Жергілікті буындағы бюджеттік үдеріс

Жергілікті буындағы бюджеттік үдеріс анықтамасы бойынша 14 тарауда баяндалған бюджеттердің барлық түрлеріне ұқсас: бұл – бюджетті жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, нақтылау, түзету, бюджеттің атқарылуы бойынша бюджет есебімен есептемесін жүргізу, мемлекеттік қаржылық бақылау.

Бюджеттік кодексте билік пен басқару органдарының – облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты мен акиматының өкілетті белгіленген.

Жергілікті бюджеттерді жоспарлау жоспарланып отырған кезеңге арналған жергілікті бюджет түсімдерінің көлемін және стратегиялық міндеттерді, басымдықты ескере отырып әрі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне сәйкес олардың пайдаланылу бағыттарын айқындау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үдерісі болып табылады. Жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу тәртібін Үкімет айқындайды.

Жергілікті бюджеттер жобаларды әзірлеу үдерісі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттік параметрлер болжамының жобасын әзірлеу және оны жергілікті атқарушы органның мақұлдауы;

2) атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының, бюджеттік өтінімдерінің жобаларын әзірлеу және оларды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауы;

3) жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу.

Бюджеттік үдерісте мынадай құжаттар пайдаланылады: өнірдің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлерінің болжамы; жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімі; мемлекеттік орган-дардың стратегиялық жоспарлары; операциялық жоспарлар.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып жыл сайын жылжымалы негізде әлеуметтік экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің болжамын әзірлейді, ол жергілікті атқарушы органның шешімімен мақұлданады. Бұл болжам мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейінде өңірдің бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, үрдістері мен басымдықтарын бюджеттік параметрлердің үш жылға арналған болжамын қамтитын құжат болып табылады.

Бюджеттік параметрлердің болжамы өңірдің салықтық-бюджеттік саясатының негізгі бағыттарын, тиісті жергілікті бюджеттердің болжамын, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжанатын көлемін қамтуы тиіс.

Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттері түсімдерінің болжамды көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін бюджеттік түсімдерді болжамдау әдістемесіне сәйкес айқындалады.

Жергілікті бюджет бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындау мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) жергілікті бюджеттер шығыстарының болжамды көлемін айқындау;

2) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша шығыстардың болжамды көлемін айқындау.

Жергілікті бюджеттер шығыстарының болжамды көлемі:

жергілікті атқарушы органның борышына қызмет көрсетуге және өтеуге;

жергілікті атқарушы органның резервін трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттері түсімдері көлемінің 2%-ынан аспайтын мөлшерде қалыптастыруға байланысты шығыстарды бөле отырып айқындалады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік параметрлері болжамының жобасын ағымдағы қаржы жылының 20 сәуірінен, ал аудан болжамының жобасын – 25 сәуірінен кешіктірмей тиісті жергілікті атқарушы орган мақұлдайды.

Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің шығыстарын жоспарлау үшін жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері стратегиялық жобалардың жобалары мен бюджеттік өтінімдерді әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады.

Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның стратегиялық жоспарын жергілікті атқарушы орган бекітеді, оны іске асыру үшін мемлекеттік орган операциялық жоспар әзірлейді.

Бюджеттік түсімдерді болжауды әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің болжамын ескере отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Бюджет шығыстарын жоспарлау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға:

1) стратегиялық жоспарлаудың жобаларын;

2) өткен қаржы жылындағы стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есептерді;

3) бюджеттік өтінімдерді ұсынады.

Республикалық деңгейге ұқсас, жергілікті бюджеттің шығыстары базалық шығыстар және жаңа бастамалар шығыстары болып бөлінеді.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стратегиялық жоспарларының жобалары мен бюджеттік өтінімдерін олардың Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына, әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің болжамына, бюджеттік және өзге заңнамаға, мемлекеттік қызметтің қолданылып жүрген натуралдық нормаларына және стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

Стратегиялық жоспарлар және бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті ұсыныстарды жергілікті бюджеттік комиссия қабылдағаннан кейін жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері оларды қабылданған шешімдермен сәйкестендіреді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға стратегиялық жоспарлардың түпкілікті жобалары мен бюджеттік өтінімдерді ұсынады.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жергілікті атқарушы орган мақұлдаған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлердің болжамы мен өңірлердің бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері пысықтаған стратегиялық жоспарлардың жобалары негізінде жергілікті бюджеттердің жобасын жасайды және оны бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 15 қыркүйегінен аудандікін (облыстық маңызы бар қаланың)15 қазанынан кешіктірмей аяқталады.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган бюджет комиссиясының облыс, республикалық маңызы бар қала астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстары негізінде жергілікті бюджеттің жобасын әзірлейді және оны ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан, ал аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджет жобасын 15 қазанынан кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарауына ұсынады.

Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттері туралы мәслихат шешімінің жобасы Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінде көзделген бюджет құрылымы бойынша және Бюджеттік кодексте көзделген талаптарды ескере отырып әзірленеді.

Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, аудан бюджетінің жобасын тиісті жергілікті атқарушы орган Бюджеттік кодексте көзделген тәртіппен ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірмей тиісті мәслихатқа енгізеді.

Жергілікті бюджеттің жобасы тиісті мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Тұрақты комиссиялар комиссия мүшелерінің арасынан жұмыс топтарын құрады, олардың пікірлерін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есеп-қисаптармен жергілікті бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды тиісті мәслихат айқындаған тұрақты бас комиссияға жіберер.

Егер мәслихат белгіленген мерзімде жергілікті бюджет туралы шешімді қабылдамаған жағдайда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары туралы қаулы шығаруға құқылы, ол мәслихат жергілікті бюджетті бекіткенге дейін қолданылады.

Жергілікті бюджеттердің атқарылуын жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген тиісті қаржы жылына арналған бюджеттік қаражаттар көлемінің шегінде жүзеге асырылады.

Бюджеттік кодексте сәйкес бюджеттің атқарылу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер бюджеттің атқарылу негізі болып табылады. Бюджеттің кассалық атқарылуына қызмет көрсету жөніндегі шоттар республикалық бюджеттің атқарылуы кезінде қолданылатын шоттарға ұқсас.

Бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақтылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуі болып табылады.

Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің өздеріне арналған бюджеттік қаражаттарды Бюджеттік кодекстің талаптарына, тиісті нормативтік құқықтық актілердің қағидаларына сәйкес және мемлекеттік органдар қызметінің алдын ала белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында өздерінің пайдалануы болып табылады.

Жергілікті бюджетті нақтылауды оның атқарылуы барысында Бюджеттік кодекске сәйкес тиісті жергілікті атқарушы орган және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негіздемесінде жүзеге асыралады. Бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстарды тиісті бюджеттік комиссия қарайды.

Жергілікті бюджеттерді атқару кезінде республикалық бюджеттегі жағдаятқа ұқсас секвестер қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, кезекті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бекітілген (нақтыланған) бюджеттік көрсеткіштер түзетілуі мүмкін.

Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік мониторингті жүзеге асырады.

Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ай сайын кейінгі айдың бірінші жұлдызындағы жай-күйі бойынша әкімдікке, мәслихаттың тексеру комиссиясына, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға, ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органға, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.

Стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есепті жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар ағымдағы қаржы жылының бірінші наурызына дейінгі мерзімде әкімге, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға нәтижелерді бағалауын жүргізуге ұсынады.

Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей есепті қаржы жылындағы бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есепті әкімдікке, мемлекеттік жоспарлау және Үкімет уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.

Әкімдіктер жыл сайын ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешіктірмей есепті қаржы жылындағы бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есепті қосымшаларымен қоса тиісті мәслихатқа ұсынады. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есеп мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралғаннан кейін мәслихаттың сессиясында бекітіледі.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей есепті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қосымшаларымен қоса әкімдікке, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына және Үкімет уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсынады.

Аудан (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі жыл сайын ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей есепті қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қосымшаларымен қоса ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатына ұсынады.

Тиісінше, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралғаннан кейін мәслихаттың сессиясында бекітіледі.

Бюджеттік шешімдер қабылдауды оңтайландыру қаржыландырудың дара жоспарларын нөлдік негізде жасау және бюджеттерді жоспарлау, бағдарламалау (БЖБ) жүйесін пайдалану әдісі арқылы мүмкін.

Бюджеттерді нөлдік негізде жасау әдісі мынада: жыл сайын жаңа қаржыландырудың дара жоспары жасалынады, ал бюджеттік мекеме өзінің бағдарламасын толық негіздеуі және басымдықтарды анықтауы міндетті.

Бұл жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды қаржыландыруды жоққа шығармайды, бірақ Қаржы министрлігі анықтайтын бюджеттік мекемелер қаржыландырудың дара жоспарын жасау кезінде пайдаланатын бюджеттік өкімхаттарда (циркуляцияларда) осы бюджеттік мезгілде өткізіліп жатқан салықтық-бюджеттік саясат шеңберінде ғана.

БЖБ әдісі ұйымдық шаралар мен әр түрлі мекемелер арасында ресурстарды бөлудің қандай ұштастырылуы нәтижеліктің ең жақсы көрсеткіштеріне жетуге ең жоғары дәрежеде жәрдемдесетінін анықтау үшін бюджеттік бағдарламалардың өлшеуге еретін нәтижелерін қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бұл әдісте шығыстардың нормалары пайдаланылуы мүмкін. Сөйтіп, жергілікті буындағы бюджет рәсімі тиімділік өлшеміне негізделуі мүмкін.

Наши рекомендации