Пайдаланылған әдебиеттер

1. Жұмабаев М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989. - 448 б.

2. Күлеев Б. Айтшы, ақ қайың. - Алматы: Жазушы, 1969. - 324 б.

3. Эллис. Русские символисты. - Томск: Водолей, 1991. - 288 с.

Дәріс № 23-24

Тақырыбы:Ұлттық дүниетаным және поэтикалық тәжірибе

Жоспары:

1. Көркемдік сана

2. Тарихи-әдеби процесс

Тірек сөздер:поэтикасыз поэтика, стиль мен жанр поэтикасы, авторлық поэтика.

Авторлық поэзияда дәйекті, даусыз даралықтың таңба-тіні айқын танылғанға дейін бір шығармадан басқа шығармаға емін-еркін көшіп жүретін кейбір көркемдік кестелердің, тіпті басы бүтін шумақтардың жиі жолығысып жататындығы қалыпты құбылыс. Бір ғана мысал:

Мақтанба малым бар деп бағыңызға,

Бағыңыз тұрса жақсы тағыңызда.

Санынды аузыңды ұстап бір соғарсың

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Шал ақын.

Мақтанба басыңызда бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Сізге де сорлы болу қиын емес,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Жаяу Мұса

Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Ыбырай Алтынсарин.

Үш алуан ақынға тиесілі болуына және әрқилы сәт-себепкеқарай пайдаланылуына қарамастан бұл шумақтардың арасындапәлендей айырым аз. Бөлек-бөлек адресатқа бағышталса да, мотивпен мақсат ортақ - бәз-баяғыша өмірдің өтпелі һәм өзгермелі екендігін тағы бір ескертіп қою. Сонда бір енеден туғандай әлгі ұқсастықтардың құпия-қалтарысы мен мағына-мәнісі неде? Бұл, бәлкім, бастапқыда жинаушылардан кеткен шалағайлықтың көрінісі шығар? Әлде анау айтқандай әдеби ұрлықтың басыбайлы белгісі ме? Әңгіменің ашығы, бұл ретте біреуге жөнсіз жала жабуға ешқандай дәлел-дерек те, сүйемел-сүйеніш те жоқ. Жауап жалғыз-ақ: Шал ақынның да, Жаяу Мұсаның да, Ыбырай Алтынсариннің да өнеге-өсиет сөздері дап-дайын «қолда бар қалыпқа құйылған» /Қ.Жұбанов/.

Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын провансалистиканың, яғни ортағасырлық трубадурлар поэзиясының білгірі Фридрих Диц аяқ астынан: «Бүкіл провансальдык әдебиетті бір-ақ ақынның шығармашылығы деп қабылдауға болады» - деген пікір айтты. Оның бұл тосын байламын толық қостап-қолдаған П.Мейер, Г.Парис, А.Жанруа секілді зерделі зерттеушілер трубадур ақындардың ұзын саны 500-ге жетіп жығылатындығынан бейхабар болмағандығы аян. Ендеше, куртуаздық лириканы мың түрленткен мұншама қалың топтың бір ақынға балануы неліктен? Қалай болғанда да, олардың туындыларын туыстырып, әрі тұтастырып тұрған қайсыбір ортақ белгі-бедерлердің көзге айқын көрінгені сөзсіз. Тіпті бәзбіреулер мұндай бірізділікті мансұқтап, трубадурлардың махаббат жырларындағы көркемдік қайталауларды - «ұқсас жерлерді» жауырлықтың, жаттандылықтың дағдысына теліді.

Бүкіл жер жүзілік әдеби дамуға ортақ заңдылықтарды зерттеп-зерделеуші ғалымдар көркемдік сананың үш түрін ажыратады:

1. Архаикалық немесе мифтік-поэтикалық сана (поэтикасыз поэтика);

2. Дәстүршіл немесе нормативті сана (стиль мен жанр поэтикасы);

З. Дара шығармашылдық немесе тарихи сана (авторлык поэтика) .

Көркемдік сананың қай сатысы да белгілі бір тарихи дәуірдің мазмұнын айғақтайды және соған сәйкес поэтикада көрініс табады. Әлбетте, дәстүршіл көркемдік сана - мағрыптың да, машрықтың да мәдениетіне етене феномен. Батыс ғалымдары еуропалық өркениеттің өсіп-өну және өркендеу белестеріне қатысты қарастырғанда, оның антик, ортағасырлық, қайта өрлеу, классицизм, барокко кезеңдерін жеке-жеке саралап-салмақтайды. Осы орайда біздің көшпелілік салт-сананың да әлемдік дәстүршіл дүниетаным мен дүние сезімнің сапында иемденетін орны оқшау.

Жұмыр басты пенде бертінге шейін тарихты циклді процесс, айналмалы қозғалыс деп түсінді. «Бұл - адамзат және оның тарихы үздіксіз қозғалыс үстінде болады деген сөз, бірақ бұл қозғалыс әрқашан өзінің бастапқы нүктесіне қайтып келеді. Сол себепті де бүкіл адамзат өмірі бір орында тапжылмастан тұрғандай әсер туады» . Міне, осы таным дәстүршіл санаға көркемдік таңбасын түсірді. Тілдік тұрғыдан қарағанда, жыраулық поэзиядағы констатациялардың (ой-тұжырымдардың) көбіне етістіктің шақ категориясына бейтарап, тоқтаусыз болып тұратын қимыл-қозғалысты білдіретін -ар жұрнақты есімше тұлғасымен немесе -ады тұлғалы ауыспалы шақ етістікпен берілуі түрлі қайталауларды, соған сай тұрақты формулаларды тудыруға септігін тигізеді. Бір жағынан, «бұл тәсіл әдеби айналымға көптеген сөздерді қатыстыруға және түрлендіріп отыруға мүмкіндік бере бермейді». Олай болса, ұқсас яки «сәйкес ситуацияларды ақын-жыраулардың дәстүрлі қалыппен құйып отырғандығын» аңғару қиын емес. Мұның өзі дәстүршіл әдебиет поэтикасында автор емес, жанр мен стилъ категорияларының бірінші кезекте болатындығын көрсетеді.

Қазіргі талғам бойынша «бірі жамау, бірі құрау» көрінетін канондық өлең клишелері бағзыда туындылар мен тыңдаушыны өзара түсіністіріп-табыстыратын «жеңгетайлық» жоралғыны атқарған, сөйтіп рухани тепе-теңдік пен тұрақғылықты қамтамасыз қылған. «Көркемдік бейнелеудің дәстүрлілігі оқырманды не тыңдаушыны керекті арнаға түсіріп отырды. Қандай да болсын дәстүрлі формулалар, жанрлар, тақырыптар, мотивтер, сюжеттер оқырманның белгілі бір көңіл-күйін оятуға арналған сигнал қызметін атқарды. Р.Бердібаев та айтады: «Қазақ эпостарында ұшырайтын сөз қайталаулары, эпикалық аңыздауларға ортақ өрнек болып табылатын формулалықтың бір тобы - қысқаша тілдік тіркестер, тұрақты эпитеттер мен теңеулер... Бұлар жыр көлемінде әлденеше рет қайталанып келіп отырады, эпикалық бейнелеудің күрделі бөлігі болып табылады. Жыршы, жырау, ақындар бұл тәрізді дәстүрлі баламалардың жүздеген нұсқасын жатқа білуі олардың эпос оқиғасын қажет жерінде өзінше баяндап, еркін көсіліп кетуіне мүмкіндік берген. Өйткені мұндай теңеулер халық құлағына ежелден қанықты, жатық естілетін, ешкімнің «жеке меншігі» емес, кімде-кім қисынын тауып, іске жаратуға да хақылы, үйреншікті сөздер болып есептелген». Бұл - бойжеткен заманның байқау-байламдары. Ал дәстүршіл әдебиет дәуірінің өз ойшылдары мұны қалай қабылдады? Олар дәстүрге адалдықты, үлгі-үрдістен айнымауды қуаттады және поэзияны осы өлшемнің ауқымында бағалады. Мысалы, араб ғұламасы әл-Асмағи /ҮШ-ІХғ.ғ./ шайырлықтан шын үміткер шәкірттерге төмендегідей талаптарды қойды:

1. Өлең шығарудың тәртібі мен тәсілдерін меңгеру;

2. Өзіне дейінгі ақындардың өлеңдерін белгілі бір көлемде жатқа білу;

З. Араб поэзиясының негізгі мотивтерін және олардың сөздік бейнелерін игеру;

4.Грамматикаға, сондай-ақ арабтардың тарихы мен шежіресіне (генеалогиясына) жүйрік болу .

Дәстүршіл әдебиет өзінің ішкі қисын-қағидалары бар, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сабақтастыққа негізделген, тіпті өну, өсу және өшу шарттары да жоқ емес біртұтас көркемдік жүйе ретінде танылады. Ол заманда, зерттеуші Ә.Дербісәлиннің пайымдауынша, «өзінен бұрынғы не өзімен тұстас беделді де белгілі ақындардың өз көңіліне ұнаған өлең, жырларын өз шығармасына қосып айту кейінгі ақындардың шығармаларын нәрлендіріп, көпшілік алдында өркештендіріп отырған». Қазақ әдебиетінде дәстүршілдікті бұзып, дарашылдыққа бұрылуға алғаш талпыныс жасаған шығармашылык өкілі - Дулат Бабатайұлы. Басқа ақындар бұрынғы ізбен жыр тудырып жатқанда, оның:

Жыршының аты жыршы ма,

Әркімнен өлең жаттаса?! -

деп жар сала оқшаулануы қалыпты ұғымға қайшы, бірақ батыл қадам болатын.

Жер жүзілік ауқымда алсақ, мәдени қоян-қолтық араласулардың арқасында XIX ғасырдан бастап өнер өлкесінде талғам-түсінікті бір желіге байлайтын эстетикалық темірқазық түбірімен жұлынып тасталып, келесі - XX жүзжылдықта көркем мәдениеттің «бір орталыққа бағынбайтын» типі тұрақ тепті. Яғни шығармашылық даралықтың дәуірлеуінің нәтижесінде ондағы түрлік, тектік, жанрлық доминанта жойылды. Шығыс жұрттарының әдебиетінде дәстүршіл сананың сөгіліп-сетінеу процесі көбіне ұлттық тәжірибеге қарай қорытылған - ағартушылық, романтикалық және реалистік тенденциялардың бір мезет-мезгілде өзара тоғысуы және таласуы аумағында жүзеге асты, бұл - қазақ поэзиясына да ортақ. М.Әуезов қазақ әдебиетінің көшпелі дәуірі деп атаған зар заман поэзиясы өкілдерінің шығармашылықтары байырғы ауызша әдебиет пен жаңа ұлттық жазба әдебиеттің, дәстүрлі поэтика мен авторлық поэтиканың арасын бір жағы бөліп, бір жағы байланыстырып жатқан кенішті кезең, көркемдіктің көпірі. Сөз жоқ, бұлар шын мәніндегі классикалық қазақ әдебиетінің бастау-бұлағында тұрған Абай тәрізді алып тұлғаның тууына алғы-шарттар айкындап, жағдай жасады.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде «ауыз әдебиет яки анайы әдебиет» пен «жазу әдебиет яки сыпайы әдебиет» туралы толғай отырып: «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы кожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған... Бірақ қожалар, ноғай молдалар көбінесе ақын болмағандықтан, қазақтың ертегі жырларындай келістіріп, мұнды, зарлы, әдемі қылып шығара алмаған... Қожа, молдалардың ішінен Шортанбай, Ақмолда сияқты ақындар шыққаннан кейін жазба сөздер бітегене дәмділенген... Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған...», - деп жазды. «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты мақалада С.Сейфуллин: «Қазақ арасына жазба әдебиет таратқан - Түркістаннан шыққан қожалар», - дейді. Х.Досмұхамедұлы болса: «Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет», - дейді.

Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:

Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім. Құлағын салмас,

Тіліңді алмас,Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын, Ұста, жетсін бұйрығың.

«Екі кеме» - Батыс пен Шығыстың емес, фәни мен бақидың - екі дүниенің баламасы. Абайдан соңғы қазақ поэзиясындағы ағартушылық ағым өкілдерінің арасында да екі дүние тақырыбын айналып өткендері аз. Олардың баршасына бұл дүниенің өлшемі - ахирет; тек таразы-талқыға салатын нәрселері әртүрлі. Айталық, Әбубәкір Кердерінің тезге тартатыны - әділдік пен әкімдік және дінге адалдық; мәселелері. Ол өзінің бір толғауында:

Әділдік екі жиһанда бірдей жақсы,

Ұжмақтың көрер деген райысын.

Дүниеде хакім болып, ғаділ болса,

Кешірер деген сөз бар күнәйісін, -

десе, Дербісәлі биді: «Дүние, ахиретті бірдей ойлап, Жандырып дін шырағын, мешіт салдың», - деп мадақтайды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров гуманизмінің идеалы да - әділет пен адамшылық (Жан қайда әділетті іздейтұғын, Адамшылық атақты көздейтұғын. Тірлік пен өлген күнді бірдей ойлап, Екі жайдан күдерді үзбейтұғын»).

Шәкәрім Құдайбердіұлы ар жолынан айнығандарды «екі дүние» жазасына жегілуден сақтандырады («Құдай кешер алда» - деп күнә қылмак, Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ. He жалғанда, немесе ахиретте Оңа алмастай өкпеден бір атылмақ»).

Сөйтіп, мұсылманшылық аясындағы екі дүние тақырыбы ағартушылық кезең поэзиясында кең парықталғандығы көрінеді және оның сол тұстағы жалпы жұртқа ортақ моральдық ой машығынан мағлұмат бере алатындығы байқалады.

Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан» атты өлеңінің: «Түркістан - екі дүние есігі ғой» деген өлеңінде екі дүние мәселесі жаңаша жаңғыртылған. Тарихи білімі терең ақын Түркістан аймағының екі - көшпелі және отырықшы мәдениетті тоғыстыратын тұтқа болғандығын, оның екі идеологиялық арна - мәжусилік пен мұсылманшылықтың «арасын бұзып өтіп дінді ашқан» (Қазтуған) мән-маңызын ишаралайды.

Екіншіден, бүкіл өлеңнің бітімінен байқалатындай, ақын екі дүние үғымын романтикалық әуезбен жырланатын байырғы мен бүгін арасындағы байланыспен астастырады. Мұндағы тәпсірленетін «байырғысы» («Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!») - ахиреттің, «бүгінгісі» - қазіргі бар болмыстың, жарық жалғанның символы.

Үшіншіден, «Күнбатыс-Күншығыс» тайталасын жеріне жеткізе жырлаған ақын Түркістанның осы екі дүние - Батыс пен Шығыс өркениеттерін көнеден түйістіріп келген кіндіккөпір мекен екендігін елеусіз қалдыруы да - неғайбыл нәрсе. Дін мен саясатты поэтикалық пішінде синтездеудің керемет үлгісін көрсеткен Мағжанның түркішілдік-тәңіршілдігі мұсылманшылықтың екі дүние турасындағы қағида-қисынымен осылайша кіріктіріліп-контаминацияланған.

«Көптеген зерттеушілердің анықтауынша, ұлттық мінез дегеніміз генотип пен мәдениеттің қосындысы.Генотип - әрқайсымызға атаның қаны, ананың сүтімен сіңетін табиғи таупық, ал мәдениет - бізді туғаннан бастап қарым-қатынасқа тартатын жаратынды -деп бағамдайды мәдениеттанушы А.В. Лубский, - Сол себепті ұлттық мінездің құрамына адам баласы әлеуметтік өмірге араласу барысында өзі саналы түрде сезінбестен бойына сіңіретін мәдени архетиптермен қатар, индивидтердің ең жиі қайталанатын табиғи этнопсихологиялық ерекшеліктері де кіреді»/300, 394/.

«Ұлттық мінез - миф емес, болмыстық нақтылығы бар нәрсе» /301, 17/, - дейді әдебиетші Г. Ломидзе.

«Ұлттық мінез-құлық - өмірде бар құбылыс», - деп қостайды бұл пікірді этнопсихолог С. Әбушәріп. Осыған орай: «Ұлттық мінездің әлеуметтік психологияның бір саласы болып зерттелуі, қарастырылуы бір басқа да, оның әдебиеттегі, өлең өнеріндегі өмірі, суреттелуі мен бейнеленуі, өлең туындысының қаны мен жанына айналуы өзінше бөлек дүние»/149, 270/, - деп дұрыс саралайды өлеңтанушы Б. Кәрібозұлы.

XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Ұлт деген не? атты мәнді мақала жазып, онда ұлттық мінез бірлігіне ерекше ден қойған Ғ. Тоғжанов: «Ұлт мінезі - ұлттық жан сипатының басқалығы», - деген анықтама бере отырып, ол «ұлт әдебиетінде не, жалпы алғанда, ұлт мәдениетінде көрінуге мүмкін» екендігін және «бір қалыпта қалатын нәрсе еместігін» байыптаған болатын.

Ұлттық мінезді поэзиялық шығармалардың жалпы пафосынан
немесе рухынан, сондай-ақ ақындық «мен», лирикалық кейіпкер,
лирикалық тұлға, лирикалық каһарман бейнелерінің бітімінен
анықтап-айғақтауға болады. Академик З.Қабдоловтың: «Лирикада мінез болады. Ол - ақынның мінезі: өлеңім, өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады» /304, 313/, - деген айқындамасы осы арада көмекке келсе керек. Өйткені ақын неғүрлым талантты, тұлғалы, тұтас болса, оның шығармашылығында өзі бел баласы саналатын ұлттың мінезі бірегей бүтіндікте танылады. «Ұлт ақыны» деген сөздердің дәреже-дәріп-даңқы соны сездіреді.

«Абайдың қазағы» дегенде, біздің ойымызға отаршылдық ұйығына біржолата батқан елдің өңшең «ұстарасыз аузына түскен мұрты» - өңсіз өкілдері оралады; ал шынтуайтында бұл сол заманда болыстың іске жарамдысы (Абайдың өзі де болыс болған), байдың мырзасы, бидің әділі, батырдың сойы, оқығанның елжандысы, кедейдің талаптысы, қарияның ақылдысы, т.с.с. тұқым-түбіртегімен жойылып кетті деген гәп емес. Өтпелі, өліара шақтарда жиі жолығатындай - олар не өздері өмірдің ағымынан адасып-аңырып қалды, не қатал құрсаулы отар қоғам мұндайларды тіршіліктен шығандатып-шетқақпайлау ретімен қажет қылмады. Сұңғыла Абай мұны білген жоқ деу - күпірлік; бірыңғай келешекке бет бұрған азаматтық арман-аңсарына, моральдық-идеялық мұрат-мақсатына сәйкес, ол өзінің шығармаларында туған жұртындағы жаман мен жағымсызды реалистік ұлғайту тәсілімен жер-жебіріне жете масқаралады, мансұқтады. Ақынға ұлттық мінездің тек келеңсізі мен көлеңкелісін көрсеттіңіз деп ренжудің жөні жоқ, себебі ол баласы Әбдірахман жайындағы жырларында заманынан озық тұрған болашақ, қазақтың ілкі бейнесін (прообраз) жасады. Бұл - бір. Екіншіден, Абай шығармашылығының контексіне тыңғылықты көз тастасақ, ондағы «жағымсыз» кейіпкерлердің фонында жарқырап көрінетін «жағымды» кейіпкердің болмысы бар екендігін анық аңғарамыз. Ол - Абайдың бәріне таразы, төреші ақындық «мені», яғни халқының өзіне дейінгі бүкіл қадір-қасиетін бойына қорыта құйған ақынның тұлғасынан сомдалып-сұрыпталған ұлттық мінез. Бір сөзбен айтқанда, Абайлық ұлттық мінез.

Сол сияқты, «Мағжанның қазағы»мен «Сұлтанмахмұттың қазағы» бір-біріне ұқсауы да, ұқсамауы да мүмкін. Бұл жерде көркемдік әдіс мәселелері, әр ақынның дара, дербес суреткерлік әлемінің өре-өлшемдері шешуші шартқа айналады; әлбетте, шығармашылық процеске замана рухы да азды-
көпті таңбасын түсіреді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. 256 б.

2.Әбушәріп С. Этнос және оның өзіндік санасы. – Алматы: Ғылым, 1996. – 198б

3.Тоғжанов Ғ. Ұлт деген не? //Темірқазық, 1923, №2-3. - Б.76-87.

4.Шәріп А. Қазақ лирикасындағы ұлттық идея. – Алматы: Ғылым 2001. – 340б

Дәріс № 25-26

Тақырыбы:Ұлттық болмыс шындығы және айтыс жанрының даму

тарихы

Жоспары:

1. Ұлттық болмыс шындығы

2. Айтыс жанрының даму тарихы

Тірек сөздер:аралық жанр, ауызша авторлық әдебиет, анонимдік айтыс.

Сөз өнерін зерттейтін ғылымда ауызша әдебиет және жазба әдебиет проблемаларының да әлі толық топшыланбаған, талқыланбаған тұстары көп. Сол төңіректе әдебиеттанушыларымыз бен фольклоршыларымыз біраздан бері поэтикалық жүйе, дәстүр мен жаңашылдық аясында іргелі ізденістерге бет бұрып, күн тәртібіндегі күрделі тақырыптың өрісін әр қиырынан шолып-шиырлап, жекелеген мақалалардан бастап тұтас монографияларға дейін жазып үлгірді. Аталмыш мәселелердің жай-жапсарын тарихи поэтиканың маңызды категорияларының бірі - жанр арқылы да салмақтап-саралауға болады. Жанрдың тарихилығын З. Қабдолов төмендегіше түсіндіреді: «Жанр - даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процестегі атқарар роліне, алар орнына байланысты.Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады. Демек, жанрлардың генезисі (тууы), эволюциясы (өсуі, өзгеруі, жоғалуы), метаморфозасы (жаңаша жаңғыруы) ең алдымен, ұлттық көркемдік сананың кезеңдеріне (мифтік-поэтикалық, дәстүршіл, дара шығармашылық) байланысты болса, келесі кезекте - жекелеген авторлардың поэтикалық жүйесіндегі жаңалық-жетістіктермен жанасып жатады. Жанр нақты тарихи түр болғандықтан, олардың бітіміне елдің ілгерілі-кейінгі өмірінде ірге тепкен ішкі, сыртқы - заманалық қилы-қилы қоғамдық құбылыстардың, әлеуметтік әуездердің, мәдени мәністердің таңбасы басылады. Ендеше, жанрлар динамикасын ұлт өміріндегі ұланғайыр өзгерістермен диалектикалық бірлік-байланыста қарастыру қажет.

М. Бахтиннің: «Жанр - әдеби даму бағдарында болатын шығармашылық жадтың өкілі», -деген сөздері бекерден-бекер айтылмағаны аян. Сондықтан жанрлар әдебиеттің өз әлем-әлпетіндегі сатылық, сапалык өзгерістердің де көрсеткішіне айнала алады. «Мына жанр фольклорға жата ма, жоқ әлде әдебиетке тиесілі ме?» деген сауал көптен қойылып келеді. Беріліп жатқан жауаптар да жеткілікті. Мысалы, Р. Бердібаев тарихи өлеңді «классикалық эпос пен жазба әдебиеттің арасындағы белес» деп бағаласа, А. Қыраубаева қиссаның «ежелгі жазба әдебиет пен ауыз әдебиетінің дәстүрін қатар жалғастырған жанр» екендігін екшейді. Термені арнайы зерттеген С. Медеубеков бұл жанрды фольклорға да, жазба әдебиетке де жатқызбай, ауызша авторлық әдебиетке - жыраулық-ақындық поэзияға еншілейді; бірақ терменің фольклорлық сипатын, сондай-ақ жазба әдебиеттің әсеріне де шалдыққанын жоққа шығармайды. Осылардың өзі-ақ ойымызды фольклор, ауызша әдебиет және жазба әдебиетті жіксіз байланыстырып жататын аралық жанрлар туралы түсінікке жетелейді. Шартты түрде алғанда, «фольклордың әдебиеттенуі» немесе «әдебиеттің фольклорлануы» секілді құбылыстардың көркем сөз тарихында кездесуі кездейсоқтық емес. Бұл, әлбетте, фольклордың, ауызша әдебиеттің, жазба әдебиеттің төл классикалық жанрлары болатындығын әсте терістемейді.

Фольклоршы Ш. Ыбыраев: «... авторы бар поэмаларды эпикалық дәстүрдің өзіндік бір жалғасы ретінде сөз ете алғанымызбен, фольклордың саласы ретінде қарастыруға негіз жоқ. Себебі авторы бар ауызша поэмаларды фольклордың аясында қарастыратын болсақ, онда біздің ауыз әдебиетінің негізгі белгілерінен бас тартуымызға тура келеді», - дейді. 1916 жылға арналған арихи жырлар туралы С. Қасқабасов: «Көтерілістен көп кешікпей туған бұл шығармалар бұрынғы тарихи жырлардан гөрі өзгешелеу. Мұнда, біріншіден, оқиға ізі әлі суымаған, сондықган көркемдеу мен әсірелеу жағы аз; екіншіден, біразының авторы белгілі, демек, онда ақынның творчествалық ізі, даралығы бар; үшіншіден, үлкен шығармалар ел арасына ауызшадан гөрі жазбаша күйінде көбірек таралды, соның салдарынан онда ауызекі әдебиетке тән сипаттар оқшау көрінбейді; төртіншіден, бұл шығармалар туған дәуір бұрынғы заман емес. Міне, осының бәрі сөзсіз ескерілуі керек. Демек, 1916 жылғы оқиғаларға байланысты туған үлкен шығармалар таза тарихи жырға толық айналмаған. Олай болса, оларды эпикалық демей, «батырлық дастан» десе дұрыс болар. Бірақ, дастан жанрының табиғаты басқа. Міне, бұл мәселелер де ғылыми дәйекті шешімін күтуде».

Фольклорға телініп-таңылатын сипаттар мыналар: ауызекілік және ұжымшылдық; болмыстың және ойсананың архаикалық нысандарымен, әдет-ғұрыппен және саз өнерімен генетикалық байланыстылық; циклизация заңы; образдардың тұрақтылығы; полифункционалдық; поэтиканың дәстүр ауқымымен шектелуі; көп қабаттылық. Ал ауызша авторлық әдебиет термині төмендегіше түсіндіріледі: біріншіден, шығармашылықтың бұл түрі ауызша өмір сүреді; екіншіден, оған синкретизм тән; үшіншіден, құлақпен тындауға арналғандығына байланысты ол фольклормен туысады,
бірақ авторлықтың болуына орай әдебиетке де жақындайды.
Сөйтіп, фольклор мен ауызша әдебиеттің қоян-қолтық жағдайда
қатарласа күн кешіп келгендігі себепті - олардың арасындағы
селбестік пен сабақтастықты сезгенмен, айырымдарды аңғару
қыруар қиындық туғызады. Бұларды зерттегенде дәйексіз, дайын
схемаға салынудан сақтанып, әрқайсысына тиесілі мәтіндік
материалдарды жан-жақты талдаудың негізінде ғана нақты, нанымды нәтижелерге қол жеткізуге болады.Қазақтың көшпелілік мәдениеті кіргізген ерекшелік: фольклор мен жазба әдебиеттің арасында «делдалдық» жасайтын ауызша, бірақ авторлық әдебиет.

Фольклордан әдебиетке қарай түрлене түсетін болмысты бейнелеу принциптері өзгерісінің сыр-сипатын аңдау үшін біз енді айтыс жанрының мысалында сөз сабақтаймыз.

«Ескі қазаққа ең қадірлі сөз болған» (М. Әуезов), сондай-ақ «қазақтардың күні бүгінге дейін ең жақсы көретін поэзиясы» (Х. Досмұхамедұлы) саналатын себепті де, айтыста халық өмірінің сан салалы қыртыс-қатпарлары түрліше бедерленіп-бейнеленген. Қалың қауымның басы құралатын жиын-жәрмеңкелерде, той-томалақтарда және думан-дүрмектерде өтетін ақындық сөз сайыстарының өзегіне тұрмыс-тіршіліктегі жаңа жағдайлар, бет бұрысты белгілер маңызды желі болып тартылды. Мұндай үлкенді-кішілі басқосуларда ақындар өз өнерлерінің өрісі мен өресін байқатып қана қойған жоқ, сонымен қатар белгілі бір бағыт-бағдардағы қоғамдық пікірді қалыптастыруға да едәуір ықпал етті.

Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың жазбаларынан Өтебай мен Білектің айтысы жөнінде мынадай мағлұматты ұшыратамыз: «Ол кезде сахара екі - орыстық және ұлттық - партияға бөлінді... Ауқатты би Сапақтың асындағы екі ақының айтысы халықтың жадында сақталып қалған; онда Өтебай ақын қазақ халқының орыс билігіне мойынсұнуының пайдасын дәлелдесе, екінші ақын оның бұл пікіріне қарсы дау айтады» /324, 365/.

Өтебай мен Білектің айтысында Ресейдің қол астына қарағаннан кейін туындаған жаңаша қоғамдық құбылыстарды жақтаушылық пен жатырқаушылық райларын білдіретін екі өзара ымырасыз позиция төбе көрсеткен. Сөз сайыстарының бірқатары шалқар сахараның күнкөріс көзі мен сауда-саттық саласындағы тың нышандар турасында хабардар етеді. Өйткені қазақ өлкесіндегі көшпелі мал шаруашылығына енді капитал ене бастады да, базарлар пайда болып, ақшалы алыс-беріс өрістеді.

Мысалы:

Базарға пұл жіберіп алдық шырпы,

Шырпының жеті тиын отыз-қырқы.

Молда Бәйім мен қыз.

Мал-пұлсыз, екі сиыр - тек жиырма сом...

Өтебай мен Білек.

Арқадан бір теңгеден алып келіп,

Сатады үш теңгеден Сырға шайын.

Кеншімбай менАқсұлу.

Жетісудың атақты ақыны Бақтыбайдың Бәйімбетпен айтысы отырықшылық өмір мен байырғы көшпелі болмыстың қақтығысынан өсіп-өрбіген көзқарастардың көшірмесі іспетті.

Бәйімбет:

Орыстың мініп шанасын,

Базарыңа барасын,

Көйлек-көншек аласың.

Ақшаң жетпей тапшы бол,

Сонда бір жасып қаласың.

Антон менен Шодырдан

Ақша қарыз аласың...

Бақтыбай:

Орыс деген халық бар,

Сөйлер сөзде парық бар. ...

Өтірікті білмейді,

Ұрлығынды қылмайды. ...

Несі жаман көрінді

Орыс салған қаланың?

Қазақ барып алады

Одан керек-жарағын.

Өнерінен именбей,

Одан да үйрен жиренбей. ...

Сол орысқа, Бәйімбет,

Қарамай, кәне, қалғаның?!

Бақтыбай мен Бәйімбеттің айтысы қазақ қауымының орысқа біржола бағынышты болып, жаңа шаруашылық шарттарына бейімделе, бойсұна бастаған дәуірін бейнелейді. Сол секілді, Нұржан мен Сапарғалидың арасындағы баршаға белгілі жұмбақ айтыс та - алаш жұртының аңқаулық пен алаңғасарлықтан арылып-айығып, ағартушылыққа аяқ басқан кезеңінің көрінісі.

Қазақтың басын бұйдалап, қанаушылық пен қараулыққа ұшарытып отырған отаршылдық жүйенің кескін-кейпін әшкерелеп берген әдемі сөз сайыстарының бірі - Әсет пен Рысжанның айтысы. Рысжанның мазмұны терең, мәні тұңғиық жұмбақтарына Әсет өте бейнелі де бедерлі түрде жауап жолдаған. Ол Ресейдің казақ даласын билеу жүйесін және оның жандайшаптарын тұтастай суреттеп-сипаттағанда тапқыр образдар тізбегін түзген. Атап айтқанда, жапандағы биік бәйтерек - ақ падиша, оның иілген сенімді сегіз бұтағы - сегіз сенат, елге жайған жапырағы - қағаз ақша, бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен екі ителгі - ояз бен дуандағы помощник, бір бидайық - жебір болыс, баулыған сегіз лашын - сегіз би, отыз-қырық құзғын - елубасылар, он қаршыға - старшындар, жапалақтар - жасауылдар, жүзден аса күйкентай - онбасылар, олардың қағып жүрген тышқандары - тиындар. Өмірді өнерге көшіріп, өзгеге көрсеткен кезде Әсеттің өзінің саяси білім-білігіне сүйене отырып, патша әкімшілігінің бет-бейнесін жалпы жұртқа жариялауда тиімді тәсіл тапқандығын аңғарамыз.

Р. Сыздықова: « XIX ғасырдың екінші жартысындағы айтыс - тұрмыс-салттық тақырып шеңберінен шығып, әлеуметтік мотивтерге де барған жанр. Демек, бұл - айтыстардың сөз байлығы да, көркемдеуіш құралдары да, тіпті көлемі де өзгерді деген сөз. Айтыс компоненттері монологқа ауысады. Ал монолог - ақынның өз айналасына, заманына, өмірге, қоғам тіршілігіне, жеке адамдардың іс-әрекеттеріне деген көзқарасын, ойын, мінездемесін көрсететін сөз түрі», - дейді. Айналып келгенде, айтыстағы монологтық сипаттың молаюы авторлық даралықтың артуымен, ауқымдалуымен байланысып жатқандығын байқауға болады. Сондықтан М. Әуезовтың Наурызбай мен Тілеуқабақ қызының, Біржан мен Сараның айтыстарын «бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді» деуінде, оларды батыс әдебиетіндегі «екі кісінің жайынан туатын» эпистолярлық романдармен салыстыруында негіз жоқ емес еді. Сөйтіп, XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің бірқатары өз туындыларында өмірдің өзекті мәселелерін жұртшылыққа тез таратып-түсіндіру мақсатында үйреншікті, үрдісті қалыпты - айтыстың пішінін көркемдік тұрғыдан кәдеге жаратуға талпыныстар жасады.

Мысалы, Ш. Құдайбердіұлының «Жайлаудың баласымен айтысқан өлеңі», М. Дулатұлының «Қара құс һәм адам», Ж. Басығариннің «Ғылым мен надандықтың айтысқаны» Х. Лекеровтың «Болыс пен Шотай» сияқты туындылары - осының анық айғақтары. Мұндай шығармалар тақыр жерде туған жоқ. Олардың сын-сипаты «өлі мен тірінің айтысы», «қазақ пен ноғайдың айтысы», «арғын мен найманның айтысы», т.с.с. анонимдік айтыстардан тамыр тартады. Сөз жоқ, анонимдік айтыстар - жеке шығарушылардың жаратындылары; бірақ ауыздан ауызға көше - фольклор заңдылықтарына сәйкес - олардың авторлары ұмытылып кеткен.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әлеуметтік-философиялық «Айтыс» поэмасы - классикалық айтыс жанрының мүмкіншіліктерін жазба әдебиетте алғаш рет эпикалық кең көлемде қолданудың кәсіби жағынан кемел, бірақ - өкінішке қарай - аяқталмай қалған үлгісі. Ақын бұл шығармасында қала ақыны мен дала ақынын айтыстыра отырып, өз тұсындағы қазақ қоғамының қадау-қадау проблемаларын (көшпелілік пен отырықшылдық мәдениет, тарих, тіл, дін, ел басқару, әдебиет, салт-сана, т.б.) бір желінің бойына жинақтап жырлаған.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Елеукенов Ш. «Әдебиет және ұлт тағдыры» . Алматы. Жазушы, 1997ж.

2. Қалмырзаев Ә. «Ұлттық идея» Астана, Елорда, 2007ж.

3. Шапай Т. «Шын жүрек-бір жүрек» Алматы, Жазушы, 2000ж.

4. Кәрібоз Б. «Беталыс» Алматы, Жазушы, 2005ж.

5. Шәріп А «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» Алматы, Рауан, 2000ж.

Дәріс № 27-28

Наши рекомендации