Шақырған жерге бару керек.

Сендерді қонаққа шақырған адам сендерден басқа адам таппай қалған жоқ. Үйіне (мейрамханаға т.б.) қонаққа шақыру деген - үлкен құрмет, көңіл. Сол үшін шақырған жерге, тырыспай-қырыспай, шын жүректеріңмен барыңдар. Бара алмайтын жағдайда, бірнеше күн бұрын жағдайларыңды айтып, ескерткендерің жөн. Қонаққа барғанда елден ерекшеленіп баруға болмайды, ол жерде кімдердің болатынын білсең, сол болатын адамдардың деңгейімен санасқаның дұрыс. Қалай болса, солай баруға да болмайды. Ол сыйламағандық болып есептеледі. Қарапайым, өздеріңе қонымды, жарсымды таза киім киіп барған дұрыс.

Қонаққа барғанда да біреуді сынап отырғандай тымырайып отырмай, танымайтын адамдар болса, танысып, аты-жөніңді айт, қай жағынан туыс, не жақын болатыныңды да айтып қойғаның дұрыс. Осылай етсең, қолайсыздық тумайды. Ондай ортада тым ашық болуға да болмайды. Сырын білмес ортаға сырыңды айтпа. Біреулерді, әсіресе, жұмыс орныңдағы адамдар туралы сөз айтпа. Сенен біреулер туралы сұрап жатса,ол адам туралы жақсы сөз айтуға тырыс, не болмаса: «Иә, дұрыс адам, өз жұмысын біледі» деп, қысқа қайыруға тырысу керек. Оның қандай мақсатпен сұрап отырғанын сен білмейсің.

Қонаққа барғанда түк көрмегендей, асығып-аптығып тамақ ішпе. Асықпай, төгіп, ағызып алмай, тамақ же. Үй иесі, қонақтарының тамақты жегенін қалайды. Сонда үй иелеріне тамақтың өте дәмді болғанын айтып қойған дұрыс.

Қонаққа барғанда сөз бергенде ұзақ сөйлемеу керек. Көп сөз сөйлегенде, басқалар тамақ жей алмай қалады, тамақ суып қалады. Тақырыптан ауытқымай, үй иелерін дәріптеп, мақтап, келген қонақтармен бірге отыруларың үлкен қуаныш екенін айтсаң, жетеді. Өзіңді мақтама, басқалар мақтап жатса да, рақметіңді айтып, «болмасаң да ұқсап бақ деген ғой, Сіздерге ұқсасақ, сіздердей болуды арман етіп, сол жолда жүрсек, біз үшін (мен) үлкен бақыт» деген сияқты сөздерді айтсаң, өзіңе де жеңіл, қонақтарыңның да беделі артып, қуанып қалады.

Қызым, қонаққа барғанда елдің бәрі айтатын сөзді айтпа, «деніміз сау болсын, аспанымыз ашық болсын немесе т.б.» деген сөздердің жаттанды болғаны сондай, мәні де мағынасы да қалмаған. Алты жасар баладан бастап, еңкейген қарияға дейін сол сөзді айтамыз, қысқасы өзіңнің сөзің болсын.

Үйлену оңай, үй болу қиын

Біздің халық – дана халық. Еш нәрсені жай айта салмайды. Барлық сөздің негізі бар, «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөзде де үлкен мән бар. «Сүйдім-күйдім» деп, үйленіп алып, үй болуға еш дайындығы болмағаныдықтан ажырасып жататын жастар қаншама. Сонымен қоймай: «Біздің өз өміріміз, онда елдің шаруасы болмасын» деп жатады. Мүлдем дұрыс емес. Олай деп еш жақыны, еш тәрбие көрмегендер ғана айтуына болады. Ал балаларының тағдыры ата-аналар үшін немқұрайды қарайтын нәрсе емес. Ата-аналарың да жалғыз емес, олардың жақындары, таныстары, достары, дұшпандары бар. Сендердің ойсыз әрекеттерің үшін ата-аналарыңның нәсілі түсіп, жерге қарамасын. Сондықтан үйленуден бұрын үй болуды ойлау керек, үй болу деген өздеріңді өздерің моральдық жағынан да, материальдық жағынан да қамтамасыз ете алуларың. Шамаларың келгенше, ата-аналарыңа салмақ салмауға тырысуларың керек. Сендерді ата-аналарың өмірге алып келді. Бала өзінен өзі өсе салмайды. Оның қуанышы қаншама көп болса, қиындығы да одан аз емес. Оны айтпай-ақ қояйын, кейін өздерің балалы болғанда ғана түсінесіңдер. Сондықтан жастар үйленуге дайындықпен бару керек. Алдағы өмірін жоспарлау қажет. «Үйленмін, одан кейін қалай өмір сүремін, балалы-шағалы боламын, оларды қалай жеткіземін?» «Бәрін Құдай береді» деген жалған сөздің түкке қажеті жоқ, әрекет етпесең, Құдай ешнәрсе де бермейді. Әрекеттің басы – жас кезде, ата-анаң көмектесіп тұрған кезде жақсы білім алу керек, өмір судың ағысымен аға бермей, жас кезден өмірге бейімделіп, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, жақсы дос, жолдас тауып, қоғамдық жұмысқа араласып, оқып жүріп, прктикадан өтетін жерді ақылмен, есеппен, кейін болашағыма керек болады-ау деп, өзің іздестіріп, сөйлесіп, табуға тырысу керек. Ешкімге жүк артпай, өз проблемаңды өзің шешуге жас кезден машықтансаң, өмірің жеңіл болады. Оқып жүргенде: «Қандай баға алсам да, мейлі», деп немқұрайды қараған адам, кейін де солай өмір сүреді. «Неге мен төмен баға алуға тиіспін, мен кімнен кеммін? Жоқ, мен қалайда жақсы баға алуым керек, оқу мен үшін қазіргі ең көкейкесті мәселе, менің басқа жұмысым жоқ, ата-анамды тым болмағанда жақсы бағаларыммен, біліміммен қуантайын» деген ой болсын. Мұнда баға үшін оқы деп отырған жоқпын, жалпы күресе білуге, қолыңнан келетінді ала білуге, жете алатын жеріңе жете білуді дағдыға айналдырсын деп айтып отырмын.

Қызым, өзіңнің сүйген адамыңмен ашық сөйлес, сендер балалардың ойынын ойнайын деп отырған жоқсыңдар, сендер өмірдің жаңа белесіне аттағалы отырсыңдар, ерлі-зайыпты болып, мәңгілік бірге өмір сүруге барғалы отырсыңдар. «Үйленуге дайынбыз ба?» деген сұраққа екеуің де жауап беріп, дайын болсаңдар ғана, шешім қабылдаңдар. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының жеке-жеке миссиясы болады, соны нақты бөлісіп алған дұрыс. Еркектің жұмысын әйелі істеп, еркегі ерке боп жүргеннен құдай сақтасын. Күйеуің сені және балаларыңды асырай алатындай әл-ауқатты болсын. Ол үшін ең бастысы ақылы мен намысы болсын. Әйелінің тапқанын ішіп-жеп, масайрап отыратын еркектен құдай сақтасын.

Бар айтарым, қызым, өмір деген өте қиын жұмыс. Ол сенен тынбай еңбек етуді, шаршамауды, ауырмауды талап етеді.Ал ауырып, шаршап қалсаң, ол саған жұмысыңа шыға қой деп жалынбайды. Қала бересің... Содан кейін ішер асқа,киер киімге жарымайсың. Сондықтан әр кезеңнің тапсырмасын уақытында орындап отыруға тиіспіз. Жас кезде жан-жақты, терең білім ал, біліміңді өмірге қолданып үйрен. Білім деген өзіңнің мамандығыңнан басқа да толып жатқан нәрселер: қосымша тілдерді үйрену, шешен сөйлеуге үйрену, топ алдында пікіріңді айтып, қорғай білуге үйрену, қарым-қатынас шеберлігін меңгеру, тіптім сауда жасап та үйрнеу керек.

Одан кейін үй болғанда, барды ұқсата біл. Қазақ бабаң тағы да былай деген: «Мал таппайтын еркек жоқ, құрарын айт, ұл таппайтын қатын жоқ, тұрарын айт» деген. Бұл жерде ер азамат мал табу (дүние табу ) керек те, әйел соны ұқсата білу керек екендігін айтып отыр. Менің апам Қалбүбі айтатын «үй» деген сөздің өзіне қарашы, «үй, үйе бер» деген сөзден шыққан ғой. Мен осы үйге келін болып келгелі жарты ғасыр болды, содан бері осы үйге дүние кіріп жатыр, артық боп шығып жатқан жоқ. Бұл үйді ешқашан адам баласы толтыруы мүмкін емес, сондықтан, шырағым, қанағат керек, қанағат – қарын тойдырар, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызар» деп. Шешем Үтән екі күннің бірінде, өзі соншама берекелді, жомарт бола тұра біздерге: «Қарағым, тарта жесең тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең, нең қалар?» деуші еді. Адам баласында есепсіз дүние жоқ, есепсіз дүние Аллада ғана. Сондықтан келген мен кеткенді есептеп отыру керек. Ертеңгі күніңді ойламай, қазіргі тамағыңды ішпе.

Балам, тым астамшылық, артық ас, артық киім, артық дүние адамды қалыбынан тайдырады, соның қажеті жоқ. Жақсы өмір сүруге тырысу керек, бірақ шексіздікке ұмтылмау керек. Бір ғана өмірді береке-бірлікте, сыйластықта, адамдармен жақсы қарым-қатнаста өткізу керек. Өсек тыңдап, не айтып, түкке керегі жоқ көпіршік киноларды көріп, өміріңді өткізсең, ең аяныштысы сол болады. Жақсы өмір - өзің қуана білу, жұртты қуанта білу. Ұрыс-керіспен,түсінубеушілікпен өткен өмір - жанды егеулегендей, жанды бебеулеткендей өмір. Ондай өмірден саналы адам аулақ болуға тиіс.

Ер-азаматыңды сыйла, елдің көзінше ақыл айтып, жөндеуге тырыспа. Азаматыңды әрқашан қанаттандырып, мақтап, дем беріп отыр. Жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа бағыттап отырсаң, асыңды шын көңілмен беріп, ол келмей тамақ ішпеуді әдетке айналдырсаң, күйеуің әрқашан үйіне асығып тұратын болады. Келдің бе, кеттің бе демесең, келмей қалуға дайын тұрады. Әйел баласы – ер адамның ақылшысы, сабырға шақырушысы, бапкері, күтушісі. Ер азаматтың үсті басы таза болса, тозбай, тоңбай жүрсе, әйелінің жақсы болғандығы. Тұрмысқа шыққан соң күйеуіңе енді өзің иесің, сондықтан одан таза жүруді, саналы, болуды өзің талап етуге тиіссің.

Наши рекомендации