Ойды күтіп-бағуға арналған қоралар мен оларды жабдықтау

1968-1969 жылы және 2004-2005 жылы қыстың қатты болуы республиканың қой өсіретін көптеген шаруашылықтарының малшыларға үй, қойға қора салу мәселесіне көбірек көңіл бөлуге бетін бұрды. Әрине, қой қораны бұрын да жылма жыл салып жүрді ғой. Бірақ түрлі себеппен бұл іске жөнді назар аударылмады, ондай себептің басты біреу – 7-8 жыл қыс қатарынан жылы болып, қар аз жауып, онша суық түсе қоймады. Бірнеше жыл бойы істелмей келген жұмысты, енді кейбір шаруашылықтар бір жылдың ішінде асығыс қамтығысы келеді. Ал асығыстық, әдетте, қора салатын жерді, қораның түрін, құрылыс материалын алу ісінде қатеге соқтықтыратыны сөзсіз, қысқасын айтқанда, ол қой шаруашылығын өркендетудің экономикасы мен перспективасына қатты зиян келтіретіні анық.

Демек, қойға қора, малшыларға үй салар кезде қой шаруашылығының экономикалық мәліметтері мен қой өсірудің ерекшеліктерін, мүмкіндігінше, толық еске ала отырып салу керек.

Қой шаруашылығындағы құрылыс мәселесі жөніндегі ғылыми ұсыныстардың бәрін әбден ұғынып алу үшін, ең әуелі, жалпы жағдайды қарап өтейік. Республикада қой шаруашылығындағы құрылыс мәселелерімен айналысатын арнаулы ғылыми немесе тәжірибе мәселелері болмағандықтан, төменде келтірілетін ұсыныстар тек шамамен айтылған пікір болмақ, сондықтан оларды іс жүзіне асырған уақытта творчествалық көзбен ойға салыстыра отырып қолдануға болмайтынын мойындауымыз керек. Қайткен күнде де, мұның көп жылдан бері байқап, пішіп, қарап, ойластыру нәтижесінен туған жәйттер болып отыр.

Қазақстан қой шаруашылығында қойды қыста бағып күтудің екі әдісі қолданылады: 1) суығы ұзаққа созылып, қыста қары қалың болатын солтүстік облыстарда қойды қолда ұстап бағу әдісі; 2) қойды жайылымда бағу, көбіне дұрыс салынған қора-жай болмағандықтан кейде дайындалған жем-шөптен мал қосымша азықтандырылады. Алғашқы жағдайда, қыс басталысымен көктем шыққанға дейін қой, әдетте, жылы етіп салынған қысқы қорада бағылады да, жемшөп беріледі, тек кей күндері малды өріске шығаруға күн райы мүмкіндік берсе ғана қой жайылымға жіберіледі. Қора салынғанда қыста оның әрі жылы, әрі құрғақ болу жағы көбірек ескеріледі.

Мұндай жағдайда қора-жай салудың барлық мәселесі түсінікті-ақ сияқты: қора жемшөп (әсіресе нәрлі азық) өндіретін жерге жақын, табиғи ағын сумен немесе қолдан суарылатын сумен қамсыз етілген құрғақ жайылымда, үлкен (магистральді) жолдан кемінде 300 метр қашық жерге салынады (бірақ қой суатқа келгенде және өріске шыққанда бұл жолды кесіп өтпейтін болуға тиіс). Қораның фундаменті азырақ биіктеу (сәл көлбеу), су тезірек сіңіп кететін жерге салынғаны жөн, тұрғын үйлер қорадан биігірек және жел жағынан, ал мал дәрігерлік-санитарлық үй-қорадан төмен, ықтасын жағынан салынуы керек, сөйтіп олардың бір-бірінен қашықтығы мал арасындағы аурудың тарап кету қауіпіне жол бермейтіндей болуы керек, қора-жайдың өртеніп кетпеуі қамтамасыз етілетін болсын.

Ірілендірілген және кешенді механикаландырылған шопан бригадаларын кеңінен ұйымдастыруға байланысты, шаруашылықтарда бір орында салынатын қой қоралардың санын, сондай-ақ басқа үйлердің түрі мен көлемін анықтап алу қажеттігі туады. Бұл мәселенің бәрі шабындықтың көлемі мен шығымдылығына қандай екендігіне, сосын оған жанасып жатқан жайылымға қанша қой жайып бағуға болатындығына байланысты. Қойды қыста қолда ұстап бағатын аудандарда, бәлкім, бір жерде 3 – 5 отар қой ұстау керек болар (еркек-ұрғашысы аралас, жасы әр түрлі болғаны жөн), онда соған лайықты қора-жай да болуы керек, бірақ оларды салғанда бір кісінің түнде барлық отарды күзетуіне ыңғайлы болу жағын қарастыру керек және де қойды қорадан шығарарда отарлардың бір-бірімен араласып кетпеу жағын көздеген жақсы.

Қой қора жанындағы шопан үйі негізінен өндірістік үй болуға тиіс, яғни жатақхана және қонақ үй тәріздес болып, онда тек қой бағумен айналысатын адамдар ғана тұратын болуы керек. Шопан семьясының жұмысқа жарамсыз адамдары, шаруашылықтың немесе ферманың орталығында тұруға тиіс, ал мектеп жасындағы балалары-мектеп жанындағы үйде жатуы керек. Қой баққанда бүкіл семьясымен бірге тұрғысы келетін жеке шопандарға бөлек үй салып беру қажет.

Республиканың солтүстік аудандарында қой шаруашылығына арнап салынатын құрылыстардың осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан барлық нормативтері мен ережелері күшінде қалады. Қора-жайдың бәрі де жеңіл типті, бірақ сапасы жақсы, ең бастысы - әрі арзан, әрі ыңғайлы тиетін жергілікті құрылыс материалдарынан салынуы қажет.

Қыс кезінде қой жайылымда бағылытын аудандарда қой қора салу мәселесі жан-жақты қаралап, терең зерттелуі керек. Мұнда қора-жайды тек қой қоздату және қой қамау үшін ғана салмай, сонымен қатар суық уақытта да пайдалану жағын қарастырған дұрыс. Алайда қысқы және көктемгі жайылымдар қатарласып, үйлесімді территорияда жатқан жерде өндірістік шаруа (отар, комплексті бригада т. с.) үшін бір қора-жай да жетеді. Мұндай ретте қой қораны көктемгі жайылымда, қысқы жайылымға тақау жерге және де жемшөп өндіретін орын мен магистральді жолға жақын салу, оңды тиетін аңғардық.

Егер қысқы жайылым көктемгіден өте қашық жатса, онда негізгі қораны өріс участоктарына және шабындыққа немесе жемшөп (әсіресе сүрлем мен басқа да нәрлі азық) өндіретін жерге жақын салған дұрыс. Мұндай жағдайда қысқы жайылымда уақытша қой қора болуға тиіс, ең дұрыс – жаппа-баз (лапас, қалқа, бастырма), яғни 2 – 3 күнде жеңіл, арзан қора. Ондай қораны жығып-жинап ала қоятын материалдар мен детальдардан кұрастырса тіпті тәуір болар еді. Қар аз жауатын жерлерде боран мен бұрқасын сирек болатындықтан, катон деп қой қора салуға болады. Оны ағаштан не щиттен дөңгелек етіп салу ұсынылады, сыртын ескі шөппен, пішеннің қалдығымен, тоқыған қамыспен (бойра), сабанмен т. б. жабу керек. Қойдың қысқы жайылымы неғұрлым желді, суығырақ келсе, соғұрлым катонның қабырғасы болуға тиіс. Амал не, катон қора салудың негізгі мақсаты мен конструкциялық идеясын білмегендіктен, кейбір облыстарда оған күрделі қаражат жұмсап сала бастағандықтан жұмыстың құнын ондаған есе қымбаттатып жіберген, сол себепті, қойды қысқы жайылымда ұстайтын шаруашылықтарда катон салу ісі жөнді орын алмай, тежеліп келген. Катон салу және оны пайдалану практикасын қайта қарап шықса жөн болар еді, оның көшіп-қонуға ыңғайлы, салуы оңай және арзан екенін ұғына білу керек, сонда катон кеңінен тарар еді.

Егер жалпы климат және жергілікті, тағы басқа жағдайға қарай (мысалы, қыста үзбей жел соғып тұратын жерде) малды қысқы жайылымда табиғи жағдайда немесе көшпелі, уақытша қора-жайда ұстау қиынға соғатын болса, онда жаппа-баз салынады, оның бір қабырғасы, мықты салынып, оңтүстік жағы ашық болады, ал көлденең жақтарынан жартылай жабық қора ( “П” формасымен) ұзындағы 10 – 20 метр етіп (жаппаның көлеміне қарай) салынады, мұнда жүдеп-жадаған, ауру және сондай, ерекше күтімді, жақсылап азықтандыруды керек қылатын қойлар ұсталады. Осы қоралардың бірінде концентрат (жем) мен басқа құнды азықтар қоры сақталады, оларды жақсылап сақтау керек.

Тұрақты жаппа, әдетте, шаруашылықтың орталығына жақын, қысқы жайылым учаскелерінде салынады, бұған қойды желтоқсанның аяқ кезінде әкеліп қамап, ақпанның ортасына дейін ұстайды. Егер күн райы мен қардың қалыңдығы қойды өрісте жаюға мүмкіндік беретіндей болса, онда малды қорада ұстаудың қажеті жоқ. Әйтеуір дайындалған жемшөпті үнемдейтін мүмкіндіктің бәрін пайдалана білу керек.

Қысқы қораның тікелей орналасқан орны мынадай талаптарға сай болуға тиіс: қой жайылатын участоктың қақ ортасында (4 – 5 км радиуста) болуы керек: табиғи ықтасын жерде, ал егер ондай мүмкіндік болмаса, қысқы қатты желден, әсіресе солтүстіктен соғатын желден жақсы тасалайтын орында тұруға тиіс; жемшөп, азық-түлік тамағын, кейде су таситын көлік жүре алатын (жер бедері де, топырағы да жақсы) жолы болуы керек; катонның, жаппа-баздың және ауланың ішінде жақсы өсіп шыққан құрғақ (су баспайтын) шөп болуға тиіс.

Егер жаппа-баз тұрақты болатын болса, онда көрсетілген жағдайдан басқа баздың магистральді жолға жақынырақ болғаны өте қолайлы, жолдың жемшөп жеткізуге, ал қажетті жағдайда – малын қысқы жайылымда жемшөбі молырақ жерге әкетуге көп пайдасы тиеді.

Қысқы жайылымда уақытша немесе тұрақты қоражай салуға жұмсалатын қаражаттың жайылымдығы арзан шөпті пайдалану есебінен орны тез толады. Тағы да баса айта кететін, қора-жайды арзан материалдардан салу керек. Темір бетон детальдарды алыстан тасудың ешбір қажеті жоқ. Ондай практика Қазақстанның оңтүстік-шығыс облыстарының кейбіреуінде ол орын тепкен, асылында мемлекет пен шаруашылыққа өте қымбатқа түседі.

Қазіргі уақытта, амал қанша, жобалау органдары мен шаруашылық орындарында экономикалық жағынан сай келетін, пайдалануға ыңғайлы қой қораның жобасы әлі күнге жоқ. Бұл өте маңызды іс, сондықтан әр түрлі құрылыс материалдарын, ең алдымен жергіліктісін пайдалана отырып, түрлі қой қора салу жөніндегі зерттеу, жобаларды іздестіру және өндірістік тәжірибе жұмыстарын тездете түсу қажет.

Қой өсірушілерге арнап үй мен мәдениет ошағын салу жұмысына да өте айрықша көңіл бөлу керек болады.

Академик М. Ф. Иванов, басқа елдердегі ауыл шаруашылық қызметкерлерінің тұрмыс-күйінің осы жағын атай келіп, 1935 жылы былай деп жазған болатын: АҚШ-та 3000 қойы бар әрбір отарға әдейі арнап жасалған ерекше фургон ілесіп жүреді. Бұл фургонда шағын бөлмеге керектінің бәрі бар. Онда пеш пен плита, шопан мүлкін қоятын шкафша, тамақ ішетін үстел, керует және оның үстіне дәрі-дәрмек, азық-түлік, ыдыс және малды жайылымда баққанда қойшыға қажеті боларлық басқа да заттарды қоюға лайықталып жасалған бірқатар орындар бар. Фургон су өтпейтін парусинамен қапталған, жақсы жабылады, сондықтан ол тек жаңбырдан қорғап қана қоймайды, оның іші әжептәуір жылы болатын. Бізде, Қазақстанда, ондай көшпелі фургонның орнына шопандарға арнап жазда киіз үй тігіледі де, қыста – жылы вагон беріледі. Мұндай үйді жайылымға тікелей жанасқан, уақытша (көшпелі), сыммен қоршалған (электр бақташысы бар) еркін өрістегі жаңа участокқа қондырып, жетісіне бір рет немесе 2 – 3 аптада бір рет көшіріп тұруға болар еді. Сөз жоқ, қыс кезінде көшкенде ішіне киіз қаптап, сумен жылытылатын вагон болғаны жөн нақа болмаса, жылытылған киіз үй тігу керек. Әлбетте, шал-кемпірлер шопанның балалары ауыл мен шаруашылық орталығындағы үйінде тұрғаны дұрыс болады, сонда малшылар қауымы үй-іші үшін алаңдамай жұмыс істейді.

Қой шаруашылығын жаңа, анағұрлым интенсивті технологияға көшіруге байланысты туатын құрылыс жұмыстарының кейбір мәселелері осылар.

Наши рекомендации