Неге мұқтаждықта өмір сүрудеміз?

Үнемі 30, 60, 100 есе өнім жинаумен айналысып жүрсек, онда неге мәсіхшілердің бәрі миллионер болып кетпейді?

Неге көптеген мәсіхші бауырларымыз материалдық мұқтаждықта өмір сүруде?

«Ұры - ұрлап, сойып, құрту үшін келеді». Жх 10:10.

Бізге Құдайдың бергенін, тіпті мол өнім болып келе жатқанын да, тіпті себілген дәннің өзін де ұры ұрлап кетуі мүмкін. Ұрлап кету үшін, ол негізінен адамдарды азғырып, алдап, кінәлап, көңілімізге күмән ұялатып әрекет етеді.

Шайтанның адамдарды азғырудағы ең зұлым әдісі - алдау.

«Бірақ Құдай: бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісін жемеңдер, тіпті оған тиіспеңдер, әйтпесе өлесіңдер деп айтқан болатын – деп жауап берді. Сонда жылан әйелге:

-Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер Қайта сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі, - деді».

Жар 3:3,5.

Міне, осылай ұры Хауа анамызды алдады. Сол алдау әдісін осы күндері де кеңінен қолдануда.

«Тұқым себуші Ізгі хабардың сөздерін себеді. Жол бойына түскендері мынандай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді». Мр 4:14,15.

Шайтан адамдарды мұқтаждықта өмір сүргізудің әдістерін өте жақсы меңгерген. Ол ең алдымен, біздің санамыздағы Киелі Кітаптық шынайы шындықты білдіретін Құдайдың Сөздерін ұрлайды.

«Ал егер, сендер менің ішімде болып, әрі сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар».

Жх 15:7.

Біздің жинайтын өніміміздің мол болуын қамтамасыз ететін, жоғарыда көрсетілген Құдай сөздерінің тіпті біреуін санамыздан ұрлап кетсе, Құдай Сөзі бізбен бірге болмай қалады. Құдай Сөзі бізбен бірге болмай қалған сәтте дән өсуін тоқтатады.

Сондықтан, алғашқы келген қаржылық табысқа және табысымыздың қарқынды өсуіне азғырылып қалмайық. Тапқан табысымызды өзіміздің тәни құмарлығымызды қанағаттандырып, ләззаттанып өмір сүруімізге жұмсамайық. Себебі:

«Сұрасаңдар да ала алмайсыңдар. Себебі Ізгі ниетпен емес, арам

құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар».

Жақ 4:3.

Осылайша, байлыққа қызығып кету немесе байлық арқылы қол жететін осы дүниелік ләззаттарға қызығып кету, құйылып келе бастаған молшылықты күрт тоқтатып тастайды. Тіпті, толық жойып жіберуі де ықтимал.

«Алайда, бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап, абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді».

Мт 13:22.

Біздің Құдайға арналған өміріміз шынайы таза, Құдайға ұнамды болуы тиіс. Тіпті біздің болмысымыздың кішкентай бөлшегі де киелі болуы тиіс. Құдай Заңынан болмашы ауытқып, жасаған кішкентай күнәміздің өзі де өнімді кемітіп жібереді.

Көп жағдайларда жас балалардың сұрағына өтірік жауап бере салу немесе достарымызға, жолдастарымызға әзілдеп болса да өтірік айта салу кездесіп жатады.

«Өтіріктің бәрі - күнә... ». 1 Жх 5:17.

Біз, тіпті елей бермейтін іс-әрекетіміздің өзі де өмірімізге күнә әкеледі. Сол елеусіз, ескерусіз жасалған күнәнің өзі де өнімнің мол болуына үлкен кедергі.

«Бізге жүзімдіктерді бүлдіріп жүрген түлкілер мен түлкі күшіктерін ұстап беріңдер, өйткені жүзімдіктер әбден гүлдеп тұр».

Жыр 2:15.

Жүзімдікті үлкен түлкі де, оның күшігі де бүлдіре алатыны сияқты, біздің жасаған күнәміздің үлкені де, кішкентайы да керемет болып өсіп келе жатқан өнімді жойып жібере алады.

Сондықтан, Құдайдың әділ еркіне лайық өмір сүріп, табысымыздың молырақ мөлшерін Ізгі хабар тарату жолына қуанышпен жұмсайық.

«Содан кейін Иса құдайы сыйлықтарға арналған сандықтардың қарсы бетіне отырып, жұрттың оған қалай ақша салғанын бақылады. Көптеген байлар молынан салды. Ал келген бір бейшара жесір әйел жалпы құны төрт теңгелік екі бақырды салды. Иса шәкірттерін шақырып алып:

«Сендерге шындығын айтайын: ақша салғандардың барлығынан да мына бейшара жесір көп салды. Себебі, басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра, күнелтетін

нәрсесінің бәрін аямастан берді», - деді.

Мр 12:41-44.

Байлар қаншама көп салса да, өздерінен артылғанын салғандықтан, Иса оларға назар аудармады. Ал бейшара әйел өзі кедей бола тұра күнелтетін нәрсесінің бәрін құрбандық жасағанда, Иса оған сол сәтте назар аударды.

Сол Иса қазірде қауымдағы әр жиналыста әрқайсысымыздың Құдайға құрбандық сыйымызды қандай жағдайда беріп отырғанымызды толық көріп, біліп отыр. Олай болса, құрбандықты Иса Мәсіхтің назарын аударатын деңгейде беруге тиістіміз.

«Өйткені, екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде

орталарында боламын». Мт 18:20.

Қауымдағы жиналыста қашанда Иса Мәсіх ортамызда және әрқайсысымызды жіті бақылап тұрады.

«Сараң сепкен, сараң жинар, Жомарт сепкен, жомарт жинар» - дейді ғой.

Әрқайсысың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерд ұнатады».

2 Қор 9:6, 7.

Әдетте, қаржылай немесе басқалай да молшылыққа қолымыз жеткенде қатты қуанатынымыз анық. Және Құдайдың перзенті ретінде біздер сондай молшылықта өмір сүруге тиіс екенімізді де білеміз. Және сол табысымызды қажеттілігіне қарай жұмсауға да болатынын білеміз.

«Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума!» - деп жазылған ғой. Құдай бұл жерде өгіздерді ойлап тұр ма, әлде осы айтқаны бізге тікелей қатысты ма? Әрине, ол біз үшін жазылған». 1 Қор 9:9, 10.

Демек, тапқан табысымызды жұмсап, молшылықта өмір сүруімізге Құдай тарапынан тыйым салынбаған. Керісінше, Құдай перзенттерінің молшылықта өмір сүргенін қалайды.

Бірақ өзінің берген мол өнімін, Құдай жолындағы қызметті, Ізгі хабарды тарату, жаңадан дән себуді ойламай, тек өзіміздің мұқтажымызға, осы дүниесін сауық-сайранға жұмсағанымызды қаламайды.

Дегенмен, егер де азғырылып немесе білместікпен алған өніміңізді Құдайдың еркіне сай келмейтін ретпен жұмсап қойған болсаңыз, уайымға салынып, лажсызданбаңыз. Себебі, бұл сіз үшін мәңгілік өнімнен айырылу емес.

«Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».

Жар 8:22.

Осы аяттың негізінде, біз кез келген уақытта жаңадан себуді бастай аламыз. Егер сіздің өміріңізде осындай жағдай орын алған болса, дәл қазір Құдайға дұға жасап, белгілі бір Құдай жолындағы қызметке дән себіңіз. Сіздің сепкен дәніңіз таяу уақытта өнім береді. Ертең себемін деп кейінге қалдырмай, дәл қазір себу аса маңызды. Өйткені, әрбір кейінге ысырылған күніміз өнімнің пісіп жетілуін кешіктіреді.

«Егіншіге себуге тұқым, ашыққанға жеуге нан беретін Құдай сендерге «игіліктің тұқымын» ағыл-тегіл мол сыйлап, әділ істеріңнің өнімін

молайта түспек. Ондағы көздегені сендердің әр жағдайда жомарттық жасай алатындай дәулетті болуларың...». 2 Қор 9:10-11.

Құдайға әрқашан да біздің жомарттық жасағанымыз ұнайды. Құдайға біздегі бар қасиеттеріміздің ең ұнамсызы, ең жиіркеніштісі: сараңдық, өзімшілдік, тәкаппарлық.

Тапқан табысымызға масаттанып, тәкаппарлансақ, онда Құдай Иеміздің қарсылығына ұшыраймыз.

«... Бәрің де ара қатынастарыңда әрдайым кішіпейілділік танытыңдар!

Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кішіпейілділерге рақымын шашады» - делінген ғой. 1 Пт 5:5.

«Тәкаппарлығы адамды төмендетеді, Ал кішіпейілділігі мерейін өсіреді».

Нақ 29:23.

Демек, «Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады...». Егер де Құдай қарсы тұрса, қай ісіміздің ілгері басуы мүмкін? Ешқандай ісіміздің де ілгері басуы ықтимал емес. Олай болса, мол өнімнің болуы мүмкін емес.

Мен мектепке директор болып қызмет істеп жүргенімде, бір жанұяның балаларына мектеп тарапынан үнемі материалдық көмек беріп жүрдік. Себебі, ол жанұя өте жұпыны тұратын.

Имам болып қызмет істеп жүргенімде ауылға мешіт салу үшін, ауыл тұрғындарынан қаражат жинағанда, сол жанұяға барғанымызда, отағасы сендердің мешіттерің де, құдайларың да маған қажет емес деп бізді қабылдамады.

Кейін білсек, сол кісінің жинақ кассасында алпыс сегіз мың сом ақшасы бар екен. Сомның долларға шаққандағы курсы 0,99 сом = 1$ болатын. Ақша құнсызданып, ауыстырылған кезде алпыс сегіз мың сомына екі мың теңге ғана алды.

Бұл оқиғаны айтқанда, мен ол кісіні соттаудан аулақпын. Тек сараңдық сол кісіні өзінің тұңғиығына тартып кеткенін айтпақшымын. Өзімшілдік пен сараңдық сол кісіні билеп алғаны соншалық, өзінде бар қаражатты өзіне де, перзенттеріне де, тіпті Құдай жолына да қимай сақтады. Солай терең мұқтаждықта дүниеден өтті.

Ал біздің болмысымыздан орын алған болмашы сараңдық пен өзімшілдік Құдайға жеккөрінішті, әрі жағымсыз жексұрындық.

Егер өмірімізден тәкаппарлық, сараңдық, дүниеқоңыздық, өзімшілдік орын алса, себілген дәннен мол өнім күту бекершілік. Сондықтан: «О, Тәңір Ием! Менің жүрегімді тексеруші! Мен тәкаппарлық жасап, пайдакүнемдікке, сараңдыққа, өзімшілдікке, дүниеқоңыздыққа түсіп кеткен жоқпын ба? Егер де сондай жаман қасиеттерді менің болмысымнан көрсең, мені әшкерелеп, өзіңнің дұрыс жолыңа түсірші. О, Тәңірім Иса! Мен өте әлсізбін, қашанда азғырылып қала беремін, мені Өзің қолдашы! Киелі Рухыңмен жетелей гөр!» - деп дұға жасаңыз.

«Жанымды пайдакүнемдікке емес, Ережелеріңе құштар ете гөр. Бос нәрселерге назарымды түсірмей, Өз жолыңда өмірімді жаңарта гөр».

Заб 118:36, 37.

Қорытынды: тапқан табысымызды Құдайдың еркіне сай жұмсайық!

Дән себуді бастау

Табиғатта кез келген өсімдіктің дәні өздігінен топыраққа түсіп немесе фермер сеуіп, тіпті сенбеуші адамның да сепкен дәні өсіп, өнім береді. Адамзат тарихында өсімдіктің дәнін сеуіп, оны өсірудің ғылыми және тәжірибелік қалыптасқан әдістері бар. Сол әдістер арқылы дәнді өсіріп, мол өнім ала береді.

Ал біздің себетін дәндеріміз де, жинайтын өнімдеріміз де одан өзгеше. Біздің себетін дәндеріміз: сөз, ізгі хабар, ақша, мал, нан, балық, киім, сүйіспеншілік, қуаныш т.б. Бұл дәндерді сеуіп, одан өнім жинау табиғи әдістермен іске аспайды. Бұл дәндерді сеуіп, одан өнім жинау табиғаттан тыс деңгейде, табиғаттан тыс ортада іске асады. Ол үшін біз Құдаймен аса тығыз қарым-қатынаста болуға тиіспіз.

«Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жүрегіне қарайды». 1 Пат 16:7.

Дәнді сеуіп, одан өнім жинау табиғаттан тыс ерекше рухани ортада, Құдаймен тығыз байланыс деңгейінде іске асады. Рухани ортадағы Құдаймен қарым-қатынасымызда аса маңызды нәрсе, ол жүрегіміздің ақуалы қандай? Дәнді себудегі ниетіміз, мақсатымыз, армандарымыз, ойларымыз қандай? Міне, осы факторлар аса маңызды. Сондықтан, барлық мәселеде бірінші орынға Құдайды қойып отыруға тиіспіз.

«Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер». Жх 16:23, 24.

Осы аятқа назар аударсақ: әрбір істе біздің табысты болуымыз үшін Иса Мәсіх Өзінің атын пайдалануға шақырып тұр. «Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді». Яғни, Иса Мәсіхтің атынан нені сұрасақ та береді. Бірақ сұраған нәрсеміз Құдайдың еркіне сай болуы тиіс. (Айталық, Әке Исаның атынан сұрап тұрмын, бір қорап сигарет алу үшін жүз теңге берші, - десек еш уақытта да бермейді).

Демек, Құдайдың еркіне сай Иса Мәсіхтің атынан сұрағанда Әкеміздің бізге бермейтіні жоқ! Бәрін береді! Олай болса, дәнді себер алдында: «Әке Иса Мәсіхтің атынан сұрап тұрмын, осы себілетін дәннен мол өнім өсіріп берші» - деп дұға жасаңыз. Және Иса Мәсіхтің берген уәдесіне ешқандай күмәнданбай сеніңіз! Себебі, Құдайдың берген уәделеріне Иса Мәсіхтің атынан сену, сенімнің ең жоғарғы түрі. Иса Мәсіхтің атын атамай ешқандай да іс істеуге болмайды.

Енді дәнді жын-шайтан себілген сәттен бастап ұрлауға әрекет жасайды.

«- Ием, Сіздің атыңызды атағанда, тіпті жындар да бізге бағынады!».

Лқ 10:17.

Жүзімдігімізді бүлдіріп, талқандап жүрген түлкілер мен түлкінің күшіктеріне қарсы қолданатын біздерде ерекше күшті қаруларымыз (мандаттарымыз «Иса маған не берді?» кітабымда баяндалған) бар екенін сіздер білесіздер. Сол мандаттарды пайдаланып, түлкілер мен түлкінің күшіктерін егістігімізден қууға тиіспіз.

«Сондықтан да, Құдай Оны көкке көтеріп, Мәртебесін бәрінен де биіктетіп, Оған бүкіл есімдерден жоғары есімді сыйлады: Исаның атын есітіп, Көктегі, жердегі және жер астындағылардың Бәрі де Оның алдында тізе бүгіп...». Філ 2:9, 10.

Яғни, Көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрі Иса Мәсіхтің атын есітіп, тізе бүгетін болса, ал Иса Мәсіхтің Өзі Менің атымды пайдалан деп шақырып тұрса, онда неге пайдаланбасқа?!

Дән жердің астында өсіп, тамыр жайып, көктеп шығып, өнім беретін болғандықтан, сепкен дәнімізге де Исаның атынан мол өнім өсіріп шығар деп бұйыруға тиіспіз. Бұл әдіс те біздің оратын өніміміздің мол болуына септігін тигізеді.

Былайша дұға жасаңыз: «О, Көктегі Әкеміз! Сенен Иса Мәсіхтің атынан сұрап тұрмын, Ізгі хабардың таралуы үшін, Қауымның мұқтажы үшін, рухани кітаптың, журналдың басылып шығып, кең таралуы үшін осы дәнді (ақшаны) сепкелі тұрмын. Менің сепкелі тұрған осы дәніме ақ батаңды беріп, Өзің жарылқап, мол өнім берші. Осы себілген дән арқылы қауымға, Ізгі хабар тарату ісіне, кітаптардың, журналдардың көп таралуына көмектесші. Менің осы тілектерімді толық бергенің үшін Тәңірім Саған шексіз алғыс! Иса Мәсіхтің атынан Әумин!».

Осылай дұға жасап, себілетін әрбір дән үшін Құдайдан ақ бата сұрап, сосын дәнді себу аса маңызды!

Дән кереметтей болып себілді. Енді сол себілген дәнді шайтан ұрлап кетуге дайын тұр. Оған былай деп бұйырыңыз: Ей, шайтан! Саған Иса Мәсіхтің атынан бұйырамын. Менің сепкен осы дәнімнің көп өнім беруіне кедергі, кесір, тосқауыл жасама! Сенің кедергі, кесір, тосқауыл жасауыңа Иса Мәсіхтің атынан тыйым саламын! Иса Мәсіхтің атынан, әумин!

Себебі, шайтан сізге әртүрлі кедергі, кесір, тосқауылды қоя алады. Ол кедергілер: жұмыссыздық, білімнің жетіспеуі, қаражаттың жетіспеуі, мамандықтың болмауы, т.с.с. кедергілер себілген дәннен мол өнім алуымызға тосқауыл болады.

Жоғарыдағы дұға арқылы осы тосқауылдардың болуына біздер Иса Мәсіхтің атынан тыйым саламыз.

Егер де кедергі, кесір, тосқауыл пайда болған жағдайда Құдайға деген сеніміміз арқылы жеңіп шыға аламыз.

Иса шәкірттеріне былай деп жауап берді:

« - Құдайға сеніңдер! Сендерге шындығын айтайын: біреу мына тауға «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» деп, айтқанының іске асатынына жүрегінде еш күмәнданбай сенсе, сол өтініші орындалады.

Сондықтан, сендерге былай деймін: Құдайға сыйынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ».

Мр 11:22-24.

Яғни, бізге кездесіп тұрған кедергі, кесір «таудай» болғанның өзінде де Иса Мәсіхтің атын дұрыс пайдалансақ, жеңіп шыға аламыз.

«Бұларға қоса сенімдеріңді «қалқан қылыңдар», онымен шайтанның барлық «отты жебелерін өшіріп тастай аласыңдар;».

Еф 6:16.

Егер біз Құдай Сөзіне күмәнсіз сеніп тұрған болсақ, шайтанның отты жебелерінің ешқандай да зияны болмайды.

«Ал сенім дегеніміз – үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз сену».

Евр 11:1.

Дәнді септік, бірақ ешқандай өнімнің өсіп келе жатқанын көрмей тұрмыз. Дегенмен, мол өнімнің болатынына күмәнсіз сенуге тиіспіз. Себебі, біздің алатын өніміміз рухани деңгейде. Сондықтан рухани деңгейдегі болып жатқан құбылысты көре алмаймыз. Рухани деңгейде болып жатқан құбылыстың бәрін – Құдайдың кереметі деп атайды. Құдайдың кереметі тек сенім арқылы іске асады.

Наши рекомендации