Саяси мәдениет ерекшелігі, құрылымы
Саясаттану ілімінде бұл тақырыптың маңызы зор. Ол нақтылы саяси жүйенің сипатын, қазіргі саяси тәртіптің мәнін, қоғамдық топтардың саяси санасы мен іс-әрекеттерінің ерекшеліктерін, саяси процестердің даму жолын және бағытын түсінуге жол береді.
Саяси мәдениет дегеніміз, қоғамдағы саяси идеялардың, принциптердің, құндылықтардың, саяси дәстүрдің жиынтығы. Ол қоғамдағы кез келген саяси іс-әрекетті бағыттап, бақылай алады. Саяси мәдениеттің бірнеше элементтері бар. Олар:
Саяси стереотип (қағида) – саяси билік, саясат туралы қарапайым, эмоционалды сезімге негізделген білімсіз түсінік.
Саяси сана – саналы және санасыз, рационалды және иррационалды, нормативті және эмперикалық сезімдер мен түсініктердің жиынтығы.
Саяси менталитет – ірі әлеуметтік топтардың әлеуметтік- психологиялық сапалы тұрақты жағдайы.
Саяси белгі – саясаттағы коммуникативті қызмет атқарушы.
Саяси әлеуметтену – адамның қоршаған ортаның құндылықтарын меңгере отырып, сол ортаға бейімделу процесі.
Бұдан басқа саяси мәдениетке идеология, дін және саяси ориентация кіреді. Қоғамның саяси өмірінде дін айтарлықтай орын алады. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде дін қудалауға түсіп, саяси өмірден шететтілуінің, атеистік идеологияның үстемдік етуінің салқыны өз сарқыншағын Қытай қоғамына да қалдырды.
Бұл жұмыста көңіл аударатын бір мәселе – мемлекет пен діннің ара қатынасы.
Саяси мәдениет адамзаттың жалпы өркениеттік дамуының элементі болып табылады.Ол басқа да мәдениеттер сияқты, адамдар үшін тектік құндылықтарды құрайды және адамзаттың прогресс жолымен қозғалысында анықтаушы рөл атқарады. Қолданбалы тұрғыда аталмыш ұғымды ашудағы бірінші тәсіл үшін саясаттанулық энциклопедиялық сөздіктегі саяси мәдениеттің анықтамасын алуға болады: «Саяси мәдениет – саясат сферасындағы әлеуметтік қауымдастықтар мен жеке адамдардың тарихи тәжірибесі, жады, олардың саяси жүріс-тұрысқа ықпалын тигізетін бағдарлары, дағдылары».
Әрине беріліп отырған анықтама осынау проблемаға жақындата түсетін, бастапқы тәсіл үшін ғана құндылыққа ие. Аталмыш ұғымның тек жоғарыда аталған белгілерге ғана телу саяси мәдениет сияқты қоғамдық өмірдің фундаментальды құбылысының мазмұнын толықтай бейнелеп бере алмайды. Бұл анықтамада саяси мәдениеттің тек субъектілік аспектісі, яғни, ғана,атап айтар болсақ субъектінің тәжірибесі, оның жады, бағдарлары мен дағдылары ғана бейнеленген.
Мәдениет – адамзат данышпандығының жемісі, ол – адамның рухани және материалдық қызметінің нәтижесі,бірақ мұндай нәтиже белгілі бір дәрежеде адамнан өгейсінеді және өмірге келген адамдардың тіршілік етуінің жағдайы мен алғышарттары ретінде көрінеді. Мәдениет – әлеуметтік жағдайға, материалдық және рухани құндылықтарға ену арқылы жасалатын, кодталатын және беріліп отыратын адамның ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отыратын шығармашылық энергиясы. Мәдениет адамзатты табиғат кіндігінен ажыратады,табиғи күштердің толықтай тәуелділігінен құтқарады және оны өзінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін жеткілікті түрде ерікті етеді.Мәдениет – болмыстың адамзаттық тәсілі.Сондықтан мәдениетті құндылықтық, іс-әрекеттік және технологиялық сияқты әртүрлі позициядан қарастыруға болады.
Саяси мәдениет мәдениеттің бір бөлігі ретінде биліктің қалыптасуы және қолданылуымен байланысты саяси шынайылық сферасында, субъект-субъектілік қатынастарда көрінеді. Яғни, саяси мәдениет саясат сферасындағы субъектілердің тарихи тәжірибесі мен өзара әрекеттесуінің жалпылануы мен беріліп отырылуын көрсетеді. Ол – қоғамдағы биліктік қатынастармен, яғни әлеуметтік субъектілердің мүдделерін жүзеге асыру үшін билікті қалыптастыру және пайдаланумен байланысты адамдардың ерекше рухани-саяси қызметтерінің туындысы.
Сонымен, өте тар пәндік мағынада саяси мәдениетті биліктік қатынастар мәдениеті, билік құру мәдениеті деп атауға болады.
Тұтастай алғанда, саяси мәдениеттің қызмет етуі адамдардың тіршілік әрекетінде дағды күші ретінде көрінетін инерция күші деп атауға болатын құбылысты тудырады, алайда шынайы өмірде пайда болатын проблемалар және оларды шешудің қажеттілігі әлеуметтік-саяси практиканы инерциялық жолдан, оның дағдылы, үйреншікті қағидаларынан шығарып жібереді, ал бұл шұғыл бетбұрыстарды, түпкілікті жаңаруларды,сапалы өзгерістерді талап етеді. Саясаттың қуатты «тетігінің» қатысынсыз бұл проблемалар өздігінен шешілмейді. Қозғалыстың жаңа орбитасына өту үшін адамдардың байыпты біріккен күші, әртүрлі күштер мен құралдарды пайдалану, элитаның пассионарлық қызметі талап етіледі.
Сонымен, саяси мәдениеттің дамуындағы жаңару тенденциясы қоғамдағы қызмет атқарып отырған биліктік және саяси қызметті ұйымдастырудың, тәсілдердің, құралдардың формаларының іргесі сөгіліп, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтын, қоғам организмінде пайда болатын қайшылықтарды адамдар үшін ауыртпалықсыз және қоғам үшін тиімді шешілуіне мүмкіндік туғызбайтын жағдайларда пайда болады. Осы адамдар қауымдастығының тіршілік әрекетінде қызмет ететін саяси мәдениет жеткіліксіз, ал билік құрылымдарының қызметі – тиімсіз болады. Міне, осы тенденция бұқаралық санада өзгерістерді күту ретінде, саяси дағдарыс ретінде көрінеді.