Леуметтік-психологиялық әдістердің жалпы сипаттамасы
Еңбек нәтижелері көбіне бірталай психологиялық факторларға байланысты екендігі анықталды. Бұл факторларды ескеру және олардың көмегімен жекелеген қызметкерлерге ықпал ете білу басшыларға мақсаттары мен міндеттері бірыңғай ұжымды қалыптастыруға көмектеседі. Әлеуметтік зерттеулер шаруашылық жүргізуші басшы қызметінің жетістігі 15%-ке оның кәсіби біліміне, 85% адамдармен жұмыс істей білуіне байланысты болатындығын көрсетті.
Әрбір жекелеген адамның мінез-құлық ерекшелігін біле отырып, ұжым үшін қажетті бағыттағы оның мінез-құлқын болжауға болады. Бұл әр топқа өзіндік психологиялық ахуал тән екендігіне байланысты. Сондықтан еңбек ұжымын құру мен дамытудың маңызды шарты психофизиологиялық үйлесімділік қағидасын сақтау болып табылады. Жапон әлеуметтанушылары адамның жұмыс істеу ынтасы, көңіл-күйі, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай есебінен еңбек өнімділігі шамамен 1,5 есе артуы немесе бірнеше есе төмендеуі мүмкін деп есептейді.
Басқарудың әлеуметтік-психологиялық әдістері дегеніміз – жеке тұлға мен ұжымның әлеуметтік-психологиялық қасиеттерін пайдалану, еңбекке деген саналы қатынасын тәрбиелеу жолымен адамдарға ықпал ету тәсілі. Бұл әдістердің мақсаты - адамдардың өскелең әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру, олардың жан-жақты үйлесімді дамуын қамтамасыз ету және осылардың негізінде жеке тұлғаның еңбекке деген құлшынысын, ұжымдардың тиімді еңбек етуін арттыру.
Басқару әдістері ең алдымен ықпал етудің бағытын анықтайтын өзінің уәждемелік сипаттамасымен ерекшеленеді. Бұл сипаттама адамдардың мінез-құлқын анықтайды және тиісті әдіс топтарына бағдарланған уәждемелерді көрсетеді.
Әлеуметтік-психологиялық әдістер рухани мүддеге ықпал етудің мүмкіндіктерін пайдаланады. Әлеуметтік уәждеме саяси, моральдық, ұлттық, отбасылық және т.б. әлеуметтік мүдделердің бағдарын қарастырады. Ұжымның әлеуметтік сипаттамасы мен өндірістің экономикалық және ұйымдастырушылық көрсеткіштері арасында тығыз байланыс болады. Әлеуметтік мәселелерді шешіп алмай еңбекке деген дұрыс қатынасқа, өндірісті тиімді дамытуға қол жеткізу мүмкін емес.
Әлеуметтік-психологиялық әсер ету тәсілдері көбіне басшының дайындығымен, оның құзырлығымен, ұйымдастырушылық қабілеттерімен және әлеуметтік психология саласындағы білімімен анықталады. Әлеуметтік психология адамдар мінез-құлқы мен әрекетінің заңдылығын, олардың әлеуметтік топтарға қосылуының объективті факторларын, сондай-ақ осы топтардың психологиялық сипаттамаларын зерттейді.
Өндіріс ұжымы - бұл қоғамның пайдасы үшін бірігіп қызмет ететін, ортақ мақсат, ортақ мүдде бастарын біріктірген, бәрі біреу үшін, біреу бәрі үшін жауап беретін, бір ұйымға жұмыс істейтін адамдардың жиынтығы. Ұжымға әеер етудің негізгі құралы - иландыру. Иландыра отырып, басшы бірлескен қызмет барысындағы адамдардың мінез-құлқы мен адамдық қарым-қатынас табиғатын барынша толық ескеруі тиіс. Өндіріс ұжымы бірігіп еңбек ететін адамдардың тек жай ғана бас қосуын білдірмейді. Ол жекелеген жұмыскерлер мен олардың топтары арасындағы тұрақты әрекет ететін экономикалық, өндірістік-техникалық, өнегелік, мәдени, тұрмыстық өзара қарым-қатынастарының күрделі жүйесіне негізделген бірлестікті білдіреді. Бұл өзара қарым-қатынас ұжымның ресми және бейресми құрылымдарында көрініс табады.
Ресми құрылым ұжымда ресми түрде анықталып, заңмен, міндеттемелермен, өкілеттіктермен және жауапкершілікпен бекітілген адамдардың байланыстары мен қатынастарын бейнелейді.
Бейресми құрылым жақсы көру, жек көру, мінез ұқсастығы, ортақ мүдде, өзара түсіністік негізінде қалыптасатын байланыстар мен қатынастарды бейнелейді. Бейресми қатынастың негізінде ұжымда шағын топ (10 адамға дейін) пайда болады. Шағын топ – бұл ортақ мақсаттар мен мүдделер негізінде өзара әрдайым әрекеттесетін және тікелей біріне-бірі ықпал ететін адамдардың кішкене тобы. Шағын топ аз уақытқа немесе ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, бұл шағын топ ұжымның басқа да мүшелеріне жайдары қабақ танытуы (ашық) ықтимал немесе өздерімен өздері (тұйық) қалуы да мүмкін. Екі құрылым да ұдайы әрекет үстінде болмақ.