Бюджетаралық қатынастар және бюджеттік

Реттеу механизмі

Рыноктық экономика жағдайларында бюджеттік үдерісте жоғарғы және төменгі бюджеттер арасындағы қатынастар, сонымен бірге кірістер мен шығыстарды бюджеттер деңгейлері арасында бөлу аса маңызды проблемалардың біріне айналып отыр.

Бюджеттік үдерісте республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы және республикалық бюджет пен Қазақстан Республикасының Ұлттық қор арасындағы қатынастар бюджетаралық қатынастар болып табылады. Қазақстандық практикада бұл қатынастар шеңберінде бюджеттік федарализмге ұқсастығы жағынан бюджет жүйесінің деңгейі бойынша бюджеттік бөлініс іске асырылатын қатынастар болып келеді.

Бюджеттік кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының, тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттік үдеріске араласуына жол берілмейді.

Бюджеттік кодекстен басқа өзге заңнамалық актілерде есебінен шығыстар қаржыландырылуға тиіс және түсімдер есептелуге тиіс болатын бюджет деңгейін белгілеуге жол берілмейді. Шығыстарды немесе түсімдердің жекелеген түрлерін бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне беру Бюджеттік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылуы кезеңінде шығыстардың ұлғаюына және (немесе) кірістердің азаюына әкеп соғатын жоғары органдардың нормативтік құқықтық актілерді қабылдауынан туындайтын, төмен бюджеттердің шығындарын өтеу міндетті түрде жоғарғы

бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі.

Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылуы кезеңінде мемлекеттік органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың төменгі деңгейінен жоғарғы деңгейіне беруге байланысты шығыстардың ұлғауына әкеп соғатын заңнамалық актілер қабылдауынан туындайтын шығындарын өтеу міндетті түрде төменгі бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі.

Бюджетаралық қатынастар мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің республикалық бюджетпен, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің жоғарғы облыстық бюджетпен өзара қатынастарда теңдігі;

2) ара жігін ажыратудың мынадай өлшемдерінің бір мезгілде сақталуын ескеретін түсімдерді тиімді бөлу:

тұрақты сипаттағы, сыртқы факторлардың әсеріне тәуелсіз салықтық және салықтық емес түсімдер төменгі бюджеттерге бекітіледі;

мемлекеттік мекемелер көрсеткен қызметтер ақысы болып табылатын салықтық және салықтық емес түсімдер аталған көрсетілетін қызметтер қаржыландырылатын бюджет кірісіне түседі;

қайта бөліну сипатындағы, сондай-ақ салық базасы әркелкі орналастырылған салықтар бюджет жүйесінің неғұрлым жоғарғы бюджеттер деңгейлеріне бекітіледі;

салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді бюджетке бекіткен кезде оларды жинаудың неғұрлым жоғары дәрежесін қамтамасыз ететін бюджет деңгейіне артықшылық беріледі;

нақты аумақтық байланыстылығы бар салық базасынан алынатын салықтар жергілікті бюджеттерге бекітіледі;

3) Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірлік-терінің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейлерін теңестіру;

4) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет-тердің бірдей деңгей ұсынуын қамтамасыз ету;

5) мемлекеттік қызметтерді ұсынудың тиімділігі мен нәтижелілігі – мемлекеттік қызметтерді неғұрлым тиімді әрі нәтижелі қамтамасыз ете алатын мемлекеттік басқару деңгейіне мемлекеттік қызметтерді бекітіп беру;

6) мемлекеттік қызметтерді ұсыну деңгейін оны алушыларға барынша жақындату – қызметтерді алушылардың қажет-тіліктерін барынша дәл есепке алу және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында қызметтердің атқарылуын бюджет жүйесінің мүмкіндігінше төмен деңгейіне беру.

Бюджетаралық қатынастар:

1) республикалық және облыстық бюджеттердің, респуб-ликалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің арасында:

трансферттермен;

бюджеттік кредиттермен;

2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:

трансферттермен;

бюджеттік кредиттермен;

кірістерді бөлу нормативтерімен реттеледі.

Трансферттер (нормативтік үлестік жәрдемқаржы) – бұл қайтарусыз және өтеусіз негізде нақтылы мақсаты көрсетілмей бюджеттік реттеу ретінде бір деңгейдің бюджеттерінен (жоғарғы) басқа деңгейдің бюджеттеріне (төменгі) бөлінетін қаражаттар.

Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер жалпы сипаттағы трансферттерге, ағымдағы нысаналы трансферт-терге,дамудың нысаналы трансферттеріне бөлінеді. -

Бюджеттік реттеудің отандық практикасында реттеу механизміне бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алынымдар жатады және олар жалпы сипаттағы трансферттер болып табылады.

Бюджеттік субвенциялар – жоғарғы бюджеттерден төменгі бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде берілетін трансферттер. Бюджеттік алынымдар республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде төменгі бюджеттерден жоғарғы бюджеттерге берілетін трансферттері болып табылады.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі абсолюттік мәнімен жылдар бойынша бөліне отырып, үш жылдық кезеңге:

республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің арасында – Қазақстан Республикасы заңымен;

облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің арасында – облыстық мәслихаттың шешімімен белгіленеді.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері әрбір үш жыл сайын өзгертілуге жатады.

Жалпы сипаттағы трансферттер бюджеттің әрбір деңгейі үшін Салықтық кодексте бекітілген шығыстардың бағыттарына сәйкес мемлекет кепілдендірген қызметтерді ұсыну үшін өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге және тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде өңірдің салықтық әулеті, өңірдегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылар саны, мемлекеттік қызметтердің бекітілген стандарттары және сол немесе өзге өңірдің өзіндік ерекшелігіне қарай мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша шығыстарға әсер ететін факторлар ескеріледі.

Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі тиісті жергілікті бюджеттің кірістері (трансферттерді шегергенде) мен шығындарының болжамды көлемдері арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Жалпы сипаттағы трансферттерді аудару тәртібі мен кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілмейтін ағымдағы жекелеген бюджеттік бағдарламаларды немесе бюджеттік даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде жоғарғы бюджеттердің төменгі бюджеттерге берілетін трансферттері, сонымен бірге жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылуы кезеңінде мемлекеттік органдар функцияларының мемлекеттік басқарудың төменгі деңгейінен жоғарғы деңгейіне берілуіне байланысты шығыстардың ұлғаюына ұрындыратын заңнамалық актілерді қабылдаудан туындайтын, жоғарғы бюджеттердің шығындарын өтеуге бөлінетін трансферттер нысаналы трансферттер болып табылады.

Ағымдағы нысаналы трансферттер – жалпы сипаттағы трансферттердің есеп-қисабы кезінде ескерілмейтін, ағымдағы жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде жоғарғы бюджеттердің төменгі бюджеттерге берілетін трансферттері.

Дамуға арналған нысаналы трансферттер жоғарғы бюджеттерден Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде жергілікті атқарушы органдар ұсынатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың жоғарғы мемлекеттік басқару органдарының құзырына жататын, экономикалық пайда алуға немесе әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізуге бағытталған іс шараларын төменгі мемлекеттік басқару органдарының орындауына арналған республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде төменгі бюджеттерге берілетін трансферттер болып табылады.

Республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттік кредиттер тиісінше облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттеріне және аудандар ( облыстық маңызы бар қалалар ) бюджеттеріне қаржы жылы ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығы жағдайында берілуі мүмкін.

Бюджетаралық қатынастарда түрлі деңгейлер бюджеттерінің қаржы өкілеттіктерінің келісілмегендік және олардың өкілеттіктері мен кірістерін қамтамасыз ету проблемалары бар: аумақтық бюджеттердің нашар салық базасы; қайта бөлу саясатындағы тұрлаусыздық. Бюджетаралық қатынастар жоғарғы бюджеттердің төменгі деңгейдің бюджеттерін орталықтандырып нығайту негізінде құрылады. Мұндай саясат аумақтарды шығыстардың негұрлым жоғары нормативтерін қаққылауға бағдарлайды. Жоғарғы органдар «тағдырды шешушіге» айналады, бұл жемқорлыққа негіз қалайды. Бұл жағдаятта биліктің жергілікті органдарының құқықтарын кеңейту қажет,ол үшін олардың үш топтағы өздерінің салықтары болуы керек:

1) негізгі рөлді ойнайтын салықтар:

а) тура салықтар: мүлік, жер,көлік құралдары салықтары;

ә) жанама салықтар: сатып алуға салынатын салық, көпшілік тұтынатын тауарларға салынатын акциздер;

2) жергілікті органдардың аумақтарында жиналатын мемлекеттік салықтарға биліктің орталық органдары белгілі бір пайызбен белгілейтін салықтар;

3) басқадай жергілікті салықтар, алымдар және төлемдер, салықтық емес кірістер (жерді жалға беру және сату; орман массивтерін жалға беру; басқадай түсімдер).

Бюджеттік кодексте бюджеттер деңгейлері арасында түсім-дер мен шығыстарды нақтылы бөлудің сызбасы анықталған.

Республикалық бюджетке түсетін түсімдер. Салықтық түсімдерден республикалық бюджетке бағытталатындары: мұнайлық сектор ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерге және оның аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салағы, Қазақстан аумағына импортталатын тауарларға акциздер, құмар ойын бизнесі салығы, мұнайлық сектор ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, үстеме пайда салығы, бонустар, пайдалы қазындыларды өндіру салығы, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемақы, Қазақстан Республикасының жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлу жөніндегі үлесі, әкелінетін және әкетілетін тауарларға кеден баждары, консулдық алым, мемлекеттік баждар, алымдар мен төлемақылар.

Республикалық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдерге республикалық меншіктен түсетін кірістер (республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен Ұлттық банктің таза табысы бөлігінің түсімдері, республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне девидендтер, республикалық меншіктегі мүлікті жалға беруден түсетін кірістер, екінші деңгей банктерінің шоттарында мемлекеттік сыртқы қарыздар қаражаттарының орналастырылғаны үшін және Ұлттық банктегі Үкіметтің депозиттері бойынша сыйақылар, республикалық бюджеттен берілген кредиттер бойынша сыйақылар, қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетін кірістер, республикалық меншіктен түсетін басқа кірістер) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін түсімдері, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алуларды өткізуден түсетін ақшалай түсімдері, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Ұлттық банктің бюджетінде (шығыстарды қаржыландырудың жеке жоспарында) тұратын және қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар, республикалық бюджетке түсетін салықтық емес басқа түсімдер жатады.

Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды,мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақшалар болып табылады.

Облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінен түсетін трансферттер, Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттер республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.

Республикалық бюджеттен берілген кредиттерді өтеуден, республикалық меншіктегі мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан, үкіметтік қарыздарды сатудан түсетін түсімдер республикалық бюджет есебіне жазылады.

Облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетіне, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетіне түсетін түсімдерді осы оқулықтың 15 тарауының «Жергілікті бюджеттердің мәні, кірістері мен шығыстары» параграфын қараңыз.

Бюджеттің шығыстарын бөлу мемлекеттік басқарудың деңгейлеріне сай келеді.

Республикалық деңгейде – бұл:

мемлекеттік билік пен басқарудың жоғары орандарының жұмыс істеуін, қорғанысты қамтамасыз ету, мемлекеттің сыртқы саясаттық қызметі, кеден қызметі, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу;

қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздіқті қамтамасыз ету, құқық, сот, қылмыстық-атқару қызметі, төтенше жағдаяттар саласында қызметті ұйымдастыру, өртке қарсы служба, азаматтық қорғаныс;

білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі шаралардың бір бөлігі, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру (зейнетақылық төлемақылар, жәрдемақылардың негізгі түрлері, әр түрлі әлеуметтік төлемақылар, соның ішінде әскери қызмет-шілер отбасыларына, құқық сақтау органдарының жұмыскер-леріне), мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік саласындағы шаралардың бір бөлігі;

экономикалық қызмет (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп , жер қойнауын пайдалану, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, көлік және коммуникация), экономикалық қызметті реттеу;

басқа бағыттар: облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне берілетін трансферттер; Үкіметтік борышқа қызмет көрсету және оны өтеу; мемлекеттік кепілдер, концессиялық келісімдер бойынша міндеттемелерді орындау.

Басқарудың басқа деңгейлері функциялық топтар тұрғысын-дағы шығыстарды, бірақ жалпы көлемдегі олардың әр түрлі арасалмағымен алып жүреді.

Наши рекомендации