Ч. Дарвиннің эволюциялық теориясы.
Ч.Дарвиннің өмірбаяны мен еңбектері. Дарвинизмнің дамуы және эволюциялық биологияның қалыптасуы.. Дарвиннің қолдан сұрыптау ілімі. Өзгергіштік түрлері.Ч.Дарвин ілімінің негізгі қағидалары.
Ч.Дарвиннің өмірбаяны мен еңбектері. Чарлз Дарвин 1809 жылы ақпанның 12-сінде дәрігер отбасында Шрюсбериде туды. Мектепте оқыған кезінде (1816—1826) ол көрнекті қабілеттілігімен ерекшеленген жоқ, алайда өсімдіктер мен жануардың, сондай-ақ әр алуан минералдардың жинақтамаларын жинауды қатты ұнатты. Дарвин мектепті бітірген соң 1826 жылы Эдинбург университетінің медицина факультетіне түсті. Екі жылдан соң әкесінің талап етуімен Кембридж университетінің дін ілімі факультетіне ауыстырылды. Онда үш жылын өткізіп, 1831 жылы бакалавр дәрежесін алды. Балғын Чарлз барынша ынталанған католик болды жөне өмір бойы ауыл дін қызметшісі дәрежесінде қалуды армандады.
Дарвиннің өз айтуы бойынша мектепте және университетте болған кезде ол «ешнәрсеге үйренбепті». Дарвин оқыған мектепте тек кана көне тіл, көне география және көне тарих оқытылған. Мұның өзінде антикалық автордың еңбектері оқытылған жоқ. Дарвиннің әкесі өз ұлының дәрігер болуын калады. Чарлздың өзіне сол кезде ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек болмағандықтан, дәрігерлікті оқуға көңілі қаламады. Наркозсыз операцияға екі рет қатысып, оның біреуінде балаға операция жасады. Дарвин бұдан соң өз өмірінде операция жасайтын белімге бас сұқпады. Ол екі университетте өзін қызықтыратын пәндер ретінде геология жөне зоологияға ынтық болды. Дарвин антомология және ботаникаға арналған негізгі еңбектерді оқыды, жинақтама үшін бунақденелілерді көп дана етіп аулап, экспедицияларға катысты. Оны аңшылык баулиды, ол атып алынған құстардың әркайсысын сипаттап жазды. Ч. Дарвин тіпті Эдинбург университетінде-ақ Ж. Б. Ламарктың теориясымен танысты, бірақ ол жас ғалымға ешкандай әсер етпеді.
Дарвин 1831 жылы табиғат зерттеушісі ретінде «Бигль» кемесімен жер шарын айналған саяхатқа кетті. Байқалған әр алуан өсімдіктер мен жануарлардың, қиырдағы аралдардың ғажайып өсімдіктер бірлестігі мен экожүйесінің молдығы, сондай-ақ экспедиция барысында табылған өліп біткен тірі ағзалардың калдықтары деректі материал болды да, Дарвин соларды талдап, акырында осы заманғы эволюциялық теорияны тұжырымдады. Дарвин бақылағандарының барлығын күнделікке жазып, ағзалар мен минералдардың жинақтамасын жасады, сапарда болған аумақтардың жаңа географиялық картасын жасауға көмектесті.
Дарвин сапардан оралған соң жер шарын айналғандығы туралы 1839 жылы жарық керген ерекше баяндамамен, «ізденіс күнделігімен және «Саяхаттар зоологиясы» аталған бес томдық монографиямен жұмыс істеді
Кейінірек үш еңбек: «Түрлердің шығу тегі...» (1859), «Жануарлардың және мәдени өсімдіктердің өзгеруі» (1868) жөне «Адамның шығу тегі жөне жыныстық сұрыпталу» (1871) бірегей эволюциялық теорияға біріктіріле бастады. Әділдігін айтқанда эволюциялық теория Дарвиннің жалғыз ғана ғылыми еңбегі еместігін атап айтқан жөн. Ол өзінің елу жылға жуық еңбек жолында мыңға жуық ғылыми жарияланымдардың, шағын көлемді мақалалар мен көлемді монографиялардың авторы.
Дарвинизмнің дамуы және эволюциялық биологияның қалыптасуы. Чарлз Дарвиннің эволюциялық теориясының дүниеге келуі мен одан әрі дамуы биология ғылымының барлық салаларындағы келесі табыстарды қамтамасыз ететін заңды құбылыс болып табылады. Дарвиннің эволюциялық теориясы дүниеге келгеннен кейін эволюциялық ұстаным биологияға берік енді. Сол кезден бастап барлық табиғи құбылыстар эволюциялық заңдылықтарды есепке алып зерттелетін болды. Ч. Дарвиннің орасан зор еңбегі оның көбінесе «факторлар», «тетіктер» немесе «қозғаушы күш» деп аталатын эволюция себептерін ұсынып, дәлелдеуінде. Дарвиннің пікірі бойынша тіршілік үшін күрес, өзгергіштік және табиғи сұрыпталу эволюцияның негізгі факторлары болып табылады. Сондықтан Дарвиннің теориясын «табиғи сұрыпталу теориясы» деп жиі атайды. 1859 жылғы эволюциялық теория өзгеріссіз калды деп ойламау керек. Ол келесі ұрпақ ғалымдарының еңбектері нәтижесінде өте көп толықтыруларды бастан кешті. Бірак соған карамастан, оны бұрынғысынша Дарвиннің теориясы немесе «дарвинизм» деп атайды. «Бигель» кемесімен саяхаттан Англияға қайтып оралғаннан кейін Дарвин түрлердің шығу тегі мәселесін түсінуге дәлел болатындай үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердің, сондай-ақ табиғи жағдайдағы өсімдіктер мен жануарлардың өзгерістеріне қатысы бар деректерді жинай береді. Түрлердің шығу тегі жайындағы теориясын қүрудағы еңбегін тэжірибелі бағбандармен және мал шаруашылығындағы адамдармен сөйлесе жүріп, мәдени өсімдіктер мен үй жануарларының өзгергіштігі жайлы көптеген материалдармен толықтыра түсті. Қолдан сұрыптау тәжірибесін талдай келе, органикалық түрлердің шын мэнінде өзгеріп отыратынын көрсетіп, оны « адамның пайдалы тұқымдарды шығаруы - табыстың көзі» деп түсіндіреді. Қолдан сұрыптауды баяндау арқылы органикалық дүниенің эволюциясын түсіндіруді алдына мақсат етіп қоя білді.
Мәдени түрлердің шығу тегі. Дарвин заманында үй жануарлары мен өсімдіктер жабайы түрден шыққаны белгілі болатын. Себебі, жабайы және үй жануарлары арасындағы ұқсастық адамдарды таң қалдырмайтын. Дарвин жабайы жануарлардың қолға үйретілуін, жабайы өсімдіктердің қолда егіле бастауын терең зерттей отырып, доместикация ілімінің негізін қалады. Доместикация немесе жануарларды қолға үйрету кезінде жабайы түрлер тек қолға үйретіліп қана қоймай адамзат қалауымен көптеген өзгерістерге де ұшырайды. Дарвин ол өзгерістер ішіндегі екі ерекшелікке тоқталады. Біріншіден, үй тауықтары, сиырлар немесе бір бақшада өсірілген орамжапырақ, қарбыз болсын бәрі біркелкі болмайды. Олардың ішінен көзге көрінетін де, байқала бермейтін де өзгерістері бар дараларды кездестіруге болады. ХІХ ғасырдың ортасында қара малдың бір-екі түрінен шыққан бірнеше жүз тұқымы, иттердің бірнеше түрден шыққан жүзден астам тұқымы болды. Екіншіден, бір тұқымға жататын жануарлардың өзі бір-бірінен де, тегінен де өзгешіліктері көп болады.
Қолдан сұрыптау ілімі. Қазіргі үй жануарларының барлық тұқымдары және мәдени өсімдіктердің барлық іріктемелері адам баласының творчестволық іс-әрекеттерімен, қолдан сұрыптау әдісін қолдануының нәтижесінде пайда болды. Дарвин өз еңбегінде қолдан сұрыптаудың екі түрін көрсетеді. 1. Санасыз сұрыптау – алдына мақсат қоймай, еш жоспарсыз тек жануарлардың етті немесе сүтті, өсімдіктердің жақсы өсіп, мол өнім беретін дараларын сақтап қалу мақсатында адамзат тарихында мыңдаған жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан әрекеті. 2.Әдістемелік сұрыптау – сұрыптаушы алдына пайдалы бегілері мен қасиеттері бар тұқым және іріктеме шығаруды мақсат етіп қойып, сұрыптауға тиімді әдістерді қолдана отырып, көздеген нәтижеге жетуі. Мұнда ол бір тұқымдардың ұнаған пайдалы белгілерін жетілдіретін болса, сол түрге жататын басқа тұқымдарға басқа талап қояды. Нәтижесінде белгілердің дивергенциясына әкеліп соғады.
Өзгергіштік және оның түрлері. Мәдени формалар эволюциясының факторлары.Дарвин теориясының негізгі қағидасы – адамның мәдени түрге айналдырған өсімдіктері мен жануарларының елеулі өзгеріске ұшырады деп тануы еді. Мұны жер шарының әр жерінде шығарған үй жануарлары мен құстардың көптеген тұқымдарымен, өсімдік іріктемелерінен көруге болатын еді. Жануарлар мен өсімдіктердің қай түрін алсақ та әрбір дара бір – біріне ұқсамайды. Жануарлар мен өсімдіктердің өзгергіштіктері жайындағы нақтылы материалдарын талдай келіп, Дарвин тіршілік жағдайындағы өзгерістердің қандайы болса да ағзада өзгеріс туғызады, және де әсер етуші факторлар әр түрлі ағзаға түрліше әсер етеді деген қортындыға келді. Бұл өзгерістер кейде көмескі түрде болады, кейде айқын көрінетіндей болады. Осыған орай өзгергіштікті: айқын (топтық) және айқын емес (жеке) деп екіге бөлді. Айқын немесе топтық өзгергіштікте белгілі жануар тұқымының немесе өсімдік іріктемелерінің даралары белгілі бір себептің әсерімен біркелкі өзгереді
Коррелятивтік немесе арақатынастық өзгергіштік дегеніміз – белгілі бір мүшенің өзгеруімен байланысты басқа мүшелердің өзгеруі.
Компенсациялық өзгергіштікдегеніміз – бір мүшелердің және олардың қызметтерінің дамуы басқа бір мүшелердің дамуы мен қызметін тежеп, олардың жетілмей қалуына немесе редукциялануына себеп болады
Табиғаттағы түрлердің өзгергіштігі.Үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердегідей анық көріністі болмаса да , табиғи жағдайларда тіршілік ететін ағзаларда да елеулі өзгергіштік белгілері болатыны белгілі. Тірі ағзалардың кез келген ұрпағындағы дарасында басқа дараларынан біраз айырмасы болады. Осы жеке айырмашылықтардың өте үлкен мәні бар, өйткені олар көбіне тұқым қуалайды және бұл келесі ұрпақтарда бірте-бірте жинақталып қорлана түседі. Екінші жағынан, түр көлемінде ағзалардың әр түрлі морфологиялық оқшау топтары жиі пайда болып отырады. Дарвин ондай топтардағы даралардың жиынтығын «түршелер» деп атады. Ағзалардың табиғаттағы өзгергіштігі түрдің таралу көлеміне байланысты, кең таралған түрлерде түршелер де мол болады. Түрлердің әр түрлі физикалық және биологиялық жағдайларда мекендеуіне байланысты, олардағы топ аралық өзгергіштігі де айқындала түседі. Бұндай әрекеттер ұзақ уақыт аралығында жүретіндіктен, өзгерген белгілер тұқым қуалайтын болады. Яғни, сыртқы орта жағдайына бейімделе отырып қалыптасқан белгілер міндетті түрде тұқым қуалаудың нәтижесінде ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Тұқым қуалаушылық теориясы. Дарвин мәдени түрлер мен табиғи түрлер пайда болу әрекеттерінің тарихи даму нәтижесі екендігіне көзі жеткен соң, ол әрекеттің бір екендігін дәлелдеуге кіріседі. Үй жануарларының тұқымдарын зерттеу, оларды қолда асырай бастағаннан бері едәуір ірілене бастағанын және бұл өзгерістер ұзақ уақыт бойы тұқым қуалай алатындығын көрсетті. Егер тіршілік жағдайлары сол қалпында сақталып отырса, бірнеше ұрпақтар бойы тұқым қуалап келе жатқан өзгерістер, олардың келешек ұрпақтарына шексіз беріле беретіндігі Дарвин жұмыстарынан белгілі болды. Қолға үйретудегі әрекеттер табиғи жағдайда да өздігінен сыртқы орта жағдайының әсерінен жүріп отыратынын ғалым негізгі еңбегінде көрсеткен болатын. Тұқым қуалаушылық, ағзаның өзгергіштік қабілеті сияқты, барлық ағзаға тән қасиет. Бұл, ата-тегінің белгілері ұрпақтан ұрпаққа берілу және сақталу қасиеті болып табылады. Тұқым қуалаушылық жынысты және вегетативтік көбеюде де жүреді. Дарвин тұқым қуалауды басқарып тұрған қандай заңдылық екендігіне аса назар аударып, «пангенезис» (шығу тегінің жалпыға бірдейлігі) теориясын жете тексерді. Ол теория бойынша ағзаның тұқым қуалайтын белгілерінің әрқайсысы белгілі заттық ең кіші бөлшекке – «геммулаға» сәйкес келеді. Ағза жасушалары жеке даму барысында қайтадан иелене алатын геммулалар бөліп шығарады. Бұрынғылары сияқты қайтадан иеленген бұл геммулалар ұрықтық жасушаларға беріледі де, олар бөлінген кезде еншілес жасушаларға беріледі, деп дұрыс түсндіре алмады. Дарвин өзінің осы жорамалының дұрыс еместігін көрсете отырып, тұқымқуалаушылық пен өзгергіштікті терең зерттеу қажеттілігін өз еңбектерінде бірнеше рет айтады.
Тіршілік үшін күрес.Ағзалардың мақсатқа сәйкес бейімділіктері қалай пайда болатынын түсіндіру Дарвин теориясында жақсы айтылған. Тірі ағзалардың геометриялық прогрессия бойынша көбейіп отыратыны белгілі еді. Бұл заңдылық бойынша әрбір түрде даралар санын шексіз көбейтіп отыру мүмкіндігі бар. Бірақ, табиғатта бір түрдің өте көп көбеуі байқалмайды. Бұлардың шексіз көбейюіне «тіршілік үшін күрес» бөгеу болады. Тіршілік үшін күреске ағзалардың жеке қоршаған ортасының өлі және тірі табиғатымен қарым–қатынасын жатқызады. Ағзалар арасындағы қатынасты түр ішілік және түр аралық деп бөлді. Себебі ағзалардың көп ұрпақ қалдыруынан, табиғаттағы тіршілік ресурстары жеткіліксіз болады. Тіршілік үшін күрес сұрыпталу әрекетіндегі өзгеріс туғызатын негізгі фактор болып табылады.
Бейімділік пен табиғи сұрыпталу. Тірі ағза өкілдерінің қасиеттері әртүрлі болғандықтан қоршаған ортаға тәуелділігі де әртүрлі. Көптеген ағзалардың қоршаған ортаға бейім ерекшеліктері болады. Яғни, ағзалардың тіршілік қабілеттері де әртүрлі. Тіршілікке бейімділігі бар ағзалар тіршілік үшін күресте аман қалып, арттарынан ұрпақ қалдырып отырады. Сыртқы орта жағдайына және тіршілік үшін күресте бейімделе алмаған ағзалар азайып, біртіндеп жойылып кетеді. Ағзалардың тіршілік үшін күресін табиғи сұрыпталу деп атайды. Сұрыпталу әрекеті кезінде органикалық ағзалар жеке даму сатысында жетіле түседі. Сұрыпталу кезеңінде пайда болған бейімділік белгілері тірі ағза үшін белгілі жағдайларда ғана тиімді, қалған уақытта бейімделу табиғатта салыстырмалы сипатта болады. Дарвин ағзалардың белгілі жағдайда пайда болған бейімділігінің кенеттен жағдай өзгерген кезде маңызын жоғалтатынын айта келіп, оны органикалық тиімділіктің салыстырмалығы деп көрсетеді. Түр түзілу. Түр дараларының сұрыпталу әрекеті нәтижесінде сыртқы орта жағдайларына бейімделу негізінде өзгеретінін дәлелдей отырып, Ч.Дарвин өзінің монофилия және дивергенция принциптерін жазды. Монофилия дегеніміз түрлердің бәріне ортақ бір тектен пайда болуы. Бір форманың екі не одан да көп жаңа формаларға ажырауы. Дивергенция арқылы түрлер түзілуін Дарвин туыстас түрлердің бірдей қорек және бірдей тіршілік ортасына бәселекестік арқылы түсіндірді. Жаңа пайда болған түрлердің арасы аралық формалардың тіршілік үшін күресте жеңіліске ұшырап жойылып кетуіне байланысты алшақтай түседі. Монофилия мен дидергенция принципін эволюция идеясымен біріктіре отырып, филогенетикалық шежіре жасауға негіз қалады.
Ч.Дарвиннен кейінгі дәуірде эволюция ілімінің дамуы.
Эволюциялық полеонтолгияның және морфологияның, биогенетикалық заңның, үштік параллельдік принциптің дамуы. Эколгиялық зерттеулер. Экология-физиологиялық зерттеулер.Экология-палеонтологиялық зерттеулер. Тұқым қуалаушылықты эксперимент арқылы зерттеу.
Эволюциялық полеонтолгияның және морфологияның, биогенетикалық заңның, үштік параллельдік принциптің дамуы. Эволюция ілімінің басты мәселесі Дарвин сияқты ғылымды эволюциялық деректермен толықтыру болды. Палеонтологиялық жаңалықтар эволюция эрекетінің тура дэлэлі болып табылады. Олар токсондардың филогенетикалық туыстығын көрсетеді. Ондай дәлелдердің бірі алғашқы қазба жұмыстары арқылы табылған құс археоптрикс - ғаламат жаңалық болып табылды. Ол бауырмен жорғалаушылар мен құстардың арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Бұдан кейін бор қыртысының үстінен табылған бастапқы құс пен қазіргі құстардың арасын жалғастыратын ихтиорнис табылды. Жер қыртыстарының қабаттарынан табылған былқылдақденелілердің филогенетикалық қатары - түрлер өзгерісінің сабақтастығын көрсетті. XIX ғасырдың 70-80 жылдары палеонтологтар аммониттердің, теңіз кіркілерінің, жылқылардың, пілдің, киттің эволюциялық филогенетикалық қатарлары табылды. Палеонтологиялық жаңалықтардың ең бастысы Ява аралынан табылған маймыл тектес адам питекантроптың қаңқасының табылуы еді. Палеонтологияның аса көрнекті жетістіктерінің бірі орыс ғалымы В.Ковалевскийдің жылқы тұқымдастарының эволюциялық даму қатарларын табуы болды. Ол палеонтологиялық мәліметтерді табиғи сұрыптау ілімімен байланыстыруға талпыныс жасаған еді.
Дарвинге дейін табиғи систематика жасау табысты аяқталмаған еді. Дарвин «табиғи систематика геологияға немесе таксондардың эволюциялық туыстығына негізделуі керек» деп жазды. Бұл мәселені шешу үшін Геккель көпшілік мақүлдаған үштік параллелизм әдісімен салыстырмалы морфология, эмбриология және палеонтологиялық деректерді салыстыра отырып, түрлерді систематикалық жүйеге орналастырды. А.Ковалевскидің асцидияны зертеулеріне байланысты неміс ғалымдары Ф.Мюллер мен Э.Геккель (1866) өздерінің биогенетикалық заңын ашып, онда: эрбір дара өзінің жеке дамуы барысында (онтогенезде) сол түрдің тарихи дамуын (филогенезді) қысқаша қайталайды деп көрсете отырп, олардың өзара туыстық қатынасын анықтауға мүмкіндік берді. Осындай деректермен филогенетикалық зерттеулер эволюцияны түпкілікті дәлелдеп берді.
Экологиялық зертеулер. Эволюция ілімі дамуында филогенетикалық зерттеулер қаншалықты маңызды болғанымен, олар тек эволюцияны дәлелдеуден ары бара алмайды. Ол зерттеулер Дарвин ілімінің ең басты қағидасы- табиғи сұрыптауды көрсете алмайды. Бұл бағытта бейімделудің табиғи сұрыптау нәтижесі екенін көрсететін зерттеулердің маңызы болды. Бұл міндеттер дарвинизм негізінде калыптаса бастаған жаңа ғылым саласы- эволюциялық экологияға негіз болды. Экологиялық бағыттың өзі экологиялық морфологияға, экологиялық физиологияға және экологиялық палеонтологияға бөлінеді. Ағылшын энтомологы Г.Бэтсон алғаш тропикалық көбелектердегі мимикрия құбылысын бакылады. Дарвин Г.Бэтсонның еңбектеріндегі қорғаныштық бейімділіктерді табиғи сұрыпталудың творчестволық рөлінің дәлелі ретінде қарап5 өте жоғары бағалады. Бэтсон бастаған жұмыстарды әрі қарай ағылшын ғалымы А.Уоллес, неміс ғалымдары Ф.Мюллер мен Г.Вейсмандар қарапайым қорғаныштық бейімділіктерді зерттеу арқылы одан әрі жалғастырды. Мұндай бейімділікке бүркеніш және сақтандырғыш түр-түстер, сауытты жабын, инелер, тікенектер сияқты сүйектен, мүйізден, хитиннен пайда болған қорғаныс қүрылымдардың пайда болуын жатқызуға болады.
Бастапқы эколог-дарвинистердің жасаған маңызды тұжырымы морфологиялық бейімдеушіліктердің тек баяу, біртіндеп болатындығын көрсетуі болды.
Экология-физиологиялық зерттеулер.Бұл бағыттың негізін қалаушылардың бірі Тимирязев болды. Ол Дарвин ілімін физиологиялық бейімдеушілерді зерттеудің бастапқы әдістемелік негізі деп есептеді. Тимирязевтің өсімдіктер жапырағының неліктен жасыл болатынын зерттеуіне дарвиндік бағытты үстауы себеп болды. Ол эксперимент түрінде фотосинтез бен өсімдік жапырағының түстері арасындағы байланыстың бар екенін дәлелдеді. Оны бүкіл планета үшін маңызды бейімделік -табиғи сұрыптау арқасында пайда болған, деп есептеді.
Экология-палеонтологиялық зерттеулер.Жоғарыда айтылған дарвиннен кейінгі палеонтологиялық зерттеулер эволюция принциптерінің нығая түсуіне айтарлықтай үлесін қосты. Палеонтологиялық мәліметтерді табиғи сұрыптау ілімімен байланыстыруға талпыныс жасаған Владимир Ковалевский болды. Демек, бейімдеушілік зерттеуде экология-палеонтологиялық бағыттың негізін салушы осы Ковалевский болып табылады.
Сонымен эволюция теориясының алғашқы даму кезеңінде мына екі бағытта жетістіктерге қол жетті. Біріншіден, эволюциялық биологияны-палеонтология, морфология, физиология, эмбриология салаларында жинақталған материалдарға сүйеніп эволюция принципі тыңғылықты дәлелденді. Екіншіден, эволюция әрекетінің бейімделу бағытында жүретіні анықталды. Бейімділік қалыптасуында сұрыптаудың рөлін зерттеу қарастырыла бастады. Эволюция теориясының нығаюында бұл зерттеулердің маңызы қаншама бағалы десекте, оның бәрі дарвиндік эволюция концепциясының дұрыстығын жанама түрде дәлелдеуден аса алған жоқ.
Тұқым қуалаушылықты эксперимент арқылы зерттеу. ХІХ ғасырдың соңына дейін эволюцияның қозғаушы күштерінің проблемалары көбіне логикалық тұжырымға негізделеді. Енді оны эксперимент түрінде зерттеулер басталды. Бұған дейін неше түрлі гипотезалар болғанды. Мутациялық өзгергіштік анықталды. Оның эволюция процесіндегі ролі айқындала бастады. Мысалы, С.И.Коржинский түрлердің пайда болу жолдарын зерттеді. Оның эксперименттері нәтижесінде өсімдіктер түрлерінің өзгергіштігі туралы көптеген материалдар жинады. Коржинский мәдени өсімдіктер өзгергіштігін зерттеді. Ол бірнеше өзгергіштік ерекшеліктеріне назар аударды:
1. Өзгерістер әр түрлі белгілерді қамтиды;
2. Белгілердің барлық өзгерістері тұқым қуалайды;
3. Тұқым қуалайтын өзгергіштіктер пайдалы да, зиянды да, бейтарап та болуы мүмкін,
4. Өзгерістер бірден пайда болады.
Дәл осындай өзгерістерді голландық ботаник Г. Де-Фриз де байқады. Энотера өсімдігін өсіріп, олардың ұрпақтарында 0,5% өсімдіктердің ерекшеліктері түрлері бар екенін анықтаған (сабақтың ұзындығы, жапырақтар түсі, пішіні). Бұл өзгерістерді Г. Де-Фриз мутациялар деп атады. Мутациялар ұрпақтарға тұрақты беріледі. Кейін «мутация» түсінігі биологияға сіңіп кетті. Сонымен Коржинский, Г.Де-Фриз жұмыстары табиғи сұрыптау жұмыстарына генетикалық негіз жасады.
Табиғи сұрыптауды алғашқы экспериментальды жолмен зерттеу жүргізілді:
-бунақденелілердің қорғаныш реңдерінің эволюция себептерін энтемолог Е. Паультон дәлелдедеген қалақай көбелегінің әр түрлі түстеріне қойылған экспериментті айтуға болады (көбелек қуыршақтарын қалақайға салғанда аман қалып, басқа өсімдіктерге салғанда олардың көбін құстар тауып жеп қойған);
-А. Чеснола, дәуіттердің жасыл, қоңыр түсті болу себептерін анықтады;
-К. Суннертон бунақденелілердің сұрыптаушылары құстар екенін анықтады.
Ғалымдар эволюцияның нәтижесінде адаптация әсерінен неше түрлі өсімдіктер бейімдеушілігін дәлелдеді.
Эволюциялық биологиядағы үш ағым.XIX ғасырдың 60-шы жылдарында дарвинизмді жақтаушылардың өзі ажыраса бастады. Көбісі классикалық дарвинизмді қолдаса, бірқатары ламарко - дарвинизмді қолдады. Артынан неодарвинизм деген тағы бір ағым пайда болды.