Лыбританияның экономикалық және саяси дамуы.
Бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта елдерінің жеңісі Ұлыбританияның беделiнiң өсуiне әкелдi. Негiзгi қарсыласы Германия жеңiлiп, Версаль бiтiмi нәтижесінде Германия отарлары Ұлыбританияға берiлдi. Сонымен қатар, араб және басқа шығыс елдерi де бағындырылды. Ұлыбритания бұрынғыша отарлық империя болып қала бердi. 1918 жылы 11 қараша күнi бiтiмге қол қою салтанатында Ұлыбританияның сыртқы iстер министрi Керзон сөз сөйлеп, «Империяның қасиеттi туы бүкiл әлемде желбiреуде, бiртұтас империя дүниежүзi халықтарының тағдырын шешуге бел байлап отыр» – дедi. Ал, шын мәнiнде ағылшын буржуазиясының бұл мақтанышы ұзаққа барған жоқ. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс аяқталғаннан кейiн Ұлыбританияның экономикалық дамуы әлсiреп, дүниежүзiндегi үлес салмағы азайып, экономикасының дамуы «ауру» адамға ұқсады.
Бұған не себеп болды? Ендi соған талдау жасап көрейiк.
ХIХ ғасырдың соңғы он жылында Ұлыбритания экономикасы жедел дамыды. Оның негiзгi себебi: 1. Өндiрiстiк төңкерiс аяқталып, өнерк¸сiп шаруашылығы жаңа құралдармен жабдықталып, өндiргiш күш тез өстi. Шет елде ағылшын қаржысы үстем болды. Ұлыбритания отарлық империя ретінде өз отарларында үстемдiкке ие болды. Халықаралық сауда жүйесi ағылшын монополиясының қолында болды. Ұлыбританияның бақталас елдерi болмады. Ұлыбритания дүниежүзiндегі бiрденбiр империя болды.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс аяқталғанда бұл процесс керiсiнше дамыды. Оған бiрнеше себептер болды:
1. Дүниежүзiндегі жаңа капиталистiк елдер - Германия мен АҚШ экономикасы жедел қарқынмен даму жолына түстi.
Экономикалық даму қарқыны Ұлыбританияны басып озды. Өндiрiсте жаңа технологиялық төңкерiс енгiзiлдi. Өнеркәсiп орындары жаңа тауарларды көптеп шығарып, Ұлыбритания тауарларын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың 20-жылдарында Ұлыбритания өнеркәсiбiндегi технология ескiрдi. Германия мен АҚШ-тың дамуына қарқынды тойтарыс беру үшiн, монополияға өте көп күрделi қаржы қажет еді. Ондай қаржы ағылшындарда болмады. Шет елге салған капиталы өсiмдi аз бере бастады. Ұлыбритания өз капиталын таза пайда табу үшiн отар елдердегi өндiрiске салды да, ал iшкi ұлттық өндiрiс құрылымы өзгермей қалды, технология да жаңартылған жоқ. Ұлыбритания экономикалық дамуы Германия мен АҚШ-тан артта қала бастады.
2. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Ұлыбританияның экономикасына айтарлықтай әсер еткені сондай, ол АҚШ мемлекетiнiң алдында қарыздар болып шықты. Германия соғыста әлсiрегенiмен, АҚШ соғыстан байып шықты. Мысалы: Ұлыбританияның мемлекеттiк қарызы 1914 жылы 645 млн ф.ст. болса, 1918 жылы 7,8 млрд ф.с. өсті. Ал, АҚШ-қа қарызы 1919 жылы 850 млн ф.ст. жеттi. Ұлыбританияның өнеркәсiп салалары тозып, әлсiредi. Байырғы өнеркәсiп салалары: көмiр, тоқыма, кеме жасау артта қалды.
ХХ ғасырдың 20-жылдарында Ұлыбританияның көмiр өнеркәсiбi 20%-ға жаңа технологиямен жабдықталса, АҚШ-та көмiр өнеркәсiбiнiң 70%-ы жаңа техникамен жабдықталды. Көмiр шахталарында бұдан 50-60 жыл бұрынғы техника пайдаланылды.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс жаңа экономикалық дағдарысқа әкелдi. 1921 жылы өнеркәсiп өнiмдерiн шығару 1913 жылғы шығарылған өнiмнiң 61%-ын бердi. Өнеркәсiптегi тұрақсыздық жұмыссыздықты көбейтiп, 1 млн адамға жеттi. Дүниежүзiлiк өнеркәсiп өнiмдерiн өндiрудегi үлес салмағы төмендедi. 1913 жылы 15% болса, 1921 жылы 10%-ға жеттi. Жоғарыдағы айтылған мысалдар Ұлыбританияның беделiнiң түсуiне, «ауруға» ұшырауына әкеліп соқты.
3. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Ұлыбританияның дүниежүзiлiк қаржы саласында да құлдырай түскенін байқатты.
Елдегi экономикалық дағдарыс еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауына әкелдi. Жұмысшы табы саяси және экономикалық күреске шықты. Тап күресiнiң күшеюi Ллойд Джордж үкiметiн жеңiлдiктер жасауға мәжбүр етті. 1918 жылы сайлау реформасын жүргiзiп, 21 жасқа толған еркектер, 30 жасқа толған әйелдерге сайлау құқықтары енгiзiлдi. 14 жасқа дейiнгi мектеп оқушыларына мiндеттi бiлiм алу енгiзiлдi. Экономикалық дағдарыс ағылшын буржуазиясының бiрiгiп либералдық үкiметке қарсы топ құруына жағдай жасады. Консерваторлар саяси билiк үшiн күреске шықты. Лейбористiк жұмысшы партиясының қатары өсiп, елдегi саяси партияға айнала бастады. Либерализм көзқарасы дағдарысқа ұшырады. Осындай саяси дағдарыс жағдайында 1918 жылы желтоқсанда парламент сайлауы өттi. Сайлауда консерваторлардың қолдауымен либералдар жеңiске жеткенiмен, парламентте жұмысшы партиясы iрi оппозицияда болды. Лейбористер сайлауда өз бағдарламасымен қатысып, 62 депутаттық орынға ие болды. Лейбористердi 2,5 млн сайлаушылар қолдап дауыс бердi. Сайлаудан кейiн консерваторлар мен либералдар бiрiккен үкiмет құрды. Ұлыбританияның премьер-министрi болып Ллойд Джордж тағайындалды. Бұл үкiмет 1922 жылға дейiн елдi басқарды. 1922 жылы Ұлыбританияда үкiметтiк дағдарыс болып, жаңадан консерваторлар үкiметi құрылды. Премьерминистрi Бонар-Лоу болды. Соғыстан кейiнгi екi үкiмет те реакциялық, халыққа қарсы саясат жүргiздi. Елде саяси дағдарыс жалғаса бердi. Екi үкiмет те Ресейдегi большевиктер үкiметiне қарсы саясат жүргiздi. Бұл саясат алдағы парламент сайлауында лейбористердiң жеңiп шығуына негiзгi себеп болды. Себебi, Ресейдегi қазан төңкерiсi Ұлыбританиядағы саяси дағдарысты тереңдеттi, жұмысшы табының Ресейдегi Кеңес үкiметiнiң саясатын қолдап, «Тарт қолыңды Кеңестiк Ресейден» деген ұрандағы қозғалыстың кең етек алуына жол ашты, бұл қозғалыстың басында лейбористер тұрды.
Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезiндегi Ұлыбритания (1924–1929 жж.).Жаңа парламент сайлауы қарсаңында саяси күштердiң ара салмағы реформалық жолды қолдаған Лейбористiк партия жағына ауысты. Бұдан бұрынғы реакциялық бағыт ұстаған партиялардың халық арасында беделi түстi. Лейбористер сайлау қарсаңында өз бағдарламаларын жариялады. Онда бiрiншiден, елде әлеуметтiк-экономикалық реформа жүргiзу, яғни жалпы ұлттық бiрыңғай жалақы, салық реформасы, жұмыссыздықты азайту, жол құрылысын жүргiзу, тұрғын үй мәселесiн шешу, әлеуметтiк қорғау, жалпыға бiрдей сайлау заңын жетiлдiру сияқты мәселелер көтерілді. Сыртқы саясатта КСРО-ны елшiлiк деңгейде мойындау да маңызды мәселе ретінде қарастырылды. Лейборист партиясының жетекшiсi Рамзей Макдональд «Таймс» газетiне берген сұхбатында: «Заңдылықты сақтай отырып, реформа арқылы, еңбекшi халықтың қолдауына сүйенген мұндай партия бұрын-соңды елде болған емес» - деді.
1923 жылы желтоқсан айының 6-ы күнi кезектен тыс парламент сайлауы болды. Сайлауда лейбористер партиясы iрi жеңiске жеттi. Оларды 4,5 млн сайлаушылар қолдап, парламентке 191 депутат өткiздi. Сайлаудан кейiн 1924 жылы қаңтар айының 22-і күнi Ұлыбританияда тұңғыш рет лейбористiк партия үкiмет құрды. Бiрiншi лейборист үкiметiнiң премьерминистрi Рамзей Макдональд болды.
Жаңадан құрылған үкiметтiң көбi оңшыл лейбористер болды.
Сондықтан олар монополиялық буржуазияның мүддесiне сәйкес саясат жүргiзе бастады. Солшыл лейбористер үкiметтiң құрамына кiре алмай қалды. Олар үкiметті сайлау алдындағы әлеуметтiк-экономикалық реформаны iске асыруға шақырды. Елде еңбекшi халықтың қозғалысы етек алып, сол-шыл лейбористердiң талабын қолдады. Р.Макдональд үкiметi сайлау алдындағы көптеген уәделерiн орындаудан бас тартты. 1924 жылы ақпан айында КСРО-ны мойындап, екi ел арасында сауда жасау туралы келiсiмге қол қойылды. Зейнеткерлер мен мүгедектерге зейнетақы мөлшерiн өсiрдi, жұмысшыларға арнап тұрғын үй салуды қолға алды.
Бiрiншi лейбористік үкiмет халық алдында әшкереленiп, еңбекшi халық үкiметтiң iшкi саясатына қарсы күреске шыға бастады. Үкiмет, сонымен қатар Ұлыбритания Коммунистiк партиясының басшысы Кэмпбеллдi қудалап, сотқа тартты. Ол «Workers» газетiне жазған мақалалары үшiн айыпталды. «Кэмпбелл iсiне» жұмысшы табы қарсы шықты. Үкiмет амалсыздан өз шешiмiнен бас тартты. Бiрақ парламенттегi либерал мен консерваторлар Макдональд үкiметiнiң шешiмiне қарсы шығып, лейборист үкiметiне сенiмсiздiк жариялауға ұсыныс жасады. «Кэмпбелл iсiн» сылтау жасап Р.Макдональд үкiметтi таратты. 1924 жылдың 8-і қазан күнi үкiмет таратылып, 1924 жылы 29 қазанда парламент сайлауы өткiзiлiп, консерватор партиясы жеңiске жеттi.
1924 жылы қазан айында консерватор үкiметi құрылып, премьер-министрi болып Стэнли Болдуин отырды.
1926 жылғы жалпы халықтық ереуiл.1924 жылы Ұлыбритания экономикасы бiркелкi тұрақтану жолына түсе бастады. Финанс саласы тұрақтанып ф.ст. алтын баламасы өсiп, ағылшын тауарлары шетелге көптеп шығарыла бастады. Алайда, өнеркәсiп өнiмдерiн шығару соғысқа дейiнгi деңгейде қалды. АҚШ экономикасының жедел қарқынмен дамуы, ағылшын рыногын бiртiндеп жаулап алып, дүниежүзiнде өз үстемдiгiн арттыра түстi. Сонымен қатар АҚШ Еуропадағы Ұлыбританияның негiзгi бақталасы Германияны қаржы жағынан қолдап, экономикасының жедел дамуына көмектесті. Консерваторлар үкiметi iшкi экономикалық тоқырауды тоқтата алмады. Еңбекшi халық өздерiнiң тұрмыс жағдайларының нашарлауын консерваторлар үкiметiнен көрдi. Елде саяси дағдарыс күшейе түстi. Әсiресе, бұл кезде ағылшын көмiршiлерiнiң жағдайы төмендей бастады. Консерваторлар үкiметi көмiр өнеркәсiбiне мемлекеттiк көмектер беруден бас тартты. Көмiр өнеркәсiбi жұмысшыларының үкiмет алдындағы талабын лейбористер мен ағылшын кәсiподақ ұйымы Тредюнионның Бас Кеңесi қолдады.
Үкiмет пен жұмысшылар арасында жекпе-жек басталды.
1925 жылы маусым айында шахта иелерi үкiметтен жұмысшылардың жалақысын қысқарту туралы шешім қабылдауды сұрайды.
Үкiмет көмiр шахта иелерiнiң бұл талабын орындаудан бас тартады. Көмiр шахтасының жұмысшылары бұл талапқа қарсы шығып, 1925 жылы 1 тамыз айында жалпыұлттық ереуiл жариялайды. Көмiр шахтасы жұмысшыларының талабын елдегi темiржол, машина жасау, өнеркәсiп, кәсiподақ ұйымдары қолдады. 1925 жылы шiлде айының 31-і күнi көмiр шахта иелерiнiң талабына қарсы жұмысшылар ереуiлге шығып, елдегi көмiр басқа елдерге жiберiлмей қалады. Үкiмет көмiр жұмысшыларының талабын орындауға мәжбүр болды. Жұмысшылардың жалақысын тоғыз ай бойында сақтап тұру үшiн 24 млн фунт қаржы бөлдi. Сөйтiп, ағылшын жұмысшылары iрi жеңiске жеттi, 1925 жылдың 31 шiлдесі «қызыл жұма» күнi болып тарихта қалды. Көмiр шахталары жұмысшыларының жеңiсi уақытша болды. Үкiметтің өз уәдесiн толық орындамауы салдарынан 1926 жылы көмiр жұмысшылары жалпыхалықтық ереуiлге дайындала бастайды. Жұмысшылардың бұл ойын күн бұрыннан бiлген үкiмет те оларға қарсы дайындық шараларын жасайды. Тоғыз ай бойы көмiр қорын дайындап, ереуiлге шыққан жұмысшыларды ауыстыру үшiн штрейкбрехердi әзiрлейдi. Егер ереуiл жүзеге асқан күнде, елде төтенше жағдай жариялауға дейiн баратынын ескертедi. Үкiмет жалпы халықтық ереуiлге тойтарыс беру үшiн дайындалып жатқанда, лейбористік партияның тредюнион кәсiподақ ұйымы олармен келiсiм жасап, халықты үкiметпен келiсiмге келуге шақырады.
1926 жылы сәуiр айының 29-ы күнi тредюнион ұйымының Бас кеңесiнiң конференциясы өттi. Конференция жұмысшылар талабын ескерiп, мамырдың 1-і күнi жалпыхалықтық ереуiлдi бастауға шешiм қабылдады.
1926 жылы мамыр айының 4-і күнi жалпыхалықтық ереуiл басталып, ереуiлге 5 млн жұмысшы қатысты. Жалпыхалықтық ереуiл бүкiл елдi түгелдей қамтыды. Көмiр шахталары жұмысшыларын басқа өнерк¸сiп салаларының жұмысшылары мен қызметкерлерi қолдады. Британ кәсiподақ ұйымының Бас кеңесi басшылары мұндайды күтпеген едi. Үкiмет саяси дағдарысқа тап болып, келiсiмге келудің жолын iздестiре бастайды. 1926 жылы мамырдың 12-і күнi Бас кеңес жұмысшыларды жалпы ереуiлдi тоқтатуға шақырады. Жұмысшылардың көбi Бас кеңестiң шақыруына сене бастайды. Ереуiлшiлдер арасында жiк туды. Үкiмет пен кәсiподақтың Бас кеңес басшылары жасырын келiссөздер жүргiзiп, ереуiлдi тоқтатуға күш салады. Лейбористiк партия басшылары да үкiмет жағына шығады. Сөйтiп, жалпы ереуiлдi қолдаған кәсiподақ және лейбористік партияның сатқындығынан 12-і мамыр күнi жалпыхалықтық ереуiл жеңiлiс тапты.
1926 жылғы жалпыхалықтық көтерiлiс жеңiлiс тапқаннан соң, ағылшын буржуазиясы, еңбекшi халыққа қарсы консервативтiк бағыт ұстады. Болдуин үкiметi 1927 жылы ақпан айында парламент арқылы «өндiрiстiк келiспеушiлiк және тредюниондар туралы» реакциялық заң қабылдады. Бұл заң бойынша жалпы ереуiлге шығу қылмыспен теңестiрiлдi. Жұмысшы табының ынтымақтастығына, көшеге шеруге шығуға тыйым салынды. Заңда ереуiлге шығатындықтарын 2 ай бұрын үкiметке хабарлауы қажет делiнген еді.
Ағылшын корпоративтiк буржуазиясы жұмысшы табының сағын сындырғаннан кейiн, кәсiподақ ұйымымен және лейбористік партиямен ынтымақ орната бастады. 1927 жылы тредюнион конгресiнiң Бас кеңесi өнеркәсiп иелерiн бiрiгуге шақырып «өндiрiстi жақсарту және ағылшын өндiрiс тауарларының рынокке шығарудағы бақталастықты күшейту» туралы келiсiмге қол қойды. Өндiрiс иелері атынан Империялық химия трестiнiң басшысы Альфред Монд осындай келiсiмге келуге шақырды. Бұл келiсiмдiк саясат «Мондизм» деп аталды. 1928 жылы тредюнион конгресiнiң жиналысында баяндама жасаған кәсiподақ басшылары «тап күресiнен бас тарту» керек екендiгiн айтты.
«Мондизм» жұмысшы табына жақсылық әкелген жоқ. 19291933 жылдарда Ұлыбритания экономикасында дағдарыс күшейдi еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайы нашарлады.
1929-1933 жылдардағы дүниежүзiлiк экономикалық дағдарыс капиталистiк елдер арасындағы қайшылықты күшейте түстi Консерваторлар үкiметiнің Еуропада беделi түсiп, АҚШ-тың қолдауымен Германия экономикасы жедел қарқынмен дами бастады. Франция үкiметiнiң сыртқы саясаты Еуропа елдерiнде бiршама әлсiреп, оқшаулана түстi. Болдуин үкiметi АҚШ-тың Германияны қолдау саясатын жақтады.
Сөйтiп, АҚШ және Ұлыбритания бiрiгiп, Германияны осы кезден бастап КСРО-ға қарсы соғысқа дайындай түстi. Консерваторлар үкiметiнiң антисоветтiк саясаты елде кең етек ала бастады. У.Черчиль бұл кезде консерватор үкiметiнiң құрамында финанс миниистрi болатын. Ол КСРО-ға қарсы батыл шаралар жүргiзуге шақырды. 1926 жылы маусым айында КСРО елiн айыптаушы «Ақ кiтап» деген жарық көрдi. Британ компартиясының кеңсесiн тексергенде «Мәскеудiң қолынан жасалған ағылшындарға қарсы құжаттар табылды» деп жала жабылады. Бұл кiтаптан кейiн парламентте КСРО-ға қарсы айып тағылып, КСРО елiмен арақатынасты үзiп, елшiлiктi қайтару туралы талап қойылды.
1927 жылы Варшава темiржол вокзалында кеңес елшiсi Войков қастандықпен өлтiрiледi. Совет үкiметi бұл қастандықты ұйымдастырушы Болдуин үкiметi деп таниды. Сол жылы Лондонда кеңес-ағылшын сауда үйiнде арандатушылық ұйымдастырылады. 1927 жылы мамыр айында консерваторлар үкiметi КСРО-ға нота жiберiп, елшiлiк қатынасты тоқтатады.
Екiншi лейбористтiк үкiмет.Елдегi экономикалық дағдарыспен қатар консерваторлар үкiметiнiң реакциялық iшкi және сыртқы саясаты 1929 жылғы парламенттiк сайлауда жеңiлiске ұшырады. Парламенттiк сайлау қарсаңында лейбористік партия «Еңбек және ұлт» деген бағдарламасын алып шықты. Бұл бағдарламасында: жұмыссыздықты жою, капиталға салық енгiзу, 1927 жылғы жұмысшы табына қарсы шығарылған заңды жою, көмiр шахталарында 7 сағаттық жұмыс күнiн енгiзу, көмiр, транспорт (көлiк саласын), энергия және жердi национализациялауды қарастырды. КСРО-мен елшiлiк қатынасты қалпына келтiру талаптарын қойды. Консерваторлар сайлау алдында сайлаушылар реформасын жүргiзiп, әйелдерге 30 жастан емес, 21 жастан сайлауға қатысып дауыс беру құқығын енгiздi. Бұл сайлаушылардың санын 8 млн көбейтiп, сайлауда дауыс берушiлердiң саны 29 млн жеттi. Сайлау қарсаңында консерваторлардың сайлаушылар алдында беделi түсiп, лейбористердiң сайлауда жеңiске жететiнiне ешқандай күмән келтiрмедi.
1929 жылы мамыр айында парламенттiк сайлау өттi. Лейбористер 287 депутаттық орынды жеңiп алды. Консерваторлар – 260, либералдар – 59 депутат өткiзе алды. Лейбористер жаңа үкiмет құрды. Премьер-министрi Макдональд болды. Үкiметтiң құрамына Гендерсон, Сноуден, Мориссон т.б. кiрдi.
Парламенттiк сайлаудан кейiнгi құрылған лейбористік үкiмет өздерiнiң сайлау алдындағы сайлаушыларға берген уәдесiн орындауға кiрiсiп, бiршама қызмет атқарды. Алғашқы шаралары елдегi жұмыссыздықты жою үшiн, қоғамдық жұмыс орындарын ашты, жұмыссыздарды Канадаға жiбердi, бiрақ оларға онда да жұмыс таба алмады. Жұмыссыздарға кiшiгiрiм жер бөлiп бердi. Жұмыссыздарға мемлекеттiк көмек көрсету шараларын жүргiздi.
1930 жылы жұмыссыздарға берiлетiн мемлекеттiк жәрдем ақының мөлшерiн өсiрдi. Бұл шаралар аяғына дейiн жүргiзiлмедi. Жұмысшы табының негiзгi талаптары орындалмады. 1927 жылғы заңды жоя алмады. Көмiр шахталарында 7 сағаттың орнына, 7,5 сағат жұмыс уақыты белгiлендi. Лейбористік үкiмет құрылған кезде басталған дүниежүзiлiк экономикалық дағдарыс елге ауыр зардаптар әкелдi. Бiрақ та үкiмет iрi монополияға көптеген жеңiлдiктер жасады. Капиталға салынатын салық мөлшерi азайтылды, өнеркәсiптiң көбi жеке меншiктiң қолында сақталды. Сайлау алдындағы тағы бiр уәделерi орындалмады. Артта қалған көмiр өнеркәсiбi национализацияланбады. Iрi компаниялардың таза табысы өстi. Мысалы: 1929 жылы компаниялардың жылдық табысы 49,4 млн фунт болса, 1930 жылы 54,5 млн фунтқа артты.
Лейбористік үкiмет халық алдында әшкереленiп, өздерiнiң уәделерiнен шыға алмады. Еңбекшi халық өздерiнiң тұрмыс жағдайларын жақсарту үшiн күреске шығып, саяси-әлеуметтік талаптар қойып отырды. Олар КСРО елiмен елшiлiк қатынасты қалпына келтiрудi талап еттi. 1929 жылы шiлде айының 2-і күнi лейбористік үкiмет бұл мәселенi қарастырып жатқанын түсiндiрдi. Екi ел арасында келiссөздер басталды. 1929 жылы қазан айының 3-і күнi ағылшын-кеңес келiсiмдердiң нәтижесiнде елшiлiктi қалпына келтiруге қол қойылды. 1929 жылы қараша айының 5-і күнi елшiлiк қатынас қалпына келтiрiлдi. Сол күнi кеңес-ағылшын сауда келiсiмiне қол қойылды.
«Ұлттық» үкiметтiң құрылуы.Екiншi лейбористік үкiмет құрылғаннан кейiн елдегi экономикалық дағдарыс тереңдей түстi. Жұмысшы партиясының еңбекшi халықтың алдында беделi толық әшкерелендi. Сайлаушылар алдындағы берген уәдесi сөз жүзiнде қалды. Экономикалық дағдарыс лейбористер партиясында жiк туғызды. Жұмысшы табына қарсы күрес күшейiп, еңбекшi халық есебiнен мемлекеттiк бюджеттi 120 млн ф.с. қысқарту туралы мәселе күн тәртiбiнде тұрды. Үкiмет жалақыны 20%-ға қысқартуға шешiм қабылдады. Экономика шығынын үнемдеу туралы Мэя жоспарын қабылдау керек екенiн айта бастады. Бұл жоспарға Ұлыбритания коммунистiк партиясы және Британ кәсiподақ Конгресi қарсы шықты. Елдi тағы да ереуiлдiк қозғалысқа шығуға шақырды. 1931 жылы ақша-қаржы дағдарысы күшейдi. АҚШ заем беруден бас тартты. 1931 жылы тамыз айының 23-і күнi Үкiмет отырысы болып, елдегi ақша-қаржы дағдарысынан шығу туралы мәселе қаралды. Үкiметтiң 21 мүшесiнiң 11 мүшесi жұмыссыздыққа бөлiнетiн төлемдi қысқартуға қарсы дауыс бердi. Үкiметтiк дағдарыстан кейiн премьер-министр Макдональд отставкаға кетуге шешiм қабылдады.
Макдональд кеткеннен кейiн «Ұлттық» бiрлiк үкiметi құрылды. Жаңа үкiметтiң құрамы 10 адамнан тұрды. Макдональд бастаған топ «ұлттық лейбористер» үкiметі құрамына кiрдi. Либерал партиясынан екi адам кiрдi. Макдональд үкiметтi басқара бердi.
«Ұлттық» бiрлiк үкiметтi дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырып, бiршама батыл шараларды қолға алды. «Үнемдеу» жоспарына сәйкес 85 млн ф.с. қаржы алынды. Салықтың жаңа түрлерi енгiзiлдi. Макдональд премьердiң жалақысын 20%-ға қысқартты. Еңбекшi халықты елдегi дағдарысқа байланысты түсiнiсуге шақырды. «Үнемдеу» саясаты елде халық қозғалысына әкелдi. Лондон қаласында бiрнеше мың адам қатысқан шерулер өттi. Шеруге қатысқандар «халықтан қолыңды тарт», «ұлттық үкiмет жойылсын» деген ұрандар алып шықты. Инвергордан қаласындағы теңiз моряктары мен порт жұмысшылары ереуiлге шықты. Олар жалақыны қысқартуға қарсы болған едi. Ағылшын үкiметiнiң тiрегi болып келген теңiз моряктарының шығуы буржуазияны қатты қорқытты. Экономикалық дағдарыс аяқталғаннан кейiн 1934-1935 жылдары елде саяси тұрақтану басталып, «ұлттық» үкiметтiң беделi өстi. Өндiрiс қайтадан жұмыс iстей бастады. Жұмыссыздардың саны 2086 мың адамнан, 1937 жылы 1665 мың адамға азайды. Өнеркәсiп өнiмдерiн шығару 20%-ға өстi. Өнеркәсiптiң жаңа салалары қайтадан жұмыс iстей бастады. 1935 жылы қараша айында парламент сайлауында консерваторлар жеңiске жеттi. 1935-1937 жылдары Болдуин премьер-министр болады. 1937 жылдың мамыр айынан 1940 жылдың май айына дейiн Н.Чемберлен үкiметтi басқарды. «Ұлттық бiрлiк» үкiметiнiң iшкi және сыртқы саясаты реакциялық бағытта болды.
Италия 1918-1939 жж.
Соғыстан кейiнгi Италиядағы буржуазиялық-парламенттiк жүйедегi дағдарыс.Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан Италияжеңген ел қатарында шықты. Италия соғыста өзiнiң негiзгi бақталасы Австрия-Венгрияға соққы бердi. Соғыста жеңген ел қатарында шыққанымен, Версаль бiтiмiнде Франция мен Ұлыбритания Италияға толық еркiндiк бермедi. Бiрақ та соғыста жеңген ел ретiндегі Италия қозғалысында ұлы державалық саясат үстем болды. Италия буржуазиясы Балқан түбегiнде және Жерорта теңiзiнде өзiнiң үстемдiк саясатын жүргiзудi көздеген едi. Балқан түбегiнде Антанта елдерi Италияның емес, Сербияның үстемдiгiн қолдады. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Италия буржуазиясын саяси дағдарысқа әкелдi. Ұлы держава құру идеясы iс жүзiне аспады. Франция мен Ұлыбритания жеңген ел ретiнде өздерiнiң Еуропадағы билiгiн нығайту үшiн Италия буржуазиясын менсiнгiсi келмедi. Италияда ұлы державалық ойды жүзеге асыру үшiн күрес жүргiзетiн буржуазиялық саяси партиялар жоқ болды.
Соғыстан кейiн халықтың арасында беделдi бiрден-бiр саяси партия - Италия социалистiк партиясы (ИСП) болды. Италия парламенттiк Республика болғанымен, ИСП-ы парламентте көпшiлiк болды да, ұсақ буржуазиялық (либерал, республика, радикалдар) парламентте айтарлықтай саяси күшке айнала алмады. Сондықтан Италия парламентi шынайы демократиялық институтқа айнала алмады. Италия парламентi ұсақ буржуазия алдында толық әшкерлендi. Саяси дағдарыс iрi буржуазия мен католик шiркеуiнiң бiрiгуiне жол ашты. Бұдан былай елдi басқара алатындай саяси партия құру қажет болды. Сөйтiп, 1919 жылы Италияда Халық партиясы құрылды. Бұл партияның әлеуметтiк тiрегi католик шiркеуi ықпалындағы буржуазия және шаруалар болды. ИХП-ның құрылуы Ватиканның католиктерге саяси жұмысқа араласуына рұқсат беруiн білдірді. Бірақ Ватикан мен Италия үкiметiндегi қарама-қарсылық толық жойылған жоқ болатын. Либералдар католик шiркеуiне деген сенiмсiздiгiнен бас тартпай, антиклерикалық саясатын жалғастырып, ИХП-ына қарсы болды.
Соғыстан кейiн Италия парламентiндегi саяси топтар демократиялық сайлау жүйесiн енгiздi. Парламенттегi депутаттар мандатының алған дауыс санына сәйкес бөлiнуi принципі енгізілді. 1919 жылы жаңа сайлау заңы негiзiнде парламент сайлауы өттi. Сайлау барысында ИСП мен ИХП депутаттар палатасында 154 және 94 депутаттық орын алды. Ал либералдар және басқа ұсақ буржуазиялық партиялар 181 депутат өткiзе алды. Саяси күштер сайлаудан кейiн бiрiккенiмен, ұсақ буржуазия мен соғысқа қатысқан әскери топтар Италияның соғыста жеңiп шыққанын малданып, өздерiн жеңушi ретiнде бағалап, содан ұлы державалық, шовинистiк пиғылдағы адамдар саны көбейе бастады. Ұсақ буржуазия мен майданнан келген топтар арасында «ұлттық шовинизм» рухы жоғары болды. Сөйтiп, Италияда көптеген саяси-қоғамдық ұйымдар Италияны ұлы державаға айналдыруға бағыт ала бастады.
Саяси-қоғамдық ұйымдардың арасында фашистер әлдеқайда белсендi болды. Ұлттық шовинизм кең етек алып Версаль бiтiмiнiң шешiмiне қарсы шығып, қайта қарауын талап еттi. Италияның Фиулле аралын аннекциялау талабын Антанта елдерi қолдамай, 1920 жылы аралды Югославияға бергiздi. Антанта елдерiнiң мұндай шешiмi фашистiк ұйымдардың қарсылығына, ұлттың намысын оятуға негiз болды.
1919-1920 жылдардағы саяси дағдарыс, сыртқы саясаттағы сәтсiздiктер италияндықтардың шовинистік ойларын күшпен орындауға шақырды. Италия армиясында бүлiкке шақырушылар көбейе бастады. Олар Адриат теңiзiнiң жағасына, Албанияға әскер жiберудi талап еттi, Италия әскерлерiнiң арасында бүлiк шығып, либерал партиясы үкiметтен полиция мен жандармерияның санын көбейтудi талап еттi.
1920 жылдан бастап Италияда саяси күштердiң ара салмағы ұлтшыл шовинистiк топтарға қарай ауысты. Елдегi буржуазия дәрменсiздiк бiлдiрдi. ИСП-ы революциялық жолды қолдап, Кеңестiк Ресейдi қолдап, халықты революцияға шақырып жатты. Экономикалық дағдарыстар, революциялық толқулар Италия буржуазиясының террорлық саясатқа көшуіне жағдай жасады. Фашизмнің халық арасында беделi өстi. Фашизм Италияда iрi әлеуметтiк күшке айналып, жаңадан әскери ұйымдар мен құрылымдар құрып, Италияны дағдарыстан алып шығатын бiрден-бiр күш деп жарияланды. Елде саяси үкiметтiк дағдарыс жалғасты.
Муссолинидiң үкiмет басына келуi.Либералдық үкiмет револю-циялық толқулардан соң террорлық қимылға көштi. Буржуазия дағдарыстан шығудың жолын таба алмады, фашистiк қозғалыс кең етек алып, халық арасында жаңа беделге ие бола бастады. Фашистiк топтар күштерiн бiрiктiрiп, 1919 жылы «әскери одақ» (fasci di combattmento) құрды. «Әскери одақ» фашистiк ұйым ретiнде құрылып, оның жетекшiсi Бенито Муссолини болды. Фашистер елде өздерiнiң шовинистiк, ұлтшылдық үгiт-насихатын кең түрде жүргiздi. Италия үкiметiнiң дәрменсiздiгiн сынға алды. «Ұлттық мүдде», «Ұлы ұлт» идеясын таратты. Жұмысшы табының арасында таза экономикалық саясатты, ереуiлдiк қозғалысты қолдап, жұмысшы табының мүддесiн қорғады. Шаруалар арасында «жердi кiм өңдесе, жер соныкi» ұранын тастады. Италияда фашизмді негiзгi әлеуметтiк топтар, халықтың кедейленген саласы қолдады.
Фашизмнiң негiзгi тiрегi қалалық ұсақ буржуазия болды. Олар өз меншiктерін қорғау үшін үкiмет қолдап отырған iрi буржуазияны қатты сынға алып, фашизмнiң ұрандарын насихаттады. Фашизмнiң шабуылы күшейген кезде халық арасында ықпалы бар дәстүрлi Италия Социалистiк партиясы оқшауланып, тек қана социалистiк идеяны уағыздаумен шектелiп қалды. Жұмысшы табы реакциялық буржуазия жағына шықты.
1920 жылдың аяғында Солтүстiк және Орталық Италияда фашистер ашық террорға шығып, коммунистер ықпалындағы жергiлiктi ұйымдарды талқандап, большевиктерден елдi құтқаруға шақырды. Жұмысшы табын әлсiретiп, ұсақ буржуазия ықпалын күшейту бағытын ұстанды. Италия үкiметi де бiртiндеп фашизмдi саяси жағынан қолдап, 1921 жылы соғыс министрi И.Бономи әскерлердi фашистiк ұйымдарға көмекке жiберiп, фашизмнің қарулануына жол берді. Италия премьерминистрi либерал Дж. Джолити парламенттегi 35 фашистiк депутаттармен бiр блокқа кiрiп, ИСП мен ИКП депутаттық тобына қарсы күресiп отырды. Италияның iрi буржуазиясы елдегi либерал-парламенттiк саяси күштi сақтай отырып, фашизмдi ашық қолдады. 1921-1922 жылдарда антифашистiк күштер өте әлсiз болды. Италияның ұлылығын қалпына келтiретiн бiрден-бiр саяси күш фашизм деп түсiндi. Фашизмнiң үкiметтi өз қолына алуына жол ашылды.
1922 жылдан бастап фашистер парламенттi таратып, диктатуралық билiктi орнатуға шақырды. Фашизм Ватиканмен тығыз байланыс орнатып, католиктер де фашизмдi қолдай бастады. Италияда саяси тұрақсыздықтан 1921 және 1922 жылдарда үш рет үкiмет ауысты.
Италия социалистiк партиясының реформалық тобы, үкiметтi қолдап, елде фашизмге қарсы тойтарыс беру үшiн жұмысшы тобын көтеріп, ереуiлдер ұйымдастырып, Парме қаласында фашистердiң қарулы құрамдарына қатты соққы бердi. ИСП-ның максималистiк тобы реформистерге қарсы шығып, партиядан бөлініп, Унитарлық Социалистiк партия (УСП) құрды. Бұл жұмысшы табын әлсiретiп, олардың арасында жiк туғызды. Фашизмге үкiметтi өз қолына алуға толық жол ашылды. Олар 1922 жылы Неаполь қаласында өткен фашистер съезiнде, үкiметке ашық ультиматум қойды. Фашистер әскерлерін мобилизация жасады. Сөйтiп, Неаполь қаласынан Римге жорық ұйымдастыруға кiрiстi. Үкiмет амалсыздан отставкаға кетуге мәжбүр болды. Италияда төтенше жағдай жарияланды. Король үкiметтiң кетуiн қолдамай, Муссолинидi шақырып, үкiмет құруға шақырды. 1922 жылдың 22 қазанда фашистiк отряд салтанатты түрде Рим қаласына келiп, Муссолини үкiмет басына отырды. Италияда фашистiк диктатура орнады. Еуропада тұңғыш рет фашизм үкiмет басына келдi. Италияда соғыстан кейiнгi либералдық-парламенттiк жүйе тарады. Саяси дағдарыс, революциялық күштердiң жеңiлуi, антифашистiк қозғалыстың әлсiздiгi, Италия буржуазиясының фашизмдi қолдауы, Италияда демократияның жеңiлiс табуына әкелдi.
Италиядағы «Маттеотти дағдарысы».Италияда фашистiк диктатураныңқұрылуы, буржуазиялық демократияның кейбiр басқару жүйесiнiң уақытша сақталуына әкелдi. Парламент сақталды, саяси партиялар ашық жұмыс iстедi. Муссолини үкiметi құрамында либералдар да сақталды. Бiрақ та фашистiк диктатура бiртiндеп өзiнiң саяси құрылымын өз қолдарына ала бастады. 1923 жылы жаңадан сайлау реформасын жүргiздi. Бұрынғы демократиялық сайлау орнына, мажоритарлық жүйесiн енгiздi. Сайлауда 25% дауыс алған партия депутаттардың орнын қамтамасыз ете алатын болды.
Италия парламентiнiң орнына құрылған Үлкен фашистiк кеңес (ҮФК) заң шығарушы институтқа айналды. Оның төрағасы Муссолини болып тағайындалды. 1923 жылы Ұлттық қауiпсiздiк милиция – ерекше фашистiк қарулы ұйымға айналды. Олардың мүшелерi Корольге және Муссолиниге таза жұмыс атқаруға уәде бердi. Жергiлiктi басқару жүйесi префект әкiмшiлiгiнде фашистiк партия өз бақылауын орнатты.
Фашистiк үкiмет буржуазияны қолдап, көптеген жеңiлдiкке барды. Iрi өнеркәсiп иелерiне субсидиялық көмектiң мөлшерiн азайтқанымен, банктен кредит алуды жеңiлдетiп, салық жүйесiне реформа жүргiздi. Ұсақ буржуазия фашизмнiң әлеуметтiк тiрегi болудан қала бастады. Экономикалық реформа iрi буржуазия мүддесiне сәйкес жүргiзiлдi. Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезiнде Италия экономикасы дами түстi. 1922-1924 жылдарда Италияда акционерлiк қоғам саны 5951-ден 8822-ге жеттi. Ұлттық капитал өстi. Өнеркәсiп өнiмдерiн көптеп
шығара бастады. Еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайы бiртiндеп жақсара түстi.
1924 жылы сәуiр айының 6-ы күнi Италияда парламент сайлауы болды. Сайлау мажоритарлық жүйе арқылы өткiзiлiп фашистiк партия депутаттардың орнын алды. Оппозициялық
партиялар орынға ие болды. Алғашқы парламент
отырысында унитарлық социалистiк партиясының депутаты Джакомо Маттеоти сайлау қорытындысын қатты сынға алып, фашистердiң террорлық жолмен жеңiске жетiп отырғанын дәлелдеп сөз сөйледi. Бұл оның соңғы сөзi едi, оны 1924 жылы маусым айының 10-ы күнi көшеде кетiп бара жатқан жерiнен ұстап алып, өлтiрiп тастады. Маттеотидың өлтiрiлуi елде саяси дағдарысты тереңдеттi. Антифашистiк қозғалыс кең етек алды. Парламенттегi оппозициялық партиялар депутаттары шығып кетiп, бөлек Авентиндiк блок құрды. Ежелгi Римдегi плебей топтары кезiнде патрицийлерге қарсы болып, Авентин жотасында жиналып, содан өздерiн авентиндер деп атаған едi.
Авентин блогы антифашистiк қозғалыстың орталығына айналды. Бiрақ та Авентин блогын социалистiк партияның оң қанаты қолдамады.
Италия коммунистiк партиясы да авентиндiк блокты толық қолдамады. Оппозицияда бiрлiк болмады. 1925 жылдан бастап фашистер шабуылға шыға бастады. 1925-1926 жылдар аралығында фашистiк диктатура ашық террорлық әдiспен, буржуазиялық демократияға қарсы шықты. 1926 жылы қараша айында төтенше заңдар қабылдады. Барлық оппозициядағы партияларға тыйым салды. Антифашистiк баспасөздi жауып, цензура орнатты. Муссолини мен Король өмiрiне қастандық жасағандарға өлiм жазасы қолданылатын болды. Төтенше заң шыққаннан кейiн елде жаппай тұтқындау басталды. Италия коммунистiк партиясының басшысы А.Грамши тұтқындалып, партияның ары қарай өмір сүруіне тыйым салынды.
1927 жылы Италияда жаппай қудалау жүргiзетiн Төтенше трибунал және жасырын полиция әкiмшiлiк мекемелерi құрылды. Төтенше трибунал мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қорғап отырды. Премьер-министр Муссолини Король алдында ғана жауап беретiн болды. Парламенттiң беделi түстi.
1927 жылы Үлкен фашистiк кеңес Еңбек Хартиясы деген заң қабылдады. Бұл заң экономиканы корпорациялауға негізделді. Мемлекет корпорациялау арқылы өнеркәсiп иелерi мен жұмысшы арасында келiсiмге келу «ұлттық мүдденi» көтермелеуге сәйкес өнеркәсiп салалары мемлекеттiк қолдауға сүйенiп жұмыс iстейтiн болды. Италия да басқа елдер сияқты мемлекеттiкмонополиялық жолға түсе бастады. Бұл, бiр сөзбен айтқанда, экономиканы мемлекет арқылы реттеу деген сөз еді. Корпоративтiк буржуазия үстем бола бастады.
1930 жылы үкiметтiң шешiмiмен Ұлттық корпорация кеңесi құрылды. Бұл кеңестiң мiндетi елдегi экономиканы мемлекет арқылы басқаруға негізделді. Кеңеске 22 ұлттық корпорация кiрдi. Ол еңбек пен капитал арасындағы қайшылықты реттеп отырды. Еңбекшi халықтың мүддесiн қорғайтын корпорациялық кәсiподақ ұйымы өмірге келді. Италиядағы еңбек арасындағы дау жанжалды, өнеркәсiп иелерiмен жұмысшы арасындағы келiспеушiлiктi реттеу үшiн кәсiподақ федерациясы құрылды. Корпорациялық Кеңес 1933 жылы әлеуметтiк салада көптеген шаралар енгiздi. 8 сағаттық жұмыс күнiн белгілеп, жұмыссыздықты азайтты. Ауыл шаруашылығын дамыту үшiн, астық тапшылығын жоюда көптеген шаралар жүргiздi. Егiс көлемiн көбейтiп, суармалы егiске көп көңiл бөлiндi. 1929 жылы Италияда 81 млн тонна астық алынды. Сөйтiп, Италия өзiн-өзi астықпен қамтамасыз еттi. Бұл бұрын-соңды болмаған жеңiс еді, барлығы 4 млн га жер жаңадан игерiлдi.
Италияның саяси дамуына айтарлықтай ықпал жасайтын жағдай мемлекет пен Ватикан арасындағы қатынас едi. 1929 жылы Италияның фашистiк үкiметiмен Ватикан арасындағы Латеран сарайында келiсiм болды.
Бұл келiсiм бойынша: 1. Рим папасы Италия үкiметiнен алатын 1750 млн лир компенсациясынан бас тартты. 2. Италия үкiметi Ватиканның тәуелсiздiгiн мойындап, қасиеттi Петр шiркеу айналасындағы ауданды мойындады. 3. Ватикан шiркеуiнiң жанұя және неке мәселесiнде толық еркiндiгiн мойындады. Мектептерде католик шiркеуi өз ықпалын жүргiзуге келiсiм алды.
Италияның фашистiк диктатурасы бұл келiсiм арқылы өз идеологиясында католик ықпалын қалыптастырды. Мұның Италия қоғамы үшiн маңызы өте зор болды.
Италияның сыртқы саясаты.Италияда фашистiк үкiмет орнағаннан кейiн-ақ,сыртқы саясатта ұлтшылдық бағыт ұстады. Муссолини үкiметi жерорта теңiзiнде үстемдiк орнату, Балқан түбегiндегi елдерге ықпал жасау саясатын iске асыру үшiн күрестi. 1924 жылы Италия мен Югославия арасындағы келiсiм бойынша Фиум аралын өзiне қайтарды. 1924 жылы қаңтар айында Италия Кеңестiк Ресейдi мойындап, елшiлiк қатынас орнатты.
30-жылдары Италия сыртқы саясатта империалистiк бағытты ашық жүргiзе бастады. Ел экономикасының тез дамуы жаңа соғысқа дайындалу үшiн қару-жарақтың жаңа түрлерiн шығарып, қарулануға мүмкіндік туғызды. Италияда фашистiк үкiмет соғысқа дайындалуды негiзгi мақсат етіп қойды, империялық көзқарас идеологияның негiзгi үгiт-насихатына айналды.
Мемлекеттiк аппарат ұлы державалық сыртқы саясатты жүзеге асыру үшiн жұмыс iстедi. 1933 жылы Муссолини елдегi әскери басшылықты өз қолына алды. Халықты соғысқа дайындап, жаппай қарулану күн тәртiбiне қойылды. Тiптi 1934 жылы Муссолини Аветрияны жаулап алуға дайындалды. 1934 жылдың соңында стратегиялық маңызы зор, Африкадағы Эфиопия елiн жаулап алуға дайындық жүргiзе бастады. Франция мен Германия арасындағы келiспеушiлiктi пайдаланып, 1935 жылы қаңтар айында Италия мен Франция арасында жасырын келiсiмге қол қойылып, Франция үкiметi Италияның Эфиопияны жаулап алу ойын қолдап, сенiм бiлдiрдi. 1935 жылы қазан айының 3-і күнi 500 мың әскерiмен Италия Эфиопияға соғыс жарияламастан шабуыл жасады. Италия – Эфиопия соғысы басталды. Италия өзiнiң агрессиялық саясатын тұңғыш рет жүзеге асырды. Әскери күш жағынан Эфиопиядан бiрнеше есе көп әскерiмен 1936 жылы ол елді жаулап алды. 1936 жылы мамыр айының 9-ы күнi Муссолини Италияның Эфиопияны толық басып алып жеңiске жеткендiгiн Венециан сарайының балконынан халыққа жариялады.
Италия – Эфиопия (Абиссиния) соғысын империалистiк елдер Франция мен Англия қолдады. Эфиопия королi Хасан I Ұлттар лигасына хат жолдап, Италияның жаулап алуын айыптауға шақырды. Ұлттар лигасы 1935 жылы қараша айында Италияға экономикалық санкция жариялады.
Италияның агрессиялық саясаты 1936 жылы жаз айында Испания республикасына қарсы интервенция ұйымдастыруымен жалғасты. Испанияға қарсы соғыста Германиямен бiрiктi. Испанияға жiберген Италия әскерлерi 1937 жылы наурыз айында Гвадалахар түбiнде жеңiлiске ұшырады. Фашистiк Италия мен Германияның агрессиясын империалистiк елдер ашық қолдамағанымен, қару-жарақпен көмектесiп отырды. АҚШ, Франция және Ұлыбритания елдерi бейтарап саясат ұстанды.
1936 жылы қазан айында Италияның сыртқы iстер министрi Чиано Берлин қаласында саяси ынтымақ келiсiмiне қол қойды. Бұл келiсiмдi Муссолини екi ел арасындағы ось (қазық) деп атап, басқа елдердi қосылуға шақырды. Сөйтiп, Берлин – Рим келiсiмi пайда болды. Германия өз жағынан Италияның Жерорта теңiзi аймағындағы ықпалын мойындаса, Италия Германияның Орталық Еуропа елдерiне ықпал жүргiзуiн еркiн мойындады. Екi фашистiк мемлекет 1937 жылы «большевизмге» қарсы күресу үшiн Германия мен Жапония қол қойған ынтымақ келiсiмiне қосылды. Берлин – Рим – Токио агрессиялық одағы құрылды. 1937 жылы желтоқсанда Италия Ұлттар лигасынан өз еркiмен шықты.
1938 жылы қыркүйек айының 29-ы күнi Мюнхен қаласында Муссолини Гитлердi қолдап, Чехословакияның Судет облысын
Германияға беру туралы Мюнхен келiсiмiне қол қойды. Империалистiк елдердiң фашистiк Италия мен Германияның агрессиялық саясатын ойланбастан қолдауы екiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталуына жол ашты. 1939 жылы сәуiр айында Италия, Албания королi Зогуге ультиматум қойып, ол орындалмаған соң Италия әскерлерi Албанияны жаулап алды. 1939 жылы 22 мамырда Италия мен Германия «темiрдей берiк пактiсiне» қол қойып, болашақта «жерде, теңiзде және әуеде» бiр-бiрiн қолдау туралы ант бердi. Екi фашистiк мемлекет арасында осылай әскери одақ құрылды. Италия екiншi дүниежүзiлiк соғысқа дайындала бастады. Елдiң экономикасы жаңа соғысқа бейiмделiп автаркиялық саясатқа (өзiн-өзi қамтамасыз ету) көштi. Соғыс өндiрiсiне қажеттi стратегиялық шикiзаттармен, азық-түлiкпен қамтамасыз ету автаркиялық саясаттың негiзгi бағыты болды.
§ 5. Америка Құрама Штаттары (АҚШ)
(1918-1939 жж.)
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың қорытындысы. Саясиэкономикалық дамуы.Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс АҚШ-ты халықаралық қатынаста түбегейлi өзгерiске әкелдi - АҚШ соғысқа Антанта жағында 1917 жылы сәуiр айында кiрдi. 1918 жылы көктемде Америка әскерлерi Еуропа құрлығына келiп, шiлде-тамыз айларында соғыс майдандарына қатысты. Соғыс АҚШ-тың жерiн қамтыған жоқ, экономикасы ешқандай зиян шекпедi. АҚШ-тың соғыста адам шығыны өте аз болды. Соғыс майданында 50 мың адам өлiп, 230 мың адам жараланды.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында АҚШ-тың өнеркәсiп орындары тоқтаусыз жұмыс iстеп Еуропа елдерiнiң соғыс тапсырмаларын орындап отырды. Сондықтан американдық корпорация иелерi шексiз таза пайдаға кенелді. 1914-1918 жылдары АҚШ-тың таза кiрiсi 33,5 млрд доллар болды. Өнеркәсiптiң дамуының дүниежүзiлiк саладағы үлес салмағы өстi. 1919 жылы АҚШ дүниежүзiнде өндiрiлген өнеркәсiп өнiмдерiнiң, оның iшiнде көмiрдiң 50%, шойын мен болаттың ; мұнайдың ;
автомобильдiң 85% шығарды. Соғыстың қорытындысында АҚШ-тың экономикалық күш қуаты артты. Сонымен қатар,
АҚШ қаржы саласында Еуропа елдерiне көптеп инвестиция арқылы көмектесiп, өндiрiсiн дамытуда. Олар қаржы саласында АҚШ-қа тәуелдi болды.
АҚШ инвестициясы Еуропа елдерiне:
– соғысқа қажеттi заем 11 млрд долларға жеттi;
– Канада мен Латын Америка елдерiне жеке инвестиция мөлшерi 7 млрд доллар болса, 20 жылдарда дүниежүзi елдерiндегi АҚШ инвестициясының мөлшерi 18 млрд долларға жеттi.
Соғыстың АҚШ үшiн қорытындысы, Еуропа елдерiне Америка капиталының көп мөлшерде шығарылуы, АҚШ қарыз беретiн елге айналды. Соғыстың қорытындысында АҚШ дүниежүзiне өзiнiң саяси экспанциялық саясатын нығайта түстi. Дүниежүзiлiк рынокты өз қолына ала бастады. АҚШ президентi
Вильсонның сөзiмен айтқанда: «Бiздiң мiндетiмiз дүниежүзiне ақша беру болса, ақша берген ел әлемдi билей бiлуi керек». Бұл саясаттың негiзi – АҚШ-тың дүниежүзiлiк гегемондық билiкке шығуы болды.
Соғыстан кейiн АҚШ президентi Вудро Вильсон (1856-1924) болып қалды. Iшкi саясатта либерал-реформаторлық бағыт ұстап, Американың қаржы капиталының мүддесiн қолда-ды. Сыртқы саясатта Латын Америкасы елдерiне қарсы экспанциялық саясат жүргiздi. 1918 жылы қаңтарда атақты «14 пункт» бағдарламасын ұсынып, Париж конференциясына қатысты.
1920-1921 жылдарда АҚШ-та экономикалық дағдарыс кең етек алды. Елде ереуiлдiк қозғалыс күшейдi.
1919 жылы елде 210 мың өнеркәсiп орындары болса, ол 1921 жылы 192 мыңға қысқарды. Жұмыссыздық 5-6 млн адамға жеттi. Ереуiлдiк қозғалысқа қатысқан адамдар саны 4,5 млн жеттi. 1921 жылы АҚШ-та екi коммунистiк партия бiрiгiп, бiр партияға айналды. АҚШ-та дағдарыс жылдарында демократиялық қозғалыс кең етек алды. Ереуiлдiк қозғалысқа Америка Еңбек конфедерациясы (АЕК) кәсiподақ ұйымы басшылық жасады. Экономикалық дағдарыс президенттiк сайлау қарсаңында демократиялық және республикалық партия арасында саяси күрестi күшейте түстi. Вильсонның демократиялық партия үкiметiнiң, халықтың алдында беделi түсе бастады.
1920 жылы қараша айының 2-і күнi АҚШ-та президенттiк сайлау өттi. Сайлауда республикалық партияны қолдап 16 млн дауыс берсе, демократиялық партияны қолдап 9 млн сайлаушылар дауыс бердi. 8 жыл елдi басқарған демократиялық партия жеңiлiс тапты. АҚШ президентi болып республика партиясынан Уоррен Гардинг (1865-1923) сайланды. Вице-президентi болып Калвин Кулидж болды. Республикалық партия үкiметi келгеннен кейiн де елдегi экономикалық дағдарыс жалғасты. Iрi монополияға сенiм артқанымен, Гардинг үкiметi қарсылыққа душар болды. 1923 жылы елдi аралап жүрген кезде, аурудан Гардинг қайтыс болып, оның орнына вице-президент Кулидж тағайындалды.
Капитализмнiң уақытша тұрақтану кезiндегi АҚШ.1924 жылы АҚШ-та президенттiк сайлауболып, республикалық партия екiншi рет жеңiске жетiп, Кулидж президент болды.
1924 жылы АҚШ-та капитализм уақытша тұрақтану кезеңiне өттi. Буржуазияның саяси ықпалы күшейдi. Ереуiлдiк қозғалыс жеңiлiс тапты. Жалпы демократиялық қозғалыс сайлаудан кейiн әлсiредi. Экономикалық өрлеу үшін АҚШ буржуазиясы қаржы бөлуге кірісті. Экономика құрылымын өзгертiп, iшкi өндiрiске капиталды салып, жаңа технологияны енгiзiп, өндiргiш күштiң тез өсуiне жағдай жасады. Өнеркәсiптiң жаңа салалары: ауыр өнеркәсiп, автомобиль, машина жасау, энергетиканың дамуына көңiл бөліндi. Өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру тез өстi. Мысалы: 1923 жылмен салыстырғанда болат қорыту 45 млн т; 57 млн т артты; электр энергиясы 71 млрд квт сағ, 117 млрд кв сағатқа өстi. Жалпы өнеркәсiп өнiмi 70% артты. АҚШ өнеркәсiбi дүниежүзiнде өндiрiлген өнiмнiң 48%-ын шығарды. Сөйтiп, капиталистiк елдердiң арасында бірінші орынға шықты. Ғылым мен техниканың жаңа жетiстiктерiнің өндiрiске тез енгiзiлуi автомобиль шығару Америка қоғамының мақтанышына айналды. Автомобиль өндiрiстің негiзiн қалаушы Генри Фордтың атымен шықты. Жаңа конвейерлiк жүйенiң енгiзiлуi, өндiрiстiң үздiксiз жүргiзiлуi өндiргiш күштердің артуы, АҚШ-ты автомобиль шығарудан дүниежүзiнде бiрiншi орынға алып шықты. Мысалы: 1913 жылы 485 мың, ал 1921 жылы, 1.6 млн, 1929 жылы 5,4 млн автомобиль шығарылды. Форд автомобиль заводында кейбiр кезде күнiне 25 мың автомобиль шығарылатын болды. Өнеркәсiптiң химия, самолет жасау, радиотехника салалары қарқынды дамыды. 1928 жылы капитализмнiң тұрақтануы өзiнiң ең жоғарғы деңгейiне жеттi. «Американдық гүлдену заманы басталды» деп түсiндiрдi АҚШ президентi Кулидж.
1928 жылы АҚШ-та кезектi президенттiк сайлауда республикалық партия жеңiске жетiп Герберт Гувер елдiң президентi болып сайланды. Гувер үкiметі сайлаушылардың үмiтiн ақтай алмады. АҚШ экономикасындағы дағдарыстан шығудың жолын iздеген «миллионер үкiметi» одан еңбекшi халық арқылы шығудың жолын таңдады. «Қатал индивидуализм» идеясы елдің дағдарыстан мемлекеттiк қолдау арқылы шығуынан бас тартты. Еңбекшi халықты әлеуметтiк жағынан қолдауға және жұмыссыздарға көмек көрсетуге қарсы болды. Гувер үкiметi реакциялық саясат ұстады. АҚШ фермерлерiнiң талабын орындау үшiн 1929 жылы маусым айында конгресс арқылы «Ауыл шаруашылық тауарларын өткiзу туралы» заң қабылдады. Жаңа заң бойынша федералдық фермерлердi басқару басқармасын құрды. Фермерлердiң өнiмдерiн сатып алу және рыноктағы артық астықтың мөлшерiн азайту үшiн мемлекет фермерлерге 500 млн доллар бөлді. Фермерлерден сатып алынған ауыл шаруашылығы тауарлары мемлекеттiк қоймаларда сақталды. Қоймаларға 257 млн т. бидай, 1,3 млн т. мақта жиналды. Халыққа қажеттi азық-түлiк тауарларын базарға шығаруды тежедi. Халық арасында аштық басталды. Ұсақ және орта фермерлердiң жағдайы нашарлады. Мемлекеттiк қолдау саясаты уақытша ғана қолданылып, көп кешiкпей тоқтатылды.
Гувер үкiметi iшкi саясатта миллионерлердi қолдап, iрi монополия иелерiне жеңiлдiктер жасады. Жеке меншiк компанияларына жеңiлдетiлген несие берсе, корпорация иелерiне салық мөлшерiн азайтты. Шет елдiң тауарларына баж салығын өсiрiп, iрi өнеркәсiп монополиясы тауарларының бағасын көтерді. Iрi монополияларды мемлекеттiк субсидия (көмек) арқылы қолдап отырды. Гувер үкiметi дағдарыс жылдарында мемлекеттiк-монополиялық саясатты жүргiзуге мәжбүр болғанымен, оған шектеу қойып отырды. Бұл саясатты АҚШ-та кейіннен Рузвельт үкiметi толық жолға қоя алды.
Гувер үкiметiнiң сыртқы саясаты 20-жылдары басталған экспанциялық бағытта жүргiзiлдi. Қаржы-ақша саясаты АҚШтың халықаралық қатынастағы орнын нығайтты. Шет елдерге АҚШ инвестициясы көптеп шығарылды.