Фитоценоздағы өсімдіктердің бір-біріне әсер ету жолдары 16 страница

1/ Синтаксондар атау ережесінің негізі болып приоритет принципі алынған, оны синтаксон авторы анықтаған жылын көрсетіп белгілеп қояды;

2/ Синтаксон атының объектіге толық сәйкес келуі талап етілмейді, ол тек “этикетка” ғана;

3/ Синтаксономиялық негізгі рангісі болып ассоциация саналады. Ассоциациядан төмен субассоциациялар, варианттар және фациялар, жоғары - одақтар, қатарлар және кластар бөлінеді. Кластан субассоциацияға дейінгі рангтардың – etea, - etalia, - con, - etum, - etosum деген жалғаулар болады;

4/ Жоғарғы синтаксономиялық рангты білмей-ақ төменгі дәрежедегі синтаксонды бөлуге болады, ал керісінше болмайды. Мысалы, ассоциацияны оның қай класқа жататыны белгісіз болса да бөлуге болады, бірақ класты, егер де оған жататын бірде-бір ассоциация белгісіз болса, бөлуге болмайды;

5/ Жаңа синтаксонды бөлу үшін бір геоботаникалық бейнелеу /суреттеу/ жеткілікті, бірақ геоботаникалық бейнелеудің саны онға жақын болғаны дұрыс. Ассоциациялар және субассоциациялар үшін бейнелеу типтері белгіленеді /таксондарды суреттегенде гербарийлік үлгілер сияқты/;

6/ Синтаксон атын жариялау заңды болып саналады, егер де оған нақтылы бейнелеудің фитоценологиялық кестесі қоса берілсе. Кестеде дифференциалды немесе оларға тән, ерекше түрлер бөлініп көрсетілуі қажет. Дифференциалды және ерекше тән түрлер тұрақты /констант/ түрлермен бірге диагностикалық түрлерге жатады. Диагностикалық түрлерді негізге алып синтаксондарға диагноз қойылады. ТМД елдерінде ассоциацияны атаудың өте қарапайым жүйесі кең тараған. Оның екі әдісі бар: 1. Бірінші әдісінде бірнеше диагностикалық түрлерді “+” /бір яруста/ немесе “-“ әр түрлі яруста белгілерімен біріктіру арқылы құрастырылады. Синтаксон атына кірген түрлер атау септігінде беріледі. Мысалы, Picea Schrenkiana (Шренк шыршасы - Ель Шренка) + Quercus robur (Дуб гречатый - кәдімгі емен), Carex pilosa.

Егер де вегетациялық маусымда бір яруста доминанттар алмасатын болса, онда олар стрелка /↔/ арқылы қосылады. Жыл сайын доминанттары ауысып отыратын ассоциацияларда ол доминанттар тобы белгісімен қосылады. Мысалы, Bromus inermis + Elytrigia repens, Alopecurus pratensis.

Ассоциацияны атаудың екінші әдісіне келетін болсақ, басым ярустағы доминант түрдің латынша атынан туыс аты алынады да, оның түбіріне etum деген жұрнақ қосылады /мысалы, Pinus – Pinetum және с.с. және екінші сөз, әдетте, бағынышты ярустардың доминант немесе доминанттарының туыстық немесе түрлік латынша аттарының түбіріне /немесе түбірлеріне/ Osum деген жұрнақ қосу арқылы пайда болады /мысалы, Sphagnum – Spagnosum vaccinium myrtillus – myrtillosum және с.с. Егер де бас яруста екі түр доминант болса, олардың екеуі де ассоциацияға ат қойғанда пайдаланылады, олар сызықша белгісімен қосылады: мысалы Mixtoherbetum Piceeta – Quercetum. Егер де доминант түрлерді бөлу қиын болса, онда түрлер тобы аттары пайдаланылады /алуан шөптесін өсімдіктер түрлері басым/ - herbosum төменгі яруста шөптесін өсімдіктер басым.

Біздің елімізде қолданылатын осы екі әдістің әрине, жоғарыда айтылып өткен біріншісі оңай әрі ыңғайлы. Бұл екі әдісте де ассоциацияға ат қою үшін доминанттар пайдаланылады. Біздің ойымызша, жоғарыда айтылып өткен Браун-Бланке мектебі - сигматизм қолданушылардың тәжірибелерін, принциптерін пайдаланған мақсатқа сәйкес, орынды болар еді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы елдерінде таксономиялық бірліктер иерархиясында ассоциациялар тобы, формация, формациялар тобы, формациялар класы және өсімдіктер жабыны типі деп бөлу қабылданған. Негізгі таксономиялық бірліктер болып ассоциация, формация және өсімдіктер жабыны типі болып саналады.

Формация /латынның Forma - форма, түр/ - фитоценоздарды сырт көрінісіне /физиономиясына/ қарап, классификациялаудың рангісі. Бұл терминді немістің табиғат зерттеушісі Гризебах /1838 ж./ енгізді. Формацияны бір /немесе бірнеше/ доминанттың барлығына бөледі.

Өсімдіктер жабыны типі – фитоценоздардың сырт көрінісіне қарай классификациялауда ең жоғарғы рангі. Өсімдіктер жабыны типі - доминанттары бір тіршілік формасына жататын формациялар жиынтығы /мысалы, ормандар, шалғындықтар және с.с./. Кейбір ерекшеліктеріне қарамай маңызды белгілерінің ұқсастығына байланысты особьтар бір түрге жатқызылады. Сол сияқты кейбір өзіндік ерекшеліктеріне қарамай жалпы белгілерінің ұқсастығына байланысты фитоценоздар ассоциацияға біріктіріледі. Бұл жағдайда ассоциацияны фитоценоздар типі деп атайды. Әрбір фитоценоз - өз типінің, яғни ассоциацияның нақтылы өкілі. Ассоциацияға жатқызылған фитоценоздарды кейде ассоциацияның учаскесі деп атайды. Бұл онша дұрыс түсінік емес, өйткені бұлай санау фитоценоз ассоциацияның өкілі емес, әншейін бір бөлшегі деген ойға келтіреді. Жоғарыда ұқсас фитоценоздар ассоциацияға біріктіріледі дедік. Бұлай біріктіруде әрине, заңды сұрақтар туады: Фитоценоздардың ұқсастығын қандай белгілері арқылы анықтау керек? Ұқсастық дәрежесінің шамасы қандай болуы керек?

Жоғарыда келтірілген ассоциацияның анықтамасы /3-ші Халықаралық ботаникалық конгресте/ бірінші сұраққа жауап береді. Ол анықтамада негізгі белгілері /флоралық құрамы, тіршілік ету орны жағдайы, сырт көрінісі, физиономиясы/ көрсетілген. Ал екінші сұраққа бұл анықтамада жауап жоқ. Сондықтан, бұл сұрақты түсіну мәселесінде геоботаниктер арасында жалпы келіспеушіліктер, қайшылықтар болды. Дегенмен, ТМД елдерінің геоботаниктері арасында бұл мәселе туралы қабылданған мынадай ереже бар. Бір ассоциацияға ұқсас биотопта және тіршілік ету орнында өсімдіктер арасындағы қарым-қатынастың ұқсастығын бейнелейтін структурасы және құрамы /доминантар және субдоминанттар бойынша/ бар фитоценоздар жатады.

Синтаксономиялық иерархияда ассоциациядан кейін, төмен субассоциация деген де бірлік бар. Принципінде ассоциациямен субассоциация арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Субассоциация дегеніміз - ассоциацияның экологиялық варианттары. Табиғатта мынадай субассоциацияларды ажыратады: 1/ климаттық 2/ эдафогендік, 3/ аймақтық, 4/ сукцессиялық.

Климаттық субассоциация кең географиялық және климаттық ареалы бар ассоциацияларға тән. Мысалы, қарағайлы-қыналы орман ассоциациясы Кольск жарты түбегінде, орман аймағында және дала аймағында кездеседі. Оның барлығы бір ассоциацияға жатады. Өйткені олардың ұқсастық дәрежесі жоғары. Бірақ оларға әртүрлі географиялық жағдай, климат өз әсерлерін тигізеді. Соның нәтижесінде олардың әрқайсысында сол жердің жағдайына тән өсімдіктердің кейбір түрлері пайда болады. Олардың басқа да ерекшеліктері болады /мысалы, ағаштардың қалыңдығында, қарағайдың өсуінде және оның өнімділігінде, жаңаруында тағы с.с./. Таулы аудандарда бір ассоциацияның қауымдары теңіз бетінен әртүрлі биіктіктерде әртүрлі климат жағдайларында кездеседі. Мұндай климаттық субассоциацияларда шалғындық, далалық, шөлдік ассоциациялар да кездеседі.

Эндогендік субассоциациялар әртүрлі және өте көп. Мысалы, кез-келген бір шалғындықтағы бар астық тұқымдас доминант болатын ассоциацияны алатын болсақ, ол ассоциация орналасқан учаскенің бір жері құрғақ, бір жері ылғал, тағы бір жерінің батпақтанып бара жатқан белгісі бар екендігін көруге болады. Соған байланысты мұндай ассоциация ішінде субассоциациялар бөлу ол ассоциацияның экологиялық біркелкі еместігін көрсетеді.

Аймақтық субассоциациялар тек қана ассоциация ареалының бір бөлігінде ғана орын алып, басқа жерлерінде кездеспейді. Себебі, ассоциация орналасқан учаскенің біркелкі еместігінде.

Сукцессиялық субассоциация өте кең тараған. Ол ассоциацияның дамуындағы /доминанттар түрлер ауысқанша/ сингенездің, экогенездің, демутацияның әртүрлі фазалары.

Фитоценоздардың және ассоциациялардың белгілерін зерттегенде оларды аналитикалық және синтетикалық деп ажыратады. Аналитикалық белгілер нақтылы фитоценоздарды сипаттайды - олардың әрқайсысының флоралық құрамы, түрлер арасындағы сандық арақатынасы және басқа да олардың структурасымен динамикасы туралы белгілері. Синтетикалық белгілер ассоциацияны сипаттайды; оны осы ассоциацияға жататын ценозды /өсімдіктің табиғи тобы/ салыстыру арқылы анықтайды. Бұл белгілер, түрдің белгілеріне ұқсас, олардың жиынтығы ассоциацияның диагнозын құрады. Сондықтан, ол белгілерді ассоциацияның диагностикалық белгілері деп атаған дұрыс.

Ассоциацияны сипаттайтын диагностикалық белгілер бірнеше фитоценоздарды салыстырып зерттеу нәтижесінде анықталады. Ценоздарды салыстырмалы зерттеу нәтижелері құрама кестеге /доминанттарының ұқсастығына байланысты бір ассоциацияға жатады деген болжаумен/ жинақталады /12 кесте/. Кестенің жоғарғы бөлігінде ценоздарды сипаттап жазу нөмірлері, сипаттау уақыты және тіршілік ету орнын сипаттайтын белгілері келтіріледі.

12 кесте

Ассоциацияның сынақ аудандарын сипаттап жазудың жинақ кестесі

Сипаттап жазу
Сипаттау күні 14.06.1991 14.06.1991 24.06.1991 14.07.1991
Географиялық тұрған орны Атбасар қаласына 50 км Оңтүстік      
Рельефтегі жағдайы Тегіс учаскеде      
Топырақ Топырақтың типін жазу керек
Проекциялық жабыну 70% 60% 75% Тағы с.с.
Шын жабыну 50% 50% 55% Тағы с.с.
Түрлер мен топтар /тіршілік формаларына байланысты/ аттары Друде бойынша көптігі, әрбір түр үшін проекция жабыну

Кестеде түрдің Друде бойынша және %-дық шартты белгілері мынадай болады:

Қосу /+/ немесе ип - өте сирек, проэкциялық жабыны 1%-дан аз;

1 немесе жеке; немесе Sol - бірлі-жарым, проек. жабын. 1-5%

2 шаш; немесе – шашыраңқы, проек. жаб. 6-15%;

3 немесе ед.мол; немесе СОР1 едәуір мол, проект. жаб. 16-25%;

4 немесе мол2; немесе СОР2 – мол, проек. жаб. 25-50%;

5 немесе мол3; немесе СОР 3 өте мол, проек. жаб. 51-75%;

6 немесе бас; немесе SOC – басым проек. жаб. 76-100%;

Сынақ аудандары осылайша сипаттап жазылған бланкі-кестелер зерттелетін аймақтың өсімдіктер жабынын толық бейнелеуге пайдаланылады. Пайдаланбас бұрын ол бланктер өңделіп, топтастырылып алдын-ала оларға ат беріледі. Өңдеу процедурасы мынадай этаптардан тұрады:

1/Эколого-флоралық анализ /талдау/;

2/Флоралық құрамды фитоценотикалық талдау;

3/ Қауымдарға далада қойылған аттарына сәйкес бланкілерді бірінші сорттау /іріктеу/;

4/ Ортаның басты факторларына байланысты сынақ аудандарын орналастыру;

5/ Жинақ кестесін бірінші дайындау, яғни сынақ аудандарын сипаттап жазудың жинақ тізімін жасау;

6/ Кестедегі мәліметтерге салыстырмалы талдау жасап, оларды ретіне қарай орналастырып, қайтадан топтастыру;

7/ Фитоценоздардың таксономиялық орнын және олардың аттарын біржолата /соңғы/ анықтау; жинақтау тізімінің таза вариантын жасау;

8/ Ассоциациялардың және олардың бірлестіктеріне текстік сипаттамасын беру;

9/ Бөлінген ассоциациялардың және басқа да өсімдіктер жабыны бірлестіктерінің экологиялық және сукцессиялық байланыстарының графикалық /сызықпен түсірілген/ бейнесін беру;

10/ Ғылыми және практикалық қорытындылар.

8.2 Өсімдіктер жабынын классификациялаудың негізгі тәсілдері

Фитоценоздардың классификациясы дегеніміз - өсімдіктер қауымдарын сипаттап жазғанда оларды ұқсастығына байланысты кластарға бөлу немесе біріктіру процедурасы. Өсімдіктер жабындарын классификациялау проблемасына арналған бірнеше ірі шолу жұмыстары /Дохман, 1937, Whitteker, 1962, Александрова, 1969/ бар. Өсімдіктер қауымдарының классификациясы әртүрлі принциптерге негізделіп жасалады. Өсімдіктер қауымдарын жүйеге келтіру принциптеріне байланысты оларды классификациялауды мынадай негізгі топтарға біріктіреді: экологиялық, биоэкологиялық, динамикалық, генетикалық, физиономиялық, флоралық.

Фитоценоздардың экологиялық классификациясы

Экологиялық классификацияны өңдеуді Е. Варминг /1901/ бастап, Л. Дильс /1910/ оны ары жалғастырды. Классификацияға негіз етіп ассоциациялардың сыртқы жағдайға әсіресе, су режиміне қатысы алынады. Негіз етіп өсімдіктердің экоморфалары алынған. Таксондар жүйесі әдеттегідей: ассоциация, формация, формациялар класы, тип тармағы және өсімдіктер жабыны типтері. Е. Вармингтің классификациясы 4 типтен тұрады:

1/ Гидрофиттер;

2/ Ксерофиттер;

3/ Галофиттер;

4/ Мезофиттер.

Б.А. Быков /1978/ Л. Дилистің классификациясын өңдеп, қосып өзінің классификациясын ұсынды:

1/ Гидрофиттер;

2/ Гигрофиттер;

3/ Мезофиттер;

4/ Ксерофиттер.

Фитоценоздардың биоэкологиялық классификациясы

Бұған Б.А Быковтың /1968/ жер бетіндегі өсімдіктер классификациясы мысал бола алады. Ол классификация 7 бөлімнен құрылған:

1. Бактерия өсімдіктері қауымы

2. Балдырлар өсімдіктері қауымы

3. Қына өсімдіктері қауымы

4. Мүк өсімдіктері қауымы

5. Папоротник тәрізді өсімдіктер қауымы

6. Жалаңаш тұқымды өсімдіктер қауымы

7. Жабық тұқымды өсімдіктер қауымы

Бөлімдер ішіндегі бөлшектеу формациялар доминанттарының белгілі бір экобиоморфаларға жататындығын негізге алып жүргізілген.

Фитоценоздардың динамикалық классификациясы

Өсімдіктер жабындарын классификациялауға динамикалық концепция тұрғысынан қарау туралы пікірлер негізінен американ ғалымы Ф. Клементстің өсімдіктер қауымдарының сукцессиясы туралы еңбектерінде қалыптасты. Ф. Клементс әрбір өсімдіктер қауымына олардың сукцессия процесіндегі рөлі, сукцессия қатарындағы орны тұрғысынан қарады. Соның нәтижесінде, ол сериялық және климакстық фитоценоздарды ажыратты. Сериялық қауымдар, өсімдіктер жабындарының даму стадиялары өкілдері ретінде, барлық өсімдіктер қауымдарын – пионерліктер бастап белгілі бір тіршілік ету орны типіне тән ақырғысына дейін қамтиды. Әрбір сукцессиялық қатардың ақырғы стадиясы – климакс. Ф. Клементс климаксты – структурасы тұрақталған және климатпен тепе-теңдікке жеткен, ең орнықты пісіп-жетілген қауым деп түсінді. Климакс, оның ойы бойынша, осы климат жағдайында сукцессиялық процестің соңғы этапы. Өсімдіктер жабындарының классификациялары ішінде өсімдіктер қауымдарының динамикалық күйіне талдау жасау негізінде, бірақ та олардың флоралық және экологиялық белгілерінде есептейтін Е. Айхингер /Грибова және Исаченко бойынша, 1972/ классификациясына көңіл аударып тоқтауға болады. Бұл жүйеде ең төменгі бірлік болып динамикалық тип – “даму типі” саналады. Бір динамикалық типке флоралық және структуралық бірдей белгілері бар тіршілік ететін орындары ұқсас, сукцессиялық қатарда бір стадияға кіретін физиономиясы жақын қауымдар жатады. Динамикалық типтер ары қарай әртүрлі белгілеріне /генетикалық, флоралық, экологиялық және т.б./ байланысты жүйеге келтіріледі. Генетикалық белгілерінің ұқсастығына қарай динамикалық типтер сукцессиялық сериялар ға топтастырылады, ал соңғылары – сукцессиялық комплекстерге. Динамикалық тип дегеніміз ол - сукцессиялық қатардың бір стадиясы. Флоралық белгілердің ұқсастығына байланысты динамикалық типтер топтарға біріктіріледі, ал олар өз кезегінде жоғарғы сатыдағы топтарға біріктіріледі.

Л.Г. Раменский /1958/ территория типтері туралы өте маңызды ереже ұсынды: “Әрбір типтің табиғаттың және мәдени факторлардың әсерінен болатын өзгерістерін немесе модификацияларын бақылап шығу керек. Бір жер типінің модификацияларының негізгі белгісі болып олардың ауыспалы сипаты, олардың бірін-біріне ауысу қабілеттігі және бұрынғы жағдайына жақын күйге /байырғы модификациясына/ қайтып келуі болып табылады”. Бұл ережені фитоценоздардың кез-келген типіне қолдануға болады. Мысалы, бір далалық аймақта геоботаникалық зерттеу жұмыстарын жүргізгенде олардың байырғы типін, байырғы типтің жайылымдық модификациялық типін, егістікті тағы с.с. ажыратуға болады.

Фитоценоздардың генетикалық классификациясы /филогенетикалық/

Фитоценоздарды генетикалық классификациялау туралы алғашқы пікірді Ресейде А.Н. Красновтың /1888/, И.К. Пачоскийдің /1891/, С.И. Коржинскийдің /1899/, В.Н. Сукачевтің /1915/ еңбектерінен кездестіруге болады. В.Н. Сукачевтің пікірі бойынша, “Ассоциацияның шығуына және тарихына негізделген, яғни генетикалық классификация ғана” ғылыми болып саналады. Белгілі фитоценоз типтерінің қалыптасу процесін В.Н. Сукачев алғашқыда ассоциация филогениясы, кейінірек – филоценогенез деп атады. Филоценогенез флорогенезбен өте тығыз байланысты. Флорогенез - дербес /автономдық/ процесс емес, филогенездің құрамдық бөлігі. Филоценогенез процесі кезеңінде өсімдіктер түрлерінің экологиялық, биологиялық және ценотикалық қасиеттері қалыптасып, олардың бір фитоценоздар және биоценоздар құрамына кіретін қабілеттілігі жетілуі нәтижесінде тиісті экологиялық таушаларға /ниша/ орналасуы мүмкін болады.

Фитоценоздардың генетикалық классификациясында синтаксономиялық иерархияның жоғарғы бірліктерінің бірі болып формация фратриясы саналады. Мысалы, В.Б. Сочава /1944/ жер шарын 98 фратрияға бөледі, олардың әрқайсысы біздің планетамыздың белгілі бір ландшафтық бөлігін сипаттайды. Формация фратриясы құрамына бір кейде бірнеше доминанттармен бөлінетін формациялар кіреді. Біздер әлі фитоценоздардың генетикалық классификациясын жасаудан алыспыз, бұл бағытта тек алғашқы қадамдар жасалды /Coчава, 1944, 1964, Быков, 1978/.

Фитоценоздардың физиономиялық классификациясы

Бұл классификацияда фитоценоздардың физиономиялық белгілері классификация критериясы ретінде алынады. Майда масштабты геоботаникалық карталарды құрастырғанда физиономиялық белгілерді пайдалану өте ыңғайлы. Мысалы, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен жасалып жатқан жер шарының геоботаникалық картасының аңызы физиономиялық белгілері негізінде жасалған. Қазіргі кезде аэрофотосъемканың және космостан түсірудің мәліметтерін кең пайдалануға байланысты фитоценоздардың физиономиялық классификациясының мүмкіншіліктері бұрынғыдан да артып отыр, өйткені ол мәліметтерді дешифровка /шифрдан жай жазуға айналдыру/ жасау үшін өсімдіктердің физиономиялық белгілері пайдаланылады.

Фитоценоздардың физиономиялық классификациясының құндылығы олардың тиімділігінде, өйткені олар көп еңбек сіңіруді қажет етпейді. Сонымен қатар, ірі масштабты картаны жасауға фитоценоздардың физиономиялық классификациясын пайдалану нәтижесінде алынған мәліметтер өзін-өзі ақтамайды. Өйткені доминанттарды негізге алып, бөлінген фитоценоздардың физиономиялық классификацияларының төменгі бірліктері өте көп болады, экологиялық көлемі жағынан анықталмаған және уақытқа байланысты тұрақсыз болып келеді. Ассоциацияны физиономиялық тұрғыдан түсіну геоботаникаға В.Н. Сукачевтің /1928, 1930, 1934/ ормантану туралы жұмыстарынан келіп өсімдіктер жабындарының басқа типтеріне тарады. Бірақ физиономиялық түсінік орман өсімдіктеріне пайдаланғанда жақсы нәтиже бергенімен шалғындық өсімдіктерін доминанттарын негізге алып классификациялау, олардың доминанттары ауысып отыруға және полидоминанттығына байланысты, жақсы нәтиже бермеді. Сондықтан ассоциацияны физиономиялық тұрғыдан түсінуді шөптесін өсімдіктер жабындарына қолдануды Л.Г. Раменский /1952/ және Х.Х Трасс /1965, 1966/ қатты сынады.

Фитоценоздардың флоралық классификациясы

Бұл бағыттың негізін салған Браун-Бланке, мұнда негізгі диагностикалық белгілер /критерийлер/ ретінде барлық дәрежеде /ең төменгі дәрежеден басқасында/ флоралық белгілері алынады. Қазіргі кезде фитоценоздардың флоралық классификациясы дүние жүзінде ең көп тараған. Оның прнциптері Европада, Африкада, Австралияда, Жапонияда, АҚШ-та және басқа елдерде, соңғы жылдары ТМД елдерінде де кеңінен таралып келеді. 1981 жылы /Уфа қаласында/ фитоценоздарды флоралық классификациялаудың әдістеріне арналған өсімдік жабындарын классификациялаудың Бүкілодақтық VI кеңесі болып өтті.

Фитоценоздарды флоралық классификациялау бағыты оның негізін салып құрушы Браун-Бланке атымен немесе Браун-Бланке жұмыс істеген институтының бірінші әріптерінен құрылған сөз сигнатизм /Station international de Mediterranee of Alpin S.J.G.M.A/ халықаралық геоботаникалық жерортатеңізі және альпі станциясы/ атымен аталады. Бұл бағыттың негізгі сенімі – ортаның жағдайын бейнелеу үшін флоралық композиция пайдалану мүмкіншілігі. Өсімдік жабындарының таксономиялық бірліктерін /бірлік өлшемдерін/ бөлгенде негізгі критерий ретінде флоралық құрамы қабылданады/. Браун-Бланке /1964/ бойынша флоралық құрамы негізінде фитоценоздарды географиялық тұрғыдан сипаттауға болады. Сондықтан әртүрлі аймақтарда өсімдіктер жабындарын жазғанда олардың флорасының жақсы, толық зерттеліп өсімдіктер түрінің тізімін жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Браун-Бланке характерлі /ерекше тән/ түрлерді табу әдістерін жете зерттеді. Үлкен аймақта негізгі фитоценоздар типтерінің көп санын сипаттап жазып, оларды кестелерге жинақтап, сосын ол мәліметтерді салыстыру негізінде ғана тән түрлерді бөлуге болады.

Браун-Бланке “сенімді” түрлер деген түсінік енгізді. “Сенімді” түрлер - түрлердің көп жағдайда бір синтаксонда кездесетін қасиеті. Браун-Бланке түрлердің “сенімділігінің” шкаласын ұсынды: “сенімді” – 5 балл /тек бір синтаксонмен байланысты түрлер/; “орнықты”, “тұрақты” - 4 балл /әдетте бір синтаксондарда кездесіп тұратын түрлер/; “тілектес”, игі ниетті” -3 балл әртүрлі синтаксондарда тұрақты кездесетін, бірақ біреуін жақсырақ көретін түрлер/; “енжар”, “пейілсіз” - 2 баллл /синтаксондардың біреуімен де көрініп, бөлініп тұрған байланысы жоқ түрлер/; “бөтен”, “бөгде” - 1 балл /сирек кездесетін, көп жағдайда кездейсоқ сырттан келген немесе бұрын осы жерде болған ценоздардың реликті түрлері/. Белгілі бір территориядағы барлық синтаксондардың тізімі продполис деп аталады.

Бұл шкаланың алғашқы үшеуіне жататын түрлер, яғни “сенімді” және “тілектес” түрлер деп аталады. Браун-Бланкенің таксономиялық бірліктер жүйесінің негізі болып ассоциация саналады. Ассоциация соның өзіне тән түрлер тобына байланысты бөлінеді. VI-шы Халықаралық ботаникалық конгрестің /Амстердам қаласы, 1935/ шешімі бойынша флоралық құрамына /Браун-Бланке бойынша/ қарап бөлінетін негізгі таксономиялық бірлікті ассоциация деп атауға, ал доминанттарды негізге алып бөлінетін таксономиялық бірлікті - социация деп атауға келісілген.

Наши рекомендации