Азақстан-көп ұлтты мемлекет
Бүгінде Қазақстан жүз отыздан астам этнос өкілдерінен тұратын 18 миллионға жуық халқы бар полиэтникалық мемлекетке айналды. Жалпы, көпұлтты Қазақстан Республикасында тарихи сын сағаттарда ұлтаралық келісімнің тұрақты болуы, ең алдымен, жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігінен, яғни оның даналығы, кеңдігі деуге болар. Қазақ ұлтының тағдыры тауқыметке толы болғаны тарихтан аян. Алайда, өз тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қазақ халқы қаны бөлек, жаны жат басқаны да құрдымға кетуге жол берген жоқ. Президентіміз Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, біздің көп ұлтты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне, жіті көңіл бөліп келеді. Қазақстан халқына арналған жылдағы Жолдауларында дін төңірегіндегі мәселелер үнемі назардан тыс қалған емес. Қазақстан тәуелсіздігін жарияланған кейін, елдегі діни ахуал жаңа арнаға түсіп, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Сонымен қатар, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстанымына кепілдік береді. Бүгінде этносаралық, дінаралық татулық, әрине көптеген елдерге үлгі. Осы күні, Елбасымыз өзі бас болып жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әралуан сан ұлт пен ұлыстың, мақсат-мүдделері ортақ, тату-тәтті, береке бірлікте өмір сүруде. Сондықтан болар, елдегі этникалық үйлесімділікті әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап, әрі тәжірибе алар алаңға айналды. Қазақстанда барлық ұлттардың, ұлыстар мен этникалық топтардың мәдениеті - жалпыұлттық игілік ретінде қаралады. Мемлекеттің басты заңына сәйкес, діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің, халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар.
Елбасымыздың бастамасымен 1990 жылы қаңтар айында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» құрылды. Дербес мекеме Қазақстан мұсылмандарының діни істерін ұйымдастырып, діни бірлестіктер, мешіттер мен шетелдердегі мұсылман ұйымдарымен халықаралық қатынастарды реттеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан діни басқармасы – күнделікті нақты істер атқару мен съезд аралық уақыттағы діни ахуалды басқаруды басшылыққа алатын орындаушы орган болып табылады. Өз кезегінде ислам дінінің ынтымақтастықта дамуына бағытталған игі істер атқаруда.
1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Аталмыш заңның негіздеріне сәйкес, діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің, халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздері қалыптасты.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекет ретінде 1995 жылғы 16 қарашадағы ЮНЕСКО Бас конференциясы қарарымен бекітілген Төзімділік қағидаттары декларациясын қолдайтындықтан, діни төзімділік пен бейбітшілік қағидалары еліміздің саясатында басты орын алды. Елбасының қолдауымен республиканың мемлекеттік органдарының діни бірлестіктермен сындарлы өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында, 2000 жылы мамыр айында Үкімет жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес құрылды. Өз кезегінде мұндай органдар аймақтық деңгейде облыс, қала және аудан әкімдерінің жанында да ашылды. Кеңестің мақсаты – республика азаматтарының дін ұстану бостандығын, құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат, қоғамдағы діни келісімді нығайту, конфессияаралық қатынастар үндестігі мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Сонымен қатар облыстық кеңестердің негізгі міндеттері елдегі діни жағдайды және оның даму тенденцияларын жан-жақты жинақтап қорыту және талдау. Діни жағдайдың жай-күйі және діни сенім бостандығы туралы заңнаманың сақталуы туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету болды. Қазақстанның діни ахуалындағы ерекше оқиға 2001 жылы қыркүйекте Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға келуі. Бұл жағдай коғамдық-саяси және діни іс-шаралардың қатарынан елеулі орын алды. 2005 жылы 30 желтоқсанда Үкімет қаулысымен ҚР Әділет министрлігінің Діни істер комитеті құрылды. Аталмыш ведомствоның ережесі, міндеттері мен құрылымы бекітілді. 2006 жылы Астанада Қазақстан Ассамблеясының II cессиясында Елбасы Құрбан айт пен Рождествоның алғашқы күндерін мерекелік демалыс күндері етіп жариялауды ұсынды. Халық қызу қолдаған осы бір тарихи оқиғаны желтоқсан айының басында мәжілістің бір топ депутаттары қолдап, жалпы отырысқа ұсынды. Онда «Мерекелер туралы» заңға жедел өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәселе көтеріліп, кейін Парламентте қаралып, мерекелік демалыс күндері болып бекітілді. Бүгінде бұл діни мерекелер халқымыздың дәстүрлі мерекесіне айналып, жылда республикалық деңгейде аталып өтуде. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi Діни істер комитеті жанынан «Дiн мәселелерi жөнiндегi ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» құрылды. Аталмыш мекеме Қазақстандағы дiни ахуалдың даму үдерiстерiн зерттеп, талдау жүргізіп келеді. Мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен азаматтардың мемлекеттiк-конфессиялық қатынастар саласындағы қызметiн ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдiснамалық тұрғыда қамтамасыз етіп, дiн саласында жарық көрген әдебиеттерге сараптама жүргiзуді ұйымдастыруда. ҚР Үкімет қаулысымен 2007 жылы 5 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған бағдарлама» бекітілді. Бағдарламада ұсынылып отырған шаралар кешені азаматтардың және қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға, діни ахуалдың даму үрдістерін талдауға және болжауға ғылыми тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық және ұйымдастырушылық шараларды әзірлеуді болжайды. Сондай-ақ, елдегі түрлі конфессиялардың келісімі мен ынтымағын нығайтудың оңтайлы әдісі әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін атап өтсек болады. Идея авторы – Н.Назарбаев. Әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы келісімге бағытталған Қазақстанның саясаты мен тәжірибесі әлемдік қауымдастыққа түрлі конфессиялардың өзара сенімі негізінде бірлесе ғұмыр кешуінің нақтылы мүмкіндіктері барлығын және оның қажеттілігін тағы бір рет дәлелдеді. Нәтижесінде Қазақстан діндер сұхбаты орталығы ретінде танылды. Оған, Астанада 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары өткен екі Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел. Осы айтулы шаралардың әрқайсысы өзіндік маңызымен ерекшеленеді.
Мәселен, 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің I съезіне әлемнің 17 елінен делегация мүшелері қатысты. Олардың қатарында әлемге танымал дін өкілдері, құрметті қонақтар мен халықаралық ұйым мүшелері болды. Съезде діни айырмашылықтарды жеккөрушілік пен керісушілікті тұтандыру үшін пайдалануға жол бермеуге, адамзатты діндер мен мәдениеттер қақтығыстарынан сақтандыруға, халықтың діни сенімдерін халықаралық лаңкестік ұйымдарының пайдалануына қарсы тұруға дайын екендіктерін білдірді. 2006 жылы 12-14 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің II съезіне әлемнің 43 елінен 29 делегация, және де діни конфессия көшбасшылары ғана емес, жетекші халықаралық ұйымдар БҰҰ, ОБСЕ, ЮНЕСКО-ның көшбасшылары мен елшілері, Еуропа және Азия мемлекеттерінің ғалымдары мен саяси қайраткерлері де қатысты. Бұл, күмәнсіз, конфессияаралық өзара түсіністікті нығайтудың жаңа қадамы болды. Мақсат – сұхбаттасу мен шешім қабылдап, тұрақты конфессияаралық институт құру. Конфессияаралық және этносаралық тілектестік пен түсіністікті қамтамасыз ететін құралдардың бәрін пайдалану мәселелері қарастырылды.
Елбасы Н. Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезінде көтерген бастамаларын жүзеге асыру үшін 2008 жылы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ашылған болатын [2]. Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығы ретіндегі рөлін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуді көздеген орталық конфессияаралық келісім мен халық бірлігін нығайту жөніндегі біздің еліміздің тәжірибесін халықаралық дәрежеде танытуға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда халықтың рухани сауатын ашуда аталмыш орталық түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Жақын және алыс шетелдік әріптестермен байланыстарды кеңейіп, жаһанның көптеген елдерімен тығыз байланыс орнатты. Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің III съезі елордада 2009 жылдың 1-2 шілде аралығында өтті. Съезге әлемдік діни конфессиялардың 60-тан астам делегациялар қатысты. Әлемдік діндер жетекшілерінің пікірі мынадай қорытындыға әкелді: барлық діндер ынтымақтастыққа тырысуы керек, барлық халықтар бейбіт өмір сүру үшін төзімділікке, шыдамдылыққа және өзара түсіністікке ұмтылуы қажет. Ал, 2012 жылы 30-31 мамырында Әлемдік және Дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі «Бейбітшілік және келісім – адамзат таңдауы» тақырыбына арналды. Айтулы басқосуда төрт тақырып топтамасы белгіленді. «Діни лидерлердің тұрақты дамуға қол жеткізудегі рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын-тегеуріндер», «Дін және жастар» мәселесі кеңінен талқыланды . 2009 жылы 17 шілдеде Елбасының қолдауымен «Ислам білімі мен мәдениетін қолдау» қоры құрылды. Аталмыш қор бүгінде еліміздегі ислам мәдениеті мен білімін жаңғырту бағытындағы бірқатар жобаларға қолдау көрсетіп келеді.
2011 жылы 11 мамырда Елбасы жарлығымен Дін істері агенттігі құрылды. Агенттіктің ұйымдастырушылық-кадрлық және техникалық жағын күшейту бағытында ауқымды іс жүргізілді. Мекеменің орталық аппараты және оның облыстардағы аумақтық департаменттері мен Астанадағы ведомстволық мекемелері дін саласында тәжірибесі және арнайы білімі бар білікті мамандармен толықтырылды. Айта кетерлігі, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру мақсатында 2011 жылдың 11 қазанында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Оны жетілдіру бойынша нормаларды іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті заңға тәуелді актілер, ережелер, регламенттер және қызмет стандарттары дайындалды.
Сондай-ақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның талаптарын жүзеге асыру мақсатында республика аумағындағы барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті. 2011 жылғы жаңа дін туралы заң қабылданғанға дейін елімізді 40-тан астам конфессия мен 4000-ға жуық діни бірлестіктер тіркелген. 2010 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтер бойынша еліміздегі діни бірлестіктердің жалпы саны – 4453. Мешіттер саны — 2369, православие храмдарының саны — 265, католиктердің храмдарының (костел) саны — 88, синагогалар саны — 6 [4]. Жаңа қабылданған заңның қатаң талаптарына сәйкес жаппай қайта тіркеуден кейін республика аумағындағы діни бірлестіктердің 3/1 пайызы, яғни 1,5 мыңға жуық діни бірлестік қайта тіркеуден өтпей қалды. Бірқатар діни ұйымдардың ұстанымы нақтыланды. Бұған дейін жекелеген діни бірлестіктер өздерін дербес конфессия санап келсе, ендігі жерде сарапшылар діни ұстанымы бірдей бірлестіктерді конфессия бойынша топтастырды. Осы уақытқа дейін республика бойынша 46 конфессия бар деп есептелінсе, қайта тіркеу жұмыстарынан кейін жұмыстардан кейін олардың саны 17-ге қысқарды [5]. Яғни, бүгінде елімізде 17 конфессия қызмет атқарады.
Осы ретте ерекше тоқталатын тағы бір жайт – 2012 жылдың қарашасында дін саласындағы отандық ғылыми қауымдастықты біріктіруге бағытталған Қазақстан дінтанушыларының құрылтайы өтті. Айтулы шараның нәтижесінде Қазақстан дінтанушыларының Конгрессі де құрылды [6].
Бүгінде, елімізде діни білім беру саласында Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Нұр» Қазақстан-Египет ислам университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Түркістандағы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «дінтану» және «теология» мамандығы бойынша мамандар даярлауда. Сонымен қатар Алматыдағы имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты мен еліміздің әр өңірінде орналасқан 9 медресе бар. Аталмыш оқу орындары шәкірттерге діни білім беріп, елімізге қажет білікті мамандар қатарын көбейтуде.
Қазіргі таңда Қазақстан әлемге діни бейбітшілік орнатудың бастамашысы ретінде танылған мемлекет. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі дін төңірегінде туындаған дүрдараздықтарды ауыздықтауға, мәселелерді бейбіт жолмен шешуге зор үлес қосып келеді. Биыл халыққа жолдаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің келешек даму стратегиясын айқындап, дін саласына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер көтеріп, оны шешу жолдарын жан-жақты қарастырып өтті. Елбасы дәстүрлі дініміздің жағдайына тоқтала келе, бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғанын қадап айтты. «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» екендігін алға тартты. Сондай-ақ, «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» деп ескертті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
· (Н.Назарбаев. Жаңа кезең - жаңа экономика. — Егемен Қазақстан, желтоқсан 2004).
· https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A2%D3%99%D1%83%D0%B5%D0%BB%D1%81%D1%96%D0%B7_%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D2%A3_%D1%81%D0%B0%D1%8F%D1%81%D0%B8_%D0%B4%D0%B0%D0%BC%D1%83%D1%8B
· http://www.religions-congress.org/
· http://sabak.ucoz.org/load/kazakhskij_jazyk_i_literatura/aza_stan_k_p_ltty_memleket/5-1-0-389
· http://www.sunna.kz/kz/last/view?id=120
Орындағандар:Абенова Жанерке
Нұрғали Әлихан
Айтбаева Жания
Муратов Ерболат
Мұсабек Берік