Сақ уақыты қорғандарындағы адамдарды жылқымен жерлеу ғұрпы

Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ортасынан бастап жылқының шаруашылық пен әскери саладағы мәнінің артуы он бес ғасырдан соң жылқының культтік обьектіге айналуына, күрделі танымның қалыптасуына, оны құрбандыққа шалуға және соңында адаммен бірге жерлеуіне әкелді. Ерте темір дәуірінің орта кезеңінен бастап С.П. Толстов айтқандай, «адаммен қоса жылқыны жерлеу ежелгі тотемдік идеологияның сарқыншағы» [82, 303 б] болудан қалып, енді жылқы, керісінше, басында рулық әулеттің, кейіннен қоғамдағы жауынгерден бастап патшаға дейінгі әлеуметтік дәрежесі жоғары топтардың негізгі байлығы, қасиетті меншігіне айналғандай. Сондықтан да табиғи-климаттық жағдайы сұрапыл, алтын бесік – Алтайда жылқы малы шаруашылық сипатқа тез енді, тотем ретінде санадан кетті [27, 336 б].

Орталық Азиядағы 160 жылқы жерленіп, 15-20 жылқының құйрығы құрбандыққа шалынған және 300-дей жылқы құрбандыққа шалынған Аржан жерлеу- ғұрыптық кешені жерлеудің аталмыш түрінің ежелгілерінің, әрі күрделілерінің бірі [83, 24 б]. Шығыс Қазақстанда Аржанмен уақыты жағынан тұтас, мол мәліметтер беретін ірі обалар қазыла қоймаса да, б.з.д. VІІІ-V ғасырларға жататын зерттелінген обаларда адаммен қоса жылқыны жерлеудің үш түрі: адамға арналған жылқыны толығымен жерлеу (Күрті ІІ, №2 оба; Зевакино, №36 қоршау, №38 қоршау, №104 қоршау, №99г қоршау, №99е қоршау; Құрық ІІ, №6 оба; Қызылтас, №47 оба), қабірге жылқының терісін, бассүйегін не сүйегін салу (Зевакино, №7 қоршау; №83 қоршау; Измайловка) және тек ат әбзелін (ауыздық, суылдырық және т. б.) жерлеу толықтай кезігеді (Камышинка олжасы, Измайловка). Дегенмен де осындай жерлеудің кеңінен таралған өңірі- таулы аймақ, ал шарықтау шегі б. з. д. ІV-ІІ ғасырлар болса керек. Бұған дәлел пазырық мәдениетіне жататын жерлеу кешендеріндегі ашылған сансыз жылқы жерлеулері.

Алтай тау тізбегінің оңтүстік- батыс бөлігінде жатқан, жан- жағынан тау жоталары қоршаған ерте темір және түрік дәуірінің жетпістен астам обалары шоғырланған Берел аңғары да осы мәдениеттің бір тармағына жатады. Мұндағы З.С. Самашев бастаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының кешенді зерттеу жұмыстары 1998 жылдан бері үзілмей жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында ежелгі көшпелілердің №№11, 18, 31, 32, 34, 36, 71, 23, 10, 9, 4, 72, 73 сынды оншақты обалары қазылды. Бұл қорымдағы ерте темір дәуірі обаларының көбісін жерленгеннен кейін- ақ оңтүстік- шығысынан кіріп тонап кетсе де, №11 және №36 обада жылқылар қойылған бөлікке тиіспеген. Сондықтан да бұл мақалада жоғарыда аталған жерлеу кешендерінен алынған мәліметтер негізінде берелдіктердің адамды жерлеуде жылқыны бірге қоюы, құрбандыққа шалуы т.б. мәселелер қарастырылады.

Солтүстіктен оңтүстікке қарай аздап ауытқымалы түрде созылған төрт тізбектен тұратын, «жұмыртқа» пішіндес тас үйінділері мен бұрыштары дөңгелене келген төртбұрышты қабір шұңқырлары С, СШ-О, ОБ-қа бағытталған, орташа обаларының диаметрі 15-20 метр, биіктігі 1,3- 1,7 м болатын, терең қазылатын Берел қорымындағы қабірлерге адамды қима- тағанға немесе ағаш рамаға жерлеу мен оның сыртына солтүстігінен әлеуметтік дәрежесіне қарай жылқыны әшекейлеп, ер-тұрманмен бірге қоюы тән. Қима тағанның үстінен алты-жеті қатар етіп ұзынынан тақтайлар салып, оның үстін және жылқы жатқан бөліктегі киізбен және қайыңның қабығын қабаттай жапқан. Енді сол обалардағы жылқы жатқан бөлікті ретімен толық сипаттап өтсек:

Қорымды зерттеу, әсіресе ең ірі оба- үлкен Берел обасын қазу 1865 жылы В.В. Радловпен жүргізіліп, кейіннен С.С. Сорокиннің толықтай зерттеуімен басталады (Сорокин С. С. Большой Берельский курган (Полное издание материалов раскопок 1865 и 1959) // Архив ИА). Обаның қабір шұңқырында төрт қатарға қойылған, бастары шығысқа қаратылған он алты жылқы мен қима- тағанның ішіне жерленген тағы бір жылқыны қосқанда 17 жылқы ақсүйекті алыс жолға аттандырған. Алдыңғы екі қатардағы сегіз жылқының темір ауыздығы, ағаштан ойылып жасалып, алтын фольгамен қапталған әбзел әшекейлері болды [84, 450 б].

Қорымдағы ең ұзын тізбектің солтүстігінде жеке дара тұрған №11 обада (диаметрі 33,5х22,8 м, биіктігі 1,8 м) екі қабатқа (астыңғы қабатта жетеу, үстіңгісінде алтау) 13 жерленген екен. Жылқының бастары С, СШ-қа бағытталған, аяқтарын бауырына сала қойған. Қабаттардың ортасына курил шайын сала отырып, қалың қабат қайын қабығын жапқан. Бірнеше жылқының төбесінде чеканмен ұрғаннан қалған тесік бар. Жылқылар әшекейленген, ерттелген, ал бастапқы екі жылқыда ағаштан жасалған тау ешкінің мүйізі болды және осы екі жылқының бірінің жалы тері қапталған. Тау ешкі мүйізі доға пішіндес, ішкі беті тегіс, сырты рельефті, түбіне қарай қалыңдай береді. Мүйіздің салаларына жұқа алтын фольгаларды жабыстырған. Бас жағы мен түбінде екі жерден арнайы тесілген. Ауыздық дөңгелек пішінді, темірден жасалған, ал суылдырық, тізгін сияқты т. б. әбзелдер сақ- скиф аң стильі дәстүрінде ағаштан, әртүрлі әдістермен барельеф және мүсіндеу техникаларын енгізе отырып дайындаған және оң жақ бетін көркем туындының алтын, не күміс фольгамен қаптаған. Мұндағы сақталған ер Пазырық обаларында кездесетін ерлерге әбден ұқсайды, яғни ері тоқым тәріздес, көпшікке жүн, не шөп салған. Ердің беті тұяқты (бұлан) жануармен грифонның айқасы бейнеленген аппликациямен әшекейленген. Көбінесе жирен түсті, жастары 13- 20 шамасындағы, жалымен қоса есептегенде биіктігі 136-144 см жылқыларды, алғашқы болжам бойынша, көктем мезгілінде жерлеген.

Обалар тобының солтүстік-шығысында, үш обадан тұратын тізбектің ортасында орналасқан №18 обада (диаметрі 18,3 м, биіктігі 1,05 м) тас құрылымдық ерекшелігі жақсы ашылса да, қабірі тоналып кеткен. Тек 3, 6 метр тереңдіктен қабірдің солтүстік-батыс бөлігін бойлай тас баспалдақта төрт жылқының қаңқасы жатты. Тек бір жылқы сүйегі in situ түрінде сақталған. Бұл жылқылар да чеканмен ұрылып өлтірілген. Олжалардан дөңгелек пішінді, темір ауыздықтан басқа ештеңе табылмады [59].

№10 оба (диаметрі 32х25 м, биіктігі 2 м). Қабір шұңқырының түбінде 3,35 м тереңдікте қабырғаның оңтүстік-шығысындағы ағаш табыттан солтүстік- батысқа қарай аттар жерленген. Қабір шұңқырың барлық жері, ұзындығы 2 м жететін 7 қабат қайың қабығымен, оның үстінен куриль шайының бұтақтарымен жабылған. Жылқылар қарынымен жатқызылып, аяқтарын бауырына қарай икемдеп қойған. Барлық жылқылар салтанатты түрде ерттеліп, үш қатар болып орналасқан; Біріншісінде- сыңарланып орналасқан төрт аттың бастары жоғары болу үшін плита тастарды тіктеп қойған. Бұл аттар бірінші болып жерленген. Келесі екінші және үшінші қатардағы жылқылар үш-үштен орналасып, әрқайсысының бастары алдындағы аттардың жамбастарына сүйелген. Бірінші қатардағы бірінші аттың басы ағаш табыттың бір бұрышын орай орналасқан. Осы атта тау ешкінің мүйізі сынды ағаштан жасалған мүйіз- әшекейі бар.

Сонымен қатар ең басты айта кетерлік мәселе тоқымдарының сақталу дәрежесі өте жоғары болғаны соншалық, киіз тоқым бетінде фантастикалық полиморфты бейне сақталған. Дәл осындай табыс Орталық Азияда бірінші рет кездесіп отыр. Ат әбзелдері барельеф техникасы бойынша түрлі тәсілдерді қолдана отырып жасалған. Осы табылған бүкіл заттардың беткі бөліктері алтын фольга және қалайымен әшекейленген. Ат әбзелдерінен басқа да көптеген заттар кездеседі: таутекелер, арқарлар, бұлан және грифондар [61, 272- 277 б].

Қорымдағы жылқы мүрделері көп табылған әзірше жоғары сипаттап өткен үш оба болып тұр. Енді орташа топтардың жерлеу орны болып табылатын қорымның оңтүстік-батысындағы тізбектегі әрқайсысынан екі жылқы сүйегі табылған №34 және №31 обаларды сипаттайық:

№34 оба (диаметрі 14,3х14,6м). Оңтүстік- батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған, тереңдігі 2,4 метр қабір шұңқырында екі адам, екі жылқы жерленген. Жерлеу ғұрпы басқа обалардан өзгеше бұл обада денесінен бөлектеп алған адамның бас сүйектері жылқының алдыңғы аяғы тұсында жатыр [85].

№31 оба (диаметрі 14х10,3 м, биіктігі 0,68 м). Қима-тағаннан солтүстік- батыс қабырғасында бастары шығысқа қаратылып, аяқтарын бауырына жия қойылған екі жылқы жерлеуі ашылды. Солтүстігіндегі жылқының басы жерге тігінен, мойны иіле (археозоолог П. Косинцевтің ойынша, жылқының басының бұлай қойылуы тек басын байлап тастаған жайда ғана кездеседі) жатыр және жылқыны алдыңғы аяғын соза, ал артқы аяғын бауырына жия оң жамбасымен қойған. Сол жақ жамбасымен жатқан оңтүстігіндегі екінші жылқының жамбасында жатқан көлемі 0,8х0,39х0,2 метр тасқа қойылған. Бұл соңғы жылқы жетекте кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Жылқыларда дөңгелек, темір ауыздықтар сақталған.

Осы тізбектегі обалардың жерлеу құрылысынан айнымайтын тағы бір жерлеу №11 оба орналасқан ортаңғы ірі тізбектің оңтүстігіндегі №71 обадан 2004 жылы ашылды. Мұнда да екі жылқының мүрдесі адаммен қоса ағаш раманың солтүстік- батысынан жерленген. Жылқылардың басы солтүстік- шығысқа қараған, аяқтары бауырына жиылған. Екі жылқының да оң жақ маңдайынан 1,5х2,5 см көлемдегі чеканмен ұрған тесік көрінеді. Сол жақ жамбасымен жатқан алдыңғы жылқының басы тігінен, тұмсығынан арнайы салынған қара түсті органика – «киіз» үстіне қойылған жұмыртастарға (4х4х1, 5,6,5х5х3см) тірей қойған. Жылқының ауыздығы қоладан жасалған, дөңгелек пішінді. Сулығы ағаштан, сақталған ағаштың ұзындығы – 11 см, қалыңдығы – 1,5см. Жылқы бассүйегінің әр жағында бес-бестен ұшыбірқырлап тегістелген, түбі 3-5 см енде тесілген жүгеннің әшекейлері – қабанның тістері кездеседі. Таулы Алтай ежелгі көшпелілерінің жерлеулерінде жиі кездесетін бұл әшекейлер аттың омырау тұсында да оншақтыдан табылды. Яғни мұнда өмілдірікті әсемдеген болса керек. Оңтүстік-батысқа қарай төменірек жерленген екінші жылқыдан қабан терісінен жасалған әшекейлер табылмаса да дөңгелек пішінді, қола ауыздық пен ортасында тесігі бар, қоладан жасалған, жүгеннің әшекейлері табылды. Бұл жылқы да сол жамбасымен қойылған, бірақ басы алдыңғы жылқының сол жағына қойылған.

№31, №34 обалар орналасқан солтүстікке қарай аздап ауытқымалы түрде жатқан тізбектің солтүстігінде 2002 жылы диаметрі 16 метр №32 оба қазылған еді. Мұнда да қима-тағанның солтүстік-батысында аяқтарын бауырына сала тұмсығымен тік қойылған жылқы мүрдесі ашылды. Жылқының маңдай, мойын, арқа, жамбас сүйегі мен одан оңтүстік- батысқа қарай қара түсті, майлы, жұқалау органика кездеседі. Аттың маңдайынан тұмсығына дейін күмістен жасалған фольгалар қара түсті органикамен араласа жабысып жатыр. Күміс фольгалар аттың жамбас сүйегі тұсында да кездеседі. Жылқы темір ауыздықты. Бас сүйектің сол маңдайында ені 1,2 см чеканмен ойылған ойық бар. Жылқының құйрық сүйегі тұсында қызыл-қоңыр түсті органика жатыр. Бұл аттың құйрығына ораған, не буған материал қалдығы болуы мүмкін. Астау- табыттан 11 қой омыртқасы мен аттың құймышағы табылды.

№11 обадан солтүстік, солтүстік- шығыста 80 метр жерде жатқан №36 оба қорымдағы басқа обалардан ішіне тігінен тіреуіш плиталар қойылған цисталы жерлеу камерасының болуымен және үстін ұзынша және дөңгелек, ірі тас блоктарымен (салмақтары 200- 500 кг) жабуымен ерекшеленеді. Құрылымы Берелден көрі, құлажорға кезеңі ескерткішіне ұқсас бұл камераның түбі жұмыртастармен толтырылып, қима- таған салынған. Қызығы, цистаның солтүстік- батыс қабырғасының ішінде жылқыны қою үшін түбі жалпақ тастармен жабылған орын дайындалған, соған жылқының басын солтүстік- шығысқа қаратып жерлеген. Жылқы жетпістей сүйектен жасалған жүген, суылдырық, өмілдірік т.б. әшекейлермен әсемделген [60].

Қорымдағы обалардың орналасуы мен қабірдегі қойылған жылқылардың санына қарай жерленген адамның өз қоғамында қандай беделі, дәрежесі болғандығын байқауға болатындығын зерттеушілердің көбі бүгінде мойындады.

Таулы Алтай қорғандарындағы ат мүрделері жерленген адамның сол қоғамдағы алған орнын, билік иерархиясының көрінісін береді. Мысалы, екі атпен жерленген адам – жауынгер, ал одан да көп аттар, бес-алты немесе оншақты және одан да көп атпен жерленсе, жоғары дәрежені береді [86, 72 б].

Берел қорымындағы үлкен Берел обасы, №11 обасы және №18 обаларды тайпа немесе тайпалық одақтың басшылары мен оның туысқандары, ал басқа бір- екі жылқы жерленген обаларда жанұя басшылары немесе жауынгерлер жерленуі мүмкін. Берел обаларындағы жерленген, адамды аттандырушы жылқылардың барлығының басы С, СШ қарай бағытталған, аяқтары ішке қарай бүгіле «тынығу» түрінде жатыр. Алдыңғы жылқының бассүйегін қандай әдіспен болсын (байлап, не жақсылап жығылмастай жағын бекітіп) тігінен, тұмсығымен қойған, ал екінші жылқының басы ылғи да алдыңғының оң, не сол жамбасында жатады. Сонымен қатар тек солтүстік- шығысқа қарай бірінші қойылған жылқыны ғана әбзелімен қоймаған, екінші жылқыда да ауыздық, сулығы т.б. болған. О дүние барлығына, онда өлген туыстарымен және мал- жануарымен де кездесеміз дегенге сенген ежелгі көшпелілердің жерлеу ғұрпына жылқының тек жерлеу инвентары ретінде ғана емес [87, 31; 88, 214 б], сонымен қатар өлген адамды тасымалдауға қызмет ету үшін қатысқандығын жоғарыдағы археологиялық деректер (жылқы мүрдесі, әбзел жабдықтары т. б.) растауда. Қабір шұңқырының жанына әкелінген, жабдықталған жылқының маңдайын чеканмен ұрып өлтіре бірге жерлеу сол адамға есті жануары- арғымағын арнау ғұрпы орын алғандығын байқатса керек. Бұған қазақтағы жалы қырқылып, құйрығы өрілген- тұлданған ат (якуттардағы idik- ыдық аты) қызметі сәйкес келетіндей [27, 148; 89, 67 б]. Себебі пазырық жылқыларының құйрығы қос өрімнен бес өрімге дейін өрілген, жалында 25 см шоқтық қалдырылып қырқылған және оған қалың киізден жасалған мойын жапқыш (нагривник) кигізілген [27, 150 б].

Адамды жылқымен қоса жерлеудің мәнін түсіну үшін сақ- скиф мифологиясы мен космогониясындағы аттың рөлін ашу қажет. Бұл үшін олардың діни-мифологиялық түсініктері сақталған түркітілдес халықтардың этнографиясындағы жылқыға байланысты ырым-тыйымдар, сенімдер мен ғұрыптарды қарастыру керек сияқты. Нәресте дүниеге келген ат – бәсіре мал енгізген (башқұрт, қарақалпақ, қазақ), азан шақырып ат қойып, атқа (ашамайға) отырғызып той жасаған көшпелілер ат пен батыр бір бүтін, өлсе сүйектері бір жерде, тірі жүрсе оларға бір өмір деп түсінсе керек. Арнау аттың иесін жерлеуге ерін теріс қарата ерттеп, жерлеу ғұрпын орындайтын керуеннің басын бастап барып, тек қатысып қайтуы (тұлданып), бар мәлімет бойынша пазырық мәдениетін жасаушылар көктем, не күз айларында жерленуі, қыста ірі көлемді, терең шұңқыр қазып, адамды жерлеудің оған үйінді тұрғызудың қиын болатындығы адамның өлгеннен кейін біраз уақыт сақталынып, жылы жыл мезгіліне қарай жерленуі мүмкін деген ойға итермелейді. Тұлданған ат бір жылдай үйірде жүріп, жыл өткен соң ерттеліп, үстіне иесінің барлық киімі салынып, қара киізбен жабылып, сосын барып сойылған. Жылқының бірге жерлеу қазақтарда ұзақ уақыт бойы сақталған. Мысалы, И.А. Кастанье былай дейді: «Случалось даже, что с покойником хоронили лучшую его лошадь» [90,102 б].

Салт аттылар заманында өлген адамға тың жылқы малын арнап, көлікпен қамтамасыз ету сыртында оған сыйыну, оны тамақтандыру т.б. мақсатында жылқыны құрбандыққа шалған. Жылқы құрбандыққа оба айналасында шалынып, еті түгел желініп, белгілі бір сүйектері (бассүйегі, құймышағы, тұяғы т. б.) бүтіндей, не сындырылып, не отқа жағылып күлімен бірге қабір шұңқыры ішіне, не үйінді шетіне қойылған. Сонымен бар мәліметтерге сүйене отырып, жерлеу ғұрпындағы жылқы екі мақсатта: өлген адамды о дүниеге жеткізетін желдей жүйрік, тұяғы тас қопарар, Көктен туылған, ер-тұрманды арғымақ пен сол адамды еске алу, тамақтандыру т.б. үшін құрбандыққа шалынатын жылқы ретінде пайдаланылған деген қорытынды жасауға болады. Қазақ Алтайындағы малшылар қауымы құрбандыққа көбінесе қой мен жылқыны шалғандай. №31 обада қыш құмыра ішінде қой омыртқасын салып, адамның оң жағына қойылуы, №71 обада ағаш раманың оңтүстік-шығыс бұрышында қой омыртқаларының ұзынша түрде жатуы, ал №32 обада адам сүйегі мен жылқы құймышағының табылуы осыны растайтындай. Сонымен қатар №11 және №10 оба үйінділерінің оңтүстік-шығыс, оңтүстік жақ шетінен де жылқы сүйектері кездескенді.

Мыңдаған үйірден жоғалған бір жылқыны біле алатын көшпелілер жылқының түсі, жүрісі, мінез-құлқына ерекше назар аударған. Көктен жаралған жануар жөніндегі наным-сенімге сүйене, ырымдай отырып ат мінген. Өлген адамға арналған жылқыны діни-мифологиялық түсініктеріне сай жерлеуге арнайы жасалған әбзел, әшекейлермен әсемдеген [86, 54 б]. Жерленген пырақтардың бассүйегін кебіндеп (маска жасап), арнайы тұмсығымен тік қойған. Тұмсығының үстіне қара түсті органика- киіз салынған жұмыртастар (№71 оба) салған жайт та кездеседі. Жол бастайтын жылқыларға ағаштан жасалған тау ешкі мүйізін тағып, төбесіне жолбарыс тәріздес грифон мүсінін қойған. Пуллэблэнктің айтуынша, қытай мифологиясында chi-lin деп аталған («көктен жаралған» дегенді білдіретін юечжий эпитетіне келеді) бұғы денелі, ат тұяқты, жирен түсті, жылқы-грифон культі болған. Chi-chi атты басқа жылқы- грифон жылқы жемістілік, физикалық күш және патшаның мәңгі бақилығы нышанын білдірген және «патшалық» эпитетін алды [91, 1-2 б]. Бұл культтің өзіндік фантастикалық жануар бейнесі-грифоны болған алтайлықтарға қатысы бар.

Таулы Алтайдағы Пазырық, Құтырғантас, Ақ-Алаха қорымы жерлеу орындарынан және В.В. Радловтың Бұқтырмадағы бір жерлеуден алтын пластинаға ойылып жасалған шошақ бөрікті салт аттының бейнесінің табылуы [84, 477 б]. Алтайды мекен еткен малшылар да Жетісу сақтары сынды шошақ бөрік киген деген ой салады. Егер сол бөріктің төбесіндегі жануар бейнелері өзінше сол адамның әскери дәрежесін, атағын білдіреді десек [34, 42 б], Пазырық І обасынан табылған теріден жасалған бұғы мүйізді және төбесінде жолбарыспен айқасып жатқан қанатты грифон мүсіні бар жылқы кебіні (маскасы); Пазырық ІІ обасындағы ақ түсті, жұмсақ киізден жасалған тау ешкі (сырты киіз, іші ағаштан) мен құстың (киізден) мүсіні бар жылқы бас киімі; Пазырық V обасындағы мүйізі мен құлағы теріден жасалған бұғының ағаш мүсіні бар тері баскиім сияқты жылқы кебінің төбесіндегі бейнелердің де өзіндік оқылмаған сыры бар. Бұл жылқы- грифон, жылқы- тау ешкі, жылқы- бұғы-фантастикалық қосынды бейнелер Алтай көшпелілерінің өнерінде жақсы дамыған.

Сонымен ежелгі көшпелілер заманында өлімге ұшыраған иесімен бірге ер- тұрманы, әбзел әшекейлерімен қоса жерленуінен жылқыныңкүнделікті өмірде қандай орын алғандығын аңғару қиын емес. Бір адамның ортадан о дүниеге кетуі Қаратүнек ретінде саналса, оны өлгенінен кейін бастап жерленгенге дейін, жерлеу және жерленгеннен кейінгі ғұрыптары әр уақытта атқарылатын күрделі процесстер. Бұл ғұрыптар сол қоғамда қалыптасқан салт-дәстүр, наным-сенім және ырым-тыйымдарға сүйене, бұлжытылмай орындалды. Сондықтан да Қазақ Алтайы малшыларының жерлеу ғұрпындағы жылқының рөлін, мәнін тек қабір шұңқырында қойылуы, бағытталуы, жатысы, түр-түсі анықтағанда ғана емес, сонымен қатар жүген, кебін, ер, өмілдірік және жабынды әшекейлеріндегі аң стильдерін талдаған да ғана ашуға болады. Жылқы – Көктен жаратылған жануар, жылқы – билік нышаны, жылқының антропотемдік мәні және жылқының Жерасты әлемімен байланысы сияқты жылқыға қатысты ежелгі көшпелілердің дүниетанымын қайта жаңғыртуға үлкен үлес қосар тақырыптарды халық ертегілері мен батырлар жырларында сақталған бейнелерімен қоса зерттеу бүгінгі таңдағы өзекті, кезегін күттірмес мәселе болып тұр. Көшпелілердің баскиімі мен жылқы кебіндеріндегі жануарлар мүсіндерінің өзі жеке зерттеуді қажет етеді.

Таулы Алтайдағы атпен жерлеу ғұрпы. Таулы Алтайдағы сақ уақытысындағы халықтардың мәдениетімен жерлеу ғұрыптары турасында мәлімет беретін, дүние ол адаммен қоса, бір мола шұңқырына жылқы малын жерлеуі. Мұндай дәстүр ерте көшпелілер қоғамына әлеуметтік- экономикалық факторлардың әсері себепті пайда болды. Қолда бар мәліметтер негізінде сақ уақытысында барлық адамдарды жылқымен қоса жерлемегені анықталды. Біз қарастырып отырған 19 қорымның, 106 қорғанында 94 жылқының мүрдесі шықты. Барлық жерленген жылқылар ат болғандығына зертеушілер келісілген. Пазырық мәдениетінің көп қырларын анықтауға көмектесетін бір қатар тенденциялардың басын ашу қажет, сол үшін пазырық қорғандарында қазылып алынған жылқыларды салыстырмалы анализ негізінде жасаймыз.

Барбурғазы қорымындағы зерттелінген 27 қорғанның 12 жылқы болған. Бір жылқыдан ер адамның қасына қойылуы 3 жағдайда, 1 жағдайда әйелмен, ер мен әйел жерленген қорғанда 1 рет, таңы 2 рет топтық жерлеулердекездеседі. Қос жылқыдан жерлену жекелей қорғандарда кездеседі. 2 жағдайда бір адамның қасына қос жылқыны жерлеу тіркелген.4 ер адамның, 7 әйел адамның және 3 баланың жерленулерінде жылқы мүрдесі шықпады.

Келесі деңгейдегі анализ үшін Қос-Ағаш ауданыннан табылған материалдар тартылды. Қолға алынған мәліметтер төмендегідей: барлық қазылған 243 қорғаннан 107жылқы сүйектері табылды. Бір жылқыдан 23 рет ер адаммен, 18 рет әйел адмамен, 4 рет баламен, 3 рет топпен, 9 рет жұппен жерленген.Жылқы сондай- ақ 1 рет жұптық, 11 рет жынысы анықталмаған жалғыз жерлеулерде де тіркелген. Екі жылқыдан 7 рет ер адаммен, 4 рет топтық жерлеумен, 16 рет жұптық [олардың ішінде 6 рет ер -әйел, 1 рет екі еркек, 2 рет екі әйел, 7-нің жынысы анықталмады]. Қабірде 3 жылқының кездесу фактсы 8 рет тіркелген: 1 рет ер адаммен, 2 рет әйел адаммен, жұптық жерлеуде 3 рет, жеке топтық жерлеуде кездеседі. Жылқы малының сүйегі табылмаған қорғандар саны: 20 – ерлердікі, 25 – әйелдердікі, 37 – балалардікі, 7 – ер мен әйелдікі, 5 – ер мен баланікі, 4 – екі баланікі, 3 екі әйелдікі, 10 жағдайда топтық жерлеу тіркелген, Сондай-ақ 25 қазылған нысанда жерленгендердің жыныстықжастық сипаттамалары анықталмаған, олардың 21 адам жалғыз жерленген.

Шамамен осындай көрсеткіш Онгудай ауданындағы ескерткіштеріден көруге болады. Онда зерттелінген 51 қорғанда 25 адам жылқымен қоса жерленген. Алтай республикасындағы өзге аудандардың көрсеткіші келесідей: Улаган ауданында 30-дың 19-ында, Усть-Кан-да 22-ның 7- інде, Маймин ауданында 15-тің 3-уі, Чемаль ауданында қазылған 112 қорғанның тек 9 жылқымен жерлеу тіркелінген. Шебол ауданында зерттелінген 3 нысаннан да жылқы мүрдесі шықпады.

Енді алынған мәліметтерді қосып қосынды нәтижесін көретін болсақ жылқымен қоса жерленген оба саны 172 болса, оның 35-і ер адамдікі, 21-і әйел адамдікі, 5 баланікі, 10 жұптық жерленулер, Сондай-ақ бір жылқыдан, 42 оба 1 адам жерленген, 8-інде бірнеше мәйітпен, екі жылқы жерленген обалар саны 11-еркек, 7-топтық, 19 – жұптық жерлеулер. Және екі жылқыдан көп (негізі үшеу) 12 рет тіркелген.

Көрсетілген мәліметтерге қарар болсақ ер адамның қабіріне жылқы малын жерлеген. Әйелдің қасына жылқы малын жерлеу анағұрлым аз, баламен қоса жерлеу тіптен аз. Жерленген жылқылардың саны мәйіттің әлеуметтік статусына байланысты [92, 46-47 б].

Таулы Алтайдың әртүрлі жерлерінде жылқымен қоса жерлеудегі жылқы саны да әртүрлі, бұл жекелеген аудандардың зерттелу деңгейінің әртүрлілігімен қатар адамның өмір сүру ерекшелігіне да байланысты. Аталмыш жағдай сондай-ақ Еуразия территориясында сақ-скиф уақытында жүрген мәдени- тарихи үрдістердің көрнісін береді. «классикалық» пазырық қорғандарының негізгі таралу аймағы Оңтүстік, Шығыс және Орталық Алтай аймағы болып табылады.

Жылқы малының сүйектерін сипаттау зерттеу жағы кенжелеп қалып келе жатыр, Қазба барысында алынған барлық материалдардың ғылыми айналымға енбеуі қол байлау болуда. Жылқыларды толық сипаттап жазу тек бірнеше еңбектерде кездеседі. Олардың өздері әртүрлі деңгейдегі толық қандылық пен жазылған. Негізгі келтіретін мәліметтері шоқтығының биіктіктері аяғының жіңішкелігі.

Жерленген жылқылардың жасына тоқтайтын болсақ Пазырық қорымы мен Шибе қорғандарында жерленген жылқылардың 53 үлкен, 13-і жас. Ак-алаха, Уландырык және Верх-Кальджин материалдары бойынша жылқылар кәрі болған [93, 46 б]. Берелде 47 жылқының 1-уі жас, үлкендері 17 жылқы және кәрілері 29 жылқы. Байқап отырғанымыздай пазырық пен шибеде жас жылқыларды таңдаған.

Шоқтығының биіктігі бойынша Шибенің жылқылары биік болған. Кейін Ак-Алаха мен Кутурғантас жылқылары жүрсе, ең ақырғыларында Берел жылқылары тұр.

Аяқтарының жіңішкелігіне байланысты Пазырық пен Шибе жылқылары Берел жылқыларына қарағанда аяқтары жіңішке. Аяқтары жіңішке жылқылар асыл тұқымды жылқылар санатына жатқандықтан, жерленген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты асыл тұқымды жылқыларды қоса жерлеген.

Жеткілікті деңгейде Катунь өзенінің төменгі ағысындағы ескерткіштер тобы айрықша екендігін атап өтуге болады. Аталмыш аймақтағы жерлеу ескерткіштері адаммен қоса жылқыны жерлеудегі ерекшеліктерімен қатар, бір қатар кешенді белгілеріменде ерекшеленеді [92, 23 б].

Ресей ғалымдары осынау аймақтағы ескерткіштерді пазырық мәдениетінің локалды нұсқасы ретінде танып жүр. Бүгінгі таңда Қазақ Алтайындағы Берел қорымының материалдарын айналымға енгізе отырып салыстырмалы типологиялық әдістерді және жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдалана отырып локалды нұсқа ретінде танылуына әрекет ету міндеті тұр.

Адам мен жылқыларды жерлеу арасындағы ара-қатынастың өзгеруі Азияда болған тарихи оқиғаларға байланысты. Б.з.д. IV ғ. Александр Македонскийдің Орта Азияны жаулап алуы, Ахеменидтер империясының құлауы, кейінірек Мөденің солтүстікке жорығы (б.з.д. 201 ж.) және юечжейлардың әскери жорықтары сынды тарихи құбылыстар жүрген еді. Пазырық тайпалары да, әскери жорықтарға қатысқан болуы мүмкін. Бұны осы дәуірлерде кенотафтардың ұлғайуымен түсіндіруге болады [92, 36 б].

Осылайша ең көп жылқымен қоса жерлеу салты Шығыс, Солтүстік, Орталық Алтайда екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл аудандарда «классикалық» үлгідегі пазырық ескерткіштері кең тараған. Жылқы саны адамның әлеуметтік беделіне байланысты.

Алтай қорғандарындағы жылқылардың мәліметтері оларды арнайы таңдағаның меңзейді. Күмәнсіз жынысы (тек аттар), жасы (жас жылқылардың саның көптігі), кей жағдайларда өлшемі бойынша (асыл тұқымдыларды) таңдау жасалынған [94]. Сондай-ақ әрбір қорымда жылқыны таңдау әртүрлі болған. Мұндай әртүрліліктің себебі түрлі болуы мүмкін бұл этнографиялық яғни Алтайдағы әр түрлі топтардың мәдени бір типті болмауымен, осы себеп пен дәстүрдің уақыт ағымымен өзгеретіндігін меңзейтің хрнологиялық түрлілікпен байланысты. Келесісі жерленуші адамдардың не бүтін қорымның статусының түрлілігі. Күмәнсіз нақты жерлеу ғұрпында пайдаланылған жылқылардың сипаттамалры, қандай да бір әлеуметтік маңызды факторды беруі мүмкін, келесі жағынан қарағанда қолда бар мәліметтер негізінде оларды жерлеу ғұрпының анықтаушы күші ретінде қарастыруға болмайды. Бұдан да маңызды жерлеу ғұрпының элементтері болған.

Таулы Алтайдағы Пазырық қорғандары. Пазырық қорғандары Ресей Федерациясындағы Таулы Алтай аймағы, Улаган ауданындағы Пазырық жазығына орналасқан, теңіз деңгейінен 1600 м биіктікте. Олардың ішінен ірі бес қорған көлемі жағынан ерекшеленеді.

Бірінші Пазырық қорғаны. 1929 жылы М. Грязнов 1- ші Пазырық қорғанын зерттеді. Тастан қаланған қорғанның диаметрі 36 м. 4 м тереңдіктегі қабір шұңқырының көлемі 52 кв.м. Шұңқырдың түбі тас сынықтары төселіп, оған қос қабырғалы, қос шатырлы ағаш бөренелерден жасалған қима таған қойылған. Қима тағанның асты тиіп тұрған еден 19 тақтайдан құралған, төбесіне 196 бөрене тізілген. Қабырғалардың арасы майда уатылған тастармен толтырылған. Төбесіне қойылған бөрененер қалың қайың жапырағымен жабылған. Қиманың солтүстік және оңтүстік қабырғаларына үш- үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Бөренелердің үстінен қабір шұңқыры 300- ден астам ағаш тақтайлармен жабылған. Қима тағанның қабырғаларының ішінен қара киіз ұсталған, киіздің шеттері ақ киізбен көмкерілген. Бұл киіз ағаш және мыс шегелермен қағылған. Еденге киізден басылған кілем төселген. Қабырға тұсында ұзындығы 3, 75 м, бүтін самырсыннан үңгіп жасаған саркофаг- астау қойылған. Астаудың қақпағы дәл сондай басқа самырсыннан дайындалған. Саркофаг- астаудың ішіне қос мәйіт: ер адам мен әйел адамның мумияланған денелері қойылған. Қима түбінен қыш ыдыс табылды [95, 34-40 б].

Қиманың жанына аттар жерленген. Мұнда әр түстегі 10 ат ауыздық, ертоқымдарымен жерленген. Ауыздықтар ағаштан жасалған тау ешкі мен бұғының бейнелерімен әшекейленген сулықтармен сәнделген. Барлық 10 аттың жүгендері бейнелеу өнерінің жоғарғы деңгейіндегі тері мүсіншелер мен қарағайдан жасалған ілдіргілермен әшекейленген. Ілдіргілер, сулықтар, түймешелер бәрі алтын фольгамен қапталып, күміспен апталған. Ертоқымдардың белдемелері де осылайша сәнделген. Ертоқымдардың үстіне тері аппликациялы жабу жабылған. Аппликацияда грифтың бұғыға шабуылы бейнеленген [95, 67-80 б].

Жылқы жерленген бөлікте ағаш таяқшалардан жасалып, терімен бекітілген қалқандар, ағаш сапты қамшы, жабайы мысықтың бас терісінен тігіліп, ішінен жұпар иісті шөптер толтырылған жастықша- қалташалар табылды. Он жылқының ішінде екеуі ерекше әшекейленген. Олардың құйрықтарына оюланған қобдишалар тағылып, жалына киізден тігіліп ашық қызыл түске боялған тоқыма бахрамалар кигізілген. Табылған заттардың ішіндегі ең кереметтері аттың басына кигізілген маскалар болып табылады. Екі маска да қалың киіз бен теріден тігілген. Бірінші масканың үстіңгі бөлігіне қанатты аң мен жолбарыстың алпарысын бейнелейтін сурет басылған. Екінші масканың тұмсық бөлігіне жолбарыстың мүсіні орнатылып, масканың жоғарғы бөлігіне қалың теріден табиғи көлемдегі бұғы мүйізі ұстатылған. Аттардың қалдықтарын зерттеу барысында олардың асқазанынан жеген шөптерінің қалдықтары табылды. Барлық жылқылар Таулы Алтай мен Түркменстанда кездесетін ахалтеке тұқымынан, мініс аттары екені дәлелденді. 1-ші Пазырық қорғанының тұрғызылуы б. з. б. IV- V ғ. деп мерзімделеді [95, 43 б].

Екінші Пазырық қорғаны биіктігі 2 м, диаметрі 36 м. Тас үйіндіден тұрды. Тас үйіндінің астыңғы қабатынды 4 м тереңдікте, көлемі 7,1х 7,8 м қабір шұңқыры. Қабір шұңқырының түбіне өзен тастары төселген. Оның үстіне қос қабырғалы ағаш қима таған қойылған. Қима тағанның биіктігі 1,53 м, ішкі көлемі 3,65х 4,92 м. Қабырғалары мен төбесі бөренелерден, едені қалың тақтайдан құралады. Қима тағанның төбесі бірнеше қабат қайың қабығымен жабылған. Қабырғаларының арасы қуыс. Қиманың солтүстік және оңтүстік қабырғаларына үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға тоғыз қатардан тұратын ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Қиманың еденіне қара киіз төселіп, қабырғаларына ені 65 см қара киіз ұсталған. Қима тағанның оңтүстік қабырғасын бойлап ұзындығы 4,2 м, биіктігі 0,72 м, ені 80см бүтін қарағайдан үңгіп ойылған астау- табыт қойылған. Астау- табыттың үстінен теріден құралған аппликациялы жабу жабылған. Бұл аппликацияда біренен соң бірі жүгірген бұғылар суреттелген. Табыттың түбіне екі бүктелген қара киіз төселген. Киіздің үстіне түгі қалың кілем тасталып, оның үстіне бальзамдалған ер адам мен әйел адамдардың денелері қойылған. Бас сүйектеріне адамдар қайтыс болғаннан соң трепанация жасалған. Әйел адамның кеуде қуысы ашылып, іш құрылыстары алынып тасталғаннан соң, өсімдіктердің тамыры мен өзегі толтырылып тігілген. Белінен төмен жамбас тұсы мен аяқ балтырлары да тілініп бұлшық еттері алынғаннан кейін, оның орны шөппен толтырылып, аттың қылымен тігілген. Ер адамның жасы шамамен 60-та, монголоид типтес. Әйел адам шамамен 40 жастан асқан. Ер адамның денесі фантастикалық аңдардың суреттері салынған татуировкаға толы, бір аяғының балтырында ғана балық және тау архары бейнеленген [95, 34-40 б].

Қима ішінде табыттың жанында екі үстел қойылған. Олардың қатарында екі ағаш ыдыс пен қыш құмыра, батыс жағында үшінші үстел. Үстелден аласа, ашылатын қақпақтары бар. Сақталған қалдықтарына қарағанда бұл қақпақты үстелдерге қой және жылқының піскен еттері салынған болуы керек.

Жерлеу камерасының оңтүстік- батыс бөлігіне қола шамдал қойылған, ішінде шөп тұқымдары салынған басқа шамдал жерлеу камерасының батыс бөлігінде тұрды.

Жерлеу камерасының еденінен бұғы мүйізінен жасалған балға, ағаш қобдишалары бар екі пышақ табылған. Осы жерден ортасынан екіге бөлініп сынып қалған арфа секілді музыка аспабы және камераның оңтүстік бөлігінде мүйіз дабыл жатты [95, 34-40 б].

Астау-табыттан мүйізден жасалған тарақ, ағаштан жасалып алтынмен қапталған бұғы және гриф мүсіндері, тері әмияндар мен сөмкелер, ағаш жастық, арыстанның тау ешкіге шабуылы бейнеленген күміс ілдіргі табылса, тонаушылар қуысынан алтын сырғаның бөліктері, киімнің қалдықтары, киіз бен матаның жұрнақтары табылған. Сондай-ақ, астау ішінде жейде, жеңі мен етегі қымбат терімен көмкерілген әйел адамға тән сырт киім жақсы сақталған. Қиманың әр жерінде, тонаушылар қуысында табылған қызғылт түсті екі жебе, барс терісінен тігілген қабы бар қола айна, бірнеше моншақ, қой терісі мен тұмар жерленген адамдардың ауқатын көрсетеді [95, 34- 45 б].

Қабір шұңқырының солтүстік бөлігіне жеті ат жерленген. Олар бастары шығысқа қаратылып, кейбіреуі оң, кейбіреуі сол жамбастарына жатқызылған. Бес жүгендегі ауыздық темірден, екі жүгендегі ауыздық қоладан жасалған. Бірақ олардың ешқайсысы толық сақталмаған.Бір жұп сулық мүйізден, қалған төрт жұп ағаштан жасалғаны анықталды. Ағаш сулықтар бір жағдайда ғана түзу, қалған үш жұпта образды болып келеді. Олардың ұштары архардың бастары, құстар, мысық тектес аңдардың бейнесімен әшекейленген.

Аттың маңдайшасына тағылған әшекей керемет композициядан тұрады, мұнда бір- біріне қарама- қарсы екі үйрек және мүйізді, құлақты жыртқыш барс суреттелген. Жыртқыш екі үйректі тістерімен тістеп тұрған секілді. Басқа маңдайшалар дөңгелек пішінді, үлкендерінің диаметрі 7 см, кішілерінің диаметрі 4, 2 см, ойып салынған лотос тәрізді суреті бар.

Екінші Пазырық қорғаны б. з. б. V ғ. мерзімделеді [95, 94 б].

Үшінші Пазырық қорғаны биіктігі 2, 60 м, диаметрі 36 м тас үйіндіден тұрады. Тас үйіндінің астында қабір шұңқыры. Шұңқыр түбінде қарағай бөренелерден жасалған қос қабырғалы қима таған. Қима тағанның ішкі қабырғаларының көлемі ұзындығы 3, 38х 3, 53м, ені 1, 83х 25, 18 м. Қиманың едені тілінген 14 қалың тақтайдан салынған. Қима қабырғаларының арасы тас сынықтарымен толтырылған. Солтүстік жәнеоңтүстік қабырғаларды бойлай үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Бөренелер ауыр тастарды көтеріп тұру үшін қойылса керек. Осы жаппалардың үсті қарта жоңышқаның (курилский чай) қабатымен, оның асты самырсын қабығымен, содан соң қалың етіліп қайыңның қабығымен төселген.

Қима төбесінің сырты он бес бөренеден, ішкі төбесі он сегіз бөренеден тұрады. Үшінші қорғанның қима тағанының ерекшелігі оның төбелерінің арасында 0, 5 м бос кеңістіктің болуы. Қима тағанның оңтүстік қабырғасын бойлау астау- табыт қойылған. Табыттың ұзындығы сыртынан 3,25 м, ішінен 2,75м. Ол көп жылдық жуан самырсыннан тұтас күйінде ойылып жасалған. Мұнда ұзын бойлы, егде жастағы ер адамның сүйегі жерленген. Қайтыс болғаннан кейінгі жасалған трепанация іздеріне қарағанда адам денесінің мумияланғанын білеміз [95, 57 б].

Жерлеу камерасында өгіз мүйізінен жасалған дабылдың қалдықтары, астары жұқа киізден тігілген тері шлем, ағаш жастық, 24 жебенің ағаштары, киімнің тері және мата қалдықтары, оюланған суреті бар тікбұрышты жібек әмиян табылды.

Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде 2,25х 5,30 м ауданды алып жатқан аттардың мәйіттері табылды. Аттар қалың етіп төселген курил шайының қабатына жатқызылған. Барлық он төрт ат маңдайларынан ұрып өлтірілген. Қайтыс болған адамды о дүниеге жеткізетін бұл аттар бастарымен мойындары арттқа бұрылып, алдыңғы және артқы аяқтары бүгілген күйінде бірнеше қатар етіп жатқызылған. Аттар жерленген жерден ертоқымдар, жүгендер табылды. Аттардың әшекейлері мүйізден және ағаштан жасалған. Мүйізден жасалған әшекейлер қызыл түске боялған, ағаштан жасалған бұйымдар алтын жапырақшалармен қапталған. Әшекейлердің көп бөлігі аң стилінде безендірілген [20, 47 б].

Төртінші Пазырық қорғаны. Пазырық қорымындағы 4-ші қорған айтарлықтай кіші көлемде. Оның диаметрі 24м, топырақ қабатынан биіктігі 1, 40 м. Бұл ескерткіш ерте заманда тонауға ұшыраған. Тас үйіндіден 4 м төменде бір қабат қабырғадан тұратын қима тағаны бар қабір шұңқыры. Ішкі қабырғаларының көлемі 2,14х 3,75 м, қима биіктігі 1,20 м. Қима тағанның бөренелі төбесі көлденеңінен жатыр. Ал оның үстіне бір қабат қайың қабығы төселген. Бөренелер мен айтылған қайың қабығының арасынан курил шайының қалдықтары табылған. Қима қабырғалары мен қабір шұңқырының арасы тас сынықтарымен толтырылған. Жерлеу камерасыныңоңтүстік бөлігінде көп жылдық самырсыннан ойылып жасалған екі табыт-саркофаг қойылған. Көлемі жағынан үлкен саркофаг- табытта басы шығысқа қаратылған, сол жамбасына жатқызылған жасы егде тартқан ер адамның сүйегі жерленген. Екінші кіші табытта басы шығысқа қаратылған, арқасына жатқызылған жасы 15-тер шамасындағы қыз баланың сүйегі жерленген. Екі адамның да бас сүйектеріне қайтыс болғаннан соң трепанация жасалған. Жерлеу камерасынан ағаш үстелдің екі аяғы,ағаш жастық, үстелдің қақпағы, ойылып қызыл түске боялған марал мүйізі, бірнеше моншақтар,ұзындығы 1,41 м бұтақтары тепкішек етіп жасалған ағаш саты табылды [20, 47 б].

Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінен жерленген аттар қазылып алынды. Мұнда он төрт ат жерленген. Аттардың ертоқымдары түгел дерлік шіріп кеткен. Тек олардың кейбір әшекейлері ғана сақталған. Мысалы: ілдіргілер, сулықтар, қамшы, белбеу қалдықтары. Әшекейлер алтын фольгамен қапталған.

Бесінші Пазырық қорғаны көлемі жағынан ең үлкені. Оның биіктігі 3, 75 м, диаметрі 42 м. Тас үйіндінің астында қабір шұңқыры бар. Қабір шұңқырының көлемі 6,65х 8,25 м. Шұңқыр түбінде қос қабырғалы, бөренелі қима таған орнатылған. Қима тағанның едені тілінген 13 тақтайдан, төбесі 18 бөренеден тұрады. Қабырғаларының аралығы бос. Қима төбесі көлемі 5,2х8,2м екі қабатты қайың қабығымен жабылған. Оңтүстік және солтүстік қабырғаларды бойлай үш-үштен жоғарғы жағы үңгілген тіреулер қойылған. Бұл үңгілген ойықтарға ауыр бөренелер көлденеңінен қойылған. Қиманың қабырғаларының іш жағына жұқа киіз кілем ұстатылған. Киіз кілем жоғарғы жағынан қабырғаға қағылып, төменгі жағы екі жерінен ағаш қазыққа ұстатылған [20, 67- 78 б].

Ұзындығы 5 м, биіктігі 0,5 м көп жылдық жуан самырсыннан тұтас күйінде ойылып жасалған астау табытта бірінің үстінде бірі екі адамның сүйектері жатты. Ер адамның сүйегі басы шығысқа қаратылып, арқасынан жатқызылған, оның үстіне тонаушылардың ісі болуы керек басы шығысқы қаратылған, арқасына жатқызылған әйел адамның сүйегі. Екі адамның да денесі мумияланған. Трепанация жасалған бас сүйектерінен милары алынып тасталған. Кеуде қуыстары ашылып, іш құрылыстары алынған. Одан басқа кеуде, қол, аяқтарындағы арнайы тілінділерден бұлшық еттері алынып, тек тері мен сүйек қалдырылған; мойын, кеуделеріне тиісті пішін беру мақсатында жылқының қылы толтырылған. Осы жасалған операциялардан соң барлық кесілген жерлер жылқының қылшығынан есілген жіппен тігілген.

Жерлеу камерасынан өгіз мүйізінен жасалған, екі бөлікке бөлініп қалған дабыл, хор-хор шегуге арналған бесаяқтың ағаш сынықтары табылды. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде тоғыз аттың сүйектері, екі кілем, арбаның бөлшектері қазып алынса, шығыс бөлігінен тағы да жеті жылқының сүйектірі анықталды [20, 68-79 б].

Жылқылар жерленген бөліктен ер, жүген, кеуде және құйрық белбеудлерден басқа әр аттың астынан тоқымдар табылды. Ауыздықтардың бәрі темірден жасалған. Бір аттың жалына тері қап кигізіліп, тері мүйіз жасалған, қызыл түске боялған маскасы болғаны анықталды. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінен бүтін бөренеден жасалған саты, арба дөңгелектері, күйме дөңгелектері, атты арбаға қосу үшін қажет құралдар, ішіне марал жүні салынып жасалған төрт аққудың бейнесі, түрлі-түсті барқыт кілем, және үлкен (4,5х 6,5м) киіз кілем табылды. Тоқымдар ердің астынан 1 м- ге дейін шығып тұратынұзын әрі кең киізден бастырылған. Тоқымдарға түсті киізден оюланып жасалған жапсырмалар, төмен жағына шашақтар жасалған. Сондай-ақ олардың жан-жағына як қылшықтарынан төгіліп тұратын бахромалар бастырылған [20, 47 б].

Жылқылар жерленген камерадан жеңіл, төрт дөңгелекті арба табылды. 5-ші Пазырық қорғаны б. з. б. V ғ. мерзімделеді.

Укоктағы тоң басқан қорғандар. Бірінші Ақ-Алаха қорымы көлемі әр түрлі 5 қорғаннан және 1 ғұрыптық кешеннен тұрады. Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекарасындағы Ақ- Алаха щекара заставасынан 15 шақырым батысқа қарай орналасқан. Бұл қорым 1990 жылы Н. В. Полосьмактың жетекшілігімен ашылыды. Бұл қорымдағы ең ірі ескерткіш № 1 қорған. Зертеуге дейін жер бетінен сәл биіктеу тегіс төмпешікті ұсақ тастардың үйіндісі болатын. Үлкен тастар тек орталық бөлігінде ғана байқалды. Онша терең емес шұңқырдың диаметрі 3 м. Қорған еденін қатты шөп басып кеткен. Қабір шұңқыры 4, 80х 4, 75 м көлемде, 2, 60 м тереңдікте. Тоң қабаты материктен 0, 50 м тереңдіктен басталды. Қабір шұңқырының тереңдігі2, 90 м болғандықтан мұз тез ери бастады. 1, 80 м тереңдікте қиманың үстіңгі бөренелері көрінді [34, 461 б].

Қима тағанның ішкі жағында Пазырық қорғандарындағыдай жерленген аттар табылды. Көлемі 3,70х 0,90м камерада 9 ат жерленген. Олардың тері, жүн, өрілген құйрықтары жақсы сақталған. Барлық аттар маңдайларынан чеканмен ұрып өлтірілген. Мұндай тар камераға 9 атты сыйғызу қиын, олар 2 ярусқа қойылған. Жеті аттың басы батысқа, екі аттың басы шығысқа қаратылған. Аттардың тістеріне қарап И.Е. Гребнев бұл жерлеудің көктемде болғанын мәлімдеді.

Аттар салтанатты әшекейлерімен қойылған. Жүген әшекейлерін ұзын мойынды грифондар құрайды. Екі аттың әшекейлері аққу немесе қаздардың бейнелерінен жасалған. Әшекейлер ағаштан ойылған. Олар бірін-бірі қайталамайды [34, 179 б].

Қару-жарақтардан ат ертоқымдарының астында қалқандар жақсы сақталған. Олар ағаш таяқшаларды теріге орналастыру арқылы жасалған. Көлемі жағынан қалқандар кіші, 28,5х37,5см.

Қима тағанның ішіне табыт астау орналастырылған. Ол қайыңның қалың қабығымен жабылған. Жерлеу камерасы түгел мұз қабатымен толған. Оңтүстік бөлікте екі табыт орналасқан. Біріншісінің ұзындығы 2,70 м, екіншісі 2,60м. Екінші табыттың қақпағында тұтқалары бар. Мұздың әсерінен олар қисайып, пішінін жоғалта бастаған. Бірақ, алғашқы қалпында аса жоғары шеберлікпен жасалған. Жерлеу камерасының солтүстік-шығысында тамақ салынған ыдыс, екі қыш құмыра, екі қысқа аяқтары бар ыдыс, мүйізден жасалған екі ыдыс табылды. Табақтарға қойдың құйрық бөлігі мен құлынның жамбас сүйектері салынған [34 125 б].

Наши рекомендации