Лт-азаттық қозғалыс және ондағы пацифизмнің рөлі

1927 жылы ағылшын үкіметі Үндістанның келешегі үшін, оның саяси, әлеуметтік мәселелерін реттеу мақсатында арнайы комиссияның аттанғанын мәлімдеді.Үндістанның барлық саяси ұйымдары мен қайраткерлері бұл хабарламаны күдікпен тіпті әшкерелеумен қарсы алды.Ағылшындар осындай сөздерімен ғана осы елде қалуды мақсат етті.Үндістанның барлық саяси топтары әсіресе, ұлттық конгресс ағылшындардан өзін-өзі билеу құқығын беруді талап етумен болды.

Осыған орай 1927 жылы Конгресс өзінің жыл сайынғы Мадрастағы сессиясында Үндістанның тұтастай толық тәуелсіздігін жариялау туралы шешім қабылдайды.Бұл сессияда конгресс алғаш рет тәуелсіздік үшін аренаға шықты.Лахорда екі жыл өткеннен кейін тәуелсіздік Үнді Ұлттық Конгресінің негізгі ұраны мен кредосына айналды.Мадрас сессиясы партияаралық конференцияларды шақырды, олар қысқа өмір сүрсе де үнді қоғамында өте белсенді қызметтер атқарды.

1928 жылы ағылшын комиссиясы Үндістанға келді.Олар жалпыұлттық бойкоттарға тап болып, қайда барса да, мыңдаған адамдардың демонстрациясы мен қарсылықтары қарсы алды.Демонстранттар өздерінің лозунгтерін комиссия төрағасының есіміне байланысты «Саймон табаныңды жалтырат» деп атады.

Осылайша, 1930 жылға қарай елдегі тынышсыз жағдайлар алда болатын оқиғаларды күтті.Азаматтық бағынбау идеясы жүргізіле бастады.Үкіметтің жиналыстары мен кеңестеріне бойкот жарияланып, конгресс мүшелері одан шықты.26 қаңтарда бүкіл ел көлемінде сансыз жиналысқа қатысқан адамдар тәуелсіздікпен күресу жөніндегі арнайы ант қабылдады.Сондықтан да бұл күн әлі күнге дейін Үндістанда тәуелсіздік күні ретінде тойланады.Наурыз айында Данди қаласындағы теңіз жағалауында М.Гандидің тұз монополиясына қарсы шеруі өтті.

1930 жылдың сәуіріне қарай азаматтық бағынбау компаниясы үлкен күшке ие болды, барлық жерлерде тек тұз ғана емес, басқа да заңдар бұзылды.Бүкіл ел бейбіт шеруге көтерілді, оны басу мақсатында ағылшын үкіметі үстін-үстіне жаңа заңдар мен жарлықтар шығарды.Бірақ та, дәл осы жарлықтар одан сайын бейбіт түрдегі қарсыласу қозғалысының негізгі нысанына айнала берді.Әр жерлерде жалпылай түрде тұтқындау, айуандық түрде Латханың (металл мен бамбук ағашынан жасалған қару) көмегімен ұрып-соғу, бейбіт халықтарға оқ жаудыру т.с.с. көз көріп, құлақ естімеген жайттарға жол берілді.Конгресс мүшелерінің тұтқындалуы, прессалардың соңынан шам алып түсу, цинзура, түрмедегі адамдарды ұрып-соғу сияқты әрекеттер үйреншікті тірлікке айналды.Осындай қатігездік іс-әрекеттерге қарамастан, Ганди үнді халқының эмоциясы мен кек алуды қанға қан ұранына ұштастырғандарын дереу арада сабырлық танытуға шақырды.Ганди пацифистік ұранын арқау ете отырып, қанды қырғынмен ештеңенің түйіні шешілмейтіндігін ескертті.

«Менің ынтымақтаспау идеямның түбі – жеккөрушілікте емес, керісінше махабатта жатыр.Тұтастай алғанда ынтымақтаспау-қарсыласыңды жазалау не болмаса оған зиян келтіруге жатпайды.Менің ынтымақтаспау идеямның өзі – ең қас-жауымның өзімен ынтымақтасуды көздейді.

Нағыз ахимса (жанның пәктігі)қара дүлей күштерден толық еркіндікті білдіру тиіс, басқа да тіршілік иелеріне деген асқан мейірбандық пен бауырмалдықтың үлгісі болуы тиіс» деді Ганди.

Сондай-ақ, Ганди пацифистік ойын былайша жеткізеді: «Мен көздеген мақсатқа тез арада күшқолданып бару жолына сенбеймін.Нағыз жақсылық,шынайы қайырымдылық өтірік пен күшқолданудың нәтижесі бола алмайды; Мен қантөгіс немесе өтірік жолмен қол жеткен бостандықты – нағыз азаттық бейнесі деп санаймын.Шын мәнінде, «сатья»- мейірімділікті, махаббатты білдірсе, «аграха» нық сенімді сипаттайды.Мен сондықтан да өз ұлыма осы атауды беріп, кейін өзімнің басты ұраным етіп алдым дейді ұлы рух иесі.Жалпы, Гандидің сөзімен айтқанда, сатьяграха шындық пен махабаттан, және күшқолданушылықтан туған ұлы күш ұғымымен синонимдес сөз.

«Күшқолданбаушылық – адамзаттың құзырындағы ең құдіретті күш.Ол адамзат баласы ойлап тапқан осы күнгі ең қаратушы күштің өзінен де мықты.Маған адамдардың көрсеткісі келген құрметті болса.Ол - өз өмірлерінде менің іліміммен жүріп, соңына дейін күрессе деген тілегім бар деп Ганди адамдарды өз ілімімен пацифистік көзқарасына тартады.

Махатма Ганди өзінің өркениеттілік жобасына барлық нәрсеге сүйіспеншілікпен қарауды басты бағыт санаған – күшқолданбаушылық принципін осылайшы ұсынды.Ганди бұрын-соңды болып көрмеген ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің негізгі тәсілі- күшқолданбай мақсатқа жету әдістері мен тәжірибелерін енгізді.Ол Рамарадж (Рама-Вишину құдайдың жердегі бейнесі) жобасын-яғни жердегі құдай патшалығын» ұсынды.Оның ойы бойынша бұл жоба күш қолданбау (пацифизм) және мейірімділік принциптерінен тұрады.Бұл патшалықта іс жүзінде машина – техника өнеркәсібі, яғни, Гандидің сөзімен айтқанда, ауылдарды жоятын, жұмысшылардың құлдығын өрістететін, әйелдер мен балалардың арзан күшін пайдалану (эксплуатация), құдайға сенбеушілік, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізетін мыңдаған «жылан ұяларының» сұлбасы атымен жоқ.

Гандидің өзі «күшқолданбау цивилизациясының» жобасын қызу қолдап, оның келешектегі маңыздылығында жақсы түсінеді.Ол глобальдыдан локальды қақтығыстарды болдырмаудың ең оңай тәсілі – осы идея екенін шегелеп айтты.

Сонымен Үндістанның тарихында Ганди ұйымдастырған пацифистік – күшқолданбау компанияларының ұлт-азаттық қозғалыстың барысында үлкен маңызды роль ойнағандығын айта кетсек.Біріншіден жоғарыда айтылған, сатьягарха ағылшын, орыс тілдерінде «белсенсіз түрдегі қарсыласу деген мағынамен ұштасып жатты.Шын мәнінде бұл аудармалар сатьяграханың анықтамалық мағызын дұрыс аша алмады.Сатьяграханың көптеген түрлері болды, бірақ, олардың ешқайсысы белсенсіз түрде өткен емес еді.

Ең бірінші сатьяграха 1907 жылы Трансваль үкіметінің нәсілдік кемсіту заңына қарсылығы ретінде Оңтүстік Африка жерінде өтті.Ол бойынша айтып өткендей, ел аумағына кез-келген үнділік арнайы рұқсатнама алып, полицияның тіркеуінде болып және саусақ іздерін қалдыру шарт болатын. Бұл заңды өзгертудің жолы Ганди ойлағандай болмады.Бірақ та, алғашқы ұйымдастырылған сатьяграханың арқасында олар тіркеу заңына бағынбады, бұл әлем қауымдастығының соның ішінде Үндістан мен Англияның назарын өздеріне аудара білді.

Екінші Сатьяграха 1913 жылы өтті.Қозғалыстың кең көлемде етек жайып бара жатқандығы Оңтүстік Африкалық үкіметті ойландырып, оларды Гандимен келіссөздер жасауға, және «үнділердің жағдайларын жақсарту» туралы заңын қабылдауға мәжбүр етті.Гандидің Оңтүстік Африкадағы бұл сатьяграхасы өз жемісін берді.1915 жылы отанына оралғаннан кейін де Оңтүстік Африкадағы тәжірибені қолдануды мақсат етіп қойды.

Махатма Гандидің пацифистік ойлау дәрежесінің дамуына оның діни қасиетті кітаптарды оқып, олардың мазмұнын осы өмірде пайдаланып көру жоспарлары да өз әсерін тигізбей қоймады.

Ганди діни кітаптардың арасында Құранды оқып таң-тамаша қалды. «Мен құран, сондай-ақ, Таурат,Занд-Авеста,Грант Сахеб, жаңа өсиет кітаптарын оқыдым.Олардан алған ізгілік пен адамгершілік қасиеттерім менің күшқолданбаушылық (пацифизм) ойлау орбитамды кеңейте түсті дейді.

Ганди қасиетті кітаптардан басқа өзінің үш негізгі замандастарын ерекше қарастырып, өзіне солардың рухани еңбектері арқылы күшқолданбау идеясы дарыған деп есептейді.Оның бірі, өзінің отандасы, Гуджараттық, екіншісі- ресейлік, ал үшіншісі- батыс өркениетінің өкілі.Менің өміріме шынайы түрде үш замандасым –Райчандбһай; «Біздің ішіміздегі құдай патшалғы кітабымен Толстой; және «соңғы бейнелер» кітабымен –Раскин үлкен әсер етті» деп жазды Ганди.

Раджачандра Равджибхан немесе оны М.Ганди Райчандбһай (1868-1901) деп атады.Ол атақты ақын-мистик еді.Ол сол кезеңде Гуджараттағы іскерлік ортаның беделді өкілі болды.Бірақ, Гандиді қызықтырған оның іскерлік белсенділігі мен ақындық шығармашылығы емес, керісінше оның қасиетті жазуларды меңгерген терең білімі және өзін-өзі тануға ұмтылған мінсіз мінезі мен жалынды қасиеттері болатын.Ганди оны «ақиқатты іздеуші» деп атап мақтаудың жоғарғы сатысына қойды.

Гандидің сөзіне қарағанда Райчандһан оған индуизмнің шынайы тұстарын түйсінуге жол көрсеткен, ол Гандиге адам өз бойындағы менмендігін,өркөкіректігін тастамай, бостандықтағы адам бола алмайтындығы жөніндегі қағиданы да ұғынуына көмектескен.

Махатма Гандидің күресінің дамуына жол көрсеткен ресейлік ұстазы – Л.Н.Толстой.Гандидің өзі ол туралы: «Толстой менің күшқолданбаушылық пен пацифизм туралы махаббатымды одан сайын берік етті» деп жазды.Сондықтан да Гандидің Махатмаға (ұлы рух иесі) айналуына Толстойдың орны ерекше.Гандидің сөзіне қарағанда ол Толстойдың күшқолданбау (пацифизм) туралы ілімін біліп, оның көптеген идеяларын өзінің бойына сіңірген.Оның көкірегінде ізгіліктің шешуші түрде толысуына Толстойдың «Біздің ішіміздегі Құдай патшалығы» деген кітабы маңызды роль атқарды. «Шыншылдық пен турашылдықты ту еткен бұл кітаптың тәуелсіз сараптауының нәтижесінде барлық зұлымдық элементтері дірілдегендей болды» деп жазды Гнади.1909 жылы1 қазанда М.Гангди Л.Толстойға жазған хатында Оңтүстік Африкадағы үнділіктердің ауыр-тұрмыстарымен оларға қарсы қабылданған әділетсіз заңдарды баяндай келіп былай дейді: «Күрес әлі жалағсуда, қашан аяқталатыны бір құдайға ғана аян, бірақ, ол біздің бірқатарымызға күшқолданбай қарсыласу ең қатерлі зорлықтың өзі әлсіз жерде жеңуі тиіс» екенін көрсетті.Бұл хатында Ганди сол кезеңдегі Оңтүстік Африканы шулатқан «Үндіге хатты» тарату туралы рұқсат сұраған еді.

Гандидің бұл хатына дейін ол туралы ешқандай ақпарат білмейтін Толсой өзімен бірге ойлайтын адам бар екенін сезінді.Олардың араларындағы хат алмасу ұлы орыс жазушысының қазасына дейін тоқтамады.Ганди Толстойға өзінің «Үндіге хат» еңбегіндегі алғысөзімен «Үндістанның өзін-өзі басқаруы» атты кітабын жібереді.Толстой бұл кітапты өте жоғары бағалап, Гнадиді «ұлы үнді ойшылы және «ағылшын отаршылдығына қарсы күрескер» деп атады.Ал 1910 жылы 22 сәуірде В.Ч.Чертковке жазған хатында: «Ол біздің және менің ең жақын серігім» деп атады.

Ганди де өмірінің соңғы жылдарына дейін Толстойдың «серігімін», «онымен егіз ойлаймын» деп өзін ұлы орыс ойшылымен қатар қойды.

1942 жылы Ганди жариялы түрде: «Ресей маған Толстой секілді ұлы данышпанды беріп, менің күшқолданбаушылық идеяма алғышарт жасап берді» деп мәлімдеді.

Ал Д.Раскинге келетін болсақ, оның да социалды-саяси утопиялық идеялары ХХ ғасырдың басындағы Толстой мен Гандидің идеяларымен үндес болды.Өз автобиографиясында Ганди Раскиннің кітабы жөнінде былай деп жазды: «Менің түсінуімше Раскин кітабының мәні мынадай:Жалқы адамның қайырымды іс-әрекетінің нәтижесі жалпы адамдарға, олардың өмірлері, тұрмыстары,сана-сезімдері үшін өте маңызды.Сондықтан да біз әрқайсымыз жалпылар үшін өмір сүріп жатырмыз деп ұғынуымыз керек».

Осылайша ХХ ғасырдың басындағы осы үш ғұлама-палсафашылардың көзқарастары М.Гандидің «күшқолданбай күресу» идеясын жаңа сипатта толықтырып шығарды.

Жоғарыда айтып өткендей,Ганди басшылығындағы күшқолданбау компаниясы Үндістандағы ағылшын имперализіміне қарсы бағытталып, 1919 жылы қабылданған заңды айыптау мен әшкеренің астына алды.Бұл заң ағылшын судьясы – Роулеттің бастамасы мен жасалған еді.Сондықтан да тарихқа «Роулет заңы» деген атпен енді.Заңда атап көрсетілгендей, елде төтенше жағдайлар енгізіле қалған жағдайда ганди «Сатьяграхалар антын»

жазып, «Сатьяграхалар одағын» құратындығын мәлімдеді.Елде заңның функциялары жүзеге асырылуына байланысты Ганди де мәлімдемесін іске асырды.

Гандидің бағдарламасы 1920 жылы Калькутта қаласында Үнді Ұлттық Конгресінің сессиясында бекітілді.Осы жылы Гнадидің өзі жасаған жаңа устав қабылданып, ендігі жерде Үнді Ұлттық Конгресінің сессиялар арасындағы қызметін реттеп отыратын жоғарғы органдары – жалпыүнділік комитет және жұмысшылар комитеті құрылды.Гандидің Үндістанның өзін-өзі басқаруы үшін күрес әдісі ретінде жасап шығарған жалпы ұлттық күшқолданбай күресу ұраны Үнді Ұлттық Конгресінің ресми идеологиясына айналды.

Ендігі жерде Ганди Үнді Ұлттық Конгресінің рухани жетекшісіне айналды; үнді халықтарының ресми түрде мойындалған көсемі Ганди күшқолданбай қарсыласу революциясын мемлекетті британ үстемдігінен азат ету аясында бастап жіберді.Күшқолданбай қарсыласу (пацифизм) қозғалысының алғашқы сатысы – шетелдік басқыншылармен ынтымақтаспау болды.Оның сөзіне қарағанда, «ынтымақтаспау»-бұл қоғамдық көзқарастарды жинақтаудың ең ыңғайлы әдісі; «ынтымақтаспау» - бұл тәртіптік өлшем, және құрбандық, сондай-ақ өзіндік позитивті көзқарастарыңа құрметпен қарауды талап ету; «ынтымақтаспау» - бұл ағылшындарды бізбен байланысудан сақтайтын және олармен ынтымақатспауға бағыттайтын, сондай-ақ, оларды Үндістаннан кетіруді мақсат тұтатын қозғалыс.

Ганди үнділіктердің тәуелсіздігі жарияланып, ағылшындар елді толық тастап кеткенде ғана Үндістанның ахуалы жақсаратындығына көзі жете түсті.Ағылшындарға қарсы күрестегі әділдігі мен шыншылдығы Гандидің үнділіктер алдындағы беделінің тез өсуіне алғышарт жасады.Оның саяси қарсыластарының өзі Гандидің уақыт өткен сайын атақ-даңқының қанат жаюына таң қалысты.Уинстон Черчиль ол туралы былай деді: «Бұрын шығыстың жарым-жартылай жалаңаш юристі вице-король сарайының алдында үлкен қауымды жинаған шерулерге мұрындық болып еді, енді ол уақыт өткен сайын корольдың өкілдерімен терезесі тең дәрежеде келіссөздер жүргізе бастады».

Гандидің жарты ғұмыры іс жүзінде сварадж орнату үшін яғни өзін-өзі билеу құқын алуға ұмтылған сатьяграхаларды ұйымдастырып Үндістанның егемендігін алу жолына бағытталды.

Ганди қызметінің ең негізгі бөлігі әлеуметтік теңдіктерді орнатуға да бағытталған еді.Сварадж бен әлеуметтік теңдік үшін күрес бір-бірімен тығыз байланысты болды.Сондықтан да Гандидің ықпал етуімен Свараджға жету жолындағы азаматтық бағынбау ұраны аясында Үндістан Ұлттық Конгресі өзінің бірінші революциясында «өзгелерге жақындай алмаушылық» институтын жойды.

1922 жылы жалпыүнділік бірінші сатьяграха тоқтатылған соң Ганди әлеуметтік мәселелерді шешудің түрлі бағыттарын ұсынды: үй шаруашылығында тоқыма өндірісін дамыту, үнділіктердің касталық сословиесіндегі «өзгелерге жақындай алмаушылық» дәстүрімен күрес, сондай-ақ, үнді-мұсылман бірлестігін ынтымақтастыққа шақыру.Нақ осындай іс-шаралардың арқасында Ганди халықтық әл-ауқаты артып, азаматтық сана-сезімдері өсетіндігіне кәміл сенді.Ганди өз бағдарламасын қызу жақтады.Үй шаруашылығында тоқымашылықты дамыту Үндістанның әлеуметтік өміріндегі көптеген қордаланып қалған мәселелерін әсіресе бірінші кезекте оның Англиядан экономикалық тәуелсіздігін шешеді деген сенімде болды.Ганди былай деп жазды: «Мен өз сенімімді жүн, мақтамен байланыстырдым, тек жүн-мақта ғана Үндістанның кедейлігі мен құлдығын жояды.Келешекте Джавахарлалдың тәуелсіздікті жеңіп алуының ең басты көмекші тетігі осы жүн-мата болады» деген сенімді болжам айтты.

Ганди өз үндеулерімен «өзгелерге жақындай алмайтындарды» кемсіту (дискриминация) дәстүрін жойып қана қойғысы келмеді.Ол «өзгелерге жақындай алмаушылық» институты үнділіктердің бірлікте болу принциптеріне қарама-қайшы келетіндігін дәлелдегісі келді, сол арқылы үнді қоғамын «өзгеге жақындай алмайтындар» да басқа үнділіктер сияқты тең құқылы деген принципке дайындады.

Гандидің «өзгелерге жақындай алмаушылыққа» қарсы күрсеі діни негізді де қамтыды: Ганди «ең алғашқыда табиғат ана барлық адамдарға оның кастасына,нәсіліне, этникалық және діни сипаттарына қарамастан, тең құқықтық дәреже берген» деді.Осыған байланысты ол өзін және «өзгелерге жақындай алмайтындарды «хариджандар» яғни «құдайдың ұлдарымыз» деп атады.

Ганди хариджандарды кемсітуге бағытталған іс-шараларды жою үшін мынадай игі бастамалар жасады: ол хариджандарды өз ашрамына кіргізді, олардың мұңын, қайғысын бөлісті, «үшінші сорттағы адамдармен бір вагондарда жүрді, сондай-ақ, олардың құқықтарын қорғау мақсатында аштық жариялады.Ол қоғамда хариджандарды оқшауланған аймақтарға қоныстандыруға (резервациялау) үзілді-кесілді түрде қарсылық білдірді.Өзінің конструктивті бағдарламасын жариялай отырып Ганди оның орындалуын қамтамасыз еткен «Чарка Сангк» және «Хариджан Севак Сангкх» деген ұйымдардың құрылуына мұрындық бола білді.

Ганди ел ішіндегі «өзгелерге жақындау алмау» дәстүрін түп-тамырына дейін жоя алмады, және осындай толық аяқтай алмаған әрекеттері үшін өзін қатты жазғырды.Бірақ, сонда да, оның үнді қоғамында осындай теріс дәстүрлерді жоюға ұмтылған, тіпті осы салада бітірген тірліктерін теріске шығаруға да болмайды.Гандидің қажырлы еңбегі мен сүбелі үлесінің арқасында кейін қабылданған Үндістанның алғашқы Конституциясы «өзгелерге жақындай алмайтындарды» кемсітуге біржола тиым салатын заң қабылдады.

Ганди – күшті адамгершілік идеалға айналған тұлғаға айналды.Ол халықты күреске шығарып қана қойған жоқ, ол халықтың зорлығына зорлықпен жауап қайтарылған тұста да бұқараны лезде тоқтата білді.

Күшқолданбау принципіне ерекше мән берген Махатма Ганди сол кезеңде Сатьяграханы белсенсіз қарсыласу деп атауға келіспеді.Оның сөзіне қарағанда, ол азаттық жоқ жерде белсенді күреске шақырды. «Мен насихаттап жүрген күшқолданбау ұраны (пацифизм) бұл ең күштілердің күшқолданбай күресуі болып табылады» деп жазды Ганди. Ол күшқолданбау тек күрестің негізгі рөлі ғана емес, сондай-ақ халықты ұйымдастырудың ең озық формасы деп түсінді.Нақ осы жерде ол өз идеясының сол кезеңде 20-30 жылдарда Үндістанның революционер жастары ұйымдастырған террористік саясаттарынан оқ бойы озып тұрғанына көзі жетті.Ол тікелей өз ілімін марксизмге қарама-қарсы қойды.

Ганди өз өмірінің көп бөлігін әлеуметтік әділеттіктерді орнатуға арнады.Саяси қызметінің басталып жатқан тұсында оның назарын Ресейдегі 1905 жылы бірінші орыс революциясы бірден өзіне аударды.Ресейдегі Қазан революциясынан кейін Ганди былай деп жазды: «большевиктердің негізгі идеясы сансыз адамдарды құрбан ету арқылы билікке келу болып табылады, әйтсе де сол құрбан болған-ерлер, әйелдер т.б. сол идея үшін бастарын бәйгеге тіккен жоқ па? Бірақ та, мұндай ұлы рухтарды құрбан еткен идеяның еткен еңбегі зая кетпеді».

Ганди өз ілімінің социализм идеяларымен ұқсас тұстарын жоққа шығармады.Өз ілімі мен социализм идеясының арасындағы ең басты айырмашылық оның мақсаттарында емес, ішкі бөліктерінде деп білді.Ол көптеген үкоммунистердің азаттық үшін күрестерін бағалап,әйтсе де олар Үндістанға «өзін-өзі аяқтамаған социализмнің орыстың үлгісі яғни «сталиндік типін» қалыптастырмақ деп айыптады.

«Социализм – тамаша сөз, менің білуімше социализм кеңістігінде қоғамның барлық мүшелері тең құқықты.Мұндай социализм кристалл сияқты тап-таза.Сондықтанда ол өзінің қалыптасуында кристаллдай таза сипатта болуы тиіс.Таза емес сипатта болса оның түбі – лас нәтижеге апарып соқтыруы

мүмкін.Менің ойымша, әлемде бірде-бір шынайы түрдегі социалистік ел жоқ» деп жазды 1947 жылы Ганди.

Ганди большевизмді таптық күрес нәтижесінде күшпен енгізілген социалистік идеялардың жиынтығы, сондықтан да оның ғұмыры да қысқа болмақ деген тұжырым айтты.Ганди өзінің күшқолданбау яғни пацифистік революциясын социалистік идеяларды тәжірибеде қолданған большевиктік идеяларға жиі қарсы қойды.Ганди большевиктердің соның ішінде, әсіресе, сталиндік режимді қатты айыптаса да 30-40 жылдары Ресейде халықтың мұң-мұқтажына алаңдайтын адамдардың бар екеніне көз жеткізді.Фашизммен соғыс жылдарында ол КСРО-ны қорғау позициясын қолдады.Ганди: «Егер де Ресей жеңіліп қалса, мына әлемде кедейлерден кім қалмақ? Ресей жеңілмеуі тиіс» деді.

Ганди теоритик болып қана қоймай өз ойларын, тұжырымдамаларын хаттарда, памфлеттерде, кітаптарда өте түсінікті түрде ашып көрсетті.Оның ең маңызды еңбектері: «Хинд сварадж»; «Оңтүстік Африкадағы сатьяграха», «Ақиқатпен тәжірибе алмасудағы менің тарихым («Менің өмірім»), «Конструктивті бағдарлама», «Гита туралы әңгіме».

Ең алғашқы жұмысы 1910 жылы Үндістанда басылып, артынша ағылшын үкіметінің цензурасынан «сүзіп алынды», ең соңғысы өмірінің ақырғы жылдарында жарық көрді.Ганди барлық еңбектерінде капитализмнің эксплуаторлық (арзан жұмыс күшін пайдалану) жүйесін ашық түрде айыптады.

Ганди Батыста жүзеге асырылып, сол кеңістікте дамып келе жатқан капитализмнің қанаушылық атрибуттарын сынға алды; «Капитализмнің ғұмыры мәңгі емес,бірақ, мың құбылатын капиталистер мәңгі жасайды» деді Ганди.

Ганди тек рухани тазару көп мөлшердегі аадамдарға күшқолданбау принципін тез үйренуге әсерін тигізеді, сондай-ақ, табиғаттағы соғыстар және халықтар арасындағы аймақтық (локальдық) соғыстарға балта шабады деп есептеді.30 жылдары ганди өзінің саяси қызметінің маңызы мен мәнін былайша баяндады: «шындық» және «күшқоланбау» сөздері бұл тау, су сияқты ежелден келе жатқан ұғымдар.Мен барлық істеп үлгергенім – осы екі қасиетті ұғымды кең түрде өз бойыма сіңірруге тырыстым.Мен тек өз жолыммен мәңгілік шындықты күнделікті өміріміз бен мәселелерімізге қолданып көруге тырыстым».Сондай-ақ, Ганди өз ілімінің адамзат баласы үшін қандай сұранысқа ие болғандығын да мақтаныш етті.1925 жылы «американдық досыма хат» деген хабарламасында: «Мен өзімнің өсиеттерім мен әдістерімнің әлемді қалыптастыруда ерекше орынға ие болғандығын қазір нық сеніммен айта аламын» деп жазды.

Ал 1937 жылы өзге европалық корроспондентке жазған хатында былай деп жазды: «Менде жер шары халықтарының шындық пен күшқолданбаушылықты қатар алып жүрсе екен деген тілектен басқа ештеңе жоқ».

Өмірінің соңғы жылдарында Ганди халықаралық мәселелерге көп алаңдаушылық білдірді.Оның терең тұжырымды пікірі бойынша адамзат алапат апаттардан тек күшқолданбау (пацифизм) тәсілі арқылы ғана құтыла алады.Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен, «қырғи-қабақ» соғысы өрши түсті, әлемнің әр түкпірінде түрлі жаңа шиеленістер мен қақтығыстар пайда болды, ал Ганди осы кезде қарусыздануды (демилитаризация) бірінші кезекке қойып, адамзат санасы ақыры халықтар мен олардың билеушілерінің бойында оянып, күшқолданбау принциптеріне көшеді деп есептеді.Махатма ганди өзі туралы: «Менің өмірім – бұл адамдарға менің қалдырған өсиетім» деген ой айтты.Бүкіл өмірінде ол күшқолдануға тіпті ең жоғарғы идеялар үшін де қару алып жүгіруге болмайтынын дәлелдеуге тырысты.Дәл осы өзі салған ізгі жолмен жүргендігінің арқасында өзінің еліне бостандық мәртебесін әперіп, тәуелсіздіктің кілтін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды.

Наши рекомендации