Азақстанның экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдары

Экологиялық жағдай қазіргі уақыттағы күрделі мәселенің бірі болып отыр. Ол біздің елімізде де, әсіресе индустриялы, дамыған орталықтарда, соның ішінде ауыл шаруашылық аймақтарында да өткір түрде қойылуда. Табиғи қорларды тиімді пайдалануда, қалаларды, елді мекендерді көгалдандыруда, ұлттық парктер, көгалды аймақтар жасауда көптеген шаралар іске асырылса да, айналадағы ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік орын алып отыр.
Ауаның, судың, жердің ластануы салдарынан адамдардың өміріне және олардың өмір сүру ортасына зор қауіп төніп келеді. Көптеген индустриялы аудандарда айналадағы ортаның ластануы қажетті нормалардан асып түскен. Қазіргі уақытта табиғат және биологиялық орта тұтас алғанда бүкіл адамзат алдына кұрделі талап қойып отыр.
Біздің планетамызды барлық тіршіліктің өмір сүруіне тиімді етіп сақтау үшін табиғатты, оның байлығын тұтыну тәсілдерін түгелдей өзгерту қажет. Кезінде белгілі жазушы Л.Леонов: “Адам баласының алдында бүгінде бірінші кезектегі екі мәселе тұр: бейбітшілікті және табиғатты қорғау, екеуі де болашақ өиір сүрудің шарты” деген. Ал Ш.Айтматов: “Біз бүгінде өркениеттің шыңына жеттік, онда адам табиғатты тұтынушы ғана емес, сонымен қатар бағындырушы, жасаушы болады. Біз бүгінде оған тәуелді ғана емеспіз, ол да бізге тәуелді” – деп жазады.
Біздің республикамыздың табиғи байлық қоры мол. Бізде 48 мың көл, 85022 өзен бар. Өсімдік және жануарлар әлемі бай. Қазақстан жерінде 6 мыңға жуық өсімдіктің түрлері, сүтқоректілердің 172, құстардың 490 түрі бар. Осы байлықты тиімді түрде, аса зор қамқорлықпен пайдалануымыз қажет.
Су қорларын, қоймаларды сақтау – экологиялық проблеманың ең күрделі саласы болып табылады. Бұл әсіресе Арал теңізінің тағдырымен байланысты. Соңғы отыз бес жылдың көлемінде Арал теңізі 700 км3 су қорынан айырылды. Теңіз суының тұздылығы бір литрге шаққанда 20 грамнан асып түсті. Теңіз деңгейі 17 метрге төмендеп, жиектен жүздеген километрге қашықтап кетті. Жыл сайын 75 миллион тонна топырақ пен тұзды шаң ұшады. Ол барлық тіршілікті түбірінен құртуда.
Арал экологиялық апатты аймаққа айналды. Шаң мен топырақ Арал қаласын тұншықтырды. Оның халқының жартысынан астамы көшіп кетуге мәжбүр болды.
1960 жылға қарай Арал қандай болды? Ол КСРО – ның құрлықтық көлдері ішінде төртінші орын алған. Аралдың су қорын толтыратын Орта Азияның екі ірі өзені - Әмудария және Сырдария еді. Олардың суы өте нәрлі, егістікке пайдалы болатын. Арал теңізінен жыл сайын 450 мың тонна бағалы балықтар ауланды, миллион ондатра терісі алынды. Балықшылар қайығы мен жол қатынас кемелері – теңіздің көркі еді. Арал теңізі сол аймақтың ауа райына жағымды әсер еткен табиғатты реттеуші болды.
Алпысыншы жылдардан бастап, екі өзеннің суын егістікке пайдалану өлшеусіз, шамадан тыс қарқын алып, соның салдарынан теңіз суы тартыла бастады. Қазіргі уақытта олардың суы теңізге құймайды.
Теңіз суының сапасы нашарлап, көлемінің күрт кемуі өсімдік әлеміне кері әсерін тигізді. Бағалы ормандар, мал жайылымдары мен көгалды аймақтар жоғала бастады. Олардың орнын зиянды тұзды сорлар басты. Өңірді мекендеген 57 жабайы аңдардың 13-ақ түрі қалды. Арал теңізінен балық мүлде ауланбайтын болды. Жер тұзданып, оның өнім беруі тоқтады.
Бүкіл Арал аумағында іш ауруы етек алды. Балалардың өлімі Жапониядан 20 есе асып түсті. Қарын, бүйрек, бауыр аурулары адамдарды өмірлік мүгедекке айналдырды. Балалар ауруы болып тууда.
Чернобыль апаты 8 миллиардтан астам шығынға түсті, ал Арал – “үнсіз Чернобыль” зардабының шығыны одан әлдеқайда асып түседі.
Семей аймағындағы ядролық сынақ халықтың қайғысына айналды. Бұл аймақта бірінші рет 1949 жылы тамыз айында 16 мың км2 кеңістікті қамтыған жарылыс басталды. Ашық аудағы ядролық сынақ 14 жылға жалғасты. Осы кезкңде 500 ядролық жарылыс өткізілді. Ядролық техниканы сынаудың салдары: рак, катаракта, туберкулез, аллергия, екі басты, қолы жоқ, бүйрексіз балалардың өмірге келуі. Мұндай аурулар әрбір отбасын дерлік қамтыды.
Тек 1991 жылы тамыздың 29-ында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлық жариялаған соң, ядролық сынақ тоқтатылды.
1967 жылы Іле өзенінде Қапшағай су электр станциясы салынды. Қапшағай қойнауы суға толтырылды. Соның салдарынан Іле өзенінен Балқашқа құятын су мөлшері азайды. Кішігірім көлдерге су келмейтін болды, көбі құрғап кетті. Бұл аймақ түгелдей сортаңға айнала бастады. Балық аулау көлемі қысқарды.
Үлкен Алматы каналының салынуына байланысты, химиялық тыңайтқыштарды есепсіз пайдаланудың нәтижесінде егістік жерлер тұзданды. Арал тағдыры қайта басталды. Балқаш – Іле аймағының экологиялық жағдайы күрделі мәселеге айналды.
Республикамызда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30% -дан аспайды. Өндіріс сарқынды, шайма және қолданылған суларының әсерінен, Ертіс, Орал, т.б. өзендерінің суы, зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден әлдеқайда асып түседі. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы, тек 300 километрлік жол жүріп өткен соң ғана турбулентті және ламинарлы араласулар әсерінен жүзеге аса алады. Тіпті, бұл су көздерінің есте сақтау қабілеті де зақымданған. Қазіргі экожүйені қалыптастыру, ғылым мен техника жетістіктерін ендіру, осы мақсаттарға қаржы жұмсау мөлшері теңізге тамған тамшыдай...
Табиғат қорықтары, парктер өсімдіктер және жануарлар әлемін сақтауға мүмкіндік береді, сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғайды. Табиғатты қалпына келтіріп, байытудың маңызы өте үлкен. Ол үшін көгалдандару, бау-бақша өсіру, суқоймаларын жасау жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Ағаш отырғызу жұмыстың жартысы ғана, істің нәтижесі – оны өсіруде.
Табиғатты қорғау саласының бірі – экологиялық бақылау. Бұл бағытта бірсыпыра жұмыстар іске асырылуда. Республика блйынша облыс, аудан, қалаларда айналадағы ортаны қорғау, экологиялық бақылау мекемелері құрылды.
Адам мен табиғат арасындағы қайшылықты шешуді қоғам реттейді, оның қызметі – адамдардың санасын тәрбиелеу және олардың өзін қоршаған әлемді қорғауға бағытталған ынталы жігерін қолдау.

Наши рекомендации