Тақырыпқа арналған ақпараттық материал. Мамандықтар: 5В 130100 - «Жалпы медицина»
ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚҚА АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
Тақырыбы: №1. Кіріспе. Экология және тұрақты даму пәні, мақсаты мен міндеттері. Қоршаған орта мен экологиялық факторлар.
Мамандықтар: 5В 130100 - «Жалпы медицина»,
5В 130200 – «Тіс емдеу»
Курс: 1
Семестр: 1,2
Пән: «Экология және тұрақты даму»
Құрастырғандар: м.ғ.к., ассоц. профессор Рыскулова А.Р.,
б.ғ.к., доцент м.а. Аскарова У.Б.,
Алматы, 2016
Тәжірибелік сабақ. Кіріспе. Экология және тұрақты даму пәні, мақсаты мен міндеттері. Қоршаған орта мен экологиялық факторлар.
2.Мақсаты:студенттерде экология және тұрақты даму пәні, мақсаты мен міндеттері және оның қысқаша даму тарихы туралы, басқа пәндермен байланысы, негізгі бөлімдері, экологиялық фактор және олардың классификациясы мен экологиялық факторлардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына зиянды әсері, сол сияқты қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі нормативтік-құқықтық актілер туралы білім қалыптастыру
3.Оқытудың міндеттері: студенттерді эккологияның негізі болып саналатын организмдер мен қоршаған орта арасындағы қарым-қатынастардың жалпы заңдылықтарымен, тірі организмдер мен қоршаған орта факторларының оларға әсер ету жолдарымен таныстыру.
4.Тақырыптың негізгі сұрақтары:
1. Экология және тұрақты даму пәні, мақсаты мен міндеттері, зерттеу объектілері.
2. Экологияның қысқаша даму тарихы. А. Гумбольдт, Ж.Ламарк, К.Линней, Э.Геккель, А.Тэнсли, В.В.Докучаев, В.И. Вернадский т.д. экологияның дамуына қосқан үлесі.
3. ХХ ғасырдың көрнекті эколог-ғалымдары: В.Н. Сукачев, Г. Одум и Ю. Одум, Н.Ф. Реймерс, Б.Небел, Б. Коммонер, т.б. Қазақстанда экология ғылымының дамуы.
4. Экологияның негізгі түсініктері: биосфера, экожүйелер, биогеоценоз, популяция, қауымдастық, экологиялық факторлар.
5. Экологияның негізгі заңдары мен принциптері, Б. Коммонер, Либих, Шелфордт т.б. заңдары және олардың маңызы.
6. Қазіргі заманғыы экологияның құрылымы. Экологияның медициналық, биологиялық және басқа ғылымдармен байланысы. Экологияның дамуының негізгі бағыттары мен зерттеу әдістері.
7. Экологиялық фактор түсінігі. Қоршаған орта және экологиялық факторлардың классификациясы.
8. Экологиялық факторлардың классификациялары: тарихи, Мончадский классификациясы, т.б.
9. Абиотикалық және биотикалық факторлар және олардың түрлері. Тірі организмдер топтары арасындағы түр ішілік және түр аралық қарым-қатынастар.
10. «Экологиялық қуыс» түсінігі, оның мәні.
11. Антропогендік факторлар, олардың қоршаған ортаға тікелей жәнеме жанама әсерлері.
12. Факторлардың организмдерге әсер етуінің жалпы заңдылықтары. Экологиялық факторлардың әсер ету аймақтары.
13. Экологиялық валенттілік. Стенобионтты және эврибионтты организмдер.
14. Шектеуші факторлар және олардың маңызы. Ю.Либихтың минимум заңы.
15. В.Шелфордтың экологиялық толеранттылық заңы.
5.Оқыту әдістері: семинар-тренингтер.
6.Әдебиеттер:
Негізгі:
Қазақ тіліндегі:
1. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Экология және халық денсаулығы, 2004.
2. Аскарова Ұ.Б. Экология және қоршаған ортаны қорғау. Алматы, 2007. 80-111 б.
3. «ҚР Экологиялық Кодексі», Астана 2007 ж.
4. «ҚР 2007-2024 жж. тұрақты дамуға өту Концециясы». Астана, 2006 ж.
На русском языке:
1. «Экологический кодекс РК» от 23 января 2007 года.
2. Кенесариев У.И., Жакашов Н.Ж. Экология и здоровье населения: учебник для медицинских вузов и колледжей. – Алматы,2002. – 260с.
3. Новиков Ю.В. экология. Окружающая среда и человек: учебное пособие. – М.: Фаир-Пресс,2000. -320с.
4. Коробкин В.И., Передельский Л.В. Экология. Ростов -на- Дону. Феникс, 2005. 41-74 стр.
5. Николайкин Н.И., Николайкина Н.Е., Мелехова О.П. Экология. М.: Дрофа, 2005. 48-93 стр.
6. «Концепция перехода Республики Казахстан к устойчивому развитию на 2007-2024 гг.» (2006 г.).
7. У.И. Кенесариев, Н.Ж. Жакашов, Ж.А. Будесова. Математическое моделирование влияния окружающей среды на заболеваемость населения, проживающего в регионе Карашыганакского нефтегазоконденсатного месторождения // Вестник КазНМУ, №1, 2008, часть II, С.47-49.
7.Бақылау сұрақтары:
1. Экологиялық факторлар, олардың классификациялары
2. Экологиялық факторлардың тірі организмдерге әсер ету механизмдерінің негізгі принциптері мен заңдылықтары
Тақырыпқа арналған ақпараттық материал
"Экология" терминін (грек сөзі: ”oіkos” - ”үй”, ”тіршілік ету ортасы”; ”logos” - ”ғылым”) 1866 жылы неміс биологы Эрнест Геккель ұсынған.
Өзінің зерттеу объектісі мен мазмұнына байланысты экология бірнеше салаларға бөлінеді:
1. Организмдердің (особьтар, популяциялар, биоценоздар, т.б.) өзара және қоршаған ортамен қарым - қатынасын зерттейтін биоэкология. Биоэкология – особьтар экологиясы (аутоэкология), популяциялар экологиясы (демэкология) және қауымдастықтар экологиясы (синэкология) болып бөлінеді.
2. Экология - әртүрлі иерархиялық деңгейдегі экожүйелердің тіршілік етуінің жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
3. Экология – барлық тірі организмдердің тіршілік ету ортасын зерттейтін комплексті ғылым.
4. Экология – адамның түр ретіндегі және қоғамның планета экосферасындағы орнын, оның экологиялық жүйелермен байланыстары мен оларға әсер ету жағдайларын зерттейді.
5. Экология – адамның шаруашылық тіршілік әрекетінде өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін биосфера ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын қарастыратын ғылым.
Қазіргі таңда түрлі ғылымдарды экологияландыру, яғни технологиялық, басқару, т. б. салаларда табиғи ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, сақтауға бағытталған жүйелерді енгізу процесі қарқындап дамып келе жатыр. Тіпті өндіріс технологияларын экологияландыру қажеттілігі туындап отыр деуге болады. Бұл өндірістік процестердің табиғи ортаға зиянды әсерлерін болдырмау үшін жүргізілетін іс-шаралар жиынтығы.
Осыған байланысты экология өзінің бастапқы, тірі организмдер мен олардың тіршілік ету ортасы арасындағы қарым-қатынастары туралы зерттейтін биология ғылымының бір саласы деген анықтама шеңберінен әлдеқайда кең, ауқымды бірнеше ғылыми салаларға бөлініп кетті. Дегенмен экологияның қазіргі таңдағы барлық салаларының негізі биоэкологияның фундаментальды идеялары болып саналады.
Зерттеу объектісінің көлеміне қарай экология тірі организмдер мен олардың қоршаған ортасы қатысында жүретін үлкен географиялық процестерді зерттейтін географиялық немесе ландшафтық экология; Жер биосферасы туралы ілім – глобалды экология болып бөлінеді.
Зерттеу объектісіне байланысты экология микроорганизмдер, саңырауқұлақтар, өсімдіктер, жануарлар, адам, ауылшаруашылық, қолданбалы, инженерлік және жалпы экология болып бөлінеді.
Кез келген организмнің, не организмдер тобының тіршілік етуі экологиялық факторлар деп аталатын белгілі бір орта жағдайлары комплексіне байланысты. “Экологиялық фактор” дегеніміз тірі организмдерге тікелей немесе жанама түрде әсер ететін ортаның кез келген элементі.
Организмдер үшін экологиялық факторлардың түрлі мөлшері, не деңгейі түрліше әсер етеді.Экологиялық факторлардың әсер ету сипаты және организмнің оған жауап реакциясы фактор әсерінің интенсивтілігімен немесе оның мөлшерімен анықталады.
Кез келген организмнің тіршілігі үшін қолайлы не қолайсыз болып саналатын факторлар әсерінің белгілі интервалы болады. Организмнің қажеттілігіне сәйкес келетін және оның дамуы үшін қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ететін фактордың сан мөлшері оптимум аймағы деп, ал организм үшін қолайсыз мөлшері пессимум аймағы деп аталады. Соңғы жағдайда организмнің тіршілік процестері басыңқы күйде болып, бұл оның дамуына кері әсерін тигізеді.
Оптимум және пессимум аймақтары мөлшерінің диапазоны организмнің сол экологиялық фактор әсеріне деген төзімділігін (толеранттылығын) анықтаушы критерий болып саналады да, экологиялық валенттілік не толеранттылық деп аталады.
Экологиялық фактордың оптимум және пессимум аймақтары мөлшерінің диапазоны кең мөлшерінде тіршілік ете алатын түрлер эврибионттар (грекше: “eurus” –кең, “stenos” – тар деген сөздерден алынған) деп, ал аз ғана диапазондағы мөлшеріне бейімделген түрлер стенобионттар деп аталады. Мысалы, ортадағы температураға байланыстыжоғарғы экологиялық валентті түрлер –эвритермиялық, ал төменгі – стенотермиялық деп, немесе ортаның тұздылық деңгейіне қатысты тұзды ортада тіршілік етуге бейімделген түрлер эвригалдар (грекше : “gals” – “тұз”) деп, ал тұз мөлшері аз ортада тіршілік ететіндер стеногалдар деп аталады.
Сонымен, кез келген тірі организм табиғи ортада толып жатқан факторлар әсеріне ұшырайды. Экология ғылымы осы факторлардың санын ғана жіктеп қоймай, сонымен бірге және ең маңыздысы олардың ішіндегі ең негізгі дегендерін танып, олардың зерттеліп отырған объектіге әсерінің сипатын үғынуға мүмкіндік береді.
Экологиядағы классикалық немесе әдеттегі классификация бойынша экологиялық факторлар екі топқа: абиотикалық және биотикалық болып бөлінеді. Абиотикалық факторларға климаттық факторлар (температура, жарық, ылғалдылық, қысым, т.с.с.), топырақ пен судың физикалық қасиеттері жатады. Биотикалық факторларға қорек және особьтар мен түрлердің арасындағы қарым-қатынастардың түрлері (жыртқыштық, бәсекелестік, паразитизм, т.б) жатады.
Экологиялық факторлардың барлық классификацияларын қорытындылай келіп, оларды бір тұтас система бойынша топтауға болады.
Климаттық факторлар : 1) бірінші периодты факторлар (жарық, температура); 2) екінші периодты факторлар (ылғалдылық); 3) периодты емес факторлар (шквалды жел, өрттер, атмосфераның иондануы).
Климаттық емес физикалық факторлар : 1) сулы ортаның факторлары (оттектің мөлшері, тұздылық, рН, қысым, тығыздық); 2) эдафикалық факторлар (рН, су; механикалық құрамы, тұздылығы, т.б.);
Қоректік факторлар : 1) қорек саны; 2) қоректің сапасы.
Биотикалық факторлар: 1) түр ішілік қарым-қатынастар (гомотиптік реакциялар); 2) түр аралық қарым-қатынастар (гетеротиптік реакциялар).
Организмдегі зат алмасу процестерінің интенсивтілігіне әсер ететін аса маңызды экологиялық факторлар – температура, жарық, су, ылғалдылық және минералды тұздар. Олар тірі организмдердің биосферада таралуына үнемі әсер етуші факторлар.