Даймен бірге еңбектенушіміз

Дәнді сеуіп, одан мол өнім жинау процесінде біздің атқаратын ісіміз қайсы, Құдайдың атқаратын ісі қайсы, осы міндеттерімізді нақты білуге тиіспіз.

«Мен жүректеріңе сенімнің «тұқымын ектім», ал Аполлос көбірек тәлім беріп «суарды». Бірақ оны өсірген біз емес, Құдай».

1 Қор 3:6.

Әрине, күмәнсіз өсіруші - Құдай. Бірақ мол өнім алу үшін біздің де сіңірген еңбектеріміз болуы тиіс қой.

«Сонымен, біз Құдаймен бірге еңбектенушіміз ... ». 1 Қор 3:9.

Егінді өсіруші бір Құдай, дегенмен біз де суарып, тыңайтқыш беріп, қопсытып, баптаумен айналысудамыз. Олай болса, біздер Құдаймен серіктеспіз (бизнестегі партнер).

Айталық, досыммен серіктесіп, жалға жер алып, егін ектік делік. Егін пісіп жетілгенге дейін бірге еңбектенеміз деп келісімшарт жасағанбыз.

Алайда, дән себілгеннен кейін, ал енді сен өзің өсіре бер, - деп досыма тастап, өзім той тойлап, қызық қуып кетіп қалсам, қалай болар еді? Осындай жағдайлар осы кездері өмірде аса жиі кездесіп жүр. Адамдар мұндайды досын «лақтырып» кетті деп атайды.

Құдаймен серіктес болып егін еккен соң, оны суарып, тыңайтқыш беріп, күтіп баптамай, Өзің өсіре бер, - деп Құдайға тастап, басқа іспен айналысып (күнә жасап) кетсек, серіктесіміз – Құдайды лақтырып кеткенмен бірдей.

Ескерту: Құдай еш уақытта да лақтырмайды, еш уақытта өтірік айтып, алдамайды. Құдай нағыз шындық, ерекше әділетті, бәрін білуші, бәрін көріп, бәрін есітіп тұрушы, барлық жерде де бар, бізді сүйіп, не істесе де біздің игілігіміз үшін істеуші, шексіз құдіретті, ерекше сенімді – Құдай.

Осындай керемет Құдай - біздің әрбір ісіміздегі серіктесіміз. Құдай Өзін серіктесім деп қабылдағандардың гүлденіп, өркендеп, материалдық молшылыққа жеткенін қалайды.

Іс жүзінде біз Құдайды көзімізге көрініп тұрмағандықтан, серіктесіміз деп қабылдай бермейміз. Ол бір алыс Құдай болып көрінеді.

«Құдайдың өзі былай деген: Олардың ішінен орын алып, араларында жүретін боламын. Мен олардың Құдайы, олар менің халқым болмақ» .

2 Қор 6:16.

Шын мәнінде, Ол алыс Құдай емес, әрқайсысымыздың ішімізден орын алған аса жақын, бізді сүюші Құдай.

Осы керемет Құдай бізге: «нені ексең, соны орасың және қашанда жинаған өнімің сепкен дәннің мөлшерінен (30, 60, 100 есе) көп болады», - деп уәде беріп тұр.

Олай болса, өнімнің мол болуының барлық жауапкершілігі біздің мойнымызда. Сондықтан, Құдаймен ара қатынасымызды, үйлесімділікті (гармония) бұзып (күнә жасап) алмауға әрекет жасайық.

Құдайдың берген осы уәделері өміріңізде орындала бастаған сәттен бастап, адамдарға Құдайдың өзіңізге ашқан құпияларымен бөлісе бастаңыз. Неғұрлым көп бөліссеңіз, соғұрлым Құдайдың сізге берері көбейе түседі. Қызғанып, өзімшілдік жасап, Құдайдың өзіңізге ашқан құпиясын адамдармен бөліспесеңіз, онда Құдай сізге құпияларын ашуын тоқтады!

«Ондықтарыңның бәрін қойма үйіне әкеліп тұрыңдар. Менің үйімде азық болсын, ең болмаса мені осымен сынаңдар, - дейді Жаратушы Ие Савооф».

Мал 3:10.

Құдіреті шексіз Жаратушы Иеміз тіпті мені сынап көріңдер деп тұр. Алғашқы берген құрбандығыңыздан. Келесі берген құрбандығыңызды артық етіп беріп сынаңыз!

Әрқашанда өзіңіздің жасаған құрбандығыңызбен Құдайдың сізге қайтарған ақшасына мұқият есеп жүргізіңіз. Сөйтіп, Құдайды сынап көріңіз! Өзіңіздің іс-әрекеттеріңізді жіті бақылап, азғырылып қалмауға тырысыңыз. Азғырылып қалған жағдайда Құдайдан кешірім сұрап, мандаттарыңызды пайдаланып, азғырып тұрған жын-шайтанды қуыңыз! Күні-түні Құдайды іздеп, Оған жақындауға тырысыңыз. Күніге түнде төсегіңізге кіргенде, сол күніңізге Құдай алдында есеп беріңіз.

Құдай да бізді әр күні сынауда. Аюб пайғамбардың өзіне деген сенімділігіндей сенімділік бізде де болса, онда біздің өмірімізде де кереметтер болған болар еді.

«Бірақ Ол менің жолымды біледі, мені сынай берсін, - алтындай жарқырап шығамын. Менің аяғым Оның жолында нық басып тұр.

Оның жолын мен сақтадым және (одан) бұрылған жоқпын. Оның аузынан (шыққан) өсиеттерден тайған жоқпын; Оның аузынан естіген сөздерді өзімнің ережелеріммен ұзақ сақтадым».

Аюб 23:10-12.

Біздің ақшамыз - біздің өміріміздің көрінісі. Сол ақшаны табу үшін біз күш-жігерімізді (энергиямызды), уақытымызды (өмірімізді) жұмсадық. Біздің жұмсаған энергиямыз, өміріміз бізде енді еш уақытта да қайта болмайды. Ол жұмсалып кетті. Сол шығын болған энергиямыз бен өміріміздің эквиваленті есебінде біз еңбек ақы (ақша) аламыз. Яғни, менің ақшамда менің энергиям мен өмірімнің біршама бөлігі шоғырланған. Сондықтан, біздің ақшамыз, біздің материалдық заттарымыздың ішіндегі өмірімізден кейінгі ең құндысы.

«Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда».

Лк 12:34.

Біз құрбандық жасағанда, Құдайға осы дүниелік ең құнды мүлкіміз ақшамызды сеніп тапсырамыз. Ол ақша біздің осы дүниелік өміріміздің белгілі эквиваленті. Сіз Құдайға шынайы сенгенде ғана, Оның ісіне ақшаңызды бере аласыз. Сонда сіздің берген ақшаңыз сіздің Құдайға деген сеніміңізді көрсетеді. Біздің осындай сенімімізді көрген серіктесіміз Құдай бізге қажеттіні молынан береді.

Киелі Кітаптық ақиқаттарға назар аударсақ, Құдай Әкеміздің мынадай уәделерін көре аламыз:

«Егер Құдай қандай да бір адамға байлық пен дүние беріп, сол (байлықтан) өз үлесін алып пайдалануына, өз еңбегі арқылы ләззат

табуына билік берсе, бұл – Құдайдың сыйы».

Еккл 5:18.

«Жаратушы береке мен абырой береді; адал өмір сүргендерді Ол игіліктен

айырмайды». Заб 83:12.

«Мені сүйетіндерге қажетті жағдай жасау үшін қол ұшын беремін және мен олардың қазыналарын толтырып отырамын».

Нақ 8:21.

«Өздеріңнің әрбір істеріңде сендерге сәттілік болуы үшін осы өсиеттің сөздерін сақтап, оны орындаңдар».

Заң 29:9.

«Сөйтіп, Жаратушы Ие барлық игілікті істерді қолданады, өзіңнің кіндігіңнен тараған ұрпағыңды, әрі өз малыңның төлін көбейтеді, саған беремін деп өзіңнің әкелеріңе ант ішіп уәде еткен жердегі сенің егіс алқаптарыңнан жиналатын өнімді арттырады, саған барша байлықты беретін болады». Заң 28:11.

«Жаратушының ақ батасы байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды». Нақыл 10:22.

«Жаратушы Ием – менің бағушым; Мен ештеңеден де тапшылық көрмейтін боламын».

Заб 22:1.

«Жаратушы Ие Өзінің мол қазынасын ашып, қажет болған кезде сенің жеріңе жаңбыр жауғызу үшін аспан әлемін алдыңа жайып салады, әрі өз

қолыңмен атқарылатын барлық істе саған батасын беру үшін молшылық атаулыны алдыңа тартатын болады. Сөйтіп, көптеген халықтарға

қарыз бере бастайсың, ал өзің олардан қарыз алмайтын боласың».

Заң 28:12.

«Тойғанша жеп тойынасыңдар. Сөйтіп, өздеріңе керемет көрсеткен Жаратушы Құдай Иелеріңе мадақ айтатын боласыңдар. Әрі менің халқым

өмір бақи жәбір көрмейтін болады». Иоиль 2:26.

«Жаратушы Ие жарлы да қылады, бай да қылады,

қорлайтын да, қорғайтын да Өзі». 1 Пат 2:7.

«Мені сүйетіндерді мен де қастерлеймін және де мені іздейтіндер Өзімді таба алады. Байлық пен даңқ, таусылмайтын қазына мен шындық Менде».

Нақыл 8:17, 18.

«Және де сен өзіңнің жүрек әміріңмен «мына байлықты Өзімнің қуат-күшім мен өзімнің мықты қолдарым тауып берді» дегенді айтпауың үшін

Жаратушы Иеңді, өз Құдайыңды ешқашан ұмытпа, Жаратушы Иені, өз Құдайыңды есіңнен шығарма, өйткені осы байлыққа ие болуың үшін ол саған күш беріп отыр, сенің әкелеріңе ант ішіп берген өз өсиетін Ол қазір орындап отыр». Заң 8:17, 18.

Ал Тәңіріміз Иса Мәсіх: «Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім». Жх 10:10.

«Ал Иса Мәсіхпен жүрген сендердің барлық қажеттеріңді де менің Құдайым кереметтей қамтамасыз ететін болады». Філ 4:19.

«Егіншіге себуге - тұқым, ашыққанға жеуге - нан беретін Құдай сендерге «игіліктің тұқымын» ағыл- тегіл мол сыйлап, әділ істеріңнің өнімін молайта

түспек. Ондағы көздегені – сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың, әрі біз арқылы жіберген көмектерің үшін көп адамдардың Құдайға шүкіршілік етуі. Өйткені, атқарып жатқан қызметтерің Құдай халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етумен қатар, олардың Тәңірге шексіз ризашылықтарын білдіріп, шүкіршілік етулеріне себепші болмақ».

2 Қор 9:10-12.

Құдай Көне Өсиетте де, Жаңа Өсиетте де Өзінің берген осындай уәделері арқылы біздің молшылықта, байлықта, ешнәрсеге мұқтаж болмай өмір сүргенімізді қалайды.

Себебі:

1. «Ал Мен сендерді қабылдаймын, Мен Әкелерің, сендер ұл-қыздарым

боласыңдар дейді құдіреті шексіз Жаратқан Ие». 2 Қор 6:18.

Қандай Әке өзінің перзенттерінің жоқшылықта, кедейшілікте өмір сүргенін қалайды?

«Сонымен өздерің күнәкәр бола тұра, балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелерің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!». Мт 7:11.

Өзіміз күнәкәр бола тұрып, перзенттерімізге жақсылық жасауды білсек, толық кемелденген Көктегі Әкеміз қалай жақсылық жасамайды?! Әрине, жасайды!

2. «Өйткені, Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді». Жх 3:16.

Демек, Құдай бізді ерекше қатты Құдайлық сүйіспеншілікпен сүйеді.

Иса:

«Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй! Бұл ең ұлы да басты өсиет». Мт 22:37.

Біз де Құдай Иемізді осылай сүюге тиіспіз. Егер біз Құдай Иемізді осылай сүйе білсек, онда:

«Тағы да мынаны білеміз: барлық жағдайларда Құдай Өзін сүйетіндердің

игілігі үшін әрекет етеді. Себебі, Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды».

Рим 8:28.

Яғни, біз Құдай Иемізді шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен сүйе бастасақ, Құдай Иеміз сол сәттен бастап біздің игілігіміз үшін әрекет ете бастайды.

3 «... себебі Ол бізді өз мақсатына сай таңдап алды».

Рим 8:28.

Құдай Иеміздің бізді таңдап алудағы ең үлкен мақсаты - біздер арқылы адамзатты күнәнің, шайтанның құлдығынан азат етіп, Өзі жайындағы Ізгі хабарды жердің шетіне дейін күллі халықтарға жариялау.

Бұл Ұлы тапсырманы орындау үшін аса мол қаражат қажет. Ол қаражатты Құдай біздер арқылы жинап бергісі келді. Ол үшін ең алдымен:

«Ондағы көздегені – сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың ...». 2 Қор 9:11.

Біздер әр жағдайда (қауымға, Ізгі хабар таратушыға, кітап, газет, журналдың таралуына т.т.) жомарттық жасай алуымыз үшін Құдай біздің барлық мұқтаждықтарымызды толық қамтамасыз етіп, барлық қажеттіктерімізді қанағаттандыру үшін бізді дәулетті, ақшалы еткісі келеді.Сол үшін де жоғарыдағы көрсетілген гүлденіп, өркендеудің барлық құпияларын біздерге ашып берді.

Құдайдың осы сыйларын иемдену үшін:

1. «... Жаратушы береке мен абырой береді; адал өмір сүргендерді Ол игіліктен айырмайды». Заб 83:12.

Құдай Иеміздің игілігіне ие болып, берекелі, абыройлы болуымыз үшін басты шарт - біздің адал өмір сүруіміз.

2. «... саған ақ батамды үйіп-төгіп бере отырып, Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады.

Себебі, сен Менің тілімді алып жүрдің».

Жар 22:17, 18.

Құдайдың ақ батасын алуға тиістіміз. Ол үшін

Құдайдың тілін алып, Оның Сөзімен өмір сүруіміз

керек.

3. Өзіміздің Құдайдың ұлы-қызы екенімізге, Құдайдың бізді қатты сүйетіндігіне, барлық жағдайда да, не істесе де біздің игілігіміз үшін істейтіндігіне, Құдайдың әрқайсысымыздың жан дүниемізде екендігіне, Құдай біздің ең жақын, ең асыл, ең қымбатты, ең сүйікті досымыз, қамқоршымыз екеніне, қандай істе болмасын Ол біздің сенімді серіктесіміз екеніне рухымызда күмәнсіз сенуге тиістіміз.

Егер де санамызда сенсек, онда мүмкін олай емес шығар деп күмәндана бастаймыз. Сондықтан, Киелі Кітапта Құдай сөзі қалай жазылған болса, дәл солай болады деп күмәнсіз рухымызда қабылдауға тиіспіз. Өйткені, Құдай Сөзінің, Құдайдың уәделерінің бұзылып, орындалмай қалуы ықтимал емес. Әр түрлі қиыншылықтар, сынақтар, азғырулар болғанда сеніміміз шайқалмай, сенімге берік болсақ, Құдайдың Сөздері, уәделері біздің өмірімізде күмәнсіз орындалады.

«Себебі, Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас!».

Лқ 1:37.

«Өзімнің өсиетімді бұзбаймын және Өзімнің аузыммен айтқандарымды өзгертпеймін». Заб 88:35.

«Құдай Сөзінің күшін жоюға болмайды».

Жх 10:35.

«Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады». Мт 5:18.

«Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды». Мт 24:35.

Демек, Құдай Сөзі – мәңгілік. Оған күмәнмен қарау – үлкен күнә.

4. Біздер Құдайдың таңдаулы халқы екендігімізге күмәнсіз сенуге тиіспіз.

«Құдай бізді Өзінің алдында қасиетті де мінсіз халық болып жүрсін деп, әлемді жаратпастан бұрын Мәсіхтің құрбандығына бола таңдап алып, сүйіспеншілікпен Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала

белгілеп қойды. Оның ізгі еркі осы болған».

Еф 1:4, 5.

«Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып рухани жеміс берсін, сол жемістерің тұрақты

болсын деп тағайындадым».

Жх 15:16.

«Сондықтан да, бауырластарым, Құдайдың өздеріңді меншікті халқы болуға шақырып, таңдап алғанын өмірлеріңмен нық бекітуге ынтамен ұмтылыңдар! Егер солай істесеңдер, ешқашан да тура жолдан тайып кетпейтін боласыңдар». 2 Пт 1:10.

«Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңірдің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған

нәсілсіңдер». 1 Пт 2:9.

Демек, біз - Құдайдың таңдаулы халқымыз. Құдай бізді Өзінің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға, яғни Ізгі хабарды тарату үшін біздер арқылы адамдарды күнәнің, шайтанның құлдығынан құтқарып алып, біздер арқылы ақ батасын беріп жариялау үшін таңдап алған.

Әрбір Мәсіхші - Ізгі хабарды таратушы!

Әрбір Мәсіхші - Ізгі хабардың таралуына рухани және қаржылай жәрдем беруші.

5. Ақшаны Құдайдың құралы деп қабылдауға тиіспіз.

Құдай дүние жүзіндегі барлық адамдардың, барлық жануарлардың, барлық өсімдіктердің өніп-өсіп өмір сүруі үшін суды пайдаланады. Су - Құдайдың өмір сыйлау құралы.

Құдай дүние жүзіндегі барлық адамдардың барлық мәсіхшілердің, қауымдардың, Ізгі хабар таратушылардың, Ізгі хабар тарату әдістерінің (кітап, журнал, радио, телевидение т.б.) барлық мұқтаждарын, ақша арқылы қамтамасыз етіп, барлық қажеттіліктерін ақша арқылы қанағаттандырады.

Ақша да - Құдайдың бізге өмір сыйлау құралының бірі. Олай болса, біздің өмір сүруіміз үшін су қаншалықты маңызды болса, ақша да соншалықты маңызды.

Дүниедегі барлық байлықтың құны ақшамен бағаланады. Немесе дүниедегі барлық байлықтың эквиваленті - ақша.

Ақша біздің өміріміз үшін осыншама маңызды болса, Тәңіріміз Иса Мәсіх мына сөздерді неге айткан?

«Иса оған қарап тұрып, сүйіспеншілікпен: -Саған бір нәрсе жетіспейді: барып қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер, сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! - деді. Бұл сөзге жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі, ол аса дәулетті болатын».

Мр 10:21, 22.

Сол жігітке байлықты беріп тұрған Құдай еді. Енді Иса оған байлығыңды Құдай жолына құрбандық жаса десе, ол дүниесін қимай Исаның (Құдайдың) қасынан кетіп қалды («... сол жерден кетіп қалды»).

Міне, осылай дүниесін Құдай жолына қимай, байлықты Құдайдан жоғары қоятындар Құдайдың қасынан кетіп қалады. Немесе Құдайдан алыстай бастайды. Ақша олардың Құдайына айналады. Олар ақшаға Құдайдың «құралы» деп қарамайды, менің байлығым деп қарайды. Немесе ақша оның табынатын Құдайына айналып қалады.

«Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын! Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама! Сондайларға табынып, құлшылық етпе! Мен – сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына төзбеймін. Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын... ».

Мыс 20:3-5.

Аспанда, жерде және суда бар нәрселердің барлығын Құдай жаратқан. Олай болса, Құдай айтады: мен жаратқан нәрселердің ешқайсысына да құлшылық етіп табынба, - дейді.

Ал жоғарыдағы жігіттің табынатын құдайы өзінің байлығы болып қалған.

«Иса айналаға қарап, шәкірттеріне: «Мал- мүлікке бай адамдардың Құдай патшалығына кіруі қандай қиын!» - деді. Мр 10:23

«Ал Иса тағы да: - Жігіттер! Байлықтарына сенгендер үшін

Құдай Патшалығына кіру қандай қиын? Байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, - деп қосты».

Мр 10:24.

Осы аятқа назар аударсақ: «Байлықтарына сенгендер үшін Құдай Патшалығына кіру қандай қиын!» - дейді Тәңіріміз Иса Мәсіх. Яғни, жүз пайыз байлардың бәрінің Құдай Патшалығына кіруі қандай қиын демепті, «байлықтарына сенгендердің» Құдай Патшалығына кіруі қандай қиын» - депті.

Демек, Құдай біздің бай болып өмір сүргенімізге қарсы емес, керісінше, біздің бай болып, молшылықта өмір сүргенімізді қалайды. Бірақ біздің «байлығымызға сенгенімізді» қаламайды.

«Иса оларға: - Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық

аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін, - деді. Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді».

Мр 1:17, 18.

Балықшы болып күнелтіп жүрген Шимон мен Әндірдің ең үлкен байлығы, олардың балық ұстайтын ауы еді. Өздерінің ең қымбат мүлкін (ауын) Құдай жолына құрбан етіп, Иса Мәсіхтің шәкірті болып соңынан ерді.

Тәңіріміз Иса Мәсіх біздің де Әндір мен Шимон сияқты ең құнды мүлкімізді Өзінің жолына құрбан етіп, соңынан ергенімізді қалайды. Және мынадай уәде береді:

«Менің атыма бола үй-жайы, туған бауырлары, әке-шешесі, бала-шағасы не жер- суынан ажыраған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі мәңгілік өмірде сыйланады». Мт 19:29.

Демек, байлығымызды Құдай жолына жұмсаңыз да, жүз есе артығымен қайтарып ала беріңіз. Солай байыған үстіне байи берсеңіз болады. Бұл - Құдай Иеміздің қалауы!

Көптеген бауырлар байып кетсек, Құдайдан алыстап кетеміз. Бай адамның Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай екен. Бай болған дұрыс емес, бай болсақ, Құдай Патшалығына кіре алмаймыз деген ұғымда жүр. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Мұндай ұғым Киелі Кітаптық ақиқатқа қарама-қайшы келеді.

Құдай ақшаға, адамдарға өмір сыйлайтын құралым деп қарайды.

Егер Құдай ақшаға осылай қараса, онда неге осы заманда жамандықтың, зұлымдықтың, қиянаттың көпшілігі осы ақшаға бола жасалады?

Жамандық, зұлымдық, қиянаттың көпшілігі ақшаға бола жасалғанымен де, оның түп-тамыры ақша да емес -- ақшаға құмарлықта.

«Өйткені, ақшақұмарлық - әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті». 1 Тим 6:10.

«Күмісті жақсы көретін адамның, оған (күміске) ешқашан көзі тоймайды, ал байлық байлыққұмар адамға одан (байлықтан) келетін пайда жоқ».

Еккл 5:9.

«Байлыққа ғана үміт артатындар қолындағысынан айырылады; ал адал

адамдар жапырақ секілді көгеріп көктейді».

Нақыл 11:28.

«Ал баюға ұмтылғандар азғырылуға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтың торына түседі».

1 Тим 6:9.

«Содан кейін Иса оларға астарлы әңгіме айтып берді:

- Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. Ол ішінен: «Не істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ, - деп ойланады.

- Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Сонда бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып - тергенің кімге қалады?» - дейді.

Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады». Лк 12:16-21.

Сонымен, осы дүниедегі жамандық, зұлымдық, қиянат, қатыгездіктің бәрінің түп-тамыры ақшақұмарлық, тойымсыздық (байлыққа), дүниеқоңыздық, қанағатсыздық, өзімшілдік, тәкаппарлықта екен.

Сондықтан, былай дұға жасап жүруге тиіспіз:

Дұға: «О, Тәңірім Иса Мәсіх! Сен кешіруші Құдайсың! Матай жазған Ізгі хабардың 9-тарауының 6-аятында: «Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін ...» деп жазылған. Мен өте әлсізбін, үнемі азғырылып қала беремін. Сондықтан, менің біліп-білмей істеген күнәларымды кешірші. Менің біліп-білмей істеген күнәларымды кешіргенің үшін Тәңірім Иса Саған шексіз алғыс!

О, Көктегі Әкеміз! Сенен Иса Мәсіхтің атынан сұрап тұрмын. Менің жүрегімді, жан дүниемді тексерші. Менің болмысымдағы ақшақұмарлық, тойымсыздықты (байлыққа), дүниеқоңыздықты, қанағатсыздықты, өзімшілдікті, тәкаппарлықты тағы басқа менде бар, Өзіңе ұнамайтын қасиеттерді алып тасташы. Сөйтіп мені Өзіңе ұнайтын қасиеттермен толтыршы. Менің бойымда Киелі Рухтың «игілікті жемісі» толық кемелденіп жетілген болсыншы!

Иса Мәсіхтің атымен дұға еттім. Аумин!

Айталық, мен жақсы киімдер киіп, жақсы машина мініп, әмияным ақшаға тола болып жүрсе, маңайымдағы адамдарды менсінбей, тәкаппарланып кетуім мүмкін. Менің тәкаппар болуыма себепкер болып тұрған нәрселер: ақша, жақсы киімдер, жақсы машина т.б.

Бірақ мен қанша тәкаппарланып өзгергеніммен де, менің өзгеруіме себепкер болып тұрған заттардың (ақша, жақсы киім, жақсы машина) сапасы да, құны да, қасиеттері де өзгермей қала береді. Бұл жерде өзгеріп тұрған - менің қасиеттерім.

Сол сияқты біздерге берілген Құдайдың құтқарылуы, ақ батасы, жарылқауы, денсаулығы, тартымды сұлулығы, әрбір іске берілетін гүлденіп өркендеуі біздердің тәкаппарлануымызға себепкер болуы мүмкін.

Америкада өмір сүретін бір бауырымызға Құдай керемет сауықтыру дарынын берген. Ол жиналыс өткізгенде көптеген адамдар сауығатын болған. Әсіресе, коляскамен келгендер коляскаларын тастап, өз аяқтарымен жүріп кетеді екен. Бір рет он бес адам коляскасын тастап кеткен. Он бес адамның бесеуі - кедей десек, бесеуі - орташа тұрмысты адамдар болсын, ал бесеуін бай деп қарастырайық. Қайсысы болса да сауығып кеткен соң несін аясын, тапқанын беріп, сыйлық жасайды ғой. Солай әлгі бауырымыз аса бай адамға айналған. Бір күні жиналыста уағыз айтып тұрып: «бүкіл дүние менің аяғымның жанында болады» (весь мир будет у моих ног) деп айтып қалған. Сол жиналыста бірде бір адам сауықпаған.

Бірте-бірте жаңағы бауырымыз омыртқалары майысып, еңкейіп, иіліп, тіпті басы екі аяғының арасынан артына қарай шығып кеткен. Қал-жағдайын білуге келген адамдар аяғының жанына еңкейіп зорға жүзін көретін болған.

Сол бауырымыздың тәкаппарланып кетуіне себепкер болған сауықтыру дарыны, сауықтыру арқылы келген ақша да, байлық та өзінің қасиетін, сапасын өзгерткен жоқ. Бұл жерде де бауырымыздың өзінің қасиеті, мінез-құлқы өзгерді.

Олай болса, Құдайдан келген нәрсенің ешқайсысы да бізге зұлымдық, қиянат, қатігездік т.б. жамандықтарды әкелмейді.

Құдайдан келген нәрсенің бәрін (ақша, байлық, әртүрлі дарындар, денсаулық, гүлдену, дәреже, перзенттер) Құдайдың бізге берген сыйы деп қабылдауға тиіспіз. Және ақшаны Құдайдың «құралы» деп білуіміз керек.

Ал шайтанның мақсаты Құдайдың жомарттығын жоққа шығарып, молшылықта өмір сүруді Құдайдан алыстататын кемшілік деп, кедейшілік пен қайғырып, қасірет шегуді Құдайға жақындататын тақуалық деп түсіндіру арқылы қаншама адамдарды Құдайдан алыстатуда.

«Шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай

істедім, оның зымиян ниетін жақсы білеміз».

2 Қор 2:11.

Шайтанның адамдарды Құдайдан алыстату әдісінің бірі, әрі бірегейі ақша жайында дұрыс емес ұғым беру. Кедейлікті мақтап, жоқшылықты мадақтап, қайыршылықты қошеметтеп, олардың әлсіздігін жоғары бағалап, кедейшілік құдайдың сендерге берген ақ батасы мен жарылқауы деп алдайды.

Шайтанның осындай алдауына сеніп қалған көптеген бауырлар ақшам көп болып, дәулетті болсам тәкаппарланып, менменсіп күнәға душар болып кетемін. Одан да кедей болып, рухани мойынсұнғыш, жуас, көмпіс болғаным жақсы деп ойлайды.

Бұлай ойлау - аса терең адасушылық! Шайтанға бізді бұлай алдаудың қажеті не?

1. Құдай Өзінің ұлдары мен қыздарының денсаулығы зор болып, қуанып, шаттанып, рахаттанып, ләззаттанып молшылықта өмір сүріп, мәңгілік өмірге Ие болып, жұмаққа кіргенін қалайды. Ал шайтан адамдардың денсаулығының нашар болып, қайғырып, қасірет шегіп, кедейшілікте, қайыршылықта бомж болып өмір сүріп, түбінде тозаққа түскенін қалайды.

2. Құдай дүние жүзіндегі барлық адамдарды күнәнің, шайтанның құлдығынан құтқарып алғысы келеді. Сол үшін де:

«Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар!» - дейді. Осы Ұлы тапсырманы орындау үшін көп қаражат керек. Өзіңіз ойлаңызшы: егер де мәсіхшілердің бәрі кедей болса, Ізгі хабарды таратуға қажет қыруар көп қаржыны қайдан алады? Сондықтан, Ізгі хабарды таратуға қажетті мол қаржыны жинай алуымыз үшін Құдай біздің молшылықта өмір сүргенімізді қалайды.

Ал шайтан адамдардың, күнәнің және өзінің құлдығында мәңгі қалып құтқарылмай, түбінде тозаққа түскенін қалайды. Сондықтан, шайтан ізгі хабардың таралуына өте қарсы. Сол себепті, ол ізгі хабарды таратуға жұмсалатын ақшаның бізде болмағанын қалайды. Сол үшін ол бізді кедей болған жақсы, кедей болсаң жұмаққа кіресің деп алдап, ізгі хабардың кең таралуын тежеп жүр.

Наши рекомендации