Дәріс тақырыбы №8. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛЫ

1. Қазақстан Республикасындағы демографиялық жағдай.

2. Қазақстан тұрғындар санының азаюының басты себептері.

Қазақстан Республикасындағы демографиялық жағдай.Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туын тіккеніне - 17 жыл. Осы мерзім ішінде өткен күрделі әлеуметтік – экономикалық және саяси процестер халықтың демографиялық ахуалына да өзіндік ықпал жасады. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңдегі демографиялық ахуалындағы басты ерекшелік - тұрғындар санының күрт кемуі.

Соңғы халық санағының мәліметтеріне қарағанда, елдегі тұрғындар саны 1 миллион 246 мың адамға, 7,7%-ға азайған. 1989 жылы қазақстандықтардың саны 16 миллион 199 мың адам болса, қазаір 14 миллион 953 мың адамды құрайды. 2724,9 мың шаршы км., жерді алып жатқан Қазақстанның әлемдегі халық аз қоныстанған елдер қатарында екендігін аңғартады. Тұрғындар санын күрт кемуі Қарағанды (335210 адамға немесе 19,1%), Шығыс Қазақстан (236201 адамға немесе 13,4%), Ақмола (228135 адамға немесе 21,5%), Қостанай (206115 адамға немесе 16,7%), Солтүстік Қазақстан (186085 адамға немесе 20,4%), Павлодар облыстарында (135330 адамға немесе 14,5%) анық байқалуда. Қазақстандықтар санының кемуі өлке тұрғындарының демографиялық құрылымындағы ерекшеліктерге байланысты. Дәлірек айтқанда, орыс тілді тұрғындардың атамекеніне көшуінен және табиғи өсімнің төмен деңгейде болуынан туындауда.

Ресми статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстан тұрғындарының 56%-ы қалаларда, 44% ауылды жерлерде тұрады. Тұрғындардың урбанизациялану деңгейіне қарай Қарағанды (қала халқының үлес салмағы 82,2%), Маңғыстау (78,4%), Павлодар (63,4%), Қызылорда (60,5%), Шығыс Қазақстан (58,8%), Атырау (58,2%), Ақтөбе (56,2%), Қостанай (54,2%) облыстары ерекшеленеді.

Қазақстан тұрғындарының этникалық құрамында қазақтар мен орыстардың үлес салмағы басым. Қазақтардың үлес салмағы жыл өткен сайын өсіп келе жатса, орыстардың саны 70-жылдардың соңынан бері қарай кемуде. Қазақтар 1989 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта 1 488 181 адамға көбейіп, 2001 жылығы санақ бойынша 7 миллион 985 мың 39 адамға жетті, яғни тұрғындардың 53,4%-ын құрады. Бұл көрсеткіш 1998 жылы 40,1% болатын. Сонымен 1930 жылдардан соң, қазақтар өз Отанында алғаш рет сан жағынан көп ұлтқа айналды. Қазақтар санының көбеюі мен үлес салмағының артуы олардың табиғи өсімінің нәтижесі және елден қазақ емес ұлттардың көшуіне байланысты. Сондай-ақ оған қазақтардың алыс (Қытай, Монғолия, Иран) және таяу (Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан) шетелдерден елге оралуы да әсер етуде. Орыстар 1989 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта 1 582 399 адамға кеміді. Олардың 2001 жылғы саны 4 479 620 адамды құрайды. Осылайша орыстардың елдегі үлес салмағы 37,4%-дан 30%-ға түсті. Елдегі кейбір басқа этностардың да саны кемуде. Немістер - 593 414 адамға, украиндар - 328 637 адамға, татарлар - 71 793 адамға, белорустар - 66 011 адамға, әзербайжандар - 10 656 адамға, кәрістер - 1 074 адамға азайды. Ал Қазақстандағы өзбек пен ұйғыр халқының саны мен үлес салмағы артуда. Өзбектер 39 621 адамға, яғни 2,5%-ға көбейіп, 370 663 адамды; ұйғырлар 28 839 адамға, яғни 1,4% көбейіп, 210 365 адамды құрады.

Республикадағы ұлттарда жыныстық арасалмақ әркелкі. Ерлердің үлесі 1000 әйелге шаққанда қазақтарда 978, ұйғырларда 999, орыстарда 843, татарларда 842, украиндарда 872 адамнан келеді. Әзірбайжандар мен өзбектер арасында ер азаматтардың саны басым.1000 әйелге әзірбайжанның 1014 ер азаматы, өзбектің 1015 ер азаматы келеді. Ауылды жерлердегі қазақтар арасында ерлердің саны басымырақ.Орта есеппен онда 1000 әйелге 1020 ер келеді. Бұл Маңғыстаудан басқа облыстардың бәріне тән. 1000 әйелге Қызылорда облысында 1058, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында - 1040, Шығыс Қазақстан облысында - 1029, Ақмола облысында - 1026, Жамбыл облысында - 1023, Ақтөбе облысында - 1021 ер азаматтан келеді. Барлық облыстар бойынша қалалардағы әйелдер саны басым болып, жыныстық арасалмақтағы үйлесімсіздік тереңдей түсуде. Мәселен 1989 жылы қалаларда ер адамдар тұрғындардың 47,5%-ын құраса, 1999 жылы 46,7% деңгейіне түсті. 1989 жылы 1000 әйелге 907 ер адам келсе, 1999 жылы 879 ер адамнан келді.

Республика тұрғындарының жастық құрылымында туудың төмендеуіне байланысты ересек адамдардың санының артып, қартаюы белең алуда. 1990 жылы 9 жасқа дейінгі балалар тұрғындардың 22%-ын құраса, 1999 жылы 17,8%-ын құрады. Жалпы 19 жасқа дейінгі жастардың үлес салмағы 41%-дан 37,8%-ға түсіп кетті. Керісінше, 60 жастан асқандар 1990 жылы 10,8%-ға көтерілді. Мұндай жағдай көбінесе орыс, украин және белорус халықтарына тән. 60 жастан асқандар орыстар арасында 17%, украиндар арасында 24,7%, белорустар арасында 23,8%. Қазақтар тұрғындар ішіндегі жас халық, орташа жасы - 25, себебі олардың басым көпшілігі - балалар мен жастар.

Халықтың өсіп-өнуіне тұрғындардың жастық, жыныстық құрылымы тікелей әсер етеді. Тұрғындар неғұрлым жас болса және жыныстар арасындағы үйлесімділік қолайлы болса, сол құрылым өніп-өсу қарқынды жүреді. Ал табиғи өсім - Қазақстан үшін тұрғындар саны өсімінің бірден-бір көзі. 80 - жылдардың соңынан республикада тууы төмендеп, керісінше өлім-жітім көбейе түскен-ді. Соның нәтижесінде табиғи өсім қарқыны бәсеңдеді. Бұрын табиғи өсім коэффициенті 18,1 промилль болса, 1999 жылы 4,4 промилльге төмендеді. Ауыл тұрғындарының табиғи өсім деңгейі қалалықтарға қарағанда 4,3 есе жоғары. Республикадағы ұлттар арасында табиғи өсім біркелкі емес. Табиғи өсім өзбектер (22,0) мен қазақтар (13,5) арасында жоғары. Ал, орыстар (-4,9), украиндар мен белорустар (-8,6) арасында соңғы жылдары туудан өлім жоғары болып тұр.

90 - жылдары тұрғындар арасында некелесу коэффициенті күрт төмендеді, ол жыл сайын үш еседен астам қысқарды. Қазіргі кезде ауылды жерлерге қарағанда қалаларда некелесу 1,2 есе көп болып тұр. Сондай-ақ ажырасу да біршама азайды. Қазіргі кезде тіркелген 3 некенің біреуі ажырасуда. Ажырасқандардың төрттен бірі (23,8%) бес жылға дейін некеде тұрған.

1988 жылдан бастап республикада туу азая бастады. Қазақстанда бүгінге бір әйелге 2,5 баладан келеді. Ең төменгі көрсеткішке Алматы қаласы (бір әйелге 1,5 баладан) мен Солтүстік, Шығыс өңірлерінің (бір әйелге 1,8 баладан) тұрғындары, ал жоғары көрсеткішке Оңтүстік өңір (бір әйелге 3,4 баладан) тұрғындары ие. Тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайтын Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында балалар көп туылуда. Көпке дейін қазақтар арасында туылудың азаюы ашық байқала қойған жоқ еді, тек 90 - жылдардың ортасынан туу көрсеткіші бәсеңдей түсті. Қазақ әйелдерінің туу коэффициенті қазір 3,1%-ға тең. Бала туудың бәсеңдеуі Оңтүстік Қазақстан өңірлеріне де тән бола бастады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында бір әйелге орта есппен 3,2-ден 3,6 баладан келеді. Бұл қазақтардаң да біртіндеп көп балалықтан бас тарта бастағанын аңғартады. Орыс, украин әйелдері қазақ әйелдеріне қарағанда әлдеқайда аз босанады. Олардың бір әйеліне 1,7 баладан келеді.

ТМД елдерінде 1990 жылдары өлім-жітімнің артуы демографиялық ділгірлікке айналды. Белорус, Украина елдерінде өлім-жітім туу коэффициентінен артып түсті. 90 - жылдардың бірінші жартысында Қазақстанда да өлім-жітім коэффициенті артып, 1990 жылы 7,7 промилльден 1995 жылы 10,7 промилль көрсеткішіне дейін жетті. Бірақ кейінгі жылдары бұл мкөрсеткіш біртіндеп төмендей бастады (1996 жылы - 10,7; 1997 жылы - 10,4; 1998 жылы - 10,2; 1999 жылы - 9,8 промилль). Дегенмен Қазақстанның кейбір облыстарында өлім-жітім орта көрсеткіштен асып түсуде. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында өлім-жітім жоғары деңгейде (13,0 промилль). Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 12,0 промилль болып тұр.

Өлім-жітім көрсеткішінде еңбекке жарамды тұрғындардың үлес салмағы жоғарырақ. 1999 жылы тіркелген өлім-жітім оқиғаларының үштен бірі еңбекке жарамды жастағы тұрғындардың үлесіне тиеді, ал олардың ішінде әйелдерге қарағанда ер азаматтардың үлес салмағы 3,6 есе көп. 1999 жылы қан айналымы, тыныс алу органдарының ауруы салдарынан және оқыс оқиғалардан қаза табушылардың саны біршама азайғанымен өлім-жітім көрсеткіші жоғары деңгейде қалды. Ол көп жағдайда қоршаған ортаның ластануынан, тамақтану сапасының төмендеуінен, тұрғындардың алкоголь ішімдіктеріне әуестенуінен туындауда. Нәрестелердің шетінеуі де жоғары деңгейде болып отыр. Нәрестелер өлімінің әрбір екіншісі экологиялық ахуалдан туындаған аурулардан болуда. Оның үстіне әйелдерге босанғанға дейін және босанғаннан кейін жеткілікті түрде мидициналық көмек көрсетілмеуі де нәрестелер арасында өлім-жітімнің көп болуына әсер етуде. Мұндай жағдай ауылды жерлерде, әсіресе Ақтөбе облысының Байғанин және Мұғажар аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында, Қызылорда облысының Жаңақорған мен Сырдария аудандарында айқын сезілуде. Дәл осындай ахуал Семей ядролық сынақ полигонына таяу жатқан Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Бесқарағай, Аякөз, Үржар аудандарына және Қарағанды облысының Қазыбек би, Қарқаралы аудандарына тән.

Нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің себептері аналарға да ықпал етуде.1990 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында аналар өлімі екі есе өсті.Әлеуметтік-эканомикалық жағдайдың нашарлауынан аналар арасында анемия,бүйрек,жүрек, қан тамыры ауруы көбейіп келеді.Бүкіл Қазақстанда аналар мен балаларды қорғау қанағаттанғысыз күйде.Қазақстанда адамдардың өмір жасының ұзақтығы орташа есеппен 1991 жылы 67,6 жас болса, 1998 жылы 64,4 жасқа түсіп, орташа көрсеткіш 3,2 жасқа қысқарды.Осы жерде жаңа зейнетақы заңы бойынша еңбек демалысына ер азаматтар 63 жаста, әйелдер 58 жаста шығатынына көңіл бөлген жөн.

Қазақтардың орташа өмір сүру жасы орыстарға қарағанда төмен. Ол қазақтардың үлес салмағы басым түсетін ауылды жерлерде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлығымен байланысты. Сондай-ақ қазақтар тығыз тұратын жерлердің біразы экологиялық апат аймаққа жатады. Салыстыра қарау үшін шетелдердегі орташа өмір сүру корсеткішіне назар аударайық: ол Жапонияда - 76,1, Испанияда - 75,7, Коста-Рикода - 75,6, Андоррадада - 75,3, Ганконг пен Израильде - 75,1, Австралияда - 75, Швецияда - 74,8, Испания мен Грекияда - 74,6, Ұлыбритания - 73,2 жас.

Қазақстан тұрғындары денсаулығының нашарлауы көп жағдайда қоршаған ортаның экологиялық жағдайының төмендеуінен.Мысалы,Семей ядорлық полигоны аймағының радиоктивті ластануынан, Арал теңізі өңірінің агрохимиялық ластануға ұшырауынан туындауда.Соның салдарынан осы өңірлерде генетикалық ауытқушылық және психикалық аурулардың жиі шығыуы қазіргі кезде аландаушылық және психикалық аурулардың жиі шығуы қазіргі кезде алаңдаушылық тудырып отыр. 1990 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта онкологиялық аурулар екі есе, эндокриндік жүйелер аурулары екі есеге жуық, қан аурулары біржарым есеге көбейді.

Жұқпалы аурулар да жоғары деңгейде қалып отыр. Дегенмен, олармен ауырғандар соңғы жылдары азайды. 100 мың адамға шаққанда 1997 жылы 3015,4 адам, 1999 жылы 2439,2 адам жұқпалы аурумен ауырған.Алкоголь мен есірткіге еліктеушілік те ерекше қиындық тудыруда. Ішімдікке салынып ауырғандардың тіркелуі 1997 жылы шарықтау шегіне жетіп, 100 мың адамға шаққанда 245,9 оқиға тіркелген.

Қазақстан тұрғындар санының азаюының басты себептері.Қазақстанда тұрғындар санының азаюының басты себептерінің бірі көші- қондық теріс сальдо. Көші-қондық процестің қарқынды жүруі 90 - жылдары бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы елдердің бәріне де тән болды. Қазақстанда оның алғы шарттары Кеңестер Одағы ыдырағанға дейін қалыптасты. Өлкені патшалық Ресейдің ұзақ уақыт отарлауы, кеңестік дәуірде оның зорлау және әкімшілдік тәсілдерімен жүзеге асырылуы. 70 - жылдардың соңына қарай тыйылды. Соның салдарынан Республикадан қазақ емес тұрғындардың кетуі заңдылық. Сондай-ақ оған елдегі қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай да әсер етеді. Ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы, өнеркәсіп орындарының жабылуы, жұммыссыздықтың өсуі бағаның көтерілуі тұрғындардың ертеңгі өмірге сенімсіздігін күшейтті. Сондықтан да Қазақстаннан көшушілердің көпшілігі (28,4%) өздерінің бұл қадамдарын әлеуметтік-экономикалық себептермен байланысты. Қазақстаннан көшуге субъективті факторлардың да әсер еткенін теріске шығаруға болмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы басқа республикаларда болып жатқан ұлт аралық жанжалдар жайлы объективті емес хабарлардың таратылуы тұрғындар арасыенда мұндай ахуал Қазақстанда да қалаптасуы мүмкін деген күдік тудыра бастаған-ды.

Көші-қондық теріс сальдо 90 - жылдардың басынан бастап барлық облыстарда орын алды. Әсіресе, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Семей, Талдықорған облыстарында жоғары деңгейге жетті. Соның нәтижесінде Қазақстан халқының саны 1993 жылға қарай қысқара бастады, оның орнын табиғи өсім жаба алмады. Көші-қон процесінің барысында 1993 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта тұрғындар саны 1637,3 мың адамға қысқарды. 1994 жылы 410,4 мың адам республикадан көшті.

Қазақстаннан көшушілер, негізінен, таяу шетелдерге қоныс аударды. ТМД елдерінен көшушілер саны 1132,6 мың адамға жетті. Олардың басым көпшілігі Ресейге көшті. 1990 жылы көші-қонушылардың 74%-і, 1999 жылы 89,8%-ы сонда барып орнықты. Қазақстаннан көшушілердің азаюына байланысты Ресейге көшіп барушылардың саны 2 еседен астам қысқарды. Ресейге көшушілер легінің азаюы ондай еңбек рыногы талғандығын айғақтайды. Ресейден кейін таяу шетелдер арасында қоныс аударушыларды қызықтыратын елдер қатарына Белорус, Украин және Өзбекстан жатады

ТМД елдерінен тыс жерлерге көшушілердің көпшілігі Германияға ағылуда. Германия көші-қоншыларды қызықтыруы жағынан Ресейден кейінгі екінші орынға ие болды.1996 жылы Германияға көшіп барғандардың 94,4%-ы, 1999 жылы 91,3%-ы Қазақстаннан шыққандар болды. Қазақстан тұрғындары Израильге, Грекияға, АҚШ-қа және т.б. елдерге де кетуде. Алыс шетелдермен көші-қондық теріс сальдо бүгінге дейін 506,1 мың адамға жетті. ТМД елдеріне бет алған көші қоншылардың 68,8%-ы орыстар, 10,6%-ы украиндар, 4,5%-ы қазақтар, 3,8%-ы немістер, 2,5%-ы белорустар, 0,5%-ы кәрістер, 9,3%-ы басқа ұлттар. Алыс шетелдерге көшушілердің 65,5%-ы немістер, 22,3%-ы орыстар, 4,3%-ы украиндар, 1%-ы қазақтар, 0,8%-ы белорустар, 0,2%-ы кәрістер, 5,9%- басқа ұлттар.

Қазақстанға көшіп келушілердің саны кетушілерге қарағанда анағұрлым аз. Келушілер легінде қазақтар 59,1%, орыстар 25,7%, украиндар 4,2%, немістер 3,1%, белорустар мен кәрістер 0,8%, басқа ұлттар 6,4%. 1991 жылдан бастап Қазақстанда ТМД республикаларынан және алыс шетелдерден қазақтар көшіп келе бастады. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта республикаға көшіп келген 137919 қазақтың басым көпшілігі (50,6%) таяу шетелден, негізінен, Ресейден, Тәжікстаннан, Кавказ өңірінен келді. Алыс шетелден-Монғолиядан, Ираннан, Туркиядан, Қытайдан, Ауғаныстаннан келген оралман қазақтар 49,4%. 1991 - 1993 жылдары Моғолиядан келген оралмандар саны 60 мың адамға жетіп, кейінгі жылдары олардың легі біртіндеп бәсеңдеді.1996 жылдан 1999 жыл аралығында Монғолиядан келген оралмандар 2259 адамды құрап, бұрынғымен салыстырғанда 25,1 есе аз болды. Осы жылдары олардың 623 адамы кері көшіп кетті. Жалпы 1989 жылдан 1999 жылдары аралығында Республикаға Монғолиядан 43057 олалман (21636 ер азамат және 21421 әйел) келіп қоныстанды. Олардың басым көпшілігі (76,8%) Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысындағы ауылды жерлерге орнықты. Монғолиядан келуші қазақтар санының қысқаруы нарықтың экономикаға көшу жағдайында Қазақстанның бастан өткеріп жатқан қиыншылықтарымен байланысты. Олардың жаңа жерге бейімделуіне шашыраңқы қоныстануы, сондай-ақ орыс тілді ортаға тап болуы қиындық тудырады. Ираннан келген қазақтар Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына қоныстануды жөгн көреді. Олар Монғолиядан келген қазақтарға қарағанда Қазақстаннан қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалына бейімділік танытуда. Мұндай жағдай Туркиядан келген қазақтарға да тән. 1989 - 1999 жылдары республикаға Ираннан 2968 қазақ қоныс тепті. Қандастарымыздың ата мекеніне оралуы заңды құбылыс. Бірақ оралмандарды елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімдеу өзекті мәселе күйінде қалуда. 90 - жылдардың басында «Қайт, қазақ еліңе!» деген ұранның көтерілуі асығыс болғандығын мойындауымыз керек. Оралмандардың елде жеткілікті деңгейде қолданушылық таппай бір қатар қиындықтарды бастан кешіріп жатқандығы көпшілікке аян. Сонымен қатар, Қазақстанға келуге тілек білдіріп отырған қандастарымыздың саны артып отырғанына қарамастан, оларға бөлінетін квота көлемінің жыл өткен сайын азая түсуі көңілге кірбің ұялатады. Тарихи Отанына оралушылар үшін 1993 жылы 10 мың отбасына (50 мың адамға) квота бөлінсе ол кейінгі жылдары қысқарып, 1994 жылы 7 мың отбасына, 1995 жылы 5 мың отбасына, 1996 жылы 4 мың отбасына, 1997 және 1998 жылдары 3 мың отбасына, 1999 жылы 500 отбасына, 2000 жылы 600 отбасына ғана квота бөлінді.

Демографиялық процестердегі келеңсіз жәйттерге қарамастан, елде біртіндеп ілгерілеушілік байқалуда. Мәселен, өлім-жітім, ажырасу секілді т.б. теріс көрсеткіштер, көші-қондық процестердегі теріс сальдо бәсендеді.Бұл - елдегі демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқандығының айғағы. Үкіметтің осы бағыттағы қызметіне үлкен үмітпен қарауға болады. Ең бастысы, қазіргі демографиялық мәселедегі басым бағыттарды дәл анықтап, оны шешудің тиімді жолдарын таба білу керек. Осыған орай әлемде индустриализация мен урбанизацияның жоғары қарқынды жүруінен туындап жатқан ғаламдық сипатқа ие мәселелер бар екендігі де ескерілуі тиіс. Ондай мәселелер қатарына «өркениет ауруы» атанған – туудың азаюы, өлім-жітімнің өсуі тұрғындар құрамында қариялардың көбеюі секілді құбылыстарды жатқызуға болады.Бұл мәселелер қоғамдық пікірде аландаушылық туғызуда. «Қалыптасқан жағдайды қалай өзгертуге болады?» деген сұраққа жауап табыла қойған жоқ, үкімет орындарының оны шешу бағытындағы қадамдары нәтиже бермеуде. ХХ ғасырдың жалпыға ортақ мұндай мәселелеріне түсінушілікпен қарап, оның кейбіреулеріне амалсыздан мойынсұну да қажет болар.Дегенмен бүгіндері белгілі бір дәрежеде күш салса, шешілуге тиіс мәселелер де бар. Олар:жұқпалы аурулардан өлім-жітімнің жоғары деңгейде болуы, аналар мен нәрестелер өлім-жітімнің өсуі, отбасын жоспарлау тәсілдерінің жітілмеуі.

Бүгіндері демографиялық саясат саласында қалыптасып отырған мәселелерді шешу аса маңызды мәселе. Сондықтан оның ауқымы және халықтың қоныстануы жоғары кәсіби деңгейде жан-жақты талданғаны абзал, әрі оның нәтижелері объективті тұрғыда ашылып көрсетілуі тиіс. Туындаған мәселелерді шешу қоғамдағы тұрақтылық пен Қазақстан Республикасының болашағын қамтамасыз етуге бағытталған демографиялық саясаттың табысты жүруіне тікелей байланысты.

Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 8, 10, 11, 12, 13, 14, 15.

Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 3, 5, 7, 10, 15, 17, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 29, 30,

Наши рекомендации