І-құнарлы топырақты таңдап алу

Мынадай бір жағдайға куә болдым: Көшенің бойында жас бала құшақтаған әйел орамал жайып, қайыр сұрап отыр. Әлгі әйелден бес-алты қадам әріректе 7-8 жасар екі қолы жоқ бала да қайыр сұрап тұр. Көйлегінің екі жеңі де салбырап бос тұр. Сол маңайдан өтіп бара жатқан адамдар әйелге ешнәрсе тастамай өтіп барып, қолдары жоқ балаға тастап кетіп жатыр.

Бір кезде әлгі бала қолдарын жеңіне сұғып (қолдары бар екен), жас бала құшақтап отырған әйелге келіп, ақша сұрап алды да жүгіріп барып балмұздақ алып жеді. Балмұздағын жеп болған соң, өзінің орнына келіп тұрып, қолдарын жеңінен шығарып көйлегінің ішіне кіргізіп, тағы да екі қолы да жоқ балаға ұқсап қайыр сұрай бастады. Адамдар аянышпен қарап, әрқайсысы дерлік ақша тастап кетіп жатты. Әрине, біз маңайымыздағыларға жәрдем беруге тиіспіз. Бірақ жоғарыдағы жағдайдағы бала құнарлы топырақ емес. Немесе маскүнемдерге, наркомандарға аяушылықпен берсек, оларда құнарлы топырақ емес.

Иса жауап қатып:

« - Сендерге шындығын айтайын: Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шешесін, әйелін, балашағасын не жер-суын тастап шыққан әркімге сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрі Келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады».

Мр 10:29, 30.

Тәңіріміз Иса Мәсіхтің бізге беріп тұрған уәдесіндегі ең жоғарғы көрсеткіш – жүз есе.

«Бұлар өсіп, толысып, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді». Мр 4:8.

Жүз есе өнімді ең құнарлы топырақ қана береді. Жоғарыдағы аятта Иса Мәсіх: Маған және Ізгі хабарға бола берсеңдер, 100 есе етіп қайтарамын, - деп уәде беріп тұр.

Демек, ең құнарлы топырақ Иса Мәсіх және Ізгі хабар тарату жолы. Осы топыраққа себілген ақшаңыз және басқа да құдай жолына жасаған құрбандықтарыңыз күмәнсіз жүз есе өнім әкеледі.

Тәңіріміз Иса Мәсіхтің осы уәдесі менің өмірімде жүз есе емес, мың есе болып орындалды! Иса Мәсіхті қабылдағаным үшін ағайын-туыстар, достар, жекжаттар түгел дерлік менен бас тартып, қатынаспай кетті.

Бірақ Тәңіріміз Иса Мәсіх Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан аймақтарынан мыңдаған ағайын-туыс, бауырлар мен достарды тауып берді. Және әрқайсысының достығында, бауырластығында ешқандай жалғандық жоқ. Тұнып тұрған шынайы достық, шынайы бауырластық, Құдайлық сүйіспеншілік!

Құнарлы топыраққа себілген дәннен алатын ең құнды өніміміз – ол мәңгілік өмір.

« ... әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады». Мр 10:30.

Әрине, бұл ерекше ұлы өнімді біз тәни өлімнен кейін ғана орамыз. Себебі, көктегі өміріміз үшін дүние малының, киім-кешектің, ақшаның қажеті жоқ. Сондықтан, осы дүниелік мұқтаждықтарымызды толығымен қамтамасыз ету үшін Құдай бізге жүз есе өсіріп бергісі келеді.

«Иса жауап қатып: Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын... жер-суын ... жүз есе артығымен қайтарылады...». Мр 10:29, 30.

Ақша, үй-жай, жер-су т.б. бізге тек осы дүниеде, яғни жердегі өміріміз үшін ғана қажет. Ақша, дүние-малы тек жердегі өмірімізге ғана пайдасын тигізе алады. Иса Мәсіх о дүниеге келген соң бергеніңді жүз есе өсіріп беремін демейді, осы дүниеде, яғни жер планетасында жүргеніңде өсіріп беремін деп тұр.

Демек, себілген дәннен күмәнсіз мол өнім алуымыз үшін құнарлы топырақты таңдап алуымыз аса маңызды. Сондықтан дәнді себер алдында Киелі Рухтан қандай қызметке осы ақшамды берейін деп сұраңыз.

«Сендерге Киелі Рух қонғандықтан, барлығын ажырата білесіңдер».

1 Жх 2:20.

Бізге қонып тұрған Киелі Рух, бізге құнарлы топырақты, құнарсыз топырақтан ажыратып береді. Және қандай дәнді себу қажет екенін Киелі Рух біледі.

Егіншілікпен айналысып жүрген бір сенуші бауырымыз: дамыған елдерде қай кезеңде, қандай дәнді (арпа, бидай немесе көкөніс) себу қажет екенін айтып, жалпы мемлекет бойынша егіншілік шаруашылығын реттеп отырады екен. Мен қазір қандай егін егерімді білмей жүрмін деп дағдарып жүргенін айтты. Мен оған: тек біздің аймақта ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша қай аймақта, қандай іспен айналысу қажет екенін білетін бір білгішті білемін. Қажет десең, сол білгішпен сені таныстырайын дедім. Таныстырыңызшы, ол кім? – деп қатты өтіне бастады. Оның атын Киелі Рух деп атайды. Мінажат етіп, одан сұрасаң, ол саған айтады, - дедім.

Сол жылы ол «көкөніс» өндірумен айналысып, мол өнім алды.

Сондықтан, дұға жасап Киелі Рухтан жалбарынып сұрап, Оның жауабын алмай ешбір іске кірісуге болмайды. Егер Киелі Рухтың еркін біліп алмай өздігімізден әрекет ете берсек, онда Құдайдың еркіне сай әрекет етпеген боламыз. Өзіміздің еркімізге сай әрекет етсек, біздің қателесуіміз сөзсіз және өздігімізден істеген іске еш уақытта да Құдай ақ батасын беріп, жарылқамайды. Құдай жарылқап, ақ батасын берсе ғана, мол өнім аласыз.

«Ысқақ осы жерге егін салып, сол жылы одан жүз есе өнім алды. Себебі Тәңір оны жарылқаған болатын. Ол байи берді, оның дүние-мүлкі көбейген үстіне көбейіп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды».

Жар 26:12, 13.

Бұл заңдылық біздің ақшамызға да тиесілі. Ақшамызды дән есебінде сепкенде де Киелі Рухтың еркін сұраңыз.

Өкінішке орай, тіпті кейбір қауымдарда аса келеңсіз жағдайлар кездесіп жүр. Мен білетін бір қауымның жетекшісі қауымның қоржынындағы барлық қаржыны соңғы тиынына дейін өзінің қажетіне жұмсаған.

Міне, мұндай қауымдар да құнарлы топырақ бола алмайды. Сол себепті дән сепкенде Киелі Рухтың еркін білу бізге аса маңызды.

Киелі Рухты іздеу қажет емес. Ол үнемі бізбен бірге:

« ... Сол кезде уәде етілген Киелі Рух бойларына кірді ... ». Еф: 1:13.

Және Киелі Рух біздің осы дүниедегі өміріміз үшін қажеттінің бәрін үйретеді.

«Ал сендерге келсек, Құдайдан алған Киелі Рух өздеріңде қалады. Сондықтан сендерге жаңа ілім үйрететін біреудің қажеті жоқ. Себебі қажеттеріңнің бәрін де Киелі Рух үйретеді. Оның сендерге үйреткендері еш өтіріксіз, шынайы. Сондықтан Киелі Рухтың үйреткені бойынша әрекет ете беріңдер». 1 Жх 2:27.

Киелі Рухпен ақылдасқанда бір керемет құпия сыры бар сұлу сөздер қажет емес. Өйткені, Киелі Рух сіздің ең жақын, ең асыл, ең сүйікті, ең қымбатты досыңыз. Киелі Рух сіздің шексіз ғұлама ұстазыңыз.

Киелі Рух сіздің осы дүниеде әділетті, Құдайдың еркіне сай өмір сүруіңіз үшін және ауру-сырқаусыз, проблемасыз, молшылықта, азаттықта өмір сүруіңіз үшін берілген кепіл (залог).

«Бізді осы үшін де жаратқан Құдай Өзінің берген уәделерінің орындалуының кепілі болсын деп Киелі Рухын сыйлады».

2 Қор 5:5.

Біздің әрқайсысымыздың осындай керемет досымыз бар. Сол досыңызбен тек жай ғана сырласып, ойыңызды анық айтыңыз.

Дұға: «О, Қымбатты Киелі Рух! Сен кереметсің, ғажайыпсың. Сенің білмегенің, білмейтінің жоқ. Сен шексіз білімпаз, шексіз данышпан Құдайсың. Мен сенен жалбарынып сұраймын. Мен осы қолымда бар дәнді (ақшаны) қай топыраққа сепкенім дұрыс болады?

Сенің еркіңді білмей мен ешқандай да әрекет етпеймін. Сен маған айтшы. Иса Мәсіхтің атынан дұға еттім. Аумин!».

Әрине, бұл дұға догма емес, жай ғана үлгі. Киелі Рухтан өтінсеңіз, сіздің дұғаңызды да жетелеп кетеді. Онда дұғаңыз тіпті басқаша болып шығуы да мүмкін. Оған таң қалуға болмайды.

«Жаратқан Ие: Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым

сендердікінен басқа», - деп жариялайды. - Аспанның жерден қаншама

жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары.

Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік».

Иш 55:8, 9.

Біздің әрбір ісіміз үшін Құдайдың ойы-пікірі, жоспары бар. Сондықтан, Құдайдың ой-пікірін білуге тиіспіз.

Қорытынды:Демек, сепкен дәнімізден барынша мол өнім алуымыз үшін аса маңызды шарттың бірі құнарлы топырақты таңдап ала білуіміз қажет.

Наши рекомендации