Р-да бас бостандығынан айыруға сотталғандарды топтастыру, оларды түрлі түзеу мекемелерінде жеке ұстау.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны түзеу мекемелерінің қандай түрінде өткізетіндігін дұрыс анықтау олардың түзелуі мен тәрбиеленуі үшін үлкен маңызы бар. Түзеу мекемелерінің түрлері бір-бірінен құқықтық шектеу көлемімен, жазасын өтеушілердің басынан өткеретін күйзелісімен, еңбекке пайдалану сипатымен, тәрбие жұмыстарының түрлерімен, жалпы және кәсіптік-техникалық білім беретін оқытуларымен ерекшеленеді.
Осының бәрі бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеп жүрген кезеңдегі құқықтық жағдайына елеулі түрде әсер етеді.
Түзеу мекемелерінің түрін анықтауға тиянақтылықпен қарау қылмыстық-атқару заңнамаларымен әдетте сотталғандардың бір ғана түзеу колониясында жазаларын өтеуімен түсіндіріледі. Тиісті режиміне сәйкес сотталғандардың қандай түзеу мекемелерінде жазаларын өтеуін анықтайтын бір ғана орган – ол сот.
Жазаны өтеу барысында сотталғандарды ұстау шарттары өзгере қалған жағдайда оларды бір түзеу мекемесінен екіншісіне ауыстыруға тура келеді. Атап айтқанда, сотталғандарды жалпы және қатаң режимдегі колония-қонысқа, айырықша режимдегі колониядан қатаң режимдегі колонияға, тағысын тағы солай ауыстыру. Алайда, мұның бәрі сот анықтап берген режимдерді өзгерту деген ой туғызбаса керек. Соттың белгілеген жіктеуі жаза өтеліп біткенге дейін сол қалпында тұрақты түрінде қалады.
Сотталғандардың бас бостандығынан айыру орындарында жаңадан қылмыс жасай қалған жағдайларында сот үкім шығару және жазаның жаңа түрін тағайындау кезінде түзеу мекемесінің түрін өзгертусіз қалдыруы немесе одан гөрі қатаңырақ ұстау жағдайын белгілеуі мүмкін.
Түзеу мекемесінің түрін тағайындау мен ұстау режимінің түрін анықтауға байланысты сот өз үкімінде қателік жіберген жағдайда жоғары тұрған сот кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен мекеме түрі мен сотталған адамды ұстау режимінің түрін өзі анықтай алады.
Үкімнің заңды күшіне енген күнінен 10 күн мерзімінен кешіктірілімей немесе атқарылуға жіберілген күнінен бастап сотталған адам бас бостандығынан айыруға орнына жіберілетін болады. Түзеу колониясына жіберуді сотталғанға дейін сотталушы адам отырған тергеу оқшаулағышының (СИЗО) бастығы ҚР ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы берген наряд бойынша жүзеге асырады. Нарядта жіберілген сотталғандардың жалпы саны (еркектер мен әйелдер), олардың кесілген жазаларына байланысты заңның баптары көрсетіледі. Нарядқа сотталғандардың отырған тергеу оқшаулағышының арнаулы бөлімімен ашылған жеке іс-қағаздары, сонымен бірге айдаудың (этапирование) негізі, сотталған адамның қай жерден қай жерге айдалғаны, жеке іс-қағазының нөмірі, аты-жөні, туған жылы, қандай баппен сотталғаны, жаза мерзімі мен түзеу мекемесінің режим түрі жазылған құжат-жөнеуші тізім қоса тіркеледі.
Сотталған адамның жеке іс-қағазында: анкета, дактилокарта, танымдық фотосуреті, үкімнің көшірмесі, анықтау көшірмесі немесе үкімнің заңды күшіне енгені туралы соттың анықтама қағазы, соттылығының бар-жоқтығы туралы анықтама қағазы, медициналық картасы болуы керек.
Түзеу мекемесіндегі сотталғандарды қабылдау мекеме бастығының немесе оның жедел және режимдік жұмыс жөніндегі орынбасарының төрағалық етуімен арнайы комиссия арқылы жүзеге асырылады. Комиссияның құрамына мекемені күзететін түрлі бөлімдер мен қызметтер, әскери бөлімше кіреді. Жеке бөлек немесе шағын топ болып әкелінген сотталғандарды мекеменің лауазымды қызметкерлері (мекеме бастығы, бастықтың орынбасары, бастықтың кезекші көмекшісі) мен әскери бөлімшенің командирі қабылдайды. Комиссия немесе лауазымды адам бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды қабылдау негізде келгендерді сипаттайтын деректердің сәйкестігін, олардың құжаттарының түгел екендігін мұқият тексеріп алады. Түзеу мекемесіне мынадай адамдар қабылдауға жатпайды:
1. Үкімдері заңды күшіне енбеген адамдарды;
2. Жолдамасы бойынша басқа түзеу мекемесіне жіберуге жататындар;
3. Құжаттық деректері нақты фактімен сәйкеспейтіндер (аты-жөні, туған жылы және басқа да деректерінің дұрыс жазылмауы).
Осындай адамдар кездесіп қалған жағдайда ол туралы түзеу мекемесінің қылмыстық-атқару жүйесі басқармасына дереу толтырылған наряд қағазы сұратылады.
Сотталғандарды қабылдау кезінде оларға тінту жүргізіліп, жеке дүние-мүіктері қаралады, содан кейін дәрігерлік тексерістерден өткізіледі. Осы шараарды өткізгеннен кейін сотталғандар карантиннен өткізілетін орынға жіберііп, онда екі аптадай болады.
Қабылдау өткізілгеннен кейін үш дана акт жасалады: оның бірінші данасы айдауыл бастығына беріледі, екіншісі түзеу мекемесінің іс-қағаздарына тігіеді, үшінші данасы сотталған адамды жіберген бас бостандығынан айыру орнына жіберіледі. Түзеу мекемесіне жаңадан қабылданған әрбір адам жөнінде сотқа 24 сағаттың ішінде сенімхат жіберіледі. Мекемеге келген 10 күннің ішінде сотталған адамның отбасы мен жақын туыстарына мекеменің қай жерде екендігі, посылкамен сәлемдемемен және бандерольмен қандай азық-түліктер мен заттар салуға болатыны, сондай-ақ сотталған адаммен кездесудің негізгі тәртіптері хабарланады.
Сотталған адамды түзеу мекемесіне қабылдау заңгерлік акті ғана емес, ол сонымен бірге тәрбие жұмыстарының басталу кезеңі болып та саналады. Бірінші күні жаңадан келіп түскен сотталғандармен әңгіме өткізіледі, оларды режим ережелерімен, мекеменің ішкі тәртібімен, олардің міндеттері және құқықтарымен таныстырады, тәртіптік жазалау мен көтермелеу шараларын қолдану негіздемелері мен тәртібін түсіндіреді. Мұндай әңгіме сонымен бірге сотталғандар тұлғасымен жеке-жеке танысу мақсатымен карантин кезінде де жүргізіледі, оны құрамына мекеме бастығы мен оның орынбасарлары, бөлім мен қызмет бастықтары енген арнаулы комиссия жүргізеді. Оларды тұлғалық ерекшеліктеріне, мамандықтарына (мүмкіндігінше), біліміне және басқа жағдайларына қарай отрядтарға бөлу мәселесі шешіледі.
Үкім заңды күшіне енген сәтінен бастап бас бостандығынан айыруға сотталған адам жаңа мәртебеге ие болады. Алайда, іс жүзінде оларға берілген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру, олардың түзеу мекемесіне келіп түскен кезінен басталады. Түзеу мекемесіне сотталғандарды қабылдау фактісінің құқықтық мәні дәл осымен анықталады.
Карантиннен өткеннен кейін түзеу мекемесінің әкімшілік комиссиясы сотталғандарды еңбекке жарамдылығына, мамандығына, тұлғаның жеке психологиялық және өзге де ерекшіліктеріне қарай отрядтарға бөледі. Бұл жерде отрядтың толықтығы, олардағы жататын орындардың бар-жоқтығы ескеріледі.
Ведомстволық нормативтік актілерде, әрбір отрядтағы адамның саны 60-тан аспау керек екендігі белгіленген. Тәрбиелеу колонияларындағы отрядтар 25-30 адамдың бөлімшелерге бөлінеді. Сотталғандарды отрядтарға бөлу жөніндегі мәселе мекеме бастығының бұйрығымен шешіледі.
Жаңадан келген адамға байланысты, оның жеке іс-қағаздағы деректері негізінде арнайы дәптер алып, оған байланысты атқарған жұмыстарды жазып отырады. Онымен жеке әңгіме өткізеді. Барлық өткізілген әңгіме-дүкен осы дәптерге отряд бастығының қолымен жазылып отырылады. Дәптерге сонымен бірге сотталған адамға қолданылған жазалаумен көтермелеу шаралары да жазылады, сотталған адам басқа отрядқа немесе басқа мекемеге ауыстырылған кезде, оның дәптері қоса жіберіледі.
Түзеу мекемелерінің ішінде сотталғандарды отрядтық жүйеге бөлу 1957 жылы енгізілді. Ол өзін бірден пайдалы екендігін көрсетіп, қылмыстық-атқару заңымен жазаны атқару тәжірибесінде кеңінен қолданылатын болды.
Отряд қызметін реттейтін нормативтік актілерге сәйкес, оның негізгі міндеті әрбір сотталғандармен жеке-жеке тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызу. Отряд әрбір сотталған адамды заңды, жатақхана ережелерін қатаң сақтау еңбекке адал ниетпен қарау рухында тәрбиелеу ісінің орталығы, жүйе тамыры іспеттес.
Отряд өндірістік үлгіде жасақталады. Ол біртектес жұмысқа немесе әртектес (мысалы, құрылыстағы әртүрлі мамандықтар бойынша) жұмысты атқаратындай құрамда құрылуы мүмкін.
Сотталғандарды отрядтарға бөлу түзеу мекемесі бастығының бұйрығы бойынша жүзеге асырылады. Бір отрядтан екінші бір отрядқа ауыстыру ерекше бір жағдайда ғана мекемесі бастығының себептері көрсетілген бұйрығымен орындалады. Айыптау және тәртіптік оқшаулағышқа немесе камералық үлгідегі үй-жайларға уақытша қамау сотталған адамды отрядтан шығара алмайды.
Отрядты сотталғандардың тәрбиешісі болып саналатын және тәрбиелік ықпалдың түрлі жолдары мен әдістерік пайдалана отырып олардың түзелуіне жауап беретін отряд бастығы басқарады. Бір отрядтағы сотталғандар тәртіп бойынша бір үй-жайға бөлек орналастырылады. Отряд бастығы олардың әрқайсысына жататын орындарын белгілеп береді.
Отрядтар өндірістік-тұрмыстық белгілеріне қарай қалыптасатын бригадаларға бөлінеді. Бригадир сотталғандардың санына қарай мекеме бастығының бұйрығымен тағайындалып, ауыстырылады. Ол бригададағы тәртіп пен ішкі тәртіптің сақталуына, құрал-жабдықтар мен мүліктің сақталуына, өндірістік тапсырмалардың орындалуы мен жұмыстың сапасына жауап береді. Бригадир тікелей отряд бастығына сонымен бірге, бригада жұмысқа жіберілген жердің басшыларына бағынады.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жіктеу – бұл жазаның мақсатына жету жолында қолайлы жағдай туғызу үшін оларды нақты бір белгілері бойынша белгілі бір топтарға бөлу. Сотталғандарды жіктеу қылмыстық және қылмыстық-атқару құқығының жазаны жектелеу сияқты қағидасының ретті жүзеге асырылуы үшін қолданылады. Жазаны жекелеу соттың қылмыстық жазаны тағайындау және атқару барысында жүзеге асырылады.
Жазаны атқаруды жекелеу – бұл әрбір сотталушының тұлғалық қасиеттерін сипаттай отырып қылмыстық-атқару құқығының жалпы ережелерінің нормаларымен, сондай-ақ қылмыстық-атқару заңының нормаларымен белгіленген және түзеу ықпалының қағидаларына сәйкес жаза қолдану.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жіктеу төмендегі көрсетілген жағдайларды жүзеге асыру үшін арналған:
а) қоғамға қауіптілігі жоғары қылмыскерлердің қауіптілігі төмен қылмыскерлерге теріс әсер ету мүмкіндігіне тосқауыл қою мақсатында сотталғандардың түрлі топтарын бөлек оқшаулау;
б) түзеу мекемелері жүйесін тиімді құру;
в) түзету ықпалының құралдары мен әдіс-тәсілдерін қатаң түрде жеке-жеке қолдану;
г) қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мен қылмыскердің және жазаның мазмұнын құрайтын
шаралардың арақатынастарын дұрыс үйлестіру;
д) жазаны өз мәнінде атқару үшін жағдай жасау.
Осы аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылыми негізделген жіктеу ғана тиісті орнын таба алады. Қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамалары тек қана бас бостандығынан айыруға сотталғандарға ғана арналған жіктеулерді қарастырады. Бұл жерде сот әлі шешім қабылдай қоймаған іс бойынша қылмыскерді қылмыстық-құқықтық тұрғыдан жіктеудің сотпен қылмыстық жазаға кесілген сотталғандарды қылмыстық-атқару тұрғысынан жіктеудің арасындағы айырмашылықтарды ескеру керек. Қылмыстық-атқару жіктеуінің негізі қылмыскерді қылмыстық-құқықтық тұрғыдан жіктеу болып табылады. Қылмыстық-атқару жіктеу мен қылмыстық-құқықтық жіктеудің өзара байланыстылығы мыналармен түсіндіріледі, біріншіден, қылмыстық-құқықтық жіктеудің негізгі өлшемі жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі мен қылмыскердің тұлғасы болса, екіншіден, осы екі жіктеудің де мақсаттары жазаның тиімді нәтижеге жетуін қамтамасыз ету болып табылады.
Қылмыстық құқықтағы қылмыскерлерді жіктеудің негізгі мақсаты – жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мен қылмыскер тұлғасының сипаты мен дәрежесіне сәйкес кінәліні қылмыстық жауаптылыққа тарту мен жаза шарасын тағайындау туралы мәселелердің дұрыс шешілуін қамтамасыз ету. Ал, бас бостандығынан айыру сотталғандарды қылмыстық-атқару жіктеуінің негізгі мақсаты – сотталғандардың түрлі топтарына қатысты жазаның бірдей атқарылуын және сол жазаның мейілінше тиімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.
Бас бостандығынан айыру сотталғандар заңгерлік (құқықтық), педагогикалық және психологиялық белгілер бойынша жіктеледі. Көрсетілген белгілер жиынтығында физиологиялық (биологиялық) және биологиялық болып белгінің екі түріне бөлінеді.
Заңгерлік белгі бойынша жіктеу – бұл бас бостандығынан айырылғандарды жасаған қылмыстарының қоғамдық қауіптілігі мен оның өзінің қоғамға қауіптілігі дәрежесі мен сипатына қарай жіктеу.
Осы белгілер бойынша сотталғандар мен бас бостандығынан айырылғандар мынадай топтарға бөлінеді:
а) аса қауіпті қайталап қылмыс жасаушылар;
б) бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар;
в) ауыр қылмыстары үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
г) ауыр емес қылмыстары үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар.
Физиологиялық (биологиялық) белгілері бойынша жіктеу – бұл сотталғандарды жынысына, жасына, денсаулығына қарай бөлу.
Осы белгілер бойынша бас бостандығынан айыруға сотталғандар мынадай топтарға бөлінеді:
а) еркектер мен әйелдер;
б) кәмелетке толмағандар (18 жасқа толған) мен кәмелетке толмағандар (14-тен 18 жас аралығы);
в) еңбекке жарамдылар мен мүгедектер;
г) іс жүзінде дені саулар мен ауыр науқаспен сырқаттанатындар;
д) әйелдер, жүкті әйелдер мен 3 жасқа дейінгі қоректендіретін балалары бар әйелдер.
Педагогикалық белгілер бойынша жіктеу – бұл бас бостандығынан айыруға сотталғандарға байланысты педагогикалық жолмен ықпал ету құралдары мен әдіс-тәсілдерін қолданылуына қарай бөлу.
Осы белгінің негізінде сотталғандарды жауапқа тартылғанға дейін және түзеу мекемесіндегі еңбек етуге деген көзқарасына байланысты (жұмысты жақсы істейді, еңбек етуге дұрыс көзбен қарайды), түзеу мекемесіндегі тәртібі мен мінез-құлқына қарай (тәртібі үлгілі немесе режимді жиі бұзады) және басқа жағдайларға байланысты бөледі.
Психологиялық белгілері бойынша жіктеу – бұл тұлғасына байланысты топқа бөлу. Мұндай бөлу сипатқа қарай бөлудің жалпы және оқшау психологияның мәліметтеріне сүйенеді.
Түзеу мекемелерінде тәрбие жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін жоғарыда айтылған қасиеттерді біліп қана қоймай, жалпы тұлғаның кім екенін айыра білу керек.
Психологиялық белгілерге байланысты төмендегі мыналарды айыра білген орынды:
а) аса қауіпті мемлекетке қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған мен басқа қылмыс жасаған үшін сотталғанды;
б) қасақана жасаған қылмысы үшін сотталған мен абайсыздықпен қылмыс жасап сотталғанды;
в) адам өміріне, денсаулығына, денесіне қол сұғушылықпен қауіп төндірумен сотталғанды;
г) пайдакүнемдікпен қылмыс жасап сотталғанды;
д) бұзақылығы үшін сотталғанды;
е) бас пайдасын көздемей қызметтік және кәсіби жұмысын орындауға байланысты жасалған қылмысы үшін сотталғанды;
ж) өзге де қылмыстар жасаған қылмысы үшін сотталғандарды.
Сотталғандарды жіктеу сотталғандардың бір тобының екінші бір тобына теріс әсерлерін тигізуге жол бермейтін және оларға ықпал ету құралдарын орынды қолдануын дұрыс ұйымдастыруға жағдай туғызады. Қабылданған заңдардағы сотталғандарды жіктеуге сәйкес түзеу мекемелерінің жүйесі құрылады. Қолданыстағы заңнамалар бойынша мұндай мекемелер жүйесі заңға (құқықтық) және физиологиялық (биологиялық) белгілерге негізделген.
Педагогикалық және психологиялық белгілер түзеу мекемелерінің жүйесіне пайдасын тигізбесе зиянын тигізбейді, қайта тәрбиелік ықпалмен түзеу құралдарын орынды қолдануға және сотталғандар арасындағы тәрбие жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру үшін қызмет етеді.
Қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамаларында қамауда ұстау мәселелерін шешу мен мекемелердің режим түрлерін анықтауда бас бостандығынан айыруға сотталғандардың төмендегі көрсетілген категорияларын бөліп қарауға болады:
1) абайсыздықпен қылмыс жасағаны үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
2) ауыр деп саналмайтын қасақана қылмыс жасағаны үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
3) ауыр қылмысы үшін бірінші рет 3 жылдан аспайтын бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
4) бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп шыққандар, бірақ қылмысты қайталушы деп танылмайтындар;
5) бірінші рет мемлекетке қарсы жасаған қылмыстары үшін сотталғандар;
6) қауіпті қылмысты қайталаушылар;
7) бас бостандығынан айыру орындарында жасаған қылмысы үшін сотталған қылмысты қайталаушылар;
8) өлім түріндегі жазаны кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылып сотталған адам;
9) өлім түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылған аса қауіпті мемлекетке қарсы қылмысы үшін сотталған адам;
10) сотталған шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар.
Мұндай жіктеулер бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау жөніндегі мәселелерді шешуде және түзеу мекемелері түрлерін анықтау кезінде пайдаланылады.
2. ҚР-дағы түзеу мекемелерінің түрлері.
Қылмыстық жазаның бір түрі ретіндегі бас бостандығынан айыру – қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп саналған адамды заңды бұлжытпай орындау, адамзат өмірінің тәртібін құрметтеу мен әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталғандардың да өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу мақсатында соттың үкімімен белгіленген мерзімде, ол үшін арнайы қарастырылған түзеу мекемелерінде мәжбүрлеп оқшалаумен көрінеді.
Атқару тұрғысынан алғанда бас бостандығынан айырудың мәні сотталған адамның соттың үкімімен белгіленген мерзімге түзеу мекемесіне мәжбүрлеп орналастырылып және сонысымен оны қоғамнан оқшаулауда.
Бас бостандығынан айыру түрінде жазаны атқару құрамында түзеу колониялары, тәрбиелеу колониялары және түрмелер бар түзеу мекемелері жүйесінде жүзеге асырылады.
Қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамаларында бекітілген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мазмұны қылмыскерді еркін жүріп-тұру мүмкіндігінен айырып, қатаң белгіленген түрде сазайын тартқызумен көрінетін арнайы заң жүзіндегі нысан болып саналады.
Қылмыстық және қылмыстық-атқару құқығы мен заңнамаларында бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза деген ұғым жоқ, ал бас бостандығы деген ұғымды заң жүзіндегі мағынада өз еркімен жүріп-тұру, өзінің еркі бойынша тұрғын-жайы мен өзге де дүние-мүлкін пайдалану, кәсібі мен тұрғын жайын өз қалауынша таңдау, мемлекет азаматы ретінде құқығы мен міндеттерін еркін жүзеге асыру деп түсінуге болады. Бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны қолдану адамның құқықтық мәртебесін өзгертеді, сотталған адамның бәрінен бұрын тұрғылықты жерінен, айналысатын кәсібінен, белгілі бір өмір салтын елеулі түрде шектейді.
Жеке адамның бас бостандығының басты элементтері азаматтың заң жүзіндегі құқықтары мен міндеттері болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы тұлғаның негізгі құқықтары мен міндеттері арқылы бостандықтың, құқық пен міндеттің мазмұнын нақталай түседі. Азаматтардың мұндай құқықтары мен міндеттерін қоғамдық, мемлекеттік мүддесіне және адамның мүддесіне қарсы пайдалануға болмайды, олай ету заңға қайшы келеді.
Қылмыскердің қоғаммен шиеленісті араласуы қылмыс жасауымен көрініп, ол сол үшін жаза қолдану арқылы шешіледі. Қылмыскерді бостандығынан айыра отырып, мемлекет оның жаңа қылмыстар жасау ниетіне тосқауыл қояды, оның дұрыс жолға түсіп, түзелуіне қолайлы жағдай туғызады.
Жазаның осы түрін жүзеге асыру үшін жасалған қылмыстардың түріне қарай және қылмыскерлердің жас ерекшеліктеріне қарай ҚР қылмыстық-атқару заңнамалары ересектерге және кәмелетке толмағандарға арналған қылмыстық-атқару мекемелерінің екі тобын қарастырады. Өз кезегінде бұл мекемелер ересек әйелдерді және кәмелетке толмаған қыз балаларды қарсы жыныстылардан яғни еркектерден бөлек орындарға бөлінеді.
Сөйтіп, ересек еркектерге арналған түзеу колониялары қоныс колониясына, жалпы, қатаң және аса қатаң режимдегі колонияларға бөлінеді.
Қоныс колониялары абайсыздықпен қылмыс жасағаны үшін 7 жылдан аспайтын мерзімге сотталған ересек еркектерді, сондай-ақ ересек әйелдерді; қылмыстық-атқару заңына сәйкес тәртіп негізінде жалпы және қатаң режимдегі колониялардан ауыстырылған сотталғандарды (әйелдер мен еркектерді) ұстауға арналған.
Түзеу колониялары кәмелеттен асқан еркек және әйел сотталғандарға айналған.
Жалпы режимдегі түзеу колониялары әдейі жасаған кішігірім немесе орта ауырлықтағы қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдардың, сондай-ақ абайсызда жасаған қылмысы үшін 7 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазасын атқарады.
Әйелдер, бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда, аса қауіпті қайталғаннан басқалары жазаларын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді. Аса қауіпті қайталанған қылмыс жасап сотталған әйелдер үшін жазаны өтеу қатаң режімдегі түзеу колонияларында белгіленеді.
Қатаң режимдегі түзеу колонияларында жазаны аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген, қылмыстарды қайталаған және аса қауіпті қайталаған еркектер өтейді.
Ерекше режимдегі түзеу колонияларында қылмыстар аса қауіпті қайталанған жағдайда еркектер, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ өлімге кесу түріндегі жазаны кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталған жазасын өтейді.
Түрмелерде ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін, қылмыстар аса қауіпті қайталанған жағдайда бес жылдан астам мерзімге сотталған, сондай-ақ жазаны өтеүдің белгіленген тәртібін қасақана бұзып түзеу колонияларынан ауыстырылған адамдар жазасын өтейді. (ҚР ҚАК 69-бабы).
ҚР ҚАК 126-бабына сәйкес түрмелерде жалпы және қатаң режимдер белгіленеді. Қатаң режимде осы түзеу мекемесіне келіп түскен сотталғандар мен жалпы режимнен көшірілген сотталғандар ұсталады.
Сотталған жүкті әйелдер мен жанында жас балалары бар сотталған әйелдерді, сондай-ақ І және ІІ-топтағы мүгедектер болып табылатын сотталғандарды қатаң режимде ұстауға болмайды.
Қатаң режимге жазалау мерзімінің кемінде бір жылын өтеуі бойынша сотталғандар жазаны өтеу тәртібін бұзбаған жағдайда жалпы режимге көшірілуі мүмкін.
Тәрбиелеу колониялары бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ жиырма жасқа жеткенге дейін тәрбиелеуге қалдырылған сотталғандарға арналған. Тәрбиелеу колонияларының өзі жалпы және қатаң режимдегі колонияларға бөлінеді. Жалпы режимдегі тәрбиелеу колониясында бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталған еркектер, сондай-ақ кәмелетке толмаған ұсталады. Қатаң режимдегі тәрбиелеу колониясында бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген кәмелетке толмаған еркек балалар ұсталады.
Тәртіп бойынша 18 жасқа толған сотталғандар жасы 20-ға толғанға дейін тәрбиелеу колониясында қалдырылады. Мұндай шара таза тәрбиелік мақсатта көзделген және ол прокурордың рұқсаты бойынша колония әкімшілігімен қолға алынады.
Тәрбиелеу колония орындағы жазаны өтеудің ерекшелігі – мұнда жазаны өтеудің дағыдылы, жеңілдетілген, жеңілдікті және қатаң жағдайлары белгіленеді. Ересек сотталғандар жазасын өтеуге арналған түзеу колонияларымен салыстырғанда, мұнда жазаны өтеудің тағы бір түрі – жазаны өтеудің жеңілдікті жағдайы енгізілген. Осы көрсетілген жағдайлардың әрқайсысына қылмыстық-атқару заңнамасы нақты бір құқықтық шектеулер белгілейді (ҚР ҚАК 128-бабы).
Атап өтетін жай, ересек сотталғандардың бас бостандығынан айыру жазаны өтеуге арналған тәрбиелеу колонияларымен жалпы және қатаң режимдегі тәрбиелеу колонияларындағы жағдайлардың бір-бірен айырмашылығы жоқ, бәрі бірдей. Айырмашылықтар жоғарыдай айтылған жазаны өтеудің төрт түрінің шеңберінде ғана.
Түзеу мекемелерінің барлық жүйесінің міндеттеріне тоқтала келгенде, олардағы үкімді орындау қылмыстық-атқару заңнамасының белгіленген ережелеріне сәйкес жүргізілетіндігін айтуға тура келеді. Бұл жерде мекемелер мен органдар соттың үкімінде көрсетілген жазаны құқықты шектеудің жиынтығы ретінде орындаса, жекелеген жаза түрлері бойынша тәрбиелік ықпал ету шараларын қолданады. Дегенмен мұндай функция тек осы айтылған міндеттермен шектеліп қалмайды. Қылмыстық жазаны атқаратын мекемелер мен органдар мысалы, соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу, қылмыспен келтірілген шығындарды өндіртіп алу.
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың маңызді міндеттері сотталушының түзелуін қамтамасыз ету, сотталғандардың өздерінің жалпы білімі мен мәдени деңгейін, денсаулығын, психикалық, құқықтық, рухани дамуын көтеру жолымен олардың омірлік бағыт-бағдарын, мінез-құлықтық ниеттері мен мақсаттарын бағалауына қолайлы жағдай туғызу, сондай-ақ бас бостандығын айыру орнында өркениетті өмір жолының деңгейін көтеруді қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл міндеттер қылмыстық жазаны атқаратын мекемелер мен органдардың алдында тұрған сотталғандарды түзету үшін өте маңызы бар, басымдылығы мол міндеттер болып саналады.
Сөйтіп, жазаны атқаратын мекемелер мен органдар келесідей маңызды міндеттерді атқарады: соттың үкімін орындау; сотталғандардың түзелуін қамтамасыз етеді; өзінің және өзге адамдар тарапынан жаңа қылмыстар жасалуын ескертеді. Осы міндеттердің әрқайсының өздерінің жеке-жеке маңызы бар, жалпылай алғанда олар қылмыстық жазаның орындалу процесінің мәні мен мазмұнын ашады.
Бұрынғы қолданыстағы еңбекпен түзеу заңнамасында еңбекпен түзеу колониясы түзеу мекемелерінің ең негізі түрі саналған ереже бекітілген болатын. Жаңа Қылмыстық-атқару кодексінде ондай бекіту жоқ, дегенмен ол жағдайды онша өзгерте қойған жоқ. Бүгінде түзеу колониялары белгілі бір дәрежеде жазаны атқару органдарының алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруға бейімделген. Бұдан бұрын айтып өткеніміздей түзеу мекемелері әр түрлі бөлінеді. Олар бір-бірінен режимдеріне қарай емес, өзге де жағдайларының мазмұнына қарай, сондай-ақ оларды ұсталатын сотталған адамдардың сапаттарына қарай айырмашылықта болады. Бұл соттарға, одан кейін түзеу мекемелері әкімшілігінің қылмыстық жазаны бірдей тағайындауына ғана емес, жазаны жасалған іс-әрекеттің қауіптілік дәрежесіне, сотталғанның тұлғасы мен жазасын өтеу кезінде көрсеткен мінез-құлқына байланысты атқаруына мүмкіндік береді.
Ұстау мен бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу шарттары бойынша бостандық пен бостандықтан айырудың арасындағы жағдайы жеңілірек орын колония-қоныс болып танылады.
Қылмыстық-атқару заңдылықтарына (ҚР ҚАК 124-бабы) қоныс колонияларының екі түрі болады:
1) абайсызда жасаған қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға жеті жылдан аспайтын мерзімге сотталғандарға арналған колония-қоныс;
2) жалпы және қатаң режимдегі колониядан жақсы мінездемемен ауыстырылған сотталғандарға арналған колония-қоныстар.
Одан әрі қатаңдық дәрежесіне қарай жалпы, қатаң және ерекше режимдегі колониялар тұрды. Олардағы жазаны өтеу жағдайына кейінірек тоқталамыз.
Түзеу колониясын оның бастығы басқарады. Бастықтың: тәрбие жөніндегі, режим жөніндегі жедел жұмыстар жөніндегі және шаруашылық жөніндегі орынбасарлары болды. Колония құрымында кадрлар бөлімі, бухгалтерия, арнаулы бөлім, медициналық-санитарлық бөлім; азық-түлік қызметі және колонияның өзі мен шаруашылығы ойдағыдай қызмет жасауын қамтамасыз ететін тиісті басқа да буындары болады. Сотталғандар тобы өз кезегінде шаруашылықтық немесе мектептік тәртіп бойынша қалыптасатын отрядтарға бөлінеді. Оларды отряд бастықтары, ал шаруашылық бригадаларын сотталғандардың өздерінің арасынан сайланатын бригадирлер басқарады. Түзеу колонияларының (колония-қоныстан басқалары) өз алдын бөлек берік қабырғамен, шарбақпен немесе тікенек сыммен қоршалған жері, оның ішінде тұрғын орындағы «сотталғандарға арналған жатақханалары), әкімшілік ғимараттары, қызметтік құрылыстары, клуб, асхана, монша, айыпты оқшаулағышы, камералық типтері орын, бақылау-жіберу пункті (КПП) болады.
Жағдайды жақсарту ойластырылғанда тұрғын орынға шаруашылық алаңдары, зауыт цехтары, шеберханалар, фабрика жақынырақ, жалғастырыла салынады. Түзеу мекемелерін (колония-қоныстан басқаларын) сыртқы өмірден оқшаулау ішкі әскер бөлімшелерімен немесе арнайы үйретілген күзет бөлімдерінің күшімен атқарылады.
Өзінің өндірістік бағытына қарай түзеу колониялары фабрика-зауыттық, құрылыстық, ағаш дайындайтын, ауыл шаруашылықтық болып бөлінуі мүмкін. Кейбір түзеу колониялары бас бостандығынан айыру орнын және аурухана қызметін де атқарады, яғни маскүнемдік, нашақорлық, мерез, құрт аурулары және басқа да ауруларға ұшыраған сотталғандарды емдеуге арналады. Осы сияқты бас бостандығынан айыру орындарын жабдықтаудың тәртібі. Түзеу мекемелерінің ішкі Ережелерінің 11-тарауымен реттелген (Астана, 2001).
Жатақхана үйінде жатын орнымен бірге әрбір отряд бастығына арналған арнаулы кабинет жабдықталады, мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлмесі, тамақ өнімдерін сақтайтын және ас қабылдайтын, орындар, шешініп-киінетін орын, дәретхана, киім мен аяқкиім кептіретін орын болады. Колонияның сыртында азық-түлік пен мүлік, жанар-жағар май, сыр-бояу заттарының, сотталғандардың ұзақ сақталатын жеке мүліктерінің, көкөніс қоймалары; наубайхана; гараждар; дәріхана; сотталғандардың кездесуге келген жақын туыстары, сондай-ақ колонияға қызмет бабымен іссапарға келген лауазымды адамдар орналасатын мейманхана үлгісіндегі үйлер орналасады.
Түзеу колониясы – заңды тұлға. Түзеу колонияларының барлығы өзінің жиынтығында Қазақстан Республикасының ІІМ құрамына енетін қылмыстық жазаны атқару жөніндегі жүйені құрайды (УИС – ҚАЖ). Бас бостандығынан айыру орындарына басшылық жасау үшін әрбір облыста сотталғандардың санына байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің бөлімдері немесе басқармалары құрылады. Қазақстан жеріндегі барлық бас бостандығынан айыру орындарына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі басшылық жасайды. Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы түзеу мекемелері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бұйрығымен ұйымдастырылып құрылады және таратылады.Осы Ереженің 3-параграфымен түзеу мекемелерінің мөлшері (толықтығы) белгіленеді. Іс жүзінде сотталғандардың сандық мөлшері төмендегі белгіленген көрсеткіштерден аспауы тиіс:
- жалпы режимдегі түзеу колонияларында – 2000 адам;
- қатаң режимдегі түзеу колонияларында – 1800 адам;
- ерекше режимдегі түзеу колонияларында – 1600 адам;
- түзеу колония-қоныстарда – 1000-1500 адам;
- тәрбиелеу колонияларында – 750 адам;
- түрмеде – 2000 адам.
Жоғарыда көрсетілген колонияның түрлері мен оның мөлшеріне, сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмаған қыздарды ұстауға арналған бас бостандығынан айыруға орындарына қарай отырып, түзеу колониялары шынында түзеу мекемелердің ең негізгі түрі деген қорытынды жасауға болады. Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп Ережелерінің 5-параграфында: «Түзеу мекемелері заңды тұлғалар құқығын иеленеді, оның Қазақстан Республикасының Ел таңбасы бейнеленген және мекеменің атауы жазылған мөрі болады», делінген.
Өзінің күнделікті қызметінде түзеу мекемелері тергеу органдарымен тығыз байланысқан әрекеттестікте болады: олар бұрын бас бостандығынан айыру орындарда болған айыпталушылардың тұлғасын зерттеуге, сондай-ақ сотталғандардың қамауға түскенге дейінгі қылмыстық жауаптылыққа тартылған қылмыстық әрекеттерін ашуға көмек көрсетеді. Түзеу мекемелері соттармен де тығыз байланыс жасасады. Соттар жазаның түрінің, режимінің және түзеу мекемелерінің өзгертіліп немесе ауыстырылуына бақылау жасайды.
Түзеу мекемелерінің өзара әрекеттестігінің маңызды бағыттарының бірін бас бостандығынан босап шыққандардың түзелу нәтижесін бекіте түсу мақсатында полиция аппараттарымен бірлесе отырып жүргізеді (жұмысқа орналастыру, тұрмыстық, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесу, әкімшілік қадағалау жүргізу және басқалар).
Түзеу мекемелерінің барлық қызметі заң негізінде құрылады, дегенмен сол жағдайлардың бәрі де жіті бақылауды талап етеді.
3. Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу жағдайы.
Қылмыс жасаған адамды дұрыс жолға түсіріп, түзеу – күрделі міндеттердің бірі. Оны шешу көбінесе әртүрлі түзеу мекемелерінде сотталғандарды орналастыру үшін жүзеге асырылатын жазалаумен түзеу ықпалының құқықтық және ұйымдастыру жолдарын жетілдірілуіне байланысты болады.
Түзеу мекемелері жүйесінде колония-коныс сияқты жазаны өтеу түрін енгізу мемлекеттің қылмыстық және қылмыстық-атқару саясатын дамытудағы ең бір кезекті жаңа қадам болып саналды.
Аса ауыр қылмыс үшін және аса қауіпті қылмыскер, қылмысты қайталап жасаушыларға қатысты жазаны қатайта түсудің сөзсіз қажеттігін ескере отырып, әлеуметтік әділеттілік пен гуманизм қағидаларынан туындайтын бірінші рет қылмыс жасаған немесе абайсыздықта ауыр қылмыс жасауға жол беріп алған адамдарға қатысты жазалау шарасын өз орнымен жүргізген дұрыс болып саналады. Сотталғандарды жеңілірек шартты түзеу мекемелеріне ауыстыру немесе жартылай бостандықтағы режимде ұстаумен жағдайларын жақсарту арқылы ынталандыру олардың түзеу жолына ұмтылуына әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті.
Колония-қоныс құру идеясының өзі сотталғандардың түзелу жолындағы нәтижелі көріністерін нығайта түсетін ауыспалы саты құру мен бостандыққа қажетті бейімділікке біртіндеп дағдыландыру бағытындағы қалпына келтіру мен тәрбиелеу деп түсінуге болады.
Алғаш рет колония-қоныс 1963 жылы РКФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 26-маусымдағы «Еңбекпен түзеу колония-қоныс ұйымдастыру және оларға түзеу жолына нық қадам басқан бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ауыстыру тәртібі туралы» Жарлығына сәйкес құрылған болатын. Осы аталған нормативтік актіге сәйкес колонияның жаңа түрі – жалпы, күшейтілген және қатаң режимдердегі түзеу колонияларынан ауыстырылған сотталғандардың жазаларын өтеуге арналған қолония-қоныс пайда болды. Колония-қонысқа түзелу жолына нық түскен және заңмен белгіленген жаза мерзімінің белгілі бір бөлігін өтеген (үш жылға сотталғандар жаза мерзімінің жартысын өтегенде; бес жылдан артық сотталғандар жазасының 2/3 бөлігін өтегенде) сотталғандар ауыстырылады. Сотталғандарды колония-қонысқа ауыстыру мәселесі қадағалаушы комиссияның келісімімен түзеу мекемесінің өтініші негізінде сот шешетін болады.
Түзеу мекемесінің жаңа үлгісі – колония-қоныс құру бірқатар мақсаттарды көздеді. Біріншіден, сотталғандарды колония-қонысқа ауыстыру түзелу жолына түсіруге ынталандырудың ең маңызды жолы болып табылады. Екіншіден, сотталғандарды күзетсіз еңбекке тартудың бұл жолы соттың мұндай шешім білікті және тиімді болып саналады. Үшіншіден, колония-қоныста жазаны өтеу сотталғандардың отбасымен, еңбек ұжымдырымен әлеуметтік байланыстарын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Төртіншіден, колония-қоныстарда өткізілуіне колония әкімшілігі ғана емес, сотталғандардың туған-туыстары да қатысатын тәрбие жұмыстарын жүзеге асырудың алғышарттары жасалады. Бесіншіден, сотталғандарды күзетсіз, бірақ сыртынан қадағалауда болуы олардың бойында жатақхана тәртібін саналы түрде сақтауға дағдыландырады. Ең соңында осы айтылған мақсаттардың барлығы бір мақсатқа – түзелу жолындағы нәтижелерді нығайтатын және сотталғандардың бойында жазасын өтеп бостандыққа шыққанда ортаға тез бейімделуіне жағдай жасайтындай колония-қоныс құруға келіп саяды.
Мұндай мекеменің қызметі мен жұмыс тәжірибесі іс жүзінде сотталғандардың құқықтарын шамалап шектейтін жартылай ашық түрдегі түзеу мекемесінің өміршеңдігі мен тиімділігін айғақтай түсті.
Түзеу колония-қонысындағы жазаны атқару сотталғандардың қоғамға пайдалы қызметін белсендіре түсетіндей қолайлы жағдай туғызу үшін сенімді бағыт алуды айғақтай түскендей болды.
1971-1974 жылдар аралығындағы эксперимент нәтижелі өткеннен кейін, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1977 жылғы 8-ақпандағы Жарлығына сәйкес абайсыздықта қылмыс жасаған адамдарға арналған колония-қоныс құрылды.
Абайсыздықта қылмыс жасаған адамдардың колония-қоныстарды жазасын өтеуі отбасынан, қоғамнан айыру сияқты ғана келеңсіз жағдай туғызады. Сонымен бірге, қасақана қылмысы үшін сотталғандардан қылмысты абайсыздықта жасаған адамдарды бөлек ұстау түзеудің негізгі құралдарын бірдей қолдануға, сайып келгенде жазасын өтеп шыққандардың бостандықта қылмысты қайталап жасамауына жағдай туғызады. Жүргізілген эксперимент нәтижесінде қылмысты абайсыздықта жасаған адамдарды бөлек ұстау жазаны атқарудың алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасалатындығы байқалды.
Колония-қоныстың осы екі түрінде де бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазаларын өтеуді бірдей жағдайда өткізеді.
Бір колония-коныстың өзінде ерекетер де, әйелдер де орналастырылуы мүмкін. Қылмысқа қатысушылықпен қылмыс жасап сотталғандар тәртіп бойынша жаза өтеуді бөлек өткізеді.
ҚР ҚАК 125-бабы колония-қоныстарда жаза өтеудің жағдайларын реттейді. Осы заңдық нормаға сәйкес, бас бостандығынан айыруға сотталғандар күзетсіз, бірақ колония-қоныс әкімшілігінің қадағалауында болады; мекеменің ішкі тәртібі ережелерімен ұйқыға бөлінген уақыттан басқа кезде колония-қоныс шегінде еркін жүріп-тұру құқығын пайдаланады; колония-қоныс әкімшілігінің рұқсатымен колония-қоныстан тыс жерге қадағалаусыз, бірақ олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша не оқуына байланысты қажет болса, тиісті әкімшілік-аумақтық құрылым аумағының шегінде қадағалаусыз жүріп-тұра алады; азаматтық киім киіп жүре алады; өзінде ақша мен бағалы заттар ұстай алады; ақшаны шек қоюсыз пайдаланады; посылкалар, сәлемдемелер мен бандерольдар алады, санына шек қойлмай кездесе алады; өздеріне арналған жатақханаларда тұрады.
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзуға жол бермеген және отбасы бар сотталғандарға колония-қоныс бастығының қаулысы бойынша колония-қоныстың аумағында немесе одан тыс жерде жалға алған немесе өзінің тұрғын алаңында отбасымен тұруына рұқсат етілуі мүмкін. Аталған сотталғандар тіркелу үшін колония-қоныс бастығының қаулысымен колония-қонысқа айына төрт ретке дейін келуге міндетті. Тіркелу кезеңі колония-қоныс бастығының қаулысымен белгіленеді. Сотталғандар тұратын тұрғын үй-жайларда колония-қоныс әкімшілігінің өкілі кез келген уақытта бола алады.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жеке басын куәландыратын белгіленген үлгідегі құжаты болады. Сотталғандардың жек куәлігі, төлқұжаты мен басқа да жеке құжаттары олардың жеке істерінде сақталады.
Түзеу мекемелерінің ішкі тәртібі ережелері түзеу колония-қоныстардағы сотталғандар тәртібі ережелерінің ерекшеліктерін белгілеп береді. Соған сәйкес ондағы сотталғандар ұжымдық немесе жекеше түрде бау-бақша өсірумен айналыса алады, өнім беретін құстар мен мал асырай алады, оларға сапсыз еркін жүруге, шашын тақырлап алып тастауға, өзінің киімдерін киіп жүруге, кеудеге және жеңге тігілетін белгілерді тақпауға, отбасы бар сотталғандарға колония-қоныстың аумағында немесе одан тыс жерде жалға алған немесе өзінің тұрғын пәтерінде отбасымен бірге тұруына рұқсат етіледі.
Ішкі тәртіп ережелері колония-қоныстардағы сотталғандардың колония-қоныс аумағынан өз бетімен шығып кетуге; кез келген атылытын немесе суық қару сатып алуға, оларды сақтауға, көлік құралын иемденуге және оны пайдалануға тыйым салынады.
Қылмыстық-атқару заңнамасы колония-қоныстағы сотталғандардың еңбегі жұмысқа қабылдау, жұмыстан босату мен басқа жұмысқа ауыстырудан басқа тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңымен реттеледі.
Сотталғандарды басқа жұмысқа, соның ішінде басқа жерге ауыстыру сол жұмыс істеп жүрген жеріндегі колония-қоныс әкімшілігінің келісімімен жүзеге асырылады.
Сотталғандарға тиісті әкімшілік-аумақтық құрылым аумағының шегінде орналасқан жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінде сырттай оқуға рұқсат етіледі.
Колония-қоныстарда жазасын өтеп жүрген адамдардың белгілі құқықтарын шектеу белгіленеді. Оларға:
- колония-қоныс аумағынан өз бетімен шығып кетуге;
- атылатын және суық қарулар сатып алу мен олардың сақтауға, сондай-ақ оларды пайдалануға;
- әскери киім киіп жүруге;
- құмар ойындар ойнауға, спирттік ішімдіктер ішуге тыйым салынады.
Кем дегенде айына бір рет колония аумақтары мен колониядағы барлық ғимараттарға тексеріс жүргізіледі.
Колония-қоныстағы режим талаптарын бұзған сотталғандарға қылмыстық-атқару заңымен қарастырылған жазалау шаралары қолданылады. Алайда, посылка, сәлемдеме мен бандерольдар алу құқығынан айыру сияқты жазалау шарасы айыптық оқшаулағыштарға қамалған сотталғандарға ғана қолданылады. Әкімшіліктің отбасылы сотталғандарды жазалау түрінде колония-қоныс жаттақханасына орналастыруына мүлдем тыйым салынады. Мұндай жазалауды тек қана сотталған адамның жұбайы немесе зайыбы кетіп қалған жағдайда ғана қолдану мүмкін болады.
Колония-қоныстарда камералық үлгідегі арнаулы орын жабдықталмайды, олай болған жағдайда бұл абайсыздықта қылмыс жасаған немесе түзелу жолына түске адамдардың құқығына нұқсан келтіргендік болып саналады.
Колония-қоныстар орналасқан елді мекен аумағында учаскелік инспектор қызметі енгізілген милицияның тірек пункті болуы тиіс.
Түзеу колония-қоныстарында жазасын өтеп жүрген сотталғандарға қатысты мына төмендегі жағдайларды қарастыратын қадағалау жүргізіледі:
- сотталғандардың ішкі тәртіп ережелерін сақтауын бақылау;
- сотталғандардың жұмыс істейтін, тұратын жеріндегі тәртібін бақылау;
- режимді бұзудың, қашудың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау;
- белгіленген режимді бұзған сотталғандарды тінту және оларды өзгелерден оқшаулау.
Сотталғандарды тексеру мақсатында жеке тінту, олардың жатақханасын тінту, оларға келген посылкаларын тексеру мен жеке үйлерін қарау колония бастығының, не оның орынбасарларының немесе колония бастығының кезекші көмекшісінің рұқсатымен ғана жүргізіледі.
Колония-қоныстағы белгіленген режимнің сақталуы үшін сотталғандардың үстінен қадағалу үшін колония бастығының кезекші көмекшісі, бақылаушылар взводынан наряд басшысы жетекшілік ететін әскери наряд, сондай-ақ наряд бастығының басқарумен қызмет ететін бақылаушылар тағайындалады.
Сотталғандарды еңбекке тартудың жалпы шарттары ҚР ҚАК 14-тарауында (99-103-баптар), сондай-ақ ҚР ҚАК 125-бабында белгіленген. Соған сәйкес, жұмысқа қабылдаудың, жұмыстан босатудың және басқа жұмысқа көшірудің ережелерін қоспағанда, сотталғандардың еңбегі Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледі. Сотталғандарды басқа жұмысқа, оның ішінде басқа жерге ауыстыруды колония-қоныс әкімшілігінің келісімі бойынша өздері жұмыс істеітін кәсіпорынның әкімшілігі жүзеге асыра алады.
Колония-қоныстағы сотталғандармен тәрбие жұмыстары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексі (105-115-баптары) негізінде жүргізіледі.
Қылмыстық-атқару заңнамаларын мен осы мекемелердің іс-тәжірибесін талдау жалпы және қатаң, ерекше режимдегі колониялардағы құқықтық реттеу тәртібі мен шарттарында елеулі айырмашылық бар екендігін көрсетті.
Сөйтіп, түзеу колония-қоныстар онша қоғамдық қауіптілік тудырмайтын және қоғамнан онша оқшаулауды қажет етпейтін сотталғандарға тәрбиелік ықпал ету нәтижелерін дамыта түсу мен бекітуге арналады деп айтуға болады.