Дені сау болған керемет !

Жоспар:

І Кіріспе

Денсаулық – басты байлық

ІІ Негізгі бөлім

1.Денсаулықтық жаулары

2. «Ұяда не көрсең»

ІІІ Қорытынды

Дені сау болу өз қолымызда

«Бірінші байлық - денсаулық» демекші, әр адам өз денсаулығын күтіп ұстауы қажет.Кейбір адамдар әр түрлі жолмен ақша табу үшін өз денсаулығын жоғалтып алуда.Егер деніміз сау болмаса, байлықтан, басқа қызықтан не пайда?! Дүниеде ешбір нәрсе де денсаулықтың теңі бола бермейді. Сол себепті денсаулығымызға залалын тигізетін кейбір нәрселер жайлы білгеніміз жөн. Солардың бастылары ретінде денсаулықты құртатын,адамды көп жағдайда өлімге де жетелейтін, барлық ауруға жол ашатын, көп қылмыстардың жасалуына себеп болатын: арақ ішу, темекі тарту, нашақорлықты айтуға болады. Осылардың қай-қайсысы да жас балаға да, үлкен адамға да өте зиян алып келеді. Әсіресе, нашақорлық - ғасыр індеті. Кейбір адам өмірінде кездескен қиыншылыққа шыдамай, есірткі қолданады да, оның шырмауынан құтыла алмай қалады. Естуімше, нашаның дәмін бір рет татып көрген адам оған мәңгілік тәуелді болып қалады екен. Сол себепті есірткіні мүлдем қолданбау керектігін әрбіріміз айқын білгеніміз жөн. Ал кейбір жастарымыз темекі шегуді сән көреді екен. Біз бұл өмірге темекі тартып, ішімдік ішу үшін келген жоқпыз ғой. Содан соң қымбат тұратын осы заттарды алу үшін ата-анасы мен үлкендерге, мектептегі достары мен мұғалімдеріне өтірік айта бастайды, тіпті кейде ұрлыққа да баруы мүмкін. «Жамандық жамандыққа жетелейді» -деген сөз бар. Бір рет басталған нашақорлықтан арылу үшін анаңның , туған-туысқандарыңның көз жасы да тоқтата алмайды. Түрлі сериалдар мен кинолардан көріп жүргеніміздей, нашақорлыққа бір рет үйір болған адамның өмірі де астан-кестен болады. Отбасының берекесі қашып, балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермек түгілі, олардың да теріс жолға түсуіне зардабын тигізеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, әрбір адам келешегін ойлауы керек. Өз басын ғана ойламай, қасындағыларға қалай әсер ететінін де біліп жүргені дұрыс. Егер біздің қасымызда нашақор адам жүрсе, бізге де тыныш, жайлы өмір жоқ. Ендеше, осы бір індетпен күресуіміз керек. Меніңше, деніміз сау болып өмір сүргеннен артық ештеңе жоқ. Ал енді денсаулығымыз мықты болу үшін не керек? Ең алдымен, күн тәртібін құрып, сол тәртіпке өз-өзімізді бағындыра білуіміз керек. Сондай-ақ ең керегі – спорт пен өнерді жанымызға серік ету. Білім ала жүріп, жаман әдеттерден жирене білуді айқын білген жан ешқашан да өз-өзіне жамандық жасамайды. Болашағын ойлаған адам бала кезден өзін тек жақсы әдеттермен дос болуға қалыптастырады. Сондықтан біз де зиянды әдеттерден арылып, ертеңгі күні өмірімізге үлкен соққы боларын бүгінгі күннен ойлауымыз қажет.

Қорыта келгенде, денсаулығымыздың мықты болуын ойласақ, уақытында пайдалы тамақ ішіп, спортпен айналысып, денемізді шынықтырып, уақытында дене еңбегі мен ой еңбегін алмастырып отырсақ екен. Адам баласына ең басты байлық деп берілген денінің саулығы өзінің қолында екенін естен шығармағанымыз жөн. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі»- деген нақыл сөз бәрімізді ойландыруы керек. Ешкім де темекі тартпаса, есірткі пайдаланбаса, дүниеге келер балалардың дені сау болып, ешбір адамның денсаулығына зиян келмес еді. Деніміз сау болса, ешқандай ауруға шалдықпай, өмірімізді қызықты өткізер едік. Сонда өміріміз мәндіде мағыналы болар еді. Шынында да, дені сау болғанның қандай керемет екенін біле жүрейік!Денің сау болса, өмір де қызық, айналамыз да құлпырып, өзіміздің пайдамызды қоғамымызға тигізіп, отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп, ата-анамыз бен жақындарымызды қуанышқа бөлеп, бақытты өмір сүрер едік! Адамға бір-ақ рет берілетін өмірде бақытты болғанға не жетсін! Өз-өзімізге қатаң талап қойып, сол талабымызға жете білсек, соның өзі де бақыт емес пе?! Бақытты болғымыз келсе, деніміздің сау болуы өз қолымызда екенін ешқашан естен шығармасақ екен!

Дені сау болған керемет!

Жоспар:

І Кіріспе

Жан мен тәннің амандығы

ІІ Негізгі бөлім

1. «Дені саудың жаны сау»

2. Ел дамуының басты арқауы

ІІІ Қорытынды

Өмірім мәнді өтсін десең...

Денің сау, ғұмыр жасың болар ұзақ,

Ауруға төрт нәрсемен құрсақ тұзақ.

Жылы сөз, жеңіл тамақ, жылы әуен,

Күлкідей бола алмайды бәрі бірақ.

Денсаулық дегеніміз – адамның жаны мен тәнінің амандығы. «Денсаулық – зор байлық» деп атамыз қазақ бекер айтпаған болар. Әр адамның өмірінде денсаулықтың орны бөлек. Сондықтан денсаулығымызға көңіл бөліп, дұрыс жүріп-тұрғанымыз, түрлі жаман әдеттер мен дерттерден сақтанғанымыз жөн. Деніміз сау болмаса, қалған өміріңде аурулы жаныңды күйттеп, қайтсем мынадан аман қаламын деп қалтырап өмір кешкеннен не пайда?! Осыдан-ақ біз деннің сау, аман болуымыздың өзі ең бірінші байлық екенін аңғарамыз.

Дені сау болған керемет емес пе? Атақты Шопенгауердің «Дені сау кедей – ауру корольден бақытты»,- деген қанатты сөзі өте орынды айтылған. Шынында да, кейбір адам осындай сөздердің байыбына бара бермейді. Өмірден естіп те, кездестіріп те жүрміз: көп адам байлық пен дүние жинауға ұмтылып, бәрінен де материалдық байлықты жоғары қойып жатады. Егер де денің сау болмаса, жиған мал-мүлкің мен дүниеңнің қызығын көре алар ма едің? Осы айтылғаннан қорытынды шығару қиын емес, алдымен адам баласына керегі денсаулық деп білемін. «Дені саудың – жаны сау» -деген сөз де осы айтылған ойымды жалғастыра түседі. Адамның дені сау болса, ол ойнап-күле алады. Оқу оқып, өзіне қызық іспен шұғылдана алады. Айналадағы болып жатқан түрлі өзгерістерге өзінің көзқарасын білдіріп, өмірден өз керегін іздеп тауып, өз орнын тапқан шат-шадыман көңіл иесіне айналады. Ал егер оның дені сау болмаса ше? Онда сырты бүтін, іші түтін жан сол болар еді. Денсаулықтың қадірін ауырған біледі екен. Сол ауырған адамдардың айтуы бойынша, бүгінгі таңда адам баласының қас жау болып жүрген есірткі мен нашақорлықтан қалай да құтылуымыз керек. Менің айналамда ондай адам жоқ, дегенмен түрлі ақпарат көздерінен естуімше, қазіргі күні олардың саны артып бара жатқан көрінеді. Біздің есірткіге қатысымыз жоқ болғанмен, өте жас балалардың ата-аналарының бақылауы болмауы себепті теріс жолға түсіп жатқаны мені алаңдатады. Себебі олар да – менің замандасым, Отандасым, біреудің үміт күтер қуанышы. Ата-анасын жылатып, бүгінгі күннің қызығымен өмір сүріп жүрген жастар да баршылық, олар қазір есірткі қолданып, ертеңгі күнін мүлдем ойламай, қателерін кейін түсініп, қатты өкінеді. Бірақ өткен күн қайтып келмейді. «Адам баласы адам баласынан оқу, білім, өнер арқылы артық болуы керек» деген даналы сөздің түбінде терең ой жатыр. Себебі бүгінгі дені сау ұрпақ – елдің ертеңгі жалғасы. Денсаулық – ел дамуының басты арқауы. Дені сау болса, адамның өзі де, жан-жағындағы адамдар да бақытты. Нашақор адамдарды өмірлерінен күдер үзген, болашағы жоқ адамдар деп ойлаймын. Түсіне алсақ, жақсылық та, жамандық та адам қолымен жасалып, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресі қоғамның ілгері дамуына кері әсерін тигізуде.

«Сау дене, азат ақыл, адал көңіл- Үшеуімен бақытты болады өмір»- деген тақырыпта біздің мектепте ата-аналар жиналысы өткені есімде. Сол жиналыстан анам ерекше әсер алып, осы сөздің байыбына барып жүруімізді ескертіп отырады үнемі. Мен қазіргі күні де, келешекте де мына ережеге сүйенемін: өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де сәнді өткізу- басты міндетіміз. Себебі біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бір-ақ рет берілетінін бәріміз кеш ұғамыз. Сондықтан денсаулығымыздың мықты, рухымыздың күшті болғаны абзал екенін естен шығармасақ екен дегім келеді!

Наши рекомендации