Ауылшаруашылық кәсіпорындары бойынша шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын экономикалық тұрғыдан дәлелдеу
Жобаны экономикалық тұрғыдан негіздеу әрбір жер пайдалану бойынша жобамен бірге жасалады. Бұл жөніндегі есептер екі мерзімге жасалады:
а) жобаны жасағанға дейін;
ә) жоба бойынша.
Жобаны дәлелдеудің мазмұны жалпы алғанда төмендегіге келеді:
1) жобалық жерге орналастыру есептері;
2) территорияны ұйымдастыруды шаруашылық тұрғыдан негіздеу;
3) нұсқаларды салыстыру (жобаның ең қолайлы нұсқасын таңдап алу).
Біріншіci, мындай бip қатар іс-әрекеттерді қамтиды: жер иеленушіліктер мен жер пайдаланудың, орталық мекендердің орналасуын, алқаптардың аудандары мен кұрамын, жерді шаруашылықтардың арасында бөлуді және алмастыруды негіздеу, нақты аудандарды есептеу және экспликацияларды жасау.
Екіншісі, негізгі мазмұны - экономикалық көрсеткіштерді анықтау. Демек, мал шаруашылығы мен егіншілік салаларының көлемдерін белгілеу, мал азығы балансын, жалпы және тауарлы өнімдердің көлемдерін, еңбек ресурстары балансын, өндірістік жұмыстың нәтижелері және жобаның жалпы тиімділігін есептеу.
Үшіншісі, әр нұсқа бойынша нақты көрсеткіштерді есептеп және көрсеткіштерді салыстыра отырып жобаның ең тиімді нұсқасын таңдауды қамтиды.
Жобаның тиімділігі дегеніміз, жалпы түрде, жобалық ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы алынған экономикалық пайда. Бұл пайда келесі көрсеткіштер арқылы қалыптасады: жерді толық және ұтымды пайдалану, территориялық жағдайларын қалыптастыру нәтижесінде ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыруды жетілдіру; күрделі қаржылардың үнемделуін және жыл сайынғы өндірістік шығындардың азаюын қамтамасыз ету.
Жалпы алғанда жобалық ұсыныстардың дәлелдік критерийлері ретінде жердің толығырақ, ысырапсыз және тиімді пайдалануы, өндірістің территориялық жағдайларының қолайлануы, өнімнің артуы мен шығындардың азаюы, каржылардың тиісті мерзімде қайтарылуы болып табылады.
Жобалық нұсқалар мен шешімдерді бағалау және экономикалық тұрғыдан негіздеу жобаның ең күрделі және көлемді құрам бөлігі болып саналады. Бұл тапсырма мынандай бірқатар жұмыстарды қамтиды.
1) нұсқалар бойынша күрделі қаржылардың көлемін есептеу. Оның ішінде тұрғын үй құрылысының, мал қоралары мен кешендерді қосалқы өндірістік орталықтар мен секторлардың (машина-транспорттық, құрылыс, қойма т.б.), елді мекендер арасындағы коммуникациялар мен территорияны инженерлік жағынан жабдықтаудың құндарын анықтау.
2) Әрбір нұсқа бойынша жыл сайынғы шығындардың көлемін белгілеу. Мұнда транспорттық және эксплуатациялық (пайдалану) шығындарды, амортизациялық жарна мен әкімшілік аппаратқа жұмсалған қаржыларды есептеу кіреді.
3) Келтірілген шығындардың көлемін анықтау, яғни бip жылдық мерзімге келтірілген күрделі қаржылар мен жыл сайынғы шығындардың қосындысын табу.
4) Күрделі қаржылардың қайтарылу мерзімін есептеу, яғни неше жылдың ішінде жұмсалған каржылардың орны толатынын анықтау.
Бақылау сұрақтары:
1. Ауылшаруашылық өндірісінің жер пайдалануын ұйымдастыру.
2. Жер пайдалануларды құру жобасының құрам бөліктері.
3. Тиімді ұйымдастырылған жер пайдаланулар қандай талаптарға сәйкес болуы керек?
4. Ауылшаруашылық мекемесінің жер пайдалануын құру жобасының мазмұны, орындау және негіздеу әдістемесі.
5. Жер пайдаланудың ауданын анықтау.
6. Жер пайдалану ауданына қандай факторлар әсер етеді?
7. Жер пайдаланудың есептік көлемін табу.
8. Жер пайдалануының ауданын аналогтар әдісімен анықтау.
9. Жер пайдалануының ауданын ғылыми мекемелердің ұсыныстары бойынша анықтау.
10. Жер пайдалануының ауданын анықтаудың статистикалық топтау және орта мөлшерлер тәсілі.
11. Жер пайдалануының ауданын анықтаудың есептеу-конструктивтік тәсілі.
12. Жер пайдалануының ауданын анықтаудың экономикалық- математикалық тәсілі.
13. Жер пайдалануының ауданын анықтаудың экономикалық-статистикалық модельдеу әдістері.
14. Жер пайдалануды территорияда орналастыру.
15. Жер пайдаланудың тұтастығы компактілігі қандай көрсеткішпен бағаланады?
16. Орталық мекендерді орналастыру.
17. Жер пайдалануды құруға қажетті алқаптардың түрлері мен аудандарын анықтау.
18. Ауылшаруашылық кәсіпорындары бойынша шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын экономикалық тұрғыдан дәлелдеу.