Ойдың биологиялық және шаруашылық ерекшеліктері.

ГОС Қой шаруашылығы

Р типті жүн талшығының гистологиялық құрылысының сипаттамасы.

Жүн талшығының гистологиялық құрылысы 3 қабаттан тұрады: эпидермис (қабыршақты), ортаңғы (қыртысты), өзек.

Эпидермис (қабыршақты) қабаты 1 қабатты эпителий жасушаларынан құралған. Осы қбаттың сыртқы пішіні балыққа ұқсас болғандықтан қабыршақты деп, ал жеке жасушалары - қабыршақ д.а. Қабыршақ жасушалардың пішіні әр түрлі: сопақша, көп қырлы, шиыршық т.б. болып келеді. Олардың көлемі де әр түрлі, кейбір қабыршақтары үлкен, ал кейбіреуі өте ұсақтанып кетеді.

Профессор А. И. Николаевтың зерттеулеріне қарағанда, жүн талшығы сапасына қарай қабыршақ саны әр түрлі болатыны анықталған. Мысалы, қылшық, жүн түбітінің бір миллиметрінде 65-тен 80-ге дейін, ал қылында 45-тен 60-қа дейін қабыршақ болатыны байқалған.

Биязы жүнді қойдың жүн талшықтарында шиыршық пішінді қабыршақ көп кездеседі. Шиыршық деп, саусаққа кигізілетін сақина тәрізді болып келген қабыршақтарды айтады. Сақина тәрізді қабыршақтар ең жіңішке жүн талшықтарының, яғни, биязы жүн мен түбіттің сыртқы қабатын құрайды. Қабықша қабат талшықты сыртқы әрекеттерден қорғайды, сондықтан да жүнді иіріп, ұршыққа төккен кезде оның маңызы зор. Сақина тәрізді қабыршақтар бір-біріне қабыса бітеді, яғни бір қабыршақтың шетін екінші қабыршақ басып жатады. Талшық сырты осылай кетікше, бұжырлау болып келуінен жүн тез ұйысады, мұның өзі киіз басуға ыңғайлы келеді. Осындай ретпен орналасқан қабыршақтар өздеріне түскен күн сәулесін жүн талшығының көлемді аумағына шашырата таратады, сондықтан да мұндай жүннің жылтырлығы, ажары төмендеп, күңгірттеу болып кетеді. Керісінше, қабыршақтары бір жазықтықта орналасқан сапасы төмен (жуандау келген) жүн талшықтары талшық бетінің бір бөлігіне күн сәулесін шаққанда молынан шағылыстырады, сондықтан олар мейлінше ажарлы, жылтыр болады.

Ортаңғы қыртысты қабат. Қабықша қабаттың астында жүн талшығының негізі болған қыртысты қабаты жатады. Бұл қабат бір-біріне тығыз жанаса бітіп, жүн талшығын бойлай орналасқан ұршық тәрізді қабығы қатты жасушалардан тұрады.

Жүн талшығына қажетті негізгі заттардың басым көпшілігі осы қабатта жинақталған, сондықтан да бұл қабат жүннің негізгі сапасына (беріктігі, созылғыштығы, ширатылғыштығы, серпімділігі т.б.) игі әсерін тигізетін болса керек. Жүннің түсіне әсер ететін бояуыш қасиеті бар пигмент те осы қабаттың жасушаларында орналасқан.

Өзек - жүн талшығының нақ ортасынан орын алып, ұзынынан созылып жатады. Өзек жүн талшықтарының барлық түрінде кездесе бермейді, биязы мен қылшық жүнді қойдың түбітінде өзек болмайды. Аралық жүн талшықтарында ғана болады, бірақ ол біркелкі емес, үзілмелі келеді, яғни бір жерінде болса, екінші жерінде болмайды.

Өзек, өзара бос байланысқан жасушалар мен ауа түйіршіктерінен тұрады. Уақыт өткен сайын өзектегі жасушалар кеуіп, бүкіл жылғаға көп мөлшерде ауа толады. Жүн талшығында өзектің ойдағыдай жетілуі биологиялық жағынан маңызды құбылыс. Өзегі жақсы жетіліп, ауамен толған жүн талшықтары, біріншіден, мал организмінен жылудың шығуына кедергі жасайды, себебі ауа мен қабықты заттар жылуды нашар өткізеді. Екіншіден, жазда қайнаған ыстық кезде мұндай жүн талшықтары мал организмін қатты қызудан сақтайды. Республикамыздың кең байтақ даласында өсірілетін әр түрлі қазақы қойлардың қылшық жүнінде міне осындай қасиеттер бар. Бірақ өзектің тым жетілуі жүннің физикалық-техникалық қасиетіне кері әсерін тигізеді. Өзек жетілген сайын жүн талшығының беріктілігі төмендеп, сынғыш келеді, жүннің иірілгіш сапасы және созылғыштығы кемиді. Керісінше, ортаңғы қабаттың жетіліп, өзектің азаюы жүн талшығының беріктілігін арттыра түседі.

ойдың биологиялық және шаруашылық ерекшеліктері.

Биологиялық ерекшеліктері. Қойдың басқа малға қарағанда биологиялық ерекшеліктерінің бірі – бас сүйегінің бейнесі мен жаратылысы. Қойдың басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері өте икемді, тез қимылдағыш, тістері өткір және ұзын болады. Бұл қасиеттер қойдың жайылым малы екенін анықтайды. Зерттеуші ғалымдардың тұжырымына қарағанда қой басының мұндай өзгеруі, өзінің даму эволюциясында мыңдаған жылдар бойы табиғаттың қиын, азықсыз-шөпсіз, тапшылық жағдайларына бейімделуінен, тамақ іздеуінен болған. Қой басқа үй жануарларына қарағанда табиғатта өсетін шөптердің бәрін жеп қорытуға өзінің денесін, ағзаларын бейімдеген. Осының арқасында қой өсіп тұрған өсімдікті жеумен қатар, үгітіліп жерге түсіп қалған шөп қиқымдарын жеп азық ете алады. Қойдың шөпті үзіп жейтін астыңғы жағында 8-күрек тісі және күйіс қайыратын 24 азу тісі болады.

Ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде қой басқа шаруаға қажеті төмен, нашар, ащы арам шөптердің 600%-нан 570%-ын жейтін болса, жылқы соның 82%, ірі қара 56% ғана жейтіндігі анықталған.

Ас қорытатын ағзалар жүйесі көп камералы қарындардан басталып, ұзын ішектермен жалғасады. Қойдың ішектерінің ұзындығы 30 есе ұзын болса, ірі қарада 26 есе, шошқада 12 есе, жылқыда 15 есе ұзын болады. Осындай жақсы дамыған ас қорыту жүйесі қойдың ірі азықтық пайдалы заттарын барынша түгел қорытып оны сіңіруге мүмкіндік жасайды. Осының нәтижесінде, ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, қой 1 кг қосымша салмаққа 8 кг құрғақ азық жұмсаса, ірі қара 12 кг жұмсайды.

Қойдың көп тұқымдары жеген азығының құнарының 75% (ал етті бағыттағы, етті-майлы бағыттағы қойлар одан да жоғары бөлігін) денесінде ет, сүйек, май құрауға, немесе еттілігін арттыруға жұмсайды. Осындай жақсы өсу, азықты жоғары өнімге пайдалану қой малының бір жасында жоғары болады. Сондықтан, қойды, әсіресе, ет үшін семіртіп, союға пайдалану да тиімді болады.

Қой малының биологиялық ерекшеліктерінің бірі - ол малдың өсімталдығымен тез жетілуі. Қой 100 саулықтан 130-150, кейбір тұқымдары 200-250 қозыға дейін береді. Қойдың ағзалары тез жетіледі, 4 айда жетіліп, 6-7 айда ұрықтанып, бір жасында төл де бере алады. Технология жетіліп, бағып–күтуі жақсарса, қой жылына 2 немесе 2 жылда үш рет төл бере алады. Мұндай жаңа технология Франция, Германия, Ұлыбританияда қолданылады. Қойдың қозысы 3-4 айлығында етке қолдануға жарайды, ал қаракөл елтірісі туған қозының 2-3 күндігінде өте құнды да сапалы болады. Қойдың ендігі бір ерекшелігі – оның көп түрлі өнім беретіндігі: ет, сүт, жүн, тері, елтірі т.б.

Қойдың табиғат құбылысына бейімді екенін жоғарыда айтылады. Қой шөл даланы, құрғақтықты жақсы сезінеді, ал сыз және сазды жерді жақтырмайды, ондай жағдайда әртүрлі ауруларға тап болады.

Шаруашылықтық ерекшеліктері. Адамға аса қажетті көптеген азық-түліктер атап айтқанда ет, май, сүт, жүн, былғарылық, тондық терілер мен елтірі сияқты өнеркәсіптік заттарды береді. Қой сойғанда қалдық ретінде жиналатын ішек, мүйіз, сүйек сияқты заттар да өңдеген соң өз орнын табатын байлықтар. Олардан желім, түйме, малға берілетін қан-сүйек ұны, минералдық азықтар және дәрі құрамына кіретін заттар жасалады. Қойдың қи-тезегіне дейін береке; өзіне қыста-төсеніш, жыртынды жер мен жайылымда тыңайтқыш, малшы-шопан, барлық ауыл адамдары үшін қысқы-жазғы отын.

Қой малы адамға осындай аса қажетті көп түрлі өнім өңдіретіндігі мен қандай да табиғат құбылысына және биологиялық қасиетіне байланысты дүние жүзінің барлық континенттерінде және елдерінде өсіріледі. Қазіргі кезде де қой малы ғаламшарымызда ең көп тараған, көп өсірілетін үй малдарының қатарына жатады. Дүние жүзінің елдерінде үшінші мыңжылдықтың басында 620-дан астам қой тұқымдары, 1.300 қой малы өсіріледі. Мысалы, сапалы, өнімділігі жоғары қой шаруашылығы Австралияда (169 млн.), Жаңа Зеландияда (62 млн.), Ұлыбританияда (30 млн.) қалыптасқан, дегенмен соңғы он-он бес жылдың басынан ең алдыңғы қатарға Қытай (200 млн.), Үндістан (165 млн.), Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия (50 млн.) шығып келеді.

Қой шаруашылығының аса маңызды басты өнімінің бірі - жүн. Қойдан басқа да жүн беретін малдар, аңдар және жануарлар бар. Мысалы, түйе, ешкі, сиыр, жылқы, қоян т.б. Бірақ барлық өндірілетін жүннің 85-90%-ы қойдан өндіріледі. Сондықтан, шұға – мата жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінің маңызы зор.

Тоқыма өнеркәсібінде кездеме – мата тоқу үшін, қой жүнінен басқа шикізаттар да пайдаланылады: мысалы кендір, зығыр, жібек, мақта т.б. Соңғы жылдары химия өндірісінің дамуына байланысты жасанды және синтетикалық талшықтар көптеп өндіріліп, олардан тоқылатын кездеме – маталар да көбейді. Бұл талшықтарды өндіру әрі арзан, әрі олардың кейбір қажеттері табиғи талшықтан артық та жағдайлары бар.

Дегенмен, тоқыма өнеркәсібіне қажетті басқа шикізаттармен салыстырғанда қой жүнінің бірнеше артық қасиеттері бар:

- жүн мейілінше берік болады. Оның беріктігін өзінің жіңішкелігіндей сым темірдің беріктігімен салыстыруға болады;

- жүн жылылықты жақсы сақтайды;

- жүннің салмағы өте жеңіл;

- жүн созылғыш, жүннен жасалған киім ұйыспайды және иленбейді;

- жүнге бояу жақсы сіңеді және бояуы кетпейді;

- жүн денеге өте жағымды, тігілген бұйым көзге тартымды келеді.

Қой жүнінен кездемеден басқа да түрлі заттар жасалады. Кейбір қой тұқымдарының жүнінен кілем, алаша, гобелен, қолғап, байпақ, фетр сияқты қажетті заттар тоқылып жасалады. Киіз басуға тек қой жүні ғана жарайды.

Сондықтан, қой жүні халық шаруашылығында кеңінен қолданылып, жоғары бағаланады. 2009 жылы дүние жүзінде таза талшық есебімен 1239,0 мың тонна қой жүні өндірілді. Соның ішінде: Австралияда 512,0 мың тонна, ТМД елдерінде 140,0; Жаңа Зеландияда 213,0; Қытайда 162,0; Аргентинада 48,0; Қазақстанда тек 34,3 мың тонна өндірілді.

Ал дүние жүзінде ет өндіруде сиыр, шошқа, құс еттерімен қатар қой етінің де өз орны бар. 2008 жылы қой еті дүние жүзінде өндірілген еттің шамамен 5%, яғни 14 млн. тоннаға жеткен. Қой етінің ара салмағы әсіресе Азия елдерінде (Иран, Ауғанстан, Пакистан, Түркия және Орталық Азия мемлекеттерінде) үлкен үлес алып (30-40%) құрайды. Қойдың етімен майы өте сапалы жоғары калориялы тамақ.

Сонымен қатар, қой сүтініңде адам тамақ өнеркәсібі үшін маңызы өте зор, ол қою және майлы болады. Дүние жүзінде 6,0 млн. тоннадан астам қой сүті өндіріледі. Одан жергілікті халық сыр, брынза, айран, сүзбе, құрт, ірімшік өндіріп, халыққа пайдаланылады. Қой сүті әсіресе Түркия, Франция, Италия, Иран, Греция, Румыния, Болгария мемлекеттерінде көптеп өндіріледі. Бұл мемлекеттерде дүние жүзіндегі қой сүтінің әрқайсысында 5-6%-дан 15-16%-ға дейінгі үлестері өндіріледі. Олар тамаша, атақты Рокфор, Пекарин, Какавал сияқты сырлар дайындалып, халықаралық деңгейде саудаға тараған.

Қой терісінен тондық, былғарылық бұйымдар жасалады. Әдемілігі жағынан аң терілерінен қалыспайды, ал төзімділігі жөнінен олардан асып түседі. Қой терісінен жасалған былғары бұйымдар да халықтың сұранысына кеңінен ие. Қаракөл қозыларының елтірілері ішік, бас киім, әйел тондары сияқты сан алуан киімдер мен бұйымдар үшін жұмсалады.

Наши рекомендации