Адамның табиғи ырғақтары. биоритмология
Биологиялық жүйелерде тіршіліктің барлық деңгейінде кездесетін оралымды құбылыстар біртұтас организмнің бірлестірілген әрекеті ретінде байқалады.
Негізгі табиғи құбылыстардың ішінде организмге оқтын- оқтын маңызды ықпал жасайтын тәуліктік ырғақ. Маусымдық оралым климатқа бейімделу әсерленістерін тудырады. Күннің оралымдығы жеке организмнің және олардың топтары мен популяциясының арнамалы бейімділісіне жағдай жасайды.
Қазіргі кезде биологиялық тербелістерді тексеретін ғылым саласын биоритмология немесе хронобиология деп атайды. Оның мақсаты- физиологиялық әрекеттердің ырғақты өзгерістерін, олардың реттелу ерекшеліктерін, организмнің бейімделу әсерленісіне маңызын, ауытқулы процестерге қатынасын зерттеу. Сонымен қатар ол тәуліктік, айлық және жылдық биологиялық оралымдарға сәйкес организмнің улы заттарға, дәрі- дәрмекке сезімталдығының өзгерісін анықтайды.
Биоритмологияның бірнеше салаларын жіктейді: хронофизиология, хронофармакология, хрономедицина. Олар биологиялық ырғақтарға байланысты арнамалы өзгерістерді тексереді.
Организм мен ортаның өзара қатынасына байланысты екі түрлі тербелісті қозғалысты бөледі. Біріншісі, сыртқы ортаның оқтын- оқтын болатын өзгерістеріне организмді икемдейтін тербеліс кезеңдері геофизикалық оралымдарға жуық, бейімдейтін ырғақтар немесе биоырғақтар. Екіншісі, физиологиялық немесе жұмыскер ырғақтар, яғни олар организмнің тіршіліктік жүйелерінің іс- әрекетін көрсететін тербелістер.
Ырғақты сипаттау үшін бірнеше қатар көрсеткіштерді: деңгей, кезең, шайқалым және кез қолданады. Деңгей деп бір биологиялық оралымның зерттеліп отырған мерзімі ішінде тіркелетін әрекеттің орта шамасын айтады. Ырғақтың кезеңін тербелістің белгілі уақыттағы толық бір оралымының ұзақтығы арқылы табады. Шайқалымды әрекеттің бір биологиялық оралымы ішінде максимальді және минимальді көрсеткіштерінің айырмашылығы ретінде есептеп шығарады. Уақыттың әрбір сәтіндегі тербелуші жүйенің жағдайын кез сипаттайды. Мұнда әрекеттің ең жоғары көтерілу кезі- акрафаза болып саналады.
Биологиялық ырғақтар 5 класқа жіктеледі:
1. жоғары жиілігі бар ырғақтар, тербеліс кезеңі 30 минутқа дейін созылады;
2. орталық жиіліктегі ырғақтар, ол 30 минут пен 28 сағаттың арасы, оның ішінде ультрадиандық – 20 сағатқа дейінгі және циркадалық (20- 28 сағат) ырғақтар;
3. мезоырғақтар.
4. макроырғақтар кезеңдері 20 күннен 1 жылға дейін.
5. мегаырғақтар, әсіребаяу ырғақ, кезеңдері ондаған немесе бірнеше ондаған жылдарға созылады.
Сонымен қатар ырғақтар биологиялық жүйелердің ұйымдастырылу деңгейіне сәйкес клеткалық, ағзалық, популяциялық болып тағы бөлінеді.
Қазіргі кезде биоритмология мен хрономедициналық зерттеулерде көптеген оралымды процестердің ішінде ерекше көңіл аударатыны тәуліктік және маусымдық ырғақтар. Бірақ биологиялық құрылымдар мен жүйелердің бәріне тән. Өйткені олар организмді қоршаған ортаның оралымдық өзгерістеріне икемдейді, биологиялық жүйелерді қажетті уақыттық негізінде бірлестіреді. Сондықтан организмнің біртұтас әсерленісінің ырғақты динамикасы байқалады (тамақтану, ұйқы- сергектік режимі, жыныс оралымы, қозғалыс белсенділігі).
Сыртқы жағдайлардың дәрежесіне байланысты ішкі (эндогендік) және сыртқы (экзогендік) ырғақтарды ажыратады.
Егер тыныштық пен белсенділік, зат алмасудың жеделдеуі немесе баяулауы сыртқы ортаның өзгерістеріне сәйкес келетін болса, оларды сыртқы ырғаққа жатқызады. Ал сыртқы тұрақты жағдайларда тіркелетін ырғақтар ішкі деп есептеледі (жүйке серпінісі, тыныс, пульс, қан қысымы, ой жұмыскерлігі, ұйқы). Егер ырғақтардың кездері тең болса, оларды лайықталған деп санайды. Қалыпты жағдайда көрнекі кезеңінің ұзақтығы 24 сағаттан көп өзгермейді, сондықтан тіршіліктің барлық көрінісінде олар бірдей болады. Ал бұл тіршіліктік әрекеттерде бірдей болмаса, онда лайықталмаған (десинхроноз) жағдай байқалады.
Десинхроноз ішкі және сыртқы деп бөлінеді. Ішкісі организмнің өз ырғақтарының ұйқастылығы бұзылғанда пайда болады. Мәселен, тамақтану режимі ұйқы- сергектіктің ырғақтарына сәйкес келмесе, адам тез шаршайды, ашуланшақ келеді, көңіл- күйі, тәбеті, ұйқысы бұзылады. Сыртқы десинхроноз биоырғақтары қоршаған ортаның кездері алмасуына лайықталмаса туады. Сонымен қатар десинхронозды жіті және созылмалы, айқын және жасырын, біркекі және алажаулы деп жіктейді.
Лайықталу құбылысы бір организмде ғана емес популяция құрамына кіретін бірнеше организмде де болуы мүмкін. Лайықталу ішкі және сыртқы түрткілерден туады.
Жануарларда лайықтағыштардың үстемдігі экологияға тығыз байланысты. Әсіресе, жетекші түрткі болып жарық мезгілі, судың тасуы қайтуы әсер етеді. Ал адамдарды басты орынды әлеуметтік жағдайлар, мәселен еңбек пен тынығу режимдері алады. Егер лайықтаушы агент ырғағының көрсетткіштері кейбір себептермен өзгеретін болса, онда лайықталушы құрылымдардың мерзімдік ырғағы қайта қалыптасады. Олар, шамалы кешігіп барып, жаңа жиілікке немесе кезге барады. Мұны ұзаққа созу мерзімі деп атайды. Ал енді лайықтаушы агент басқа лайықтаушыға алмаспаған кезде әрбір организмде жеке, еркін ағымды ырғақ пайда болады. Бұл ырғақ организмді оқшаулағанда туатын экстремальдық жауап ретінде шығады. Мұндай байқаулар адамдар ұзақ уақыт үңгірлерде немесе арнайы зерттейтін камераларда болғанда да анықталады.