Семей полигоны – Қазақстанның ядролық қасіреті
Семей ядролық полигоны, Семей сынақ алаңы – КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Полигон бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Сынақ аймағында 1949–1989 жылдар аралығында 470-тей қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалды. Әуеде – 90, жер үстінде – 26, жер астында – 26.
Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы километр «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонн ядролық заряд орнатылды. Айнала темірбетон қорғаныштар, бронды мұнаралар мен доттар бой көтерді. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанар май құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Алаңға әскери форма кигізілген адам кейпіндегі заттар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды.
1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды.
Семей ядролық полигонында 1961–1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, Жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі 448 Бэр-ге жеткен. Семей ядролық полигонында ауада және Жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе асып түсті.
Сынақ аймағын радияциялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың (цезий-137, стронций-90, плутоний-239; 240, кобальт-60) мөлшері қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінеді: 1-категорияға – жарылыс эпицентрінен 100–150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай және бұрынғы Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау ауданы мен Семей қаласы жатады; 2-категорияға – 150–300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха және бұрынғы Шар, Жаңашүлбі аудандары кіреді; 3-категория эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті және бұрынғы Таскескен, Ақсуат, Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтиды.
Бұл қала бірде бір географиялық картада көрсетілмеген. Курчатов – Павлодар облысының Май ауданындағы қала. Ресми түрде Шығыс Қазақстан облысының құрамына кіреді. Семей қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км. жерде, Ертіс өзенінің сол жағасында орналасқан. Іргесі 1947 жылы әскери горнизон ретінде қаланды. Аса құпия жер болғандықтан оның аты жиі өзгеретін. Москва-400, Семей-21, Ақырғы нүкте, ал 1974 жылы қалалық статус алып, Курчатов болып аталды. Мұнда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Бас дирекциясы орналасқан.
Мұнда зерттеу және эксперимент жасау жұмыстары үшін барлық жағдай жасалды, ал тұрғындар үшін «коммунистік пейіш» орнады. «Курчатов қаласында И. Курчатов, Ю. Харитон, А. Сахаров, Я. Зельдович сияқты кеңестің көрнекті физиктері уақытша тұрып, жұмыс істеді.
Семей ядролық полигонындағы жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізгенде тұқым қуалайтын ауруға шалдығуына байланысты адамдарды, әсіресе, жасөспірімдердің арасында ерте қайтыс болу жиі кездесетіні анықталған. Сондай-ақ қатерлі ісік, сүйек тіндерінің аурулары, иммунды жүйелер мен қан құрамының бұзылуына байланысты ауруға шалдыққандар көп. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Полигон өмірінен деректер:
1. 1949–1963 жылдар – бұл Семей полигонында ядролық қаруды ашық жерде сынаған кезең.
2. 1961 жылы елімізде континентарлық баллистикалық ракеталар жасалды да, оларға қажет ядролық зарядтарды сынақтан өткізу міндеті қойылды. Сондықтан 1961–1962 жылдары сынақтар жиірек өткізілді.
3. Қазақ ССР Ғылым академиясы Жоғары энергиялар институтының деректері бойынша, Семей полигонында атмосферада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросима бомбосының қуатынан 2,5 мың есе асып түседі.
4. 1949–1963 жылдар кезңінде 50 мыңнан астам адам кәдімгі ядролық жарылыстар жағдайында йондаушы радиацияның күшті және созылмалы сәулесіне көп рет тап болды.
5. Ядролық сынақтардың басталғанына 1–2 жыл өткен соң-ақ зардап шеккен аудандарда балалар өлімі 4–5 есе көбейіп, жаңа туған 100 нәрестенің 85–100-і ажал құшағына енді.
6. Статистика мынаны көрсетеді: әрбір жерасты сынағының ертеңінде және содан кейінгі 3–4 күн бойына дәрігерлік мекемелерге әртүрлі шағыммен келген азаматтар саны әдеткі күндердегіден 3–4 есе көп болған.
7. Зерттеу мына бір жағдайдың бетін ашты: полигонға тікелей тақау жерде тұратындар арасында, одан едәуір шалғай елді-мекендерде тұрушыларға қарағанда өзін-өзі ажалға қию 5 есе жиі кездеседі екен.
»Невада -Семей" ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т. б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған.
"Қазақстан ядролық қарудан бас тартты, бірақ полигонның өтемін даулай алмады"
6 тамыз - халықаралық ядролық қаруға қарсы күн. Қазақстан аумағында 1949 жылдан Семей ядролық сынақ полигоны жұмыс істегені мәлім. Онда 40 жыл ішінде, шамамен 500 ядролық сынақ жасалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды.
АДАМЗАТ ҚАСІРЕТІ "МАЛЫШТАН" БАСТАЛҒАН...
Осыдан 64 жыл бұрын тамыздың 6-ы күні Жапонияның Хиросима қаласына американдық «Малыш» атты бомба тасталды. Бұл қаланы манхэттэндік жобаның зерттеуші тобы 1945 жылдың көктемінде Кокура, Нигата және Жапонияның ең көне әрі қасиетті болып есептелетін Киото қалаларының арасынан таңдап алды. Топқа математиктер, физик-теоретиктер, қопарушы мамандар мен метеорологтар кірді.
Қаланың аумақтылығы, ондағы әскери қоймалар мен қаланың қыраттар арасында орналасқандығы – Хиросиманы дүниежүзіндегі алғашқы ядролық бомбаны сынау «мәртебесіне» ие етті.
26 шілдеде «Индианаполис» крейсері «Малыш» атом бомбасын Тиниан аралына жеткізді. Тамыздың басында барлығы операцияның жүзеге асуына сақадай сай болды, тек қолайлы ауа райын күтіп тұрды.
Экипажға барлық суреттер мен нұсқаулар таныстырылды. Бұл шараның тарихи маңыздылығын түсінген авиаполктің командирі полковник Тибетс өз ұшағына, анасымен аттас «Энола Гей» деген есім берген екен...
6 тамызда шамамен сағат 8-де Жапонияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі бомбалаушыларды байқаған. Алайда, жақындаған ұшақтардың саны аса көп емес – үшеу ғана екендігін байқап, әуе дабылын қоспаған.
Қаланың тұрғындары алаңсыз өз жұмыстарын істеп, енді біреулері аспандағы ұшақтарды бақылаумен болған. Бомбалаушылар қаланың орталығына жеткенде бірінен парашют түсіріледі де дереу ұшақтар кері кетеді.
Көзді ашып жұмғанша 8 сағат 15 минутта жер мен көкті екіге бөлгендей әсер қалдырған күшті жарылыс болады. Бомба жарылысынан аспанға аппақ сәуле көтерілген еді, жан-жақтан қирап жатқан үйлер мен соғылып жатқан ауыр техниканың дауысы шығып жатты... Жарылыстан кейін Хиросима күні шаң мен түтіннен көз аша алмады.
Қуаты 20 тонналық тротил эквивалентін құраған бұл бомба қаладан 600 метр биіктікте жарылғандығына қарамастан, қаланың 60 пайызын жойып жіберді.
Кей ақпараттарға қарағанда үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың 150 мыңға жуығы сол күні-ақ мерт болған...
Тамыздың 9-ында Жапон елінің екінші қаласы - Нагасаки ядролық бомбаның құрбаны болды. Ондағы жарылыстан 70 мың адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қиратылды. Нагасаки бұрын бомбаланған Хиросимаға қарағанда аз зардап шекті. Дей тұрғанмен бұл жайттар салыстыруға келмес...
Міне осылайша, әлем жұртшылығы осы жылы ядролық қарудың күш қуаты мен қасіретін алғаш рет байқап көрген еді.
СОВЕТ ҮКІМЕТІ ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА
ҰМТЫЛДЫ.
Осыдан соң көп ұзамай-ақ ол қаруға Совет үкіметі де қызығушылығын таныта бастады. Ядролық қарудың мүмкіндігін байқау мақсатында сынақ өткізуге Қазақстанның Семей аймағы таңдап алынды.
Сөйтіп, 1949 жылдың 29 тамызында Семейде алғаш атом бомбасы жарылды. Кей құжаттар бойынша 1949 жылдан 1991 жылға дейін Совет Одағы Қазақстан жерінде 450-ден астам ядролық сынақ өткізіпті. Семей полигонында ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элементтері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған.
«Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек қазақ жерінде өткізілген жарылыстардың Хиросимадағы жарылыстан бірнеше есе күштірек болғандығын айтады. Семей өңірінде 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.
Жапон қалаларындағы жарылыстардан кейін «атом бомбасының әкесі» саналатын Роберт Оппенгеймер «Біз шайтанның ісін істедік» деген екен. Ол Американың сол кездегі президенті Гарри Трумэнмен кездесу барысында, "жапон қалаларын бомбалағаннан кейін әріптестерімізбен бірге қолдарымызды қанға малғандай сезінеміз" десе, президент «ештеңе етпейді, ол сумен оңай жуылады» деп қоя салған...
"ҚАЗАҚСТАНҒА ПОЛИГОН ЗАРДАБЫНЫҢ ӨТЕМІ ҚАЙТАРЫЛМАДЫ"
1991 жылы ҚР президентінің жарлығымен Семей полигоны жабылып, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Алайда «Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек: «Қазақстан атом бомбасынан бас тартуда бекерге асығыстық жасады. Ең болмағанда халық сол тартқан зардабының есесін өндіріп ала алмады» дейді:
- Қазағым атом бомбасын бекер берді. Бізді тонап кетті. Ол бомбаларды қайтармай тұрып, мына зардабын шеккен халыққа шамалы болса да өтемақы төлеу керек еді. Бұл жерде біздің президент үлкен қателік жасады,- дейді ол.
Тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбай Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуының бірнеше себебі болғандығын айтады.
- Қазақстан ядролық қарудан бас тартуға мәжбүр болды. Біріншіден, кадр мәселесі. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде көп мамандар, әсіресе әскери салада қызмет ететін мамандар Ресейге қоныс аударып жатты, оның үстіне әскери адамдарда патриоттық сезім деген әрдайым жоғары тұрады. Сондықтан олар өз еліне қызмет етуді мақтан тұтады,- дейді Рысбек Сәрсенбай.
Ендігі бір себебі, ядролық қаруды сақтап, оны бақылауда ұстау тым көп қаражатты талап етті. Ал жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстан үшін ол қиынға соқты дейді Рысбек Сәрсенбай. Дей тұрғанмен, Қазақстан мүмкіндігінше ядролық қаруды өзінде қалдыруға әрекет жасағаны абзал еді деген пікір айтады.
- Ядролық қару Қазақстан үшін қажет еді. Оны бірден «аттан аударып, жүгін түсіріп бере» салғандай болмай, біраз уақыт ұстап тұруға да болатын еді. Қазақстан әлемдік саясаттағы өз орнын нақтылау үшін және өз қорғаныс қабілетін көрсете алуы үшін керек еді. Бірақ, біз олай істей алмадық, - дейді Р.Сәрсенбай.
Дей тұрғанмен сұхбаттасымыз 1991 жылғы ел президентінің бұл қадамынан Қазақстан ұтылған жоқ деген ой айтады. Өйткені Америка мен Ресей сынды алпауыт елдерден әлеуметтік, экономикалық және саяси қысым көре отырып, біз ол қарудан айрылып қалуымыз мүмкін еді дейді сұхбаттасымыз.
Ал Қазақстандағы « Невада Семей» қоғамдық қозғалысының вице- президенті Рүстем Тұрсынбаев әлем бойынша қарудың, оның ішінде ядролық қарудың мүлдем болмағаны абзал дейді.
- Өйткені адамзат өз өмірін қысқарту емес, ұзарту жолында әрекет етуі тиіс. Егер қару болмаса әлемде бейбітшілік болады, ал қаруы бар ел міндетті түрде басқаларға үстемдік көрсетуге дайын тұрады. Сондықтан дүниежүзі елдері осы жолда Қазақстаннан үлгі алып, ядролық қарудан бас тартқаны дұрыс.
Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуына «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты– Назарбаев
Алматы. 18 мамыр. ҚазТАГ - Дилярам Аркин. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойлық конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Қазақстандағы ядролық полигонның жабылуына «Невада-Семей» антиядролық халықтық бірлестік пен оның лидері Олжас Сүлейменовтың қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
«Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім қазақстан жерінде сансыз қасырет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырып, одан ерікті түрде бас тартудың одан маңыздылығы кем емес. Семей ядролық полигонның жабылуына танымал қоғамдық қайраткер Олжас Сулейменов басшылығындағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты», - деп президент атынан жазылған құттықтау хатты конференцияға қатысушыларға Алматы әкімі Ахметжан Есімов оқып берді.
Бұл ретте әкім О. Сүлейменовтың адамзат алдындағы еңбегін халықаралық қауымдастық мойындағанын және ол полигонды ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік ескерткіші» реестрі қатарына қосқаны айғақтайтынын атап өтті.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойына арналған конференцияның өту күні Олжас Сүлейменовтың туылған күнімен сәйкес келіп отыр. Ахметжан Есімов барлық алматылықтар атынан антиядролық қозғалыс лидеріне тәбәріктік естелік – алтын алма силады.
«Біз «Невада-Семей» қозғалысын айтқанда, кеңестік дәуірдегі «Біздер партия дегенде - Ленинді мегзейміз» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Осы жағадайда да, біз «Невада-Семей» қозғалысы дегенде – Олжас Сүлейменовты мегзейміз», - деді А. Есімов.
Антиядролық қозғалыс лидері О. Сүлейменов болса, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім өте күрделі жағдайда қабылданғанын конференцияда еске алды.
«1991 жылдың тамызы біздің есімізде. ГКЧП-дан кейінгі ахуал күрделі тұғын. Кенеттен осы кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қояды. Бұл, шын мәнінде, әлі КСРО тарамай тұрып Қазақстанның тәулсіздігін паш еткен құжат болды. Мен мұны, сол оқиғалардың қатысушысы ретінде, ол кезде де, қазір де Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке батылдығы деп бағалаймын. Біздер, оның қорықпай біздің қозғалысты қолдағанына ризамыз», - деді ол, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдық мерейтойына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде.
«Мен осы үшін оған, кейбір БАҚ-тарда әр түрлі пікір айтылғанына қарамай, алғысымды білдіремін. Осы хабарларды оқи отырып, мен әр кез осы фактыны еске аламын, және ол менің санамда кейбір газеттерде Н. Назарбаев туралы барлық теріс жазылғандардан асып кетеді», - деп қосты ол.
Семей ядролық сынақ полигоны ядролық сынақ жасайтын әлемдегі ірі полигондардың бірі болған. Ең бірінші сынақ полигонда 1949 жылғы 29 тамызда жасалған болатын. Онда барлығы 468 ядролық сынақ жасалды. 1949 бен 1962 жылдар арасында онда 30 жер беті сынағы жасалды және 88 ядролық қондырғы ауада сыналды, олардың арасында бірінші термоядролық қондырғы (1953 жылы 12 тамызда) мен алғашқы сутегі бомбасы (1955 жылы 22 қарашада) бар, 6 қондырғы үлкен биіктікте, ғарышта сыналды. Жер бетіндегі сынақтан басқа полигонда 340-тан астам жерасты сынағы: тік ұңғылар мен көлбеу туннельдерде жасалды.
1991 жылы 29 тамызда полигон ҚР президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен жабылды.
Антиядролық қозғалыс тарихы 1989 жылы 25 ақпанда басталды. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер Олжас Сүлейменовтың сайлауалды сөзі жоспарланған болатын. 28 ақпанда Қазақстан жазушылар үйінің ғимаратына жүздеген адам жиналды. Осылайша жалпыхалықтық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы пайда болды.
Ол Семей ядролық полигонындағы сынаққа жаппай наразылық білдірді. 1989 жылы қозғалыс Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтатты. Тек 7 жарылыс болды, соңғысы 19-шы қазанда болды. Қарағандының 130 мың қозғалысқа қатысушы шахтерлері қарар қабылдады: егер жарылыс жалғасатын болса, мерзімсіз ереуілге шығу туралы. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен мен Жезқазған жұмысшылары қолдады. Жұмысшыларды ҚазКСР Жоғарғы кеңесі қолдады. (http://megamozg.kz/index.php?page=view_mat&id=1500&partition=other&subpartition=articles_historyworld)
Семей полигоны
Семей полигоны - КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды.КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.Мазмұны [жасыр]
1 Невада-Семей полигонының инфрақұрылымы
2 Семей ядролық полигонның алғашқы жүргізілуі
3 Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері
4 Суарылған ядролық темірмен
5 Невада - Семей
6 Сыртқы сілтемелер
Невада-Семей полигонының инфрақұрылымы
Осынау полигонның кемел инфрақұрылымы: Курчатов қаласын (Семей – 21), реакторлар кешенін, «Балапан», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаңдарды қамтиды. Семей ядролық полигонның осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Осынау сынақтар атом қаруының қиратқыш қаруын айтарлықтай арттыруға ғана емес, оның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берді.
Сурет:Semipalatinsky poligon karta.png
Семей ядролық полигоны Қазақстан картасында
Семей ядролық полигонның алғашқы жүргізілуі
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. 1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өртең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты. Таяу жерлердегі сирек ауылдарда тұратын адамдар дір ете түскен жер мен жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқап, үйлерінен қарап тұрған. Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған. Жаңадан келгендер бұл тозақты Семей ядролық сынақ полигоны ретінде белгілі № 2 оқу полигонында РДС-1 (зымырандық көрсеткіш снаряды) плутоний зарядан жер бетінде сынақтан өткізу жарылысы деп атады. Бұл КСРО-да тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Полигонда жаңа таталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері
Тұңғыш атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы титімдей түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді. Алайда жарылыстан кейін адамдар радиациядан былғанған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды.
Жарылыс толқыны көптеген үйлер терезесінің шынысын ұшырып жіберген, кейбір үйлердің қабырғалары қирады. Кейінірек сынақ алдында уақытша көшірілген адамдар полигон жанындағы туған жерлеріне қайтып орала бастағанда, олардың көбісі үйінің орнын сипап қалды, не қақырап кеткен қабырғаларды көрді. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғашқы шын да жүйелі деректер Қазақ КСР Ғылым академиясы жүргізген кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулердің нәтижесінде алынды. Зерттеулерді, ғылыми экспедицияларды профессор Б. Атшабаров басқарды. Радиацияның адамға ықпалының механизмі қазіргі кезде едәуір жақсы парықталған. Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыруға мүмкін екендігі. 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалады. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өсті. Семей полигонына жақын нақ сол аудандарда жетілуіндегі әртүрлі ауытқулар, тәндік және естік кемшіліктер әрқилы сәбилер дүниеге ерекше көп келеді. Мамангдардың айтуынша, соны бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты. Адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әрттүрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңеді.
Суарылған ядролық темірмен
Сутегілік құрылымы РДС-2 бұйымы дегеннің қуаты жағынан соған дейін болып көрмеген. Жарылысы 1953 жылғы 12 тамызда Семей ядролық полигонының төңірегін тетірентті. Оның қуаты 480 килотонна еді. Жарылыстан кейін пайда болған нарттай жанған радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 километр биіктікке көтерілді. Осы жарылыстан кейін радиусы ондаған километр болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрды. 1955 жылы 22 қарашада ТУ-16А әскери бомбалағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып, жаңадан жасалған қуаты 1,7 мегатонна болатын, термоядролық РДС-37 зарядын тастады. Бомба бір жарым километрлік биіктікте жарылды. Бұл жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының дірілі бүкіл дерлік Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршіліс аймақтарында сезілді. 1962-1989 жылдар арасында Семей полигонындағы Дегелең тауының жер астындағы шахталарында 340 жарылыс жасалды. Бұл арада жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізіліп тұрды. Осынау жарылыстың салдарынан бір көздері жартастардан құралған Дегелең тауы іс жүзінде киыршық тас үйіндісіне айналды.
Жер астындағы әрбір үшінші жарылыстан соң, жарылыс нәтижесінде пайда болған жарықтар мен саңылаулардан радиоактивті газ шығып кетіп жатты. 1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шығып жатқан. Содан пайда болған радиоактивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті.
Невада - Семей
Бір кездері ядролық полигон нақ Семей жерінде неге құрылды деген сұрақтың жауабын іздегенде сол кезде бұл өңір Кеңес Одағының адам ең аз қоныстанған, сонымен бірге негізгі коммуникация жерлерінен оншалықты қашық емес деген сөздер шыққан. Тек осы себептерден ғана құрбандыққа шалу үшін адам саны қандай болуы керек деген сұрақ туындайды. Темір жолдың екі жүз километрін үнемдеуден гөрі, жалғыз да болса, адамның өмірі арзан бағаданғаны ма? 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық». Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш ретКСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел ауағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.