Ой шаруашылығының жемшөп базасы
Әлемге аян, қой өсірудің негізгі жемшөп базасы – жайылым өсімдігі. Сондықтан да Қазақстандағы үлкен байлық - 180 миллион гектар жайылым. Қой малын өсіруге мүмкіндік беретін алғы шарттың бірі осы жайылым.
Аса ірі ғұлама ғалымдар П. Н. Кулешов, М. Ф. Иванов, С. Н. Боголюбский, В. А. Бальмонт, М. Ә. Ермеков, Ә. Е. Елеманов және басқалары – қой шөлейт жайылымның өрісіне жайылуға әбден көндіккен, өте үнемді де жоғары пайдаланатын мал деп талай рет баса айтқан болатын.
Қойды жайылымсыз, қолда ұстап та өсіруге болады, бірақ нәтижелі, пайдалы болу жағынан алғанда басқа малдарға (құс, шошқа, ірі қара) тең келе алмайды, олардан бәсәкелестікте қой ұтылып қалады. Ал жайылымда баққанда қой алдына мал салмайды. Сондықтан, кең жайылымның болуы қойды көп өсіріп, өте құнды және қажет, әрі өзіндік құны төмен өнімдер (ет, жүн, тері, елтірі т.б.) өндіруге мүмкіндік береді. Малды жайылымда бағудың ерте заманнан қалыптасқан құнды да тиімді жақтарын қазіргі заманда малшылар мен фермерлер кеңінен пайдалануы тиіс.
Қазақстанның көптеген шаруашылықтарында жайылымдар осы кезге дейін маусыммен пайдаланылып келеді, мұның өзі белгілі бір маусымда қой жаятын үлкен жайылымдардың бар болуына, климат жағдайының ерекшелігіне байланысты. Сонымен бірге бұл – табиғат құбылысына сай келеді, шаруашылық көзбен қарағанда әрі тиімді, әрі пайдалы. Әлбетте, жайылымды бұлайша пайдалану тәртібі қой жайылатын шөбі мол, малы сыйысып еркін өрістей алатын шаруашылықтарда, аудандар мен облыстарда әлі біраз уақытқа дейін сақталуы ықтимал. Алайда қойды маусымдық жайылымдарда жыл бойына ұстап, қой шаруашылығын едеуір дамытқан көптеген шаруашылықтарда қазірдің өзіңде-ақ бұл саланы жүргізудің бүкіл жүйесін аустыру керек болатын сынды кезең туып отыр. Барлық маусымдық жайылымдардың мал жайылатын шөбі әбден сиреп кеткен, кей жерде мүлде тапталып қалған жерлерге мал сыймай жатыр. Жайылымды (негізінен табиғи шөпті) барған сайын жедел пайдалана беру керек деген ескі практиканы үдете түсу көптеген шаруашылықтарда, қой шаруашылығын онан әрі өркендете беру ісі былай тұрсын, тіпті өнім өндіруде қол жеткен дәрежені төмендетіп алмауды қамтамасыз етудің өзі де неғайбыл сияқты.
Қой шаруашылығын жаңа, неғұрлым прогресшіл жүйеге көшірудің (онсыз қой өсіру мүмкін емес) басты шарты-жайылымның шөбін жақсарту және оны дұрыс пайдалана білу. Мұның өзі өте күрделі әрі қиын міндет.
Жайылымның шөбін жақсартып, оны пайдалану жүйесін тиімді өзгерту үшін, қой өсіретін әрбір шаруашылықта көп жылдар бойына армай-талмай, шеберлікпен, табанды түрде жұмыс істеу керек болады, жайылымды жақсарту жағын көздеу кажет.
Жайылымдардың шөбін жақсарту жұмысын, ең алдымен топырағы жыртуға жарамды жерлерді босатып, оларды көп жылды шөп егуге дайындау ісінен бастаған жөн. Оны тездету және оңайырақ жүзеге асыру үшін қойды қазір пайдаланылмай отырған жайылымдарға көшіру керек, ол үшін әуелі бұл жайылымдарды игеріп алу қажет (суландыру, жол салу керек, т. т.). Қазіргі пайдаланылып жүрген жайылымдардың шөбін жақсарту ісін әзірге пайдаланылмай келген жайылым өрістерін (сусыз және қашық жайылымды) игеру ісімен ұштастыру – бүгінгі таңда қой шаруашылығының жем-шөп базасын нығайту мәселесін неғұрлым дұрыс шешу болып табылады.
Жайылым шөбін жақсарту жөніндегі жұмыстың өрістеуіне байланысты, мысалы, пайдаланылмай жатқан өрісті игеру жұмысын доғару керек немесе шағын көлемде жүргізген жөн деп жорамалдауға болар еді. Бұл, әрине, үлкен қателік болмақ. Қайта керісінше, пайдаланылып отырған жайылым шөбін жақсартуды қамтамасыз ету үшін, пайдаланылмай жатқан кең жайылымды игеру жұмысын зор көлемде және неғұрлым тезірек жүргізу өте қажет. Екінші жағынан, қой өсіретін әрбір шаруашылық үшін бұлжытылмайтын ереже мынау болуға тиіс: жаңа жайылымдарды және жайылым телімдерін игерумен қатар, қазіргі кезде пайдаланылып жүрген телімдердегі шөпті жақсарта беру керек, әзірге шаруашылық қажетке тартылатын бос жер бар тұрғанда, пайдаланып отырған жайылымды түбірінен жақсарту үшін босатып алу оңай соғады. Осыны естен шығармаған жақсы.
Жаңа жайылымдарды және жайылым телімдерін игеру ісін ғылымның, техника мен алдыңғы қатарлы практиканың қазіргі заманғы жетістіктері дәрежесінде жүргізген жөн. Бұрынғы уақытта жайылымды суландыру ісінде кемшілік болғанын еске ала отырып, келешекте бұл жұмысты арнаулы ғылыми-техникалық жоба (жоспар) жасау жолымен жүргізу ұсынылады. Мұндай жобада қой суаратын ашық (мал іше алатын) немесе механизацияланған суат; жайылымдардың шөбін неғұрлым дұрысырақ пайдалану мақсатымен, олардағы мал суаратын пункттерді біртегіс орналастыру; суландырудың нақты жағдайында неғұрлым тиімді нұсқаларын таңдап алу (бұлақты құбырмен ағызу, бөгет пен канал салу, артезиан, әдекті түтікті немесе шахтылы құдық, су құбырларын және т. с. қазып жасау); мал суаратын пункттерді техникалық жағынан қамту және дұрыс пайдалану жұмыстары қарастырылуы керек.
Жаңа жайылымдарды игеріп, қазір пайдаланылып жүрген жайылым телімдерінің шөбін жақсартумен бірге, бүгінгі су құрылыстарын қайта құру жөнінде едәуір жұмыс істелуі керек болып отыр. Себебі, көптеген жайылымдарда осы уақытқа дейін табиғи ашық суаттарды (өзен, көл, бұлақ, т.с.) пайдалану жолымен мал оттап келген еді. Бұлардың бір қатарының суы тапшы болғандықтан мал суарудан қалды, ал екінші бөлігіне, өзендер мен көлдерге – малды тікелей суатқа құлатып суармау керек, олардың шабындық жерлерін немесе топырағы құнарлы саласына қолдан егілген шалғындарды малға таптатпау жағын қарастыру керек. Бүгінге дейін табиғи суаттары жабайы түрде пайдаланылып келеді: мал өз бетімен келіп су іше береді. Соның салдарынан кең-байтақ жайқалған шабындықтар малдың аяқ астында тапталып, оранды тоғайлар, бұталар құрып кетіп жүргені байқалады.
Табиғи суаттардан малды тиімді суару үшін малдың суға келетін жағасын белгілеп, оған жанасқан жайылымды ескере отырып, жолын тазарту керек, табиғи не қолдан қоршау жасап, егіске, шабындыққа және өзен-көл саласындағы жайылымға малды жолатпау керек. Мал суаруды осылай ұйымдастырғанда біріншіден, саладағы жайылым, шабындық шөбі жақсармақ, екіншіден, малды бағып, ұстаудың мал дәрігерлік және санитарлық-тазалық ережелері анағұрлым қаталырақ сақталатын болады.
Қолдан жасалған су құрылыстарының едәуірі көптеген шаруашылықтарда қазіргі уақытта түрлі себеппен жұмыс істемейді: дұрыс пайдаланылмағандықтан (мысалы, уақытында тазартылмағандықтан, ешбір күтімі жоқтықтан) құдықтың суы тартылып кетеді, не құрып кетеді. Әлбетте, мұндай құдықтарды қалпына келтіру керек болады, бірақ оларды су көтеретін казіргі заманғы механизмдермен және онан да гөрі жақсырақ басқа техникамен жабдықтаған жөн.
Қолдан жасалып, бұрын жұмыс істеп келген су көздерін қайта құру не қалпына келтіру жұмысының көлемі жаңа жайылымдарды игеру жұмысындағымен бірдей деуге болады. Солай бола тұрса да, бұл жұмысты белгілі бір жоспармен жылдам, табындылықпен жүзеге асыра беру керек, ал жоспарда жыл сайын істелетін жұмыстың көлемі, ақша қаражаты, машиналар, құрал-жабдықтар, басқа да материалдық-техникалық заттар көрсетілуге тиіс екенін айтамыз.
Республиканың озат шаруашылықтарының тәжірибесіне қарағанда, қойды жақсы сумен үзбей суарып тұру – одан өнімді мол алудың шешуші шарттарының бірі екендігін көрсетеді, Сондықтан ондай шаруашылықтарда жайылымды суландыруды дұрыстап ұйымдастыру, құдықтар мен суаттарды күтіп ұстау, су көтеру процесін ылғи жетілдіре беру және мал суару ісін толық автоматтандыру мәселелеріне бірінші кезекті мән беріп отырылады.
Кейбір шаруашылықтарда суат пункттерінің қасынан мал күйсеп, тынығатын орны: жазда көлеңкелі жаппалар, қыста - ықтасын жасалған. Мысалы, суат пункттерінің жанынан жәй жаппалар жасау, көгал зонт деп аталатын ағаш егу-мал өнімін 10-15 процент арттыруға көмектеседі. Көгал зонттың республикада ең тұңғыш жасаған - Семей ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы, оның бастамасын барынша қолдап, бұл тәжірибесін мал өсіретін барлық шаруашылықтарда кеңінен жарата беру қажет.
Жайылымның шөбін жақсартуға кіріскенде, қой өсіретін әрбір шаруашылық бірқатар дайындық жұмысын жүргізуге тиіс. Ең алдымен, шөп егілетін топырақты дайындау қажет болады; жергілікті климат жағдайының ерекшеліктеріне неғұрлым сәйкес жемшөп дақылдарының тұқымын немесе жақсартылатын жайылымның топырағына сай келетін жабайы шөптердің сорттары мен түр-түрін керекті мөлшерде сатып машиналарын іріктеп, сайлап алу керек; тұқымдық участоктар жасау керек және тағысын-тағылар.
Топырақты дайындарда ерекше көңіл бөлетін нәрсе – ол жұмыс жел және су эрозиясына қарсы күрес жүргізу жөніндегі нұсқауға толық сәйкес болуға тиіс. Мысалы, дала жайылымының жақсартылатын жерлерінде жел эрозиясы болмауы үшін, жердің шөпті бетін (аңызын) сақтай отырып, қайыра жыртпай, өңдеп шөп егеді, егісті арасына өңір тастап орналастырады (табиғи өскен және қолдан егілген шөп егісі келесі жылға қалдырылады). Көптеген шөптерді егу үшін топырақты бір жыл, жарым жыл бұрын дайындау керек, сөйтіп ылғалды көбірек жинап, табиғи шөптердің өсе беруіне қарсы күрес жүргізу керек, өйткені өсімдіктердің көбі арам шөп, әдетте оларды мал жемейді. Жайылымға шөпті ең жақсысы ерте мерзімде еккен жөн, сонда, топырақ кеуіп кетпей тұрғанда, қаулап көктем шығады. Ең алдымен топырағы тәуірірек жердің жайылымы жақсартылады. Жайылымға жарамды жерлердің бәрін үнемі жақсартып тұру мақсатымен, топырағы тәуір жерді шөп тұқымын өндіру үшін пайдалану керек.
ВАСХНИЛ академигі И. В. Ларин соңынан К. Ә. Асанов бастаған Қазақстан ғалымдарының ғылыми ізденулерінің озат практиканың арқасында, республиканың күллі дерлік табиғи-географиялық аймақтарының жағдайында лайықты етіліп, шабындықтар мен жайылымдардың шөбін жақсартудың негізгі мәселелері жасалып шықты. Сөйтіп республиканың жазық және таулы аймақтарының қалаған жайылым өрісі мен участогына лайықты, қуаңшылыққа негұрлым төзімді және нақты жағдайда бітік шығатын мәдени немесе жабайы шөптер іріктеп алынды, оларды егіп өсірсе, табиғи жайылымдардың шөбі 3-5 есе артпақ, тіпті одан да молырақ болмақ.
Солтүстік Қазақстанның орманды-далалы аудандарында қой өрістейтін жайылымдарды жақсарту үшін оларға әр түрлі сортты шөптерді - беде, жоңышқа (оңтүстіктен әкелінетін тұқым есебінен), көкше бедесін, эспарцет, түйе жоңышқа, қылтықсыз арпабас, регнерий (омбылық), көргентамырсыз бидайық және басқа шөптерді егу керек. Республиканың солтүстік облыстарындағы далалы аудандарда жоғарыда көрсетілген көп жылдық шөптерден нәтижелі шығатын сорттары - тапшы жауын - шашынға көндіккен, сонымен бірге суыққа төзімді, мысалы, көкше бедесі, ремблер бедесі (Канада елінде жайылымда өсетін), Карағандыда құмға егіп жақсартылған эспарцет, түйе жоңышқа, басқалары.
Қуаңшылықты аудандарда жақсы өсіп шыққан негізгі дақылдар - еркек шөп (микроаймақтың ерекшелігіне қарай жіңішке немесе жалпақ масақты), ремблер бедесі, ақ түйе жоңышқа (сортаң участокта). Бұл аймақта жемшөптік маңызы қүштісінің бірі – жабайы өсіп шығатын сары беде, оны сақтап, егіп өсіру ісі – агрономиялық міндет. Сонықтан жайылым өрісі мен участоктарын болғанша, ол жерге тимеу керек. Қуаңшылықты және шөлейт аймақтардағы жайылымдарды, әсіресе қора төңірегіндегі участоктар мен өрісті жақсарту үшін өте көңіл бөлінетін шөп – тарлау, ол күзде жақсы өсіп, ерте көктемде шашалы көк шөпті мол береді.
Шөл және шөлейт аймақтарды әлі де зерттеңкіреп, мәдени өсімдікке айналдыру үшін біраз жұмыс жүргізетін көптеген жабайы шөптер, бұталы және жартылай бұталы өсімдіктер бар. Қазіргі уақытта жайылым шөбін жақсарта түсу үшін мына шөптерді егуге болады: изен, теріскен, күйреуік, жусанның түрлі-түрі, тарлау, жіңішке масақты еркек шөп, т. т. Жері жыртуға жарамды учаскелерде қуаңшылыққа төзімді мәдени өсімдіктер сортын егу ұсынылады, олар: мақсары, могар, сорго, судан шөбі, күздік қара бидай, көп жылдық қара бидай (пішенге арналғаны). Ықтасын алқабы, сол сияқты мал азығы есебінде, қыс қатты болған шақта, жайылымда сексеуіл, жыңғыл, жиде, қараған, жүзген, т.с.с. егу пайдалы.
Таулы аудандарда тау жотасынан бастап баурайына дейінгі жері солтүстіктен (орманды-далалы) оңтүстікке (шөлейт және шөлді жаққа) қарай тартатын жазық аймақ шөп егуге сәйкес келеді. Мысалы, биіктігі теңіз деңгейінен 1,8 - 2,5 мың метр жоғары жататын тауларда тоғайда қалыптасқан көп жылдық шөптер – жоңышқа, тарғақ шөп, тау атқонағы, қылтықсыз арпабас т. б. жақсы өсіп шығады. Алайда мұнда жайылымды жақсарту ісі қиынға соғады, жер бедері ауыртпалық туғызады, тегіс жерге лайықталып жасалған әдеткі машиналармен жұмыс істеуге болмайды. Жайылым шөптерін егіп өсірудің агротехникасы да әлі жасалмаған. Айталық, тау бөктерін әдеткі тәсілмен жырту ісі топырақтың су эрозиясын туғызуы мүмкін, ал оған мұндай жерде әсте де жол беруге болмайды. Демек, мұндай мәселелерді жан-жақты зерттеп, өндіріс жағдайында тиянақты сыннан өткізу керек болады. Қазіргі уақытта таудағы топырағы жыртуға жарамды жайылымдардың шөбін дереу жақсарта бастау керек.
Жалпы алғанда мал шаруашылығының, ал атап айтқанда, қой шаруашылығының жемшөп базасын нығайту ісінде көлдете (лиман) және жауындата (оазис) суарудың айрықша маңызы бар.
Көлдете суару жұмысын Қазақстан даласындағы ойпат жерлері, өзені мен көлі бар шаруашылықтардың бәріне де жүргізуге болады. Ағын су мен жаңбыр суының жайылып, үлкен су қоймаларына құятын бірқатар жазық жерлерін де суландыруға болады. Лиманды шабындықтар мен көп жылдық шөп егістерін, ең алдымен жемшөптік дақылдарды суландыру үшін пайдалану - бұл араның шөбін молайтудың өте бір қолайлы әдісі. Оны суландыру ісін дұрыс жүргізгенде, әдетте, мал азығындық шөптер мен екпе дақылдардың өнімін 3 – 5 есе, тіпті одан да көбірек арттыруға болады. Табиғи лиманның көлемі Қазақстанда қазіргі уақытта едәуір кеміді, оған себеп – соңғы жылдары құрғақшылық болды және қар аз жауды, өткелі кезеңде оған мән де беріледі.
Көлдете суарылатын жердің көлемін едәуір кеңейтудің кезеккүттірмейтін міндеті - ең алдымен, бұрын пайдаланылған лимандардың бәрін қалпына келтіру, ал бұл жұмыс әр шаруашылықтың қолынан келеді. Рас, қазір егіске пайдаланатын жазық (бұрынғы тың) жерлердің біразында су біркелкі тегіс жайылып ақпайды, ал енді қары қалың түскен жылдары қар суы ойпаң жерлермен сарқырап қатты ағады да, жерді жырып-жырып кетеді, ескі сай-саланы тереңдетіп әрі кеңейтіп тастайды. Демек, бұрын лиманы болған шаруашылықтың қай-қайсысы болса да сол лимандарды зерттеп, бұрынғы қалпына келтіруге тиіс, топырақты су шаю қамын ойластырған жөн.
Қазақстанда жерді көлдете суландырудың екінші маңызды міндеті – мамандардан комиссия құру (құрамында – шаруашылықтың бастығы, топограф, гидротехник, топырақ зерттеуші, экономист, агроном және басқа мамандар болуға тиіс). Ол комиссия әрбір аудан, және шаруашылықтың территориясын зерттеп, қолдан лиман жасаудың мүмкіндігін, көлемін, сол сияқты экономикалық тиімділгін анықтауы керек.
Нөсерлеп жауып, көп күнге созылған жаңбыр суын табиғи және қолдан жасалған су қоймаларына ағызып жинап, онымен шабындықты көлдете суаруға пайдалану проблемасы да болашағы зор жұмыс. Қазақстанда мұндай жағдай әлі пайдаланылмай келеді. Алайда австралиялықтардың тәжірибесі бойынша, жаңбыр суын жинап, оны сорап арқылы ағызып, су қоймасын жасап, қой өсіру - ауыл шаруашылығының басты саласы болып отырған аудандарда, әсіресе құрғақшылықты аудандарда жерін сондай сумен көлдете суландырса - ол өте тиімді болатыны анық.
Ауыл шаруашылығы министрлігі, оның органдары мен жобалаушы ұйымдар, Қазақстанның шаруашылықтарына лиман жасаудың және оны пайдаланудың көптеген мәселелерін техникалық жағынан дұрыс шешуіне нақты көмек көрсетуге тиіс.
Агротехникалық тұрғыдан алғанда лиман көлемінде ең керектісі - өнімі жоғары жемшөптік дақылдар өсіру, әсіресе көп жылдық бұршақтар мен дәнді шөптер егіп өсіру. Егер жері жазық келі, ойлы – қырлы бедері аз болса, онда тіпті жүгері, арпа, тары және солар сияқты дақылдарды да егуге болады. Көп жылдық шөптерді еккенде шабындықтың қыртысын мейлінше азырақ бүлдіруге тырысу керек, ал эрозия туатындай жағдайда ең жақсысы – үстеп шөп егу.
Топырағы мен бедері шөп егуге және үстеп егуге мүмкіндік бермейтін лиман алаңында табиғи өсіп шыққан шөбіне тиюге болмайды, ол үшін әуелі әр алаңға лайықты агротехникалық әдіс және топырақтың су эрозиясына жол бермейтін гидротехникалық тәсілдер жасалуға тиіс. Мұндай ретте лиман шабындығы шөбінің ботаникалық құрамын жақсарту үшін неғұрлым құнды мал азығындық шөптердің өсіп шығуына қолайлы жағдай жасау керек болады, атап айтқанда, тұқымдануы үшін өңір-өңірде шөптерді әдейі шаппай қалдыру керек, қажет болса арнаулы әсер ететін гербицидтерді қолданып, өсімдіктің арам шөптеріне қарсы күрес жүргізген жөн.
Көлдете суландыруды жақсарта түсудің өте бір маңызды және болашағы зор әдісі топырақтың ерекшелігіне қарай әр түрлі тыңайтқыш қолдану. Ғылым мен озат практика қазірдің өзінде – ақ лиман шабындықтарын тыңайтудың бай тәжірибесіне ие болып отыр: арнаулы шұңқырға түйір тыңайтқыш (көп уақыт әсер ету үшін ), сол сияқты көң шашылады. Лиман жолына үйілген көңнен шайылып шыққан тыңайтқыш заттарды шабындыққа шашса, ол өте нәтижелі болады.
Әрбір шаруашылықта лиман системасын ұзақ және тиімді пайдалану үшін неше рет суарудың, суару ұзақтығының және су нормасының ережесі мен нұсқауын қатал сақтаудың, өскен шөпті жаман жағдайға ұшыратпаудың (дәні мен бұршағының түсіп төгіліп қалмауының), топырақтың сорланып кетуіне, әсіресе екінші рет (жер астындағы тұзды суды көтеруден) сорланып қалуына және тағы басқа қолайсыз жағдайға жол бермеудің шешуші маңызы бар.
Жоғарыда келтірілген ұсыныстарды еске алғанда, көлдете суару жұмысы лиман жүйесін салып, пайдалана алатын барлық шаруашылықта, әсіресе Орталық, Батыс және Шығыс Қазақстан аудандарындағы шаруашылықтарда кеңінен орын алуы мүмкін және керек те.
Қазақстанда, ең алдымен шөл, шөлейт және құрғақшылықты аймақтардың қуаң аудандарында жемшөп өндіруді ұйымдастырудың аса зор бір мүмкіншілігі – жерге суды жауындата шашу. Бұл жөнінде әлі қол тигізілмей жатқан нәрсе – табиғи су көздерінің (бұлақтар мен сарқырамалардың), артезиан ұңғымалары мен құдықтарының суы.
Қазір, мысалы, суды жауындата шашып суарылған 1 гектар жерде 100 қойды ұстайтын сақтық жемшөп қорын жасауға болатындығы дәлелденіп отыр, енді оған ешкім де таласа алмайды. Қазіргі кезеңде бұлай суару құрғақшылық жағдайда жемшөп қорын жинаудың неғұрлым дұрыс та сенімді жолы болмақ. Бұл жұмыс су көзі мол болған жағдайда да, әсіресе бұлақ суы мен артезиан құдықтары бар жерлерде кең өріс алуға тиіс.
Жерді жауындата суарудың әдеттегі дұрыстап суарудан айырмашылығы – оның суаратын жерінің көлемі шағын келеді. Дегенмен жемшөптік дақылдардан, сол сияқты көкөніс (қой шаруашылығы қызметкерлеріне арнап) мол өнім алу үшін суды пайдалануды жөндеп ұйымдастырса, онда жерді жаңбырша жауындата суарудың аудан, облыс, тіпті республика көлемінде тиімділігі айтарлықтай байқалатыны анық.
Қазақстанның шөл және шөлейт жерлеріндегі жайылымдарды жауындата суарудың және тиімді етіп суландырудың болашағының зор екендігінің тағы бір себебі сол, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері У. М. Ахметсафин басқарған гидрологтар ашқан жер астындағы теңіздердің суын кең көлемде пайдалануға байланысты оның келешегі онан сайын арта түспек.
Шөл және шөлейт жерлердегі мал азығындық жайылымдарға ағаш егіп, су қоймаларын жасау жөнінде шаруашылықтар, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындары көп жұмыс істеуге тиіс болып отыр. Қазақ қаракөл және бұта (С. Әбдраимов) сексеуілден және жапырақты ағаш тұқымынан, сол сияқты бұталы ағаштардан орман алқабын жасау жөнінде сәтті шыққан алғашқы тәжірибелерінің нәтижесін Қазақстанда мал шаруашылығы үшін кең-байтақ көлемде жемшөп базасын жасау мақсатында, ойдағыдай пайдалануға әбден болады.
Табиғи жемшөпті жерлерді игеріп, мал азығы базасын жасаудың жоғарыда аталған өндірістік, тәжірибе-жобалық және ғылыми-зерттеу міндеттері Қазақстан қой шаруашылығын өркендету келешегімен тығыз байланысты.
Барлық шаруашылықтар өндірісіне жемшөп базасын жасаудың ғылыми негіздері мен практикалық әдістерін енгізу ісі, сөз жоқ, белгілі бір уақытты керек етеді. Мұның тағы бір себебі, шөлді және шөлейтті аудандарда жемшөп өндіру жұмысын бастау және жақсылап ұйымдастыру үшін бір-екі әрекет жасау, әдетте, жеткіліксіз болады, төзіп шыдай білу, озаттардың өнегелі тәжірибесін іздестіріп, ғалымдардың ақыл-кеңесін тыңдап, күтпеген қиыншылықтарды жеңу ісінде табандылық көрсету керек болар. Құрғақшылық аудандарда қой өсіру үшін жемшөп қорын жасау ісі бірқатар қиыншылыққа байланысты болып отыр, соның салдарынан жемшөп өндіруге шыққан шығын, егіншілігі күшті аудандарға қарағанда, көп қаражат жұмсау керек деушілік, жемшөп қорын жасауды тежемеуге тиіс.
Бұл жерлерден жемшөп алудағы басты мақсат – малдан өнімді көп алуда емес, қыста мал басын сақтай білуде болып отыр. Мұның өзі жайылымда бағылатын мал өнімінің өзіндік құнын қымбаттатпайды, қайта жайылым шөбін барынша пайдалануға мүмкіндік туғызады. Бұл пікірдің дұрыстығына көз жеткізу үшін мынаны еске түсіруге болады. 2005 жылы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қысқы жайылымда табиғаттың қысылшаң кезеңінде, қой басын сақтауға арнап дайындалған жемшөп болмай қалған кезде, жемшөпті егіншілікпен айналысатын аудандардан тасуға тура келеді, ал енді оны тасуды дер кезінде ұйымдастыра алмаған шақта – самолетпен жеткізуге мәжбүр болды. Мұның бәрі, әрине, қымбатқа түсті. Кейде қойдың өзіндік құны табиғаттың қысылшаң уақытында жұмсалған қаржыдан кем болып шығады. Қыс қатты болған кезде мұндай қолайсыз жағдайға жол бермеу үшін, мал қыстататын жерге жемшөп қорын күні бұрын тасып жеткізіп қою керек. Кейбір басшылар қысқы жайылымда жағдай тіпті жақсы болғанның өзінде де, онда мал ұстаудың ешбір қажеті жоқ дегенді айтады. Ал енді шаруаның мән-жайын жақсы білетін мамандар мұндай көзқарастың мүлде жаңылыс екенін айтады, тіпті қажетті жемшөп қорын жасамай-ақ, қора-жай салмай-ақ, қойды қыста тек жайылымда ғана бағу керек деу – түкке тұрмайтын пікір екенін дәлелдейді. Алдыңғы қатарлы шаруашылықтар қазір мал қыстататын жайылым аймақтарында жемшөп қорын мүмкіндігінше көп жинайтын болды.
Қойды жайылымда ұстап бағудың көп жылғы тәжірибесі және мал қыстатқан уақытта табиғаттың ауыр жағдайымен ойдағыдай күрес жүргізудің өнегелі үлгісі, өмірдің өзі туғызған қағиданы қатал ұстауды талап етеді: жемшөп қорын көздің қарашығындай сақтап, оны тек өте қажет болған жағдайда ғана және үнемдеп жұмсау керек. Жемшөп қорын жиған үстіне жинап, оны бір жылдан екінші жылға көшіріп отыру керек. Егер дайындалған жемшөп қоры биылғы қыста қажет болмай қалса, онда оны келесі қысқа сақтау керек, өйткені жауын-шашын ала-құла жауып, құрғақшылық жылдар жиі қайталай берген кезде, малын жайылымда бағатын аудандарда жемшөп жинап, қорды толықтыруға мүмкіншілігі болмай қалатын жыл туып қалуы ықтимал. Республиканың шаруашылықтарында қойды жайылымда бағу жұмысымен шұғылданатындардың бәрі жемшөп өндіру, дайындау, сақтау және пайдалану ісін ұйымдастыру жөнінде жоғарыда көрсетілген ережелер мен ұсыныстарды қатал сақтау қажеттігін әрдайым естен шығармауы керек. Қыста мал басын сақтаудың шешуші шарттарының бірі, қой шаруашылығын ғылыми негізде дамыту жолы нақ осында болып отыр.
Республика шаруашылықтарының көпшілігінде көшіп-қонып жүріп қой бағудың мешеу системасы әлі күнге сақталып келеді. Мұның өзі еңбекті ұйымдастыруда үлкен кедергі болып отыр. Сондықтан бұл жағдайды да ойланатын уақыт жетті.