Төртінші бөлім: Намаздың уәжіптері

1. «Фатиха» сүресін оқу.Ъибада ибн ас-Самит, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا صلاة لمن لم يقرأ بفاتحة الكتاب)

«Құранның «Фатиха»-сі оқымаған кісінің намазы жоқ»[417].

Бұл хадистегі «намазы жоқ» деген сөз «Фатиха»-сыз оқылған намаздың затын емес, кәмілдігін теріске шығарады. Сондықтан «Фатиха» сүресін оқымаған адамның намазы дұрыс. Негізінде, бұл хадис «ахад» дәрежесінде болғандықтан, Құрандағы: «Құраннан жеңілдеуін оқыңдар. Араларыңда науқастардың бар екенін Аллаһ біледі. Тағы біреулер Аллаһтың кеңшілігін іздеп, жер кезіп жүр. Енді біреулер Аллаһ жолында күресіп жүр. Сондықтан Құраннан жеңілдеуін оқыңдар»[418]үкімін жоя алмайды.

Сондай-ақ имам Әл-Бұхари Әбу Һурайрадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

«..Сосын жадыңдағы Құраннан жеңілдеуін оқы..».

Ханафи мәзһабінің қағидаларында «мутауатир» хадистің бұйрығы кесімді дәлелге, ал «ахад» хадистің бұйрығы болжамды дәлелге жатады. Ханафи мәзһабінда «уәжіп» үкімінің «парыз» үкімінен бөлек қаралуы осыдан. Бұйрықтың уәжіптілігі кесімді дәлелмен бекітілсе, атқарылуы парыз болады, ал болжамды дәлелмен бекітілсе, уәжіп болады. Сол себептен «Фатиха»-ны оқу - намаздың парыздарынан емес, уәжіптерінен.

Парыз намаздарының әуелгі екі рәкәтінда «Фатиха»-ның оқылуы уәжіп. Кейінгі екі рәкәтінда оқылуы адамның ықтиярында. Алайда үтір мен сүннет намаздарының барлық рәкәтінда оқылуы уәжіп.

2. «Фатиха»-дан кейін қосымша бір сүренің оқылуы. Әбу Саъид, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أُمِرنا أن نقرأ بفاتحة الكتاب وما تيسر)

«Бізге Құранның «Фатиха»-сын және жеңілдеу сүресін оқуымыз бұйырылды»[419].

Қосымша сүре дегеніміз - бір қысқа сүре немесе үш қысқа аят. Қосымша сүре парыз намазының әуелгі екі рәкәтінда ғана оқылады. Үтір мен сүннет намаздарының күллі рәкәтінда оқылады.

3. Парыз намазының әуелгі екі рәкәтінда Құран оқу. Әбу Қатада, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يصلي بنا فيقرأ في الظهر والعصر في الركعتين الأوليين بفاتحة الكتاب وسورتين)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізбен намаз оқығанда бесін мен екіндінің әуелгі екі рәкәтінда «Фатиха» мен екі қосымша сүре оқитын»[420].

4. «Фатиха»-ның қосымша сүреден бұрын оқылуы. «Фатиха» сүресінен бұрын қосымша сүре оқып қойылса, «Фатиха» сүресі оқылып, кейін қосымша сүре қайта оқылады.

5. Мұрын мен маңдайдың сәждеге қоса қойылуы.Әбу Хамид Ас-Саъиди, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم كان إذا سجد أمكن أنفه وجبهته من الأرض)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) сәжде жасағанда жерге мұрны мен маңдайын тигізетін»[421].

6. Намаздың ішкі парыздарының реттік тәртібін қадағалау. Мына хадисте келтірілген тәртіп бойынша: «Намазға тұрғаныңда тәкбір айт! Сосын жадыңдағы Құраннан жеңілдеуін оқы. Сосын беліңді бүгіп, денең жайланғанша (көтерілме). Сосын көтеріліп, тік тұр. Сосын сәжде жасап, денең жайланғанша (көтерілме). Кейін отырыс жасап, денең жайланғанша (сәжде жасама). Сосын сәжде жасап, денең жайланғанша (қиямға тұрма). Сосын намазыңның барлық рәкәтінда осылай істе!»-дейді[422].

7. Әр ішкі парызда дене мүшелерінің сәл жайлануын күту.Жоғарыда келтірілген хадис намаздың әр ішкі парызында: бел бүгу мен қиям арасында, қиямға көтерілгенде, сәжде мен отырыс арасында, сәждеден отырысқа оралғанда, отырыстан екінші сәждеге барғанда дене мүшелерінің сәл жайлануын күтуді талап етеді. Намаз аяқталғанша ішкі парыздар асықпай жасалады. Бұл әрекет мұсылманға намаз бойы Аллаһ тағаланы есте ұстауға көмектеседі және зейінін арттырып, намазда шатасудан сақтайды. Рифаъа ибн Рафиъ, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا فعلت ذلك فقد تمت صلاتك، وإذا انتقصت منه شيئاً انتقصت من صلاتك)

«Бұны істесең, намазың кемеліне жетті. Бұдан бір нәрсе кемітсең, намазыңның кемелін кеміткен болдың»[423].

8. Бірінші отырыс.Отырыстың ұзақтығы тәшәһһудпен өлшенеді. Бірінші отырыс барлық намаздарда уәжіп. Әбу Бухайна, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтты:

(صلى فقام في الركعتين فسبَّحوا فمضى فلما فرغ من صلاته سجد سجدتين ثم سلم)

«Бірде Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) төрт рәкәт парыз намазын жамағатпен оқығанда екі рәкаттан кейін бірінші отырысты жасамай тұрып кетеді. Адамдар: «Субханаллаһи»-деп ескертеді. Алайда ол намазды жалғастыра береді. Намазын аяғына жеткізгенде екі сәһу сәждесін жасап, сәлем береді»[424].

9. Бірінші отырыста тәшәһһудтің оқылуы.Бұған жоғарыда келтірілген хадис дәлел болады. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(علمنا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم إذا قعدنا في الركعتين أن نقول: التحيات للّه)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге екі рәкәттан кейін отырып, «әт-тахиияту лилләһи..»-ді айтуымызды бұйырды»[425].

10. Тәшәһһудтан кейін үшінші рәкәғатқа бірден тұру.Намаз оқушы бірінші отырыстағы тәшәһһудтан кейін бір ішкі парызға кететін уақыт ұзақтығындай отырып қалса, сәһу сәждесін жасайды.

11. Соңғы отырыста тәшәһһудті оқу.Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(علمني رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم التشهد كفّي بين كفيه كما يعلمني السورة من القرآن قال: التحيات للّه، والصلوات، والطيبات، السلام عليك أيها النبي ورحمة اللّه وبركاته، السلام علينا وعلى عباد اللّه الصالحين، أشهد أن لا إله إلا اللّه، وأشهد أن محمداً عبده ورسوله)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қолдарымды екі алақанымен қысып, Құраннан сүре үйреткені секілді ташаһһуд сөздерін үйретті[426]:

التحيات لله، والصلوات، والطيبات، السلام عليك أيها النبي ورحمة الله وبركاته، السلام علينا وعلى عباده الصالحين، أشهد أن لا إله إلا الله، وأشهد أن محمداً عبده ورسوله

12. Сәлем беру.Сәлем беру дегеніміз - намаздан шығу үшін السلام عليكم-деу. Қазақша мағынасы: «Сендерге есендік болсын!». Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың(саллаллаһу алайһи уа саллам)былай дегенін айтты:

(مفتاح الصلاة الطّهور، وتحريمها التكبير، وتحليلها التسليم)

«Тазалық - намаздың кілті. Тәкбір[427]намазға (қасиетті мінәжатқа) кіргізеді, ал сәлем беру шығарады»[428].

13. Үтір намазында құнұт дұғасын оқу және оның алдында тәкбір айту уәжіп.

14. Айт намазының тәкбірлері уәжіп.

15. Дауыстап оқылатын намазды дауыстап, құпия оқылатын намазды құпия оқу. Дауыстап оқу дегеніміз - өзгеге естіртіп оқу. Имамға таң намазының парызын, ақшам мен құптан намаздарының әуелгі екі рәкатін, айт намаздарын, жұма намазын, тарауих намазын және рамадан айындағы үтір намазын дауыстап оқу уәжіп.

Құпия оқу дегеніміз - өзі ғана еститіндей оқу. Имам да, жалғыз оқушы да бесін мен екіндіні толық, ал ақшамның соңғы рәкаті мен құптанның соңғы екі рәкатін ғана ішінен оқиды. Сонымен қатар жаңбыр тілеу намазы мен күн тұтылу намазын және күндізгі нәпіл намаздарын ішінен оқу уәжіп.

Жалғыз оқушы дауыстап оқылатын парызды дауыстап оқуына да, ішінен оқуына да болады. Алайда дауыстап оқығаны абзал. Түнгі нәпіл намазын қалай оқуы - өз ықтиярында. Абдулла ибн Әбу Қайс, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

سألت عائشة كيف كانت قراءة النبي صلى اللّه عليه وسلم بالليل أكان يسِرُّ بالقراءة أم يجهر؟ فقالت: (كل ذلك قد كان يفعل ربما أسرَّ بالقراءة وربما جهر). فقلت: الحمد للّه الذي جعل في الأمر سعة.

Мен Айшадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) түнгі нәпіліндегі қырағаты туралы: «Құранды ішінен оқыды ма, әлде дауыстап оқыды ма?»-деп сұрадым. Ол: «Мұның барлығын істеуші еді. Кейде ішінен оқитын, кейде дауыстап оқитын»-деді. Сонда мен: «Дінде жеңілдік жасаған Аллаһ тағалаға мақтау!»-дедім[429].

16. Имамға ұюшының намазды имамға еріп оқуы. Имамға ұюшы рукуғ пен сәждені имамнан бұрын жасап қойса, бірден кері қайтуы керек. Өйткені алдындағы имам ілесу үшін тұр. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إنما جعل الإِمام ليؤتم به فإذا ركع فاركعوا، وإذا رفع فارفعوا)

«Негізінде, имам өзіне (жамағат) ілесу үшін ғана қойылған. Ол рүкүғ жасағанда сендер де рукуғ жасаңдар! Ол көтерілгенде сендер де көтеріліңдер!»[430].

Имам бірінші отырыстан кейін үшінші рәкәтқа тұрғанда ұюшы адам тәшәһһудті әлі аяқтамаса, тәшәһһудті аяқтап тұрады. Өйткені тәшәһһуд - уәжіп. Сосын имамға еруін жалғастырады. Қырағат кезінде ұюшы адам имамға еріп Құран оқымайды. Оқылып жатқан аяттарды үндемей тыңдап тұрады.

Наши рекомендации