Азіргі даму кезеңіндегі Қазақстан зейнетақы жүйесін қайта құру мәселелері
Зейнетақымен қамсыздандырудың деңгейі мен сапасы – бұл ел халқының экономикалық және әлеуметтік жағдайының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әр мемлекет өзінде қалыптасқан экономикалық, саяси, моральдық, діни сенімдік және тағы басқа да қоғамның даму ерекшеліктеріне байланысты өз азаматтарын әлеуметтік қорғаудың өзіндік жолдары мен тәсілдерін таңдайды. Мұндай тәсілдер мен әдістер әр түрлі себептерге байланысты әр мемлекетте өзгеше болғанымен, бірақ жалпы бір мақсатты көздейді – өз азаматтарын барынша әлеуметтік қорғау мен өмір сүру деңгейінің лайықты болуын қамтамасыз ету.
Зейнетақымен қамсыздандыру кез келген ел үкіметінің басты назарындағы әлеуметтік мәселелер қатарына жатады.
«Қазақстан посткеңестік кезеңде бірінші болып жинақтаушы жүйесін енгізді. Салымшылар саны 8 миллион адам, жинақ көлемі 17 миллиард доллардан астам» - деп атап өткен болатын ҚР Президенті өзінің «Әлеуметтік-экономикалық модернизация- Қазақстан дамуының басты бағыты» деген халыққа Жолдауында.
Зейнетақымен қамтамасыз ету кез келген елдің барлық азаматтарының қызығушылығын тудыратын сфера болып табылады. Оның сандық және сапалық сипаттамасы қоғамның әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және мәдени дамуының деңгейін көрсетеді. Зейнетақы жүйесінің құрылымы мен қызметі көбінесе елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының тұрақтылығы мен динамикасын анықтайды. Зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі, зейнеткерлердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуші жеткілікті зейнетақы мөлшерінің болуы, олардың уақытылы төленуі қоғамда жағымды әлеуметтік климатты қалыптастырады.
Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз етудің бұрынғы жүйесі жоспарлы экономикаға тән жүйе еді. Ынтымақты бағдарлама бүгінгімен салыстырғанда жоғары зейнетақымен қамтамасыз етті, ал жеңілдіктердің көптеген саны зейнеткерлікке шығуды тартымды етті. Зейнетақыны есептеу және тағайындауда еңбек өтілінің ұзақтылығы және соңғы жылындағы орташа еңбекақы есепке алынды, зейнетақы мөлшері жұмысшылар мен қызметкерлердің әртүрлі категориялары үшін нақты бір деңгейден аспады. Жұмыссыздықтың өсуі жағдайындағы туу санының қысқаруы, еңбекке жарамсыз қарт адамдар санының өсуі, зейнеткерлерді қамтамасыз ететін қаржылық құралдардың жетіспеушілігі осы аталған факторлардың барлығы «ұрпақтар ынтымақтастығы» қағидасын қолдаудың мәселелерін туғызды. Бұл жағдай зейнеткерлердің еңбек стажы бірдей болса да, олардың барлық зейнетақысы бір деңгейде болмайтындығын көрсетеді.[2]
Алайда, бір жұмысшы өзінің кәсібімен бүкіл еңбек жолында экономикаға елеулі үлес қосса, келесі жұмысшы тек зейнетақы белгілеу жылдарында ғана үлкен табыс табады. «Ынтымақты» зейнетақы жүйесінде зейнетақы тағайындау үшін жұмысшының экономикаға келтірген пайдасына берген бағасы ішінара қажетін таба алмайды. Бұл жүйе, сонымен қатар, ұлттық пайданың көлемін елеулі түрде азайтуы мүмкін, экономикалық дағдарыстарға себеп болады, өйткені жұмысшылардың еңбекақысынан бөлінетін қордың көлемінің азаюы зейнетақының уақытылы төленбеуіне әкеліп тірейді, содан соң еңбекақыдан бөлінетін қордың мөлшерінің өсуі көлеңкелі экономиканың өріс алуына әсерін тигізеді. Осыған байланысты республикадағы зейнетақы жүйесін реформалаудың қажеттігі туындады.
Зейнетақы реформасы капитал рыногын жекешелендіру және дамытудан тұратын үш бірдей экономикалық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде жоспарланған болатын. Экономикалық дамуды ескеретін қаржылық тұрақты, дербестендірілген зейнетақы жарналар арқылы еңбек үлесімен өлшенетін әділ жүйе құру қайта құрудың басты мақсаты болып табылды.
Реформаның ұзақ мерзімді мақсаты төлемдері белгілі ынтымақты зейнетақы жүйесінен аударымдары нақты жинақтаушы жүйеге өтуден тұрады. Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі зерттеу жұмыстарының шеңберінде жүргізілген Дүниежүзілік банктің актуарлық есептеулері бойынша аталған транзит 2043 жылға қарай аяқталады деп болжануда. Сол уақытта зейнеткерлер зейнетақыны толықтай капитал рыногында инвестицияланатын міндетті дербес жинақтау шоттарындағы жинақтардың есебінен алуға тиіс.
«Жинақтаушы зейнетақы» жүйесінде жұмысшы өзі еңбекақысынан және ерікті жарна төлеу арқылы арнайы қор жинайды. Жұмысшы зейнеткерлікке шығысымен бұл қорды жинақтаушы зейнетақы қорынан ала алады немесе сақтандыру компаниясынан аннуитетке аудару арқылы өмірлік зейнетақысын қамтамасыз ете алады. Мұндай зейнетақылық бағдарламалар еңбек жолында жеке жинақ және сақтандыру полисін (аннуитет) жасайды. Бұл принцип көптеген жеке зейнетақы бағдарламаларының негізінде жатыр.
Қазақстандағы зейнетақы реформасының негізгі бағыттары болып маңызды элементтері жинақтаушы зейнетақы қорлары болып табылатын елдегі зейнетақымен қамтамасыз етудің адекваттық жүйесін құру табылды. 1997 жылдың наурыз айында зейнетақымен қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін реформалау концепциясы үкіметте мақұлданды. Мамыр айында «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету» туралы заң жобасы парламентте талқылау үшін енгізілді. Сол жылдың маусым айында заң парламентте қабылданып, 1 шілдеде Президент қол қойды.
Қазақстан Республикасындағы зейнетақы реформасын халықаралық эксперттер Дүниежүзілік банкпен қаржыландырылған Қазақстандық 13 жобаның ең жақсысы деп бағалады.
Қазіргі таңда Чили үлгісіне негізделген Қазақстандағы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі тәжірибесінің латынамерикандық және еуропалық жүйеге қарағанда маңызды ерекшеліктері бар және көптеген елдер мамандарының қызығушылығын тудырады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басынан бастап ақ тұрғындардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сенімін арттыруға және салымшылардың мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларына тиімді өтуіне қабілетті аралық институтты құруға бағытталған.
Зейнетақымен қамтамасыз етудің көпдеңгейлі моделі Қазақстанның барлық тұрғындарына есептелген және үш деңгейден тұрады.
Бірінші деңгей- республиканың барлық азаматтары үшін мемлекеттік базалық зейнетақы. «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету» туралы заңға сәйкес жинақтаушы жүйемен қатар ынтымақтастық зейнетақы жүйесі сақталды. Бұл жағдайда ескі зейнетақы жүйесі кезінде қызмет еткен зейнеткерлер алдындағы мемлекеттің барлық міндеттері сақталды.
Екінші деңгей – ынтымақтастық жүйеден (республикалық бюджеттен) төленетін зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақтаушы зейнетақы қорлары.
Үшінші деңгей- ерікті және ерікті кәсіби зейнетақы аударымдары есебінен төленетін қосымша төлемдер.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрғындарды зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өзінің табысының деңгейіне дербес жауапкершілікте болуға міндеттейді, яғни зейнетақы төлемдерінің көзі болып олардың жеке зейнетақы шоттарындағы жинаған қаражаттары табылады. Бұдан басқа, әрбір азаматқа ерікті зейнетақы жарналары есебінен өзінің жинақтарын көбейтуге, сонымен қатар қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін өзін жоғары табыспен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.
Еліміздегі зейнетақы жүйесін реформалаудың 14 жылы ішінде толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құруға арналған тұжырымды және нормативтік құқықтық база қалыптастырылды, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып, дамытылуда, зейнетақы жүйесін басқарудың белгілі бір тәжірибесі жинақталды. Бұл қолданыстағы жүйеге қажетті талдау жүргізуге және тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.
Дамудың оң үрдістеріне қарамастан, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде шешімі табылмаған оның қаржылық тұрақтылығы, сенімділігі, шынайылығына (зейнетақы төлемдерінің сәйкестігі) және әлеуметтік тиімділігіне қатысты бірқатар жүйелі проблемалар бар. Қазіргі таңда Экономикалық даму және сауда министрлігімен, Ұлттық банкпен бірлесіп қолданыстағы зейнетақы жүйесінің жай-күйіне кешенді талдау жүргізу, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіруге жағдай жасау үшін әдістемелерді айқындау жұмыстары басталды. Сондай-ақ Қазақстанның Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы шеңберінде зейнетақы жүйесінің барлық деңгейлерінде актуарлық есептер жүргізу және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және одан әрі дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін Дүниежүзілік банк сарапшылары тартылған.
Зейнетақы реформасының басты мақсатына, яғни салымшылардың кәрілік шағында лайықты зейнетақыға қол жеткізуі үшін Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі бүгінде қоғам мен үкіметтің салмақты қодауына мұқтаж. Ішкі қаржылық құралдардың табыстылығының төмендеуі жалғасуда. Республиканың зейнетақы активтерінің өсуімен байланысты оларды инвестициялау үшін қаржылық құралдардың тапшылығы өте қатты байқалады. ҚР Президенті өзінің халыққа Жолдауында әлеуметтік-экономикалық модернизация – Қазақстан дамуының басты бағыты деп атап өткен болатын. Экономикалық жетістіктер мен қоғамдық игіліктер арасындағы тиімді балансқа қол жеткізу үшін елбасының айтуы бойынша үкіметке он бағыт бойынша тапсырмалар кешенін дайындау қажет.
Зейнетақы жүйесіне жасалынған акцент өте маңызды. Шындығында Қазақстанның зейнетақы жүйесі өзіне жүктелген сенімді ақтаған жоқ. Елдің көптеген қызмет етуші тұрғындары өздерінің еңбекақысынан міндетті зейнетақы жарналарын (10%) аударады, бірақта соңғы жылдары олардың зейнетақы жинақтары инфляцияның күрмеуіне тез түседі.
Бүгінде 17 миллиард доллардан астам зейнетақы қаражаттары бар біздің ЖЗҚ-мыз ұлттық экономиканың дамуына ешқандай үлес қосып отырған жоқ. Тәжірибелі экономисттер мемлекеттің күшті бақылауында бола отырып ЖЗҚ-ның өндірісті инвестициялауға қатысу қажеттілігін шешу туралы бұрыннан айтуда. Астанада өткен үшінші экономикалық форумда зейнетақы қорларының өкілдерінің өздері ақ зейнетақы қаражаттарын елдің ірі кәсіпорындарына инвестициялау туралы атап өткен болатын. Зейнетақы компанияларының өкілдері бұл ақшаның елдің ішінде қызмет етуіне басты назарды аударды. Тіпті, зейнетақы жинақтарын елдің ішіндегі инвестиция ретінде пайдалану инициативасы президентпен таңдалған ішкі инвестициялауға байланысты экономикалық модель шеңберінде де өзекті болып табылады.
Бірнеше жыл қатарынан барлық жинақтаушы зейнетақы қорларында емделуге жатпайтын бір ғана ауру бар- ол төменгі инвестициялық табыстылық. Президент Жолдауында айтылып өткендей, бүгінгі күні салымшыларда зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал ету мүмкіндігі жоқ. Ал, кейбір қорлардың басшылары оларға өздерінің жеке меншік қаражаттары сияқты иелік етеді және акционерлердің мүддесі үшін қызмет етеді.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуының перспективалары және оның бағалы қағаздар нарығына әсері зейнетақы активерінің және инвестицияланатын қаражаттар көлемінің сәйкесті өсуімен байланысты.
Сәйкесінше, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барынша маңызды мәселелері болып келесілер табылады:
1) ұлттық қор нарығының дамымауы, яғни, активтерді инвестициялау үшін құралдар тапшылығы;
2) қызметтің негізгі қағидалары бойынша тұрғындардың сауатсыздығы және мағлұматсыздығы;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларынң қызметімен тұрғындардың толық қамтылмауы;
4) ерікті және кәсіби зейнетақы жарналарының кеңінен қолданылмауы;
5) қоржынның нашар диверсификациясы және аффилиирленген тұлғалармен мәмілелер;
6) отандық сақтандырудың дамымаған класстарының бірі-зейнетақылық аннуитеттер.
Қаржылық құралдар тапшылығынан шығудың бір жолы болып тікелей мемлекет кепіліндегі мемлекеттік инвестициялық қағаздарды шығару немесе ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын шығару табылады. Инфрақұрылымдық облигацияларды сатып алуда зейнетақы активтері үшін негізгі тәуекел болып мемлекет тарапынан кепілдің жасалынған механизмінің болмауы табылады, бұл өз кезегінде жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін аталған бағалы қағаздардың тартымдылығын төмендетеді.
Қаншалықты зейнетақы қорлары ұзақмерзімді инвесторлар болып табылғандықтан, ал банктер қысқа және орта мерзімді болғандықтан, нарықтың осы қатысушыларының мүддесін ескеру қажет. Міне, сондықтанда зейнетақы қорлары үшін, олардың нақты сұранысы мен ерекшеліктерін есепке ала отырып ұзақмерзімді бағалы қағаздарды шығару қажет.
Тұрғындардың сауаттылығын арттыру үшін, сондай ақ заңгерлер мен салық төлеушілер, міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары болашақ зейнетақымен қамтамасыз ету үшін зейнетақы активтерінің жеткілікті ме, жоқ па екендігін білуі үшін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы ақпаратты кеңінен жариялау қажет. Сондықтанда зейнетақы заңдылығы туралы жалпы ақпаратпен қатар, зейнетақы жинақтары мен оларды басқару туралы жедел ақпараттар көрсетілетін қаржылық интернет-порталды құру қажеттілігі туындайды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жетістікті дамуының маңызды шарттарының бірі болып еңбекке жарамдылардың қамтылуының және тұрғындардың ресми табыстарының көбеюі табылады. Бұл үшін жұмыс берушілермен зейнетақы жарналарының толық және уақытылы аударылуына бақылауды күшейту қажет.
Ерікті және ерікті кәсіби зейнетақы жарналарының есебінен төлемдер бойынша салықтық преференцияларды және зиянды және
қауіпті еңбек жағдайындағы салалар (металлургия өндірісі, тау- кен өндіру саласы, мұнай өңдеу өнеркәсібі, атом энергетикасы, химия өнеркәсібі) үшін ерікті зейнетақы жарналарын міндетті зейнетақы жарналарына аударуды кезеңдер бойынша енгізу. Міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс берушінің жеке қаржаттары есебінен жүзеге асыра отырып оларды корпоративтік табыс салығын есептеу кезіндек шегерімдерге жатқыза отырып енгізу, бұл жағдайда жұмысшының зейнетақы жинақтары өсіп қана қоймай, сонымен бірге еңбек шартын жақсарту экономикалық тиімді болады.
Ұсынылған шаралар жинақтаушы зейнетақы қорларының дамуының барлық мәселелерін шеше алмағанымен, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына өз септігін тигізеді.
Қорыта келе, Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың келешек перспективалары ұлттық экономиканың шикізат моделінен индустриялық-инновациялық моделіне өтуімен тығыз байланысты, оның басты құрамдас бөлігі қоғам мен мемлекеттің заманауи зейнетақы жүйесінің жалпы рентабельдігіне тікелей әсер ететін тыныс-тіршілігінің барлық салаларын жаңарту болып табылады, ал мемлекеттік шығыстарды жоспарлаудың негізгі басымдығы халықтың тұрақты өсуі, өмір сүру деңгейінің артуы және олардың әл-ауқатын нығайту болған және бола береді.