Отбасындағы бала тәрбиесі

Отбасы - адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі - отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді. А. С Макаренко «Ата - аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», - дейді. Жақсы перзент ата - ана қолындағы аманаты. Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата - ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да мектепте де өз ісіне жауап бере алады.

Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірібиесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келгеннен бастап ата-ананың ықпалында болып, бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, әке мен ананың жақсылығы мен дәулетінің қызығын көріп қана қоймай, адамгершілік, әдеп-инабат тағылымдарын алуы, оларды меңгеріп іс- жүзінде қолдануы ынта мен ықылас, қайрат пен қажыр ететін жолынан өтуге тиіс.
Бала тәрбиесі - ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі - ата – ананың өнегелі тәрбиесінде. Отбасындағы жалпы қарым - қатынас, үйдегілердің бір - біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, отбасындағы ата - аналардың ажырасып кетуі, ортада қалған балаларға қатты әсер етеді. Соның салдарынан анасыз немесе әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Ал ата - анасы ішімдікке салынып, бір - бірімен жанжалдасып, адамның көңіліне дақ түсіретіндей сөздермен бір - бірін балағаттау, осындай кикілжің отбасындағы ұрыстардың кесірінен өз балаларын да ұрып - соғу немесе баланың әрбір сөзіне жеки жауап беру де баланың психологиясына кері әсер етеді. Кейде осы үйдегі ұрыс - керістің салдарынан көрші - қолаңдармен де керілдесіп қалу, сөйтіп олармен де жанжалдасып, айқай - шу көтеруі, сол өздері тұрған жердегі адамдардың да тыныштығын алуы, ол үйге деген өзгелердің де пікірін өзгертіп, балаларын оларды балаларынан аулақ ұстауы сол үйдегі өсіп жатқан баланың мінезіне әсер етіп, бала тұйық, жасқаншақ болып өседі және осы жағдай балаға теріс әсер етеді. Өсіп келе жатқан бала мұны тез және өзіне жақын қабылдайды. Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн.

Ата ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез - құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл - қыздармен үй шаруасында жүріп - ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа.
Баланы мектепке апарып алып қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой пікірімен бөліскісі келеді. Балаға уақытым жоқ деп тиып тастамай, сұрақтарына жауап беріп өз пікіріңізді ортаға салсаңыз ол баланың ойында дұрыс пікір қалыптастырады.

Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата - ананың табиғи құүқығы әрі парызы»деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан - 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң»,»Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан - ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті. Қазақ халқында өз еліне, отбасына, достарға адалдық ерекше маңызды орын алады. Сондықтан үй болып, оның ішкі талаптарын, әдеп – инабат нормаларын мүлтіксіз сақтауға зор мән беріледі.

Отбасындағы тәртіптің оның мүшелері арасындағы адамгершілік – туыстық қарым – қатынастың алатын орны ерекше. Әйтсе де онда бетімен кетушілікке жол берілмейді. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса отанасы, одан қалса үлкен аға не әпке басқарады, олардың сөзін, ұйғарымын өздері жерде қалдырмайды, ал үй – ішінің тәртібін қолында ұстаушылар да өз тараптарынан отбасының барлық мүшелерінің пікірін, тілек – ұсыныстарын елеп – ескеріп отырса, бұл, бір жағынан, ортақ мүддеге қызмет етеді, екінші жағынан, тәрбиелік, өнегелік мәні бар инабаттылық та болып табылады.

Отбасының бейіл – береке, ынтымағы үшін отбасының (басқарушының) әділ болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор.

Қазақ отбасындағы бала тәрбиесі. «Тәрбие» деген сөз араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Осы жөнінде ақын әрі педагог Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» - дейді. Демек, баланы тәрбиелеудегі мақсат – оны жан-жақты кемелдендіріп, қоғамға пайдасы тиетін азамат етіп қалыптастыру. Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Ең алдымен, дүниеге қыз келсін, ұл келсін қуана қарсы алып, сол шаттығымен жақындарын шақырып, ақ дастархан жайып бөліскен. Шілдехана, тұсаукесер, сүндет той сияқты мерекелерді бірінен соң бірін жасап, әдет-ғұрыптарды орындап отырған. Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Оның іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты болуын әрдайым санасына құйып, үйретіп отырған. Ер баланың келешекте нағыз ер азамат болуы, елін қорғап, адал қызмет етуі үшін әкесі жанын салып үйретуге тырысқан. Ат құлағында ойнайтын, қамшы өрудің шебері болатындай етіп тәрбиелеген. Ылғи ұл-қызының санасына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді ұқтырған. Бұл біздің халқымыздың жазу-сызу әлі дұрыс дами қоймаған дәуірлерден бері келе жатқан даналығы. Өскелең ұрпақтың иманды болуына баса назар аударып, Құдайдың құлы, Пайғамбардың үмбеті екенін есіне салып отырған. Оған бір ғана дәлел, баланың өмірге келгенде арнайылап молдаға азан шақыртып ат қойдыруы. Сонан соң әр жұма сайын мешітке алып барып, Алланың үйін көрсетуі, құлшылық жасатуының өзі тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналады. Мұның барлығы ұрпағының болашақта бақытты өмір кешуіне апарар жол деп түсінген. Егер бала отбасында лайықты тәрбие көрсе, келешекте ата-анасын бағып-қағатын, бақытқа бөлейтін, әке-шеше қария болған шағында далада қалдырмайтын парасатты ұл-қыз болатыны ақиқат. Бұл ата-ананың қол жеткізген армандарының бірі болып табылады.


Наши рекомендации