Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отбасына психологиялық көмек беруді ұйымдастыру және оның мазмұны

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отабсыларын социумға адекватты кіріктіру, олардың әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту, бірқатар арнайы шараларды жүзеге асыруды талап етеді.

Нақты отбасына түзетуші көмек беру жүйесі, кешенді зерттеу үдерісінде анықталған тұлғалық және тұлғааралық бұзылулардың өзгешілігі негізінде құрылады. «Ерекше» балалары бар отбасына психологиялық көмек беру әдістемесін, біз әртүрлі бағыттағы психокоррекциялық техникаларды қолдануды қамтитын, интеграциялық тұғыр аясында құрдық. Әдістемеде психокоррекциялық әсер ету субъектілерінің сандық-сапалық сипаттамаларына сәйкес, жұмыстың келесі бағыттары айқындалады:

- дамуында бұзылуы бар балалардың эмоционалды-тұлғалық және мінез-құлықтық бұзылуларын түзету;

- ата-аналардың тұлғалық және тұлғааралық сферасындағы бұзылуларды түзету.

Соңғы бағыт өз кезегінде, екі блок арқылы беріледі: психологиялық-педагогикалық түзету және психокоррекция (жеке және топтық).

Дамуында бұзылуы бар балалардың эмоционалды-ерікті, мінез-құлықтық, тұлғалық және тұлғааралық сферасын түзетудің бірнеше бағыттары болады.

Сабақтың ұзақтығы баладағы бұзылудың айқындалуына және жасына байланысты болады және 15 минут пен 35 минут аралығында созылады. Сабақтардың жиілігі – аптасына бір-екі рет. Жеке және топтық сабақтардың келесі құрылымы болады:

1. қалыптастырушы саты;

2. түзетуші саты;

3. релаксациялық саты;

4. қорытындылаушы саты.

1. Қалыптастырушы саты. Бұл сатыда балалар сабақтың тақырыбымен танысады, оларда сабақтың жүргізілуіне деген жағымды бағдар қалыптасады, зейіндері белсендіріледі.

2. Түзетуші саты.Бұл сатының міндеті балалардың эмоционалды-ерікті, мінез-құлықтық, тұлғалық және коммуникативті сферасындағы негізгі қиындықтарды жоюды қамтиды.

3.Релаксациялық саты.Бұл сатыда балаларда босаңсу және өзін-өзі реттеу дағдылары қалыптасады.

4.Қорытындылаушы саты. Бұл сатыда сабақтың қорытындысы жасалады. Барлық балалардың жұмыстары оң деп бағаланады.

Ана мен баланың арасындағы өзара қатынастарды реттей отырып, психолог келесі психокоррекциялық техникалар мен әдістерді қолданады: холдинг-терапия, арттерапия, вокалотерапия, музыкотерапия, хореотерапия, эстетотерапия, библиотерапия, ертегі терапиясы, туротерапия, еңбек терапиясы және махаббат терапиясы.

Холдинг-терапия, ертегі терапиясы, библио- және музыкотерапиясы. бір мезгілде қолданылуы мүмкін, ана баланы өзінің тізесінің алдына отырғызады немесе кеудесіне қысып, қасына отырғызады (денелік байланыс міндетті). Анасы баласына ертегі айтып береді, онымен бірге ән салады. Осы кезде бала мен ананың бойында мейірімді сезімдер, бір-біріне деген қажеттілік сезімі пайда болғаны маңызды.

Библиотерапияны жүргізуде, қатысушылар орындыққа отырады. Психолог нұсқау береді: көздерін жұму және не туралы айтатындарын көз алдарына елестету. Әрі қарай психолог табиғат картинасының мәтін-сипаттамасын оқиды (өрістік реактивтілік деңгейі). Мәтінді оқу отандық және шетелдік композиторлардың классикалық шығармаларынан үзіндінің баяу дыбысталуымен қатар жүүргізіледі. Музыкотерапия мен библиотерапияны жүргізуге арналған мәтіндер, В.В.Ткачеваның құралдарында берілген. Тыңдау барысында классикалық әдеби шығармалар да қолданылуы мүмкін.

Музыка ырғағымен оқылатын мәтіннің міндетті түрде келесі құрылымы болады: бастамасы мазасыз, ортасы екпінді және соңы бірқалыпты оптимистік түрде болады. Мәтіннің оптимистік мазмұны, топтың мүшелерінде жағымды сезімдер мен көңіл-күйді туындататын позитивті бағдар мен бейнелерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәтіндерді құрастыру үшін келесі бейнелер таңдалады.

Жазғы алаңқай. Көгілдір аспан. Бұлақ – суы мол өзен. Әлсіз сабақ – керемет гүл. Қысқы жол. Ана мен бала. Самал жел. Теңіз. Күзгі бақ. Желкен. Ағаш. Алғашқы қар ұлпалары. Жаңа жыл мерекесі. Көктемгі тамшы.

Библиотерапияның коррекциялық әсері, ата-аналардың өзіндік позитивті бейнелері мен ұғымдарындағы кемшіліктердің орнын толтыруда байқалады. Бұл психиканы жарақаттайтын ойлар мен сезімдерді позитивті түйсіктерге алмастыруға ықпал етеді. Музыкалық релаксацияның мәтінінен немесе поэтикалық шығармадан басқа, ата-аналарға сабақта немесе үйде оқу үшін, афористік бағыттылығы және философиялық мазмұны бар, классикалық әдеби шығармалардың арнайы іріктелген үзінділері ұсынылады. Библиотерапевтік тұғырды жүзеге асырудың дәл осындай формасы, ата-аналарға өзіндік түйсіктерін реттеуге, өзіндік болмысын қайта мағыналауға, күнделікті өмірдің ұсақ-түйегіне қуануға көмек береді.

Музыкалық шығарманың сипаты, әдеби мәтіндегі құрылымға сәйкес таңдалады: мазасызданудың, күшті қарсылықтың, бақытты аяқталудың және тыныштықтың болуы. Тыңдау үшін келесі шығармалар таңдалады: Л.В.Бетховеннің «Лунная сонатасы», С.В.Рахманиновтың «Фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерті», П.И.Чайковскийдің «Времена года» шығармасы, Г.В.Свиридовтың «Метель» кинофильміне жазылған музыкасы, И.Штраустың вальстері және т.б.

Музыкотерапияның мәні музыкалық шығармаларды тыңдаудағы жағымды эмоциялардан көрінеді. Л.С.Выготскийдің пікірінше, көркемдік қанағаттану таза рецепция емес, керісінше, ол психиканың жоғары іс-әрекетін талап етеді. Мұнда күшті және жағымсыз аффектілер, бәсеңдеуге, жойылуға, қарама-қайшылыққа айналуға ұшырайды. Осылайша, топтың мүшелерінің эстетикалық реакциясы, күрделі айналуға ұшырайды және сезімдердің тазаруына (катарсис) ұласады.

Музыка мен мәтінді тыңдауда, топ мүшелері орындықта, көздері жұмулы күйінде отырады немесе жатады. Мәтін мен музыка аяқталғаннан кейін, топ мүшелеріне осы сабақтың барысында санасында пайда болған бейнелерді айқындау үшін сұрақнама жүргізіледі. Психокоррекциялық сабақтар курсын жүргізудің басында, психолог ұсынған қиялдағы бейнелер, топ мүшелерінде туындайтын бейнелермен әрдайым сәйкес келе бермейді. Бұл сонымен бірге, пікірталастық талқылаудың пәні болып саналады. Атап өтетін бір жайт, сабақтың бастапқы сатысында, топ мүшелерінің көпшілік бөлігі белгілі бір бейнелерді қайта жаңғыртуда біршама қиындықтарды бастарынан өткереді. Олардың кейбіреуінде жағымсыз әсерлер пайда болады. Содан соң, үйрету үдерісінде барлық ата-аналарда өздерінің санасында табиғаттың жекеленген картинасын қайта жаңғыртатын немесе жағымды естеліктерге қатысты жағымды бейнелер қалыптасады.

Вокалотерапия (бірлесіп ән салу) – оның керемет ауқымды түзетуші эффектісі болады. Вокалотерапия сөйлеудің жылдамдықты-ырғақтық құрылымының бұзылуында, дыбыстаудың бұзылуында, балалардың тұтығуында ұсынылады. Бірлесіп ән салу барысында бала мен оның анасының арасындағы сенімді қатынастар құрылады.

Вокалотерапия музыкалық релаксацияның маңызды сатысы болып саналады. Ән салу (мүмкін, а капелла) психотехниканы жүзеге асырудың бастапқы сатысында осы үдерісті бастайтын психологтың басшылығымен жүзеге асырылады. Ән салудың міндетті шарты ретінде, қатысушыларда ән мәтінінің болуы алынады. Бұл тәсілді қолдану, ата-аналардың қысымын азайтуға, еркіндік сезімін дамытуға және өзін-өзі маңызды етуді дамытуға ықпал етеді. Бір мезгілде, бірлесіп ән салу үдерісі, топтың ұйымшылдығын дамытуға ықпал етеді, қолдау мен эмпатия сезімдерін қалыптастырады.

Хореотерапия (бірлесіп би билеу) балада музыка ырғағымен дұрыс қимыл-қозғалысты қалыптастырып қоймайды, сонымен бірге, қозғалыс сферасын белсендіру арқылы агрессивті және депрессивті күйден арылтады. Хореотерапия бала мен ана арасындағы вербальды емес байланысты құруға мүмкіндік береді, би қимылдарын бірлесіп жүзеге асырудан қанағаттануды сезінуге мүмкіндік береді.

Музыкалық-ырғақтық іс-әрекет психомоториканың жандануына, мінез-құлықтық реакциялардың жақсаруына, енжар және инертті ата-аналардың қозғалысының бөгелуін төмендетуге ықпал етеді, сонымен бірге олардың ырғақтық және есту арқылы қабылдауын дамытады. Авторитарлы ата-аналарда хореотерапия жинақталып қалған агрессивтіліктен, қозудан арылтады, оларды дене жаттығуларына алмастырады. Осылайша, би, музыка ырғағымен еркін қозғалыс жасау, түйсіктерді жаңартуға, жағымды эмоцияларды аса айқын және тұрақты етуге мүмкіндік береді.

Психокоррекцияның бұл формасы сабақтың соңында қолданатын болса, аса оңтайлы эффект береді, себебі бұл ата-аналарда қозғалыста барынша өзін-өзі маңызды етуді нығайтуға, толық еркіндік және өзіндік жетілу сезімін бекітуге ықпал етеді. Бұл мақсатта нақты ырғағы бар қазіргі заманғы би әуендерінен қысқаша үзінділерді таңдаған дұрыс.

Эстетотерапия баланың әдемілік әлемімен, адамзат мәдениетінің мұрасымен танысу барысында жүзеге асырылады. Мұражайларға, театрларға, көркем және басқа көрмелерге бару, баланың осы саладағы белгілі ұғымдарын қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге әдемілік сезімін дамытады, адамзат мәдениетінің осы саласын тануға деген қажеттілікті қалыптастырады. Бір мезгілде балада социумдағы жағдайда өзара әрекеттестік модельдері, адекватты мінез-құлықтық дағдысы қалыптасады.

Арттерапия бірлесіп сурет салу, мүсіндеу, тоқу, бисер- және шілтерлі тоқу, тігу түрінде, бірлескен шығармашылық барысында ана мен баланың арасындағы адекватты өзара әрекеттестікті қалыптастыруға бағытталған.

Туротерапия – бұл экскурсия, жорық, теңізге, санаторийге, демалыс базасына бару арқылы жүргізілетін терапия. Коррекциялық жұмыстың бұл түрінде, балаларда қозғалыс белсенділігі және шеберлік қалыптасады, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау сезімі дамиды, жаңа байланыстар мен контактілер қалыптасады, қоршаған әлем туралы білім кеңейтіледі.

Еңбек терапиясы балада оның мүмкіндіктеріне сай үй жұмысын орындауға деген қажеттілікті қалыптастырады (бөлмелерді жинау, тамақ пісіру, кір жуу, тамақ өнімдерін сатып алу және т.б.). Еңбек терапиясы аясында, ұл балалар әкесінің көмегімен ағаш және тас шеберлігінің қарапайым дағдыларын меңгереді, ал қыз балалар анасының басшылығымен – үй шарушылығын жүргізу дағдысын үйренеді.

Махаббат терапиясы – бұл табиғаттың адам баласына берген ең үлкен сыйы - ең жоғары сезім арқылы ата-аналарға баласына деген махабаттын көрсетуге, оның қиындықтарын шешуге мүмкіндік беретін терапия.

Жүргізілген сабақтардың нәтижесіндегі ананың кредосы, келесі формулаға алмасады: «Мен баламның болғаны үшін бақыттымын, мен баламды жақсы көремін, ол мені жақсы көреді». Осы процестер баланың әкесінің санасында да болады: «Мен осы баламды жақсы көремін. Ол әлсіз. Ол менің күшіме және көмегіме мұқтаж. Ол маған бақыт сыйлады».

Тренингтің негізгі бөлімінде қолданылатын психокоррекцияның қосалқы формалары, пікірталас сияқты, басқа психокоррекциялық техникаларды қолданудағы міндеттерді шешеді. Олардың бірқатары, атап айтсақ тақырыптық сұрақнамалар ұсынылған әңгімелер бойынша пікірталас жүргізудің дайындық сатысы болып табылады.

Проективті сурет (арттерапия) – бұл жұмыстың бұл формасын әдетте топ мүшелері ерекше қызығушылықпен қабылдайды. Бояулардың, фломастер немесе қарындаштың көмегі арқылы өзіндік түйсінулер мен толғаныстардың бейнесі, ата-аналарға қиын вербальданатын жеке мәселелерді жеңуге көмек береді. Тақырыпта ретінде ұсынылатындар:

- Менің елтаңбам және менің өмірлік мәселем;

- Туылғанға дейін баламды қалай елестетемін және оны қазір қалай көремін?

- Бала туылғанға дейін күйеуіммен қарым-қатынасымыз қандай болды және бала туылғаннан кейін қалай болды?

- Менің көңіл-күйім.

Басқа тақырыптар да ұсынылуы мүмкін. Өздерінің түйсінулерін қайта жаңғырту үшін, топ қатысушылары қағаз бетінде нақты және айқын емес бейнелерді қолданады. Сурет салу үдерісі аяқталғаннан кейін, бейнеленетін сезімдер мен оларға деген қатынас топта талқыланады. Алдымен психолог барлық топқа авторды қоса, суретте бейнеленген сезімдердің мағынасын түсіндіруді және ол туралы айтып беруді сұрайды. Содан кейін, өз сөзімен суреті салынған бейнелер мен түйсінулермен суреттің авторы да бөліседі.

Жұмыстың мұндай формасы топтың қатысушылардың мәселелерін саналы ұғынудың вербальды деңгейінен вербальды емес деңгейге ауысуына ықпал етеді, сонымен бірге қатысушылардан жасырын өзіндік толғаныстардың тереңдігін анықтайды. Арттерапия техникасын қолдану, ата-аналардың толғаныстарын материалды етуге мүмкіндік береді және оларды түсінуге, қайта мағыналауға ықпал етеді. Бірақ, толғаныстардың себептерін жою, оларды бейтарап етуге тек келесі талқылау мүмкіндік береді.

Рөлдік ситуациялар (Морено психодрамасы) – бұл жұмыстың формасы топ мүшелеріне күрделілікпен байланыстың аса озық сатыларында, тәжірибе көрсеткендей, жүзеге асыру сатысында ұсынылады. Топ мүшелері өздерінің және өзгелердің сезімдерін вербальдауда, оны ашық талқылауға ұсынуда, белгілі рөлдерді ойнауда, бастан өткерген стресстік жағдайларды қайта жаңғыртуда біршама қиындықтарды бастарынан өткеруі мүмкін. Ойналатын ситуациялар ретінде келесілер ұсынылады:

Наши рекомендации