Бап. Тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Тамақ өнімдерін сақтауға Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс арнайы жабдықталған үй-жайларда, ғимараттарда жол беріледі.
3. Тамақ өнімдерін тасымалдау үшін арнайы осындай мақсаттарға арналған және (немесе) жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады.
4. Егер тамақ өнімдерін сақтау және (немесе) тасымалдау кезінде олардың қауіпті сипатқа ие болуына алып келген жөнсіздікке жол берілген жағдайда, олар тиісті сараптамаға жіберіліп, оның нәтижелері бойынша кәдеге жаратылады немесе жойылады.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 № 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бап. Тамақ өнімдерін өткізу кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Тамақ өнімдерін өткізуге Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін ішкі сауда объектілерінде ғана жол беріледі.
2. Егер тамақ өнімдерін өткізу кезінде олардың қауіпті сипат алуына әкелген жөнсіздікке жол берілсе, оларды өткізуге болмайды және тиісті сараптамаға жіберіліп, оның нәтижелері бойынша кәдеге жаратылады немесе жойылады.
3. Әкелінетін елдің заңнамасында, стандарттарында өзгеше талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасынан әкетілетін (экспортталатын) тамақ өнімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі куәландырылған құжаттары жоқ тамақ өнімдерін өткізуге тыйым салынады.
Бап. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (импортталатын) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (импортталатын) тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының аумағына:
1) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға олардың сәйкестігі куәландырылған құжаттары жоқ;
2) осы Заңның 9-бабында белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген тамақ өнімдерінің әкелінуіне (импортталуына) тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде тамақ өнімдерін қарап-тексеруді, оның тауарға ілеспе құжаттарын тексеруді жүргізеді .
Егер Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін (импортталатын) тамақ өнімдері осы Заңның 12-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған лауазымды тұлғалар оларды әкелуді (импорттауды) уақытша тоқтата тұру және тиісті сараптамаға жіберу туралы шешім қабылдайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге (импорттауға) тыйым салады.
4. Субъект тиісті сараптама нәтижелері бойынша қауіпті деп танылған тамақ өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан үш күн ішінде тысқары әкетуге міндетті.
Егер қауіпті тамақ өнімдері осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылмаса, олар Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасына сәйкес кәдеге жаратылады немесе жойылады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Бап. Қауіпті тамақ өнімдерін өндірудің (дайындаудың), айналымының немесе кәдеге жаратудың бір немесе бірнеше процестерін (сатыларын) тоқтатуға қойылатын талаптар
1. Субъект тамақ өнімдерінің осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздігі анықталған кезден бастап немесе уәкілетті органның нұсқамасы негізінде қауіпті тамақ өнімдерін өндірудің (дайындаудың), айналымының немесе кәдеге жаратудың бір немесе бірнеше процестерін (сатыларын) тоқтатуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қолданбау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.