Тақырып. Мәтін түрлері, ақпараттық мәні

Мақсаты: Мәтін құрылымы туралы түсінік беру. Мәтінді аударудағы түрлік ерекшелігінің сипатына тоқталу.

Кілт сөздер: . Мәтін реттілігі, мәтіндегі ақпарат, ақпарат түрлері.

Астарлы мәтін ақпараты. Ол тек сезіледі. Бұл ақпарат сөзде айтылмаған астарлы ойдың болуы қабілетінің арқасында туады.

Жоспар:

1.Ресми-іскерлік мәтіндер.

2.Қоғамдық-ақпараттық мәтіндер.

3.Ауыз-екі сөйлесу мәтіндері.

Аударматануда мәтіндерді талдау арқылы аудармашы қолға алған мәтінді бір немесе әр түрлі тіл құралдарының қолданылуына, сол сияқты олардың белгілі бір стильге жататын функционалдық-стильдік қырларының өткерілуіне және сол стильдің нышандарының мәтінде актуальдануына қарай әр түрлі түрде жіктелетінін көрсетуге болады. Аудармашылық қызметте актуальданатын мәтіндерді ең алдымен мәтіннің бір тілде немесе екі тілдің қатысуымен құрастырылу критерийі бойынша жіктегенде, бастапқы және аударма мәтін бөлінеді. Бастапқысына – айтылым, мәтін авторы мен ауызша не жазбаша формадағы заттанған еңбек түріндегі айтылымды қабылдаған аудармашының арасындағы коммуникацияның бірінші кезеңінде актуальданған түсінік пен айтылым үдерістерінің өнімі – мәтіндер жатады. Аудармашы бастапқы мәтінді қабылдау үдерісінде бірінші тілдің дыбыс сигналдарын танып, оны жадыдағы эталонмен салыстырады. Одан соң мағыналық қабылдау деңгейінде түсінген сөз бен сөйлемді дыбыстық тіркелім ретінде пайымдайды. Мәтінді мағыналық қабылдау кезінде аудармашы автордың идеясы мен ойын білдіретін концептті түсінуге тырысады. Концепт ең басында дыбыстық формасын тану деңгейінде түсініледі, одан соң оның тура және жанама мағынасын, қосымша менталдық ойын, контекстпен салыстыру арқылы астарын, бүкпе мәнін таниды. Аударма мәтін бастапқы мәтіннің проекциясын білдіреді. Мәтіннің проекциясы - рецепиенттің мәтінді мәнді түрде қабылдаудың өнімі. Ол автордың мәтініне жақындайтын мәтін проекциясы [Залевская, Каминская, Медведева, Рыжкова, 1998,35]. Мәтіннің проекциясы бастапқы мәтінді интерпретациялау және оны аударма тілінде мәтін кодына түсіру үдерісінде аудармашының делдалдық қызметі арқылы, автордың интенциясын жүзеге асырады. Белгілі бір функционалдық стиль нышандарын өткеру және атқарылған функциялар (хабар, араласу және әсер ету) критерийі бойынша келесі мәтін типтері бөлінеді: 1) ғылыми мәтіндер. Олар әлдебір ғылыми факт туралы хабар береді. Бұндай мәтіндерде ғылыми фактілер туралы ақпаратты жүзеге асыратын хабарлау қызметі орын алады. Осындай мәтіндерде ғылыми болжам баяндалып, белгілі теориялар делелденіп, мәселелер қарастырылады. Мұндай мәтіннің қатал құрылымы және қатал композициясы болады. Ғылыми мәтіндер ауызша немесе жазбаша түрде өткеріледі. Оларда мазмұн логикалық қисынды, нақты, бірізді және дәлелді түрде беріледі, заттардың нақты аталуы сақталады.

Ресми-іскерлік мәтіндер.Олар жазбаша түрде болады. Әрбір мәтін құжат сипатында іске асырылады, сондықтан мұндай мәтіндерде айтылу тәсілдерінің қатаң стандарттары сақталынады. Ондай мәтіндердің басты ерекшелігі – стандарттылығы, сезім нышандарының болмауы. Бұл мәтіндер саяси, мемлекеттік, дипломатиялық, коммерциялық, қаржы, заң құжаттары түрінде болады.

Қоғамдық-ақпараттық мәтіндер. Олардың басты мақсаты – хабарлау және волюнтативтік (әсер ету функциясы) қызметтерді жүзеге асыру. Мұндай мәтіндердің мазмұнына БАҚ арналары арқылы өтетін ақпарат енеді. Бұл ақпарат оқырманға әсер етуге арналған. Мұндай мәтіндердің басты қыры – эмоциялық бояуының болуы.

Көркем мәтіндер. Олар екі – әсер ету және эстетикалық функцияны атқарады. Осы мәтіндер суреттеу және әңгімелеу формасында беріледі. Олардағы тіл құралдарының функциясы айқын, суреттелуі бағалы.

Ауыз-екі сөйлесу мәтіндері. Қарым-қатынас функциясын атқарып, тұрмыстық салада қолданылады. Ауызша диалог формасында өткеріледі.

Діні мәтіндер. Хабарлау және әсер ету функциясын атқарады, киелі адамдардың тұрмыс тіршілігін әңгімелейді, уағыз, канондық мәтіндер түрінде ауызша және жазбаша формада өткеріледі.

Осындай мәтіндер К1- мәтінтудыру әрекетінің нәтижесі болып бастапқы мәтін және аударма мәтіні ретінде қалыптасу үдерісінде аударманың кызметтік сипатын, оның мәдениетаралық коммуникациямен ара қатысын көрсетеді.

Наши рекомендации