Теңге бағамының қалыптасу факторлары
Қазақстан экономикасын әлемдік экономикамен байланыстыратын негізгі буын – валюта саясаты мен ұлттық ақша бірлігінің валюталық бағамындағы өзгерісі.
Қазақстандағы нарықтық реформалардың ерекшелігі болып валюталық саясат мәселесі, негізінен валюталық қатынастарға тәуелділік, яғни ұлттық валюта бағамын қалыптастыру және оның әлемдік валюталық нарықта тұрақты қызмет атқаруы басты мәселе.
Валюта бағамын реттеу экономиканың даму деңгейіне тікелей әсер етеді. Валюталық реттеу дисконттық, девиздік, валюталық қор диверсификациясы, валютаның айналымдылығын реттеу, девальвация, ревальвация, валюта бағамын реттеу саясаттары арқылы іске асырылады. Валюталық шектеу және валютаның айналым қабілеттілігінің дәрежесін қадағалау валюталық реттеудің әкімшілік әдісі болып табылады. Сонымен қатар, экономиканың жағдайын сипаттайтын көрсеткіштердің бірі – валюта бағамы, валюта саясаты. Валютаның айырбас бағамы саясаты – валюталарды сатып алу қабілетін қамтамасыз ету және ішкі валюта нарығында валюталық алып – сатушылық (саудагерлік) операциялардың белсенді дамуына жол бермеу шаларын ескере отырып құралады. Бұл саясаттың мақсаты – барлық басқа қаржылық нарықтардың дұрыс қызмет етуі мен теңгені нығайтуға жағдай жасау.
Нарықтағы шет елдермен қарым – қатынасты жақсарту, одан әрі дамыту барысында валюта бағамы, оның тұрақтылығы, айналысқа түсу қабілеті көптеген мәселерді шешіп, біразын жеңілдетеді. Сол себептен валюта бағамын реттеу елдің халықаралық саудада алатын орнын, даму қарқынын айғақтайтын бірден – бір шама болып табылады.
Бағамдық саясатты жүргізген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тұрақты түрде өзгеріп тұратын әлемдік конъюнктура жағдайларында отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуі мүмкін ұлттық валюта нақты бағамының айтарлықтай ауытқуларына жол бермейді. Экономикалық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңге бағамының икемділігін арттыру мақсатында өзінің валюта нарығына қатысуын одан әрі төмендетуге ұмтылатын болады. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесінің де Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының негізгі міндеттеріне кіруіне орай, Ұлттық Банк осы бағытта барлық қажетті шараларды қолданатын болады. Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк осы нарықтың бүкіл сегменттеріне мониторинг және ағымдағы жай-күйін бағалауды жүргізетді. Қандай да болмасын шараларды қолдану жедел жүзеге асырылады.
Теңге бағамының ауытқуына бiрнеше факторлар әсер етедi. Елдiң экспорттық операциялары ұлттық валюта бағамына ықпал ететiн басты факторлардың бiрi болып саналады. Қазiргi сәтте сауда балансында үлкен профицит байқалуда. Қазақстан ақша түрiнде импорттағанға қарағанда көбiрек экспорттайды. Сондықтан экспорттық түсiм теңгенiң бағамына ықпал ететiн қозғаушы күштердiң бiрi болып табылады. Елiмiздiң экспорт негiзiн қуат көздерi: мұнай, газ, газ конденсаты, металдар құрайды. Осылардың бағалары валюта нарығында баға белгiлейтiн негiзгi факторлардың бiрi болып табылады.
Сонымен бiрге, ұлттық валюта бағамына әсер ететiн келесi нәрсе - бұл үкiмет жоспарлаған бағам. Қазiргi сәтте, ұлттық валюта бағамы құнсыздануға ықпал етушi құралдардың бiрi болып саналады. Үкiметте екi қарама-қарсы мiндет бар. Бiрiншiсi - инфляция деңгейiн бақылау, оның жүзеге асыратын бiрден-бiр құрал - теңге бағамының өспеуi болып табылады.
Екiншiсi - отандық өндiрушiлердi қолдау. Себебi, теңге бағамының өсуiнен негiзiнен отандық өндiрушiлер зардап шегедi. Теңгенiң өсуi отандық тауарлардың өзiндiк құнының жоғары болуына әсер етедi. Ал бұл өз кезегiнде тауарлардың бәсекеге қабiлетсiздiгiне әкелiп соғады. Сондай-ақ, елеулi факторлардың бiрi - экономиканың жоғары долларлануына байланысты банктер мен қаржы институттарының сырттан доллармен қарыз алуы. Бұл қаражаттар көлемi теңгеге айырбасталады. Яғни экономикада бос доллар саны ұлғаяды. Нәтижесiнде доллар ұсынысы көбейедi де, доллар құны азаяды.
Ұлттық банк тіркелген валюта бағамын орната отырып, алдын ала белгіленген бағам бойынша ұлттық валютаны сатуды немесе сатып алуды өзіне міндеттейді. Бұл жағдайда ішкі тепе-теңдікті қалыптастыруға бағытталған макроэкономикалық саясат шаралары әдетте, төлем балансының оң немесе теріс сальдосының туындауына алып келеді. Төлем балансының теріс сальдосы кезінде ҰБ ұлттық валютаның құнсыздануын болдырмау үшін, валюта нарығында шетел валютасын сатады және ұлттық валютаны сатып ала бастайды, яғни валюталық интервенциялар жүргізеді. Бұл валюта резервтерінің және ақша базасы көлемінің қысқаруына алып келеді. Бұл жағдайда ынталандырушы бюджет-салық саясатының салдарлары қарастырылады (мысалы, мемлекеттік шығындарды арттыру немесе салықтарды төмендету). Нәтижесінде табыс өседі және бір уақытта пайыз мөлшерлемесі де артады. Табыстың өсуі ақшаға деген сұранысты арттырады, ал пайыздың жоғары болуы ел ішіне шетел капиталының ағылуын ынталандырады, ол болса жалпы алғанда төлем балансының оң сальдосын қалыптастырады.
Осы жағдайларға байланысты Қазақстанның 2007 жылдан бастап қазірге дейінгі ақша-несиелік және валюталық саясатының жағдайын талқыласақ:
1) Теңгенің 2006 жылдың аяғында бір АҚШ доллары үшін 127 теңгені құраған номиналдық бағамы 2007 жылғы сəуірде бір доллар үшін 120,1 теңгеге дейін нығайды, ал 2007 жылғы маусымның аяғына дейін бір АҚШ доллар үшін 122,31 теңгені құрады. Капитал нарықтарындағы ғаламдық дағдарыстың көрінуі 2007 жылғы тамыздан бастап Қазақстан банктері үшін сыртқы ресурстарды тарту жағдайының айтарлықтай нашарлауына жəне нəтижесінде Қазақстан Республикасы экономикасының жұмыс істеуі жағдайының өзгеруіне алып келді. 2007 жыл төлем балансының ағымдағы шотының дефициті 5,3 млрд. АҚШ долл. астам болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері 2007 жылғы тамыз – желтоқсан аралығындағы кезеңде 6,0 млрд. АҚШ долл. дейін төмендеп, желтоқсанның аяғында 17,4 млрд. АҚШ долл. құрады.
2) 2008 жылдың аяғында – 2009 жылдың басында ішкі валюта нарығында теріс девальвациялық күтулердің едәуір өсуі байқалды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету және нақты емес дәлізді бір АҚШ доллар үшін 120 теңге ±2% шегінде сақтау жөнінде айтарлықтай күш салды.
2008 жылғы қазаннан бастап 2009 жылғы ақпан аралығындағы кезеңнің өзінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге 9 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Алтынвалюта резервтерінің көлемі осы кезеңде 10,4%-ға төмендеді.
2008 жылы доллар позициясындағы биржалық сауда-саттық көлемі 2007 жылы осындай көрсеткіштен 26,3% 11,7 млрд. долларға дейін асып түсті.
Биржадан тыс валюталық нарықтағы резидент банктердің мәмілелер көлемі 19,6 млрд. долларға дейін 126,4% ұлғайды.
1 сурет. Теңгенің АҚШ долларына, еуроға және ресей рубліне бағамның өзгеру динамикасы.
Ресей рублімен және еуромен жасалған операциялардың валюталық нарықтың биржалық және биржадан тыс сегменттерінің айналымында шамалы үлесі болды. Биржалық нарықта ресей рублімен және еуромен жасалған операциялардың көлемі 11,5% және 62,9% тиісінше 106,7 млн. ресей рубліне және 18,6 млн. еуроға дейін азайды. Биржадан тыс валюталық нарықта ресей рублімен және еуромен жасалған айырбастау операциялардың көлемі 12,1% және 15,4%, тиісінше, 1306,8 млн. ресей рубліне және 87,1 млн. еуроға дейін азайды.
3) Алайда, 2009 жылдың басында әлемдік экономикада қалыптасқан ахуал, оның ішінде Қазақстан Республикасының сауда-әріптес елдері валюталарының девальвациясы және қазақстандық экспорттың негізі болып табылатын энергия ресурстары бағаларының айтарлықтай төмендеуі төлем балансының 2009 жылғы көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз етпеді және олардың күрт нашарлауына әкеліп соқты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2009 жылғы ақпанда теңгенің айырбастау бағамының бір АҚШ доллары үшін 150 теңге +/-3% деңгейіндегі жаңа дәлізін белгіледі. Бұл нарықтағы девальвациялық күтулерді төмендетіп қана қоймай, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қайта қалпына келтіруді және алтынвалюта резервтерін сақтауды қамтамасыз етті.
Осы шаралардың, сондай-ақ қазақстандық экспорттың негізгі позияцияларының әлемдік бағаларының қалпына келуі нәтижесінде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып, 2009 жылдың аяғында ұлттық валютаның нығаю үрдісі байқалды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алтынвалюта резервтерінің көлемін толықтыра алды. 2009 жылдың аяғында ол 23,2 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 16,8% артық.
4) 2010 жылдың 9 айында төлем балансының ағымдағы операцияларының шоты 4,7 млрд. АҚШ долл. (немесе ЖІӨ-нің 5%) профицитпен қалыптасты. Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестициялардың келуі жалғасыып, олардың көлемі 2010 жылғы 9 айдың қорытындылары бойынша 8,2 млрд. АҚШ долл. құрады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шаралары, сондай-ақ қазақстандық экспорттың негізгі баға ұстанымына қолайлы баға конъюнктурасы ішкі валюта нарығындағы тұрақты ахуалдың сақталуына ықпал етті. Осындай жағдайларда 2010 жылғы 5 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңге бағамы ауытқуларының дәлізін кеңейтті: 150 теңге/доллар (+)10% немесе 15 теңге, (-)15% немесе 22,5 теңге. Бұл дәліз 2011 жылғы 20 наурызға дейін деп белгіленді.
2010 жыл ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі валюта нарығына барынша аз қатысуымен, берілген дәліз шеңберінде қалды. Бұл ретте ұлттық валютаның нығаю үрдісі байқалды.
2010 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық ставкаларының дәлізі өзгеріссіз қалды. Жыл бойына осы дәліздің жоғары шегі болып табылған ресми қайта қаржыландыру ставкасы 7,0% деңгейінде сақталды. Банктерден тартылатын депозиттер бойынша, ақша нарығындағы қысқа мерзімді ставкалар дәлізінің төменгі шегі болып табылатын ставка 7 күндік депозиттер бойынша 0,5% және айлық депозиттер бойынша 1,0% құрады.
Қазақстан экспортының негізгі баптарының қолайлы баға конъюнктурасы сыртқы сауда көлемінің ұлғаюына себепші болды. Алдын ала деректер бойынша 2011 жылы төлем балансының ағымдағы операцияларының шоты 13,6 млрд. АҚШ долл. (немесе ЖІӨ-нің 7,3%-ы) мөлшеріндегі профицитпен қалыптасты. Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың әкелінуі жалғасуда, олардың көлемі 2011 жылдың қорытындылары бойынша 13,1 млрд. АҚШ долл. құрады.
2009 жылдың соңынан басталған ұлттық валютаны нығайту үрдісі 2011 жылдың басында да жалғасты. Бұл ретте нарықта теңге бағамының ауытқу диапазоны айтарлықтай тар болды және оның мәндері 2010 жылғы ақпанда кеңейген валюталық дәліздің шекті мәндеріне жақындаған жоқ. Тиісінше, 2010 жылы валюталық дәліздің болуы айтарлықтай рөл атқарған жоқ. Осыған байланысты 2011 жылғы ақпанның соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық дәлізді алып тастай отырып, теңгенің басқарылатын өзгермелі айырбастау бағамының режиміне өтуді жүзеге асырды.
2011 жылдың ортасында әлемдік нарықтағы ахуалдың аздап тұрақсыздануынан және мұнай бағасының төмендеуінен болған бағам құбылмалылығы ұлғайды. 2011 жылғы мамырдан бастап теңге бағамының әлсіреу үрдісі байқалды, ол 2011 жылғы тамызда және қыркүйекте күшейді.
2012 жылғы төлем балансы ағымдағы операциялар шотының профициті 2012 жылғы 9 айда 2011 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 30,5%-ға төмендей отырып, 7,8 млрд. АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты.
Қазақстан экспортының негізгі баптарының әлемдік бағалары 2012 жылы барынша жоғары деңгейде қалыптасты. Нәтижесінде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты болды. Теңге бағамы 2012 жылы бір АҚШ доллары үшін 147,50 – 150,86 теңге шегінде ауытқыды. 2012 жылы теңгенің АҚШ долларына айырбастау бағамы номиналды көрсетумен 1,6% бәсеңдеді.
2012 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бағамдық саясатты басқарылатын өзгермелі режим шеңберінде жүзеге асыруды жалғастырды.
Құбылмалы (қалқымалы) валюта бағамы кезінде ҰБ валюта нарығына араласпай-ақ, ұлттық валютаның айырбас бағамына (сәйкесінше, таза экспорт көлеміне де) төлем балансы тұрақтанғанша дейін өзгеруіне мүмкіндік бере алады. Мұндай бағам кезінде ҰБ-тің валюталық резервтері мен ақша базасы шамалары өзгермейді. Яғни, елде еркін құбылмалы айырбас бағамы қолданылса, онда төлем балансының түзетілуі мемлекеттің араласуынсыз автоматты түрде қамтамасыз етіледі.
Құбылмалы валюта бағамы кезінде төлем балансының тапшылығын жою үшін ұлттық валютаның бағамы төмендеуі тиіс. ҰБ валюта нарығының қызметіне араласпай-ақ, айырбас бағамының еркін құбылуына мүмкіндік береді, соның салдарынан валютаның құнсыздануы таза экспорттың өсуін ынталандырады, және сәйкесінше, жиынтық сұраныс пен ұлттық табыс ұлғаяды. Табыстың өсуі ақшаға деген сұранысты арттырып пайыз мөлшерлемесін өсіреді.