Табиғат қорғау мекемелерiнiң құқықтық жағдайы

Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттiк мекеме нысанында құрылады.

Табиғат қорғау мекемелерiне жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiледi.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерi табиғат қорғау мекемелерiне жедел басқару құқығымен берiледi.

Табиғат қорғау мекемесiн қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының құқықтық жағдайы

Мемлекеттiк зоологиялық парктер, мемлекеттiк ботаникалық бақтар және мемлекеттiк дендрологиялық парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылады.

Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiледi.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар мен ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерi мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығымен берiледi.

Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары өздерiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң иелiгiндегi ақшамен жауаптылықта болады.

Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының қалған мүлкiн өндiрiп алуға жол берiлмейдi.

Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

Заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құқықтық жағдайы

Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк қорық аймақтарының заңды тұлға ретiнде мәртебесi болмайды және олар мемлекет қорғауында болады.

Заңды тұлға болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақта мемлекет меншiгiнде болатын жылжымайтын мүлiк объектiлерiн жедел басқару құқығы өзiнiң қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ болатын табиғат қорғау мекемесiне немесе мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемесiне берiледi.

Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдар олардың негiзiнде мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер құру кезiнде республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбелерiнен алынып тасталуға тиiс.

Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң қорғау аймақтары

Қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң айналасында, бұл аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерi мен оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады және (немесе) шектеу жасала отырып, қорғау аймақтары белгiленедi.

Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң қорғалу аймақтарының аумағында табиғат пайдаланудың мөлшерi, шекарасы, режим түрлерi және тәртiбi оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiмен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешiмдерiмен айқындалады.
Бұл орайда меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгiленетiн және жер бетiнде арнайы белгiлер қойылатын қорғау аймағының енi екi километрден кем болмауға тиiс.

Наши рекомендации