Орта Азия республикаларының КСРО құрамына кiруi.

КСРО құрылған кезде Орта АзияданРСФСР құрамына кірген Түркiстан АССР-і және Бұхара Хорезм халықтық кеңес республикалары болды. 1923–1924 жылдары Бұхара Социалистiк республикасы және Хорезм социалистiк республикасы деп аталды. Орта Азия республикаларын КСРО құрамына бiрiктiруге мүмкiндiк туды. 1924 жылы Орта Азия және Қазақстанда ұлттық мемлекеттiк шекара белгiлеу жұмысы жүргiзiлдi. Қарақалпақстан 1929 жылға дейiн Қазақ АССР-ының құрамында болды. 1924 жылы жаңа ұлттық мемлекеттер құрылды. Өзбек ССР-i, Түркмен ССР-i, Өзбек ССР-ының құрамына Тәжiк АССР-і кiрдi. Қырғыз автономиялық облысы құрылды. 1925 жылы ақпанда Орта Азия республикалары РСФСР-дың құрамына кiрдi. Қазақ АССР-да РСФСР-дың құрамында болды. 1929 жылы Тәжiк Кеңес Социалистiк Республикасы болып құрылып, КСРО-ның құрамына ендi.

КСРО бесжылдық жылдарында (1928–1937 жж.) Социалистiк қоғамның экономикалық негiзi және дамуы жоспарлы бағытқа негiзделдi. Сондықтан мемлекерт әр жылғы жылдық жоспар, ал ұзақ мерзiмге – перспективалық жоспар жасады. Ол жоспар ГОЭЛРО деп аталды. 1926 жылы БКП(б) ХIV съезiнде КСРО халық шаруашылығын дамытудың бесжылдық жоспарын жасау iсi қолға алынды. 1929 жылы сәуiр айында ХVI партия конференциясы КСРО халық шаруашылығын өркендетудiң 1928–1932 жылдарға арналған бiрiншi бесжылдық жоспарын мақұлдады. Ал мамыр айында Кеңестiң Бүкiлодақтық V съезi жоспарды бекiттi. Кеңес халқы бес жыл iшiнде орасан зор мiндеттердi жүзеге асыруға: халық шаруашылығын индустрияландыру ауылшаруашылығын машина техника негiзiнде дамыту, шығыс аудандардағы шаруашылықты қайта құру, халықтың материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесiн көтеруге, елiмiздiң қорғаныс қабiлетiн нығайтуға тиiстi болды. Халық шаруашылығын өркендету мақсатына 65 млрд сомдай қаржы жұмсау белгiлендi.

1934 жылы қаңтарда БКП(б) ХVII съезi халық шаруашылығын дамытудың екiншi бесжылдық жоспарын бекiттi. Екiншi бесжылдық 1933–1937 жылдарда жаңа мiндеттердi қойды. Халық шаруашылығының барлық салаларын техникалық жағынан қайта құруды аяқтау, шаруалар шаруашылығында коллективтендiрудi бітіру, ауылшаруашылығын механикаландыруды, халықтың тұрмыс дәрежесiн көтеруді жеделдету басты мақсат етіп қойылды. Екiншi бесжылдықтың мiндеттерiн орындау КСРО-да социализмнiң негiзiнен орнатылуын қамтамасыз етуге тиiс болды.

БКП(б)-ның ХIV съезiнен кейiн КСРО-да индустрияланды-ру кең етек алды. Бiрiншi бес жылдықта кеңес халқының қажырлы еңбегi жаңа өнеркәсiп орындары мерзiмiнен бұрын салынып жұмыс iстедi. Олар: Сталинград трактор заводы, 1500 шақырымға созылған Тұркiстан – Сiбiр темiржолы, ДнепроГЭС, Магнитогорск және Кузнецк металлургия заводтары, Қиыр

Шығыста Амур өзенi бойында салынған Комсомольск қаласы бар. Бiрiншi бесжылдықтың индустрияландыру мiндетiнiң негiзгi мақсатының бiрi маман жұмысшылармен инженерлердi дайындау болды. Бiрiншi бесжылдықта 450 мың маман жұмысшылар дайындалды. Бесжылдықта 1500-ден аса iрi кәсiпорын салынды. 1932 жылы Кеңес өнеркәсiбi машиналарды 1913 жылғымен салыстырғанда 10 есе көп шығарды. Орта Азия республикаларында Ташкентте ауылшаруашылық машиналарын жасау заводы, Ашхабадта мақта-мата фабрикалары, Қазақстанда 40-қа жуық кәсiпорын iске қосылды. Қарағандыда КСРО-да үшiншi көмiр базасы құрылды.

Екiншi бесжылдық елдi индустрияландыру зор қарқынмен жүрдi. Өнеркәсiпке қажеттi кадрлар даярланды. Ең жаңа техникамен жабдықталған кәсiпорындар іске қосылды. Краматорск ауыр машина жасау заводы, Челябинск трактор заводы, Харьковтағы бұрғылау станок заводы және басқа да көптеген кәсiпорындар бiрiнен соң бiрi iске қосылып жатты. Екiншi бесжылдықта 4500 өнеркәсiп орындары салынды. Электр қуаты 2,5 есеге өсті. 1935 жылы 15 мамырда Мәскеу метросы iске қосылды. Ұлт республикалары екiншi бесжылдық-та индустрияландыруда шешушi табыстарға жеттi. Мысалы: Қазақстан қорғасын өндiруден КСРО-да бiрiншi орынға, мұнайдан - екiншi орынға, тас көмiрден – үшiншi орынға шықты.

Ауылшаруашылығын социалистiк жолға түсiру. Социалистiк қоғамға өтудегi күрделi мәселенiң бiрi аграрлық сала болды. Ауылшаруашылығындағы жекеменшiктi коллективтiк меншiкке айналдыру, шаруаларды колхоздарға бiрiктiру мiндетi тұрды. Ауылшаруашылығының өнiмдiлiгi мен тауарлығын шұғыл арттыра отырып, халықты азық-түлiкпен қамтамасыз ету керек болды. Кооперативтiк жоспарды кеңiнен жүзеге асыру үшiн, 1927 жылы желтоқсанда БКП(б) ХV съезi өттi. Съезд қарарында мынадай мiндет жүктелдi: «Қазiргi кезеңде ұсақ жекеменшiк шаруа шаруашылықтарын бiрiктiру және оларды коллективтерге айналдырып қайта құру мiндетi партияның деревнядағы негiзгi мiндетi ретiнде қойылуға тиiс».

1930 жылы 5 қаңтарда БКП(б) Орталық Комитетi «Коллективтендiрудiң қарқыны және колхоз құрылысына мемлекеттiң көмек көрсету шаралары туралы» қаулы алды. Қаулыда партия мен Кеңес өкiметiнiң деревнядағы жаңа саясаты – шаруалар шаруашылықтарын жаппай коллективтендiрудi жүзеге асыру және осының негiзiнде кулактарды тап ретiнде жою саясаты белгiлендi. Жаппай коллективтендiрудi негiзiнен бiрiншi бесжылдықтың аяғында аяқтау белгiлендi. Астықты аудандарда 1931 жылы, қалған аудандарда 1932 жылғы көктемде аяқтау мiндет қойылды. 1930 жылы колхоз құрылысына 500 млн сом қаржы бөлiндi. Жаппай коллективтендiру iсi шиеленiскен тап күресi жағдайында өттi.

Коллективтендiру қарқынын шектен тыс тездету және орта шаруалар жөнiнде асыра сiлтеушiлiктер ең алдымен орта шаруаның колхозға бетбұрысын өзгерттi. Орта шаруалар мен кулактар коллективтендiруге қарсы шықты. Орта шаруаларға зорлық жасалып, олардың малдарымен мүмкiндiктерiн тартып ала бастады. 1927–1928 жылдарда орта шаруаларға салынатын салықтың мөлшерi өте жоғары болды. Күш көрсету мен алымсалықтың ауырлығынан адамдардың көбi шет елге кетуге мәжбүр болды. ұжымдастырудың төтенше сипаты осынау шара кулактарды құртудың мемлекеттiк бағытын жүзеге асыру кең етек алды. Тәркiлеу саясаты шаруаларға келгенде кең көлемдегi қуғын-сүргiнге айналды. 1929-1933 жылдар аралығында саяси Бас Басқарма өкiмет үштiгiнiң толық емес мәлiметтерiне қарағанда, 9805 iс қаралды да, 22933 адам жөнiнде шешiм қабылданып, 3386 мың адам ату жазасына кесілді, 13151 адам жер аударылып, 10 жылға сотталды.

Бұл саясатқа бүкiл елдегi сияқты Қазақстанда да ашықтанашық наразылық туады. 1929–1931 жылдарда Қазақстанда 372 көтерiлiс болып, 80 мың адам қатысты. 1931–1932 жылдардағы асыра сiлтеушiлiктен Қазақстан халқы жаппай ашаршылыққа ұшырап қырылды да, көбісі шекара асып, басқа елдерге, оның iшiнде Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтiп кеттi. Жалпы алғанда күштеп ұжымдастыру кезiнде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазаланды.

БКП(б)-ның Орталық Комитетi колхоз құрылысында жiберiлген бұрмалаушылықтарды жоюға бағытталған шаралар қолданды. 1930 жылы ақпан-наурыз айларында БКП(б) Орталық Комитетiнiң пленумында қабылдаған қаулыға сәйкес, барлық партия және кеңес ұйымдарына коллективтендiру барысындағы кемшiлiктердi түзетуге, қателiкке жол берген партия және кеңес ұйымдарының басшыларын орындарынан алуға нұсқау беріледі.

1930 жылы наурыз айында ауыл шаруашылық артелiнiң Үлгi жарғысын (уставын) жариялады. Бұл жарғы бойынша шаруалардың үлестiк жерлерi колхоздың бiрлесiп пайдалануына алынып, жұмыс көлiгi, құрылыстар, құрал-саймандар қоғамдастырылды. Колхоздарды нығайтуға көмектесу үшiн мемлекет оларға жәрдем бердi: мал үшiн салық төлеуден екi жылға босатты, несиеқаржы көмегiн күшейттi, тұқымды қарызға бердi. Машинатрактор станциясының (МТС) құрылысы жедел қарқынмен жүргiзiле бастады. Мемлекет деревняға (ауылдарға) көшпелi тракторлар, комбайндар басқа ауылшаруашылық машиналарын жiберiп жатты. Мемлекет қаржысына колхоз кадрлары даярланды. Бiрiншi бесжылдық жылдарында 210 мың шаруа колхозға бiрiктi. 1932 жылы колхоздар мен совхоздар елге ауыл шаруашылығының бүкiл тауар өнiмiнiң 84% бердi. Кулактар тап ретiнде жойылды. КСРО iрi социалистiк ауылшаруашылықты елге айналды. 1932 жылы 150 мыңға жуық трактор жер өңдедi. 2,5 мыңға жуық МТС құрылды.

Екiншi бесжылдықтың ауыл шаруашылығы саласындағы аса маңызды қортындысы шаруалар шаруашылықтарын коллективтендiрудi аяқтау болды. Бес жыл iшiнде ауыл шаруашылығы 300 мыңнан астам трактор, 114 мың комбаин, 132 мың жүк машиналарын және басқа көптеген техникалар алды.

Бес жыл iшiнде егiстiк жерлердiң көлемi 5,6 млн гектар ұлғайды. Астық және егiншiлiктiң басқа да өнiмдерiн өндiру артты. Сөйтiп, 1935 жылы азық-түлiктi нормалап, карточкамен беру тәртiбiн жойып, осы азық-түлiктiң кең саудасын ашуға мүмкiндiк бердi. Бұл еңбекшiлердiң тұрмыс дәрежесiнiң артуына жағдай жасады. 1937 жылы капитализмнен социализмге өтпелi кезең аяқталып, КСРО да социализм негiзiнен орнатылды.

1936 жылғы КСРО Конституциясы.1935 жылы ақпанда БКП(б) Орталық Комитетi елдегi болған үлкен өзгерiстерге сәйкес сол кезде қолданып жүрген Конституцияға өзгерiстер енгiзу және дауыс жасырын берiлетiн жалпыға бiрдей тең сайлауға көшу қажет деп тапқан болатын. Кеңестердiң Бүкiлодақтық VII съезi бұл ұсынысты бiр ауыздан қолдады. И.В.Сталиннiң төрағалық етуiмен Конституциялық комиссия құрды. Конституцияның жобасын жасап, 1936 жылы маусым айында мақұлдап, бүкiл халықтың талқысына салуға, баспасөз бетiнде жариялауды ұйғарды. Жарты жылға уақыт созылған талқылауға 50 млннан астам адам қатысты. Бүкiл халықтық талқылаудың барысында көптеген түзету толықтыру, редакциялық жөндеулер ұсынылды. 1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерiнiң Төтенше VIII съезi жаңа Конституцияны бекiттi. Бұл қабылдаған Конституция «Сталиндiк конституция» деп халық арасында кең аталды. Жаңа конституция социализмнiң жеңiсi мен оның негiзгi принциптерiн бекiттi. Конституцияның бiрiншi бабында: «Кеңес Социалистiк Республикалар Одағы жұмысшылар мен шаруалардың социалистiк мемлекетi болып табылады» делiнген. КСРО-ның саяси негiзi – еңбекшiлер депутаттарының кеңестерi, ал экономикалық негiзi – жоспарлы социалистiк меншiк, оның екi формасы – мемлекеттiк және колхоз – кооперативтiк түрлері көрсетілді. Конституцияда адамды адамның қанауына тыйым салды.

Конституция еңбек ету - еңбекке қабiлетi бар әрбiр кеңес азаматының абыройлы iсi деп жариялады. Конституция «Әркiмнен – қабiлетiне қарай, әркiмге – еңбегiне қарай» деген социализм принципiн бекiттi. Конституцияда КСРО тең құқықта кеңес социалистiк республикалардың өз ерiктерiмен бiрiгуi негiзiнде құрылған одақтық мемлекет болып табылады деп жазылды. Одақтас республикалардың саны көбейiп 11-ге дейiн жеттi. Закавказье федерациясы таратылып Әзербайжан, Армян, Грузин одақтас республикалар ретiнде КСРО-ның құрамына тiкелей ендi. Бұрын РСФСР құрамында болып келген Қазақ және Қырғыз автономиялық республикалары дербес Қазақ ССР болып, одақтас республика ретiнде КСРО-ның құрамына кiрдi.

1936 жылғы Конституция КСРО азаматтарының еңбек ету, бiлiм алу, тынығу, қартайғанда зейнетке шығуға құқықтарын бекiттi. Әйелге еркекпен тең құқық берiлдi. Ұлты, нәсiлi қандай болуы бұлжымайтын заң болды. Азаматтардың жеке басына, үйжайына ешкiмнiң қол сұқпауы, сөз, баспасөз, жиналыс пен митингтер өткiзу бостандығы, қоғамдық ұйымдарға бiрiгу бостандығы Социалистiк Отанды қорғау, заңдарды орындау мiндеттерi жүктелдi.

1937 жылы 12 желтоқсанда кеңес халқы жаңа сайлау жүйесi бойынша КСРО мемлекеттiк өкiметiнiң жоғарғы кеңесiне сайлау өттi. КСРО Жоғарғы Кеңесiне 1143 депутат сайланды, оның 42% жұмысшылар, 29,5% шаруалар, 28,5% қызметшiлер мен интеллигенция өкiлдерi. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасына М.И.Калинин сайланды. КСРО-да социализмнiң толық жеңiп шыққанын бекiттi.

1937–1938 жылдардағы Сталиннiң қуғын-сүргiн саясаты.ХХ ғасырдың 30-жылдарындакеңес халқының социалистiк қоғамдағы жетiстiктерi iрi жеңiс болды. Бiрақ сол жылдардан бастап, КСРО-да тоталитарлық әкiмшiлiк билiк заңды құбылысқа айналды. Елдегi саяси, экономикалық саясатта БКП(б) өктемдiк-әкiмшiлiк саясаты елдiң барлық жүйесiне тарала бастады. И.В.Сталиннiң жеке басын мадақтау, барлық жетiстiктер бiр кiсiнiң атымен атала бастады. И.В.Сталин кеңес халқының көсемi болды. Жеке адамға табыну дәстүрге айналды. 1937 жылдан бүкiл елде қуғын-сүргiн басталды. Оның себептерi неде? Бiрiншiден, И.В.Сталин төңiрегiндегi адамдардан қорқып, оларға жау ретiнде қарады. Екiншiден, елдегi социализм құрудағы қиыншылықтарды партия мен мемлекет аппаратындағы басшылардан көрiп, партия және мемлекеттi халық жауларынан тазарту ұранын алып шықты. Шет аймақтағы республикалардың да партия және мемлекет басшыларын, алдыңғы қатардағы бiлiмдi зиялыларды халық жауы деп жариялады. 1937–1938 жылдарда БКП(б) Орталық Комитетi «жоғарыдан тазарту» саясатын жоспарлы түрде жүргiзуге арнайы шешiм қабылдаған. Тазартуды жүргiзу үшiн БКП(б) Саяси бюросы жергiлiктi жерлерде «үштiк» ұйымын құрады.

Олардың негiзгi мiндетi жергiлiктi жерлерде «Халық жауларының» тiзiмiн жасау, тез арада шешiм қабылдап ату немесе жер аудару шараларын жүргiзу болды. БКП(б) Саяси бюросының шешiмiмен Iшкi Iстер Халық Комиссариаты (НКВД) «кеңес өкiметiнiң жауларын» жою туралы жасырын ұйымдар құрады. Солардың бiрi Төтенше кеңес ұйымы (ОСО) қуғынсүргiн жүргiзу үшiн ОГПУ ұйымы құрылды. 1937 жылы партияның қуғын-сүргiн саясатын адал жүргiзген НКВД басшысы Ежов, одан кейiн 1939 жылы Л.Берия болды.

1937–1938 жылдарда қуғын-сүргiнге ұшыраған адамдарды ұстап тұру үшiн, оларға халық шаруашылығында тегiн жұмыс iстеу үшiн ерекше мекемелер салды. Қазақстан жерiнде Карлаг (Қарағанды қаласының маңында еңбек-түзету лагерi) Ақмола қаласының маңында, КСРО территориясында Сахалин, Чукотка, Иркутск, Хабаровск, Алтайда концлагерьлер жұмыс iстедi. КСРО жерi өз халқының қуғын-сүргiндер лагерiне айналды. Бұл кезең күнi бүгiнге дейiн КСРО тарихында «ақ таңдақ» жылдар деп аталады.

1937–1938 жылдарда қуғын-сүргiнге кеңес халқының алдыңғы зиялылары бiрiншi болып iлiктi. Кеңес өкiметi үшiн күрескендер, партия және мемлекет қайраткерлерi, ғалымдар әдебиетшiлер, ақындар, әскери-теңiз қолбасшылары, iшкi милиция және қоғамдық ұйым басшылары атылды, жер аударылды. 1957 жылы Н.С.Хрущев СОКП-ның маусым Пленумында И.В.Сталин басшылығы кезiнде 1,5 млн адам тұтқындалып, 680692 адам атылған – деп көрсеттi. И.В.Сталин БКП(б) ХVII съезд делегаттарын тұтқындап, 1961 делегаттың, 1108 делегаты атылған. Орталық Комитеттiң 198 адамының 98-iне ату жазасын берген.

Ресей қауiпсiздiк министрлiгiнiң дерегi бойынша 1917–1990 жылдар арасында бұрынғы КСРО аумағында мемлекеттiк қылмыстар жасады деген айыппен 4 000 000 адам жазаға тартылып, оның 827995-i атуға кесiлген. Әлi де нақты қанша адам жазықсыз, қуғын-сүргiн көрiп жаза шекті, ол жағы белгiсiз.

1937–1938 жылдардағы қуғын-сүргiн саясаты БКП(б)-ның атымен, оның ұзақ жылдар бойында партия және мемлекет көсемi болған адам И.В.Сталин (1879–1953 жж.) атымен тiкелей байланысты болды.

И.В.Сталиннiң жеке басының кемшiлiктерiмен қатар жетiстiктерi де бар еді. Кеңес халқы И.В.Сталиннiң Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметiне дұрыс баға бердi. Әсiресе, Ұлы Отан соғысына тiкелей қатысқан ұрпақтар оны әлі күнге қадір тұтады. Оның 1937–1938 және 1951–1953 жылдардағы қуғынсүргiн саясаты диктатор ретiнде бағаланды.

1959 жылы 21 желтоқсанда ХХ ғасырдың саясаткерi У.Черчиль Британ парламентiнде И.В.Сталиннiң 80 жылдығына арнап сөйлеген сөзiнде: «Ол бiздiң заманымыздың ұлы саясаткерi. ...Сталин дүниежүзiндегi ұлы диктатор, ол соқалы Ресейдi атом бомбалы державаға айналдырып кеттi» – деп баға бердi.

Францияның көрнектi саяси, мемлекет және әскери қайраткерi Шарль де Голль естелiгiнен «...Менiң алдымда айлакер, қатыгез, адам отырғандай пiкiр қалыптасты. Сталиннiң ерiк күшi орасан зор адам едi. Ол өз мақсатына жету жолында маркстiк iлiмнiң негiзiн пайдалана отырып, бiреулердi бағындырса, келесi бiреулердi құрбандыққа шалды ... ол зымиян диктатор, риясыз кейiптегi жаулап алушы. Сталин әрқашанда қарсыласын адастыруға, тығырыққа тiреуге тырысатын... ». Мiне, Сталиндi ақтап алу мүмкiн емес. Қарсыластарын басыпжаншуға большевиктiк догманы пайдаланды. Жаппай қуғынсүргiнге алып келген де, мiне, осы саясат едi.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғанда КСРО халықтары бейбiт өмiрде халық шаруашылығын дамытудың үшiншi бесжылдық (1937–1942 жж.) жоспарын мерзiмнен бұрын орындау жолында еңбек етiп жатты.

Наши рекомендации