Уық асты безден биопсия алу
Рак – міндетті түрде морфологиялық дәлелдеуді қажет етеді. Ол үшін жіңішке ине ультрадыбыстық қадағалаумен без ұлпасына кіргізіп, күдікті жерден шығынды сорып алынады да, ол шыныға жағылып, кептіріледі, боялады. Биопсия тік ішек және үрпі арқылы жүргізіледі (№9- сурет). Ашық биопсия қолданбайды. Үрпі арқылы жүргізілген биопсияда тек қана диагноз дәлелденбей, оған қосымша зәр жүру үрдісі қадағаланады. Қуық арқылы да биопсия жасауға болады, бірақ бұл өте мұқтаждық жағдайда: зәр жүрмей, пиелонефрит күшейгенде, қанда азот ұлғайғанда және қуыққа жыланкөз жасалынғанда қолданылатын тәсіл.
Тәжірибеде көбінесе тік ішек арқылыбиопсия тек бір жерден ғана емес, азында бес - алты жерден алынады. Асқыну аз кездеседі, егер ол болса тек қуық және үрпі жарақаттанады, содан соң гематоурия, гематоспермия, гематома болулары мүмкін. Жұқпа тарамау үшін антибиотиктер беріледі.
Кейде қуық асты безді ұқалау арқылы, оның сөлін алып, цитологиялық тексеру арқылы диагноз қойылады.
Рентгендік компьютерлік томография –қосымша тәсілдің бірі, ол арқылы ісіктің өсу сатысын, көрші мүшелердегі өзгерістерді анықтап, сәуле әдісін жоспарлайды. Ол үшін қуықты суға толтырады (200-300мл), тік ішекке контрасты затпен суланған жұмсақ зат енгізіледі. Осылай еткенде қуық асты бездің көлемі, пішіні айқын көрінеді. Бірақ рак екенін немесе аденома екенін ажыратпайды. Бұл тәсілдің құндылығы бөгелме ісіктерді табуында.
-
№9- сурет. Тік ішек және үрпі арқылы биопсия алу
Магнитті-резонанстық томография (МРТ),РКТ-ға қарағанда МРТ-ның көп артықшылығы бар. МРТ үрпінің және қуық асты бездің қуыққа ара-қатынасын айқын көрсетеді. Бұған қосымша жамбас бұлшық еттерінің, лимфа бездерінің, май қабаттарының, сыртқы тік ішек қыспақтарының ісікпен байланысын жан-жақты етіп көрсетеді. Қорыта айтқанда жамбас қуысындағы мүшелердің анатомиялық құрылысын анық білдіреді, әсіресе, ұрық көпіршіктерінің ісікпен өзара байланыстарын 50,0%-дан 97,0%-ға шейін анықтайды. Сондықтан бұл әдіс өте құнды. Егер қуық асты без антигені қанның сарысуында үлкен деңгейде болып, ал қалған диагностикалық тәсілдер (КТ, РКТ, УЗИ) теріс нәтиже көрсетсе, тек қана осы тәсіл мәселенің бәрін дұрыс шешіп беруге көмектеседі. Бұл әдістің арқасында ісіктің өсу сатысы, аймақтық лимфа бездердің және көрші мүшелердің өзгерістері дәл айқындалады, сөйтіп тиімді емдік бағдарлама жасауға толық мүмкіншілік туады.
Позитронды эмиссиондық томография (ПЭТ), қазіргі таңда ісік туралы ақпараттық, молекулярлық мәліметтерді түгелімен жан-жақты беретін рентгенологиялық әдіс. Келешегі мол диагностикалық құралдың бірі.
Экскреторлы урография - бүйрек қызметін және зәр ағардың өзгерістерін кеңінен анықтайтын әдіс. Осылардың бәрі ісік зәр ағарды қысқан кезде қажет болады, бұл кезде рентген сәулесін ұстап қалатын контрасты зат бүйректі, зәр ағарды, бүйрек қақпасын т.б. көрсетпейді.
Цистоскопия, қуық асты без рагында қосымша диагностикалық әдіс болып саналады. Ісік қуыққа көшсе, онда цистоскопияның нәтижесінде қуық қабырғаларынан өзгерістерді көруге болады және жалпы қуықтың, оның ішінде қуық мойнының бұзылғанын анықтауға болады.
Сүйектерге сцинтография жасау,қуық асты бездің рак ауруында сүйектерде бөгелме ісік болса, немесе оларға күдік туса, сонда сцинтография жасауға болады. Әдіс, әрине, қуық асты бездің антигеніне қарағанда өте қымбат келеді, бірақ диагностикалық құндылығы сәл жоғары.
Бұл тәсілді, қуық асты без антигенінің мөлшері 20 нг/мл-ден төмен болғанда қолданған жөн. Сүйектердегі бөгелме ісіктер: омыртқа, жамбас, сан т.б. жалпақ сүйектерде - остеобластикалық, остеолитикалық, немесе осы екеуінің аралас түрлі болып көрінеді.