Екінші деңгейдегі банктердің делдалдық операциялары

Депозит ретіндегі уақытша бос ақшалай ресурстарды жеке және заңды тұлғаларға несие беру арқылы, қайта бөлу функциясын жүзеге асыратын банк ақша қаражаттар артық субъектілер мен ақша қаражаттарға мұқтаж субъектілердің арасындағы өзіндік өзгешелігі бар делдал ретінде алға шығады.

Мұндағы ерекшелік мынада: қажетті ресурстары бар тұлға оны тиісті кепілдемесімен қарыз алушыға нақты мерзімге процентпен бергісі келеді. Әрине, осы заманғы экономикада несие беруші мен қарыз алушының мүдделері бір жерден шыға бермейді. Яғни мүдделердің сәйкес келуі сирек кездеседі. Бұл арада сұраныс пен ұсынысты ескеру арқылы мәмілелерді жүзеге асырудың мүмкіндігін қамтамасыз ететін делдал-банк байланыс­тырушы буын ретінде алға шығады. Жекелеген несие беруші­лерге қарағанда банк әр түрлі қарыз алушылардың қажеттілік­те­рін қанағаттандыра алады әрі оларға өздерінің қалауы бойынша несие түрін, мерзімін, процентін т.б. таңдау мүмкіндігін береді. Өйткені, банктер орасан зор ресурстарға ие әрі осы ресурстарды пайда әкелетіндей дұрыс орналастыра алады.

Банктің негізгі функцияларының біріне – ең алдымен кім кімге қарыз болуына қарай сатып алушыдан сатушыға ағылатын ақшалай қаражатқа делдалдық еткен кезіндегі қолма-қол ақша­сыз есеп айырысуды жүзеге асыруы жатады. Ақша қара­жаттардың қолма-қолсыз ақша айналысы вексель, чек, банкнот, төлем карточкасы және әр түрлі төлем құжаттары секілді қар­жылық құралдармен ғана мүмкін болады. Бүгінгі таңда банктер олардың әр түрін ұсынып жүр. Есеп айырысудағы делдалдық – әмбебап коммерциялық банктердің ең ауқымды функциясы болып табылады. Осыған орай, бүгінгі таңда банктер ел ішінде және одан тыс әр түрлі ақшалай аударымдарды жүзеге асырып жүр.

Банктер қаржылық делдал ретінде мынадай операцияларды орындайды: - несиедегі делдалдық;- есеп айырысудағы делдалдық;- кастодиандық делдалдық;- брокерлік-дилерлік делдалдық қызмет, т.б.

Банктер биржалардың міндетті қатысушысы болып табы­лады. Олар биржалық операцияларды дербес ұйымдастыра ала­ды әрі бағалы қағаздар саудасы бойынша операцияларды да дербес орындай алады.

Коммерциялық банктер өз клиенттеріне әр түрлі депозит түрінде ақша сақтаудың қолайлы формаларын ұсынады, бұл өтімділікте клиенттің қажеттілігін қанағаттандыра отырып, олардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Банк бұдан басқа мына қызметтерді жүзеге асы­рады: - пассивті операциялары;- активті операциялары;- меншікті операциялары.

Пассивті операциялар өзіндік қаражаттың, тартылған қара­жаттың және эмиссияланған қаражаттардың есебінен банк ресурс­тарын қалыптастырумен байланысты болады.

Меншікті қаражатқа акционерлік, резервтік капитал және бөлінбеген пайда жатады. Олар маңызды рөл ойнайды. Себебі өзіндік капиталдың кемуі кейде банкті банкротқа ұшыратады. Коммерциялық банктің активтік операциясының негізгі көзіне тартылған қаражат жатады.

Акционерлік капитал, яғни, банктің жарғылық қоры акцияларды шығару және орналастыру арқылы құрылады. Әдетте, банктер өз қызметінің даму шамасына қарай және опе­рацияларының ұлғаюына қарай жаңа акцияларды жүйелі түрде шығарып отырады.

Резервтік капитал немесе банктің резервтік қоры пайдадан аударып отырудың есебінен калыптасады, ол болжанбаған за­лалдарды және бағалы қағаздар бағамының құлдырауынан орын алатын ысырапты өтеуге арналған.

Бөлінбеген пайда – резервтік қорға аударымдарды ауда­рудан кейін және дивиденттерді төлеуден кейін қалатын пай­даның бөлігі.

Айтып кеткеніміздей, тартылған қаражат коммерциялық банк ресурстарының негізгі бөлігін құрайды. Бұлар депозиттер, сонымен бірге, контокоренттік және корреспонденттік шоттар.

Банктің негізгі тартылған ресурстары ретінде клиенттің барлық салым ақшасын білдіретін әр түрлі депозиттер алға шығады. Онда орналастырылған қаражаттың көздері әр қилы болады. Бұл кәсіпорын шотындағы, жұмысшылар мен қызмет­керлердің еңбекақы шотындағы, мемлекеттік мекемелердің шо­тындағы уақытша пайдаланылмайтын қаражат. Депозиттер та­лап етілгенге дейінгі, мерзімді және жинақ салымдарына бөлінеді (бұлар осы кітаптың І тарауында толығырақ айтылған).

Банктерде төлем операцияларын жүргізуге біршама шығын кетеді. Алайда, ол (шығын) кем немесе артық деңгейде талап етілмелі шоты бар клиенттердің өз қаражаттарын толық пайда­ланбауына қарай өтеледі. Әдетте, тұрлаулы деп аталатын қалдық болады, оны банк өзінің коммерциялық мақсаттары үшін тар­тады, яғни пайда алу мақсатында қысқа мерзімді несие, ссуда белгілі бір мөлшерде берілуі мүмкін.

Банкаралық несиелер, яғни, басқа банктен алынған ссудалар банк ресурстарының маңызды көзі болып табылады. Коммерциялық банк оны Ұлттық банктен қайта есептеу және вексельдерді қайта кепілге салу формаларында ала алады.

Контокоррент – бірыңғай шот. Ол арқылы банк пен клиент арасындағы барлық есеп айырысу және несие операциялары жүргізіледі. Егер клиентте қаражат болатын болса, онда бұл шот пассивтік болып табылады, клиенттің қаражаты болмаса да ол банкке төлем тапсырмасын берсе немесе чек жазса, онда шот активке айналады.

Банктер қаражатын ұзақ мерзімге салатын клиенттерді іздестіреді. Бұл банкке пайда әкеледі. Оған айналысқа шығарылған банктің қаражаттары: облигациялық займ­дар, банктік векселдер және т.б жатады.

Активтік операциялар банк ресурстарын орналастырумен байланысты. Оған ең алдымен несие операциялары жатады. Несие берудің мерзімі белгілі бір мезгілге берілетін мерзімді несие және банктің алғашқы талап етуі бойынша қайтарылуы тиіс онкольдық несие деп бөлінеді.

Ссудамен қамтамасыз ету тұрғысынан вексельдік, тауарлық, қор және банктік операциялар бөліп көрсетіледі.

Вексельдік операциялар вексель есебі бойынша операцияға және вексель кепілімен берілетін несие операциясына бөлінеді.

Вексель есебі (дисконттау) оларды банктердің өтеу мерзімі біткенше сатып алуын білдіреді. Банк өз кезегінде, егер ол қаражатқа мұқтаж болса, бұл вексельдерді өзі Ұлттық банкте қайта есептей алады. Вексельді есептегеннен кейін банк оның иесі болады әрі оны айналысқа шығарған немесе оны есепке, нақты ақша сомасына ұсынған тұлғаға төлейді. Бұл операция үшін банк клиенттен есептік процент немесе дисконт деп ата­латын нақты процентті өндіріп алады. Дисконт – векселде бел­гіленген сома мен векселдің иесіне төленген соманың арасын­дағы айырмашылық.

Банктің активтік вексель операцияларына акцептік және авальдық операциялар жатады.

Акцептік операциясының мағынасын былайша тѕсіндіруге болады: банк клиентке өзі акцептейтін, яғни, ол бойынша өз есебінен төлемді кепіл­дендіретін вексельді жазып берудің құқығын ұсынады. Ал, оны пайдалануға алған клиент банкке вексельдің мерзімі біткенше вексель төлемі бойынша тиісті соманы енгізуге міндеттенеді.

Вексельдік несиені пайдаланудың маңызды формасына аваль жатады. Бұл жағдайда вексель бойынша төлемді векселдің иесі өзі (тікелей) орындайды, ал, аваль бұл арада тек төлем кепілдігі ретінде ғана қызмет етеді. Вексельдің иесі ол бойынша төлемді жүзеге асыра алмаса, онда төлемнің жауапкершілігі авальды қойған банкке жүктеледі.

Банктің маңызды активтік операция түріне тауарлық несие жатады. Ол тауардың және варрант (тауардың сақталуы үшін қоймаға алынғаны туралы куәлік), темір жол жүк құжаты, коносамент (жүкті кемеге қабылдау туралы пороход қоғамының куәлігі), жүкті тиеу туралы жүк құжат секілді тауарға ілеспе құжаттардың кепілімен берілетін қарыз болып табылады.

Нарық жағдайында тауарлық қамтамасыз етумен несие беру арқылы банктер үлкен тәуекелге барады, өйткені ол белгіленген мерзімінде қайтарылмаса банк тауарға тиым салып, оны сатады. Содан кейін тауарды сатудан түскен түсімнің есебінен клиенттің берешегін жабады. Алайда, бұл арада мынадай мәселе бар: тауар барлық жағдайда өтпей қалуы мүмкін.

Банктің активтік операциясының тағы бір түріне қор опера­циясы жатады. Оның объектілері – әр түрлі бағалы қағаздар. Бұл операция бағалы қағаздармен қамтамасыз етілетін және банк өз есебінен сатып алатын несие түрінде болады.

Бағалы қағаздармен қамтамасыз етілетін несие әдетте олар­дың нарықтық құнының толық бағамы мөлшерінде емес, оның белгілі бір бөлігінің мөлшерінде (50–60%) беріледі.

Сонымен қатар, банктің бағалы қағаздардағы инвестициясы болады, оның нәтижесінде банк бағалы қағаздар портфелін иеле­неді. Мұндай сатып алудың мақсаты – осы қағаздарды одан ары қайта сату немесе ұзақ мерзімді капитал салымы.

Банктің беретін несиесін төмендеглер де қамтамасыз ете алады: жылжымайтын мүлік, басқа банктің немесе сақтандыру ұйымы­ның сақтандыру кепілдігі.

Банктің аса маңызды делдалдық операцияларына инкасса­лық, аккредитивтік, аударымдық және комиссиялық сауда опе­рациялары жатады. Сенімді (трастық) операцияның да алар орны айрықша. Ол сырттай делдалдыққа ұқсас, алайда оның да, лизингтік операцияның да аясынан шығып кетеді.

Инкассалық операция аты айтып тұрғандай операция болып табылады. Ол арқылы банк өз клиентінің табыс етуі бойынша ақшалай және тауарлық-есеп айырысу құжаттарымен ақшаны алады. Инкассаға чектер, вексельдер, бағалы қағаздар, шетелдік валюта және т.б. қабылданады. Банк инкассалық операцияны орандағаннан кейін мөлшері операция түріне қарай болатын комиссияны өндіріп алады.

Аккредитив – бұл аккредетивтік хатта көрсетілген шарт­тарды орындағанда компанияға немесе тұлғаға белгілі бір соманы төлеу турасындағы тапсырма. Мұндай операцияға мыналар қатыса алады: - аккредитивті ашу туралы тапсырма берген клиент;- аккредитивті ашқан банк;- аккредитив ашылған және оның шарттарының орындалуын қадағалап отырған банк;- пайдасына аккредитив ашылған тұлға (бене­фициар немесе алушы).

Аударым операциясы банкке енгізілген алушының ақшасын басқа орында (басқа елді мекенде) жүрген оған аударуды білдіреді. Ол банк чегін жіберу арқылы немесе корреспондент-банкке аудару жолымен жүзеге асырылады.

Банктер жеке тұлғалар үшін мынадай сенімді (трастық) операцияларды орындайды: - мүліктік құқықтан уақытша айырылған тұлғалардың (жетім-жесірлер, кәмілетке толмағандар) мүліктерін уа­қытша басқару; - мұрагердің мүддесі үшін қайтыс болған тұлғаның мүлі­кін басқару;- капиталды көп пайда алу мақсатында басқару (акцияға, жылжымайтын мүлікке ақша салу);

- құндылықтарды сейфтерде сақтау және т.б.

Компаниялар үшін жүзеге асырылатын сенім опера­цияларының аударым операцияларынан айырмашылығы мынада: банк облигациялық займ бойынша кепілгер ретінде, нарыққа шығарылған акцияларды тіркеу бойынша және трансферт бо­йынша агент (атаулы акция бойынша меншік құқығын беру) ретінде алға шығады, т.б.

Банк операциясының бір түріне – лизингтік операция жа­тады. Банктер немесе лизиенгтік компаниялар өнеркәсіп, көлік және басқа да кәсіпорындарға машиналарды, құрал-жабдықты, өзге де негізгі қорларды ұзақ мерзімді пайдалануына белгілі бір жалдау ақысын белгілеумен береді. Банктер өз есебінен әр түрлі негізгі құрал-жабдықты сатып алаып, оларды жалға береді. Банктер немесе лизингтік компаниялар жалға берілген мүліктің меншік иелері болып қалады. Банктердің лизингтік операцияларды жүзеге асыру барысында көретін (табатын) пай­дасы былайша алынады: екеуі нақты мерзімге (уақыт ара­лығына) берілсе де жалдау ақысының шамасы ұзақ мерзімді несиенің проценттік мөлшермесіне қарағанда жоғары болады. Оның үстіне, бұл арада клиенттің төлем қабілетсіздігіне байла­нысты орын алатын ысырап қатері болмайды. Өйткені келісім­-шарттың шарттары бұзыла қалған жағдайда банк жалға берілген мүлікті өзіне кері қайтарып алуға құқылы.

Факторинг – бұл төлемдерді өндіріп алу бойынша және клиенттің табыстауымен бухгалтерлік есепті жүргізу операциясы. Мамандандырылған филиалдарды немесе компания­ларды ұйымдастыратын коммерциялық банктер факторингтік операцияларды белсенді жүзеге асырып жүр.

Мынаны айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанның банк жүйесінде коммерциялық банктердің әртараптану деңгейінің төмендігі байқалып отыр. Отандық банктер негізінен әмбебап банктер болып табылады. Еліміздегі заңдар оларды (банктерді) өздері жүргізіп отырған операция түрлері бойынша мамандыруды қарастырмаған. Алайда, кейбір банктер өздерінің атауымен өз функцияларын (функциялық ерекшеліктерін) белгі­леген: “Каспийский”, “Нефтебанк”, “Тұрғын үй құрылыс банкі” және т.б.

2003–2015 жылдарға арналған ҚР-дың Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес екінші деңгейлі банктерге тәуекелдікті корпоративтік тұрғыдан басқару жүйесін енгізу жоспарында банк секторын одан ары дамытумен қатар (бір деңгейде) белгілі бір банк қызметін көрсету бойынша мамандандырылған банктерді құру жөнінде шаралар қабылда­натын болады. Мысалы, тұрғын үй құрылысының жинақ ақша жүйесі аясында мамандандырылған ипотекалық банктерді құру өзекті мәселе болып табылады, т.т.с.

Билет

Наши рекомендации