Жүсіпбек Аймауытов, «Ақбілек» романы
Жүсіпбек Аймауытов (1889 — 1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.
Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.
Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орысша-қазақша екі кластық мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1911 — 1914 жж. ауылда мұғалім болып істейді.
1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.
Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады.
Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919).
Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920).
Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады.
1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы – міне, мұның бәрі Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. 1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек 1931 жылы атылған. Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге, оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ. Мысал ретінде, мен «Ақбілек» романына тоқталғым келеді.
«Ақбілек» романындағы оқиғалар өмірден алынды. Ақбілек әлемі, Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмір-тірліктері, ақ гвардияшылар әрекеті кеңінен көрініс береді. Маңыздысы – жазушының жан әлемін жаулап алған, қазақ қызының тағдыры. Автор оқиға өміріне сай Алтай өңірі, Марқакөл, Күршім маңайын, табиғат тамашаларын әсерлі, шабытты сөз етсе, енді бірде ала ат мінген жалғыз адам туралы, сосын жекелеген бейнелер Ақбілек, Бекболат, Офицер, Мұқаш сияқты кейіпкерлерді сөйлетеді. Жазушы Ақбілекті өмір-тағдыр талқысына сала отырып, ауылдың өсек-аяңынан арашалап, қара мұрттың алдындағы әлсіздігін де сездірмей, қаладан бақытына жолықтыруы – кеңестік кезеңнің талабы. Қазақ әйелінің еркіндік алу салтанаты, жемісті сәті. Сондай-ақ, Төлегеннің үйінде қонақта болған зиялы қауым өкілдерінің өзара әңгіме-сұхбаттарынан қазақы қалжың, пәтер, темекі төңірегінде өріс алған әңгіме арнасы – бай-кедей, тап мәселесіне алып келеді. Ақбілектің, Балташтың, Жорғабектің арасындағы әңгіме қазақ даласындағы қайнап жатқан саяси өмірді көруге болады.
Ж. Аймауытов роман оқиғасын тарата, көркем, келісті баяндайды. Шығарма тақырыбы иемденген басты тұлға – Ақбілек аяулы әке мен қымбат анасының алдында ерке де әсем болып өсті. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ бұл жарастық, жастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт төрт атты бұзғанды. Олар бейбіт ауылдың апшысын қуырды. Үлкен үй – дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсірді. Бәйбішесін атып, жас түлегі Ақбілекті ойбайлатып алды да жөнелді. Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан азабын ешкім де дұшпанына тілемес.
Бұл – бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың сойқан жәбірі еді. Он екі дебір гүлі ашылмаған – Ақбілек содырлардың ортасына түсіп, қарамұртқа ермек болды...
Ақбілек трагедиясы сол кездегі ұлттық мәселелермен байланысты. Ақ орыс солдаттарының ұрлап әкетуі, Ақбілекті қара мұрт офицердің әйел қып ұстауы – бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Қыздың бостандыққа ұмтылғанымен, ел бетін көре алмай қиналуы, әкесінің қашқақтауы, атастырған күйеуінің тайсақтауы, ел-жұрттың оған бір түрлі аяушылықпен қарауы өлімнен де ауыр. Оның үстіне орыс – кәпір, мұсұлман емес. «Кәпірдің қолына түсіп, соған қатын болған» сөзді тіпті көпіртіп әкетеді. Өйткені кәпір атаулы жау, онымен араласқан, шатасқан елдің бәрі харам және діннен безген.
Ел көзіне көріне алмай, күлкі болып ауылдан кеткен Ақбілек қалаға барып оқып, адам қатарына қосылып, жар тапты, бақытты өмірге қадам басты, Міне « Ақбілек» романының бүкіл тақырыбы мен идеясы осыған саяды.
Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы – қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығарма.
Жұбан Молдағалиев (5.09.1920 жыл, Орал облысы, Тайпақ ауданы, Жыланды ауылы - 06.10.1988, Алматы) — қазақ ақыны, жауынгер, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, "Мен Қазақпын" поэмасының авторы.
Өмірбаяны
Оралда ауыл шаруашылық техникумын (1940) бітіріп, 1940-47 жылы Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты.
Одан кейінгі жылдары: "Лениншіл жас" (1948-52), "Қазақ әдебиеті" (1955-56) газеттері мен "Жұлдыз" журналы (1958-63) редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында (1953-54; 1963-71; 1 хатшысы) қызмет істеді. Алғашқы өлеңі ("Ленин тірі") Орал "Комсомол ұрпағы" газетінде (1939) басылды. Тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің көптеген поэмаларында азаматтық сарын мен көңіл күйі лирикасы басым.
Жұбан Молдағалиев 7-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралақасының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды. Ж.Молдағалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту және 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Мен - қазақпын поэмасы
Жұбан — өзінің атақты "Мен — қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — "Мен — қазақпын" поэмасы (1964). Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.
Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.[1]
"Қазақ болу — зор бақыт" дер күн тіпті... — деген өлең жолдары бүгінгі "егемендікті" жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:
Жұбан Молдағалиев өмір шындығының әр саласына терең үңіле отырып, жетпісінші жылдары "Қыран дала", "Сел", "Байқоңыр баспалдақтары" атты поэмалар жазды. Мұнда жаңа деректерге сүйенген ақын, заман шындығын, адамдардың ерлік істерін суреттейді. Халықтың бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігін айқындап, тарихи салыстырулар арқылы өткен өмір және болашақ жайлы толғаныстарын, өз ойларын толық ашып көрсетеді. Эпикалык поэма үлгісін жалғастырып, толықтыра түскен ақынның қай поэмасы болмасын, қызық сюжетті, оқиғалы болып келеді.
Жұбан Молдағалиев шығармашылығы
"Жыр туралы" поэмасында (1963) татар акыны Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлилдің ерлігі бейнеленген.
Ол "Жесір тағдырында" (1965) қазақ әйелінің өткен заманғы қатал тағдыры мен оның жаңа өмір жолындағы күресін көрсетті. "Мен қазақпын" поэмасында қазақ халқының өмірі, ұлттық ерекшелігі реалистік тұрғыда берілген. "Айттым сәлем" лирикалық поэмасы (1967) махаббат пен ерлікті жырлайды.
"Кісен ашкан" (1969) поэмасында Құрманғазының осы аттас күйіне құлақ қойып, ой жібере отырып, өскен өнер, өркендеген халық тағдыры баяндалған. Оның ақындық өнерін айқын танытқан бұл шығармасына Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы (1970) берілді.
1970 жылы Жұбан Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді.
Жұбан Молдағалиев көркем аударма мен публицистика саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Бірсыпыра шығармалары: ағылшын, неміс, араб, испан, поляк, монгол,француз, венгр және басқа шетел тілдерінде басылып шықты.
Ол Абайды Ұлы ұстаз тұтып, өз шығармаларында ақын бейнесін шебер өрнектеген. Солардың арасында шоқтығы биігі - «Абай шыңына» (Шығ. жинағы. 1 т., 1979) өлеңі:
«Шаншылып Алатаудың ұршығындай,
Шабыттың шырқап биік ыршуындай,
Шолып тұр шартарапты Абай шыңы,
Шытырман, жакпар-жақпар жыр шыңындай...» - деп,
ол ешбір кіріспесіз-ақ кемеңгер ақын бейнесін кескіндеуге бірден бет бұрады. Алатау - Абай тұлғаларының қатар алынуында терең мән жатыр. «Шыңдардың ақиығы, мұз балағы, Бөктерде балалаған құз қалады...»- деп, ақын Абай шыңын «шыңдардың ақиығына» балайды. Өлең ұлы ақынның Алматыда орнатылған зәулім ескерткішіне назар аударумен түйінделеді. Кемеңгер ақын бейнесін ол басқа да жырларында сомдай түскен. «Қазақшадан аударылған» (1971) деген өлеңінде ол қазақ жеріндегі шоқ жұлдыздар қатарында Абай есімін алдымен атайды. «Пір» (1972) өлеңінде Александр Сергеевич Пушкин поэзиясымен алғаш Абай аудармасы арқылы танысқанын баяндайды. «Мен - қазақпын» (1963-64) дейтін атақты дастанында ол Абай бейнесіне ойша оралып, ол қазақ халқы тарихының бөлінбейтін бір бөлшегі, асқаралыбелесі екенін ескертеді. Әдебиет жайындағы мақалаларында ол Абай тұлғасына бір соқпай өтпейді. «Қазақ әдебиеті» газетіңде жарияланған мақаласында («Ерлікпен тең еңбек», 1969, 7-желтоқсан) Абайдың орыс тіліне аударылуы туралы сөз қозғайды. Құрманғазы өмірінен жазылған «Кісен ашқан» поэмасы үшін 1970 ж. Молдағалиевқа Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.[2] Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерімен біршама жыр туындылары орыс, ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, венгр, араб, монғол, қырғыз, өзбек, қытай, түрік т.б. тілдерге аударылған.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (28 қараша, 1935 жыл, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ - 22 қараша, 1983 жыл, Алматы) —Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
Өмірбаяны
· Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін.
· 1956-59 жылдары Қазақтың мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінде оқыған.
· 1959-74 ж.«Жазушы» баспасының редакторы
· «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгеруші
· Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші
· 1974-78 ж, Қаз.КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы
· 1978-83 ж. «Мектеп» баспасында бөлім меңгеруші болып қызмет атқарған.
Шығармашылығы
Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы «Егіс» лирикалық жинағы 1961 жылы жарық көрді. Төрт жылдан кейін «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы шықты. Ж.Нәжімеденовтің тірі кезінде барлығы он өлеңдер жинағы мен «Ақ шағылдар» (1973ж), «Кішкентай» (1975 ж), «Атақ пен дақпырт» (1978ж) атты үш романы басылды.
Ақын өлімінен кейін жарық көрген он жинағына тірі кезінде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, повестері мен романдары, мақалалары мен аудармалары және тоғыз күй енді. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылып, басылды. Ақын А.Вознесенскийдің, Е.Евтушенконың, Н.Хикмет пен Ә.Файзи шығармаларын аударған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны
Жұмекен Нәжімеденов Қазақстанның қазіргі әнұран мәтінінің авторы. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша Жұмекен әнді осыдан 50 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен , негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған. Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда Жамал Омарова ара түсіп, эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып қудалана бастаған ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздіктің арқасында ресми әнұранға айналды.
2006 жылдың 11 қаңтарында «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет астаналық «Ақорда » резиденциясының шаңырағы астында,Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.
Шығармалары
Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында Жұмекеннің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары "Жазушы", "Жалын" баспаларынан жарық көрді:
· "Балауса" (1961)
· "Сыбызғы сыры" (1962)
· "Өз көзіммен" (1964)
· "Жоқ, үмытуға болмайды" (1965)
· "Жарық пен жылу" (1966)
· "Күй кітабы" (1967)
· "Мен туған күн" (1972)
· "Мезгіл әуендері" (1968)
· "Ұлым, саған айтам" (1970)
· "Қызғалдақ жайлы баллада" (1971)
· "Ақ шағыл" (1973)
· "Кішкентай" (1975)
· "Даңқ пен дақпырт" (1977)
· "Жеті бояу" (1977)
· "Шуақ" (1980)
· "Темірқазық" (1981)
· "Ашық аспан" (1981)
· "Менің топырағым" (1985)
· "Ұрпағым, саған айтам" (1988) кітаптары
· үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997)
· "Мен — тамырмын" дастандар (2001)
· "Қасірет пен қайсарлық" (2001)
· "Жұмекен" (2002)
· "Жаңғырық" (2003).
Ақын жырлары бірнеше шет тілдеріне аударылған.
· 1967 жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Зар Заман Ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет (1927) М.Әуезов енгізген термин, зар заман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Әуезов Зар заман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқтайды.[1]Зар заман ақындары тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді.[2]
Зар заман ақындарының өлеңдерінің мәні
Ресей империясы отарлаушыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты Зар заман ақындарының өлең-жырларында жан-жақты суреттеледі. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндесіп жататын өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөңкеұлының жырларынан айқын байқалады.[3] Зар заман ақындары шығармаларындағы ұлттық болмысты, қазақы қадыр-қасиетті сақтап қалуға үндеген ой-пікірлер жанайқаймен, шарасыздықпен, соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай өлеңдерден бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің өршіл үні айқын аңғарылады.[4]
Зар заман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы-мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығына налиды, тығырықтан шығатын жол таппай қиналады.[5] Олар елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгені деп ұғады. Бұл жердегі ақырзаман – ғаламдық апат, жарық дүниедегі көзге ілінген нәрсенің тып-типыл болуы турасындағы емес, отаршылдықтың шеңгеліне мықтап түскен ұлттың күйреуі сипатындағы ақырзаман. Халықты қан қақсатқан зобалаңның себебін Зар заман ақындарының бірі адам қолымен жасалған зұлымдықтан, екіншілері діннің бұзылғандығынан деп топшылайды. Әсіресе, Шортанбай ақын шарасыздықтан дінді таяныш қылады.[6]
Зар заман ақындарының өлең-жырларында елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарыны орын алған. Жалпы “ауа көшу”, “қонысты тастау” ұғымы көптеген халықтардың фольклорлық шығармаларына тән.[7] Талауға түскен елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Туған жердің табиғатына қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді еске алу үрдісі ата қоныстың бүліншілікке түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң-шермен астасып жатады. Ақындардың бірқатары жұтаған жер мен көшкен елге қайырылып сөз айтып тұрып, басқыншылық пиғыл мен зорлықшыл әрекеттерді зарлана жырға қосады. Зар заман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы.[8] Мұндай болжам өлеңдер Зар заман ақындары шығармашылығының бастапқы кезеңінде, яғни отарлаушылардың ойранынан бұрынырақ айтылғандығымен құнды. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарасақ, олардың ойлаған қаупі расқа айналғанына куә боламыз. Бұл ақындардың ішінде өлең-жырдың бар қуатын пайдаланып, ата-баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені – Дулат Бабатайұлы.[9][[Сурет:Dulat.jpg|thumb| alt=A.| Зар заман.]
Ақындарының шығармаларына тиым салынуы
Зар заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықтың белең алуынан басталады. Жыр жүйріктерінің бар құдіреті, бар қабілеті ел-жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қауіп-қатерді, зорлық-зобалаңды алдын-ала ескертті, зардаптарын күн ілгері тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Елдің берекетін кетірген отарлаушылардың құбыжық кейпіндегі бейнесін жасады.[10] Солардың ойранына жол ашқан өз халқының кейбір жандайшаптарын аяусыз сынға алды, кей тұста ел бірлігінің кемістігін де түйреп өтті. Зар заманның бүкпесіз баяндалған оқиғаларын кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілі – Дулат Бабатайұлы қазақ халқының дәстүрлі жыр үлгісін түр жағынан өзгертіп, өлеңді көркемдеп кестелеудің жаңа үлгісін жасады. Аталған ақындардың қай-қайсысы да ұлттық поэзиямызды мазмұн жағынан байытуға үлес қосты.[11] Кеңестік идеология үстемдік еткен кезеңде Зар заман ақындарының шығармаларын насихаттауға тиым салынды. Олар барлық оқулықтардан алынып тасталды. Соған қарамастан Зар заман ақындары шығарм. әр жылдарда зерттеу нысанасына айналды. Қазақ әдебиетінің тарихын оқып-үйренуге арналған ғыл. жинақтарда олардың кейбір өлең-толғаулары арагідік жарық көрген тұстары да болды. Мысалы, 1978 жылы Ленинградта басылып шыққан “Поэты Казахстана” жинағында (құрастырған М.Мағауин) Зар заман ақындарының отаршылыққа қарсы жазылған бірқатар өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.[12]
20 ғ-дың соңынан бастап зар заманның тарихи сипаты, Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері, әдеби ағым ретіндегі ерекшеліктері, көркемдік кестелері туралы бірқатар еңбектер жазылды. Зар заман ақындары шығарм. – жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар күрделі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының тұрақты зерттеу нысанасы болып қала бермек.[13]
Зар заман поэзиясының өкілдері
Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы , филология магистрі
Арғы түбі ақырзамандық сарындар мен болжал өлеңдерден бастау алатын зар заман жырларының көп таралған кезі – отаршылдық дәуірі. Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды.Жерлері алынумен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды.....Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды.Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен ісі болса барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін болды.Зар заман ағымына анықтама берсек, ол отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелеуінің көрінісі.Асан ата айтып кеткен («Мұнан соң қилы-қилы заман болар,Заман азып,заң тозып, жаман болар»),Бұқар болжап берген («Күн батыстан бір дұспанАқырда шығар сол тұстан») дәуір келіп жеткен соң ақын-жырауларының өлең-толғауларының тақырыбы өзінен-өзі зар заман ағымына ойысты. [1.144].Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар тұсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп, өркенделген, түйінделген ағым ретінде қарастырылады.Бұл сарынның ақындары қатарына Дулат Бабатайұлын\1802-1871\,Шортанбай Қанайұлын\1818- 1881\, Мұрат Мөңкеұлын\1843-1906\, Әбубәкір Кердері Шоқанұлын\1858-1903\ т.с.с. ақындарды қосуға болады[2.56].
Солардың көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай – орыс отаршылдығы тұсында қазақ қоғамына кірген әлеуметтік өзгерістердің сырын терең ашып бейнелеген суреткер.Қазақ даласына сауда капитализмінің кіруі, қоғамның бай не кедей болып жіктелуі, өкімдікке талас пен сайлау кезіндегі даулар ақын өлеңдерінде әсерлі суреттеледі.
Асылық азған заманда,
Алуан- алуан жау шықты.
Арам, араз хан шықты.
Қайыры жоқ бай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты,-
деп ол бірде қазақ даласына келген сауданы айыптаса, елдің бас көтерер азаматтарының байлыққа құнығуын, қанаудың күшейгенін сынға алады.
Қайыр кетіп байлардан,
Бұзауға ақша беріп тұр.
Пәлен тенгеторпақ деп,
Тиынға тиын болып тұр.
Залым туған сұмырайлар
Осылай жұртты еміп тұр,-
дейді.Осының бәрін Шортанбай заманның азғандығы деп ұқты.[3] Шығыстағы Дулаттың, батыстағы Әбубәкір мен Мұраттың, Арқадағы Шортанбайдың бір – біріне ұқсас әуенмен ел мұңын жырлауы көп ойға жетелейді.Заманды сезіну ортақтығы деген осы.Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын оятты. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты:
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді?
Ұлы өрісі қысқарып,
Кең қонысың тарылды.[4]
Шортанбай:
Нысапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды.[5]
Талай ғасырдан бергі жаугершілік жорықтарында қасқыр мінез танытып, намысын ешкімге таптатпаған,кеудесі көтеріңкі, рухы биік қыр қазағы ептеген жағымпаздыққа бой алдырды. Бұл ең алдымен Дулат Бабатайұлының сынына ілікті:
Майырдан алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын.
Ел пысығы жортады-ай,
Өз елді қорқытып,
Одан өзі қорқады-ай.
Бұл тұрғыда М.Мырзахметовтің пікіріне жүгінсек, «қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет ұлттық санасы саналы түрде оянған жаңашыл ақын, халқының бозторғайы боп шырылдаған Дулат поэзиясында отаршылдық билік жүйесі және елін сатқан атқамінерлер бейнесін тұңғыш галереясы жасалды» дейді.Жұртшылық арасында «Жаңа низам» деп аталған 1868 жылғы реформа- зар заман поэзиясының негізгі тақырыбы болды.Қарапайым халықтың «Жаңа низамды» қалай қабылдағанын, қандай күйге түскенін зар заман мектебінің өкілдері тайға таңба басқандай бейнелейді.Әсіресе, Дулат Бабатайұлының отарлаушылардың астарлы амал-айласы мен қитұрқы қулығын салғаннан-ақ аңғарды:
Батыстан патша түнегі,
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Дулат оны біледі.
Осыны Шортанбай да:
Осы күнде заманның,
Осылайша болып тұр.
Мұсылманды бұл күнде,
Орыс кәпір жеңіп тұр.
Ал Әбубәкір болса:
Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,
Штаттың хабарынан білмей қорқып - дейді.[8]
Отаршылдық биліктің ел арасындағы өкілдерінің бейнесі зар заман поэзиясында типтік тұлға ретінде көрініс тапты. «Өмірдің шындық құбылыстары мен оқиғаларының қалың тасқыны арасынан қажетті типтік сипаттағы маңызды, мағыналы фактілерді көре білу үшін де зергерлік зерде керек» деген талап тұрғысынан қарасақ, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдау арқылы өзара үндестік танытқан замана жыршыларының шығармаларынан типологиялық ұқсастықтың мысалдарын көптеп кездестіруге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мәдібай Қ.Зар заман ағымы.Алматы:Қазақ университеті.1997 ж.160 б.
2. Дәуітов С.Заман және зар\\Егемен Қазақстан,1994 ж.17 қыркүйек.
3. Садырбайұлы С.Шортанбайдың ақындығы.\\Қазақ әдебиеті,1992 ж.
4 қыркүйек.
4. Өмірәлиев Қ.Дулаттың дәуірі мен ақындығы.\\Замана сазы. Алматы: Жазушы,1993 ж.160 б.
5. Мәдібай Қ. Зар заман ағымы және Шортанбай мұрасы. Филол. ғыл канд.дисс.Алматы,1995 ж.142 б.
6. Ақыр заман .\\Жұлдыз,1993 ж.
Иса Байзақов (3.10.1900, Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылы — 3.9.1946, Алматы) — ақын, әнші-композитор.
Өмірі
Әкесі Байзақ ескіше хат таныған, жасында ән салып, өлең шығарған, шағын шаруалы, сауыққой кісі болған. Иса 9-ға шыққанда шешесі қайтыс болып, өлеңші, әңгімеші әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Нағашы ағасы Рахмет оған домбыра тартып, ән салуды үйретеді. Кішкентайынан “Әнші Иса” атанады. 1921 жылы Семейдегіжұмысшы факультетінде, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында, 1929—1932 жылы Қазақ педагогикалық институтында оқыған.
1926—1929 жылы Қазақ драма театрына шақырылып Әміре, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек, Серке Қожамқұлов, Елубай, тағы басқа актерлермен бірге жаңа театрдың негізін қаласады. Театр алғаш қойған М. Әуезовтің “Еңлік — Кебегі” мен “Бәйбіше — тоқалында” басты рөлдерде ойнайды. Өзі инсценировка жасаған “Біржан — Сара”қойылымындағы Біржан рөлінде нағыз актерлік дарынын танытқан. 1932—1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызмет істеді. Өлеңдері 1924 жылдан жариялана бастады. Сан қырлы талант иесі Байзақовтың, әсіресе, суырып салма ақындық өнері қазақ әдебиетіндегі осы бір ерекше құбылыстың жалғасындай еді. Байзақов жазба әдебиет өкілі ретінде де шоқтығы биік көркем туындылар қалдырды.[1][2]
Өзгеше жанры
Көптеген өлеңдеріне өзі өмір сүрген кезеңдегі Қазақстанның тыныс-тіршілігінің түрлі көріністерін арқау еткен. Ақын өлеңдерінде фольклорлық сипат басым. Бұл — оның суырып салмалық талантына байланысты ерекшелігі. Байзақовтың жұрт алдында айтылатын ұзақ толғау алдындағы кіріспе іспетті, өзіндік әні бар желдірмелері халық арасына кең тараған. Байзақов поэма жанрын дамытуға да зор үлес қосты.
· “Ұлы құрылыс” (1933), “Алтай аясында” (1934), “Он бір күн, он бір түн” (1938), “Кавказ” (1940), “Ақбөпе” (1941), “Қырмызы — Жанат”, “Қойшының ертегісі”, тағы басқа көлемді шығармаларында өткен заман оқиғалары, кейінгі дәуір шындығы көрініс тапқан.
“Құралай сұлу”, “Алтай аясында” поэмаларында жоңғар шапқыншылығы, “Ақтабан шұбырынды” заманындағы қазақ тұрмысы шынайы суреттеліп, ел бірлігі, патриотизм идеясы көтеріледі. Әлеуметтік қайшылықтарға толы “Ақбөпе” поэмасында ақын өз кейіпкерлері Ақбөпе мен Әміржан бойына бұрынғы қазақ жастарының ең жақсы қасиеттерін жинақтаған. Ақбөпе — өз бақыты үшін күрескен өр мінезді қазақ қызының бейнесі. Байзақовтың ақындық дарыны Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше танылды. Ақын өзінің отты жырларымен ел ішіндегі насихат жұмысына белсене араласып, еңбектегі ерлікті жырлады. Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсіртті. Оның шығармашылығы — қазақ поэзиясындағы жарқын белестердің бірі. Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған.
Байзақовтың өмірі мен шығармашалығын Е. Ысмайылов, М. Хасенов, Р. Бердібаев, тағы басқа зерттеген. Жазушы Н. Ановтың “Ән қанаты” романында (1956), осы аттас кинофильмде (1962) әнші-ақынның көркем бейнесі жасалды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған (1939).[3]
Эпикалық шығармалары
· «Құралай сұлу» (1925)
· «Қойшының ертегісі» (1926)
· «Алтай аясында» (1939)
· «Кавказ» (1941)
· «Қырмызы-Жанай» (1940, аяқталмаған)
· «Ақбөпе» (1945)
· «Неге Алатау шаттанды» (1929)
· «Ұлы құрылыс» (1933)
· «Он бір күн, он бір түн» (1939)
ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН РОМАНДАРЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ САНА Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы І. Есенберлиннің қаламынан туған "Айқас", "Ғашықтар", "Қатерлі өткел", "Алтын құс", "Маңғыстау майданы", "Алтын аттар оянады", "Көлеңкеңмен қорғай жүр", "Алыстағы арпалыс", "Аққу құстар қуанышы", "Махаббат мейрамы", т.б. романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, соны серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар еді. Ол — қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде қазақ әдебиетінің тарихында оқшау орны бар тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды. Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. І. Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу - көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады. Қазақ тарихының соңғы бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жандүниесіне әсер етіп, дүниетанымына салқынын тигізді, акыл-парасаты аяқ асты болды. Осы тұрғыдан келгенде жеке жазушының ғана емес, бүкіл казақ әдебиетінің тарихында әлеуметтік терең мәнді туынды болып қалған«Көшпенділер» трилогиясында Шыңғыс әулеті билеп тұрған дәуірлердегі ұлт тарихына тереңдеп еніп қадам жасауы қазақ әдебиеті мен көркемдік әлеміне алғаш рет І. Есенберлин әкелген жаңалық пен батылдық еді. Автордың аса зор зерттеушілік жұмыс жүргізуінің нәтижесінде беймәлім, тың материалды оқырман игілігіне айналдырудың жарқын көрінісі болған «Көшпенділер» трилогиясының кезінде танымдық жағынан да ерекше жүк арқалағаны көпшілікке белгілі. Рас, ғалымның міндетінен гөрі міндеті ауқымды, кеңірек болып келетін жазушы үшін ақпараттық қана қызмет атқаратын материал суреткер жұмысының алғашқы бастамасы ғана. Тың, жаңа дерек, көпшілікке беймәлім материал негізінде қаламгердің ой сүзгісінен өтіп қорытылған оқиғаларға құрылған трилогияда жан-жақты камтылған адамгершілік мәселелері көрініс тауып, өткен дәуір шындығы бүгінгі заман сипатымен сабақтастырыла суреттеледі. Сақтандыру мен ескерту идеясы бой көрсетіледі. Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі «Көшпенділер» трилогиясы еді. Шығарма кейіпкерлері ретінде негізін тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел бірлігінің ұйтқысы, халықтың ақыл-парасатты билер, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып отанын қорғай білген арыстан жүрек, атанжілік батырлар. Бұлар — ел есінде сақталып, тарихта қалған өмірде болған тұлғалар. «Көшпенділер» трилогиясы — партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді. «Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын ұстанған. |
Ӏлияс Есенберлин (10 қаңтар, 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласы - 1983, Алматы) — қазақ жазушысы.
Еңбек жолы
· 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
· 1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы,
· 1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры,
· 1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор,
· 1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы,
· 1955-1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы,
· 1958-1967 жылдары "Қазақфильм" киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі,
· 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасының директоры,
· 1971-1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы болып қызмет атқарады. Атбасарқаласындағы мектепке, Алматыдағы бір көшеге І. Есенберлин есімі берілген.
Шығармашылығы
І. Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Алғашында ақын ретінде танылған оның шығармалары 1940 жылдан бастап жарық көре бастайды. 1945 жылы "Сұлтан", "Айша" дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасы" (1957), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), Алтын Орда трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарияланды.
Есенберлиннің "Маңғыстау майданы", "Аманат" (1978) романдары қазақ әдебиетіндегі сүбелі шығармалары қатарында. Кеңес өкіметі]] жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын "Айқас" романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ӏлияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан "Песня о человеке" (1956) романы 1958 жылы қытай тіліне аударылады. "Таудағы тартыс" (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М.Ерзинкянмен бірігіп жазған "Құйма" (1961) киносценарийі бойынша түсірілген фильм бүкіл кеңес және венгр, поляк, болгар экрандарында көрсетілді.
Ӏлияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. "Схватка" ("Айқас", 1957); "Опасная переправа" ("Қатерлі өткел", 1970); "Влюбленные" ("Ғашықтар",1970); "Хан Кене" ("Қаһар", 1971); "Заговоренный меч" ("Алмас қылыш", 1973); "Отчаяние" ("Жанталас", 1974); "Прикрой своим щитом" ("Көлеңкеңмен қорғай жүр",1976); "Мангистауский фронт" ("Маңғыстау майданы", 1981); "Золотая Орда" ("Алтын Орда", 1985) деген атпен Мәскеулік және республикалық баспалардан жарық көрді. Жекелеген шығармалар украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілінде жарияланды. Олардың ішінде "Көшпенділер" трилогиясы, "Адам туралы ән", "Қатерлі өткел", "Ғашықтар", "Айқас" романдары бар.
I.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К.Д.Ушинскийдің "Әңгімелері мен ертегілерін" (1945), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған "Қызыл дария" (1956) романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.[1]
Тарихи романдары
Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары — "Қаһар", "Алмас қылыш", "Жанталас" атты тарихи романдары.
Тарихи романдар деп өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі.
Жазушы I. Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің ХV-ХІХ ғ.ғ. тәуелсіздік үшін табанды күресін көркем суреттейді. Осы жолдағы қыруар қиындықты, ішкі қайшылықтарды, адами қатынастарды, олардың әрекеті мен мінез-құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасайды.
"Алмас қылыш" романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық.
"Алмас қылыш" романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.
Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.
Шығармада басты қаһарман Әбілхайырдың, сондай-ақ Жәнібек, Мұхаммед Шайбани, Бұрыңдықтардың, тағы басқа тарихта болған қайраткерлердің бейнелері жасалған. Автор олардың күрделі тұлғаларын бойындағы қайшылықтарын ашып көрсету береді. Мәселен, Әбілхайыр, бір жағынан, айлакер, ақылды айбарлы ел басшысы болса, екінші жағынан, өз мақсаты жолында ешбір арамдық, азғындықтан тайынбайтын мейірімсіз, қандықол. Оның жүздеген жылдарға созылып, әріден келе жатқан Шыңғыс ханның үрім-бұтағының озбырлық саясатын жалғастырушы екенін де автор жасырмайды, хан екен деп, орынсыз дәріптемейді.
Қалың әлеумет адамдары да романның басты идеясын ашуда елеулі қызмет атқарады. Мәселен, Асан Қайғының Бердібек пен Әбілхайырға айтатын қатал сын сөздері, Әбілхайырдың Керей мен Жәнібек елін шабам деген екпінінің қол астындағыларының қолдамауынан су сепкендей басылуы сияқты көріністер бұған айғақ.
Мұнда халықтың жақсы қасиеттерін бойына дарытқан Қобыланды, Қазтуған, Саян, Орақ секілді кейіпкерлер романның идеялық жүгін едәуір көтеріп тұр. Мәселен, Қазтуған мен Қотан ақындардың айтысы арқылы роман бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, күрестерін, олардың сыры мен сипатын айтады.
Трилогияның "Қаһар" атты кітабында I. Есенберлин XIX ғ. 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйін әңгімелейді. Мұнда жазушы жұртқа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды тізе отырып, ондағы адамдардың күйініш-сүйінішімен, арман-өкінішімен, мұратымен, кейіпкерлер тағдырымен байытып көрсетеді.
"Қаһарда" қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патшабекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі.