Кәсіпшілік одақтар еңбек құқығының субъектісі ретінде
Кәсіпшілік одақтар — дербес, мүшелерінің саны тіркелген қоғамдық бірлестіктер, оларды азаматтар өздерінің кәсіби мүдделерінің ортақтығына байланысты еркімен құрады. Кәсіподақтардың негізгі мақсаты — өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, еңбек жағдайын жақсарту. Кәсіпшілік одақтарының құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында (5,23 баптар), 1993 жылғы 9 сәуірдегі "Кәсіпшілік одақтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, басқа да заң актілерінде анықталған.
Кәсіподақтар еңбек құқығының ерекше субъектісі болып табылады. Бір жағынан, кәсіподақтарды құрудың және олардың қызметінің жалпы құқықтық тәртібі, құқықсубъектілігі, негізгі құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларды жүзеге асыру кепілдігі Қазақстан Республикасындағы қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманың жалпы ережелерінен туындайды, екінші жағынан -кәсіподақтар органдары жүйесінің кейбір буындарының құрылымы, мәртебесі және өкілеттігі анықталады, атап айтқанда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ комитеттерінің, салалық, аумақтық және басқа кәсіподақ органдарының өкілеттігі анықталады. Кәсіподақтардың жұмысы мен мақсаттарының еңбекті қоғамдық ұйымдастыру мәселелерімен тікелей байланысты екені көрініп тұр. Экономикалық реформа және нарықтық қатынастардың қалыптасу жағдайында кәсіподақтардың еңбек құқығының субъектісі ретінде рөлі артуда, себебі, құқықтың тек осы саласы ғана еңбекті ұйымдастыруды және оның жағдайын реттеумен, жалданбалы жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен тікелей байланысты.
Кәсіподақтардың құқықтық мәртебесіне тән бір сипат — оның демократиялық тәртіпте құрылуы және жұмыс істеуі. Азаматтар кәсіподақтарға бірігуге құқылы. Бір немесе бірнеше кәсіп шенберінде құрылатын кәсіподактар санына шек қойылмайды. Барлық кәсіпшілік одақтарына бірдей құқықтық мүмкіндік беріледі. Кәсіподақтар өндірістік-салалық принцип бойынша құрылады. Кәсіпшілік одағының ішкі құрылымын оның жарғысы анықтайды. Кәсіподақтың заң тұлғасы ретіндегі құқықтық қабілеті оның жарғысы тіркелген кезден бастап пайда болады. Кәсіподақтар өндірістік, салалық, аумақтық және басқа принциптер бойынша ерікті өз бірлестіктерін құруға, бірімен бірі уақытша немесе тұрақты келісім-шарт жасасуға, бірлесіп акциялар мен шаралар өткізуге құқылы.
Кәсіподақтар туралы заңнама Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс істейтін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға тарайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының республикадан тыс жердегі жұмысқа жіберілген азаматтарына да қолданылады.
Сонымен қатар, кәсіпшілік одағын құруға тыйым салынған жағдайлар заңнамада бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес (5 бап) басқа елдердің кәсіпшілік одақтарының жұмыс істеуіне, оларды шетелдік заңды тұлғалардың және азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді. Қарулы Күштердегі, ішкі, шекара, теміржол әскерлеріндегі, басқа әскери құрамалардағы, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарындағы кәсіподақтар туралы заңнаманы қолданудың ерекшеліктері осы құрамалар туралы Заңнамада анықталған.
Кәсіпшілік одақтарының құқықтық мәртебесінің мәні, оның заң актілерінде белгіленген өкілдіктері мен кепілдіктерінде. Оларға мынадай құқықтар берілген:
— мемлекеттік және шаруашылық органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен және олардың бірлестіктерімен (одақтарымен, ассоцияцияларымен) өзара қатынаста өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, сол құқықтар мен мүдделерді қорғау үшін сотқа талап қою, онда сол мүдделерді жақтап сөйлеу, оларға басқа да құқықтық көмек көрсету, заңдық кеңес беретін және басқа да құқықтық көмек көрсететін қызметтер ашу, заңнамаға сәйкес ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысу, келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу;
— өз қаражаты және сырттан тартылған қаражаттардың ішінен жарғылық мақсаттарды қаржыландыруға жұмсалатын ақшадан әлеуметтік-экономикалық қор құру;
— мемлекеттік басқару органдарының кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын актілеріне сотқа шағым келтіру;
— кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын құқықтық актілерін толық немесе ішінара бұзу не өзгерту жөнінде мемлекеттік органдарға жүгіну;
— кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын, прокурорлық қадағалау шеңберіндегі құқықтық актілерге наразылық келтіру туралы, кәсіподақтар, еңбекті және қауіпсіздік техникасын қорғау туралы заңнаманы бұзған адамдарға қатысты іс қозғау туралы прокурор алдында отініш білдіру;
— еңбек, үй-пәтер және зейнеткерлік туралы заңдардың, еңбекті қорғау және кәсіподақтар туралы заңнаманың өз мүшелеріне қатысты сақталуына заңда берілген өкілеттік шегінде қоғамдық бақылау жүргізу, жіберілген кемшіліктердің жойылуын талап ету;
— ең аз тұтыну бюджетінің натуральдық-заттық құрылымы мен құрамын қайта қарауға, бағаның өсуіне қарай еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеуді қайта қарауға қатысу;
— өз өкілдері арқылы кәсіпорындарға бару, өз мүшелерінің жұмыс орындарын қору;
— еңбек ұжымдарының тапсыруы бойынша олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, олардың атына ұжымдық шарттар жасасу;
— заңда белгіленген тәртіпте жиналыстар, митингілер, көше шерулерін, қыр көрсету, ереуілдер ұйымдастыру және өткізу;
— баспагерлік қызметпен айналысу, өз жұмысын баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап отыру;
— меншікті иемдену. Бұл жерде әңгіме кәсіподақтардың өз кәсіпорындарына, тұрғын үй корына, баспаға, полиграфия базасына, емдеу мекемелеріне, демалу, білім беру, мәдениет, спорт, балалар мекемелеріне және басқа ғимараттар мен құрал-жабдықтарға, сондай-ақ кәсіподақтардың өз қаражаттарына алынған басқа мүлікке иелігі жайында.
- өндірістік және шаруашылық қызметін жүзеге асыру. Заңдарға сәйкес кәсіподақтар мен олардың органдары заңды тұлға болып саналады. Бұл оларға сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға, кәсіпорындар, мәдениет, білім беру, емдеу, спорт, спорттық-сауықтыру және басқа мекемелер, банктер, сақтандыру және акционерлік қоғамдар құруға, бірлескен кәсіпорындар құруға және олардың жұмысына қатысуға, лотереялар, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып өткізуге, ынтымақ қорларын, мәдени-ағарту және әлеуметтік-экономикалық қорларын құруға, сондай-ақ өз мақсаттары мен жарғылық міндеттеріне сәйкес келетін, заңда тыйым салынбаған өзге де шаруашылық және өндірістік қызметпен айналысуға құқылы.
Қазақстан Республикасының заңнамасы, жұмыс берушімен арадағы келісімдер мен шарттар арқылы кәсіпшілер одағының өзге де құқықтары белгіленуі мүмкін.
Кәсіпшілер одағының осы келтірілген өкілеттіліктерінің кәсіподақтардың негізгі міндеттерін — өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіретіндігін және қорғайтындығын көреміз. Қорғау функциясымен қатар кәсіподақтар еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу, еңбектің қорғалуын қадағалау, өз өкілеттігіне қатысты мәселелер бойынша заң шығару және заң қолдану жұмысына қатысу міндеттерін де жүзеге асырады. Жоғарыңа көрсетілген өкілеттіктерінен басқа, кәсіподақтар, өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін, күшіндегі заңдарға қайшы келмейтін басқа да тәсілдерді пайдалана алады. Кәсіподақтардың өкілеттіктерін іске асырудың тәртібі олардың жарғыларында және тиісті заңдарда анықталған.
Бастауыш кәсіподақ ұйымы болып табылатын кәсіподақ комитеттерінің өкілеттіктерін белгілеу тәртібін ерекше атап өткен жөн. Мысалы, кәсіпорындардың кәсіподақ комитеттерінің өкілеттіктері кәсіпшілік одақтары туралы заңнамада, кәсіпшілер одақтарының жарғыларында, еңбек ұжымдарының шешімдерінде, кәсіподақтар мен олардың комитеттерінің кәсіпорын әкімшілігімен не мемлекеттік емес кәсіпорынның иесінен арада жасалған ұжымдық шарттарда (егер, еңбек ұжымы өз мүддесін білдіруді кәсіподақ комитетіне тапсырған болса), келісімдерде анықталады.
Кәсіподақтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау. Кәсіподақтардың еңбек жағдайын тудыру және еңбекақы төлеу, еңбекті және өндірістегі қауіпсіздікті қорғау, жұмысбастылық, пәтер-үй жағдайы, әлеуметтік сақтандыру және жұмыскерлердің денсаулығын қорғау, зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған. Кәсіпшілер одағы өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін мынадай жолдармен қорғайды: кәсіподақ мүшесі жұмыс берушімен жеке еңбек шартын (келісім) жасағанда заңдық кеңес береді; өз мүшелерінің құқықтары мен заң қолдайтын мүдделерін қорғау үшін арыз беріп сотқа жүгіну; істер қаралғанда сотқа қатысу; өз мүшелерінің атынан жұмыс берушімен кәсіподақ мүшелерін, сондай-ақ еңбек ұжымының осы шартқа қатысуға қарсы емес басқа мүшелерін қамтитын ұжымдық шарт, келісім жасасу.
Кәсіподақтар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруға қатысады. Мысалы, кәсіпшілер одағы өз мүшелерін әлеуметтік және экономикалық қорғаудың жоспарлары мен бағдарламаларын жасайды, оған жұмыссыздықпен күрес, жұмыспен қамтамасыз ету, босатылған жұмыскерлерді қорғау, күн көрудің ең аз мөлшерін белгілеу және оны сақтау, табыстарға түзету енгізу, еңбекақының, зейнетақының, жәрдемақының және стипендияның ең аз деңгейін көтеру кіреді, оларды ұсыныс ретінде тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Кәсіподақтардың құқықтарының мұндай мазмұн алуы экономикадағы және әлеуметтік саладағы саясатты қалыптастыруда мемлекеттің шешуші рөл атқаратындығын көрсетеді. Мемлекет өз органдары арқылы экономикаға, әлеумет саласына республика масштабында басшылық етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар бұл мәселелер бойынша шешімді кәсіподақтардың ұсыныстарын ескере отырып қарайды және қабылдайды.
Еңбек жағдайын белгілеу. Еңбекті ұйымдастыру және оның жағдайын белгілеу өкілеттігі заң бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарына — кәсіпорындардың кәсіподақ комитеттеріне берілген. Кесіподақ комитеттері бұл міндетті өз өкілеттіктері шеңберіңде, кәсіпорын қызметін мемлекеттік реттеудің күшейіп келе жатқандығын, мемлекеттік меншіктің тиімді пайдаланылуы қажет екендігін ескере отырып жүзеге асырады. Кәсіпорын басшысы сол кәсіпорындағы істің жайына меншік иесі алдында жеке жауап береді, сондықтан ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 маусымдағы "Мемлекеттік кәсіпорын туралы"1 заң күші бар Жарлығында және кәсіпорын жарғысында анықталған өкілеттік шегінде жеке басқару принципі бойынша жұмыс істейді, кәсіпорынның қызметіне байланысты барлық мәселелерді өзі шешеді. Басқаша айтқанда, әкімшілік жалпы өндірісті ұйымдастыруда және кәсіпорын қызметін басқаруда жетекші роль атқарады.
Кәсіпшілер одағы мемлекеттің, жұмыс берушілердің және басқа шаруашылық жүргізуші субъектілердің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Өз кезегінде, мемлекет, жұмыс берушілер және басқа шаруашылық жүргізуші субъектілер кәсіподақтардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Кәсіпшілер одағы, сонымен қатар, өздерінің заңсыз әрекеттері үшін белгіленген тәртіпте жауаптылық көтереді. Мысалы, егер заңсыз ереуіл кәсіподақтың ынтасымен жүргізілсе, келген залал оның қаражаты есебінен өндіріледі. Жұмыс берушіге, басқа ұйымдар мен азаматтарға келген залалды, сондай-ақ ұйымның өзі шеккен шығынды өтеу мөлшері сот арқылы шешіледі. (1996 жылғы 8 шілдедегі "Ұжымдық еңбек даулары және ереуілдер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19 бабы).