Азіргі жағдайда кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттіліктерін қалыптастыру теориялары

Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ

«Менеджмент» мамандығының

2-курс магистранты Смағұлов Самат

Ғылыми жетекшісі: э.ғ.д., профессор К.Б. Бердалиев

Қазіргі нарық жағдайында кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі көбіне-көп олардың экономикалық әлеуетінің жай-күйіне тәуелді. Бәсекеге қабілеттілік бір мезгілде экономикалық әлеует деңгейі артуының тек себебі ғана емес, сонымен қатар салдары да болып есептеледі.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің оның экономикалық әлеуетіне қатысты өзара іс-қимылы баламалы (альтернативті) құн, экономиканың оңтайлы (оптималды) қызметі, бәсекелік артықшылықтар, адам капиталы, экономикалық өзара іс-қимыл, ғылыми-техникалық прогрестің экономикасы теорияларында қарастырылады. Теория мәліметтері кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің оның экономикалық әлеуетіне қатысты өзара іс-қимылының әр түрлі аспектілерін зерттейді. Осындай іс-әрекеттің маңызды аспектісі кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетінің қалыптасуы негізінде қамтамасыз ету болып табылады.

Баламалы құн теориясын жасаушылардың (А. Смит, Д. Рикардо, А. Маршалл, П. Хейне) фундаменталды ережелері кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстардың үйлесімін анықтауға қатысты әдіснамалық (методологиялық) көзқарастарды қамтиды. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің экономикалық әлеуетпен өзара іс-қимылына қатысты осы теорияны қолдану бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерін таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, олардың құны басқа мүмкіндіктерді қолданбаудан туындайтын шығындармен өлшенеді.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі ресурстардың әрқандай типтерінің әр түрлі сандық ара қатынастағы шығындарына тікелей тәуелді. Бұл шығындар баламалы мүмкіндіктер құндылығы ретінде түсіріндіріледі, әрі олар қолда бар ресурстарды пайдаланбау себепті жүзеге асырылмайды. Экономикалық теория тұжырымдамасына сәйкес бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етумен байланысты барлық шығындар баламалы құн болып саналады, яғни біз бас тартуға мәжбүр болған баламалы мүмкіндіктер құндылығы болып есептеледі. Ресурстар шығындары кәсіпорын өзінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде құрбандыққа шалатын мүмкіндіктердің ғана құндылығын бейнелейді.

Баламалы құн теориясы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін ресурстар құндылығын анықтауға мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін қажетті ресурстар саны мен құрылымын анықтау аспектісі әлі де зерттелмей отыр.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін ресурстар саны мен құрылымын анықтау бойынша ғылыми ережелердің дамуы экономиканың оптималды қызметі теориясында орын алған (А.Г. Гранберг, Л.В. Канторович, В.С. Немчинов, В.В. Новожилов, Н.Я. Петраков, Н.П. Федоренко, С.С. Шаталин).

Осы теорияның тұжырымдары контексінде бәсекеге қабілеттіліктің экономикалық әлеуетпен өзара іс-әрекеті экономикадағы ресурстардың заңды түрдегі шектеулігі жағдайында іске асырылады. Теорияның күрделі (фундаменталды) ұғымы кәсіпорын қызметінің объективті шарттарын дәлелдейтін тапшылық ұғымы болып саналады, бұндайда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мүмкіндігі кез келген сәтте шектеулі болады.

Тапшылықты, яки дефицитті ресурс көлемі кәсіпорын қызметінің оңтайландырушылық міндетін шектеуші ретінде алға шығады. Бұл оптималды тұрғыдан тапшылықты ресурс толық пайдаланылады дегенді білдіреді және егер тапшылықты ресурс саны өзгерсе, онда мақсатты функцияның оптималды мәні де өзгереді. Қандай да бір нақты ресурстың (оның ішінде экономикалық әлеуетті қалыптастырушы ресурстардың) тапшылық дәрежесі бәсекеге қабілеттіліктің жоспарланған деңгейі мен кәсіпорын ресурстарының құрылымына тәуелді. Ресурстар құрылымының аса маңызды сипаттамасы олардың өзара бірін-бірі толықтыруы мен өзара бірін-бірі алмастыруының барлығы болып табылады.

Экономиканың оңтайлы қызмет теориясы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мәселесінің тек бір жағын, яғни ресурстардың оңтайлы құрылымын қалыптастыруды ғана қарастырады. Кәсіпорын қызмет ету (оның ішінде экономикалық әлеуметті пайдалану) үдерісіндегі ресурстар құрылымы мен сипаттамасының өзгеріске түсу тетігі (механизмі) әлі де теориялық тұрғыдан негізделмеген.

Бәсекелік артықшылық теориясында кәсіпорын үшін өзінің тікелей бәсекелестері алдында белгілі бір артықшылық жасайтын тауар немесе марка қасиеттері мен сипаттамасын қалыптастыру негізінде сол кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге қажетті ғылыми көзқарастардың негіздемесі бар. Теория авторлары (М.Портер, Ж.Ламбен) төмендегідей сипаттамаларды жатқызады: нақ тауардың өзіне қатысты (базалық қызмет), негізгі тауармен ілесе жүретін қосымша қызметтерге қатысты, кәсіпорын немесе тауарға тән өндіру, өткізу немесе сату түрлеріне қатысты сипаттамалар. Артықшылықты анықтауға қатысты қарастырылып отырған көзқарастарды толық деп айтуға болмайды, себебі бәсекелік артықшылықтар теориясы экономикалық әлеуетті кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің сипаттамасы ретінде де, бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуші фактор ретінде де қарастырмайды. Ал экономикалық әлеуетті дамытпайынша және қалыптастырмайынша нарықта өте жақсы позиция иелену мүмкін емес, бұл бәсекеге қабілеттілік пен экономикалық әлеуеттің өзара тиімді іс-әрекетін орнатуды талап етеді.

Р.А. Фатхутдинов: «Бәсекеге қабілеттілік – нысанының қасиеті, ол осы нарықта ұсынылған тектес (аналогиялық) нысандармен салыстырғандағы нақты қажеттіліктің реалды немесе потенциалды қанағаттандырылу дәрежесімен сипаттады. Ол осы нарықта тектес нысандармен салыстырғанда бәсекеге төзе білу қабілетін анықтайды». [1]

Д.Е. Ивахник: « Өнеркәсіптік кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – бұл анықтаушы бірқатар көрсеткіштер, яғни қаржы-экономикалық, маркетингтік, өндірістік-технологиялық, кадрлық және экологиялық көрсеткіштер бойынша бәсекелестер алдындағы кәсіпорын артықшылығын, сонымен қатар субъектінің дағдарыссыз жұмыс істей білу және сыртқы ортаның өзгеру үстіндегі жағдайларына дер кезінде бейімделе білу қабілетін бейнелейді». [2]

Экономикалық өзара іс-әрекет теориясында (В.Ю.Микрюков, Б.А.Райзберг, Т.Г.Долгопятова) осындай өзара іс-әрекеттің әдіснамалық негіздері мен экономикалық өзара іс-әрекетті жүйелік көзқарас принциптеріне сәйкес ұйымдастырудың әдістемелік ережелері бар. Аталған теория жалпы ғылыми болып саналады. Ол экономикалық нысандардың үлкен көлемді тізіміне қатысты түсіндірушілік, болжалдық және міндеттеушілік қызметтерді атқарады және және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық әлеуетінің ерекшеліктеріне сай бейімделуді талап етеді.

Жоғарыда қарастырылған теориялардың шолуы келесідей тұжырымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл теориялар зерттеушілерді кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетін қалыптастыру негізінде қамтамасыз етудің жекелеген теориялық, әдістемелік және қолданбалы мәселелерінің шешімін табуға арналған ғылыми құралмен қаруландырады.

Қазіргі кезде ғылым бәсекеге қабілеттілік пен экономикалық әлеуеттің өзара іс-әрекеті туралы эмпирикалық білімнің белгілі бір көлеміне ие.

Эмпирикалық зерттеулер кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы қажеттіктер мен экономикалық әлеуетті ұлғайтудағы шектеулі мүмкіндіктер арасындағы қарама-қайшылықты айқындауға мүмкіндік берді. Бұл қарама-қайшылық кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетін қалыптастыру негізінде қамтамасыз етуге қатысты әдістемелік көзқарасты әзірлеу қажеттігін белгілейді.

90-жылдардың ортасынан бастап бәсекеге қабілеттілік ұғымы Қазақстанның әлемдік шаруашылық тұрғысын (позициясын) бағалауда ең бастыларының бірі бола түсті. Импорттық тауарлармен қатаң бәсеке жағдайында кәсіпорындарға «сатып алушы нарығына» сәйкес келетін бәсекелік күресті жүргізу әдістерін игеру қажет болды. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілік деңгейі кәсіпорынның экономикалық жағдайының барометрі, кәсіпорындар дәрменсіздігін бағалаудың бұрыннан барларына қосымша ретіндегі критерийлерінің бірі болуы тиіс еді. Бәсекеге қабілеттілікті басқару мүмкіндігі отандық кәсіпорындардың өмір сүруі мен дамуы үшін аса қажетті болып есептеледі.

Алайда осы мәселеге арналған еңбектердің көптігіне қарамастан, «бәсекеге қабілеттілік» категориясын түсінуде кейбір өзгешеліктер кездеседі. Бәсекеге қабілеттілікті оның әр түрлі деңгейлерінде талдау мен бағалауға қатысты көзқарастардың көп түрлі, анықтамалардың көп нұсқалы болып келуі, салыстырмалылығы орын алған.

Ең алдымен тауарлардың, тауар өндірушілердің, салалардың және елдердің бәсекеге қабілеттілігі бөліп қаралатынын атап өткен жөн. Осы барлық деңгейлер арасында тығыз өзара байланыс бар: елдің және саланың бәсекеге қабілеттілігі қорытындысында нақты өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарлар шығару қабілеттеріне тәуелді. Сөйтіп, бәсекеге қабілеттіліктің барлық қалған деңгейлері негізінде «тауардың бәсекеге қабілеттілігі» жатыр, яғни, бұл категория базалық болып табылады.

Көбіне-көп «тауардың бәсекеге қабілеттілігі» категориясын «кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі» категориясына теңестіреді. Мысалы, И.В. Константинова: «Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі деп оның нақты және потенциалды мүмкіндігін, яғни нақты жағдайда бағалық және бағалық емес сипаттамалары бойынша тұтынушылар үшін бәсекелестердің тауарларына қарағанда неғұрлым өтімдірек тауарларды жобалау, дайындау және өткізу қабілетін түсінген жөн», - деген анықтама береді. [3]

Қорытындылай келе еліміздегі бәсекелестік артықшылықтар – бұл ұйым қызметінің экономикалық, техникалық, ұйымдастыру саласында бәсекелестерден экономикалық көрсет­кіштермен (қосымша пайда, жоғары пайдалылық, нарықтағы үлесі, сату көлемі) өлшеуге болатын артықшылықтың барлық жағынан асып түсуін білдіреді.

Бәсекелестік стратегиясы өндірістік-шаруашылық ұйымның бәсекелік жайғасымын сақтауға не болмаса оны өзгертуге бағытталады. Бәсекеге қабілеттілікті талдау мен бағалау әдістерінде көп жағдайда жекелеген нарықтардың ерекшеліктері ескерілмейді.

Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі фактор – инновациялық даму, жоғары технологияларды пайдалану, экспортқа бағытталған өнімдерді дамыту.

Қазіргі уақытта аймақтық кәсіпорындарда бәсекелестікті талдау мен бағалаудың өте көп және әр түрлі әдістері кеңінен қолданылады. Алайда шетелдік компаниялармен салыстырғанда, отандық кәсіпорындарда осы әдістер өте төмен деңгейде жүзеге асырылады. Біздің ойымызша, бұған осы әдістерді пайдалануға қажетті ақпаратқа қол жеткізудің қиындығы немесе осы ақпараттың шынайы болмауынан керекті ақпараттық базаның, білікті мамандардың аздығы, озық консалтингтік компаниялардың жетекші мамандарын тартуға арналатын қаражаттың жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Сол себепті ең маңызды шешімдердің бірі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ең бастысы отандық және шетелдік нарықта қазақстандық өнім өндірушілердің позициясын күшейту проблемасын шешу қажет. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік қолдаумен қоса отандық кәсіпорындарды басқарудың тиімділігін арттырудың маңызы зор.

Наши рекомендации