Аржылық бақылауды ұйымдастыру негіздері

Қаржылық бақылаудың тиімділігі көп жағдайда оны ұтымды ұйымдастырумен, бақылаудың субъектілерін, олардың құқықтары мен міндеттерін айқын етіп анықтаумен, қаржылық бақылауды жүргізудің нысандарын және әдістерін дұрыс ұйымдастырумен анықталады.

Жалпымемлекеттік қаржылық бақылауды мемлекеттік билік пен басқарудың мына органдары жүргізеді: Президенттің аппараты, Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, жергілікті өкілдікті органдар (депутаттардың жиналыстары), жергілікті әкімшілік органдары. Бақылаудың бұл түрін Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылатын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.

Құқықтық мемлекет құрылысының тұжырымдамасын негіздей отырып қаржылық бақылауды жүзеге асырудағы заңнамалық органдардың рөлі күшейе түседі. Сондықтан бақылаудың субъекті ретіндегі Қазақстан Республикасы Парламентінің функциясы және бақылаудың тиісті түрі – парламенттік (депутаттық) бақылау бөлектеліп көрсетіледі. Бұл бақылаудың объекті:

мемлекеттік бюджеттің шығыстарын шамдандыратын кез келген шараларды бекіткен кездегі;

бюджеттегі шығыстардың қабылданған заңдардың мақсаттарына сәйкестігін тексеру кезіндегі;

бюджеттің жасалуына тексеріс кезіндегі мемлекеттің шығыстары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Парламенті мыналарға бақылауды жүзеге асырады:

бюджеттік ресурстардың түсу көздеріне, оларды үкіметтің де, заңнамалық органның да үнемді пайдалануына; ақшалай қаражаттардың ысырапқорлығын кесіп тастауға;

мемлекеттік меншікті пайдаланудың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыс тиімділігіне, мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алуға және жекешелендіруге;

арнаулы қорлар қаражаттарының пайдаланылуына;

әр түрлі партияларды қоса, қоғамдық ұйымдардың ақшалай табыстарының

көздеріне, жарғылық мақсаттарға сәйкес бұл қаражаттарды пайдалануға.

Парламенттің алдын ала бақылауының негізгі мақсаты осы нақты саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардағы қарастырылған шығыстардың жалпы тұтастығын анықтау болып табылады. Бюджеттің жасалуына тексеріс қаржыландырудың дара жоспарларына кіріктірілген цифралардың дұрыстығын белгілі бір тұрғыдан қарай отырып жүргізіледі. Бұдан басқа, Парламент ағымдағы бақылауды және республикалық бюджет туралы қабылданған заң бойынша қаражаттарды иеленушілердің есебін тексерген кезде әсіресе кейінгі (келесі) бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Бұл ретте, парламенттік бақылаудың негізгі нысаны алдын ала бақылау болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Парламентінде екі Палатада – Сенат пен Мәжілісте – арнаулы жұмыс органдары – қаржы және бюджет бойынша комитеттер бар. Бұл органдар заң-жоба жұмыстарын, палаталардың құзырына қатысты мәселелерді алдын ала қарау және әзірлеу үдерісінде қаржылық-бюджеттік қызмет сферасында мемлекеттік бюджет қаражаттарының жұмсалуына бақылау жүргізеді. Қаржылық-бюджеттік мәселелер бойынша сараптамалық бағалаулар мен қорытындыларды шаралар қабылдау үшін палаталар тиісті инстанцияларға – министрліктерге, ведомстволарға, сонымен бірге Үкіметке жібереді.

Президент жарлықтарының, қаулыларының және өкімдерінің атқарылуын бақылауды ұйымдастыру, аталған актілердің талаптарын лауазымды адамдардың атқармағаны үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында Президент аппаратында жұмыс істейтін ұйымдық бақылау бөлімі бар. Жалпы Президент аппараты министрліктердің, ведомстволардың, жергілікті әкімшіліктердің және мемлекеттік басқарудың басқа органдарының қызметін бақылауды жүзеге асырады. Аппарат Президентке ашылған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы хабарлап отырады, Президент актілерін тиісті тәртіппен орындамаған кінәлі лауазымды адамдарды жауапқа тарту жөнінде ұсыныстар жасайды; Президент актілерінің атқарылмауына немесе тиісті тәртіппен атқарылмауына мүмкіндік туғызатын ашылған бұзушылықтарды, себептерді және талаптарды жою жөніндегі ұсыныстарды қарау үшін Үкіметке, әкімшілік басшыларына, мемлекеттік басқарудың басқа органдарына табыс етіп отырады. Өзінің функцияларын жүзеге асыруда Аппаратқа тексерілетін органдардың басшылары мен лауазымды адамдарынан қажетті ақпараттарды алуға тиісті өкілеттік берілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметіне бақылау сферасында кең өкілеттіктер берілген. Үкімет Қазақстан Республикасы дамуының индикативтік жоспарын, экономиканың сфералары мен секторларының, салалардың, өңірлердің даму бағдарламаларын, инвестициялық қызметтің маңызды бағыттарын жасап, қарау үдерісінде алдын ала бақылауды жүзеге асырады. Көрсетілген іс-қимылдарды орындау барысында Үкімет олардың жүзеге асырылуына, сондай-ақ ауқымына, мезгілдігіне, атқарушылар бойынша мақсатты қаржыландырудың толымдылығына ағымдағы бақылау жасайды, мемлекеттік бюджеттің жасалуы мен атқарылуын бақылап оты-рады, мемлекеттің қаржылық саясатын жүзеге асырады.

Жалпымемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Ұлттық банкі жатады.

Қаржы министрлігі, оның Қаржылық бақылау комитеті және аумақтық қаржы органдары әлеуметтік-экономикалық сфераның қаржы саласын тексереді. Олар жоспар, қаржыландырудың дара жоспары және қаржылық тәртіптің сақталуын, кірістерді есептеудің дұрыстығын, толымдылығын және дер кезділігін, мемлекет қаражаттарының жұмсалу заңдылығы мен мақсатқа сәйкестігін, бухгалтерлік есеп-қисаптың және есептеменің дұрыстығын бақылап отырады. Қаржылық бақылау комитетінің маңызды функциясы бірлескен және шетелдік кәсіпорындарды, экспорттық-импорттық операцияларды валюталық бақылау болып табылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының жүйесін:

1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті;

2) мәслихаттардың тексеру комиссиялары;

3) Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті берген ішкі бақылау жөніндегі орган;

4) орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау службалары;

5) облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері құрайды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін республикалық бюджеттің атқарылуын сыртқы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органы болып табылады.

Мәслихаттардың тексеру комиссиялары жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырады.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:

республикалық бюджеттің атқарылуын, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес бағалауды жүзеге асырады;

өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділікті бақылауды жүзеге асырады;

бақылау объектілерінің есепке алу мен есептемені жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру;

орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады;

республикалық бюджет қаражаттарын, пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасының Парламентіне өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады;

Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің өзге жеке тапсырмаларын орындайды;

Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері лауазымды адамдарының нормативтік құқықтық актілерді сақтамауының анықталған фактілері бойынша ұсыныстар енгізеді;

республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін бақылауды жүзеге асырады;

республикалық бюджет қаражаттарын және мемлекет активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады;

сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілері лауазымды адамдарының тиісті есептерін тыңдайды;

бақылау және талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды;

сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу тәртібін айқындайды, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлейді, олардың сақталуына бақылау жүргізеді, мәслихаттардың тексеру комиссиялары туралы типтік қағиданы бекітеді;

талдау мен зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау саласында әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады, мемлекеттік қаржылық бақылау саласындағы оқыту бағдарламаларын іске асырады;

Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;

Қазақстан Рсепубликасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жіберілген ұсыныстар мен тапсырмалардың орындалуына мониторинг, сондай-ақ бақылау жүргізеді;

Қазақстан Республикасы заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Барлық баспалдақтардың өкілетті органдары (мәслихаттар, депуттардың жиналыстары) бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептерді қарау және бекіту үдерісінде қаржылық бақылауды жүзеге асырады. Яғни олар бақылауды екі нысанда – алдын ала және кейінгі нысанда жүзеге асырады. Ағымдағы бақылау олардың қызметінде болғанымен негізгісі болып табылмайды. Бақылаудың негізгі әдісі тексерулер болып табылады. Ба-қылау объекті жергілікті ақшалай қорлар болып келеді.

Мәслихаттың тексеру комиссиясы Есеп комитетінің функцияларына ұқсас, бірақ тиісті жергілікті деңгейге қатысты функ-цияларды орындайды.

Мемлекеттік бақылауды өздерінің өкілеттік шектерінде Қаржы министрлігінің заңи тұлға құқығындағы Қазынашылық комитеті де орындайды. Қазынашылық органдарының негізгі міндеттерінің бірі республикалық бюджеттің кассалық атқарылуын ұйымдастыру, жүзеге асыру және бақылау болып табылады. Бюджеттік тәртіптің негізгі міндеттерінің орындалуы және оны нығайту мақсаттарында министрліктерде, кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде Үкіметтің қаржылық ресурстарын есепке алумен, аударумен және пайдаланумен байланысты ақшалай құжаттарды тексерулерді жүргізуге Қазынашылық органдардың құқығы бар.

Қаржы министрлігінің Салық комитеті, оның аумақтық органдары есептелген салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдар сомаларының бюджеттерге толық және дер кезінде түсуіне салықтық тексерулерді жүзеге асырады.

Жер-жерлердегі қаржы органдарының бақылау объекті орталықтандырылған ақшалай қорларды жасау мен пайдаланудың дұрыстығы мәселелері болып келеді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің табыстарын бақылауды Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен облыстардағы, қалаларағы, аудандардағы жергілікті салық комитеттері жүзеге асырады. Салық органдарының экономикалық санкцияларды – бағалар тәртібін бұзғаны үшін айыппұлдар қолдануға құқығы бар. Айыппұлдар көп дүркіндік болып өседі және рыноктық бағаларды реттеу механизмі негіздерінің бірі бола бастайды. Бұзушылықтарда алынған табыстар, меншік нысанына қарамастан, даусыз тәртіппен бюджетке есептеледі. Заңмен шарттастасылған мөлшерде бұзушыдан айыппұл өндіріп алынады. Кәнігі (қасақана) бұзушылықтар жағдайында материалдар тергеу органдарына беріледі.

Экономика мен қаржылық қызмет сферасында қаржылык тәртіпті сақтауға Қазақстан Республикасының экономикалық және жемқорлық қылмыстылықпен күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) де қатысады. Ол заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде жедел-іздестіру қызметін, алдын ала тергеу және анықтау, әкімшілік іс жүргізу арқылы экономика мен қаржылық қызмет сферасында адам мен азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қылмыстық және құқыққа қайшы өзге де қол сұғушылықтың алдын алуға, оны анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге бағытталған құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган болып табылады.

Агенттік (қаржы полициясы) органдарының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

өкілеттігі шегінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғам мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету;

салықтарды төлеуден жалтарынуға байланысты қылмыстардың, экономика мен қаржы саласындағы өзге де қылмыстар мен құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

экономика саласындағы сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес ісінде мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

агенттік (қаржы полициясы) органдарының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Агенттіктің (қаржы полициясының) аумақтық және мамандандырылған органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде уәкілетті органның функцияларын жүзеге асырады.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экономика және қаржылық қызмет сферасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқарушылық және рұқсат етушілік функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы уәкілетті орган болып табылады.

Өздерінің өкілеттігіне қарай бақылау функцияларын жергілікті жердегі атқарушы органдар орындайды, олар негізінен бюджеттерді, олардың атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту үдерісінде қаржылық бақылауды жүзеге асырады.

Ішкі бақылау службасы орталық мемлекеттік органның шешімі бойынша құрылады және ұйымдық және функциялық жағынан мемлкеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелеріне тәуелді емес.

Ішкі бақылау службасы – орталық мемлекеттік органның бөлімшесі, ол өзінің құзыры шегінде мемлекеттік органның, оның республикалық және жергілікті бюджеттер аумақтық бөлімшелері мен ведомствоға бағынышты ұйымдарының атқаруын, гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен, олардың қарамағында қалатын ақшаларды пайдалануды бақылауды жүзеге асырады.

Республикалық деңгейдегі ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган және орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау службалары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

Жергілікті деңгейдегі ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган және облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау службалары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

Ішкі бақылау службасы: мемлекеттік орган жұмысының сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында оның қызметінің бағыттары бойынша ішкі бақылауды жүзеге асырады; мемлекеттік органда, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныштағы ұйымдарында басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүргізеді, мемлекеттік органның бірінші басшысына оны жақсарту жөнінде ұсыныстар береді; мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының бюджет және өзге заңнамасын сақтауын тексеруді жүзеге асырады; мемлекеттік органның стратегиялық және операциялық жос-парларының іске асырылуын бақылауды, нәтижелерді бағалауды жүзеге асырады; мемлекеттік органның есепке алу мен есептемені жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асырады; мемлекеттік органның басшысы анықтайтын өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ішкі бақылауды ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган және ішкі бақылау службалары – Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті жүзеге асырады. Оған мемлекеттің қаржылық ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау жөнінде кең өкілеттіктер берілген. Комитет Басқармасы министрліктерге, ведомостволарға, басқарудың басқа органдарына, құқықтық тәртіпті қорғау,қорғаныс кәсіпорындары мен ұйымдарына, өнеркәсіптің мемлекеттік кәсіпорындарына, құрылысқа, ауыл шаруашылығына, дайындаушы ұйымдарға, білім беру жүйесіне, ғылымға, денсаулық сақтауға, халықты әлеуметтік қорғауға, мәдениетке, бұқаралық ақпарат құралдарына тексерістер жүргізеді.

Облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында мемлекеттік бюджет қаражаттарын мақсатты пайдалануға, қарыз алушылардың үкіметтік қарыздар мен Үкімет кепілдендірген қарыздарды, бюджеттік кредиттерді мақсатты пайдалануына және қайтаруына бақылау жасау жөнінде бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын облыс және қала бойынша Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Басқармалары жұмыс істейді. Олар бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер шығыстарын қаржыландырудың дара жоспарларын жасау мен бекітудің, мемлекеттік тапсырыстың орындалуына жұмсалатын қаражаттардың дұрыстығын, тиісті бюджеттерге мемлекеттік кәсіпорындардың табыс үлесі аударымдарының толықтығы мен деркездігін бақылайды.

Салық және қаржы органдары өзінің негізгі жұмысын орындаумен, мемлекеттің (өңірдің) кірістері мен шығыстарын басқарумен қатар бақылауды жүзеге асырады. Сондықтан қаржы басқармалары (бөлімдері, инспекциялары) үшін бақылау ілеспе міндет болып табылады, яғни ол атқарушы-өкімгерлік қызметпен қатар жүргізіледі. Қаржы министірлігі мен оның жер-жерлердегі органдарына республиканың және биліктің жергілікті органдарының бюджеттік құқықтары туралы заңын сақтауға, кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың қаржылық тәртіпті сақтауға, олардың бюджеттік және меншікті қаражаттарды дұрыс және заңды жұмсалуына бақылау жасау жүктелінген. Бұл органдар бюджеттік мекемелердің қаржылық қызметіне және белгіленген тәртіпте шаруашылық есептегі кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық-шаруашылық қызметіне тексерістер мен тексерулер жүргізеді.

Қаржы органдары жүргізетін бақылау барлық нысанда жүзеге асырылады және алдын ала және ағымдағы бақылау оның айрықша нысаны болып табылады. Бақылаудың негізгі әдістері тексерулер және есептемені шоттық тексеру. Салалық басқармалардың (бөлімдердің) мамандары тексерістік бригадалар құрамында тартылады.

Ведомстволық қаржылық бақылау алдын ала, ағымдағы және кейінгі бақылау нысанында жүзеге асырылады. Бақылаудың негізгі әдістері қаржы жоспарларының жобаларын қарау, тексерістер мен тексерулер болып табылады. Бақылау объектісі –ақшалай қаражаттардың орталықтандырылмаған қорлары болады.

Ведомстволық қаржылық бақылауды республиканың министрліктері мен ведомстволары оларға бағынышты кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге жүргізеді.

Ішкі шаруашылықтық бақылауды шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық службалары – бухгалтериялар, қаржы бөлімдері және т.с.с. жүргізеді. Коммерциялық құрылымдарда (акционерлік қоғамдарда, жеке меншік кәсіпорындары мен фирмаларда, биржаларда, банктерде және т.б.) ішкішаруашылықтық бақылаудың құрылтайшысы немесе меншік иесі, сондай-ақ оның тапсыруымен аудиторлық фирмалар жүзеге асырады.

Қоғамдық қаржылық бақылау – бұл түрлі қоғамдық ұйымдардың бақылауы. Бақылаудың объекті тексерушілер алдына қойылған нақтылы міндеттерге байланысты болады. Қоғамдық қаржылық бақылауды ерікті және ақысыз негізде топтар, жекелеген тұлғалар (мамандар) орындайды. Қоғамдық бақылаудың органдарына шаруашылық жүргізуші субъектілердегі, ведомстволардағы әкімшіліктің қызметіне жүргізілетін кәсіподақ ұйымдарының бақылауы жатады. Бұл органдардың қызметіндегі қаржылық бақылау негізгі бақылау болып саналмайды. Әр түрлі қоғамдық ұйымдар (саяси партиялар, жастардың, шығармашылық одақтардың, ғылыми, табиғатты қорғау, спорт, соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымдары, қайырымдылық қорлары) қаржылық бақылауды өз күштерімен жүргізеді, сондай-ақ аудиторлық фирмаларды да тарта алады. Бақылаудың объекті – табысты алу көздерін және жарғылық міндеттерге сәйкес оның пайдаланылуын тексеру.

Наши рекомендации