Аржылық жоспарлаудың (болжаудың) мазмұны, міндеттері, қағидаттары және әдістері

Қаржылық жоспарлау – бұл қаржылық механизмнің қосалқы жүйесі, саналы басқарудың аса маңызды элементтерінің бірі және әлеуметтік-экономикалық жоспарлаудың құрамды бөлігі. Ол эко-номиканың үйлесімді және тепе-теңдік дамуына жетуге, біртұтас ұлттық шаруашылық кешенінің барлық буындарының қызметін үйлестіруге, қоғамдық өндіріс өсуінің жоғарғы қарқынын қамтамасыз етуге, халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған. Қаржылық жоспарлаудың өзіндік ерекшелігі сол, бұл жоспарлау өндірістің материалдық-заттай элементтеріне ақшамен қауыштырылған бөлудің қоғамдық ұдайы өндіріске белсенді ықпал жасауына ақша қозғалысының салыстырмалы дербестігіне байланысты ақшалай нысанда жүзеге асырылады.

Қаржылық жоспарлаудың мазмұны экономикалық субъектілердің ақшалай табыстар мен қорланымдарды жасау, бөлу және қайта бөлуді экономикалық үдерістермен оңтайландырудың күні бұрын анықталған мүмкіндік ретінде көрінеді және осының негізінде орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақшалай қорларды қалыптастыру және пайдалану.

Қаржылық жоспарлаудың объекті шаруашылық жүргізуші субъектілер мен мемлекеттің қаржылық қызметі, ал қорытынды нәтижесі қаржы жоспарлары мен қаржыландырудың дара жоспарларынан бастап мемлекеттің жиынтық қаржы жоспарына дейінгі қаржы жоспарларын жасау болып табылады. Әрбір жоспарда белгілі бір мерзімге белгіленген кірістер мен шығыстар, қаржы және кредит жүйелерінің буындары мен байланыстары анықталады.

Қаржылық жоспарлаудың нақтылы міндеттері қаржылық саясатпен айқындалады. Бұл:

1) қаржылық ресурстарды қалыптастыру көздерін және олардың мөлшерін анықтау;

2) орталықтандырылған және орталықтандырылмаған қорлар, ұлттық шаруашылықтың салалары және әкімшілік-аумақтық бөлімшелер арасында қаражаттарды бөлудің оңтайлы үйлесімдерін белгілеу;

3) ресурстарды пайдаланудың нақтылы бағыттарын анықтау және қажетті резервтер жасау.

Қаржылық жоспарлау экономиканы және оның буындарын басқарудың аса маңызды функциясы болып табылады. Қаржылық жоспарлауды мемлекеттік билік пен басқарудың органдары, мекемелері және олардың жоғарғы құрылымдары жүзеге асырады.

Шаруашылық жүргізудің рыноктық жағдайларында шаруашылық жүргізудің белгіленетін түпкі нәтижелеріне ықпал етуші көптеген факторлардың екі ұштылығына байланысты қаржылық жоспарлау көбінесе болжау ретінде жүргізіледі.

Болжам – арнайы ғылыми зерттелім негізінде болашақта қандайда бір жай-күй туралы ықтималдық жормалдау. Болжау – қандайда бір құбылыс объекті, үдеріс дамуының нақтылы перспективалары туралы болжам әзірлеу. Қаржыларға қатысты болжаудағы құбылыс дамуы – бұл қаржылық қатынастарды мүмкіндігінше жетілдіру, объект – қаржылық ресурстар, үдеріс – ақшалай қаражат қорларының қозғалысы.

Жоспар – іс-әрекеттерді немесе іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібін, мезгілдерін және дәйектілігін анықтайтын тапсырмалардың бірыңғай мақсатына жетуге бағытталған өзара байланысты жүйе. Жоспарлау – тегінде жоспарды әзірлеуде, оның орындалуын ұйымдастыруды және атқарылуын бақылауды қамтитын үдеріс.

Шаруашылық жүргізудің рыноктық жүйесінде сонымен бірге индикативтік, яғни ұсынбалы (нұсқамалық) жоспарлау пайдаланылады; ол ақпараттық-үйлестіруші рөлді орындайды және қаржылық қызметтің субъектілеріне экономикалық реттеушілер арқылы жанама түрде ықпал етеді.

Қаржылық болжау – мемлекеттің мүмкін болатын қаржы жағдайын алдын ала көре білу, қаржы жоспарларының көрсеткіштерін негіздеу (дәлелдеу). Болжамдар орташа мерзімді (5-10 жыл) және ұзақ мерзімді (10 жылдан астам) болуы мүмкін. Қаржылық болжау қаржы жоспарларын жасау стадияларынан бұрын болады, қоғам дамуының белгілі бір кезеңіне арналған қаржылық саясаттың тұжырымын жасайды. Қаржылық болжаудың мақсаты – болжанған кезеңдегі қаржылық ресурстардың шынайы мүмкін болатын ауқымын, оларды қалыптастырудың көздерін және пайдалануды анықтау болып табылады. Болжамдар қаржы жүйесінің органдарына қаржы жүйесін (құрамын) дамыту мен жетілдірудің түрлі нұсқаларын, қаржылық саясатты іске асырудың нысандары мен әдістерін белгілеуге мүмкіндік береді.

Қаржылық болжау әр түрлі әдістерді қолдануды қажет етеді:

экономикалық үдерістерді анықтайтын факторларға қарай қаржы жоспарлары көрсеткіштерінің динамикасын бейнелеп көрсететін экономикалық моделдерді жасау;

корреляциялық-регрессиялық талдау;

тікелей сараптамалық бағалау әдісі.

Әлеуметтік-экономикалық болжау жүйесінде қаржылық жоспарлау белсенді рөл атқарады. Қаржы жоспарларын әзірлеу кезінде өндірістік тапсырмалардың қаурыттылығының дәрежесі тексеріледі, өнім өндіру мен оның сапасын жақсарту бойынша өндірістік қуаттылықтарды неғұрлым толық пайдалану есебінен, шығындарды төмендету және өнімсіз шығасыларды қысқарту резервтер есебінен қаржылық ресурстарды көбейтудің мүмкіндіктері анықталады. Сонымен бірге қолда бар материалдық ресурстарды тартуды, айналым қаражаттарының айналымдылығын тездетуді, құрылыстың сметалық құнын төмендетуді, басқару аппаратын ұстау шығындарын қысқартуды және т.б. ескере отырып ақшаға деген қажеттілікті азайтуың жолдары қарастырылады. Сөйтіп қаржылық жоспарлау, бір жағынан, қаржыны басқарудың құралы, басқа жағынан, қоғамдық өндірістің үдерісіне ықпал жасаудың белсенді құралы болып табылады.

Бюджеттік ресурстарды мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, нақтылы, өлшенетін, қоғамдық мәнді нәтижелерге қол жеткізуде бюджеттік үдерістің барлық қатысушыларының тұрақты қызығушылығы мен ынталандырмаларын дамыту нәтижеге бағытталған бюджеттендір әдісі, яғни мемлекеттік саясаттың басымдықтарын және бюджеттік қаражаттарды пайдаланудың күтілетін нәтижелерінің қоғамдық мәнділігін есепке ала отырып, мемлекеттің мақсаттары, міндеттері және функциялары бойынша бюджеттік ресурстарды бөлуді қамтамасыз ететін бюджетті жоспарлау, атқару және атқарылуын бақылау әдісі арқылы жүргізіледі. Нәтиже көрсеткіштері – стратегиялық жоспар мен бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі мемлекеттік органның қызметін сипаттайтын тура және түпкі нәтижелердің, бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштері мен тиімділігінің жиынтығы. Нәтижеліктің екі аспектісі бөліп көрсетіледі: тура нәтиже – түгелдей мемлекеттік орган қызметіне тәуелді болып келетін оған қарастырылған бюджеттік қаражаттар шегінде мемлекеттік орган көрсететін мемлекеттік қызметтердің көлемін сандық сипаттау; түпкі нәтиже – белгілі бір мемлекеттік орган қызметінің тура нәтижелігіне қол жеткізумен, басқа мемлекеттік органдар қызметімен шарттасылған халықтың өмір тіршілігінің деңгейі мен сапасының, әлеуметтік сфераның, экономиканың қоғамдық қауіпсіздіктің және мемлекеттік басқарудың(сфералардың) басқа салаларының мақсатты жай-күйі (жай-күйдің өзгеруі).

Қаржылық жоспарлаудың әдістемелігі аса маңызды мына қағидаттарға негізделеді: орталықтандырылған және орталықтандырылмаған тәсілдемелердің үйлесуі, бірлік, үздіксіздік.

Бірінші қағидат қаржы жоспарларын жасағанда екі негіздің (бастаудың) – орталықтандырылған қаржылық жоспарлаудың жергілікті (төменгі) бастаманы барынша дамытумен етене ұштасуын білдіреді. Орталықтандырылған қаржылық жоспарлау мемлекетке бірыңғай қаржылық саясатты жүргізуге, мемлекет ауқымында қаржылық ресурстарды бөлуді және қайта бөлуді нысаналы басқаруға мүмкіндік береді. Қаржылық жоспарлаудағы децентрализм өндірістік бөліністер мен биліктің жергілікті органдарының нақтылы жоспарлар жасап, оларды орындаудағы, өндірісті өркендетудің және оның нәтижелігін арттырудың резервтерін іздестірудегі шығармашылық белсенділігін дамытуға жәрдемдеседі.

Биліктің жергілікті органдары бюджеттерінің олардың аумағында орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің нәтижесіне тәуелділігін белгілейтін ұзақ мерзімді нормативтердің негізінде өңірлердің қаржыларын басқарудың экономикалық әдістеріне көшу үлкен маңызға ие болып келеді. Сонымен бір мезгілде жалпымемлекеттік қаржыларды жүйелі түрде нығайту, мем-лекеттік бюджеттің кіріс бөлігінің тұрақтылығын,қоғамдық өндіріс дамуының әлеуметтік бағдарлануын күшейтуде, тиімділікті арттыруда оның рөлін арттыру қажет.

Бірлік қағидаты қаржылық жоспарлаудың экономикалық және әлеуметтік жоспарлаумен тығыз өзара байланысы мен өзара тәуелділігінде көрініп білінеді. Қаржы жоспарларының негізінде экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары мен болжамдарының көрсеткіштері жатыр. Сонымен бірге қаржылық жоспарлаудың барысында объектінің дамуының белгіленген параметрлері дәлелденіп анықталады, экономикалық және әлеуметтік жоспардың жеке элементтері мен бөлімдерінің баланстық байланыстары тексеріледі. Қаржылық жоспарлаудың бірлігі сонымен бірге қаржы жоспарларының барлық түрлерінің тығыз өзара байланысын білдіреді. Жоғарғы ұйымдардың қаржы жоспарларының көрсеткіштері оған қарасты субъектілердің жоспарлы жобаламаларын кіріктіреді. Мемлекеттік деңгейде жасалынатын қаржы жоспарлары (мемлекеттік бюджет) басқарудың жергілікті органдарының кәсіпорындары мен ұйымдарының қаржы жоспарларының көрсеткіштерін тірек етеді.

Жоспарлаудың үздіксіздік қағидаты перспективалық және жылдық (ағымдағы) қаржы жоспарларының тығыз үйлесуін шамалайды, бұған перспективалық жоспарлаудың іс-қимылының мезгілін ұзартумен және жылдық жоспарлауда олардың міндеттерін нақтылаумен қол жетеді. Қаржыны жоспарлаудың бұл қағидаты ағымдағы және перспективалық жоспарлаудың арасында үзілісті болдырмауға, шаруашылық жүргізуші субъектілерді, олардың нақтылы даму перспективаларын анықтай отырып, дұрыс бағыттауға мүмкіндік береді; бұл қағидат шығыстардың көпшілігі үшін, әсіресе мемлекет қаржысын бөлуді есептеу кезінде қолданылады.

Қаржыны жоспарлау (болжау) белгілі әдістердің көмегімен жүзеге асырылады, олардың қатарына жататын ең маңыздылары мыналар:

1. Есеп-қисаптық-талдамалық әдіс. Оның мағынасы қаржылық көрсеткіштерді олардың динамикасын белгілеу негізінде анықтауда болады. Есеп-қисаптар есепті кезеңнің жетістіктері және оларды өсудің немесе төмендеудің салыстырмалы тұрақты қарқынына түзету негізінде жүргізіледі. Мұндай тәртіптің айтарлықтай кемшіліктері бар:

мүмкін болатын ішкішаруашылықтық резервтерді анықтауды есепке алмайды;

материалдық және ақшалай ресурстарды пайдалануға теріс әсер етеді, өйткені жоспарланатын кезеңде олардың көлемі қол жеткен деңгейге қарай анықталады.

2. Сараптық бағалаулар әдісі жоспарлау объектісінің жай-күйінің параметрлерін анықтау үшін аса білікті мамандардың – сарапшылардың тәжірибесін пайдалануды қажет етеді.

3. Нормативтік әдіске сәйкес жоспарлы қаржылық көрсеткіштер белгіленген нормалар мен нормативтердің негізінде есептеп шығарылады.

4. Баланстық әдіс шығындардың оларды жабу көздерімен үйлесушілігін, қаржы жоспарларының барлық бөлімдерінің, сонымен бірге өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің өзара үйлесуін қарастырады. Қаржы балансының талаптарын сақтау кәсіпорынның, саланың, бюджеттердің, бүкіл ұлттық шаруашылықтың шығындары мен табыстарының арасында үйлесімсіздіктің пайда болуынан сақтандыруға; ұлттық шаруашылықты дамытудың қажетті қарқындары мен үйлесімдерін анықтауға; ішкі резервтерді жұмылдыруды ескере отырып оларды жан-жақты негіздеуге мүмкіндік береді.

5. Бағдарламалық мақсатты әдіс әр түрлі деңгейлерде – жалпыұлттық, салалық, бастапқы деңгейлерде жүзеге асырылатын ғылыми-техникалық бағдарламалар негізіндегі қаржылық болжау әдістерінің бірі ретінде рынок жағдайларында дамып отыр. Қаржылық бағдарламалау – бағдарламалық-мақсатты әдісті пайдаланатын қаржылық жоспарлау әдісі, оның негізіне айқын тұжырымдалған мақсаттар мен оған жету құралдары қойылған: басымдықтарды белгілеу, қаражаттарды жұмсаудың тиімділігін арттыру, баламалы нұсқаны таңдауға сәйкес қаржыландыруды тоқтату.

6. Экономикалық математикалық әдістер ЭВМ-ді пайдалана отырып есеп-қисаптардың көп нұсқалылығы жағдайларында ең жақсы шешімдерді таңдау үшін қолданылады.

Объективті талаптарға жауап беретін қаржылық жоспарлауды ұйымдастыру оның негізгі қағидаттарын саналы есепке алуды қажет етеді. Отандық экономикалық әдебиеттерде қаржылық жоспарлаудың қағидаттарын анықтауда әр түрлі көзқарас бар. Алайда қағидаттар басқарудың бұл стадиясының негізгі ережелері ретінде дамудың барлық дәуірі, кезеңдері үшін бірдей болады. Өзгеретін жоспарлаудың қағидаттары емес, тек оларды іске асырудың механизмі, өндіргіш күштердің, ғылымның және көптеген басқа факторлардың даму деңгейіне байланысты оның әдістері өзгереді.

Қаржылық жоспарлауда тарихи мына ұйымдық қағидаттар қалыптасты: ведомстволық, салалық, аумақтық және предметтік-мақсатты.

Ведомстволық және салалық қағидаттар экономиканы бір орталықтан басқарудың (оның қатаң, әміршіл әдістерімен) кезеңіне сипатты болды.

Рыноктық қатынастар жағдайларында аумақтық және предметтік-мақсатты қағидаттар кеңінен қолданылатын болады. Аумақтық қаржылық жоспарлау әкімшілік-аумақтық бөліністердің қаржылық ресурстарын анықтауға мүмкіндік береді; ресурстар ауқымын шаруашылық қызметтің нәтижелеріне тәуелді ғып қоюға көмектеседі; объективті себептер бойынша ресурстардың тапшылығы жағдайында өндірістің қолайлы әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету үшін оларды орталықтандырылған қорлар арқылы қайта бөлу мүмкін.

Қаржылық жоспарлаудағы предметтік мақсатты қағидат белгілі бір экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, мәдени және басқа бағдарламаларды қамтамасыз ету үшін қаржылық ресурстарды нақтылы қалыптастыруға және пайдалануға бағытталған.

Қаржы жоспарларын жасау негізінен үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде есеп беріліп отырған мезгілдің қаржылық көрсеткіштерінің орындалуына экономикалық талдау жасалады. Қаржылық көрсеткіштерді талдау өндірістік мәліметтермен өзара байланыста жүргізіледі. Мұның өзі қаражаттарды толық жұмылдырудың себептерін ашуға, оларды пайдаланудың тиімділігі дәрежесін анықтауға, ішкішаруашылықтық резервтерді табуға мүмкіндік береді.

Екінші кезеңде әлеуметтік және экономикалық даму жоспарлары мен бағдарламаларының көрсеткіштері негізінде кірістер мен шығыстардың нақтылы түрлерінің есеп-қисаптары жасалады.

Үшінші кезеңде қаржыландырудың дара жоспарындағы тапсырмалардың және кірістердің баптары үйлестіріліп, теңестіріледі. Егер қарастырылған шаралар мен жоспарлы тапсырмалар ақшалай ресурстармен сәйкес келмеген жағдайда табыстар мен қорланымдарды көбейтудің көздері іздестіріледі, оларды аса тиімді пайдаланудың жолдары анықталады, ал кейбір жағдайда шығындардың жекелеген түрлерін тікелей қысқарту қарастырылады.

Наши рекомендации