Азақ халық ауызекі шығармашылығының түрлері және оның бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктері

Азақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылып, халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшыратынына көз жеткізеді.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заныңда: «Білім беру жүйесінің басты міндет–ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау»-делінсе, басым міндеттерінің бірі ретінде «жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының даму үшін жағдай жасау арқылы интеллектіні байыту» - деп көрсеткен.

Халық педагогикасының қайнар бұлағы, ең үлкен бір саласы-халық ауызекі шығармашылығы. Ауыз әдебиеті өмірдің айнасы, тәрбиенің таптырмас құралы. Ауыз әдебиетінің тәлім-тірбиелік мәнін кемеңгер жазушы М.Әуезовтың мына бір пікірінен аңғаруға болады: «Біз ауыз әдебиетін зерттей отырып, халық санасындағы отаншылдық сезімді, халық ұғымындағы адамгершілік гуманизімді, халықтың қанатты үміті – оптимизімді, сол халықтың өткендегі өмірі, аңсау –арманы, әдеп-ғұрпын, халықтың ұжымдық тәрбиесінің жемісін көреміз». Ата-бабаларымыз күмбірлеген күміс күйімен сыбызғы сырнай үнімен, ән-жырымен, мақал-мәтел, шешендік сөз, ертегі, айтыс өлеңдерімен сан ғасыр бойы өз ұрпағын өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келгені тарихи шындық. Сонымен халықтық педагогиканың тамаша идеялары мен дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде халықтың ауызекі шығармашылығы айрықша рөл атқарады.

Халық ауызекі шығармашылығының балалар мен ересектер тәрбиесінің таптырмас құралы, әдіс-тәсілі, құнды адамгершілік қасиеттерін қалыптастыратындығын ескере отырып, бала тәрбиесінде дұрыс пайдалану арқылы жетілдіруді көздейді, сонда ғана Қазақстан Республикасының егеменді ел болуымен байланысты ұлттық мәдениетті марапаттау, халықтық педагогиканың қағидаларын балаларлардың бойына дарыта, адамгершілік, ізгілік рухында тәрбиелеу талабын шешілері сөзсіз.

Ұрпақ тәрбиесі – ұзақ және күрделі процесс. Аталарымыз табиғатпен етене өмір сүріп, барлық жақсыны үздік тәрбиелеу жолына бағыштап отырған. Өйткені, ұрпақ тәрбиесін елдің әлеуметтік дамуы мен құрылысының келешегін айқындаушы негіз деп санаған. Сол үшін де тәрбиеленушілерге тәрбие беруде халқымыздың ғасырлар бойы сан мыңдаған сындарынан өтіп бізге жеткен тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбие ерекшеліктерін негізге алуға- міндеттіміз.

Қазақ халқының ауызекі шығармашылығыбіздің ұлттық болашағымызды, халықтық қасиетімізді өзімізге де, өзгеге де жазбай танытатын асыл мұра, сол арқылы ата-бабаларымыздың тәрбиелік мирастары негізінде жас ұрпақты адамгершілікке, адал еңбек, өнер-білімге баулу, өмірге бейімдеу, отбасының, ауыл аймақ, Отанының намысын қорғау сияқты ізгі қасиеттерге тәрбиелеуге мүмкіндік туады.

Халық ауызекі шығармашылығы халық күші мен даналығын, оның адамгершілік мұраттарын, халық педагогикасының терең сипатын жеткізетін педагогикалық құрал болып табылады. Ертедегі көпке танымал педагогтардың педагогикалық мұраларына ден қойсақ, олардың үнемі халық педагогикасына сүйенгендерін аңғарамыз.

Жас жеткіншектерді патриоттыққа тәрбиелеуде, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятуда «Жекен жерінде көгерер, ер елінде көгерер», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас», «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» т.б. мақал-мәтелдердің құндылығы орасан зор.

Адамгершілік қасиеттердің ішіндегі ерекше құндыларының бірі – ізеттілік, ал оның басты белгілері кішіпейілділік, қайырымдылық, адамжандылық болып саналады. Қазақ халқының мақал-мәтелдеріне балалар түсінігіне сай қайырымдылық, кішіпейілділік, адамжандылық, жақсылық, ізгілік тәрізді қасиеттерді уағыздайтын даналық ой толғам өзек болған. «Кішіпейілділік – кісінің көркі», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» (Махмұд Қашғари), «Жақсыға қылған жақсылық өмірінде тозбайды, жаманға қылған жақсылық, бір күнгідей болмайды», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені», «Жақсы болсаң – жақын көп», «Ұлық болсаң – кішік бол» т.б. мақал-мәтелдер сондай тұжырымдарға құрылған.

Сонымен қатар мақал-мәтелдерде халық жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты, еңбекқорлық пен еріншектікті, жомарттық пен сараңдықты, саналылық пен надандықты салыстыра сөз етеді. Адамгершілік жолына нұсқан келтіретін жамандық пен жауыздық қылықтарды батыл сынап, әшкерелеп, қалың жұртшылыққа адамгершілікке тән мінез-құлықтарды үлгі өнеге етеді.

Балаларға адамгершілік тәрбие, білім беруде қазақ халқының эпос шығармашылығының да орны ерекше. Қазақ эпостарында еңбексүйгіштік, отансүйгіштік, рулар мен тайпалардың өзара ізгілік қарым-қатынастары, әйелдерге, ақсақалдарға құрметпен қарау, адамгершілік, батылдық, балаларға қамқорлық, мейірбандық, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік т.б. жырланады.

Батырлар жырында («Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» т.б.) батырлардың басқыншыларға, билеуші-қанаушыларға қарсы ұлы ерліктері, турашыл мінезі, ержүректілігі, халқына шексіз берілгендігі, оның жолына өзін құрбан етуге өзірлігі тәрізді жеке басының асыл қасиеттері ашылып көрсетіледі. Сонымен қатар гуманизм мен патриотизм, ерлік пен ізгілік, аға мен інінің қарым-қатынасы, батырлардың өзінің айналасындағы адамдарға қамқорлығы, бірлік пен татулық, ел мен елдің достығы т.б. сөз болады.

Батырлар жырындағы негізгі тақырып – отан сүйгіштік. Халық елін, жерін, халқын қорғайтын батырлардың бойына ең жоғары адамгершілік қасиеттер дарытып, қалың жұртшылыққа шебер таныта білген.

Ал лиро-эпостық жырларда көшпелі ауылдың тұрмыс-тіршілігі бейнеленіп, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптары, дәстүрлері кеңірек сөз болады. Сонымен қатар жастардың бір-біріне деген ыстық сезімдері, өмір салтының қыспағындағы сүйіспеншілік үшін күрес әсерлі суреттеліп, қазақ қыз бен жігіттерінің бойындағы адалдық, сыйластық, ізеттілік, сертте тұрушылық, ата-анаға құрмет ерекше шабытпен жырланады.

Бұл айтылғандардың барлығы эпостық шығармалардың балалардың адамгершілік тәрбиесінде жетекші рөл атқаратындығын дәлелдейді.

Қазақтың көне ауыз әдебиетінің, арада талай ғасырлар өтсе де, ұрпақтан ұрпаққа тарап, ел зердесіне мықтап орныққан, танымдық мәнін, тәрбиелік мазмұнын есте жоймаған, заман ағымына қарай қайта жасарып, көпшіліктің айрықша ілтипатына ие болып отырған түрі – шешендік сөздер. Олар халық ауызекі шығармашылығының басқа түрлері сияқты, оқиғаны баяндау, тапқырлыққа баулу, үлгі-насихат арқылы тыңдаушының таным дүниесін кеңейтіп, биік адамгершілік қасиеттерге үндейді. Шешендік сөздердің аясы кең, негізгі арқауы – адамгершілік болғандықтан, қай заман талабына да сай келе беретін халық байлығы саналады.

Қазақ шешендік сөздері бата-тілекпен қатар өнеге-өсиет сөздерді, өмірде кездесетін жер дауы, жесір дауы, ер құны секілді дау-талаптарды, келіссөздерді қамтиды.

Халықтың жалақор, өзгені көре алмайтын күншілдерден жирендіріп, адамды жақсылыққа меңзейтін ізгі көңілін мына шешендік сөздерден аңғаруға болады:

«Жапалақ құс мақтанса,

Жардан тышқан алдым дер.

Жаман адам мақтанса,

Жақсыны жағасынан алдым дер».

Немесе:

«Қанша жуан болса да, жалғыз ағаш үй болмас.

Қанша жақсы болса да,

Жалғыз адам би болмас».

Қазақтың шешендік сөздері жанры жағынан шешендік дау, шешендік толғау, шешендік арнау болып жіктеледі. Шешендік арнау – адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау – халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді десек, шешендік дау – қазақ қауымының заттық және рухани даулы мәселелерді реттейтін ежелгі әдет заңы іспеттес.

Шешен адам – сол заманның айтушысы, білімпазы, парасатты жаны. Ондай жандар – ежелден жұртшылыққа белгілі Майқы би, Жиренше шешен, Аяз би, Асанқайғы, Қорқыт ата, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке мен Жәнібек, Сырым және олардың ізін басқан Абай, Шоқан, Ыбырай т.б.

Халық педагогикасы ата-бабаларымыздың тәрбиеге қатысты ғасырлар қойнауынан сараланып жеткен іс-тәжірибелерінің жиынтығы. Ой менен сөз, мазмұнды пікірлер біздің халықтың алдыңғы байлығы болып келген.

Сонымен қатар халық ауызекі шығармашылығы ол қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі іспетті қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар.

Ол-жан сезімімізді толқытып, ойымызға ой қосатын, қиялымызға қанат бітіретін халқымыздың рухани байлығы мен болмысы өмір-сүру әндері мен сыршыл күйлері, ұлттық ойындары, осы кезге дейін тәлім-тәрбиелік қадір-қасиетін жоймаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, адалдыққа, тазалыққа, әділдік пен мейірімділікке баулитын ырым-тиымдары. Олар арқылы халық ұл-қызын күллі жаман әдеттен тиып, ең жақын нышандарға үндеген. Олар тектен-тек тумаған: өмірдің тыныс-тіршілігінен, қажетінен, күнделікті мүддесінен алынып, халқымыздың ой-парасатымен, бейнелі сөздерімен кестеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған.

Қазақтың аса бай эпосы халықтың ой-арманы мен мақсат-мүддесін білдіреді. Оның адамгершілік және әстетикалық тәрбие беруде, жас ұрпақты рухани жағынан байытып отыруда жырлаған тәлім-тәрбиелік идеялары-балаларға адамгершілік-эстетикалық тәрбие береді, олардың музыкалық талғамын, ой-өрісін дамытады. Оларда қазақ тілінің байлығы және оның шексіз шешендік мүмкіндіктері тайға таңба басқандай байқалады. Соның бір саласы - мақал-мәтелдер. Олар – халықтың көрген-білген, көңілге түйген, бастан кешкен оқиғаларын қорытқан, сан ғасыр уақыт елегінен өткен ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы. Өмірде үнемі қайталанатын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.

Қазақ халқының тәлімдік тиімді құралдарының бірі-ертегі, қисса. Оларда халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, өз халқына, Отанға, туып өскен жерге, оның табиғатына сүйіспеншілігі бейнеленген. Қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орын алатын мақал-мәтелдер-адамның бүкіл тыныс-тіршілігінен, әдет-ғұрыпынан, түсінік-болмысынан туындаған байлаулы ой түйіндері. Мәселен:

Жақсы адам - елдің ырысы

Жақсы жер - жанның ырысы; - деп адам қасиетін білдірсе:

Бейнет түбі - зейнет

Еңбек етсең - емерсің, - деп еңбек туралы:

Оқу - білім бұлағы,

Білім - өмір шырағы, - деп білім туралы,

Ер елін - Арым деп сыйлайды.

Ел ерін – Нарым деп сыйлайды, - деп ерлік туралы.

Бірлік болмай - тірлік болмас, - деп татулық-бірлікті

Әдепті бала - арлы бала

Әдепсіз бала - сорлы бала, - деп көргенділікті.

Мақал бойындағы тапқырлық пен өткірлік, бұлтартпас дәлдік қазақтың тәлім-тәрбиелік құрамы ғана емес – дауға да, жауға да тоқтам салған қаруы болған. Абайдың әкесі Құнанбайдың: «Ұтымды мақал кейде бір даудың түйінін шешеді, кейде бір жаудың тілін кеседі» деуі осыдан болса керек.

Ал мазақтамалар – халқымыздың балалар бойында кездесетін ұнамсыз қылықтарды дер кезінде мінеп-шенеп, түзетіп отыру үшін қолдаған қысқа сықақ өлеңдері.

Мәселен:

Жаман бала жантая кетеді,

Жұмсасаң шалқая кетеді.

Немесе:

Қомағай ішінен қағынады,

Тентек тісінен қағылады.

Мазақтамалар әдетте, балалардың өз аузымен айтылып, бірі екіншісінің кемшілігін осылайша сынап-мінеп, оның кемшілігін түзетуіне септігін тигізеді.

Сол сияқты жаңылтпаштар да бала тәрбиесінде өзіндік орын ерекше жанрлардың бірі. Ол баланың сөйлегенде кекештенбей, тұтықпай, жаңылмай дұрыс та еркін сөйлеуіне: сөйтіп, ана тілін игеруіне қызмет етеді. Бір қызығы халықтық жаңылтпаштар қаншалықты айтуға күрделі, тілге күрмелеулі, шатыстырғыш шытырман ұйқасты болып келседе, мазмұнында бір мән, халықтың тұрмыс-салтына үйлесімді ой жатады. Тез айтудың қиындығы да сол жаңылтпаш сөздерін анық айтып, ішкі мәнін аша білуде. Мәселен:

Қырық сырықтық

Құрық құрттық

Қырық құрықтық

Сырық қырықтық

Яғни, мұнда «қырық сырықтан жасалған қырық құрықты құртып алып едік, жаңадан қырық құрық болатын қырық сырық қырқып алдық», деген жылқышыға тән ой жатыр.

Сондай-ақ:

Қара майлы қарағайды

Кесейін бе, кеспейін бе?

Наши рекомендации