Ii-тарау. батыс еуропа, аҚш жӘне ксро
ЕЛДЕРІ (1918-1939 жж.)
Германия
1918 жылғы қараша революциясы қарсаңындағы саяси ахуал.Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Германияның қоғамдықсаяси құрылымын дағдарысқа әкелдi. Германияның соғыс жылдарындағы экономикасы, соғыстың ауыртпалығы еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайын нашарлатып жіберді. Жұмысшылар, соғыстағы солдаттар мен матростар Германия монархиясынан соғысты тоқтатуды талап еттi. Буржуазиялық топтар Германиядағы монархиялық билiкке қарсы күреске шыға отырып, халық күресiн қолдап, монархияны құлатуды талап ете бастады. Германияда революциялық ахуал пiсiп-жетiлдi. Монархияның елдегi саяси билiгi әлсiреп, халықтың алдында беделi түстi. Соғысты бастаған iрi буржуазия мен монархия әскерлерi соғыс майданында бiрiнен соң бiрi жеңiлiске ұшырады. 19151917 жылдағы соғыс майданындағы жағдайдың қиындауы солдаттар мен матростар арасындағы революциялық жағдайды шиеленістіре түсті. Қарапайым халық соғыстан қалжырап шаршады. Елде монархияға қарсы ереуiлдiк қозғалыс кең етек алды. 1916 жылы 240 ереуiл болса, 1917 жылы – 562, 1918 жылы – 773 ереуiлдiк қозғалыс болды. Мұндай қозғалыстар Германияның iрi қалаларын түгел қамтыды.
1917 жылы 25 қазан айында Ресейдің Петроград қаласында большевиктер партиясының қарулы көтерілісі жеңіске жетті. Ресейде социалистiк қоғам құру үшiн большевиктер партиясының көсемі В.И.Лениннiң айтуымен, «социалистiк революция» жүзеге асып, пролетариат диктатурасы, оның формасы жұмысшы және солдаттар депутаттарының кеңесi жеңiске жеттi. Ресейде үкiмет билiгi большевиктер партиясының қолына көштi де, жаңадан Кеңес үкiметi құрылды. Оның алғашқы шаралары: 1917 жылғы 26 қазан айында Бүкiлресейлiк кеңес съезiнде екi құжат - «Бiтiм» туралы және «Жер» туралы декреттер жарияланды. Бұл құжат бойынша Ресей соғыстан шығып, шаруаларға жер бере бастады. Жұмысшылар өз өнеркәсiптерiн қолдарына алып, оның қожайынына айналды. Соғыстан шаршап, қалжыраған солдаттар елге қайта бастады. Кеңес өкiметiнiң бұл жүргiзген шаралары тез арада бүкiл әлемге тарап, Еуропа елдерiнде Кеңестiк Ресейдегiдей билiк орнату мақсатында революциялық күштер жаңа күреске шақырып, елдерiнiң басқарушы топтарына қарсы шықты. Бұл оқиға Германия еңбекшiлерiне қатты әсер еттi.
Революция қарсаңындағы саяси күштердiң қалып-тасуы.Қараша революциясының қарсаңында Герман социал-демократиялық партиясы (СДПГ) және Тәуелсiз социал-демократиялық партиясы (НСДПГ), оның сол қанатында «Спартак» одағы қалыптасты.
Герман социал-демократиялық партиясы - жұмысшы партиясы еңбекшi халықтың қолдауында болды. 1918 жылы мамыр айында СДПГ «Қимыл бағдарламасын» қабылдайды. Партия бағдарламасы Германияда буржуазиялық-демократия жолына түсу және парламенттiк жүйенi орнату, яғни монархияға қарсы күресiп, республика құру талабын алға қойды. Социал-демократияның негiзгi мақсаты - реформа арқылы қоғамдық-саяси өзгерiстер жүргiзу болды.
Германияның тәуелсiз социал-демократиялық партиясы буржуазиялық реформаны қолдай отырып, революциялық жолдан да бас тартпайды. Негiзгi көзқарасы оңшыл центристiк бағыт болды. Партия мүшелерi К.Каутский, Г.Гаазе, Р.Гильфердинг оңшыл центристiк көзқараста бола отырып, большевиктер партиясының пролетариат диктатурасын орнату идеясынан бас тартты да, Германияда демократиялық республика орнатуды көздедi. Каутский: «Германияда пролетариат диктатурасын орнату бiздiң түпкi мақсатымыз емес», - деп мәлiмдеген болатын. Ол - В.И.Лениннiң таптық көзқарасын сынаған адамдардың бірі еді.
Ресейдегi қазан төңкерiсiнен кейiн Германияның саяси дамуында революциялық идея, пролетариат диктатурасын орнату үшiн күрес жүргiзетiн саяси топ - «Спартак» одағы құрылды. Оның басшылары К.Либкнехг және Р.Люксембург болды. Революциялық қозғалыс жылдарында олар жұмысшы табын кеңес өкiметiн орнатуға шақырды. Олардың негiзгi саяси көзқарастары қоғамдық-саяси өзгерiстердi революциялық жолмен iске асыру болатын. Сонымен қатар, В.И.Лениннiң идеясын қолдай отырып, Германияда коммунистiк партия құру үшiн күрес жүргiздi. 1918 жылы қазан айында революциялық топтың конференциясы шақырылып, еңбекшi халықты қарулы көтерiлiске шығуға, сөйтiп буржуазиялық революцияны социалистiк революцияға жалғастыруға үндеу тасталды. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, соғысты тоқтату, кейбiр банктердi национализациялау, жалақыны өсiру т.б. талаптар қою арқылы халықты революцияға шақырды. Бiрақ «Спартак» тобының үгiт-насихат жұмысын еңбекшi халық қолдаған жоқ. Халық революциялық жолды түсiне алмады, ал буржуазиялық-реформалық жол әлдеқайда түсiнiктi еді. Қоғамды реформалық-парламенттiк жолмен өзгертiп, Германияда буржуазиялық республика құру халық түсiнiгіне жақын болатын. Қараша революциясының қарсаңындағы саяси күштер iрi буржуазия мен монархияға қарсы тұратын оппозициялық күшке айналды.
Қараша революциясының басталуы. Революцияның басталуына негiзгi себеп болған оқиға Герман монархындағы соғыстеңiз министрiнiң Киль қаласында тұрған соғыс-теңiз базасының кемелерiне ашық теңiзге шығып соғыс қимылдарын жүргiзу арқылы жеңiске жету туралы бұйрығы болды. Бiрақ та соғыс-теңiз флотының кеме басшылары теңiзге шығудан бас тартып, кемелерде матростар арнаулы революциялық комитеттер құрып, көтерiлiске шығады. Кемелерде қызыл жалаулар көтерiлiп, соғысты тоқтатуды талап ете бастайды. Революцияға шыққан кемелердегi матростарды тұтқындау басталады. Қараша айының 3 күнi Киль қаласының халқы матростарды қолдап ереуiлдi бастайды. Қала халқы тез арада жұмысшы және солдат кеңестерiн құрып, өздерiнiң талаптарының орындалуын сұрайды. Соғысты тоқтату, саяси тұтқындарды босату талаптарын жергiлiктi үкiмет орындауға мәжбүр болады. Германияда революция басталады.
Макс Баденский үкiметi Киль қаласына оңшыл социалдемократ Носкенi жiберiп, революцияны басуға тырысады. Носке келгеннен кейiн Киль қаласында құрылған жұмысшы және матрос кеңестері кеңес өкiметiнiң қызметiне араласып, революцияның Германия жерiне тарап кетпеуiне күш салады, бiрақ бiрнеше күннен кейiн революция Германия мемлекетiнiң барлық қалаларында кең тарап, бүкiлхалықтық революцияға ұласады.
Қараша айының 7-8 күндерi барлық қалалардағы революцияға қатысқан халық үкiметтiң жұмысшы және солдат кеңестерінің қолына берiлуiн, сонымен қатар монархияның билiктен кетуiн, рейхстаг пен ландтагтың таратылуын, армияны демократияландыруды, жаңа үкiмет құруды талап етедi. Елдегi басталған революцияға герман социал-демократтары да қатысып, жаңа үкiметтiң құрамына буржуазияның қатысуын талап ете бастайды. ГСДП (Германия социал-демократ партиясы) елде құрылған кеңес өкiметiнiң атқару комитеттерiне кiре бастайды. Революцияның барысында жұмысшы және солдат кеңестері кеңес өкiметiнiң орнына буржуазияның жеңiске жетiп шығуын қалайды. Қараша айының 8-9 күндерi Берлин қаласында революция жеңiп, жұмысшы және солдат кеңесiндегi ГСДП уәкiлдерi монархияның тақтан бас тартуын және бiрiккен үкiмет құруды талап етедi. Берлин қаласында билiк жұмысшы және солдат кеңесiнiң қолына көшедi. Кеңестiң атқару комитетiне ГСДП және ТСДП (тәуелсiз социал-демократ партиясы) «Спартак одағы» кiредi. Революциялық «Спартак одағының» басшылары Германияда пролетариат диктатурасының орнауын қалап, революция барысында жұмысшы және солдат кеңесi арқылы социалистiк революцияның жеңiп шығуы үшiн күрес жүргiзедi. Кеңес атқару комитетiнде екi ағым қалыптасады. Бiрiншi ағым - революцияны қарулы күрес арқылы жалғастырып, кеңес өкiметiн құру; екiншiсі - социал-демократ партиясының қолдауымен буржуазиялық республика құру.
Қараша айының 9-ы күнi Берлин қаласының көшелерiнде халық демонстрациясы Кайзердiң тақтан кетуiн талап етеді, қалада жұмысшы және солдат кеңес атқару комитетi құрылып, үкiметтiк билiктi қолдарына ала бастайды. Түс қайта Кайзер Вильгельм II өзiнiң тақтан түскенiн жариялап, елдi басқарушы етіп ГСДП-ның басшысы Ф.Эберттi тағайындайды. Қала көтерiлiсшiлердiң қолына толық көшедi. Түрмелерден саяси тұтқындар босатылады. Кайзер Вильгельм II шет елге қашып кетедi. Қараша революциясының бiрiншi талабы орындалып, Германияда монархия құлайды. Үкiметтi өз қолына алған буржуазиялық топтар, революцияның алға қарай кең етек алмауы үшiн Кеңес атқару комитетiндегi революциялық топтарды келiсiмге келуге шақыра бастайды. Ф.Эберт Рейхстагта Германия тәуелсiз республикасы құрылғандығын жариялайды. Бiрiккен революциялық үкiмет құрып, оның құрамына ГСДП және ТСДП, «Спартак одағының» басшысы К.Либкнехт кiредi.
Жаңа үкiмет халық уәкiлдерiнiң кеңесi (СНУ – совет народных уполномо÷енных) деп аталады. Үкiметтiң төрағалары болып ГСДП басшысы Ф.Эберт және ТСДП басшысы Г.Гаазе сайланады. Сөйтiп, Германияда Эберт-Гаазе үкiметi құрылады. үкiметтiк билiк халық уәкiлдерiнiң кеңесiне берiледi. Бұл өкiмет пролетариат диктатурасы болып құрылмайды. Үкiметтiк билiктi буржуазия бейбiт жолмен өз қолына ала бастайды. Бiрақ революция барысында екi өкiметтiк билiктің - бiреуi - революция барысында құрылған жұмысшы және солдат кеңесi, екiншiсi - халық уәкiлдерi кеңесiндегi буржуазиялық топтар - арасында билiк үшiн күрес жалғаса бердi. Халық уәкiлдерiнiң кеңес үкiметiнiң құрылуымен қараша революциясының бiрiншi кезеңi аяқталды.
Кеңес және ұлттық жиналыс үшiн күрес.Революцияның алғашқы кезеңiнен бастап құрылған жұмысшы және солдат кеңесiнiң құрамындағы революциялық топ - «Спартак одағы» өкiметтiң кеңеске берiлуiн талап еттi. Германиядағы революцияны «Спартак одағы», олардың басшысы К. Либкнехт буржуазиялық-демократиялық революция деп бағалады. Сондықтан революция социализм құруды бiрден мақсат еткен жоқ. Социалистiк революцияның жеңiп шығуының Германияда толық алғышарттары болған жоқ. Елде социалистiк революция ұйымдастыратын маркстiк партия болмады, еңбекшi халық социализм идеясынан алыс болды. Сондықтан «Спартак одағы» буржуазиямен бiрлiкке келiп, бейбiт жолмен кеңес өкiметiн құру үшiн күрестi. Жұмысшы және солдат кеңесiнiң құрамындағы солшыл радикалдар мен ТСДП мүшелерi кеңес өкiметi үшiн күрес жүргiзгенiмен қатар, халық уәкiлдерiнiң кеңесi үшiн де күрес жүргiзiп, ГСДП-ымен ынтымақтасып отырды.
«Спартак одағының» болашақ коммунистері Кеңес үшiн үгiтнасихат жүргiзiп жатқанда, немiс буржуазиясы революцияны бәсеңдетiп, бейбiт жолмен өкiметтi халық уәкiлдiлiк кеңесiне алу үшiн күрес жүргiздi. Буржуазияның мүмкiндiгi революциялық топқа қарағанда зор болды. Герман үкiметiнiң мүшелерi буржуазиялық топтардан тұрды. Армия Эберт үкiметiн қолдады. Елде буржуазиялық партиялар құрыла бастады: Германия демократиялық партиясы - басшысы И.Вирт, немiс халық партиясы (ННП) - басшысы Г.Штрезман және Немiс ұлттықхалық партиясы (НННП) - басшысы Востарп. Бұл партиялар үкiметтi қолдап, революцияға қарсы күштерiн бiрiктiре бастады. Эберт-Гаазе үкiметi сыртқы саясатта антисоветтiк үгіт жүргiзiп, АҚШ үкiметiмен ынтымақтасуды жақтады. Контрреволюциялық күштердiң орталығы - Германия армиясының бас штабы негiзгi күшке айналып, Кеңес атқару комитетiне қарсы қарулы күреске шығуға дайындалып жатты.
Кеңес және Ұлттық жиналыс үшiн күресте контрреволюциялық күштер басым түсе бастады. Буржуазия Ұлттық жиналыс шақыру үшiн күресiп жатты. Ал бұл кезде Кеңес съезiн шақыру келiсiлiп қойылған болатын.
16-21 желтоқсанда Берлин қаласында Кеңестiң I съезi шақырылды. Съезд жұмысының барысында үкiмет және заң шығару билiгiн Халық уәкiлдiлiк кеңесiне беруге шақырды. Кеңес съезiне қатысқан депутаттардың талас туғызған мәселесi кеңес және Ұлттық жиналыс туралы болды. Үкiметтiк билiк кiмге берiлуi керек? Бұл мәселеде буржуазия жеңiске жетiп, Ұлттық құрылтай жиналысының сайлауын өткiзу туралы шешiм қабылданды. Сөйтiп, Ұлттық жиналыс арқылы буржуазия жеңiске жетiп, революциялық «Спартак одағы» кеңес үшiн күресте жеңiлiс таба бастады. Қараша революциясының екiншi кезеңi аяқталды.
1919 жылғы революциялық өрлеу.«Спартак одағы» Кеңестiң I съезiнде жеңiлiс тапқаннан кейiн, революцияның сабақтарын ескере отырып, маркстiк партия құру керек екенiн түсiне бастады. 1918 жылдың соңында желтоқсан айының 30-ы күнi партия конференциясында Германия коммунистiк партиясының құрылғандығы жарияланды. Конференция жұмысында Р.Люксембург партияның бағдарламасы туралы сөз сөйлеп, ГКП-ның негiзгi мақсаты - социалистiк революция арқылы пролетариат диктатурасын орнату екендігін айтты. Конференцияда сөз сөйлеген К.Либкнехт партияның Ұлттық жиналысқа көзқарасы туралы айтып, Ұлттық жиналыс сайлауына бойкот (бас тарту) жариялады.
Коммунистiк партия конференциясында қабылданған шешiмдер сол кездегі тактикалық қателiктерге апарды. Бұқара халық үшiн күресте өздерiнен өздерi оқшауланды. Кейiннен В.И.Ленин бұл қателiктердi «солшылдардың балалық ауруы» деп бағалады. Германия коммунистiк партиясы Еуропа елдерiндегi тұңғыш маркстiк партия болды. Ол таптық мүддеге бағытталып құрылып, марксизм-ленинизм iлiмiн жақтап немiс пролетариаты арасында кең түрде үгiт-насихат жұмысын жүргiздi.
1919 жылдың басында Германияда революциялық толқулар күшейе бастады. ГКП халықты қарулы көтерiлiске шақырып, үгiт-насихат жұмысын белсендi түрде жүргiздi. Буржуазия революциялық қозғалыстан сескенiп, жұмысшы табына қарсы күреске шығуға дайындалды. Кеңес съезiнде жеңiлiс тапқан революциялық топтар билiктi қарудың күшiмен алуға шықты. Халық көтерiлiсiнiң басталуына Берлин қаласының полиция бастығы Э. Эйхгорнның жұмыстан босатылуы себеп болды. Берлин жұмысшы табы және солшыл саяси күштер ТСДП және ГКП үкiметке қарсы саяси талаптар қойып, ереуiлге шақырды.
Эйхгорнның қайта жұмысқа алынуын талап еттi, контрреволюцияға қарсы қайтадан қарулы көтерiлiске шақырды. Қаңтар айының 5-і күнi Берлин қаласында 100 мың адам демонстрацияға шықты. Олар Эберттiң үкiметтен кетуi, Халық уәкiлдер кеңесiн тарату туралы саяси талаптар қойды. Революцияны басқару үшiн ТСДП басшылығымен қимыл комитетi құрылды. Тәуелсiз социал-демократ партия басшысы үкiметпен келiсiмге келiп, халық қозғалысын басуға шақырып отырды. ГКП-ның мүшелерi де бұл көзқарасты қолдады. Сөйтiп, қаңтар айындағы ереуiл бiртiндеп жеңiлiс таба бастады. Революциялық өрлеуді Германияның Брауншвейг, Гамбург, Галле, Бремен қалаларындағы жұмысшы тобы да қолдады. Берлин қаласындағы ереуiлдi басу үшiн қаңтардың 12-і күнi Германия әскер басшысы Носкенiң басқаруымен ерiктiлер әскерлерi келiп, ереуiлге қатысушылар мен үкiмет әскерлерiнiң арасындағы соғыс қимылдары бiрнеше күнге созылды. 1919 жылы қаңтардың 15-і күнi контрреволюцияшылдардың қолынан Роза Люксембург пен Карл Либкнехт қаза тапты. Революция жеңiлiс тауып, қараша революциясы барысында құрылған кеңес атқару комитеттер таратылды. 1919 жылы революция жалғасын тауып, сәуiр айында Бавария Кеңес Республикасы құрылды. Бiрақ та қолдарында күштерi бар контрреволюция, оны қолдаған ТСДП-ның басшылары мамыр айында жеңiске жетiп, Германиядағы тұңғыш Бавария кеңес өкiметi құлады. Қараша революциясының үшiншi кезеңi 1919 жылғы 19 қаңтардағы ұлттық жиналыс сайлауының өтуiмен, революциялық күштердiң жеңiлiс табуымен аяқталды.
Германиядағы қараша революциясының мәнi туралы Кеңес тарихнамасында социалистiк революция болды деген көзқарас болып келдi. Оның себебi - 1918 жылы қаңтардың 9-ы күнi К.Либкнехт Берлин жұмысшы табының алдында сөз сөйлеп, «Социалистiк революция жасасын» деп ұран тастаған болатын. Екiншi себебі - революция барысында құрылған кеңес өкiметi болды. Бiрақ социалистiк революцияның негiзгi мақсатының шешілуiне елде жағдай жоқ болатын. Революцияға жұмысшы тобының одақтасы - шаруалар қатысқан жоқ, жер мәселесi буржуазия мүддесiне сәйкес шешiлдi. Германияда монархия құлатылып, буржуазиялық республика құрылды. 1918-1919 жылдардағы қараша революциясы мәнi жағынан буржуазиялықдемократиялық революция болды. Қараша революциясын төрт кезеңге бөлуге болады. Бiрiншi кезеңi - қараша айының 10 күнi Халықтық кеңес үкiметiнiң құрылуы; екiншi кезеңi – қарашаның 10-нан желтоқсан айының 16-ы аралығындағы Кеңестiң 1 съезiнiң шақырылған күнiне дейiн; үшiншi кезеңi – желтоқсанның 16-нан 1919 жылдың қаңтар айының 19-ы аралығындағы Ұлттық жиналыстың сайлауына дейiн; төртiншi кезеңi 1919 жылдың ақпан айында Веймар буржуазиялық Республикасының құрылуымен аяқталды. Германия тарихында буржуазиялық республиканың құрылуының маңызы зор болды. Германияның қоғамдық-саяси дамуы демократиялық даму жолына түстi.
Веймар Республикасының құрылуы және оның Конституциясы.1919 жылы қаңтар айының 19-ы күнi Германияда Ұлттық жиналысқа сайлау өттi. Сайлауда 54,5% дауыспен буржуазиялық партиялар жеңiске жетiп, Ұлттық жиналысқа (парламент) буржуазиялық депутаттар сайланды. Сайлаудан кейiн ақпан айының 6-ы күнi Веймар қаласында Ұлттық жиналыстың сессиясы өз жұмысын бастады. Елдiң Веймар Республикасы болып аталуы Веймар қаласының атымен байланысты болды. Ұлттық жиналыстың шақырылуы елдегi саяси тұрақсыздықпен сәйкес келдi. Ол 1919 жылғы қаңтар айында басталған революцияға жалғасты, буржуазия үкiметтi өз қолына алғанымен, Германия бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста жеңiлгендiгiн мойындады. Саяси қиындыққа қарамастан, Ұлттық жиналыс депутаттары Германияның жаңа үкiметiн құруға, алдағы үкiметтiң мiндеттерiн анықтауға кiрiстi. Ұлттық жиналыстың қолдауымен Ф.Шейдеман бастаған үкiмет құрылды. Үкiметтiң құрамына ГСДП, Центр және Герман демократиялық партияларынан өкілдер кiрдi. Веймар Республикасының президентi болып Ф.Эберт сайланды.
Халық жиналысында Конституцияның жобасын қабылдау мәселесi өте тартысты жүрдi. Үкiметтiң әлеуметтiк бағдарламасы да қызу тартыста өттi. Елдегi саяси күштердiң ара салмағын ескере отырып, Ұлттық жиналыс шiлде айының 31-ы күнi Веймар Республикасы Конституциясының жобасын бекiттi.
1919 жылы тамыз айының 4-і күнi Конституция өз күшiне ендi.
Веймар Конституциясы Германияны республика деп
жариялады. Халық – өкiметтiк билiктiң негiзгi тiрегi болды. Сонымен қатар еңбек етуге, адам құқықтарын қорғауға, бiлiм алуға Конституция кепiлдiк бердi. 20 жасқа толған азаматтарға жалпыға бiрдей сайлау құқығы берілді және референдум (жалпыхалықтық сұрау) өткiзуге рұқсат етiлдi. Конституция бойынша Германияның заң шығарушы парламентi – Рейхстаг. Жергiлiктi немiс жерiнде заң шығарушы парламент – ландтаг болды. Ландтаг депутаттарының сайлауымен Германия парламентiнiң жоғарғы палатасы Рейхсрат болды. Рейхсратқа 68 депутат сайланды. Германия парламентi Конституция бойынша екi палатадан тұрды. Рейхстаг – жалпыға бiрдей сайлау арқылы; жоғарғы палата Рейхсрат – жергiлiктi немiс жерiнiң парламент депутаттарынан құрылды. Рейхсрат рейхстаг жұмысын тежеуге және шыққан заңдарды бекiтуге құқылы. Рейхсрат – бақылаушы орган және вето қоюға құқылы болды.
Конституция бойынша атқарушы билiк президенттiң қолында болды. Президент өкiмет басшысын (канцлер) және министрлердi тағайындады. Президент елдің жоғарғы әскери қолбасшысы болды. Президент конституцияның 48-бабына сәйкес, елде төтенше жағдай жариялауға, парламенттi (рейхстаг) таратуға және Конституцияның баптарына өзгерiстер енгiзуге құқылы болды. Президент жалпыхалықтық сайлау арқылы 7 жылға сайланды. Веймар Республикасының Конституциясы президентке жеке билiк жүргiзуге мүмкiндiк жасады. Веймар Конституциясы буржуазиялық демократияның қалыптасып, дамуына жол ашты.
1919 жылы наурыз айында Ұлттық жиналыс экономикалықәлеуметтiк бағдарламаны бекiттi. Бұл бағдарлама бойынша жеке меншiктiң барлық түрiне кеңшiлiк жасалды. Өндiрiстi басқару және реттеу мемлекеттiң құзырында болды. Көмiр өндiрiсiн де жеке меншiктi сақтай отырып мемлекеттiк реттеуге бердi. Көмiр өндiрiсiн басқару үшiн «Империялық көмiр кеңесi» деп аталған мемлекеттiк мекеме құрылды. 1919 жылы сәуiр айында ұлттық жиналыс өндiрiстi басқаруда фабрика-завод комитеттерiн құрды. Бұған жұмысшылар кең қамтылды. Өндiрiстiк кеңес ең жоғарғы басқару құқына ие болды. Әлеуметтiк бағдарлама мемлекеттiк реттеудiң жаңа үлгiсi - мемлекеттiк-монополиялық капитализмнiң негiзгi механизмi болса, фабрика-завод комитетi өндiрiстегi еңбек ынтымақтастығын қалыптастырудағы басқару жүйесi болды. Ұлттық жиналыс арқылы буржуазия реформаны кең түрде жүргiзе алды. Әлеуметтiк реформа қараша революциясынан кейiнгi еңбекшi халықтың жеңiсi бола алды.
1920-1923 жылдардағы саяси дағдарыс және Рур оқиғасы.1919 жылғы қаңтарда өз жұмысын бастаған Париж конференциясы Германияда саяси дағдарыстың күшеюiне әкелдi. Версаль бiтiмi жеңген елдердiң Германиямен арадағы келiсiмi немiс халқы үшiн ең ауыр сын болды. Германия келiсiм барысында өзiнiң отарларынан айрылды, олардың қатарында Эльзас және Лотариния көмiр бассейндері де бар. Германия жеңген елдерге 132 млрд алтын марка репарациялық төлем төлеу керек болды. Версаль бiтiмi Германияда немiс халқының ұлттық намысына қатты соққы болып, Германияның саяси дамуы барысында пайда болған ұлтшылдық бағыттағы саяси ұйымдар халықты кек алуға шақыра бастады. Оңшыл саяси топтар мен консерватормилитаристiк күштер бiрiгiп үкiметке қарсы күреске, Версаль бiтiмiне қол қойған адамдарды жазалауға шақырды. Арандатушы-милитаристiк күштер фашистiк топтар құруға кiрiстi. Алғашқыда халық арасында оларды қолдаушылар аз болды. Фашизмнiң әлеуметтiк негiзi - люмпендер, соғыстан қайтқан солдаттар, жұмыссыздар, жастар және орта топқа жататындар, қоғамнан әлi де болса өз орындарын таппаған адамдар. Үкiметке қарсы реванш – ұлттық әскери ұйымдар құрылды. Бұл ұйымдардың негiзгi қызметi террор, кек алу еді. Олардың алғашқы құрбаны 1918 жылғы қараша айында Компьен орманындағы келісімге қол қойған Центр партиясының басшысы М. Эрнбергер, 1922 жылы Рапалло келiсiмiне қол қойған Сыртқы iстер министрi В Ратенау болды. 1919 жылы Мюнхен қаласында «сыра бүлiгiн» бастаған А.Гитлер алғашқы фашистiк ұйымдарды құруға қатысып, фашизм бiртiндеп нацистiк (ұлтшылдық) идеологияға айнала бастады. Елдегi саяси дағдарыстың күшейiп тұрған кезiнде, 1920 жылы тұңғыш парламент сайлауы өттi. Жаңа үкiмет кабинетi құрылды. Канцлер болып Ференбах тағайындалды. Бiрақ елдегi саяси дағдарыс үкiметтiң жиi алмасуына әкелдi. 1921 жылы мамырда канцлер Ференбах репарация төлеуден бас тартып, отставкаға кетуге мәжбүр болды. 1922 жылы Центр партиясының басшысы И.Вирт үкiмет құрды, бiрақ үкiметтiк дағдарыс И.Виртты отставкаға кетуге мәжбүр еттi. 1922-1923 жылдары жаңа үкiметтi Куно құрды. Жаңа үкiметтiң репарациялық төлемнен бас тартуы 1923 жылы Франция-Бельгия армиясының Рур көмiр бассейнiн басып алуға алып келдi.
1923 жылы қаңтардың 11-і күнi Франция мен Бельгия әскерлерi Рейн-Рур облысын басып алды. Ол Батыс Германиядағы ең iрi өндiрiс орталығы болатын. Көмiрдiң 70%, болат және шойынның 50%-ы Франция мен Бельгияның қолына көштi. Олардың Рур облысын басып алуы немiстердiң ашуызасын келтiрiп, елде саяси дағдарыстың тереңдеуiне әкелдi. ГКП-сы халықты революцияға шақырып, бiртұтас жұмысшы майданын құру арқылы буржуазиялық үкiметке қарсы күреске шақырды. Немiс буржуазиясы халықты отан қорғауға, «Отанға қауiп төндi» деген ұрандармен ұлттық бiрiгуге бастады. Куно бастаған үкiмет халықты жаулап алған жердi қайтарып алуға шақырды. ГСДП және кәсiподақ ұйымы үкiметтiң саясатын қолдап, жұмысшы тобы бiрлiгiне шақырып, ұлттың санасын оятып, елдi жаудан қорғауға үгiт-насихат жұмысын белсендi түрде жүргiздi. Рур оқиғасы Германияның экономиялық дамуына керi әсер еттi, өндiрiс өндiру көлемi азайды, инфляция дамып, жалақы төмендедi. Елдiң қаржы-ақша құрылысы алтын қорының азаюына әкелдi. Үкiмет екiншi жағынан бұл саясатқа сылбыр келiсiп, өзiндiк саясат жүргiздi.
Елдегі экономикалық дағдарыс еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуiне әкелдi. 1923 жылы жаз айында Рур облысында көмiр, тау-кен жұмысшылары ереуiлге шықты. Ереуiлге шыққан жұмысшылардың саны 400 мың адамға жеттi. Шiлде айында Берлин қаласында, Силезияда 250 мың адам қатысқан ереуiлдер болды.
Куно үкiметтi, елдi басқара алмай, елде жалпы германдық қозғалыс кең етек алып, 2 млн адам қатысқан ереуiлдiң нәтижесiнде Куно үкiметi отставкаға кеттi. 1923 жылы тамыз айының 13 күнi Немiс халық партиясы (ННП) басшысы Штреземан «үлкен бiрлiк» үкiметiн құрды. Үкiметтiң құрамына ГСДП мүшелерi де кiрдi. Штреземан елдегi жағдайды тұрақтандыру мақсатында экономикалық заңдар қабылдап, елдiң бюджетiн тұрақтандыру үшiн салықты көбейту, жаңадан алтын марка шығару сияқты шараларды жүргiздi. Бұл жүргiзiлген шаралар елдегi дағдарысты тоқтата алған жоқ, қазан айының 13і күнi рейхстаг Штреземан үкiметiне төтенше жағдай жариялауға келiсiм бердi. Елде қараша революциясынан кейiнгi революциялық ахуал кең етек алды. Елде әскери диктатура жеке билiктi өз қолына алып, революцияға қарсы қарулы күшпен Саксония, Тюрингиядағы ереуiлдi басты. ГКП-ына тыйым салды, ГСДПүкiметпен ынтымақтан бас тартып, құрамынан шығып, ГСДПоппозицияға айналды. Фашизм бүлiгi күшейдi. Фашизм елде кең етек ала бастады. Фашисттiк бүлiктi басып, демократияға жол ашылды. 1923 жылы қарашада Штреземан үкiметi отставкаға кетiп, оның орнына буржуазиялық В. Маркс үкiметi құрылды. 1922-1923 жылдардағы революциялық қозғалыс жеңiлiс тауып, контрреволюция жеңiске жеттi. Сөйтiп 1918-1923 жылдар аралығында Германияда саяси оқиғалар буржуазиялық-демократиялық қоғамға көшуге жол ашып, буржуазия бейбiт өмiрге көшiп, капитализм тұрақтану дәуiрiне өттi.
Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезеңiндегi Германия (1924-1929 жж). 1924 жылы дүниежүзiлiк капитализм саяси дағдарыстан шығып, тұрақтану кезеңiне аяқ басты. Капитализмнiң тұрақтануының негiзгi себептерi неде? Бiрiншiден, 19181923 жылдардағы революциялық қозғалыстың барысында буржуазия реформалық көзқарастарын iс жүзiне асырып жеңiске жетуi; екiншiден, революцияға белсендi қатысқан пролетариат тәжiрибесiнiң аздығы, В. И. Лениннiң сөзiмен айтқанда, маркстiк партиялардың жұмысшы табын дүниежүзiлiк революцияға бастай алмауы. Осының нәтижесінде дүниежүзiлiк жұмысшы қозғалысы жеңiлiс тапты; үшiншiден, революциялық толқудың бәсеңдеуi. Сол кездегi социал-демократтардың буржуазиялық реформа саясаты капитализм қоғамының бейбiт жолмен қайта құрылуына әкелдi.
Капитализм жеке меншiктi сақтай отырып, мемлекеттiк-монополиялық капитализмнiң жаңа жолымен, яғни көптеген елдерге экономиканы мемлекет арқылы реттеу жолымен экономикалық дамуға көше бастады. Бұған мысал ретінде Германия мен Ұлыбританияны алуға болады. Капиталистiк өндiрiстiң өнiм шығаруының өсуi сауданың дамуына әкелдi. Өндiрiстiң құрылымы өзгеріп, жаңа технологиялар енгiзiліп, өндiрiстiң жаңа салалары (автомобиль, электротехника, химия, синтетика) дамыды. Социал-демократиялық қозғалыстағы реформизм таптық ынтымаққа әкелдi. Капитализм өзiнiң тұрақтану кезеңi - жаңа қоғамдық өзгерiс кезеңiнде дүниежүзiндегi тұңғыш социализм елi КСРО-ға қарсы тұруымен ерекшелендi. Дүниежүзiлiк екi қоғамдық жүйе - капитализм мен социализм арасындағы таптық күрес барысында капитализм тұрақтану кезеңiн бастан кешiрдi.
Капитализмнiң тұрақтануы Веймар Республикасының экономикалық дамуының барлық саласын қамтыды. Экономиканың тұрақтануына әсер еткен жағдай - Маркс үкiметiнiң төтенше жағдайда жүргізілген қаржы-экономикалық шаралары. Олар әлеуметтiк топқа бөлiнген мемлекеттiк бюджеттi қысқарту, жұмыссыздыққа бөлiнген қаржыдан бас тартты. Жұмысшы ереуiлiне тыйым салды, кәсiпкерлерге кең жол ашты. Салықтың мөлшерi өстi. Федералдық бюджет салық арқылы толықтырылды. Капитализмнiң тұрақтану жылдарында репарациялық төлем төлеу реттеле бастады. «Дауэс» жоспары АҚШ-тың көмегiмен Германияның төлемiн жеңiлдеттi. Репарациялық төлемдi төлеу үшiн тұтыну тауарларына салық өстi, темiр жол және өндiрiс орындарынан түскен таза табыстан мемлекеттiк бюджетке қаржы бөлiп отырды. АҚШ үкiметi Германияға 16 млрд марка мөлшерiнде жеңiлдетiлген, ұзақ және қысқа мерзiмді заемдар бөлдi.
1924-1929 жылдардағы экономиканың дамуы айтарлықтай тұрақты бола алған жоқ. Бiрақ 1926 жылдан бастап өнеркәсiп өнiмдерi көптеп шығарыла бастады. Ол 1929 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 117%-ға өстi. Германияның әлемдегi үлесi 1923 жылы 8% болса, 1929 жылы 12%-ға артты. Көмiр өндiру, химия және газ, электротехника саласы жедел қарқынмен дамыды. Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезеңiнде Германия экономикасының дамуына әсер еткен iшкi жағдайлар: 1) өндiрiстiң соғыстан кейiнгi шоғырлануы, құрылымының өзгеруi, өндiрiсте ғылыми-техникалық үрдiстiң кең етек алуы, өнертапқыштық және өндiрiлген өндiрiс тауарларының бәсекелiк сапасының артуы; 2) өндiрiсте электр энергиясын кең қолдану, өндiргiш күшiнiң артуына, өндiрiсте конвейерлiк жүйенiң енгiзiлуi. Темiржол саласы электр қуатымен жабдықталды. Электр саласында екi немiс монополиясы үстем болды. Жалпыгермандық электр компаниясы мен Сименс-Гольск фирмасы; 3) Банк жүйесiнiң шоғырлануы. Германия капиталының 63%-ы банк бақылауында болды. Шет елде 50-ге жуық немiс банктерiнiң бөлiмшелерi жұмыс iстедi. 1913 жылмен салыстырғанда Германияда капитал қоры 4,5 млрд маркадан 23 млрд маркаға өстi; 4) Германия экономикасының ерекшелiгi - мемлекеттiк меншiк үлесiнiң көп болуы. Мемлекеттiк өндiрiс орындарында 2 млн адам жұмыс iстедi, бұл барлық жұмысшылардың 11%-ы болды. Жеке өнеркәсiп салалары бойынша мемлекеттiк кәсiпкерлердiң үлес салмағы төмендегiдей болды: көмiр өндiрiсiнде 20%, алюминий өндiрiсiнде 70%, газ саласында 84%, электроэнергияның 57%-ын мемлекеттiк меншiк өндiрiсi қамтамасыз етiп отырды. Мемлекеттiк меншiк өндiрiстiң негiзгi құрамдас бөлiгi болды; 5) Капитализмнiң тұрақтану кезiнде ұлттық өнеркәсiптiң дамуы үшiн жеке өндiрiс иелерiне және мемлекеттiк өнеркәсiпке дотация, займ берілді және шет елге шығаратын тауарларды мемлекет кепiлдiкке алып отырды. Банк несиелерін де мемлекет қорғап отырды. Осы шараларды жүргiзiп және бақылап отыратын “Германия өндiрiс одағы” атты комитет құрылды. Бұл комитетке мемлекеттiк және жекеменшiк өнеркәсiп басшылары кiрдi. Мысалы: К. Ф. Сименс, Дуисберг және Тиссен. Жыл сайын комитет мемлекеттiк бюджеттен 1,5-1,7 млрд марка көмек алып отырды. 6) 1926-1929 жылдары Германияда iрi картель, концерндер құрылып, өндiрiстiң шоғырлануын арттырды. 1925 жылы Еуропадағы ең iрi химия концернi «ИБ Фарбениндустри» құрылды. Олар сол кезде азоттың 80%, жанармайдың (бензин) 100%-ы өндiрілдi. Монополиялық гигант «Болат трестiң» 300 өнеркәсiп орынында
200 мың адам жұмыс iстедi. Болат пен темiр өндiрiсiнiң 40%, шойын өндiрудiң 43%-ы өз меншiгiнде болды. Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезiнде еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайы төмен болды. 1924-1929 жылдары бiр апталық жалақы 26,40 маркадан, 42,90 маркаға өстi. Жұмысшылар апта бойына 48 сағат жұмыс iстедi. Жұмыссыздық тұрақтану жылдарында 2 есе өсiп, барлығы 3 млн адамға жеттi.
Германия үкiметiнiң сыртқы саясаты.Германияның экономикалық-саяси тұрақтануы елде iрi буржуазияның империалистiк бағыттағы сыртқы саясаттың қалыптасуына әкелдi. 1924 жылғы желтоқсан айындағы рейхстаг сайлауында iрi буржуазия партиялары жеңiске жеттi. Германияның канцлерi Лютер үкiмет құрды. Үкiметтiң құрамында iрi буржуазия болды. ГСДП-сы бұрынғыша оппозицияда қалды. 1925 жылы елдiң президентi Эберт өлiп, оның орнына реакциялық топтан кайзер генералы, монархияны жақтаушы Гинденбург сайланды. Германия үкiметiнiң сыртқы саясаты Версаль бiтiмiн жою үшiн күреске шығып, қайта бөлу бағытында жүргiзілдi. Лютер үкiметi елдегi фашизмге арқа сүйеп, ұлтшылдық саясатты жалғастырды. Фашизм ұйымдасқан түрде саяси күшке айналып, 1925 жылы А.Гитлер Ұлттық социалист немiс жұмысшы партиясын (НСДАП – немiс сөзiнен қысқартылған) құрды.
Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезiнде Германияның сыртқы саясаты нығайып, АҚШ үкiметiнiң қамқорлығына бөлене бастады. 1924 жылы Лондон конференциясында «Дауэс жоспары» Германияның репарациялық төлеуiн жеңiлдетiп, iшкi экономиканың тұрақтануына әкелдi. 1925 жылы Локарно конференциясында Франция, Бельгия және Ұлыбритания Германияның батыс шекарасының қауiпсiздiгiне кепiлдiк бердi. Сөйтiп, Германияның империалистiк топтары шығыс саясатын еркiн жүргiзуге мүмкiндiк алды да, 1926 жылы Ұлттар лигасына толық мүшесi болып қабылданды. Империалистiк елдердiң қолдауымен 1927 жылдан бастап Германияға қойылған әскери шектеу алынып тасталды. Германия өзiнiң армиясын көбейтуге және қаруландыруға қол жеткiздi және Рур облысынан Франция мен Бельгия әскерлерiн шығаруға келiстi. Версаль бiтiмiндегi әскери шектеу тежеле бастады.
Германияның сыртқы iстер министрi Штреземан «Рапалло келiсiмiн» пайдалана отырып, КСРО елiмен достық қатынасты дамыта түстi. Сөйтiп Батыс пен Шығыс елдері арасында екi жақты саясат жүргiздi. Кеңестiк Ресеймен сауда-экономикалық қатынастың дамуын Германиядағы демократиялық күштер ГКП-сы мен жұмысшы табы қолдап отырды. Германия империалистiк елдер арасында бiрiншi болып Кеңестiк Ресеймен достық қатынас орнатқан ел болды. Рапалло келiсiмiнен кейiн 1925 жылы Герман-Кеңес сауда келiсiмiне қол қойылса, 1926 жылы екi ел арасында бейтараптық келiсiмге қол қойылды. Штреземан жүргiзген екi жақты саясат Германияның экономика-сауда қатынасының дамуына, Еуропадағы бейбiтшiлiкті сақтауға мүмкiндiк жасады.