамзат интеллектуалды және әлеуметтік тұрғыдан мәжбүр болып отырған реформаларды жүзеге асыру принциптері мен жолдарын көрсетеді. Мұнда кейін Конт дамытқан бірнеше маңызды идеялар орын алған, соның ішінде жаңа қоғамда ғалымдардың ерекше рөлі туралы идея, адамзат дамуындағы басты екі дәуірдің: сындарлы және органикалық дәуірдің бөлінуі; “позитивті саясаттың” ұғымы мен принциптері; және атақты “үш саты заңы” бар.

Екінші кезең (1830-1842) – бұл алты томдық “Позитивті философия курсы” жасалып, басылып шыққан кемелденген кезең (томдар 1830, 1835, 1838, 1839, 1841 және 1842 жылдары жарық көрді). Бұл кезде Конт позитивистік дүниетанымның философиялық және ғылыми негіздерін зерттеді.

Интеллектуалды реформа әлеуметтік (сонымен қатар саяси, моральдық, діни) реформалардың алдында болуы керек деп есептеген ол ғалым ретінде “объективті” тәсілді ұстанады: ол адамзаттық және әлеуметтік дүниенің әлемнің жалпы жүйесіне қосылуын, адам әрекеттерінің дамудың табиғи жолына бағыныстылығын және әлеуметтанудың (ғылымдар иерархиясында жоғары тұрған ілім ретінде) позитивті күйге ерте жақындаған және кемелденген жаратылыстану ғылымдарына бағдарлануын негіздейді.

Үшінші кезең – Конт шығармашылығының қорытынды кезеңі 40-жылдардың екінші жартысынан басталады. Бұл кезде төрт томдық “Позитивті саясат жүйесі немесе Адамзат дінін орнықтырушы әлеуметтанушылық трактат” (1851-1854), “Позитивтік катехизис” (1852) және “Субъективті синтез” (1856) жасалды. Осы уақытта Конт “субъективті” көзқарас пен “субъективті” әдіске баса көңіл бөледі. Оның ілімінде бірінші орынға “жүрек” ұғымына кірген адамзаттық және әлеуметтік өмірдің эмоционалдық факторлары шығады. Басты объектіге сәйкес, оның назарына адамның эмоционалды қажеттілік-теріне (мораль мен дін) жауап беретін институттар ілінеді. Теориялық көрініс ауысады: егер “Курста” Конт әлеуметтік заңдардың “табиғи” сипатын, оларды тану және оларға бағыну қажеттілігін көрсетсе, ендігі жерде, керісінше, “субъективті” көзқарасқа сәйкес әлеуметтік дүниені адам сезімінің, ерік-жігері мен қызметінің жемісі ретінде қарастырады. Сонымен қатар бұл кезеңде ол тек ғылым рөлінде емес, басқа рөлдерде де (жаңа діннің моралисі, пайғамбары және бірінші попы, саяси-әлеуметтік жобалардың авторы) алға шығады.

Конт көзқарастарының қалыптасуына ықпал етушілердің арасында Бэкон, Декарт, Юм, Кондильяк сияқты философтарды, сондай-ақ өткен заманның көрнекті жаратылыстанушыларын айтуға болады. Конт әлеуметтік дамуды тұтас алып, “әмбебаптық рухқа” негіздеп қарауға алғашқы елеулі талпынысты Боссюэден табады. Конт саяси экономиядағы либералдық бағыттың ықпалын негізінен Адам Смит пен Жан-Батист Сэядан сезінді.

Конт әлеуметтік құбылыстарды танып-білуде детерминизм принципін тұңғыш рет таратып, бұл құбылыстардың жаратылыстану заңдарының іс-әрекетіне бағындырылғанын көрсеткен Монтескьенің үлесін өте жоғары бағалайды. Конт әлеуметтік ғылымның қалыптасуына Гоббстың маңызды үлес қосқанын мойындайды. Дегенмен ол идеялары бір-біріне қарсы болған екі ойшыл - де Местра мен Кондорсені ерекше жоғары бағалайды. Дәстүршілдік пен либерализмді, консервативтік және революциялық рухты біріктіруге және бітістіруге ұмтыла отырып, ол екі ойшылдың тұжырымдамасын бірін-бірі толықтыратын нәрсе деп қарастырады. Конттың басты әлеуметтік ұраны - “Тәртіп және прогресс” де Местраның (және басқа дәстүршілердің, әсіресе де Бональдтің) тәртіп идеясына және өзінің “рухани әкесі” санайтын Кондорсенің прогресс идеясына сүйенеді.

Әсіресе Контқа терең ықпал еткен Сен-Симон болды, бірақ Конттың өзі мұны мойындаған емес. Сен-Симон шығармаларындағы идеялардың Конттан кездеспейтінін таба қою қиын. Мұны, атап айтқанда, Конт үшін маңызды болған мынадай қағидалардан көруге болады: қоғамның дамуындағы “шиеленістің” және “органикалық” кезеңдердің айырмасы; прогресс идеясы; осы заманғы ғылымның, әсіресе әлеуметтік ғылымның мәні; индустриализм мен “индустриал-дардың” қазіргі және болашақтағы рөлі. Одан біз кейіннен Конт дамытқан “адам туралы ғылым”, “әлеуметтік физика” немесе “әлеуметтік физиология” - жалпы ғылымның бір бөлігі екені туралы тезисті де кездестіреміз; жалпы ғылым бақылауға негізделуі тиіс және оның әдістері жаратылыстану ғылымдарының әдістеріндей болуы тиіс.

Алайда Конт Сен-Симонды жай ғана жалғастырушы деп санау қателік болар едік. Біріншіден, олардың арасында белгілі бір теориялық және әлеуметтік-тәжірибелік алшақтық бар. Сен-Симон әлеуметтік прогресс проблемасына баса назар аударады; Конт болса прогреске сенім арта отырып, әлеуметтік тәртіп проблемасына үлкен мән береді. Конт саяси билікті, әлеуметтік иерархия мен субординацияны шоғырландыруды және орталықтандыруды жақтайды; Сен-Симон керісінше мемлекеттің құритынын айтып, негіздейді және адамдар арасында іргелі теңдік болатынын дәлелдейді. Әлеуметтік реформаның қажетті шарты ретінде интеллектуалдық реформаның мәнін дәлелдей келіп, Конт Сен-Симонды асығыстық жасады деп кінәлап, табиғат әлі зерттей қоймаған сырқатты емдегісі келеді деп көрсетеді. Екіншіден және де ең бастысы, Сен-Симонның идеялары ұрықтық, әлі көктемеген түрде бейнеленген, бұл көбіне жекелеген пікірлер, тұжырымдамалардың нобайы, бірақ тұжырымдамалардың өзі емес. Контта керісінше осы идеялар өрістеген, жүйелі тұжырымдамалар мен теориялар түрінде көрінген.

Жалпы алғанда Конт бір-біріне қайшы келетін идеялық дәстүрлерді: прогрестің ағартушылық идеясы мен дәстүршілдікті, ағартушылық ұтымдылықты (ол якобиндік ақыл-ойға табынудан да позитивизмнің дәріптелуін көрді) және ортағасырлық католицизмді біріктіруге ұмтылды. Оған әсіресе, әлеуметтік-иерархиялық идеология мен ұлттан жоғары тұратын құрылым ұнады. Конт христиандық қасаң қағидашылықты ескірген деп есептейді, бірақ христиан дінін ескірген демейді. Ол дін атымен Құдайды жойғысы келеді. Діннің өзі мәңгі болып табылады, өйткені адам, оның түсінігінде - тек ұтымды, ойлау, пайымдау қабілеті бар жан ғана емес, сонымен қатар ол эмоционалды, сезімдік қасиеті бар және сенуші болып табылады.

Оның дүниетанымында ең бастысы “позитивті” санат алға қойылады, сондықтан “позитивизм” мен одан туындайтын басқа да сөздер Конт ілімін зерттеуде негізгі терминдер болып табылады. Конт бұл сөздің бес мағынасын көрсетеді: 1) химериялыққа қарсы шынайылық; 2) тиімсіз нәрсеге қарсы пайдалы нәрсе; 3) күмәнді нәрсеге қарсы нақты нәрсе; 4) көмескі нәрсеге қарсы дәл нәрсе; 5) бүлдіргіш нәрсеге қарсы біріктіргіш нәрсе. Бұл мағыналарға Конт мынадай позитивті ойлау белгілерін қосады, ол - барлық жерде абсолютті дегенді салыстырмалыға ауыстыру үрдісі, оның тікелей әлеуметтік сипаты және, сондай-ақ, оның жалпыға ортақ парасатты мағынамен тығыз байланысы.

Конт жүйесінде позитивті ойлау орнын өзінің ашқан басты жаңалығы деп есептейтін атақты “үш саты” немесе “үш жағдай” заңымен байланысты түсінуге болады. Осы заңға сәйкес, жеке адам, қоғам және адамзат жалпы алғанда өзінің дамуында міндетті түрде және біртіндеп үш сатыдан өтеді.

1) Теологиялық немесе жалған сатыда (адамзаттың пайда болуынан бастап біздің заманымыздың 1300 жылына дейін) адам санасы құбылыстардың бастапқы немесе соңғы себептерін табуға тырысады, ол “абсолюттік білімге ұмтылады”. Теологиялық ойлау, өз кезегінде, дамудың үш кезеңінен өтеді: фетишизм, политеизм, монотеизм. Бұл саты өз заманында қажетті болып есептелді, себебі ол адамның әлеуметтенуінің алдын ала дамуы мен ақыл-ойдың өсуін қамтамасыз етті.

2) Метафизикалық немесе абстрактілі сатыда (1300 - 1800) адам санасы құбылыстардың ішкі табиғатын, олардың бастамасын, қалыптасуының басты амалдарын ұғынуға тырысады. Бірақ теологиямен салыстырғанда метафизика тылсым күштер факторымен емес, мән-мағына немесе абстракциялар жолымен түсіндіреді. Бұл сатыда құбылыстарды “бақылаудың орнына дәлелдеуге ұмтылудың салдарынан” оның спекулятивті және дерексіз бөлігі өте жоғары болады. Метафизикалық ойлау, теология сияқты болмай қоймайтын кезеңді құрай отырып, өзінің табиғаты бойынша шиеленісті және жойқын болып табылады.

3) Позитивті не шынайы немесе ғылыми кезеңнің (1800 жылдан бастап) негізгі белгісі – мұнда қиялдың бақылауға тұрақты бағынатын заңы қолданылады. Бұл сатыда ақыл-ой түпкі себептер мен мәндердің ақылға қонымсыз анықтамаларынан бас тартып, оның орнына заңдарды қарапайым зерттеуге, яғни “бақыланатын құбылыстар арасындағы тұрақты қатынастарға” жүгінеді.

Конт бүкіл болмыстың, соның ішінде адамзат болмысының бірлігі мен иерархиялық құрылымы жөніндегі ұғымға сүйенеді. Мұндай ұғым негізінде ол кеңінен таралған ғылымның өзі жасаған жіктелімін құрады. Бұл жіктелімге негізгі ғылымдар: математика, астрономия, физика, химия, биология және әлеуметтану кірді.

Аталмыш ғылымдардың әрқайсысы бір-біріне қатысты өзіндік бір саты болып табылады. Әрқайсысы өзінен бұрынғысының тәсілдерін қолданып, оларға өзінің зерттелу объектісінің ерекшелігіне байланысты тәсілдерін қосады. Барлық ғылымдар өзінің дамуында теологиялық, метафизикалық, позитивтік сатылардан өтеді; тек соңғы сатысында олар ғылым болып қалыптасады. Ғылымдар иерархия-сының шыңында әлеуметтану тұрады.

Конттың ойынша, әлеуметтану кез келген басқа ғылым сияқты, өзгермейтін жаратылыс заңдарын зерттейді. Оның пәні - маңызды әрі күрделі, сондықтан ол ғылымдар патшасы іспетті болып есептеледі. Әлеуметтану болмыстың қоғамнан да кеңірек саласын зерттейтін басқа ғылымдардың жетістіктерін пайдалана алады және пайдалануға тиіс. Бұл ғылымдар, әсіресе биология (ғылымдар иерархиясында әлеуметтанудың алдында тұрған ілім) әлеуметтануға қарағанда кіріспе, дайындық болып табылады. Сонымен қатар олар әлеуметтану үшін теориялық-әдіснамалық үлгі ретінде қызмет атқарады; өйткені әлеуметтану басқа пәндерге қарағанда позитивті күйге кешірек жақындады, онда әсіресе көптеген теологиялық және метафизикалық элементтер сақталған; онда елестету бақылауға қарағанда әлі күнге дейін басым.

Ең жас ғылымды белгілеу үшін Конт түрлі терминдер қолданады: “әлеуметтік философия”, “әлеуметтік ғылым”, “әлеуметтік физиология” және “әлеуметтік физика”. Ол өзін соңғы терминнің авторы деп есептеп және оған белгілі бір уақытқа дейін ден қойып келді. Алайда бұл анықтама, Конттың пікірінше, “теріс” қолданыла бастады, соның ішінде бельгиялық ғалым Адольф Кетле өзінің “Адам және оның қабілеттерінің дамуы туралы немесе әлеуметтік физика тәжірибесі” деген еңбегінде (1835) бұл терминді “қарапайым статистикаға” жатқызады. Мұндай сөз қолданысы әлеуметтану ғылымдар жүйесінде және қоғамда алуға тиіс болған үлкен орынға мүлдем сәйкес келмеді.

Алғаш рет Конт “әлеуметтану” сөзін 1839 жылы “Позитивті философия курсының” (ІV том) 47-дәрісінде қолданады. Ескертпеде Конт оның енгізілуін былай негіздейді: “Мен әлеуметтік құбылыстарға тән іргелі заңдар жиынтығын оң зерделеуге қатысты табиғи философияның қосымша бөлігін бір атаумен белгілеуге мүмкіндік алу үшін бұдан былай өзім енгізген “әлеуметтік физика” деген ұғымға тұтастай ұқсас осы жаңа терминді пайдалануға тәуекел етуге тиіспін. Осы томның арнаулы мақсатын ескерек болсақ, осылай атау қажет, егер мен соңғы рет заңды құқығымды пайдалансам, бұл орайда мені кешірер деп үміттенемін, мұндай құқықты мен неологизмдерді жүйелі түрде енгізу дағдысына ұдайы терең жиіркенішпен қарай отырып, әрдайым аса сақтықпен қолдандым».

Конт - әлеуметтік шындықты ашқан және оны түсіндіруге маңызды үлес қосқан ойшылдардың бірі. Оның әлеуметтік шындық жайында әзірлеген кейбір пайымдаулары кейіннен үлгі болып, әлеуметтанудың одан әрі дамуына жол ашты.

Конт бойынша, дербес әлеуметтік ғылым жасаудағы басты шарт - басқа ешбір ғылымдарда зерттелмеген ерекше шындықты айқындау. Осы шындықты көрсету үшін ол түрлі терминдер қолданады: “қоғам”, “әлеуметтік организм”, “әлеуметтік жүйе”, “әлеуметтік құбылыс”, “әлеуметтік тіршілік”. Өзінің табиғаты жағынан адам әлеуметтік болып келеді, әлеуметтілік - оның табиғи жағдайы. Сонымен қатар, эгоизм де - табиғи жағдай, сондықтан әлеуметтілік білімді талап етеді және оны жеке адам тәрбие арқылы үйренеді. Бастапқы кезде табиғи құрылым болған қоғам “жасанды және ерікті тәртіпке” айналады.

Адам өз еркімен әлеуметтік құбылыстарды жасай алмайды, бірақ ол табиғи заңдарды ескере отырып, олардың түрлерін өзгерте алады. Өмір сүріп жатқан әлеуметтік үрдістердің қарқындылығын арттыруға немесе азайтуға, олардың жылдамдығын өзгертуге болады, бірақ олардың жүру тәртібін ауыстыруға немесе аралық кезеңдерден аттап өтуге болмайды. Әлеуметтік құбылыстардың өзгермелілігі нәсіл, климат немесе әлеуметтік әрекет сияқты факторлардан туындауы мүмкін, бірақ бәрібір мұнда өзгермейтін әмбебап заңдардың әрекеті үстем болып қала береді.

Қоғам жеке, бір-біріне тәуелсіз тіршілік ететін және «өздерінің жеке импульсіне» сәйкес әрекет етеміз деп ойлайтын жеке адамдардан тұрады. Шындығында олар ол туралы ойланбаса да, әдетте, жалпы дамуға үнемі қатысып отырады. Әлеуметтік реалист болған Конт жеке адамға қарағанда қоғамның басым түсетінін, кейде қатқыл түсіндірулермен үнемі атап көрсетіп отырған.

Конт әлеуметтануда алғашқылардың бірі болып, қоғамды жүйе ретінде қарастырып, биологиялық организмді оның алғашқы бейнесі ретінде көрсетеді. Ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын және оның бөліктерінің өзара бағыныстылығын атап көрсете отырып, “әлеуметтік жүйенің кез келген сан алуан бөліктерінің бір-біріне үздіксіз ықпал ететінін және кері ықпал ететінін айтады. Конт бойынша, қоғам іргелі бәтуаға (келісімге) және сабақтастыққа негізделеді; түптеп келгенде, мұның екеуі де, бірінші жағдайда – кеңістікті, екінші жағдайда – уақытты білдіретін бірдей сапалар.

Конт әлеуметтік шындықтың мынадай ерекшеліктерін көрсетеді: барынша күрделілік, осының салдарынан айтарлықтай реттелмегендік пен өзгермелілік; белсенділік; өздігінен болатын және сонымен қатар жасанды тәртіппен реттеу.

Конттың әлеуметтік шындыққа көзқарасына тән бір ерекшелік бар, бұл ерекшелік басқа әлеуметтік ойларға да тән болып келеді: ол қоғам мен адамзаттың арасын ажыратпау. Қоғам адамзаттың кішкентай көрінісі ретінде, ал адамзат - шегіне дейін кеңейтілген қоғам ретінде қарастырылады. Бұл ретте адамзат шынайы жоғарғы әлеуметтік шындық ретінде түсіндіріледі. Конт “кеңейген қоғам” тұжырымдамасы тұрғысынан ой түйеді, оның пайымдауынша, қоғамның шегі - адамзат; ол “барған сайын кеңейе түскен қауымдастықтар” құру үрдісі үнемі өмір сүреді деп есептейді. Қоғамның құрылымы мен дамуы сайып келгенде “адамзат табиғатының іргелі заңдарымен” анықталады, ал әлеуметтану “адамзат табиғатының позитивті теориясының” құрамына кіреді.

Қоғам мен адамзат арасын ажыратпау әмбебап прогресс пен эволюциялық ұғымдарға деген сенімді күшейте түсті, осыған сәйкес барлық қоғам өздерінің дамуында бірдей сатылардан өтеді. Ерте ме, кеш пе бүкіл адамзат жүріп өтетін жолды түсіну үшін “алдыңғы қатардағы” қоғамды зерттеу жеткілікті болады. Сондықтан Конт тарихтың әр дәуірін қарастырған кезде, сол дәуірдің өркениетін таратушы “элитасын” таңдап, оның тағдырын бақылайды. Жаңа заманнан бастап ол тек батыс еуропалық ұлттарды (ал XVІІ ғасырдан ең алдымен Францияны) зерттейді, өйткені оның пікірінше, солардың тарихи жолымен бүкіл адамзат міндетті түрде жүретін болады.

Ғалым Конт пен реформатор Конт позицияларының арасындағы қарама-қайшылық оның әлеуметтану тәсілдерін түсіндіруінен анық байқалды.

“Позитивті философия курсын” жазу барысында ғылыми этиканы басшылыққа алған Конт, әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде ғылымнан тыс қалыптасқан объективті әдіске негіздеме жасайды. Бұл кезде ол әлеуметтануды ғылыми білімнің жалпы жүйесінің элементі ретінде қарастырып, әлеуметтік ғылымның ұтымды, “объективті” әдісін ойлап табады. Ал Конт жаңа діннің пайғамбары болған кезде, ол “субъективті” тәсілді ойлап тауып, “субъективті” синтез дейтінді іске асырады.

“Объективті” әлеуметтануды қарастыра отырып, Конт оның жалпы ғылыми әдістерін, басқа ғылымдарда пайдаланылатын әдістерді және өзінің жеке әдістері мен тәсілдерін қолдануы тиіс деп есептейді. Басқа ғылымдардағы сияқты әлеуметтануда индукция мен дедукция қолдану қажет, бірақ мұндағы бірінші әдіс екіншісіне қарағанда қажеттірек. Алайда Конт негізінен дедуктивті әдісті пайдаланады. Биологиядағы сияқты, мұнда зерттеу барысында жалпыдан жекеге, жүйеден элементтерге қарай жылжу керек.

Фактінің қиялға бағынуына негізделген және абсолютті түсіндіруді талап ететін метафизикалық әдіснамаға қарама-қарсы позитивті әлеуметтік ғылым фактілер арасындағы үздіксіз байланысты бақылауға негізделген.

Конттың еңбектерінде “бақылау” сөзінің екі мағынасы (кең және тар) байқалады. Кең мағынада (“жалпы бақылау өнері») ол позитивті әдіснаманы сипаттап, еркін құрылымға қарсы тұратын әмбебап амал болып табылады. Белгілі бір мағынада әлеуметтанудың барлық әдістері осы бақылаудың түрлері болып табылады. Тар мағынада байқау әлеуметтануда қолданылатын ғылымның басты үш әдісінің (“таза байқау”; тәжірибе; салыстырмалы әдіс) бірі болып табылады.

Конт әлеуметтік фактінің нақтылығы мен анықтығын бөліп қарастырып, ол түсініктер ұқсас деген пікірді қате деп есептейді. Анықтылық - әлеуметтанудың басты мақсаты болып табылады және осы тұрғыда ол басқа ғылымға орын бермейді. Позитивизмнің негізін қалаушының әлеуметтануда сандық әдістерді қолдануға қарсы шыққаны мәлім, ал нақ осы әдістерді қолдану ХХ ғасырдағы позитивтік әлеуметтанудың ерекше белгісі болған еді.

Зерттеудің екінші “объективті” әдісі – тәжірибе. Конт әлеуметтануда, физикадағы сияқты, құбылыстарды жасанды ету арқылы тікелей тәжірибе жасау мүмкін емес деп есептеген. Бірақ мұнда “жанама” тәжірибе бар, оның мәні қоғамда болып жатқан жалпы даму нормаларының бұзылуында жатыр. Әлеуметтануда, биологиядағы сияқты патологиялық құбылыстарды талдау нағыз тәжірибе болып табылады.

Ауру биологиялық организмде болсын, әлеуметтік организмде болсын, бұрын қателесіп, солай есептеп келгендей, өмірдің іргелі заңдарының бұзылуын білдірмейді. Қалыпты және патологиялық құбылыстар - бір реттік, олар заңның әрекетіне бағынышты, демек бірін-бірі айқындайды. Патология - әлеуметтік организмнің әр түрлі қосымша факторлар (нәсілдік, климат, саяси қайшылықтар) туғызатын кінәраты мен күйзелісі; патологиялық құбылыстар негізінен түрлі революциялық дәуірлерде болады; соған сәйкес олардың байқалуы, яғни жанама тәжірибе осы дәуірлерде басымырақ болуы мүмкін.

Наши рекомендации