Беріңдер, сонда сендерге де беріледі

ІІ-шарт: «Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып- төгілген мөлшерде салып беріледі. Қандай өлшемді қолдансаңдар, Құдай сендерге де сонымен өлшеп береді».

Лк 6:38.

Құдай Патшалығының қамы үшін «Беріңдер, сонда сендерге де беріледі» - деп тұр. Мұнда бізге нақты не нәрсенің берілуі керектігі жайында айтылмайды, өзіңдегі барыңды бер, - деп тұр.

Құдай Патшалығының қамы үшін бергеніміздің бәрін де құрбандық деп атайды. Немесе құрбандық дегеніміз – сенім негізінде жасалған қадам. Адам құрбандық жасағанда өзіндегі бар бір маңызды нәрсесін алып, Құдайға және өзінің болашағына себеді.

Мендегі бар ең маңызды нәрсе – ол менің өзім, сендегі бар ең маңызды нәрсе – ол сенің өзіңсің.

«Бастарынан өтіп жатқан ауыртпалықтар арқылы сенімдері қатты сыналғанмен, олардың (Иемізге деген) қуаныштары шексіз болды. Осылайша ағыл-тегіл мол беріп, өздерінің тақыр кедейліктеріне қарамастан жомарттық көрсетті. Қолдарынан келгенше, тіпті мүмкіндіктерінен де

артық, кең пейілділік танытқандарына мен куәмін: өз жүрек қалауларымен бізден өтініп, өздері де Құдайдың халқына көмек жіберіп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалына сұрады. Бұл күткенімізден де артық болды! Олар өздерін алдымен Иемізге бағыштап (беріп), сондай-ақ Құдайдың еркімен бізге беріле көмектесті». 2 Қор 8:2-5.

Демек, біз Құдайға ең алдымен өзімізді ешқандай қалдықсыз, толығымен беруге тиіспіз. Бұл Құдай жолына жасаған ең үлкен құрбандығымыз болып есептеледі.

Дұға жасағанда: «О, Киелі Рух! Мен бүгін Иса Мәсіх үшін өмір сүргім келеді. Сондықтан ақыл-ойымды, ерік-жігерімді, сезімдерімді, еріндерімді, аузымды, құлақтарымды, көздерімді, аяқ-қолдарымды Саған бердім. Құдайдың даңқы үшін қолданшы!

Тәңірім Иса! Мен өмірімді, санамды, жүрегімді, арманымды, сезімдерімді, ойларымды, барлығын толығымен Саған бердім. Рухымды, жанымды және тәнімді саған сеніп тапсырдым. Маған не істегің келсе, соны істе! – деп өзіңізді толығымен Құдайға беріңіз!

Өзімнен кейінгі Құдайға бере алатын нәрсем – ол мал, астық, әртүрлі зат, киім-кешек, ыдыс-аяқ, ақша, т.б. болуы мүмкін. Ақшамды, малымды, т.б. заттарымды Құдай жолына беру біздің әділдігімізді бекітіп аяқтайды.

Киелі Жазбада: «Мұқтаждарға жомарттықпен сый тартулар үлестірді. Оның әділдігі мәңгілік» делінген. Мына жағдайға ерекше назар аударуға тиістіміз. Құдай сөзінде: Құдай ісіне арнап себілген құрбандығымыз қанша мөлшерде болса (айталық мың теңге), сол мөлшерде өздеріне қайтады демепті. Керісінше: «шайқап, нығыздап, толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып береді» - депті. Яғни, біздің қайтып алатын ақшамыздың мөлшері берген ақшамыздың мөлшерінен әлдеқайда көп болатынын көрсетеді.

Бар ғалам Тәңір Иеміздің меншігі. Бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттердегі барлық байлық та, барлық ақша да Оныкі. Олай болса, біздің берген болмашы қаражатымыз Құдайға не үшін қажет?

1. Құдай біздің жасаған құрбандығымыз арқылы сенімімізді сынайды. (Ыбырайым тіпті жалғыз Ұлы Ысқақты да құрбандыққа қиды).

2. Өзінің берген байлығы арқылы біздің әрқилы игі істерді жасағанымызды қалайды.

«Ал сендерді бүкіл игілікке молынан кенелтуге Құдайдың құдіреті жетеді! Сонда әрдайым, қандай жағдайда да қажеттеріңнің бәрімен қамтамасыз етіліп, әрқилы игі істерді молынан жасай аласыңдар».

2 Қор 9:8.

«... Қандай өлшемді қолдансаңдар, Құдай сендерге де сонымен өлшеп береді». Яғни, біз килограммен өлшеп берсек, бізге килограммен өлшеп береді. Сондай-ақ метрмен, теңгемен, доллармен т.с.с. өлшеп берсек, өлшеп береді.

Құдай ісіне берген құрбандығымыздан келетін пайда сол, біз қашанда жаңадан өнім жинау қарсаңында тұрамыз. Біздің өнім жинау мүмкіндігіміз табиғат құбылыстарына (жаз, қыс) тәуелсіз болады. Кез келген сәтте жинай береміз.

Жинаған өнімнен Құдайға тиістісін Құдайға беріңіз, өзіңіздің қажетіңізді бәрін толық қамтамасыз етіп, байып, әртүрлі игі істерді молынан жасаңыз.

Біздің өмірімізде осы процесс үнемі қайталанып жүріп отыруы тиіс.

Біздің өміріміз толығымен Құдайға бағышталған болғандықтан, біздегі бардың бәрі: малдарымыз, дүние-мүлкіміз, ақшамыз, барлығы Құдайдың бақылауында болуы тиіс.

Қорытынды: Құдай Патшалығының қамы үшін берсек, сонда біздерге де беріледі.

Ондық беру Заңы

ІІІ-шарт. «Және жер бетіндегі топырақтан өнген тұқымның және ағаш жемістерінің кез келген оннан бір бөлігі Жаратушыға тиесілі. Бұл Жаратушының киелі дүниесі». Лев 27:30.

Яғни, ондық - Жаратушы Иенің киелі дүниесі.

«Мен Жаратушы Иемін, Мен өзгермеймін; Жақыптың ұлдары сендердің тірі қалғандарың содан. Әкелеріңнің заманынан бері сендер Менің Заңымнан айныдыңдар, оны орындамайтын болдыңдар. Маған жүгініңдер,

сонда мен де сендерге жүгінемін» – дейді Жаратушы Ие Саваоф. «Қалай жүгінеміз?» - дейсіңдер ме? Адамның Құдайды тонауы мүмкін бе? Ал сендер Мені тонайсыңдар. «Сені қалай Тонаймыз?» дейсіңдер ме? Ондықпен және садақамен тонайсыңдар. Сендерге қарғыс тиген, себебі бүкіл халық болып Мені тонайсыңдар. Ондықтарыңның бәрін қойма үйіне әкеліп тұрыңдар, Менің үйімде азық болсын, ең болмаса мені осымен сынаңдар, - дейді Жаратушы Ие Саваоф. Сонда Мен сендер үшін аспанның тесігін ашып, төбелеріңнен жеткенше игілік төкпес пе екенмін? Мен сендердің жердегі ризықтарыңды жалмағыштарға тыйым саламын, сонда даладағы жүзімдеріңнің сабағынан (жүзім) жемісі кетпейд,-дейді Жаратушы Ие Саваоф. Сөйтіп, күллі халықтар сендерді ырысты деп айтады, өйткені Жердің жаннаты сендерде болады, - дейді Жаратушы Ие

Саваоф». Мал 3:6-12.

Адамға жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! – деді. Себебі, ол ағаш Құдайдың киелі меншігі еді. Өздеріңізге белгілі сол ағаштың жемісін жеген сәтте Адамға қарғыс келді. Дәл солай ондықты өзіміздің мұқтажымызға жұмсап қойсақ, Құдайдың киелісін ұрлаған болып қаламыз. Сол сәтте өмірімізге қарғыс келеді. Қарғыспен бірге әртүрлі проблемалар, қайғы-қасірет, ауру-сырқау, жетіспеушілік, сәтсіздік бірге келеді.

Ал ондығымызды үнемі ұқыпты беріп тұрсақ, онда Құдай аспанымыздың тесігін ашып, төбемізден жеткенінше игілігін төгеді. Және біздің жердегі ризықтарымызды жалмағыштарға тыйым салады. (Жалмағыштар: әртүрлі жыртқыш аңдар, кеміргіштер, аурухана, дәріханалар, әртүрлі апаттар, әртүрлі тосын шығындар т.б.). Біздерді ырыстылар қатарына көтеріп, жердің жаннатын бізге сыйлайды.

Біздің қоғамдық өмірімізде де әртүрлі заңдар бар. Біздің ол заңдарды білген, білмегенімізге тәуелсіз ол заңдар әсер етіп тұра береді.

Айталық, бағдаршам біздің білгенімізге, білмегенімізге тәуелсіз жанып-өшіп, көшедегі жүріс тәртібін реттеп тұра береді. Егер де біз бағдаршамның реттеу заңдылығын білмесек, онда апатқа душар боламыз.

Сол сияқты Құдайдың заңдары да біздің білген, білмегенімізге тәуелсіз әсер етіп тұра береді. Құдай: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» - дейді. Осы өсиетті мүлдем білмегендіктен, мен бауырласымды жек көрсем, онда ауыр күнәға душар боламын.

«Бауырласын жек көруші әркім – кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ».

1 Жх 3:15.

Білмегендіктен жек көрсе, ештеңе етпейді, – деген сөз жоқ. Сондықтан, біздің басымызға түсетін әртүрлі ауру-сырқау, қайғы-қасіреттің, проблемалардың барлығы дерлік өзіміздің білместігімізден келеді.

Құдай үйіне апаратын ондығымыздың Құдайдың киелі меншігі екенін білмей, өзіміздің мұқтажымызға жұмсап жіберсек, онда біздерге қарғыс тиеді.

«Сендерге қарғыс тиген». Мал 3:8.

Бұл аятта ондықты жұмсасаң қарғыс тиеді демейді. «Сендерге қарғыс тиген», - яғни, жұмсаған сәтте-ақ қарғыс тиіп қойған деп тұр. Бұл біздер үшін өте қауіпті.

Бір бауырымыз ондығымды «Киелі Кітаптық семинарияда» оқып жүрген қызымның мұқтажына жұмсасам бола ма? – деді.

Мен Малахияның кітабының 3:6-12 аяттарын оқып шығуын өтіндім. Ол оқып шыққаннан кейін де өзінің ойын айтып, дәлелдер келтіре бастады. Мен: «Әскерде бұйрық талқыланбайды, орындалады» - деген заң бар, сол сияқты Құдайдың әрбір заңы да талқыланбайды. Құдайдың заңы орындалады, - дедім. Ол өзінің ойын қайтадан дәлелдей бастады. Мен: бауырым, Құдайдың заңын еш уақытта талқыламаймын. Мен тек қана орындай беремін, орындай беремін. Сен енді өзің біл, - деп тұрып кеттім.

Осылай заңды біле тұрып та бұзушылықтар жасау кездеседі. Құдайдың заңын біліп бұзсақ та, білмей бұзсақ та күнәкәр болатынымыз күмәнсіз.

Қорытынды: Құдайдың Заңын біліп бұзсақ та, білмей бұзсақ та бізге «қарғыс» келеді. Қарғыспен бірге барлық қайғы-қасірет келеді. Сондықтан, Құдайдың киелі меншігі «ондыққа» еш уақытта қол сұғуға болмайды. Ондықты ұқыпты берсек, аспанымыздың тесігі ашылып, төбемізден игілік молынан төгіледі.

Наши рекомендации